2. Патологиялық-анатомиялық ашып қарау өлімнің себептерін белгілеу және
ауырудың диагнозын нақтылау мақсатында жүргізіледі.
Ана және сәби өлімі, сондай-ақ аса қауіпті инфекциялардан қайтыс болу
жағдайларын
қоспағанда, өлімнің күш қолданудан болғанына күдік болмаған және
жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің жазбаша өтініші
не осы адамның тірі кезінде берген жазбаша
ырық білдіруі болған кезде, мәйітті
патологиялық-анатомиялық ашып қарау жүргізілместен, өлімнің болу фактісін
куәландыратын уәкілетті орган бекіткен нысандағы құжатты бере отырып, беруге рұқсат
етіледі.
Қайтыс болған адамның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды
өкілінің талап етуі бойынша патологиялық-анатомиялық ашып қарауды тәуелсіз сарапшы
(сарапшылар) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен жүргізуі
мүмкін.
3. Патологиялық-анатомиялық диагностиканы жүзеге асыратын денсаулық сақтау
ұйымдарының және (немесе) осы ұйымдардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметі туралы
ережені, сондай-ақ патологиялық-анатомиялық ашып қарауды жүргізу тәртібін Қазақстан
Республикасының Үкіметі белгілейді.
Ескерту. 56-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05
N 452-IV
(2011.10.13
бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
12-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ САРАПТАМА ТҮРЛЕРІ
57-бап. Денсаулық сақтау саласындағы сараптама
1. Денсаулық сақтау саласындағы сараптама азаматтардың денсаулығын сақтауды
қамтамасыз етудің құрамдас бөлігі болып табылады.
2. Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау саласындағы сараптаманың
мынадай түрлері:
1) медициналық қызметтер көрсету сапасына
сараптама;
2) еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама;
3) әскери-дәрігерлік сараптама;
4) сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптамалар;
5) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама;
6) дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық
техникаға сараптама;
7) ғылыми-медициналық сараптама жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және тіркеу деректеріне өзгерістер енгізу
кезінде дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техникаға
сараптаманы қоспағанда, денсаулық сақтау саласындағы сараптаманы жүргізуді жеке
және заңды тұлғалар тиісті лицензия және (немесе) аккредиттеу туралы тиісті куәлік
негізінде жүзеге асырады.
58-бап. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама
1. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама - жеке және заңды
тұлғалар ұсынатын медициналық қызметтер көрсету сапасының деңгейі жөнінде қорытынды
жасау үшін медициналық қызметтер көрсетудің тиімділік,
толымдылық және
стандарттарға сәйкестік көрсеткіштерін бейнелейтін индикаторларды пайдалана отырып
жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралар
жиынтығы.
2. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сараптама ішкі және сыртқы
сараптама болып бөлінеді.
3. Ішкі сараптама жүргізу үшін әрбір медициналық ұйымда ішкі бақылау (аудит)
қызметі құрылады. Осы қызметтің құрылымы мен құрамын ұйым басшысы көрсетілетін
медициналық қызметтер көлеміне қарай бекітеді.
Ішкі бақылау (аудит) қызметі медициналық ұйымның медициналық көмек көрсетуді
ұйымдастыруына, клиникалық қызметіне, медициналық көмек көрсету тәртібін және
стандарттарды бұзу фактілерінің
анықталуына, сондай-ақ емделуде жатқан пациенттер
жолданымдарының бес күннен аспайтын мерзімде қаралуына ағымдағы талдау жүргізеді.
Ішкі бақылау (аудит) қызметі жүргізілген аудит нәтижелері бойынша
көрсетілетін медициналық қызметтер сапасының төмендеуінің анықталған себептері мен
жағдайларын жою жөнінде медициналық ұйым басшысына ұсыныстар енгізеді.
4. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сыртқы сараптаманы уәкілетті орган
және (немесе) тәуелсіз сарапшылар жүргізеді.
5. Медициналық қызметтер көрсету сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды
ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
Ескерту. 58-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05
N 452-IV
(2011.10.13
бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
59-бап. Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама
1. Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жеке тұлғаның еңбекке
жарамсыздығын ресми тану және оны ауыру кезеңінде еңбек міндеттерін орындаудан
уақытша босату мақсатында жүргізіледі.
2. Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізудің, сондай-ақ еңбекке
уақытша жарамсыздық парағын және анықтамасын беру тәртібін Қазақстан
Республикасының Үкіметі белгілейді.
Ескерту. 59-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.07.05
N 452-IV
(2011.10.13
бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
60-бап. Әскери-дәрігерлік сараптама
1. Әскери-дәрiгерлiк сараптама денсаулық жағдайы бойынша Қазақстан
Республикасының Қарулы Күштерiндегi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарындағы
әскери қызметке немесе арнаулы мемлекеттік
органдардағы, iшкi iстер органдарындағы,
қылмыстық-атқару жүйесiнiң, өртке қарсы қызмет, қаржы полициясы, кеден
органдарындағы, прокуратура органдарындағы қызметке (бұдан әрi – әскери қызмет
немесе арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызмет) жарамдылықты
белгiлеу үшiн, сондай-ақ азаматтардың әскери қызметтi немесе арнаулы мемлекеттік
және құқық қорғау органдарындағы қызметтi және әскери жиындарды өткерумен
(мiндеттердi орындаумен)
байланысты ауруының, мертiгуiнiң (жаралануының,
жарақаттануының, контузия алуының) (бұдан әрi – мертiгу) және қайтыс болуының
себептi байланыстарын айқындау үшiн жүргiзiледi.
2. Әскери-дәрiгерлiк сараптама:
1) мыналарды:
шақыру учаскелерiне тiркелетiн, әскери қызметке немесе әскери жиындарға
шақырылатын және әскери (арнайы) оқу орындарына, республикалық әскери мектеп-
интернаттарға (лицейлерге) түсетiн азаматтарды;
әскери қызметке немесе арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы
қызметке, оның iшiнде келiсiмшарт бойынша қызметке
кiретiн азаматтарды;
әскери қызметтi шақыру бойынша немесе келiсiмшарт бойынша өткеретiн әскери
қызметшiлердi;
арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін;
әскери (арнайы) оқу орындарының, арнаулы мемлекеттік органдары оқу
орындарының курсанттарын, кадеттер мен тәрбиеленушiлердi;
радиоактивтiк заттармен, иондандырушы сәулелену көздерiмен, зымыран отыны
компоненттерiмен, электр-магниттiк өрiс көздерiмен қызметке (жұмысқа) iрiктеп
алынатын және қызмет өткерiп (жұмыс iстеп) жүрген әскери қызметшiлердi (Қарулы
Күштер қызметшiлерiн), арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін (жұмыскерлерін);
мемлекеттiк авиацияның авиация персоналын;
әскери жиындарға, арнаулы мемлекеттік органдар жиындарына немесе әскери