Дағды, икем, әдет. Алғашқыда саналы орындауды қажет ететiн iс-әрекет бөлiктерiнiң қайталап жаттығудың нәтижесiнде автоматталынуын дағды деп атайды. Мәселен, алғаш жазып үйрене бастаған бала бастапқы кезде өзiнiң барлық қозғалыстарын санасымен бақылап, көптеген артық қимылдар жасайды (оның бет әлпетi, бүкiл денесi, аяқ-қолы бiр мақсатқа бағытталады), терлеп-тепшiп қиналады. Ал жазуға төселген адам өз қозғалыстарын байқамайды, оның орнына жазған нәрсесiнiң мазмұнына ерекше көңiл бөледi. Өйткенi, соңғыда жазу дағдысы автоматталған. Дағдылануда iс-әрекеттiң тұтас өзi емес, жеке компоненттерi (құрамдары) ғана автоматталынады. Дамуы шегiне жеткiзiлген дағдылардан мына төмендегiдей белгiлердi байқауға болады:
1) Дағды алудың белгiсi — әр түрлi амалды тез орындап, шапшаң қимылдау (мәселен, турникке ойнаған спортсменнiң дағдысы);
2) Дағды қалыптасқаннан кейiн күштенiп, зорланып, қиналып iстеу жойылады (мәселен, инеге жiптi жылдам сабақтай алмау, жазуға төселмей тұрғандағы балада байқалатын ебдейсiздiк т. б. адамда әлi де дағдының жоқтығының белгiсi);
3) Дағдыланудың үшiншi белгiсi — бiрқатар жеке амалдарды бiрiктiрiп, одан тұтас бiр амал жасай алу. Мәселең, бала алғаш әрiптi танығанда, сөздердi әрiпке, буынға, тұтас сөзге бөледi, кейiн осыдан сөйлем құрайды. Сөйтiп, жаттыға келе бұлай кiбiртiктеп отырмайды, сөйлемдердi шапшаң оқитын болады.
4) Көзбен бақылаудың маңызы кемiп, қозғалыс пен бақылаудың маңызы артады (мәселен, жазу дағдысы баланың қозғалыс түйсiктерiнiң жетiле түсуiн кажет етедi, төжiрибелi машинистка да қағаз басуда көздiң көмегiне сүйенбей, саусақтардың қимыл-қозғалыстарына ерекше көңiл бөледi).
5) Дағдыға машықтану үшiн алдын ала қабылдай алу қабiлетiнiң болуы, мөселен, машинистка текстi көшiргенде, әрдайым оның көзi алға жүгiрiп, қолынан озып кетiп отырады. Қолы бiр сөздi басқан кезде, оның ойында бiрер сөз әзiр тұрады. Мәнерлеп оқуда да көз бiрер сөздiң көлемiнде болмай, тұтас сөйлемдi, тiптi бiрнеше сөйлемдi қамтиды. Адам текстiң мағынасын түсiнумен қатар алдағы сөздердiң мағынасын да аңғара алады. Мұны психологияда дағдының антиципациясы дейдi.
Дағды адам әрекетiнiң қай-қайсысында да ерекше маңыз алады. Ол iске шапшаң, шұғыл кiрiсуге мүмкiндiк бередi. Дағдының арқасында бiздiң санамыз қызметтiң түпкiлiктi, шешушi кезеңдерiне жұмылдырылады. Мұндай жұмыстың табысты болуы қамтамасыз етiледi. Iс-әрекетке жақсылап дағдылану арқылы адам өндiрiс құралдарын, дене шынықтыру, спорт атрибуттарын, ақыл-ой жұмысын меңгеруде жақсы табыстарға жетедi. Адам, әсiресе, өзiнiң негiзгi мамандығына, көп iстес болатын нәрсесiне дағдыланса, бұдан бiраз уақытын үнемдейдi, күш-қуатын орынды пайдаланатын болады. Өндiрiстегi жұмысшылардың, инженерлер мен техниктердiң шаруашылықтың сан-саласына күн сайын енгiзiп жатқан ұсыныстары мен өнертапқыштығы, олардын еңбек дағдыларының өте-мөте жетiлгендiгiн көрсетедi. Оқу дағдыларын жете меңгеру баланы оқуда озат оқушының қатарына алып келедi. Елiмiздегi ғылыми-техникалық прогресс адамдарда жан-жақты бiлiм болумен қатар жақсы дағдының болуын қажет ете түсетiнi сөзсiз.
Дағды бiрнеше түрге топтастырылады. Олардың бастылары: мектептiк (кiтап оқу, жазу, есептеу т. б.), спорт (коньки тебу, футбол ойнау, күрес т. б.), еңбек, түрлi мамандық (токарь, слесарь, әскери, дәрiгерлiк т. б.). Спорттық дағдыларды-қозғалыс, мектептiк дағдыларды сенсорлық (тiкелей қабылдау) және интеллектiк дағдылар деп те атайды. Дағдылардан икемдiлiк ұғымын айыра бiлу қажет. Осы ұғымдардың мағынасы бiрiне-бiрi өте жақын болғандықтан бұларды бiрiмен-бiрiн шатастырып алуға да болады. Икемдiлiк дегенiмiз адамның қандай нәрсенi болмасын орындай бiлу қабiлетi. Мәселен, төменгi сынып оқушылары футбол ойнай алады, ойын ережелерiн де бiледi. Бiрақ, олардың ойнау дағдысы әлi жетiлмеген. Ал нағыз футболшыда жақсы ойнай бiлу кемелiне келiп, дағдыға айналған. Бұл мысал балада дағды болмағанмен, онда осы ойынға икемдiлiктiң барлығын көрсетедi. Икемдiлiк түрлi дәрежеде көрiнедi. Мәселен, ендi ғана әрiп элементтерiн салып үйрене бастаған баланың икемдiлiгi икемдiлiктiң қарапайым түрi болып келсе, кейiн жеке сөздердi, сөйлемдердi жазған кездегi икемдiлiгi бұрынғысынан күрделiрек болып келедi. Икемдiлiк бiлiм мен тәжiрибеге негiзделедi. Кiмнiң бiлiмi мен тәжiрибесi көбiрек болса, сол адамның икемдiлiгi де артық болады. Икемдiлiк — белгiлi бiр дағдылар мен бiлiм жүйесiн практикада пайдалана алудың көрiнiсi болып табылады. Бiрiншi сынып оқушыларының жазу, оқу дағдыларын меңгеру дәрежесiнiң түрлiше болып келетiн себебi — икемдiлiк дәрежесiнiң әр түрлiлiгiнен деуге болады.
Үйрену мен бiлiмнiң арасында да белгiлi байланыс бар. Үйрену жануарларда да кездеседi. Адамның негiзгi үйренетiн нәрсесiнiң бiрi — бiлiм. Соңғысы жануарлар да жоқ. Оларда тек стимул мен реакцияны айыру қабiлетi ғана бар. Мұны (рефлекстiк үйрену) дейдi. Адам түрлi ғылыми бiлiмдердi үйренедi, бұл үшiн ол сан алуан амал тәсiлдер қолданады, мақсат-бағдарын мәселенi шешуге бағыттайды. Осы жолда түрлi проблемалық жағдайға кездеседi, белгiсiз нәрсенi зерттеп бiлумен айналысады. Күрделi үйренулердiң қиысуы адамды мақсатқа сай әрекеттi, ойлаудың жоғары түрлерiнiң қалыптасуына мүмкiндiк бередi. Үйренудiң интеллект сатысындағы түрiн оқу әрекетi дейдi. Соңғысы жануарлар дүниесiнде кездеспейтiн, қоғамдық-әлеуметтiк мәнi бар саналы iс-әрекет болып табылады. Дағды мен икемдiлiктен әдеттердi айыра бiлу керек. Әдеттер де әрекеттiң автоматтанылған құрамдары. Бiрақ мұның дағдыдан айырмашылығы мынада: әдетте қимыл-қозғалыстарды орындауға адам үнемi дайын болып, оны қажетсiнiп тұрады. Мәселен, адам күн сайын бетi-қолын жуып тұруға әдеттенгендiктен осыны ылғи да қажетсiнедi, мұны iстемесе, көңiлi көншiмейдi. Дағдыны қалыптастыру үшiн адам сан рет жаттығады, есепсiз қайталайды. Егер де адам өзiне үнамсыз дағды қалыптастырып және бүған көп уақытын жiберiп жатса, мұның өзi өте ессiздiк болар едi. Сондықтан да дағдылар пайдалы, пайдасыз болып бөлiнбейдi. Өйткенi, оның қай-қайсысы да пайдалы. Ал, өдеттiң ұнамды, пайдалы түрлерiмен қатар ұнамсыз, зиянды түрлерi де кездеседi. Ұнамды әдеттерге: жүйелi түрде еңбек ете бiлу, қызмет орнын ұқыпты ұстау, тұрмыстағы мәдениеттiлiк, гигиеналық әдеттер т.б. жатады. Бұл адамның өмiрi үшiн аса қажет нәрселер. Ұнамсыз әдеттерге: орынсыз ысқыру, қарандашты ауызға салу, тiсiн үнемi шұқылап отыру, столда отырып аяқты селкiлдету, сөйлегенде қыстырма сөздердi қолдану, қолы қалтасында, аузында шылымы тұрып, жұртқа кезек бермей сампылдап сөйлеу т. б. жатады. Әдеттердiң соңғы ұнамсыз түрлерi жөнiнде халық “Әдет — әдет емес, жөн әдет” деп өте дұрыс айтқан. Расында да бiзге керегiнiң өзi пайдалы әдеттер. Үйреншiктi әдет болмайынша, адамның iстеген iсiнiң берекесi де болмайды. Егер адам: өзiнiң бойына сiңген әдетiне байланысты қимылдаса, оның iсi оңайланып, көңiлi рақат тауып отырады. Үйреншiктi әдет адамның табиғи қылығы сияқты бойына сiңiп кетедi. “Ауру қалса да, әдет қалмайды” деген нақыл осы сөзден шықса керек. Әрине, мұны тiке өз мағынасында түсiнбеу қажет. Бұл жерде үйренген әдеттен құтылу қиын екенi жөнiнде айтылып отыр. Әдеттердiң тезiрек қалыптасатын кезеңi — балалық шақ, өсiресе, мектепке дейiнгi дәуiр. Балалардың кез келген нәрсеге елiктей бергiштiк қасиетi кейде ұнамсыз әдеттердiң қалыптасуына себепшi болады. Мәселен, кей бiр отбасында бала үлкендерге елiктеп шылым шеккiсi, шарап iшкiсi келiп тұрады. Ата-аналар мен мұғалiмдер балаларда ұнамды әдеттердi қалыптастырып, зиянды әдеттерден баланы арылту жағын қарастыруы қажет. Әдеттердi белгiлi бiр мағынасына қарай бiрнеше топқа бөлуге болады, олар: адамгершiлiк, немесе моральдық (әр уақытта да шындықты айтуға әдеттену, жолдастардың алдында адал болу, уәдеде тұру т. б.), мәдени мiнез-құлықтық (сыпайылық, үлкенге және жасы кiшiге қамқорлық жасау, дұрыс сөйлеу т. б.), гигиеналық (тамақ алдында қол жуу, тап-тұйнақтай болып жүру т. б.), еңбек, ақыл-ой әдеттерi. Осы айтылған топтардың iшiнен ұнамсыз, нашар әдеттердiң де бiрнеше түрлерiн кездестiруге болады. Атақты ағылшын драматургi В. Шекспир (1564—1610): “Жақсы әдет жақсылыққа бастайтын перiште” десе, орыс педагогi К. Д. Ушинский: “жақсы әдет өсiмге берген ақша, адам өмiр бойы соның өсiмiмен пайдаланады, жаман әдет борыш, адам өмiр бойы сол борыштың өсiмiнен азап шегедi”,— дейдi. Дағды мен әдеттiң физиологиялық негiздерiне ми қабығында бекiп қалыптасқан шартты рефлекстердiң жүйесi, яғни динамикалық стереотиптер жатады. Мәселен, адамның қозғалыс дағдысын (еңбек, спорт саласындағы) алатын болсақ, бұл мидың қозғалыс анализаторында жасалған уақытша жүйке байланыстарының жүйесi. Мұнда сигнал жүйелерiнiң бiрлескен жұмысы да кажет болып отырады. Мәселен, екiншi сигнал жүйесi (ауызша нұсқау, тапсырма беру т. б.) өткен төжiрибеде жинақталған қимыл-қозғалыстардың тезiрек бiрiгуiне жағдай туғызады, сөздiк сигналдар дағдының кейбiр керексiз буындарын тежеуге, ондағы қателердi түзеп отыруға мүмкiндiк бередi. Әдеттер де физиологиялық тұрғыдан ми қабығындағы динамикалық стереотиптiң бiр көрiнiсi. Бұлар ми сыңарларының тек оптималдық қозуы бар алаптарында ғана емес, сонымен бiрге тежелуге ұшыраған алаптарында да пайда болып отырады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Жарықбаев Қ. Жантану. Алматы, 2011 ж
2.Алдамұратов Ә. Жалпы психология, Алматы, 1998 ж
3.Жақыпов С. Жалпы психология негіздері. Алматы, 2008ж.
Достарыңызбен бөлісу: |