Оспан Жансая Елеуқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Қ.Абаханов атындағы орта мектеп
Атырау облысы, Индер ауданы, Өрлік селосы
« Тәрбие жұмысын рухани – адамгершілік бағытта қамтамасыз ету»
Жоспар
I. Рухани – адамгершілік – адамның жан дүниесінің ерекше қасиеті.
II. Барлық тәрбиенің өзегі – адамгершілік тәрбиесі.
а) Тәрбие көзі – халықтық педагогика.
б) Адамгершілік мәдениетін қалыптастырудағы әдіс – тәсілдер.
III. Қорытынды.
«Адамзаттық күштің маңыздысының бірі –
адамгершілікке ұмтылу. Осыдан біздің
ішкі тұрақтылығымыз бен тіршілік
етуіміз басталады. Оны жігерлендіру мен оның
мағынасын анық түсінуге көмектесу –
білім берудің басты мақсаты»
Альберт Эйнштейн.
Егемендi елiмiздiң болашағы жас жеткiншектердiң бiлiм дәрежесiнiң тереңдiгiмен өлшенедi. Қазiргi заманғы бiлiм беру әлеументтiк құрылымының маңызды элементтерiнiң бiрiне айналды. Адамның жеке басын қалыптастыру негiзi бастауышта қаланатыны бәрiмiзге белгiлi. Бастауыш мектептен бастап оқушыларға бiлiмнiң қыры мен сырын жетiк таныту, қабiлеттерiн шыңдау адамгершiлiк қасиеттерiн дарытып Қазақстан Республикасының азаматы деген атаққа лайық болатындай етiп тәрбиелеу - бiздiң мiндетiмiз болмақ.
Қазақстандық қоғамның алдында тәуелсіздігімізді алу, өскелең ұрпақты адамгершілік-рухани тәрбиелеу мәселесі мен азаматтар арасындағы мейірімділікті, әділеттілікті, өзара түсіністікті, шыдамдылықты құруға мүмкіндік жасайтын құндылықтарды іздеумен айқындалды. Сондықтан да жас ұрпақты тәрбиелеуде алға қойып отырған негізгі мақсаттарының бірі – қоғамға өзіндік орны бар, өз елінің қамын ойлайтын, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, мемлекетіміздің болашағы жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру. Себебі, білім берудің шынайы мақсаты – адамға белгілі бір білімді жеткізу ғана емес, сондай-ақ оның рухани- адамгершілік тұрғыдағы мәнін дамыту. Қазіргі педагогика ғылымы тәрбие саласындағы басым міндеттердің бірі ретінде жас ұрпақты ғасырлар бойы жинақталған халық даналығының жалпы адамзаттық құндылықтарын меңгерту негізінде тәрбиелеу қажеттігін дәлелдеп отыр.
Адам тегін табиғи жолмен сақтауға және келер ұрпақты аман-есен дамытуға бағытталған балалар құқықтарын қорғаудың ерекше заңнамасы қажет болып отыр. Балалар азаматтардың әлсіз санаты болып табылады және олар әрқашан өздерінің толық дамуына жағдай жасайтын арнайы заң мен әлеуметтік механизмді қажет етеді. 1994 жылы Қазақстан Республикасы БҰҰ «Балалардың құқықтары туралы» конвенциясын бекіткеннен бастап балаларды қорғауға арналған, халықаралық құқықтардың негізгі ережелерін қызмет етіп келе жатқан заңнамаға енгізу бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Балалардың құқықтарын қорғау және оларды лайықты дамытуға жағдай жасау біздің еліміз үшін басты мақсат болып табылады.
Оқушының жан-жақты дамуына бағыт-бағдар берушi- мұғалiм.
Ғалым-педагог Л.В.Занков “Оқыту-оқушының жалпы рухани дамуын қамтамасыз етуi қажет”- дейдi. Көрнектi психолог Л.С. Выготский : “Жақсы оқыту – баланың дамуын iлгерілететiн, дамудың алдында жүретiн оқыту”- деп тұжырымдайды. Ал, оқыту мұғалiм арқылы iске асатын процесс болғандықтан ұстаздар қауымына үлкен жауапкершiлiк жүктейдi.
Қоғамның негiзгi бағыты бiлiмдi де дарынды балалар даярлау болса, ал мектептiң негiзгi көкейкестi мәселелерiнiң бiрi бiлiм мен қатар тәрбие беру, яғни адамгершiлiк тәрбиесiн қалыптастыру, бастауыш сыныптан бастап адамгершiлiк мәдениетi жоғары деңгейдегi оқушылар тәрбиелеу. Жас ұрпақ бойына батылдық, әдiлдiк, мейiрiм мен қайырымдылық, iзеттiлiк пен қамқорлық сезiмдерiн сiңiрудi әр ұстаз, әр пәнде сабақпен ұштастыра жүргiзуі қажет. Осы тақырып төңiрегiнде көптеген ғұлама ғалымдар пiкiрлер айтып, зерттеулер жазған. Адамгершiлiк мәдениетiн қалыптастырудың тиiмдi тәсiлдерiне ұлттық педагогика элементтерi де жатады. Қазiргi таңдағы қазақ педагогикасының мiндетi – адам бойындағы жақсы қасиеттердi жас ұрпаққа үйрету, ұлтжанды, отансүйгiш, әдептiлiк, ар-намысы биiк оқушылар тәрбиелеу.
Жас бала - жас шыбық тәрiздi қалай исең солай майысады. Сондықтан да бiлiм негiзi бала кезден қалыптасады деп айтылады, яғни осы кезеңнен бастап, балаға тиiстi көңiл бөлу керек екенiн заман талабы, тәрбие кепiлi деп түсiнуiмiз керек.
Қазiргi қоғамдағы әлеуметтiк, психологиялық және рухани – адамгершiлiк ахуалдың оң өзгерiске бет бұруы қуантарлық жағдай. Бiрiншi кезекте, әрбiр адамның, азаматтың, оқушының жанын, рухын, санасын сауықтыруға мемлекет, әрине мүдделi, сондықтан бұл мәселенi бiлiм берудiң барлық деңгейлерiнде шешудi көздейдi.
Оқушыларды адамгершiлiкке, еңбексүйгiштiкке тәрбиелеуде көркем шығарманың маңызы зор. Оқушылар ой-санасын дамытуға, мiнез-құлқын қалыптастыруға, дүниетанымын кеңейтуге көркем әдебиет шығармаларындағы кейiпкерлердiң өмiрi мен iс-әрекеттерi де үлкен әсер етедi.
Шығарма кейiпкерлерiнен үлгi алып, оның жақсы қасиеттерiн үйренiп, соған жету үшiн өздерiн дайындайды. Мысалы, достық деген тақырыпқа байланыстырып, өмiрден достыққа байланысты деректер келтiрiледi. Дос - деген ұғым қасиеттi ұғым. Дос адамдық асыл қасиет пен саған тек жақсылық ойлайды, қиындықта көмектеседi, қуанышты да, қайғыны да бiрге бөлiседi. Дос – қамқоршы, көмекшi, жанын сала сыйлайтын ең жақын серiк, тiрек деген сияқты мысалдар.
Достық - әдеп, сыйласым.
Дос - өмiрлiк қимасым,
Достық ниет – жақсы үмiт,
Достық жасап адамға,
Достаса бiл әмәндә.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, тәжірибелік – педагогикалық жұмыс мынадай бағыттарда жүргізіледі.
Тәжірибелік-педагогикалық жұмыс бағыттары
Бағыт
|
Көздейтін мақсаты
|
1 Оқушылардың оқудағы қызметін халықтық педагогиканың құралдарын пайдалана отырып ұйымдастыру
|
-Оқушылардың дүниетану пәнінде гуманитарлық танымын кеңейту
- білім сапасын арттыру мақсатында қазіргі білім беру технологияларын қолдану
|
2 Адамгершілік тәрбие жөнінде сыныптан тыс жұмыс ұйымдастыру.
|
- қазақтың ұлттық мәдениетіне деген көзқарас қалыптастыру. Отанға деген ой-өрісін, ынтасын қалыптастыру;
|
3 Этнографиялық мұражайлар ұйымдастыруға көмектесу, қазқатың ұлы адамдары, туған өлке тарихын тану.
|
өз мемлекеті үшін мақтаныш сезімін дамыту;
Қазақ халқының мәдениетін мақтан етуге үйрету;
-Оқушыларды ұлттық рух, адамгершілік сезім қалыптастыру;
|
Мектеп оқу-тәрбиесінде халықтық педагогиканың тәлім-тәрбиесін қолданып, оның оқушыларға білім мен тәрбие берудегі пайдасын жүзеге асыру әрбір ұстаз шеберлігіне байланысты. Халықтық педагогика экспериментін пайдаланып, оқушылар бойына адамгершілік қасиеттерін сіңірудің тиімділігін мына кестден көруімізге болады.
Оқушылардың адамгершiлiк мәдениетi деңгейiнiң диагностикалық белгiлерi
Адамгершiлiк мәдениет деңгейi
|
Диагностикалық белгiлерi
(критерийлер)
|
Жоғары деңгей
|
Оқушылардың бойында адамгершілік мәдениеті қалыптасқан. Тіршілік атауына сүйіспеншілікпен қарайды. Үлкенді сыйлай, кішіге ізет ете біледі. Жолдасық, достық қарым-қатынас мәдениеті жақсы дамыған. Адамгершiлiк мәдениетiне байланысты тақырыпты жақсы түсiнедi, негiзгi ұғымдарға, анықтамаларға сипаттама берiп, дәлелдей бiледi. Өздiгiнен бақылау жүргiзе алады. Ұғымдарды байланыстыра алады.
|
Ортаңғы деңгей
|
Белгіленген көрсеткіштер орта деңгейде қалыптасқан. Оқушылар табиғатты қорғау қажеттігін біледі, дегенмен маңыздылығын түсінбейді. Адамгершiлiк тәрбиесiне қатысты тақырыпты орташа түсiнедi, мұғалiмнен көмек күтедi, әсiресе ұғымдар арасында байланыстарды табуда қиналады. Өздiгiнен бақылау жүргiзе алады.
|
Төменгi деңгей
|
Оқушыларда адамгершілік мәдениеті төмен дрежеде қалыптасқан. Табиғатты аялай білмейді. Жан-жануарға қатыгездікпен қарайды. Сыныптағы оқушылармен жолдастық қатынасы ауыр. Өзімшіл.
|
Ұрпақ тәрбиесіне қатысты ежелден келе жатқан халықтық әдістерінің бірі – балаға ақыл-өсиет айту және сөз арқылы баланың көзін жеткізе отырып, сенімін арттыру. Бұл әдісті мақал-мәтелден, нақыл сөздерден, ырымдар мен тыйым салу сөздерінен айқын көрініс тапқан. Өмірден көргені мен түйгені мол, білікті адамдардың ақыл-өсиетін оқушының санасына сіңіріп, үлкен ой салған. Ырымдар мен тыйым салу сөздері баланы ағаттық жасаудан, түрлі қауіп-қатерден сақтандырып, адамгершілікке жетелейді. Мәселен, халқымыз «көкті жұлма; құстың ұясын, құмырсқаның илеуін бұзба; жалғыз ағашты жұлма; малды теппе; ақты төкпе; төгілген сүтті аяқпен баспа; т.б.» көптеген мысалдар келтіре кетуге болады.
Оқушылардың жақсы дәстүрлерді сыйлай білуге, әдемі де жүйрік сөйлеуге, ата-салтын үлгі етуге тәрбиелеу мақсатында, сабақтарда шешендер мен билердің, ұлы адамдардың ұлағатты сөздеріне үлкен мән беріліп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізілетіні сөзсіз. Ұлылардан қалған ұлы сөздердің де оқушыларда адамгершілік мәдениетін қалыптастыруға көп пайдасы бар екенін мынадан көруге болады:
Таза болсаң судай бол,
Бәрін шыдап көтерген.
Жақсы болсаң, жердей бол,
Бәрін шыдап көтерген.
Азғана іске көп рақмет айт
Жақсы қылық адамға ас пен киім; дос табу оңай, сақтау қиын;
достарың көп болса да, аз деп біл.
Адамның басшысы –ақыл,
Жетекшісі – талап,
Шалушысы –ой.
Сынаушысы – халық,
Қорғаушысы – сабыр,
Қорғанышы –мінез,
Ең қымбаттысы –ар.
Таусылмайтыны –арман,
Барлығынан ардақтысы - өмір.
Егер біздің ұстаздарымыз тәрбие жұмысын жоғары, сапалы, тиімді етіп өткізсе, жас ұрпақ тәрбиелеп өсіру ісінде кемшілік аз болар еді. Әрбір сабақ, тәрбиелік жұмыс ғылыми негізде ұстамды, жан-жақты танымды жүргізілсе рухани әсерлі болады. Ғалым-психолог Блумның пікіріне сүйенсек «7-8 жасқа дейін өсіп келе жатқан баланың жеке қасиеттерінің 70 пайызына дейін қалыптасады» дейді. Міне, осы кез баланың білім алатын, білім алу арқылы дамитын кезеңі. Бұл кезде алған алған білім оның бүкіл өмірінде қалатыны белгілі. Осы кездегі қаланған тәрбие адамгершіліктің негізін қалайды. Содықтан осы кезден оқушы бойына жақсы және жаман қасиеттерді қалыптастыра оқыту керек.
Адамгершілік мәдениетін қалыптастыруды және әр сабақпен ұштастыру, мұғалімнен ізденістерді талап етеді. Өйткені оқу мен тәрбие тығыз байланысты екені баршамызға мәлім. Оқу үрдісіндегі тәрбие міндетін іске асырудағы қиындықтың бірі сыныптағы оқушылардың адамгершілік түсініктерінің әр түрлі болуында және де тәрбие күрделі үрдіс болғандықтан, бір сабақта баланы адалдыққа, қайырымдылыққа, батылдыққа, шындыққа тәрбиелеу мүмкін емес. Адамзат тарихында адамгершiлiкке байланысты пайда болған категорияларға мыналар жатады: жомарттық, батырлық, ерлiк, әдiлдiк, қарапайымдылық, кiшiпейiлдiлiк, адалдық, шыншылдық, ұяттылық, ар мен намыс, тағы басқалары. Әрбiр қоғам өзiнiң даму процесiнде адамгершiлiк категорияларына, оның мазмұнына көптеген өзгерiстер енгiзiп отырған. Адамгершiлiк - адамдардың практикалық өмiрiнен тамыр алып, пайда болған әдет- ғұрыптар мен дәстүрлердi тудырып, солармен сәйкес дамиды. Ал мораль болса, шындыққа қарама- қарсы, терiс қарым- қатынаста пайда болады және адамның өзiне субьективтi түрде мiндет қоя бiлумен туындайды. Адамгершiлiк қасиеттерi отбасында, қоршаған ортада, балалар бақшасында, мектепте, адамдардың iс-әрекетiнiң барысында бiр- бiрiмен араласуы нәтижесiнде, қоғамдық тәжiрибе алуын өмiрмен байланыстыру арқылы қарлыптасады. Халықта: “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлерсiң” деген мақал бар. Тәлiм – тәрбие болмаған жерде адамгершiлiк мәдениетi мен қасиетi де қалыптаспайды.
Адамгершiлiктi, оның жоғарыда айтылған категорияларын қалыптастыру үшiн жүргiзiлетiн қатынастар аз емес, өте көп. Олар: дос- жарандармен, ата- анамен, оқушы мен ұстаздың арасында қарым- қатынас орнату, өзара сыйласу, қонақжайлылық, жолдастық, достық, туыстық қарым- қатынастар.
Адамның адамгершiлiгi - оның жоғары қасиетi, былайша айтсақ, кiсiлiгi. Оның негiзгi белгiлерiнiң бiрi - адамдық ар - намысты ардақтау, әр уақытта жақсылық жасауға ұмтылу, соған дайын болу, “Өзiң үшiн еңбек қылсаң, - дейдi Абай, - өзi үшiн оттаған хайуанның бiрi боласың. Досыңа достық- қарыз iс, дұшпаныңа әдiл бол”. Ақылды, мейiрiмдi адам кез- келген уақытта өзгенiң жақсылығын бағалағыш болып келедi. Арлы адам- ардақты. Бiздiң ортамызда осы сапаларды бойына сiңiрiп қана қоймай, өзiн қоршаған ортаға таратушы, осындай өз сапаларымен жас ұрпақты тәрбиелеушi ұстаздар аз емес. Адамгершiлiгi мол адам - басқаларға қашан да үлгi-өнеге.
Батырлық, ерлiк көрсету дегенiмiз - адамның жан дүниесiнiң ерекше қасиетi. Ержүрек адамды бүкiл халық мақтаныш етедi. Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигельдинов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Маметова, тағы басқа ер жүрек ұл-қыздарымыз халқымыздың мақтанышы. Олардың әрқайсысы бiздiң елiмiзге абырой, атақ, даңқ әкелдi. Соларды үлгі, өнеге етіп отыру.
Әр адамның бойында жастайынан мынадай қасиеттер қалыптасуы керек. Олар: Отансүйгiштiк.
Халқымыз кiр жуып, кiндiк кескен атамекенiн аялап, елiнiң тiлi мен мәдениетiн, әдебиетi мен тарихын, бiртуар аяулы перзенттерiн мақтан тұтып, қадiрлеп, қастерлеудi ұрпағына аманат еткен.
Қазақ елi – бiздiң Отанымыз, атамекенiмiз. Оны қастерлеп, қадiрлеп қадiр тұтқан адам ғана есейе келе туған халқы мен ел-жұртын, атамекенiн шын көңiлiмен сүйетiн болады. Өйткенi халқымыз “Отан – от басынан басталады” деп бекерге айтпаған. Ата-анасын, өз үрiм-бұтағын жанындай жақсы көрiп сүймеген баланың ел-жұртын, халқы мен ұлтын сүйетiн толыққанды азамат болуы екiталай. Ұлтжанды кiсiнiң имандылық – адамгершiлiк қасиеттерi, сондай-ақ, оның достарына, ата-анасына деген көзқарасынан да жақсы байқалады. Қазақ елiнiң кез-келген перзентi жұмыр жердiң қай бұрышында жүрсе де өзiнiң iс-әрекетi мен мiнез-құлқынан өз ұлты мен халқына деген сүйiспеншiлiк қасиеттерiн тайға таңба басқандай айқын байқатып отыруы тиiс.
Әдептiлiк.
Бұл халқымыздың ұлттық психологиясының өзегi, имандылық пен адамгершiлiктiң басты белгiсi, оның ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының практикалық көрiнiсi, барлық кiсiлiк қасиеттердiң жиынтығы. Әдеп сақтаудың экологиялық астары да бар. Әдептi адам табиғаттың досы, оны қызғыштай қорғай да бiледi. Табиғаттың әсемдiгi мен сұлулығына, әдемiлiгiне әрбiр адам зиян келтiрмеуге тиiс. Мәселен, суды ластау, талды кесу, қайнардың көзiн ашпау, жолдағы тасты алып тастамау, көктi жұлу, құстарды ату, құдыққа түкiру – барып тұрған әдепсiздiк. Әдеп сақтау – халықтық рәсiмге, жол-жоралғыға, тәртiпке бағыну, ерiксiз бағыну емес, бұл ата дәстүрдi құрметтеу, қастерлеу, дәл айтқанда адамгершiлiк борышты өтеу. “Әдептiлiк - әдемiлiк” дейдi халық. Яғни, әдептiлiк: iзеттiлiк, кiшiпейiлдiлiк, көпшiлдiк деген сөз.
Бауырмалдық.
Халқымыздың бауырмалдығы “Бала бауыр еттен жаралған” деп, оны ерекше қастерлеп, әлпештеуден бастаған. Осы туралы қасиеттi кiтап: ешбiр адам баласы жат емес, барлық адамзат баласы бiр-бiрiне дос, бауыр дейдi. Олай болса оқушыларды ,бала кезден бауырмалдық қасиетке баулуымыз қажет.
Қайырымдылық.
“Қазақтардың” – деп жазды, осы халықтың өмiрiн, тұрмыс-салтын зерттеушiлердiң бiрi А.И.Левшин: – басқа Азия халықтарына қарағанда, қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға құрмет көрсету, баланы аялап, жанындай жақсы көруі – айрықша қасиет. Яғни, қайырымдылық – кең мағыналы ұғым екенiн оқушыларға түсiндiруiмiз қажет”
“Адамға ең бiрiншi керегi бiлiм емес, тәрбие. Тәрбиесiз бiлiм- адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өмiрiне апат әкеледi”- деп Әл- Фараби айтқандай, педагогика ғылымы зерттейтiн негiзгi категорияларының бiрi- тәрбие.
Тәрбие адам тағдырын ойластырады, болжайды, алдын- ала адамның рухани өмiрiнiң көптеген негiздерiн сақтайды, тәрбие алыс пен жақын адамдарға және өзiн қоршаған ортаға қатынас орнатады. Тәрбие ұлылар өсиетiн сақтата отырып, олардың адамгершiлiк құндылықтарын ұрпақтан- ұрпаққа жеткiзедi. Адам тiршiлiгiне тек қана материалдық жағдайлар ғана емес, тәрбие - адамзат тiршiлiгiнiң мiндеттi шарты. В.Соловьев: “Адамгершiлiк бiр адамның екiншi адамға сыйлай салатын заты емес, ол өзiнiң тәжiрибесi арқылы ғана жететiн адамның iшкi жағдайы”- деп адамгершiлiктiң құндылығына ерекше тоқталған. Тәрбие мәдениетi - өмiрдiң өзi сияқты күрделi де көп қырлы. Яғни, олар еңбекке тәрбиелеу, патриоттық тәрбие, эстетикалық тәрбие, адамгершiлiк тәрбиесi, экологиялық тәрбие, дене тәрбиесi. Осы барлық тәрбиенiң өзегi- адамгершiлiк тәрбиесi, бiрақ ол жападан жалғыз әрекет етпейдi, ол осы аталған тәрбие түрлерiмен бiрлiкте, демек адамгершiлiкпен қоса барлық тәрбие түрлерiмен бiрiге келе адамгершiлiк мәдениетi мен сапалары қалыптасады. Адамгершiлiк сапаларын индивидтiң өзi анықтап, адамгершiлiк ұстанымын да өзi қалыптастырады.
Ата-бабаларымыз өздерiнiң сан ғасырлар бойғы ұлы тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудiң бай тәжiрибесiн жинақтап, өзiндiк салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр рәсiмдерiн қалыптастырған.
Адам - табиғаттағы кемелденiп жетiлген ақыл-ой иесi және қоғамдық тұлға. Осы ерекшелiктерiне орай адамды ғылымның бiрнеше саласы зерттейдi. Ал педагогика мен психология ғылымы болса, адам жан дүниесiнiң сырын, психиканың даму заңдылықтарын, жеке адамдық қасиеттердiң жетiлiп, қалыптасу жолдарын зерттейдi Американдық психолог Л.Кольберг адамгершiлiк тәрбиелеудiң басты мақсаты мiнез- құлықты қалыптастыру емес, ұтымды пiкiр айту қабiлетi деп түсiндiредi. Дәстүр туралы мәлiмет беруде түсiндiру, ақыл-кеңес, нұсқау, бағыт- бағдар беру тәсiлдерiн қолдану адамгершiлiктi тұлға қалыптастыруға негiз бола алады.
Бала дамуының алғашқы кезеңiнен яғни адамгершiлiк туралы ұғымдарды саралап, санасына сiңiре бастайды. Моральдiк-этикалық дәстүр мәдениетiнiң толысқан сферасы ретiнде дәстүрлi педагогикалық мәдениеттi қалыптастыра отырып өскелең ұрпақты, адамгершiлiкке тәрбиелеудiң негiзгi құралы, формасы, әдiс-тәсiлдерi, адамгершiлiктiң қайнар көзi, iлкi бастауы бола алады.
Кейбiр зерттеушiлер адамгершiлiк дәстүрлерiн ұрпақтан-ұрпаққа берiлген күйде өзгерiссiз, ал өзгерген жағдайда ұзақ уақыт қызмет ететiн мораль элементiнiң тұрғысында қарастырады.
Бұған А.Д.Макаренконың “Адамгершiлiк немесе моральдық саласында қызмет ететiн және моральдық қатынасты бейнелейтiн дәстүрлер” дей келе, ұлттық адамгершiлiк деп отырған ұғымдарымыздың түп төркiнi моральды-этикалық дәстүрдiң сара жолына әкеп тiрейдi. Тәрбиенiң дәстүрмен тығыз байланысты тұңғыш қарастырушы К.Д.Ушинский болды. Ол өз еңбектерiнде тәрбиенiң халықтық сипатына, еңбектiң тәрбиелiк және психикалық сипатына және тәрбиедегi адамгер-шiлiк мәселелерiне көңiл бөле отырып “Тәрбие көзi- халықтық педагогика” деген тұжырымға келген. Осы идеяны қазақ жерiнде жалғастырушы педагог Ы. Алтынсарин мынадай адамгершiлiктiң түрлерiн атап көрсетедi, 7 жақсы қасиет:
Бiрiншi: Имандылық.
Екiншiсi: Жоғарғы әдiлдiк.
Үшiншiсi: Адалдық, ақкөңiлдiлiк.
Төртiншiсi: Сыпайылық, момындық.
Бесiншiсi: Адал ниетпен өсиет беру.
Алтыншысы: Жомарттық, қайырымдылық.
Жетiншiсi: Дұрыс заңдылық .
Жалпы осы адамгершiлiк мәдениетi мәселесi төңiрегiнде педагогика классиктерi: Я.А.Каменский, Ж.Ж.Руссо, К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, Н.И.Ильминский, еңбектерi ерекше орын алады. Қазақ зиялы қауымынан: А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Х.Досмұхамедовтер жалғастырған.
Ә.Фараби: “Доскерлiк – адамгершiлiктегi жақсы қасиет, бұл өзi адамның басқа адамдармен тиiстi шамада қарым-қатынас жасауынан туады, осының арқасында ол өзiнiң жүрiс-тұрысынан, сол адамдармен әңгiмесiнен жақсы ләззат алады. Бұл жөнiнде артық кету – жарамсақтық-қа соғады, ал достыққа кемтар болу – тәккаппарлыққа итередi. Ал ендi осы ретте ол басқаны ренжiтетiн iс жасаса, онда бұл дүрдараздыққа апарып соғады”.
М.Әуезовтың педагогика, методика мәселелерi жайлы мәселе көтергенi белгiлi. “Ғылым” атты еңбегiнде: “Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, алған үлгi, өнеге бiлетiндiгiнен және түзелу, бұзылу жас уақытта болады. Көпшiлiктi адамгершiлiкке тәрбиелеу үшiн жас буынды тәрбиелеу қажет ... Адамшылықты таза жүргiзу үшiн – көп ой керек, ойлау үшiн оқу керек және оқу әр тараптан мағлұмат берiп, ақиқатқа баланың көзiн жеткiзiп, көңiлiне жақсылықпен тәрбие беру керек”.
Ал С.Қожахметов шәкiрттердiң адамгершiлiк пен әдеп, саналы тәртiпке тәрбиелеу мәселелерiне байланысты бiрнеше еңбек жазды. Автор өз еңбегiнде дүниежүзiлiк педагогиканың классигi Ян Амос Каменскийдiң “Тәртiп жоқ мектеп – сусыз диiрменмен тең” дейтiн афоризмiн эпиграф етiп алады. Ол “Саналы тәртiп оқушылардың еңбекке, оқуға саналы түрде өзiнiң бар ықыласымен қатысуын, мектеп мүлкiне ұқыпты болуын, туысқандарына, жолдастарына көзқарас, қарым-қатынасы, сыпайы, қадiрлi, қошеметтi болуын талап етедi ” .
Табиғат – адам тәрбиешiсi. Адам болып туып, адам болып қалу үшiн табиғаттың атқарар ролi зор. Табиғат бөлшектерi: жан-жануарлар дүниесi, өсiмдiктер әлемi, өзен, сай, биiк таулар, сағым тербеген сары дала – бәрi адамдардың ақыл-ойына – сана , денесiне – қуат, бойына – күш, өнерiне – шабыт, көңiлiне – қанат бередi. Табиғат жайлы түсiнiктi оқушылар дүниетану сабағында алады. Ал В.А.Сухомлинскийдiң пiкiрiнше адамгершiлiк тәрбие беру дегенiмiз – баланы гүлге су құюға немесе тазалыққа үйрету емес, ол баланың санасына табиғат дегенiмiз – бiртұтас жүйе, ол адам мен табиғаттың бiрлiгiнен құралатындығын жеткiзу.
Дәстүр бойынша, адамгершiлiк тәрбие мәселесiне халықтық педагогика аса көп мән берген А.Б.Измаилова табиғатпен қарым-қатынас үрдiсi, оны оқып үйрену және пайдалануды бала өмiрiнiң алғашқы күндерiнен бастап жүргiзу керек. Ертегiлер мен ойындардағы мейiрiмдi үй жануарлары, құстар туралы ойлар, мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер баланың табиғатты тануына әсер етедi, табиғатпен үздiксiз байланысқа түседi. Табиғатты қорғау, қызықтау сезiмдерi қалыптасады деп көрсеткен.
Мектептер қызметi мен мектептен тыс уақытта өзара байланыс жұмысы үздiксiз болатыны жайлы көптеген көрнектi ғалымдар С.Т.Шацкий, А.С.Макаренко, А.В.Луначарский, Н.А.Семашко, В.А.Сухомлинскийлер дәлелдеп бердi.
И.Д.Зверевтiң пiкiрiнше, тәрбие мен бiлiмнiң негiзгi мақсаты мектеп оқушыларының қоршаған ортаға, оның қызметiне деген жауапты көзқарасын қалыптастыратын берiк ғылыми бiлiмдердi меңгерту болуы қажет. Табиғат, экологиялық тәрбие берудiң көрсеткiшi ретiнде оқушылардың табиғи ортаға деген көзқарасы, оның адамгершiлiк нормаларын айтуға болады.
Жалпы қазiргi ғылыми әдебиеттерде адамгершiлiк мәдениетiн қалыптастыру мынадай мiндеттердi белгiлейдi:
-Табиғи және әлеуметтiк ортаға деген жауапкершiлiкпен қарауды қалыптастыру – тәрбиенiң құрамдас бiр бөлiгi.
- Өзiн қоршаған ортаға зиян келтiрмей, қайырымдылыққа iзеттiлiкке үйретудi мектептiң бастауыш сыныбынан бастау.
-Табиғатты қорғау, ағаштар отырғызу, бұталар мен гүлдердi баптау, үй жануарларын өсiру. Үлкенге iзет, кiшiге құрмет ету қасиеттерiн жетiлдiру.
“Ұлттық тәрбиенiң негiзi – адамгершiлiк, еңбек тәрбиесi”-дейдi М.Жұмабаев. Адагершiлiк тәрбиесiн сәби шақтан озық түрде баулу керек.
Оқушының адамгершiлiк мәдениетi қай кезде де назардан тыс қалып көрген емес. Бүгiн де оқушылардың адамгершiлiк мәдениетi жоғары болуы маңызды мәселе ретiнде саналады. Осыған орай, мектепте оқушыларда адамгершiлiк мәдениетiн қалыптастыруға дүниетану сабағының өзiндiк орны бар.
Осы орайда бабамыз Әбу-Насыр Әл-Фарабидiң “Адам алдымен ойлы, парасатты болуға, ақыл-ойдың жан-жақты дамуына көңiл бөлуi қажет. Шын мағынасындағы бiлiмдiлiк – тамаша адамгершiлiк сипат”-деген ұлағатты пiкiрiн мойындай отырып, жас ұрпақты бiлiм нәрiне қандыру да педагогтық парыз екенiн ұмытпағанымыз абзал.
Адамгершiлiк iлiмінiң және адамгершiлiк тәртiптiң сәйкес келуi – азаматтың, оқушылардың жоғары адамгершiлiгiнiң дамығандығының айғағы. “Адамгершiлiктерiң жоғары болсын. Бұл сендердiң ең басты мiндеттерiң” деп жазды философ жазушы Ж.Ж.Руссо. Ал Абай: “Досыңа достық – қарыз iс, дұшпаныңа әдiл бол” деп жырлаған болатын. Өмiрде адам неғұрлым ақылды, мейiрiмдi болған сайын, соғұрлым өзгенiң жақсылығын да бағалағыш келедi. Сондықтан өз бойларына жоғары адамгершiлiк мәдениетiн бүгiннен бастап сiңiре бiлу, адал болу, арлы болу әркiмнiң парызы. Адам жақсылыққа жамандық iстеу арқылы жете алмайды, қашан да қайырымдылық қажет. Өйткенi, адамның асыл қасиетi – оның жасаған жақсылығы. Адам – қоғамның мүшесi десек, әрқайсымыз осы атқа лайық болуымыз керек. Ал қоғам жайлы оқушылар дүниетану сабағында танысады. Сондықтан да ұлы Абайдың 19-қара сөзiнде “Адам баласы туа сала естi болмайды. Естiп, көрiп, ұстап, татып, естiлердiң айтқандарын есте сақтап қана естiлер қатарында болады. Естiген нәрсенi есте сақтау, ғибрат алу ғана естi етедi”-деп ақыл-естiң, тәрбиенiң жемiсi арқылы жетiлетiнiн ғылыми тұрғыдан дәлелдеп бередi. Адам мiнезiнiң түрлерiн адамгершiлiк, моральдық, имандылық тұрғыдан қарастырып, оларды жақсы және жаман деп жiктейдi. Ал Ш.Құдайбердиев Абайды үлгi еткен өнер-бiлiмдi, адамгершiлiк iзгi қасиеттердi өзiне ұран тұтып, балаға қатарыңнан қалма, өтiрiк, өсек айтпа, ұрлық-зорлыққа әуес болма, жалқаулықтан, жамандықтан қаш, өнерлi, өнегелi елдердiң жастарынан үйрен, оқу оқып, бiлiм ал, талаптан деп өсиет айтады:
Ақылды сол – ынсап пен ар сақтайды,
Арсыз сол – адамдықпен жан сақтайды.
Адал сол – таза еңбекпен күнiн көрiп,
Жаны үшiн адамшылық ар сатпайды.
Ақынның жастарға ұсынған адамгершiлiк жолы адалдық пен ғылымды меңгеру. Осы екi жол кiсiнi қиындықтан құтқарады, адамгершiлiк тезге салады.
Еліміз егемендік алғалы халқымыздың әлеуметтік-экономикалық, рухани болмысында көптеген түбегейлі өзгерістер мен жаңғырулар жүріп жатыр. Соның нәтижесінде жаңа дүниетаным мен өмірге деген жаңа көзқарастар, ұлттың рухани болмысында өзіндік ерекшеліктері бар өмір ағымынан туындаған құндылықтар жүйесі қалыптасуда. Осы құндылықтардың түп негізі адамдар санасында ғасырлар бойы қалыптасқан болмыс-бейнесі, образдар мен символдар жүйесі, ұлттық ойлау айшықтары, халықтың дүниеге шынайы түрдегі көзқарасы, наным-сенімдері, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, аңыз-ертегілері, жыр-дастандары, ойшылдардың шығармалары, ұлттық мұралардан бастау алады. Дегенмен мынадай қорытынды жасауға болады: Оқыту барысында адамгершілік-рухани негіздерін қалыптастырудың мәселелік-бағдарлы міндеттерін оқып-үйренуге болады деп ойлаймын.Оқыту мен тәрбиелеу және оқушылардың даму жоспарларын қолдау психопедагогикалық қана емес, адамгершілік-этикалық және рухани-адамгершілік ұстаным болып табылады. Бұл көрсетілген міндеттерді бір мезгілде шешу білім беру мәдениетінің маңызды бір бөлігі ретінде оқушылардың адамгершілік мәдениеті білімінің үйлесімді қалыптасуына, сапалық және сандық өсуіне мүмкіндік береді.
Оқушы мектепке білім алуымен қатар еңбек етуге, қайырымдылыққа, адалдыққа тәрбиеленеді.
Оқушының тұлғалық қасиетін тәрбиелеуде мынадай ерекшеліктерді ескеруіміз керек:
-оқушының ақыл-ой мәдениетін дамыту;
-оқушының адамгершілік-имандылық құндылығын қалыптастыру;
- оқушы мен мұғалімнің қарым-қатынасы арқылы оқушы дүниетанымы қалыптасып, баланың ақыл-парасаты толысып, еңбекке, рухани-адамгершілік деңгейі біртіндеп дамитынын ескеру;
“Әр бала – керемет рухани күш иесі. Ол шетсіз шексіздікті танып білуге ұмтылады. Мұндай ұмтылыс адам баласының бойында дүниеге келген сәтінде-ақ пайда болады. Сондықтан да кез келген мұғалім әр балаға рухани күш иесі ретінде қарауы керек. Мұғалімнің мұндай көзқарасы баланың белсенділігін арттырады. Білімге деген құштарлығын көбейтеді. Балаға сеніммен қарау баланы тек қуаттандыра түседі”, – деп белгілі педагог Ш.Амонашвили айтқандай, мұғалім баланың жүрегіне жол тауып, олардың көңіліне адамгершілік рухын себе білу шеберлігін қажет етеді. Сонымен қатар, пән мұғалімі оқушылармен бірлесе әрекет етуге әрдайым дайын тұратын, сыни ойлау қабілеті оқушыларды қанаттандыратын, оларды өзіндік ізденіс пен шығармашылық әрекетке жұмылдыра алатын адам болуы тиіс. Осындай күрделі де жауапты міндет жүктелген ұстаздар мен баланың ара қатынасында ешқандай кедергі болмауы керек, олардың өзара түсіністігі, сыйластығы және бір-біріне деген құрметі көздеген мақсатқа жетудің сара жолы болмақ.
Өскелең ұрпақтың қазіргі қоғам өзгерісін дұрыс қабылдап, жаһандану үрдісінен жеке тұлға ретінде ұлттық болмысын, ділін, дінін, тілін сақтап, өзіне, болашаққа деген нық сенімде болуы үшін мектептегі тәрбие жұмысының өзегі де рухани-адамгершілік білім беруге негізделуі тиіс.
Рухани-адамгершілік білім нәрімен сусындаған әр адам өзін, өзі арқылы өзгені тануда мейірімді, қайырымды, кешірімді, ақыл-ойы толысқан, бойында “ұят”, “ар”, “намыс” секілді қасиетті ұғымдардың қалыптасуымен ізгі қоғам құруға қатыса алады. Ұлы ойшыл, кемеңгер Әбу-Насыр әл-Фараби “Адамдар бақытты болуы үшін біріне бірі көмектесіп отыру мақсатымен бірлескен қала ізгі қала болады. Халқы бақытқа жету үшін өзара көмектесіп отырған қоғам да ізгі қоғам болады. Қалалардың бәрі бақытқа жету жолында біріне бірі көмектесіп тұратын халық ізгі халық болады. Сол сияқты, халықтардың бәрі бақытқа ұмтылып, біріне бірі көмектесіп отырса, бүкіл жер жүзі ізгі болар еді” дегендей, осы асыл мұраларды, жалпыадамзаттық құндылықтарды ұрпақ бойына дарытып, білім беру ұйымдарынан бастау алған рухани-адамгершілік тәрбиесін қоғамның барлық саласына енгізген сайын егемен еліміздің ертеңі айқын, болашағы жарқын болары сөзсіз
.
