4.1. Сайыс
Жүргізуші: Сәлеметсіңдер ме, балалар? Бүгін баршамыз ортаңғы топтар арасында өтетін сайысқа жиналып отырмыз. Сайыс «Тапқыр достар» деп аталады. Бүгінгі сайыста қатысушылар жұмбақтар шешіп жарысады. Ендеше ортаға қатысушыларымызды шақырайық.
(Қатысушылар шығып, орындарына отырады)
Жүргізуші: Ертеде Мақта қыз бен мысық дос болыпты. Бір күні Мақта қыз үй жинап жүр еді...
(Ортаға Мақта қыз шығып, сыпырғышпен сыпыра бастайды, мейізді тауып алады.)
Мақта қыз: Мысық, мысық мен мейіз тауып алдым... Мысық, мысық мен мейіз тауып алдым.
(Мейізді жеп қояды. Керіліп мысық келеді.)
Мысық: Мені неге шақырдың?
Мақта қыз: Мен мейіз тауып алдым.
Мысық: Маған да берші.
Мақта қыз: Мен сені шақырғанда келмедің, мейізді өзім жеп қойдым.
(Мысық ашуланады, мақта қыздың ыдыста тұрған сүтін төгіп тастайды. Мақта қыз ашуланып, оның құйрығын жұлып алады.)
Мысық: Құйрығымды қайтар.
Мақта қыз: Ал, сен маған сүтімді қайтар.
(Мақта қыз кетіп қалады.)
Жүргізуші: Балалар, мысық сүтті қайдан алады? Бізге сүтті не береді?
(Мысық сиырға барады.)
Мысық: Сиыр, сиыр маған сүт берші.
Сиыр: Менің қарным ашты, сен маған жапырақ бер, сонда мен саған сүт беремін.
Жүргізуші: Ал, жапырақты мысық қайдан алады? Жапырақ неде өседі?
(Мысық талға барады.)
Мысық: Тал, тал маған жапырақ берші.
Тал: Мен шөлдедім, сен маған су бер, мен саған жапырақ беремін.
(Мысық қыздарға барады.)
Мысық: Қыздар, қыздар маған су беріңдерші.
Қыздар: Сен бізге сағыз бер, біз саған су береміз.
(Мысық декеншіге барады.)
Мысық: Дүкенші, дүкенші маған сағыз берші.
Дүкенші: Сен маған жұмыртқа бер, мен саған сағыз беремін.
(Мысық тауыққа барады.)
Мысық: Тауық, тауық маған жұмыртқа берші.
Тауық: Сен маған бидай бер, мен саған жұмыртқа беремін.
Жүргізуші: Мысық енді не істерін білмей тұр еді, тышқанды көрді.
(Мысық тышқанды ұстап алады.)
Тышқан: Мені жіберші.
Мысық: Сен маған бидай бер, мен сені жіберемін.
Тышқан: Жарайды, жарайды.
(Тышқан дорбаға түйілген бидай алып шығады.)
Жүргізуші: Балалар, тышқанның дорбасы байлаулы екен. Оны ашу үшін әр жіптегі жұмбақтарды шешу керек. Біз мысыққа оларды шешуге көмектесеміз бе?
Кішкентай ғана бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар.
(қой)
Кезікті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.
(түйе)
(Әр топ бір жіптен алып, жұмбақты шешеді. Мысық тауыққа барады, дорбадағы бидайды береді. Тауық оған киндер жұмыртқаларын береді.)
Жүргізуші: Балалар, мынау шын жұмыртқа ма? Жоқ, мұнда да жұмбақтар бар екен. Біз оларды да шешіп, мысыққа көмектесейік.
Қыт-қыттаған үй құсы,
Тез қанады ұйқысы.
(тауық)
Сары-сары кішкентай,
Безектейді шіркін-ай.
(балапан)
(Әр топ жұмбақ шешеді. Әр шешілген жұмбақ үшін тауық бір жұмыртқадан береді, балалар оны мысыққа жинап береді. Мысық жұмыртқаларды дүкеншіге береді. Дүкенші шарлар алып шығады.)
Жүргізуші: Балалар, мына шарларда да жұмбақтар бар, кәне оларды шешейік.
Қабат-қабат қаттама,
Ақылың болса, аттама.
(кітап)
Жарықта жағалайды,
Қараңғыда жоламайды.
(көлеңке)
(Әр топ шешеді, дүкенші дұрыс жауап үшін сағыз береді, балалар оны мысыққа жинап береді. Мысық сағыздарды қыздарға береді. Қыздар оған гүлдер салынған шелек береді.)
Жүргізуші: Мына гүлдердегі жұмбақтарды шешу керек.
Онсыз құс та, шыбын да,
Көбелек те ұшпайды.
(қанат)
Көзге ілінбейді,
Жұтсаң білінбейді.
(ауа)
(Әр топ шешеді, дұрыс жауап үшін қыздар шелекке су құйып отырады. Мысық шелекті алып, оны талға береді. Тал оған азғана жапырақ береді.)
Жүргізуші: Балалар, бұл жапырақ бізге жетпейді, оларда жазылған жұмбақтарды шешсек, тал бізге көп жапырақ береді.
Сенің ғана үлесің,
Жұмған көзбен көресің.
(түс)
Өзен-көлге жайдақ, кең,
Көпір салды әйнектен.
(мұз)
(Әр топ шешеді, дұрыс жауап үшін тал көбірек жапырақтан беріп отырады, балалар оны мысыққа жинап береді. Мысық жапырақтарды сиырға береді. Сиыр қағаздары бар бос құмыра береді.)
Жүргізуші: Сүтті алу үшін жұмбақ шешейік.
Иесіне адал,
Бөтенге қатал.
(ит)
Әшейінде жекесің,
Қарай қалсаң екеусің.
(айна)
(Әр топ шешеді, дұрыс жауап үшін сиыр шелекке сүттен құйып отырады. Мысық сүтті алады. Ортаға қолында тәрелкелері бар мақта қыз келеді.)
Жүргізуші: Мысыққа құйрығын қайтарайық, мына тәрелкелердегі жұмбақтардың жауабын табайық.
Үш жерден белін буған,
Қоқыстың тегін қуған.
(сыпырғыш)
Жолбарыспен туысқан,
Тышқанды аңдиды қуыстан.
(мысық)
(Әр топ шешеді, мысыққа құйрығы қайтарылады.)
Жүргізуші: қазылар алқасы шешім шығарғанша, біз бүлдіршіндердің өнері тамашалайық.
Қазылар алқасының шешімі бойынша топтар марапатталады, әр қатысушыға естелік заттар табыс етіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |