22-3-бап. Қарсылықты апелляциялық кеңес алқасының
отырысында қарау
1. Қарсылықты қарау құрамында кемінде бес мүшесi бар апелляциялық кеңес алқасының
отырысында жүзеге асырылады. Дауды қарау басталғанға дейiн апелляциялық кеңес алқасының
дербес құрамының құпиялылығы қамтамасыз етiлуге тиiс.
Апелляциялық кеңес алқасының отырысына қорытынды ұсыну үшін ғылыми ұйымдардың
өкілдері мен тиісті бейіндегі мамандар шақырылуы мүмкін.
2. Апелляциялық кеңес алқасы отырысты өткізу мерзімдерін мынадай жағдайларда:
1) қарсылықты қарауға қатысу құқығы бар тұлғалардың біреуі келмегендіктен,
қарсылықты бұл отырыста қарау мүмкін болмаса;
2) мәні бойынша шешім қабылдау үшін жетіспейтін қосымша құжаттарды
(дәлелдемелерді) тараптардың ұсынуы қажет болғанда;
3) тараптардың өтініші бойынша кейінге қалдыруға құқылы.
3. Қарсылықты қарауға қатысушы тұлғалардың:
1) iс материалдарымен танысуға, олардан үзінді көшiрме жасауға, олардың
көшiрмесiне тапсырыс беруге және оны алуға;
2) дәлелдемелер ұсынуға;
3) дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
4) апелляциялық процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға;
5) өтiнiштер мәлімдеуге;
6) апелляциялық кеңес алқасының мүшелеріне ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге;
7) қарсылықты қарау барысында туындаған барлық мәселелер бойынша өзiнiң дәлелдерi
мен пайымдауларын ұсынуға;
8) iске қатысушы басқа тұлғалардың өтiнiштерiне, дәлелдерi мен пайымдауларына
қарсылық бiлдiруге құқығы бар.
4. Дау мәнi бойынша шешiлген жағдайда апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарады.
Шешiм апелляциялық кеңес алқасы мүшелерiнiң жай көпшiлiк даусымен қабылданады.
Дауыстар тең болған жағдайда апелляциялық кеңес алқасының отырысында төрағалық етушiнiң
дауысы шешушi болып табылады.
Қарсылықты қарау нәтижелерi бойынша мынадай:
1) қарсылықты қанағаттандыру туралы;
2) қарсылықты iшiнара қанағаттандыру туралы;
3) қарсылықты қарау мерзімдерін кейінге қалдыру туралы;
4) қарсылықты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм шығарылады.
5. Апелляциялық кеңес алқасы шешiм шығарылған күннен бастап он жұмыс күні iшiнде
апелляциялық кеңестiң шешiмiн әзiрлейдi және тараптарға жiбередi. Апелляциялық кеңестің
шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және ол кiрiспелiк, сипаттамалық, дәлелдемелiк және
қарарлық бөлiктерден тұруға тиiс.
Апелляциялық кеңестің шешiмiне апелляциялық кеңес алқасының барлық мүшелерi қол
қояды.
22-4-бап. Патенттік сенім білдірілген өкілдер
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, жоғары бiлiмi және
зияткерлiк меншiк саласында кемінде төрт жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен және
зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті органда тiркелген Қазақстан Республикасының
әрекетке қабiлеттi азаматы патенттiк сенiм білдірілген өкiл болуға құқылы.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттаудан
өткізу үшін уәкілетті орган мен сараптама жасау ұйымының қызметкерлері арасынан
аттестаттау комиссиясын құрады. Бұл ретте, аттестаттау комиссиясы мүшелерінің ең аз саны
кемінде бес қызметкерден тұрады.
Уәкілетті орган патенттік сенім білдірілген өкілдерге кандидаттарды аттестаттауды
сенім білдірілген өкілдерге кандидаттардан өтініштердің келіп түсуіне қарай жылына
кемінде бір рет өткізеді.
Аттестаттау комиссиясы аттестаттау нәтижелері бойынша кандидатты аттестаттау не
аттестаттаудан бас тарту туралы шешім шығарады. Аттестаттау комиссиясы шешімінің нысанын
уәкілетті орган бекітеді.
Аттестаттау комиссиясы шешім шығарған кезден бастап үш ай ішінде мұндай шешімге
сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
Патенттік сенім білдірілген өкілге аттестаттау емтиханын ойдағыдай тапсырған
кандидатқа патенттік сенім білдірілген өкіл куәлігі беріледі,
оның нысанын уәкілетті
орган белгілейді.
Патенттiк сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттарды аттестаттаудан өткізу және
куәлік беру үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленетін мемлекеттік
баж алынады.
2. Патенттік сенiм білдірілген өкiлдерге кандидаттар аттестаттауына:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға
тыйым салынған адамдар;
2) уәкілетті органның және оның ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының
қызметкерлерi, сондай-ақ олардың жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) болып табылатын
адамдар;
3) қылмыс жасағаны үшін заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған
соттылығы бар адамдар;
4) осы Заңға сәйкес патенттiк сенiм білдірілген өкiлдердің тiзiлiмінен шығарылған
адамдар жiберiлмейдi.
3. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясының
хаттамалық шешімімен:
1) патенттік сенім білдірілген өкілдің аттестаттау комиссиясына берген өтініші
негізінде;
2) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кәсіпкерлік қызметпен айналысуға
тыйым салынатын адамдарға, оның ішінде уәкілетті органның және оның ведомстволық
бағыныстағы ұйымдарының қызметкерлеріне жатқызу кезеңіне;
3) осы Заңның 22-6-бабы 1-тармағының 2) және 6) тармақшаларында және 5-тармағында
көзделген мән-жайларды анықтау мақсатында тоқтатыла тұрады.
Осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда патенттік сенiм білдірілген
өкілдің қызметі аттестаттау комиссиясы үш ай ішінде тиісті шешім қабылдағанға дейін
тоқтатыла тұрады.
Патенттік сенiм білдірілген өкілдің қызметін тоқтата тұруға себеп болған негіздер
жойылған жағдайда, оның қызметі аттестаттау комиссиясының хаттамалық
шешімімен қайта
жалғастырылады.
4. Патенттiк сенiм білдірілген өкiл сенiм бiлдiрушiден оның тапсырмасын орындауға
байланысты алатын ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде қызметтік
және коммерциялық құпияға қойылатын талаптарды сақтаған кезде құпиялы болып танылады.
22-5-бап. Патенттік сенiм білдірілген өкілдің құқықтары
мен міндеттері
1. Патенттік сенiм білдірілген өкіл өтініш берушінің (жеке немесе заңды тұлғаның),
өзімен еңбек шартын жасасқан жұмыс берушінің немесе өзімен немесе өзінің жұмыс
берушісімен азаматтық-құқықтық шарт жасасқан тұлғаның мүддесінде мынадай қызмет
түрлерін:
1) зияткерлік меншік құқықтарын қорғау, зияткерлік меншік құқықтарын иелену немесе
беру мәселелері
бойынша консультация беру;
2) тапсырыс берушінің, сенім білдірушінің, жұмыс берушінің атынан және тапсырмасы
бойынша селекциялық жетістіктерге өтінімдерді ресімдеу және жасау жөніндегі жұмыстарды
жүзеге асыру;