Мицелла түзгіш қасиеті бойынша жіктелу. Барлық БАЗ-дар үшін қатты және сұйық беттерде адсорбцияланып, осы беттің беттік энергиясын азайту қасиеті тән. Сонымен қатар, көптеген БАЗ-ң тағы бір қасиеті бар. Белгілі жағдайда (температура, концентрация) олар ерітіндіде ондаған немесе жүздеген БАЗ молекулалары, не иондарынан тұратын наноөлшемді агрегаттар түзеді. Мұндай агрегаттар мицеллалар деп аталады, ал мицелла түзгіш заттарды – мицеллалық (мицеллярлы) БАЗ -дар деп атайды.
«Коллоидтық БАЗ-дар» терминін де қолданады, себебі мицелланы наноөлшемді дисперсті бөлшек ретінде қарастыруға болады. Оларға тізбектегі көміртек саны 10-20 аралығында болатын БАЗ-дар жатады. Физика-химиялық әрекеті бойынша мицеллалық БАЗ-дар жуғыш ықпал көрсететін БАЗ-дарға жатады.
Фазаларды бөлу бетіне көрсететін физика-химиялық әрекеті бойынша жіктелу.
Жұқтырғыштар мен көбік түзгіштер – сулы ерітінді-газ шекарасының беттік керілуін біркелкі өзгертетін БАЗ-дар (спирттер мен майлы қышқылдардың орта және жоғарғы гомологтары).
Дисперсиялағыштар (диспергаторлар) – кез келген фазааралық шекарада (сұйық-газ, сұйық-қатты, сұйық-сұйық) адсорбцияланып, беттік керілуді елеулі кемітеді. Нәтижесінде дисперстеу және бұзу процестерін жеңілдетеді.
Тұрақтандырғыштар – мұндай БАЗ-дардың адсорбциялық қабаттарының беріктігі жоғары, сондықтан олар эмульсиялар, көбіктер және басқа дисперсті жүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Мұндай қасиеттерге полярлы топтары көп болатын жоғары молекулалы БАЗ-дар – ақуыздар, целлюлозаның туындылары, поливинил спирті ие.
Жуғыш әсерлі БАЗ-дар – жоғарыда айтылған барлық қасиеттерге ие, сонымен қатар, белгілі жағдайларда мицелла түзгіш қабілеттілікті көрсетеді. Мицелла түзу жуу әрекетінің маңызды шарты, себебі органикалық ластар мицеллаларда коллоидтық еруге ұшырайды (солюбилизденеді).
БАЗ-дардың шығу тегі бойынша жіктелу. Бұл көрсеткіш бойынша беттік-активті заттарды синтетикалық және табиғи деп бөледі.
Синтетикалық БАЗ-дарды мұнай-химиялық технологиялардың негізінде алады. Қазіргі синтетикалық БАЗ-дардың ассортименті кең – бірнеше мың қосылыстар. Синтетикалық БАЗ-дарың негізгі топтарының бірі – жуғыш заттар.
Табиғи БАЗ-дар дегеніміз полярлы липидтер: гликолипидтер, фосфолипидтер және т.б. Олар биологиялық жүйелердегі жүретін коллоидтық-химиялық процестерде әртүрлі қызмет атқарады. Табиғи БАЗ-дарды табиғи өнімдерден ферменттік реакциялар арқылы алуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |