Жануарлар дүниесіне байланысты қолданылатын атаулар:
Ешкемер (Түрікм.: Красн., Небид., Ашх., Мары., Тедж.; Гур., Маңғ.) – батпақ құмды жерде болатын кесіртке. Ешкемер құмды жерде болады, өзінің жауынан жасырыну үшін құмның астына сүңгіп кетеді. Осы қасиетіне орай халықтың тілінде кейде оны батпақ деп атайды. Қарақалпаша – ешкимар.Сұпы сұмнан шығады, Ешкемер құмнан шығады (мақал).
Шүлдік (Гур., Маңғ.) – кішкентай шөл құсы. Қарақалпақша – шү-шүлек.
Мұсатыр (Гур., Маңғ.) – мұсатыр. Зердесін кетіру үшін бүркітке нұсатыр жегізеді, ішінен зердесі кеткесін бүркіт бабына түсіп жарайды. Қарақалпақша нсатр.
Күбір тышқан (Гур., Маңғ.) – саршұнақ. Бұл сөздің алғашқы сыңары жергілікті халық тіліндегі ұсақ көң, қорда мәнінде жұмсалатын күбір деген атаумен төркіндес.
Дудан (Гур., Маңғ.) – шөлді жерде болатын құстың бір түрі.
Жек (Маңғ.) – құр тектес құс. Түсі боз қанаты ала болады, етін жеуге пайдаланады.
Үйге, құрылыс жабдықтарына байланысты айтылатын сөздер:
Там (Ақт.,Ырғ.; Орал: Чап., Жымп.) – жалпы қазақ тілінің тұрғысынан алып қарағанда, республикалағы қазақтардың басым көпшілігінде «там» - моланың басына салған белгі, қоршалған қабырға мағынасында ұғынылады. Қазақ тіліндегі «там» сөзінің мағынасы туралы қазақ диалектологтарының ішінде алғаш мақала жазған Ж.Досқараев [27, 142-б.], екендігін атай отырып, өз топшылауымызды ұсынамыз. Ертедегі түркі тілінің жазба ескерткіштеріне зер салсақ, бұл сөздің бір тілде екі түрлі мағынаға ие боларлық себебі мол. М.Қашқари: там – қабырға , дуал, ұйғырдың ескі жазба ескерткіштеріне: tam – қабырға [28, 125-б.]. Бұларды еске алсақ, Қазақстанның батысы мен солтүстігінде қазақтардың «тамды» мола басына салынған қорған деп ұғынуы жөнге келеді. Там – қабырға, дуал мағынасында ноғай, құмық, сары ұйғыр [29, 110-б.] тілдерінде қолданылады. Codex cumanicus-та :tam – үйдің ішкі-сыртқы төбесі. Бада `и` ал-лұғат там кейде дам – үйдің төбесі (крыша) . Бұл деректер там – адам паналайтын баспана екендігін меңзейді. Қазір кейбір түркі тілдерінде «там» сөзінің сәл өзгеше де мағыналары кездеседі. Якуттарда: даң – үй не қора төбесіне төккен қалың топырақ. Чувашша – там: там шал – штукатурить. Үй мағынасында өзбек, түрікмен, ұйғыр тілдерінде қолданылатыны белгілі. «Там» сөзі түркі тіліне меншікті сөз бе, жоқ па деген мәселе жөнінде А.М.Щербак: «...там (крыша), не является тюрским по происхождению» [30, 159-б.], - деген пікірде. Біздің ойымызша «там» түркі тілдерінде ертеден бар және тілдердің алтай тобына ортақ сөз болуы мүмкін. Өйткені корей тілінде де « қабырға» мағынасы «ta:m» [31,164-б.] болып дыбысталады. Бұл тілде қабырға мағынасын беруі «там» сөзінің «үй» мағынасында қолданылуы кейінгі процесс болса керек деген ой тудырады.
Достарыңызбен бөлісу: |