Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар
Беттік қабыршық дегеніміз не?
Беттік қабаршықтардың зерттеулері қалай дамыған?
Ленгмюрдің таразысын бейнелеңіз.
Қабыршықтарды зерттеудегі оптикалық және электрлік әдістерге сипаттама беріңіз.
Беттік қабыршықтардың сығылу сығылу диаграммаларын сипаттап, типтерін анықтаңыз.
Газ тәрізді қабыршықтардың қандай ерекшеліктері бар?
Тегіз қабыршықтарға сипаттама беріңіз.
10. Беттік – активті заттар
10.1. Беттік-активті заттардың жіктелуі
Беттік-активті заттар әртүрлі фазалардың бөліну бетінде адсорбцияланып, осы беттің бос энергиясын кемітеді. Сонымен қатар, көптеген БАЗ-дардың тағы бір маңызды қасиеті бар – белгілі жағдайда БАЗ ерітінділерінде ондық және жүздік БАЗ молекулалары мен иондары өздігінен бірігіп наноагрегаттар (мицеллалар) түзеді. Осы қасиеттеріне (фазааралық беттердегі адсорбциясы мен мицелла түзуіне) байланысты БАЗ-дар көптеген технологиялық процестер мен тұрмыста кеңінен қолданылады. БАЗ-дардың жалпы өндіріс көлемі жылына 10 млн. тоннаға жақын.
Беттік активті заттарды:
БАЗ-дың адсорбциясына негізделген коллоидтық жүйелердің беттік қасиеттерін реттеу үшін;
БАЗ-дар адсорбциялық қабаттарының құрылым-механикалық қасиеттеріне негізделіп, коллоидтық жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін;
Беріктікті адсорбциялық төмендету арқылы материалдардың механикалық қасиеттерін өзгерту үшін;
Коллоидтық-химиялық технологияларда (флотация, қабыршықтарды қондыру, полиграфия, эмульсиялық полимерлеу және т.б.), биотехнологияда және басқа да көптеген салаларда қолданады.
Беттік-активті заттар дегеніміз молекулаларында полярлы және бейполярлы (полярсыз) топтары бар заттар. Мұндай молекулаларды дифильді деп атайды. Шетел әдебиетінде амфифильді молекулалар деген термині де пайдаланады.
Өндірісте, медицинада, ауыл шаруашылығында, ғылыми зерттеулерде және т.б. салаларда бірнеше мың әртүрлі БАЗ-дар қолданылады.
Беттік-активті заттар бірнеше көрсеткіш бойынша жіктеледі:
полярлы (су) немесе полярсыз сұйықтықтағы ерігіштігі;
судағы диссоциациялануы (ыдырауы);
молекулалық салмағы (массасы);
ерітіндідегі агрегаттану қабілеті (мицелла түзгіш қабілеті);
шығу тегі (синтетикалық және табиғи БАЗ);
БАЗ ықпалының (әрекетінің) физикалық механизмдері;
биоыдырауы.
БАЗ-дар жіктелуінің кейбір нұсқауларын қарастырайық.
Достарыңызбен бөлісу: |