Адамгершiлiк – атамұра
Мақсаты: Қазақ халқының бала тәрбиесiндегi тағылым сөздерi мен өнегелерiнiң маңызын, мазмұнын, түрлерiн игеру, бiлу, өмiрде өз iсiне қолдану.
Оқушыларды 3 топқа бөлiп сынып сағатының бағытымен таныстырамын.
а) Жәрмеңке өткiзу. Адамгершiлiк тақырыбына байланысты қандай кiтаптар, кiтапшалар кездестiргенiмiз жайлы мәлiмдеу. Ол кiтаптарды кiтап бұрышына қою
ә) Көкпар ойыны. Дорбадан асық алу арқылы әр топ тиiсiнше сұрақтарға жауап бередi. Сұрақтар төмендегiдей.
Сенiң жақын досың туралы айт.
Туған жер табиғаты туралы не бiлесiң?
Өзiңнен кiшкентай балаға қалай көмектесесiң?
Үйде гүл өсiресiң бе? Өсiрсең қалай күтесiң?
Көшеде, автобуста үлкен адамдарға қалай көмектесесiң?
Дос туралы қандай мақал-мәтел бiлесiң?
Тақтаға қазақтың киiз үйiнiң бейнесi салынған плакат iлiнедi. Онда үйдiң маңдайына үзiктiң етегiн жағалай берiлген тор көзге тақырып жазылуы тиiс. Ал тақырып киiз үйдiң iшiнде берiлген ұлттық салт-дәстүр ерекшелiктерiне байланысты суреттер, карточкалардың мазмұнын табу арқылы бас әрiптерiнен құралады.
Ата
Дастархан
Абысын
Мес
Гәкку әнi
Ер
Рауғаш
Шаңырақ
Ішек
Лебiз
Ірiмшiк
Кереге
Алтыбақан
Тоқым
Аяққап
Май
Ұршық
Рақым
Алаша
Осылайша “Адамгершiлiк – ата мұра” тақырыбы ашылады.
Халықтың жазу-сызуды бiлмеген, ғылым мен мәдениетiнiң баспаға түспеген дәуiрiнiң өзiнде де өсер ұрпақты жан-жақты тәрбиелеу отбасының, бүкiл қоғам мүшелерiнiң бiрлесе атқарған iсi болған. Мiне, осы тәрбие жөнiндегi халықтың ой-тұжырымын, тәжiрибесiнiң жиынтығын халық педагогикасы деймiз.
Халқымыздың атадан балаға қалдырған халықтық педагогикасында ғасырлар бойы жинақталған бай тәжiрибесi, бала, ұрпақ, оқушылар арасындағы тәрбие мақсаттары жатыр.
Мыңжылдық тарихы бар қазақ халқы өз ұрпағын өмiрде, отбасында, тұрмыс, тiршiлiкте батылдық пен батырлыққа, әдiлдiк пен адамдыққа, инабат пен iзгiлiкке, иба мен иманға үздiксiз тәрбиелеп отырған.
Халықтың ұлттық салт-дәстүрлерi қаншама уақыт өтсе де өмiрден өшiрiлмей, керiсiнше, қазiргi уақытта қайта жарқырай түскенін күнделiктi өмiр көрсетiп отыр. Қазақ баласы да қоршаған ортаның iшкi сырларын үлкендерден сұрап, елiктеп, байқап бiлгiсi келген. Адамгершiлiк қасиет, еңбекке, өнерге, тәрбиенiң басқа түрлерiне ойын, той, қонақ, сауық сияқты жерлерде тәрбиелеп, баулып отырған.
Қазақта баланы отбасы ғана емес, бүкiл ауыл болып тәрбиелеген.
“Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол,
Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол” –деп, ұл –қыз тәрбиесiне түгел қатысқан. “Үлкеннiң алдын кесiп өтпе”, “үлкенге сәлемдес”, “аттылының алдын кеспе” деп жолды кеспеуге баулыған. “Ат атандырма”, “сағымды сындырма” “сүйек жасытпа”, “сөз тасыма” деген жүйелi сөз тағы бар.
Интерактивті тақтамен құлын, қозы, ботаның суреттерi көрсетіледі.. Осы арқылы ата-ананың балаға деген мейрiмен, ықыласын түсiндiру, оның қазақтың тұрмыс тiршiлiгiмен астасып жатқандығын айтады. Оқушылар ата-әже, ана мейрiмiн бейнелеп көрсетедi.
Осыншалық мейрiмiн, шуағын төге отырып, қазақ баланы еңбекке үйреткен, төзiмдiлiк, ептiлiк, шеберлiк, шыншылдық, ар, ұят, әдеп, үлкендi сыйлау секiлдi қасиеттердi ұрпақ зердесiне сiңiре бiлген.
Мысалы: “Сiз деген –сыпайылық, бiз деген –көмек”, “Сыйға –сый, сыраға- бал”, “Сөзiң тәттi болса, жұмысың қатты болсын” деген мақал –мәтелдер де сол игiлiктi iстерге бастап отырған. “Жақсы сөз –жарым ырыс” екенiн ұқтырған.
Тақырыбы: Жақсылық жасауға асық !
Мақсаты: 1. Оқушыларды рухани- адамгершілікке, қарапайымдылыққа, кішіпейілділікке,әдептілікке, еңбексүйгіштікке, жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу.
2.Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз қылықтарды ажырата отырып, тіл байлығын,таным белсенділігін арттыру.
3.Әдептілікке,сыпайылыққа тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер,интерактивтік тақта,компьютер т.б.
Мұғалім: Бүгінгі тәрбие сағатымызды француз жазушысы Гюгоның мынадай тамаша сөзімен бастасақ деймін.«Адамның ішкі дүниесіндегі мейірімділік – бұл күн көзі».Әрқайсымызда кішкентай күн бар.Ол қоршаған ортаны түрлі түске бояйды.Дүниенің әр түрлі түсі жақсылықтың сиқырлы күшін көруге көмектеседі.
Жақсылық деген не? Қандай адамды мейірімді дейміз?
Бүгінгі әңгімеміз де осы жайында.
Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі мәнерлеп оқылады.
Ертегі(музыка дыбысы)
Ерте заманда бір елде өте мейірімді адамдар өмір сүріпті.Олар адамға қуаныш әкелген,бақыт сыйлаған. Қиын-қыстау кездерде әрқашан көмек көрсетуге даяр болған. Елінің бақытты екенін түсінген олар жұртын тастап,басқа елдерге,басқа адамдарға көмек беруге кетеді.Жақын маңда жартас астында жалмауыз кемпір өмір сүріпті. Ол адамдардың күлкісін,еңбексүйгіштігін, ақкөңілділігін жек көретін.Ол бақытты өмір сүріп жатқан адамдарға кесел келтіруге көп ойланады.Керуен көзден таса болысымен, тұрғындарға қайғы, сатқындық,зұлымдық жібереді. Адамдардың жүрегінде қатігездік, мұң, жауыздық ұялайды. Кәріні де,баланы да аямады. Ол тек қана кішкентай қарлығаш құсқа көңіл бөлмеді.Қарлығаш құсты зұлымдығына кедергі бола алмайды деп түсінді. Қарлығаш құс жан ұшырып ,керуенге келеді.Оларға елінде болып жатқан зұлымдықтан хабар береді.Керуен еліне көмекке келіп ,жамандықтан қорғап , жалмауыз кемпірді қуып шығыпты. Содан бері халқымызда қарлығаш құс адамзаттың досы, қайырымдылықтың, жақсылықтың белгісі болып табылыпты.(слайд)
Ертегі сендерге ұнады ма?
Ол не туралы?
Неге жалмауыз кемпір адамдардың жүрегіне қаталдық пен жеккөрінішті орнатты?
Айналаға қарасақ, қорғауды қажет ететін адамдар бар.Олай болса балалар, жақсы сөздерімізбен, істерімізбен жалғыздықты білдірмей көмектесуімізге болады.
Жалмауыз кемпір:
-Жоқ мен сенбеймін . Мейірімділік зұлымдықты жеңуі мүмкін емес.
Мұғалім:
- Жалмауыз кемпір қояр емес, балалар, бәріміз бірігіп, жалмауыз кемпірді мейірімділік адамдарға бақыт сыйлайтынына көзін жеткізейік.
Жалмауыз кемпір:
-Несіне дауласамыз.Адамдарда қаншама зұлымдық ,қатігездік бар? Жағымсыз жақтары көп. Көреміз бе? Мен жағымсыз жақтарын, ал сендер жағымды жақтарын айтыңдар.Менің ұтатыныма еш күмән жоқ.
Мұғалім:
-Егер жалмауыз кемпір ойынды жақсы көрсе, әлі мүмкіндік бар. Балалар адамдардың жақсы қасиеттерін айтуға тырысайық.(слайд)
(өзінің кітабынан мейірімділік,қайырымдылық.....деп іздей бастайды.)
Жалмауыз кемпір:
-Менің кітабымда мұндай сөздер жоқ. Маған мағынасын түсіндіріңдерші?
- Балалар , жалмауыз кемпірге мейірімділік деген сөзді түсіндіріп көрелік.(слайд)
- Халқымызда ертеден-ақ адамгершілікті, жақсылықты жоғары бағалай білген.
Міне,осы жақсы қасиеттерге баулу үшін мақал-мәтелдер арнаған.
- Тақтаға көңіл аударайық, жалмауыз кемпір мақал-мәтелдердің сөздерінің орнын ауыстырып қойыпты.Оларды орнына қойып, дұрыс құрастырайық.(слайд)
Балалар , мейірімділік пен зұлымдық қатар жүреді.Жақсылық қашанда зұлымдыққа қарсы тұрып, күреседі.
Енді мына жалғыз мұңды ағашқа қараңдаршы.Жайқалып тұруына көмектесейік. Оны не тірілтеді? Әрине, сендердің мейірімділіктерің.
Мына жапырақ қағазға адам бойында болатын жақсы қасиеттерді жазып ,ағашқа жапсырайық.
Бізде қандай әдемі, көрікті ағаш пайда болды!
Мейірімді жақсы болу үшін қандай болу керек?
Олай болса, жақсылық, мейірімділік ережесін қабылдайық.(слайд)
Осы ережені әрдайым естен шығармау керек .Қайырымды, мейірімді болу қиын ба, әлде оңай ма?
Қалай, жалмауыз кемпір енді балалар сені көндірді ме?
Адамға жақсылық бақыт сыйлайтынына көзің жетті ме?
Жалмауыз кемпір:
- Айнала қандай жарық, көңілді болды. Мен жалмауыз кемпір болғанда айнала сұп-сұр, мұңды болып еді. Рахмет балалар!
Мұғалім:Кішкентай мейірімділік үлкен зұлымдықтан артық екенін ұмытпаңдар!.
Бүгінгі тәрбие сағатымызды: Ата-ананың тілегі,
Адам болып өскенің.
Адамдықтың тірегі,
Адал болып өскенің ,- деп аяқтағым келеді
“Адам туа бiлмейдi, жүре бiледi” Олай болса өмiрге келген әрбiр баланың болашағын алғашқы күн, айларынан бастап қалыптастырған.
Атамыз қазақ iлiм-бiлiмдi үйрете отырып “бiлiм ауысады, ырыс жұғысады” деп, татулыққа, достыққа бiлiмдiлiкке, өнерпаздыққа баули отырып, барлық тағлымды өз отбасынан бастап, мектепке жалғастырған.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Мамырханова Л.Н Оқушылардың пәнге қызығушыларын арттырудағы халықтық педагогиканың ролi 2003, -№2 – 29
2. Бастауыш мектеп, 1997, -№4
3.Ата өнерi – балаға мұра А. Қайболдина Бастауыш мектеп,- 2003, -№3
4.Халық – қапысыз педагог Бастауыш мектеп, 2007, №3-20
5.Дүйсенова Ә. Бала мiнезiн тәрбиелеу Бастауыш мектеп, 2006, -№2 -46
6.Табылдиев Ә. Тағылымды тәсiл Қаз. мект. 2003, №3-38
7.Айтмамбетова Б. “Педагогика тағылымдары” А.: Рауан, 1993
8.Асылов Даналардан шыққан сөз . Мектеп.
9.Тұрманжанов Ө. Қазақтың мақал-мәтелдері Мектеп, 1999
10. Төреқұлов Н. Нақыл сөздердің тәрбиелік мәні мектеп, 1999
11.“Шаңырақ” энциклопедия. – А.: Ғылым, 1989
12. Әлімбаев М. Тәрбие туралы әңгімелер
13.Ғаббасов С. Ізгілік әліппесі . 1991
14.Табылдиев Ә. Халық тағылымы . Мектеп, 1992
15.Ұзақбаева С. Тамыры терең тәрбие Білім, 1995
Достарыңызбен бөлісу: |