Жануар интеллектi - жоғары сатыдағы жануарлардан (маймыл, дельфиндер) “ақылды” деп айтуға тұрарлықтай мiнез-құлық көрiнiстерiн байқауға болады. Мiнез-құлықтың осындай түрi маймылдарға жасалған эксперименттен сан рет байқалған. Мәселен, маймылдың сүйiктi тағамы банан жемiсiн оның қолы жетпейтiн жерге iлiп қойса, маймыл жемiстi алғысы келiп секiредi, бiрақ оған қолы жетпейдi. Бiр кезде оның көзi қасында жатқан жәшiктерге түседi. Ендi ол жәшiктiң бiреуiн әкелiп, үстiне шығып көредi де, әлде де қолы жетпейтiндiгiн байқайды. Сонан соң бiрнеше жәшiктi әкелiп, бiрiнiң үстiне бiрiн қойып биiктеткеннен кейiн “қара тер” болып бананды алуға шамасы келедi. Маймылдың осы қылығында қандай да болмасын бiр мәселенi шешуге ұқсас көрiнiс бар. Жануарлардың интеллектiк амалы алда тұрған бөгеттi жеңе бiлуге байланысты туып отырады. Интеллект айуанның жеке өзiне ғана тән қылық, оның ғана тапқан әдiсi. Мұндай “әдiспен” басқа жануарлар пайдаланбайды, бұған басқа жолмен жетедi. Бұл айуанның кез-келген уақытта (“көңiлi” қалағанда) айналысатын әрекетi емес. Олардың ортаға бейiмделуiнде инстинкт пен дағды көбiрек көрiнедi де, интеллект онша жетекшiлiк рөль атқармайды. Мiнез-құлықтың (интеллект) осы түрi айуанға түрлi сатылы, басын “қатыратын” күрделi әрекет жасауға мәжбүр етедi. Сондықтан да олар интеллектiк амалға бара бермейдi. Интеллект — жануарлар психикасының ең икемдi түрi. И.П.Павлов маймылдардың интеллектiсi де ассоциациялардан (күрделi жүйке байланыстарынан) тұратындығын, бiрақ мұның бiрiншi сигнал жүйесiнiң жұмысына тәуелдi екендiгiн атап көрсеттi.
Маймыл интеллектiсiнiң өрiсi тар, олардың интеллектiсi, көбiнесе, көзге көрiнетiн нәрселерге байланысты ғана туып отырады. Мәселен, қасында жатқан таяқты “құрал” есебiнде кездейсоқ пайдаланады, оны кейiннен керек болып қалар деген “мақсатпен” сақтап қоюды да бiлмейдi. Маймылдарда кездесетiн осындай интеллект оның миының маңдай бөлiгiнiң жақсы дамуына байланысты. Егер маймыл миының осы бөлiгiн алып тастаса, бұрын бiлгенiнен асып, ештеңе iстей алмайды. Эволюциялық басқыштың түрлi сатыларында тұрған айуанда психиканың бiр формасы (инстинкт, дағды, интеллект) үстем болғанмен, оның басқа түрлерi де кездесе бередi. Мәселен, буын аяқтыларда (өрмекшi, құрт-құмырсқа) инстинкт үстем болғанмен, оларда дағды да өсiп жетiле алады. Интеллектiң өзi де инстинктер мен дағдылардың негiзiнде құралады. Жануарлар психикасының қандай түрi болмасын сыртқы ортаның жағдайына икемделудi ғана қамтамасыз етедi. Бұлардың бәрiне ортақ ерекшелiк олардың биологиялық сипатта болатындығында.
Жер бетiндегi тiршiлiк эволюциясының қолы жеткен ең жоғары жетiстiгi — ойлай бiлетiн адамның дүниеге келуi. Адамның еңбек етуi, еңбек құралдарын жасап, оны пайдалануы оның санасының дамуына зор ықпал жасады. Адамды жаратқан да осы өндiрушi еңбек. Еңбек ету арқылы ол өзiнiң түрлi тiршiлiк қажеттерiн қанағаттандырып қоймай, айналасындағы дүниенi тани түсуге де мүмкiндiк алды. Еңбек ету арқылы адам тек материалдық игiлiктердi өндiрiп қана қоймай, өзiнiң ой-санасын, психологиясын да қалыптастырады.
