9.4. Тегіс қабыршықтар
Тегіс қабыршықтар созылмалы немесе конденсацияланған болады. Конденсацияланған қабыршықтар сығылу коэффициентінің ( өте аз мәнімен сипатталып, үш өлшемді сұйықтықтарға ұқсас келеді. Мысалы, 18-суретте келтірілген бір негізді майлы қышқылдар үшін алынған І қисығы бойынша π шамасының 1-ден 20-ға дейін артуымен А 0,005 нм2-ге ғана өзгереді. Мұндай өзгерістер сұйық майлы қышқылдардың көлемдік сығылмалдығына сәйкес келеді. Суреттегі сығылу қисықтарын талдау арқылы органикалық молекулалардың құрылымдарын қарастырайық.
ІІ және ІІІ қисықтарында сығылмалдығы әртүрлі екі сызықты бөлігі бар. Олар органикалық молекуланың әртүрлі бөліктеріне, яғни полярлы және полярсыз топтарына сәйкес деп алуға болады. π-дің үлкен шамасында ІІ және ІІІ қисықтары І қисығымен бірігеді. Бұл нәтиже келесі қорытындыға әкеледі: көмірсутекті радикал жоғары қысымда, ал полярлы топ төмен қысымдарда сығылады.
Яғни І қисығын экстра-поляциялап тапқан аудан 0,205 нм2-ге тең және көмірсутекті радикалдың көлденең қима ауданын құрайды. Карбоксилді топтың көлденең қимасы бұл шамадан аз болады, себебі І қисығы сынбайды. 17-сурет бойынша, гидроксил тобының қимасы ≈0,24 нм2, ал қанықпаған қышқылдар үшін ≈0,28 нм2 құрайды.
Фенолдар қатары үшін алынған ІV қисығы сынбайды, яғни ол қима ауданы 0,25 нм2 бензолдық сақинасының сығылуына сәйкес келеді.
Конденсацияланған қабыршықтар сұйық та, қатты да болуы мүмкін. Қатты қабыршықтарды құрайтын молекулалар төмен қысымда тосқауылдағы саңылаудан өтпей; қатты қабыршыққа қондырылған тальк бөлшектері қозғалмайды. Ұзын тізбекті молекулалар (nC > 18) бөлме температурасында қатты қабыршықтар түзеді.
Қатты және сұйық қабыршықтардың сығылу қисықтарында айтарлықтай айырмашылықтар жоқ, яғни сығылу коэффициенттерінде де айырмашылық болмайды.
Трапезников және басқа да ғалымдардың зерттеулері бойынша, тегіс қабыршықтар үш агрегаттық күйде болуы мүмкін: қатты, сұйық кристалды (анизотроптық) және сұйық изотроптық. Сұйық қабыршықтарға конденсацияланған және сұйық созылмалы түрлері сәйкес келеді.
Сұйық созылмалы қабыршықтарды Лабруст (ХХ ғ. басы) ашқан. Су бетіне олеин қышқылының үлкен тамшысын қондырдып, түзілген қабыршықты екі тосқауылдың арасына орналастырды. Бір тосқауылды жылжытып, қабыршықтың ауданын үлкейтті, одан кейін ауаны үрлеп қабыршықты ығыстыруға тырысты (19-сурет). Қабыршықтың ауданы кішіреймей, бастапқы шамасынан екі есе үлкен болды. Лабруст бұл құбылысты түсіндіре алмады.
Кейінірек алынған мәліметтер қабыршықтың сығылуымен екі агрегаттық күйдің болатынын көрсетті.
Тұрақты қысымда (π=const) А шамасының температуралық тәуелділіктері көрсеткендей, температураның кішкене аралығында (≈20) қабыршықтың ауданы екі есе ұлғаяды (20-сурет). Бұл құбылысты вертикал құрылымның балқуы деп қарастыруға болады: тізбектер еркін қозғалып, полярлы топтар бір біріне тиіп тұрады. Мұндай жорамалды потенциал әдісі де дәлелдейді: θ ≈ 40-500.
Яғни конденсацияланған қабыршыққа қарағанда сұйық созылмалы қабыршықтағы молекулалардың орналасуы еркін болады.
Достарыңызбен бөлісу: |