ДӘРІСТЕР ТЕЗИСТЕРІ
1 – дәріс
Тақырып: Кіріспе. Ғылым мен техниканың интеграциясы. Мектептің физика курсындағы пәнаралық байланыстардың рөлі, маңызы және жүзеге асыру жолдары
Жоспары:
1. Пәнаралық байланыстар туралы түсінік:
2. Оқыту үдерісіндегі пәнаралық байланыстар
а) пәнаралық байланыстардың функциясы (атқаратын қызметі);
б) оқыту мазмұнындағы пәнаралық байланыстардың түрлері;
в) оқыту үдерісінде пәнаралық байланыстарды жоспарлау және оларды жүзеге асыру жолдары.
1. Пәнаралық байланыстар туралы түсінік.
Қазіргі ғылымның барлық салалары өзара тығыз байланысты, сондықтан да мектепте оқытылатын пәндер бір-бірінен алшақ бола алмайды. Пәнаралық байланыстар мектепте ғылым негіздерін терең және жан-жақты меңгерудің дидактикалық шарты әрі құралы болып табылады. Олар оқушылар білімінің ғылыми деңгейін көтеруге, логикалық ойлауы мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді. Пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру оқу материалының қайталануына жол бермейді, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді және оқушылардың жалпыланған білімдері мен біліктерін қалыптастыруға қолайлы жағдай туғызады.
Елiмiздiң мектептерiнiң тарихында пәнаралық байланыстар жайлы бөлiм алғаш рет 1980 жылғы қайта өңделген типтiк бағдарламаларға енгiзiлдi. Алайда, бұл байланыстар көбiнесе фактiлер мен құбылыстар деңгейiнде, ал өте сирек жағдайда ұғымдар, заңдар, теориялар деңгейiнде қамтылды. Тақырыптық деңгейде берiлген бұл пәнаралық байланыстар күткендей нәтиже бермедi. Нәтижесiнде оқушылардың әлем жайындағы бiртұтас көзқарасының қалыптасуы әлсiз әрi қалыптастырылған дүниетанымының деңгейi бүгiнгi күн талабына сай болмай шықты. Аталған кемшiлiктердi жою үшiн бiлiм мазмұнын жаңарту барысында пәндердiң жеке бөлiктерiн жүйелеу, синтездеу, үйлестiру арқылы оның бiртұтастығын қамтамасыз ету қажет. Бұл жеке пәндердiң мазмұнына қорытындылаушы тақырыптар енгiзу, пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру, оқу материалын ғылымның жетекшi идеялары төңiрегiнде топтастыру арқылы жүзеге асырылады.
Мектеп курсындағы пәнаралық байланыстар бойынша берiлетiн материалдың мазмұны мен көлемi оқу бағдарламасымен анықталады.
Анықтама: Пәнаралық байланыстар деп пәндердiң мақсаттарының, мазмұндық және құрылымдық элементтерi функцияларының оқу-тәрбие процесiнде жүзеге асырылған жағдайда бiлiмнiң тиянақты болуына, оны жалпылауға және жүйелеуге, жалпыланған бiлiк пен дағдыны қалыптастыруға, нәтижесiнде бiртұтас ғылыми дүниетанымды қалыптастыруға жағдай туғызатындай бiрлiгiн түсiнемiз.
2. Оқыту үдерісіндегі пәнаралық байланыстар
Оқу процесiнде пәнаралық байланыстар өздiгiнен шықпайды, оларды алдын-ала анықтап алып, жаратылыстану пәндерiнiң мазмұнына (бағдарламалар мен оқулықтарға) дұрыс енгiзу қажет, ал содан кейiн оқыту процесiнде оны жүзеге асыру керек.
Достарыңызбен бөлісу: |