26.04.2016
e-islam.kz
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ: Қазақтың іздейтін жоғы көп
– Сіз Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінен бөлек ҚМДБ жанынан құрылған ақылдастар алқасының мүшесісіз. Осы ақылдастар алқасының жұмысы туралы айтып өтсеңіз...
–Ардагерлер ұйымына басшылыққа келгеніме үш жылдай уақыт болды. Келгендегі ең бірінші жұмысымды Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлымен кездесуден бастадым. Арнайы Алматы қаласына барып, алдағы уақытта бірлесіп атқаратын шаруаларды пысықтадық. Бұған дейін дін мамандары келгендерге құран оқып, мешітте ғана отыратындай көрінетін. Шындығында бұл қате пікір. Негізі имамдар теолог ғалым болып, жастар мен ардагерлердің арасында ғибратты әңгіме айтып, қараша халықтың діни сауатын арттыруы керек. Нақтырақ айтсам имамдар Алланың жолындағы белгілі тұлға болуы қажет.
Жақында ҚМДБ «Ислам және зайырлы қоғам» тақырыбында үлкен конференция өткізді. КонференцияғаҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесінің мүшелері, дін қайраткерлері мен еліміздегі зиялы қауым өкілдері қатысты. Мен де сол шараға қатысып өз пікірімді білдірдім.
Конференцияның барысында зайырлы қоғамдағы мемлекет пен дін арасындағы өзара байланыстың орны, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, еліміздегі мұсылмандарының біртұтасты, рухани құндылықтарды насихаттау осының барлығы жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, «ХХІ ғасыр имамы», «Қазіргі заманның үздік 500 ағартушы имамы» атты жобалар жастардың теріс жолға түсіп кетпеуі үшін, қазақы болмысымызды сақтап қалу үшін аса қажет жобалар деп білемін.
– «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп түсінетін қазақ үшін ардагерлер кеңесінің жас ұрпақты тәрбилеуде орны ерекше екені сөзсіз...
– Дұрыс айтасың. Ардагерлер кеңесінің халық тәрбиесінде оның ішінде жас ұрпақтың тәрбиесінде алар орны ерекше. Себебі, ақсақалдар үлкен өмір көрген.Көпшілігі күні кеше облыс басқарған парасат пайымы жоғары тұлғалар.
Ежелгі гректер елінде «білгенін жастарға айтпаса ағалардың өздері кінәлі» деген тәмсіл бар. Осы тұрғыдан келгенде еліміздің ардагерлер кеңесі жастарға үлкен тәрбие беріп жатыр деп айта аламын. Әрбір жастармен кездесуде өмірлік тәжірибемізді бөлісіп, оларға шамамыздың келгенінше ақыл кеңесімізді беріп келеміз.
– Жасыратыны жоқ қазіргі таңда кейбір жастарымыз жат ағымның жетегінде кетіп жатыр. Бұл алаңдатарлық жағдай. Осы олқылықтың алдын алу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Жастарымыз жат ағымның жетегінде кетпесін десек жоғары деңгейдегі діни сауаттылықты артыру керек. Бұл арада мықты теологтардың атқаратын шаруалары шаш етектен. Мамандар мәзһабымызды мойындамайтын, оны жоққа шығаратын адамдардың дін бұзар екенін ашық және жиі айтуы тиіс. Сондай-ақ,о дүниелік болғандарға Құран бағыштамау да ата дінімізге қайшы. Бүгінгі әсіре діншілдердің әрекетін біздің ата-бабамыз еш уақытта жасамаған.
Жалпы, жас адам қалай исең солай майыса беретін жас шыбық сияқты солқылдақ келеді. Егер ол ата дәстүрміз ислам діні туралы мағлұмат алмаса, жат ағымның жетегінде кете береді. Сол себепті, дін мамандарының пікірі батылырақ болса, тура жолды жастарға көбірек түсіндірсе деген үлкен тілегім бар. Бұл арада ардагерлер кеңесі де өзіндік үлесін қосады.
Қазір көптеген кісілер қиналса да исламның бес парызының соңғысын орындауға ерекше құмартып жатыр. Былтыр қажылыққа елімізден 4 мың 500-дей адам барды. Ал кеңес кезінде небәрі 70 адам барған екен. Ал қазіргі Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығында еліміздегі қажылардың саны 40 мыңға жақындап қалды. Менің ойымша қажылар неғұрлым көбейген сайын біздің ортамыз да жақсара түседі. Себебі, әрбір дінге бет бұрған кісі жүрген жерінде ненің сауап, ненің күнә екендігін айтып жүреді. Бұл да қоғамның түзелуіне өз үлесін қосады ғой деп ойлаймын.
– Бүгінде ислам дініне күйе жаққысыкелетін елдер бар екені жасырын емес. Әлем жұртшылығы исламнан үрке қарайтындай жағдайға жеттік...
– Иә, соңғы жылдары «Араб көктемі» деп аталатын Араб елдеріндегі түсініксіз көтерілістер адамның санасын сан саққа жүгіртіп тастады. Ливия өзінің асыл ұлы саналатын Каддафидіөз қолымен ажалға байлап берді.БүгіндеАраб елдері бұрынғы мамыражай күндерінен айырылып, қиын-қыстау кезеңді бастан өткеріп жатыр. Соңғы жылдары ислам атын жамылған ДАИШ содырлары мұсылманды әлемге жауыз етіп көрсетуде. Бұл аз болғандай шиттер мен сунниттердің арасында қырғи қабақ қарым қатынас туды. Міне, осындай жағдайлар ислам дінінің бейбітшіл дін екеніне көлеңке түсіріп тұрғандай. Еуропа жұрты жойқын жарылыстардың барлығын мұсылмандар жасап жатыр деген пікірде.
– «Меккедегі мінажат» атты кітапша шығарған екенсіз. Бұл дүниені жазуға не түрткі болды?
– Қажылықта көрген білгендерімді өзгелермен бөліскім келді. Түйген ойларымды қағазға түсіруді азаматтық міндетім деп есептедім. Онда адамдардың бір-біріне деген туыстық, мейірбандық қарым-қатынасты арттыруда ислам дінінің рөлі жоғары екендігін айтуға тырыстым.
Осы күнде жасы келген қарттар «жастар мейрімсіз болып өсіп келе жатыр. Олардың қарттарға деген құрметі төмендеп барады» дегенді жиі айтамыз. Мен осы сапарда жастарды айыптаудың ешқандайда негізі жоқ екеніне көзім жетті. Мәселен, біздің тобымыздың ішінде көптеген жастар үлкен қарияларға бастан аяқ қызмет жасады. Осы сапардан кейін жастардың барлығы бірдей үлкендерге қамқорлық жасаса екен деген тілек болды. Қажылыққа барған кісілер елге келген соң кітап жазбасада бұқаралық ақпарат құралдарына мейірімділік туралы жазып насихаттаса нұр үстіне нұр болар еді.
– Кейінгі кезде ас беруге қарсы болып жүрген азаматтар бар. Олардың айтуынша өмірден өткен адамға ұлан асыр ас берудің қажеті жоқ. Бұл пікірге сіз не дейсіз?
– Иә, рас, ас беруде ысырапқа жол бермеу керек. Ислам дінінде ысырапшылдыққа жол беруге болмайды. Алайда, ас беру әрбір адамның жеке құқы екенін естен шығармаған жөн. Сол арқылы адамдар өзінің ата-бабасын еске алып, ұрпағын тәрбиелейді. Мысалы, қазақ жас баладан жеті атасын еріккеннен сұрамайды. Мұның астары бар. Өзінің шыққан тегін білмеген адамнан көп үміт күтуге болмайды.
Алайда ас берудің негізгі мақсаты ас ішіп, аяқ босату емес. Аста ағайын туыс жиналып, елдік мәселелерді шешетін болған. Нақтырақ айтсам хан сайлаудан бастап ел ішіндегі әртүрлі дау-жанжалдар осы аста шешіліп отырған. Сондықтан ас беру еріккенің ермегі емес екенін есте ұстаған жөн.
– Өзіңізде естіп жүрген шығарсыз, ақсақалдарға деген көңіл толмаушылық бар. Аузы дуалы қария қалмады деп жатады. Шал мен қарттың, ақсақал мен абыздың ара жігін ажыратын беріңізші?
– Жалпы көңіл толу дегеннің өзі салыстырмалы ұғым. Кезіндежастар ақпараттардың көбісін аузы дуалы ақсақалдардан алынатын. Ал бүгінгі қоғам– технология дамыған, ақпаратқа бай қоғам. Бұрын жастар күн-түн демей қарттардың өнегелі әңгімесін тыңдайтын. Ал қазір ақсақалдың өнегелі әңгімесін тыңдауы тиіс жастардың құлақтары тығындаулы жүр. Шын мәнісінде жастар өзі тыңдап отырған әннен баса ештеңе естіп отырған жоқ.
Алайда, заманның ерекшелігін де ескеру керек. Жақында «Әкеге барып сәлем беру» деп аталатын сурет көрдім. Қарияның алты баласы әкесімен амандасып боған соң, барлығы ұялы телефонына шұқшиып әкесін жападан жалғыз қалдырады. Біле білген адамға ақсақалдың балаларына айтар әңгімесі көп. Бірақ, балалары ұялы телефонның қызығына түсіп әкесін ұмытып кетті. Міне, қазіргі қоғамның көрінісіосындай.
–Қазіргі қоғамдағы қандай мәселе сіздіжиі толғандырады?
–Мені толғандыратын ең басты нәрсе ата-бабамыздың салт-дәстүрін сақтап қала аламыз ба, жоқ па? деген мәселе толғандырып жүр. Дүниежүзінде жаһандану процессі жүріп жатыр. Ал біздің жаһандануға қарсы қоятын басты құралымыз ата-бабамыздың мәдениеті, дәстүр-салты мен тарихы болмақ. Сондықтан да, біз атадан қалған асыл қазынамызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Ұлтымыздың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ халқы жоқ іздеген халық» деп айтқан екен. Ақаң айтқандай қазақтың іздейтін жоғы өте көп. Ол жоқтардың бірі – жақсы білім, дүниедегі ең озық техниканы меңгеру болып тұр.
Достарыңызбен бөлісу: |