Ф. Энгельс “Маймылдан адамға айналу процесiндегi еңбектiң рөлi” (1875) деп аталатын кiтапшасында адамның дүниеге келу жолын сөз етедi. Ағылшынның ұлы ғалымы Ч. Дарвин (1809—1889) бiздiң арғы тегiмiз адам тектес маймылдардан пайда болғанын дәлелдегенмен, мұндағы еңбек процесiнiң шешушi рөлiн көрсете алмады. Энгельстiң айтуынша, адамның дене және ойлау қабiлеттерiн жетiлдiруде, оның миын дамытуда еңбек пен дыбысты тiл зор рөль атқарған. Маймылдың адамға айналу процесiнiң өзi де өте күрделi нәрсе болған. Мәселен, олар алғашқыда ағаштың басында секiрiп жүрiп күн көруден жер бетiне түсiп тiршiлiк етуге, төрт аяқтап жүрудiң орнына екi аяқтап жүруге мәжбүр болған. Мұның барлығы тiршiлiк талаптарынан туған әрекет едi. Бұл жөнiнде Ф. Энгельс былай дейдi: “Ең алдымен өздерiнiң бiр нәрсеге өрмелеп шыққанда қолдың аяққа қарағанда өзге мiндеттер атқаруын керек ететiн тiршiлiк қалпының әсерiнен болу керек, бұл маймылдар жермен жүргенде қолдың көмегiн ұмыта бастап, барған сайын тiк жүрудi үйрене бастаған. Осы арқылы маймылдан адамға айналу үшiн шешушi қадам жасалған”.
Сөйтiп, күнделiктi өмiрдiң жағдайлары адамның арғы тегiн төрт аяқтап жүруден екi аяқтап жүруге, алдыңға екi аяғының бiрте-бiрте қолдың қызметiн атқаруына, өз қолымен қарапайым құралдар жасауына алып келдi. Адамның арғы тегi осы құралдарды күн көру үшiн, аң аулау және жауынан қорғану үшiн пайдаланатын болды. Құрал жасаумен бiрге шын мәнiсiндегi еңбек ету басталды. Қол еңбек операциясын жасайтын арнаулы мүше ғана емес, сонымен бiрге еңбектiң нәтижесi. Алғашқы адамдар топтасып өмiр сүрдi. Кейiн келе олар еңбек құралдарын бiрлесiп iстеп, оны бiрлесiп пайдалана бастады. Еңбек адамзат қоғамының тууына, еңбектегi ұжымдық байланыстың тууына жағдай жасады.
Еңбек құралдарын жасау, онымен пайдалану адам организмiнiң анатомиялық құрылысына үлкен өзгерiстер енгiздi. Мысалы, бiртiндеп омыртқа жотасы өзгерiске түстi, мойын омыртқалары ерекше жетiлдi, бас сүйегiнiң формасы мен көлемiнiң өзгеруi ми қабығы клеткаларының күрделенуiне мүмкiншiлiк туғызды. Сондай-ақ, олардың бет әлпетi (иек, таңдай, көмекей, тiс, ерiн, т. б.) күрделi өзгерiске түстi. Сөйтiп, адам еңбек ету процесiнде сыртқы ортамен белсендi қарым-қатынас жасай отырып, бiрте-бiрте өз табиғатын да өзгерттi, бiртiндеп оның сана-сезiмi өсе бастады. Еңбекпен айналысу психиканың материалдық негiзi мидың, ми сыңарларының ерекше дамуына жағдай жасады. Бұл өз тарапынан сезiм мүшелерiнiң дамуына, дыбысты тiлдiң пайда болуына ықпал еттi, мұның өзi тiршiлiк қажетiне байланысты шықты. Сөйлеу әрекетiнсiз адамдардың бiрлесiп еңбек етуi мүмкiн болмас едi. Осы айтылғандардың нәтижесiнде бiртiндеп адамға тән психикалық процестердiң (ойлау, ерiк, қиял, т. б.) мазмұны кеңейiп, қалыптаса бастады. Адамның бес сезiм мүшесiнiң пайда болуы, Маркс айтқандай, бүкiл дүние жүзiлiк тарихтың жемiсi болды. Қоғамдық-тарихи тәжiрибе негiзiнде адамның музыкашыл құлағы, табиғаттың көркемдiгiн көре бiлетiн көздерi, сезiмтал талғамы және басқа сезiм органдары дамып жетiлдi. Бұл жағдай адамның өзiне, табиғат және өзiн қоршаған басқа адамдарға қатынасын сезiнуге, алдына мақсат қоя бiлуге мүмкiндiк жасады. Осы факторлардың бәрi жиналып келiп мидың онан сайын дамуына әсер ете бердi. Сөйтiп, еңбек процесiнде дамып қалыптасқан адам санасы жоғары дәрежеде ұйымдасқан материяның (мидың) ерекше қасиетi, яғни мидың жемiсi болып шықты.
Материалистiк философия мен психология осы құбылыстардың мәнiн диалектикалық тұрғыдан түсiну қажет дейдi. Бiз саналы процестермен қатар санадан тыс құбылыстардың да болатынын, бұған түрлi инстинктiк амалдар, соқыр сезiмдер, ырықсыз қозғалыстар (ұйқысырап сөйлеу, ұйқы кезiнде жүру, гипнозға илану, түс көру т. б.) жататындығын бiлемiз. Санадан тыс құбылыстар жөнiнде тәжiрибеге негiзделген материалистiк пiкiр айтқан ғалымның бiрi — И. М. Сеченев. Осындай кезде мидағы қозу, тежелу процестерiнiң жұмысы баяу болып келетiндiгiн И. П. Павлов зерттеулерi де дәлелдеген. Әйтсе де, осы құбылыстардың мән-мәнiсi ғылымда әлi де жете зерттелген жоқ. Ал творчестволық iске әрдайым сананың қатысуы, оның айқын жұмысының қажет екендiгi даусыз.
“Сана дегенiмiз,— деп жазды К. Маркс, — ең таяу ортаны тану және өзiн түсiне бастаған индивидтен тыс басқа адамдармен және заттармен арадағы шектеулi байланысты тану болып табылады”. Сана жеке адамға тән дара қасиет. Адамда жеке санамен қатар өмiр сүрген ортасына байланысты қалыптасқан қоғамдық сана да болады. Бұл екеуi бiрiмен-бiрi тығыз байланысты. Жеке адам санасының мазмұнына қоғамдық сана ықпал жасап отырады. Идеялық мазмұны жағынан жеке адамның санасы қоғамдық санасының көрiнiсi болып табылады. Адам санасының осы екi түрiн де қоғамдық болмыс белгiлейдi. Экономикалық (өндiрiстiк) қатынастарының өзгеруiне iлесе, адамның санасы да өзгередi. Сананың дамуы сыртқы ортадан тәуелдi болып отырады дейтiн түсiнiктi ғылымда детерминистiк принцип деп атайды. Детерминизм тек сана құбылыстарының пайда болу, даму жолдарын ғана түсiндiрмейдi, сонымен қатар, табиғаттағы заттардың барлығының шығу тегi объективтi себептiлiктiң заңдылықтарына бағынады деп үйретедi. Себептiлiк дүниенiң заттары мен құбылыстарының өзара байланыстарының шексiз тiзбегiн, жан-жақты өзара әрекеттi сипаттайды.
С.Торайғыровтың пiкiрiнше, адам табиғаттың туындысы, ондағы себептiлiктiң жемiсi. Ол дүниенiң сырларын бiртiндеп ашып, оны шама-шарқынша өзгертiп отыратын белсендi тұлға. Адам сыртқы дүниемен байланыса отыра, оны бiртiндеп тани бередi, сөйтiп өзiнiң ақыл-ойын дамытады, оның ешбiр рухани қасиетi туыстан пайда болмаған. Бiздi қоршап тұрған дүние сыры мол, үлкен дүние, бiрақ оны тануға әбден болады деп ақын өте дұрыс материалистiк тұжырым жасайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Сәбет Бап-Баба. Жалпы психология. Алматы, 2003 ж
2.Жарықбаев Қ. Жантануға кіріспе хрестоматия. Алматы, 2005 ж
3.Алдамұратов Ә. Жалпы психология, Алматы, 1998 ж
№3-Дәріс Іс-әрекет.
Достарыңызбен бөлісу: |