Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2011 жылғы «01» 09
№ 455 бұйрығымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы ішкі істер
органдарының жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі
НҰСҚАУЛЫҚ
Жалпы ережелер
1. Осы нұсқаулық жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша талаптарды нақтылайды. Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының жол полициясы жол-патрульдік қызметінің (бұдан әрі – жол-патрульдік қызметі) бөліністерінің жұмысын ұйымдастыруын белгілейді.
2. Жол-патрульдік қызмет бөліністері жұмысының құқықтық негізі Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, «Жол қозғалысы қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы болып табылады.
3. Жол-патрульдік қызметтің жұмысында:
1) бақылау-өткізу пункті - бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде, табиғи апаттар, індеттер және басқа да төтенше жағдайлар пайда болғанда белгілі бір ауданда (жерде) өткізу режимін қамтамасыз ету немесе көлік пен жаяулардың қозғалысын шектеу үшін қойылатын полиция жасақшасы.
2) жол полициясының бекеті - жол полициясының қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді орындайтын (аварияларды талдау, жоғары тұрған орнадар мен лауазымды адамдардың нұсқаулары мен өкімдері, жоспарлар, полицияның кешенді күштерінің бірліктерін орналастыру негізінде) командирлер белгілеген нақты орнықтырылған орын.
3) жол полициясының жасағы - патрульдеу бағыттары мен бекеттерде қызмет өткеру үшін тағайындалған жол полициясының қызметкері немесе бірнеше қызметкері.
4) жол полициясының стационарлық бекеті - арнаулы қызметтік үй-жаймен жабдықталған, жедел-техникалық және арнаулы құралдармен, инженерлік және өзге де құрылыс-жайларымен жасақталған, сондай-ақ жауаптылық аймағы бекітіліп берілген жол полициясының қызмет өткеретін орны.
5) патрульдеу бағыты - жол полициясының қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді орындайтын, көшенің немесе жолдың (аварияларды талдау, жоғары тұрған орнадар мен лауазымды адамдардың нұсқаулары мен өкімдері, жоспарлар, полицияның кешенді күштерінің бірнліктерін шоғырландыру негізінде) командирлер белгілеген, басшылық бекіткен автомобиль жолдарының учаскесі.
6) патруль көлігі – ішкі істер органдарының балансында тұратын және бекеттік ведомосіне қосылған жол полициясының көлік құралдары (автомобиль, мотоцикл, автобус). Патруль автомобильдері түсті графикалық сызбамен және жарық жарқын мен дыбыс сигналдарымен жабдықталған, сонымен бірге аталған түсті графикалық сызбамен және жарық жарқын мен дыбыс сигналдарысыз.
2. Астана, Алматы қалаларының және облыстардың
ішкі істер департаменттері (бұдан әрі – Департаменттер) жол полициясы басқармалары лауазымды адамдарының міндеттері
4. Департаменттердің жол полициясы басқармаларының бастықтары мен олардың орынбасарлары:
1) жол-патрульдік қызметтің жұмысына жалпы басшылықты, бақылау жасауды жүзеге асырады, қалыптасқан жедел жағдайды ескере отырып, күштер мен құралдарды орналастырады;
2) жол-көлік оқиғалары бойынша есепке алу-тіркеу тәртібінің жағдайына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 25 қарашадағы №1650 Қаулысымен бекітілген Жол қозғалысы ережелерін (бұдан әрі - Жол қозғалысы ережелері) бұзушыларға әкімшілік шаралардың дұрыс қолданылуына, анықтау ісінің сапасына, айдап әкеткен және ұрланған автокөлікті, жол-көлік оқиғалары болған орыннан бой тасалаған жүргізушілерді іздестіру жөніндегі жұмыстың ұйымдастырылуына ұдайы бақылауды жүзеге асырады;
3) жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстың алдын алу жөніндегі жұмыста ішкі істер органдарының бөліністерімен, өзге мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен қызметтің өзара іс-қимыл жасасуын қамтамасыз етеді;
4) қызметтік жұмысты есепке алу мен талдауды ұйымдастырады, оны жетілдіру жөнінде қажетті шаралар қабылдайды, жұмыстың оң тәжірибесін жинақтауға және енгізуге ықпал етеді;
5) қызметтік жұмыс мәселелері бойынша келіп түскен азаматтардың шағымдары мен өтініштерінің уақтылы және сапалы қаралуын бақылайды, олар бойынша шаралар қабылдайды;
6) жол-патрульдік қызметтің жеке құрамының қызмет өткеруін бақылауды жүзеге асыру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.
3. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезіндегі жұмысты жоспарлау, есепке алу және талдау
5. Жоспарлау қолда бар күштер мен құралдарды есепке ала отырып, жедел жағдайды, қызмет көрсететін аумақтағы апаттылықтың жай-күйін, қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысқа қарсы күрес жағдайларын, жол-патрульдік қызметтің бөліністерінде заңдылық пен тәртіптің сақталуын талдау мен болжау негізінде жүзеге асырылады.
6. Саптық бөліністердің жұмыс жоспарлары жол полициясының жол-патрульдік қызмет басқармаларының (бөлімдерінің) бөлім (бөлімше) бастықтарымен келісіледі және облыстық (қалалық) Департаменттердің жол полициясы басқармасының (бөлімінің) бастығы бекітеді. Жол полициясы басқармаларының (бөлімдерінің) бастықтарымен келісіп, қалыптасқан жедел жағдайды ескере отырып, саптық бөліністердің командирлері жоспарларды түзете алады, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
7. Жоспарлы кезең аяқталған соң жоспарланған іс-шаралардың орындалғаны туралы есеп (анықтама) жасалып, кейіннен жоспарды бекіткен басшыға баяндалады. Қандай да бір іс-шара орындалмаған жағдайда есепте жағдайдың себебі және қажет болса орындалуының жаңа мерзімі көрсетіледі. Жоспарлардың орындалу қорытындысы саптық бөліністің командирі жанындағы жедел кеңесте қаралады.
8. Жоспарлардың орындалуын бақылауды саптық бөліністердің командирлері (штаб бастықтары), сондай-ақ Департаменттердің жол полициясы басқармаларының тиісті бастықтары жүзеге асырады.
9. Жол-патрульдік қызметтің бөліністерінде қызмет алдында тұрған негізгі міндеттерді орындау үшін маңызы бар мәліметтерді есепке алу және талдау, тіркеу ұйымдастырылады. Есепке алу мен талдауға қызмет жүргізілетін аумақтағы жол-көлік оқиғалары және олардың алдын алу жөнінде қабылданған шаралар, көлік құралдарын пайдаланумен байланысты қылмыстар, жол-патруль қызметінің жеке құрамының арасындағы тәртіптің жағдайы мен заңдылықтың сақталуы туралы деректер, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың жол-патрульдік қызметтің жұмысын жетілдіруге және жол қозғалысы саласындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстары жатады.
4. Күштер мен құралдарды орналастыру
10. Жол-патрульдік қызметтің жұмысы қолда бар күштер мен құралдарды және күрделі жол жағдайымен сипатталатын жергілікті жерлерде оларды шоғырландырудың принциптерін ескере отырып, ұйымдастырылады. Бұл ретте қызмет жүргізілетін аумақтағы апатты жағдайдың, қылмыс пен құқық бұзушылықтың жай-күйі, автомобиль жолдарының ұзындығы мен олар арқылы қозғалыс жағдайларының ерекшелігі, тәуліктің әр түрлі сағаттарында, аптаның күндерінде, жылдың мезгілдерінде көлік пен жаяулар қозғалысының жиілігі ескеріледі.
11. Жол-патрульдік қызметі мен құралдарын орналастыру жасақтарды шығарудың тәулік сайынғы орташа нормасын есепке ала отырып Департаменттердің бекіткен патрульдеу бағыттарының және бекеттердің орналасуына (бұдан әрі – орналастыру, орнықтыру) осы нұсқаулықтың 1-қосымшасындағы формасына сәйкес жүзеге асырылады.
12. Орналастыру келесіні көрсетеді:
қаланың, ауданның сызбасын, автомобиль жолының учаскесін, қалалар мен елді мекендердің көшелерін, жедел жағдайдың бағалануын;
жол полициясы қызметкерлері мен көлік құралдарын шығарудың міндетті нормаларын;
патрульдеудің алдын ала белгіленген, оның ішінде жедел жағдай күрделенген кезде қосымша жабуға тиісті жасақтардың түрлерін,
олардың арасындағы өзара іс-қимыл мен байланыстың тәртібін және басқа да қажетті мәліметтерді (медицина мекемелерінің, ішкі істер органдарының, ұйымдастырылған көлік тұрақтарының және басқа да қызмет көрсету объектілерінің орналасқан жері мен телефондарын).
13. Орнықтыру оқиға болған орын, аптаның күні, тәуліктің сағаты бойынша жедел жағдайды және апатты ахуалды талдау негізінде жолдар бойында қозғалу жағдайларының, кәсіпорындардың, оқу орындарының, сауда орталықтарының, жұмыс көлік құралдары мен жаяулар қозғалысының эпизодтық ұлғаюына байланысты сервис объектілерін, жұмыс режиміндегі ерекшеліктерді ескере отырып, әзірленеді.
14. Бекеттер мен патрульдеу бағыттары аптаның күндері немесе тәуліктің сағаттары ішінде міндетті түрде жабылуы тиісті және қалыптасқан жедел жағдайға байланысты жабылып қалатын бекеттерге, патрульдеу бағыттарына бөлінеді. Күштер мен құралдарды ауыстыру туралы шешімдерді саптық бөліністің командирі қабылдайды және осы нұсқаудың 2-қосымшасындағы формасына сәйкес бекеттік ведомосіне тіркеледі.
15. Әрбір бекет пен патрульдеу бағытына екі данадан, осы нұсқаудың 3-қосымшасындағы формасына сәйкес бекет (патрульдеу бағыты) карточкасы жасалып, олардың біреуі саптық бөліністің кезекші бөлімінде сақталады, екіншісі қызмет өтеу уақытында жол полициясының қызметкеріне беріледі. Бекет (бағыт) картоскасы қызметте пайдалану құжаты болып табылады және тек жол полициясы инспекторларының қызметіне бақылауды жүзеге асыруға құқылы ішкі істер органдарының лауазымды адамдарына көрсетуге жатады.
16. Саптық бөлініс жұмысының режимі күн тәртібімен және кестемен белгіленеді, онда әрбір жол полициясы қызметкерінің қызмет өткеретін күндері мен сағаттары (ауысымы) көрсетіледі. Күн тәртібі мен жұмыс кестесін саптық бөліністің командирі бекітеді.
5. Жол қозғалысын қадағалаудың нысандары мен әдістері
17. Жол-патрульдік қызметті атқарудың нысандары:
1) автомобильдермен және мотоциклмен патрульдеу;
2) жаяу патрульдеу;
3) бекеттерде, оның ішінде стационарлық бекеттерде қызмет өткеру;
4) көлік құралдарына еріп жүру және эскорттау;
5) тікұшақпен патрульдеу болып табылады.
18. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жол полициясының инспекторлары түсті графикалық сызбамен және жарық жарқын мен дыбыс сигналдарымен жабдықталған, сонымен бірге аталған түсті графикалық сызбамен және жарық жарқын мен дыбыс сигналдарысыз көліктерімен (кеінгісі - тәуліктің жарық кезінде ғана) жүзеге асырады.
19. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде қызметтің нысандырын жүзеге асыру туралы шешімді саптық бөліністің командирі жол полициясы басқармасы бастығының немесе оның орнындағы адамның келісімімен қабылдайды, бұл туралы бекеттік ведомосте тиісті жазба жасалады. Бекеттік ведомосін жол полициясы саптық бөлінісі взводының (бөлімшесі) әрбір командирі жүргізеді және взводтың (бөлімшенің) өкімінде сақталады. Күштер мен құралдардың қызметін ұйымдастыру және басқару үшін взводтардың (бөліністер) бекеттік ведомстволарынан тәулік сайынға ақпаратты жол-патрульдік қызметтің қызметкері орналасыру жоспарында қорытып жинақтайды.
20. Қозғалысқа қадағалау жүргізудің барлық жағдайларында патруль автомобилі мен жол полициясының инспекторы жол қозғалысының қатысушыларына көрінетіндей болуы тиіс. Патруль автомобильдері бақылауды шектейтін қандай да бір тосқауылдың (ағаштың, ғимараттың, құрылыс қоршауының, жарнама тақтасының) тасасына қойылмайды, бұл талап жаяу жасақтарға да қолданылады.
21. Жасақшалар арасындағы өзара іс-қимыл және олардың бірлескен іс-қимылдарын үйлестіру радио байланыстың көмегімен жүзеге асырылады.
22. Патрульдік автомобиль тиесілік табелінің осы нұсқаулықтың 4-қосымшасындағы формасына сәйкес жабдықталады.
23. Жаяу патрульдеу жолдардың ұзындығы бойына ұзақ емес, қозғалыс қауырттығы жөнінен шиеленісті және апаттық тұрғыдан қауіпті учаскелерінде қозғалысқа бақылау жасау үшін қолданылады.
24. Жол полициясының стационарлық бекеттеріндегі жасақшаға тартылған жол полициясының қызметкерлеріне:
1) жол қозғалысын қадағалау, қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ өкімдік-реттеу қызметін жүзеге асыру;
2) қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында көлік құралдарын, жүктерді, тіркеу және жүргізу құжаттарын, көліктік-ілесіп жүру құжаттамаларын тексеру;
3) жүргізушілері жол-көлік оқиғалары орнынан қашып кеткен көлік құралдарын іздеуге;
4) анықтау, тергеу және сот органдарынан жасырынып жүрген, қылмыстық жазаны атқарудан қашып жүрген адамдарды іздестіру және ұстау;
5) айдап әкетілген және ұрланған, сондай-ақ қылмысты мақсаттарда пайдаланылатын көлік құралдарын, іздеу жарияланған адамдарды, қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, есірткілер мен құрамында есірткі бар бұйымдарды заңсыз тасымалдаушы жүргізушілер мен жолаушыларды, сондай-ақ өзге де қылмыстарды жасауда күдікті адамдарды анықтау;
6) жүргізушілерден орын алған фактілер немесе жолда болған шабуыл қатерлері туралы, сондай-ақ жолдардың жай-күйі, жолдағы жағдайлар, түнгі уақытта жолдың жүріс бөлігінде қалдырылған жол көліктері туралы сұрап білу;
7) бекеттің төңірегінде түнгі уақытта тоқтап қалған кезде көлік құралдарының жүргізушілеріне, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін табиғи апаттар мен ауа-райы бұзылған жағдайларда жәрдем көрсету;
8) адамдарды, көлік құралдарын, тіркеу және жүргізу құжаттарын, көліктік-ілесіп жүру құжаттамаларын, оның ішінде айдап әкетілген және ұрланған көлікті, ұрланған арнайы өнімді, іздестірудегі адамдарды базалар бойынша тексеру, көлік құралдарын тінту;
9) жолдардың жай-күйі, ауа-райы жағдайлары көлік құралдары мен қалдырылған көлік құралдарының кептеліске түсуі және қалдырылған көлік құралдары туралы қажетті ақпарат жинау және оны кезекші бөлімге ұдайы беріп тұру жүктеледі.
25. Стационарлық бекеттер жасақшаларының құрамында қызмет атқару үшін қалалық, аудандық ішкі істер органдары басшыларының шешімі бойынша полицияның басқа бөліністерінің қызметкерлері тартылуы мүмкін.
26. Стационарлық бекеттер тиесілік табельдегі осы нұсқаулықтың 5-қосымшасындағы формасына сәйкес жабдықталады.
27. Өтіп жатқан көліктерді тексеруге қолайлы болуы, бұл ретте жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бекетке іргелес аумақ жақсы жарықтандырылған болуы тиіс.
28. Жол-патрульдік қызметін атқарудың негізгі тәсілдері:
жол қозғалысына қатысушылардың көңіл-күйін бақылау;
оларды құқыққа қарсы әрекеттерден сақтандыру;
құқық бұзушылықтардың алдын алу;
өкімдік-реттеу іс-қимылдарын жүзеге асыру.
29. Қызметті өткерген кезде жол қозғалысына қатысушылардың көңіл-күйін бақылау жол қозғалысы ережелері талаптарын жол қозғалысына қатысушылардың сақтауын көзбен көріп немесе арнаулы техникалық құралдармен бақылау болып табылады.
30. Жол қозғалысына қатысушыларды сақтандыру бағыттың ең күрделенген учаскесінде, оқиға болған немесе табиғи апат болған орында жол полициясы қызметкерінің өзі болып, жүргізушілерге олардың жол қозғалысы ережелерін сақтамауы нәтижесінде болуы мүмкін салдар туралы ескерту жолымен олардың іс-әрекетіне әсер етуді білдіреді.
31. Құқық бұзудың жолын кесу жол полициясы қызметкерінің, оқиғалардың алдын алу және олардың салдарын болдырмау, тәртіп бұзушыларға қатысты заңнамамен белгіленген ықпал ету шараларының қолданылуын қамтамасыз ету мақсатында жол қозғалысына қатысушылардың құқыққа қарсы әрекеттерін міндетті түрде реттеуді білдіреді, оның ішінде арнайы бақылау-өлшеу құралдарымен және аспаптарымен тіркелген жылдамдық режимін бұзудың бар-жоғына көлік құралдарын тексеру, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың жол козғалысы ережесін қайталап және жүйелі бұзуға жол беру мәніне тексеру жолымен алдын алу болып табылады.
32. Өкімдік-реттеу іс-қимылдарына қозғалыста уақытша кептелістер пайда болған жерлерде, бұқаралық және арнаулы іс-шаралар кезінде, бағдаршам белгілері бұзылған кезде, жолдардан жаяулардың өтуін қамтамасыз еткен кезде және жолдағы ахуалдың күрделенген басқа да жағдайларда жүзеге асырылатын, қозғалысты қолдың қимылымен реттеу жатады.
6. Арнайы техникалық құралдарды пайдалану
33. Көлік құралдарының қозғалыс жылдамдығын анықтауға арналған өлшеу аспаптары, басқа да жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркеу аппаратурасы, көлік құралдарын мәжбүрлі тоқтатуға арналған жабдықтар, жүргізушілердің куәліктеріндегі, көлік құралдарын тіркеу туралы куәліктердегі жалған белгілерді анықтауға арналған аспаптар, басқа техникалық құралдар осы техникалық құралдарды пайдаланудың тәртібі туралы нұсқаулықтар мен әдістемелік нұсқауларға сәйкес қолданылады. Метрологиялық тексеруден өтпеген немесе тексеру туралы куәліктің мерзімі өтіп кеткен өлшеу құралдары қолданылмайды.
34. Өлшеу құралдарын тиімді пайдалану мақсатында бөліністің басшысы оларды қолданудың апаттылық жағдайына және жүргізушілердің тәртібіне әсер ету нәтижелерін талдайды. Белгілі бір учаскелердегі апаттылық көрсеткіштерін, көлік ағысы жағдайларының қауырттығын ескере отырып, саптық бөліністің командирі өлшеу құралы берілген жеке құрамның күн сайынғы орналасуын айқындайды, бұл туралы бекет ведомосына тиісті жазба жазылады.
Арнайы техникалық құралдармен жұмыс істеуге пайдалану жөніндегі нұсқаулықты оқып үйренген және оларды қолдану ережелері бойынша сынақ тапсырған инспекторлық құрам жіберіледі.
35. Әрбір өлшеу құралына осы нұсқаулықтың 6-қосымшасындағы формасына сәйкес журнал ашылады, ауысым аяқталған соң, оны жол қозғалысын бақылауда аспапты қолданған инспектор толтырады. Жол полициясының саптық бөлінісі техникалық бөлімнің бастығы не болмаса оның функцияларын атқаратын лауазымды адам техникалық құралдарды пайдалануға күнделікті бақылау жасайды, бұл туралы оларды қолдануды есепке алу журналына тиісті жазба жазады.
36. Байланыс құралдары (радио, транктік, сымдық байланыс) жасақшаларды басқаруды және олардың арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін қолданылады.
7. Жол-патрульдік қызметтің күштері мен құралдарын жедел
басқаруды ұйымдастыру
37. Саптық бөліністердің күштері мен құралдарын жедел басқаруды саптық бөліністің командирі тиісті кезекші бөлімдер арқылы, ал олар болмаса - аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімдері арқылы жүзеге асырады.
38. Жол-патрульдік қызметі саптық бөліністердің кезекші бөлімдері Департаменттерінің кезекші бөлімдеріне жедел бағынысты болады.
39. Кезекші бөлімнің жұмысын саптық бөліністің штаб бастығы, штат бойынша мұндай лауазым болмаса - командирдің орынбасары ұйымдастырады. Қызмет атқару кестесін бекіту, тәртіптік жасақтың адамдарын ауыстыру тәртібін белгілеу, қажет болғанда оларды қызметтен босату құқығы саптық бөліністің командиріне (немесе оның орнындағы адамға) ғана берілген.
40. Саптық бөліністің кезекші бөліміне мынадай міндеттер жүктеледі:
1) қызмет жүргізілетін аумақта қоғамдық тәртіпті, жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі ақпаратты жинау, өңдеу және бағалау;
2) үздіксіз және қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету, қозғалысты реттеу, қозғалыстағы кептелісті жою, жолдарды жабуға байланысты жұмыстардың шарттарын орындалуын бақылау үшін бөліністің күштері мен құралдарын жедел басқару;
3) жол-көлік оқиғалары, қылмыстар мен басқа да құқық бұзушылықтар туралы хабарлар мен өтініштерді қабылдау, тіркеу және тапсыру;
4) қылмыстарды ашуды ұйымдастыру;
5) кезек күттірмейтін шұғыл іс-әрекеттерді ресімдеу және жүргізу үшін жол-көлік оқиғаларының орнында болу жөнінде ұйымдастырушылық іс-шараларды жүзеге асыру;
6) айдап әкетілген, ұрланған автокөлік құралдарын және жүргізушісі жол-көлік оқиғалары болған орыннан қашып кеткен автокөлік құралдарын іздестіруді және ұстауды ұйымдастыру, осындай құқық бұзушылық әрекеттері туралы хабарларды белгіленген тәртіппен тіркеу;
7) ішкі істер органдарының жедел жоспарларын енгізу, төтенше жағдайлар, саптық бөліністердің жасақшаларының ішкі істер органдарының басқа бөліністерінің жасақшаларымен өзара іс-қимылы кезінде күштер мен құралдарды басқаруды ұйымдастыру;
8) мүлікті, қару-жарақты, жедел-техникалық және арнаулы құралдарды инспекторлық құрамға беру және қабылдау, кезекші бөлімнің арнайы бөлінген үй-жайында тұрған кезде олардың сақталуын қамтамасыз ету;
9) саптық бөліністің ғимаратындағы өрт қауіпсіздігі мен санитарлық ережелерді сақтауды бақылау, өткізу режимін, ішкі тәртіпті орындауды қамтамасыз ету;
10) ақпараттық-анықтамалық жұмысты жүзеге асыру;
11) азаматтардың шағымдары мен өтініштерін қабылдау, оларды осы нұсқаулықтың 7-қосымшасындағы формасына сәйкес журналға тіркеу;
12) бөліністің қызметкерлерін хабарландыруды және жинауды ұйымдастыру;
13) қауіпті, ауыр салмақты және ірі көлемді жүктерді тасымалдау кезінде жол полициясы ілесіп жүретін көлік құралдарының қозғалысын бақылауды ұйымдастыру;
41. Жүктелген міндеттерді орындау мақсатында, кезекші бөлім оқиға болған жерге бару үшін - автомобильдермен, арнаулы техникалық құралдармен, ұйымдастыру техникасымен, құжаттамамен; тәуліктік жасақты орналастыру, қаруды, жедел-техникалық және арнаулы құралдарды сақтау және беру үшін қызметтік үй-жайлармен осы нұсқаулықтың 8-қосымшасындағы формасына сәйкес қамтамасыз етіледі.
42. Саптық бөліністің аға кезекші-инспекторы (кезекші-инспекторы) жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындаушы кезекші бөлімнің қызмет өтеуші тәуліктік жасағына және саптық бөліністің жасақшасында тұрған қызметкерлерге аға жедел бастық болып табылады.
43. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) қызметтік міндеттерді орындаған кезде:
1) инспекторлық құрамның қызмет өтеуін, сондай-ақ олардың көлікті, жедел-техникалық және арнаулы құралдарды пайдалануын тексереді;
2) жол полициясы қызметкерлерінің лауазымдық міндеттерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, саптық бөліністің басшылығына кейіннен баяндай отырып, оларды қызмет өтеуден босатады;
3) берілген өкімдердің уақытында және толық орындалуын бақылауға;
4) жедел жағдай шиеленіскен жағдайда күштермен және құралдармен шұғыл көмек алу, сондай-ақ қажетті ақпарат алу мақсатында жоғары тұрған кезекшіге және көрші саптық бөліністің кезекшісіне хабарлайды;
5) саптық бөліністің қоғамдық тәртіпті сақтауда көзге түскен қызметкерлерін көтермелеу туралы, ал қызметке немқұрайды қарау фактілері бойынша оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыным жасайды;
6) қабылданған шешім туралы саптық бөліністің командиріне кейіннен баяндай отырып, саптық бөліністің командирі мен оның орнында адам болмаған кезде, жол полициясының кез-келген қызметкерін өрескел тәртіптік қылығы үшін қызмет өткеруден шеттейді;
7) азаматтардан және лауазымды адамдардан белгіленген тәртіпті сақтауды талап етуге, тәртіп бұзушылықтардың алдын алу үшін шаралар қабылдауға, әкімшілік тәртіп бұзушылықтар туралы хаттамалар жасайды;
8) қылмыс жасауда күдікті адамдарды Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес ұстауға, кейін бұл адамдарды аумақтық ішкі істер органдарына тапсырады;
9) жол полициясының инспекторына берілген барлық құқықтарды пайдалануға құқылы.
44. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) қызметке кірісетін жол-патруль қызметінің инспекторларын дайындаған кезде:
1) взвод командирлерінен инспекторлық құрамға қызметке келгендер туралы есептер қабылдауға және бекеттік ведомості толтырады;
2) көлік құралдарын пайдалану есебі осы нұсқаулықтың 9-қосымшасындағы формасына сәйкес журналында белгілей отырып, патрульдік автомобильдердің шығуы мен қайтып келуін бақылауды жүзеге асырады;
3) жедел-техникалық және арнайы құралдарды, олардың ақаусыздығын, паспорттарының болуын алдын ала тексеріп, метрологиялық байқау мерзімдерін көрсете отырып, жол-патрульдік қызметтің инспекторларына беруге, бұл туралы қару-жарақты, жедел-техникалық және арнайы құралдарды беру және қабылдап алу осы нұсқаулықтың 10-қосымшасындағы формасына сәйкес журналына тиісті жазба жасайды, сондай-ақ табельдік қару мен құжаттарды тапсырады;
4) қызметке түсетін жасақшаға нұсқама өткізуді және жедел жағдайдың жай-күйімен таныстыруды ұйымдастырады;
5) жұмысқа келмеген қызметкерлер туралы саптық бөліністің командиріне баяндауға, келмеудің себептерін анықтау үшін шаралар қабылдайды;
6) ішкі істер органдарының жедел жоспарлары енгізілген кезде жол-патруль қызметінің жұмысын білуге және ұйымдастыра білуге міндетті.
45. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) жасақтар қызметін аяқтағанынан кейін:
1) жол-патрульдік қызметкерлерінен қару мен арнайы құралдарды қабылдауға, олардың жиынтығын және ақаусыздығын тексеруге, ол туралы журналдарда тиісті жазба жасайды;
2) жол полициясы инспекторының белгісіз себептер бойынша патрульдеу бағытынан (бекеттен) келмеген жағдайлары, жедел-техникалық және арнайы құралдардың орын алған ақаулары мен бұзылулары туралы саптық бөліністің командиріне немесе оның орнындағы адамға баяндауға, одан әрі оның нұсқауы бойынша әрекет етеді;
3) саптық бөліністің командиріне баяндау үшін қызмет өткерудің нәтижелерін қорытындылауға, бекеттік ведомоске жазбалар жасауға және кезекшілікті қабылдау-тапсыру туралы командирге (оның орнындағы адамға) баяндауға міндетті.
46. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) қызмет жүргізілетін аумақта ақпарат жинау және жағдайды бағалау кезінде:
1) келесі мәліметтерді талдауға және бағалауға алады:
болған жол-көлік оқиғалары мен қылмыстарды;
жол-көлік оқиғалары болған орыннан жүргізушісі бой тасалаған көлік құралдар туралы;
айдап әкетілген және ұрланған көлік құралдары;
іздеу жарияланған қылмыскерлер мен ашылмаған қылмыстар;
өткізуге белгіленген және жүргізіліп жатқан бұқаралық, спорттық және басқа да іс-шаралар;
олар өткізілетін жерлерде жол қозғалысының тиісті режимін қолдау жөніндегі жол-патруль қызметі инспекторлық құрамының қатысу дәрежесі;
ауа-райы жағдайларының өзгеруі;
автомобиль жолдарының жай-күйі;
жол қозғалысына, жедел жағдайға, күштер мен құралдарды орналастыруға ықпал етуі мүмкін жол қозғалысын реттеудің жолдағы құрылыстық-жайлары мен техникалық құралдары туралы мәліметтерін зерделеу туралы.
2) алынған ақпаратты жүйелеуге, қорытындылауға және саптық бөліністің командиріне, жол полициясы басқармасының бастығына немесе олардың орнындағы адамдарға, сондай-ақ жоғары тұрған кезекшіге және Жол полициясы комитетіне (бұдан әрі - Комитет) баяндауға міндетті.
47. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) жол-патрульдік қызметтің күштері мен құралдарын басқару кезінде:
1) жасақшаларды үздіксіз басқаруды, олардың өзара және ішкі істер органдарының басқа да бөліністерімен нақты іс-қимылын қамтамасыз етеді;
2) жасақшалардың қызмет өткеруін бақылауға, белгіленген уақытта байланысқа шықпаған жағдайларда олардың тұрған жерін анықтау жөнінде шаралар қабылдайды;
3) жедел жағдайдың өзгеруі және осыған байланысты қызмет өткеру тәртібіндегі өзгерістер туралы бөліністің инспекторлық құрамын хабардар етуге міндетті.
48. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) қылмыстар, жол-көлік оқиғалары, қоғамдық тәртіптің бұзылуы және басқа да төтенше оқиғалар туралы хабарлар мен арыздар алған кезде:
1) оқиғаның уақытын, орнын, мән-жайын, құқық бұзушылардың белгілерін, өтініш беруші туралы мәліметтерді (тегін, аты-жөнін, мекенжайын, телефонын), оқиғаға қатысты көлік құралдары туралы деректерді (маркасы, мемлекеттік тіркеу белгісі, тиесілігі), зардап шеккендердің санын анықтауға; егер жүргізуші жол-көлік оқиғасының орнынан қашып кетсе, көлік құралының түсін, ерекше белгілерін, ықтимал ақауларының сипатын, оның қозғалу бағытын, жүргізушінің белгілерін анықтауға, автокөлік кәсіпорындары және ұйымдарының диспетчерлік қызметтеріне, медициналық жедел көмек қызметіне қосымша бағдар береді;
2) қылмыс туралы хабарларды қабылдауға, тіркеуге және алынған ақпаратты аумақ бойынша ішкі істер органына уақтылы тапсыруға, жол-көлік оқиғалары туралы мәліметтерді жол-көлік оқиғаларын осы нұсқаулықтың 11-қосымшасындағы формасына сәйкес есепке алу журналында тіркейді;
3) ауыр салдары бар қылмыстар, жол-көлік оқиғалары туралы саптық бөліністің командиріне және жоғары тұрған кезекшіге баяндауға және олардың нұсқауларына сәйкес әрекет етуге, қылмыскерлерді ізін суытпай іздестіру ұйымдастырылған жағдайда қажетті ақпаратты дереу жол полициясы жасақшаларына бағдар беру үшін патрульдеу бағыттарына, бекеттерге береді;
4) адамдардың өлімі, жарақаттануы болған немесе елеулі материалдық зиян келтірілген жол-көлік оқиғасы туралы аумақ бойынша ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне хабарлауға, қажет болған жағдайда жедел медициналық жәрдемді, өрт қызметі мен басқа да жедел және атқару қызметтерін шақыруға; ал оқиғаға қатысушылар болған жағдайларды бағалауда өзара келісіп саптық бөлініске келген жағдайда оқиға жөніндегі материалдарды Қазақстан Республикасы ІІМ-нің «Көлік оқиғасының сызбасын жасау ережесін және олардың үлгілік нысандарын бекіту туралы» 2011 жылғы 15 ақпандағы №52 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 57540 болып тіркелген) (бұдан әрі – ІІМ-нің №52 бұйрығы) бұйрығына сәйкес ресімдеуді ұйымдастырады;
5) қажет болған кезде оқиға болған жерде қалыптасқан ахуал, топтасқан бұзақылық көріністердің немесе басқа да төтенше жағдайлардың туындаған қатері туралы аумақтық ішкі істер органының кезекшісіне, саптық бөліністің командиріне баяндауға және одан әрі олардың нұсқаулары бойынша әрекет етуге; оқиға болған орында кептеліс пайда болған кезде бұл жерден айналып өтуді ұйымдастырады;
6) көлік құралдарын (оларды иесіне тапсыру мүмкін болмаған кезде) оқиға болған орындағы арнаулы тұрақтарға жеткізуді ұйымдастырады;
7) шетел азаматтары қатысқан жол-көлік оқиғалары туралы жоғары тұрған кезекшіге, саптық бөліністің командиріне баяндайды;
8) жол қозғалысы жағдайларының күрделеніп кеткені (жардың құлауы, көшкін түсуі, жолдың бүлінуі, күртік қар, көктайғақ, реттеу құралдарының істен шығуы) туралы саптық бөліністің командирі мен жасақшаларына, мүдделі жол және коммуналдық қызмет басшыларына хабарлауға, сондай-ақ қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдауға, бұдан соң тиісті жұмыстардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
49. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) көлік құралдарына ілесіп жүрген кезде:
1) ілесіп жүретін көлік құралдарының жүру бағыты бойынша жол полициясының жасақшаларын хабардар етіп отырады;
2) ілесіп жүретін көлік құралдарының бөгетсіз өтуін қамтамасыз ету жөнінде бөлініс, қалалық және аудандық ішкі істер органдары жасақшаларының өзара іс-қимылын ұйымдастырады;
3) ілесіп жүру автомобильдерінің жүргізушілеріне қозғалыс бағыттарындағы жағдай туралы хабарлап отырады;
4) көлік құралдарының ілесіп жүруінің басталуы және аяқталуы туралы осы нұсқаулықтың 12-қосымшасындағы формасына сәйкес Ілесіп жүруді есепке алу журналында тиісті жазба жүргізеді.
50. Аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор) қауіпті жүктерді тасымалдаудың және балалардың ұйымдасқан тобын тасымалдауды ұйымдастыруды бақылау кезінде:
1) қауіпті жүктерді таситын көлік құралдарының үздіксіз қозғалысын ұйымдастыру жөнінде шаралар қолданады;
2) Көлік құралы комитеті бөліністері қызметкерлерінің байланыс телефондарын білу және оларға қауіпті жүктер мен аса ірі мөлшердегі жүктерді тасымалдау кезіндегі анықталған құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты дереу хабарлайды;
3) балаларды тасымалдауды ұйымдастыру кезінде бағытты, көлік құралдарының санын, тасымалданатын балалардың санын, сондай-ақ ілесіп жүретін және тасымалдауды ұйымдастырушылардын байланыс телефондарын білуге;
4) балалардың тобын тасымалдайтын көлік құралдарының үзіліссіз қозғалысын ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауға, бұл ретте мұндай тасымалдауларды түнгі уақытта сағат 22.00-ден бастап таңғы сағат 06.00- де жүзеге асырылуын болдырмауға міндетті.
51. Анықтамалық жұмысты қамтамасыз ету жөніндегі аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор):
1) жол полициясы, басқа да ішкі істер органдарының бөліністері іс-әрекетінің мәселелері жөнінде азаматтар немесе лауазымды адамдар кезекші бөлімге өтініш жасаған кезде (құпия немесе қызметтік сипаты бар мәліметтерді хабарлаусыз) жан-жақты түсінік беруге;
2) азаматтардың ауызша және жазбаша шағымдарын қабылдауға, қажет болса жағдайды нақтылауға, оларды арнайы журналда тіркеуге, өтініш иесін бұдан арғы әрекеттердің тәртібі туралы хабардар етуге, келіп түскен шағымдар туралы бөлініс бойынша жауапты адамға және жол полициясы басқармасының басшылығына уақтылы хабарлайды.
52. Мүліктің, қару-жарақтың, жедел-техникалық, арнайы және көліктік құралдардың сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі аға кезекші-инспектор (кезекші-инспектор):
1) қарудың, оқ-дәрілердің, жедел-техникалық және арнаулы құралдардың Қазақстан Республикасы Ішкісминінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жабдықталған жанбайтын шкафтарда (жәшіктерде) сақталуын, берілуін және есепке алынуын қамтамасыз етеді;
2) қару мен арнаулы құралдарды қабылдаған кезде олардың жай-күйін, жинақтылығын, ақаусыздығын, тазалығын, майлануын тексереді, бұйымдардың бүлінгені немесе жетіспейтіндігі байқалған жағдайда жол полициясы қызметкерлерінен жазбаша түсінік беруді талап етуге және жоғалған бұйымдарды іздестіруге қажетті шаралар қолдануға, олардың жоғалған фактілері және бүліну салдарынан бұдан әрі пайдалануға жарамайтындығы туралы саптық бөліністің командиріне жазбаша баянатпен баяндайды және журналда жазба жасайды;
3) қару бөлмесінің, қару салынған шкафтардың, жедел-техникалық және арнайы құралдар қойылған бөлмелердің кілттерін кезекшіні ауыстыратын адамға беруге міндетті. Шкафтар мен бөлмелерді мөрлеген кезекшінің жеке мөрінің нөмірін көрсете отырып, кілттерді тапсыру кезекшінің жазбаларына арналған журналда ресімделеді. Кезекші жоқ кезде мөртаңбалары бұзылған кезде сақтаулы қаруды, оқ-дәрілерді, жедел-техникалық және арнаулы құралдарды тексеру мен тапсыруды бөліністің командирі тағайындаған комиссия жүзеге асырады.
53. Жол-патрульдік қызмет бөліністердің кезекші бөлімдері бірыңғай абонементтік телефон нөмірімен, автоматтандырылған ақпараттық-іздеу жүйесі деректерінің қашықтан ену базасына рұқсаты бар компьютерлік техникамен, өртке қарсы, күзет сигнализациясымен, әкімшілік ғимараттың кіреберістері мен өлшемдері бойынша бейнебақылау жүйелерімен жабдықталады.
8. Жол-патрульдік қызметті ұйымдастыру
54. Жол-патрульдік қызметті өткеру үшін жасаққа тағайындалатын қызметкерлерді дайындау, нұсқау жүргізу және жинап-тарату осы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
Жасақшаларға нұсқау беру, әдетте, арнайы жабдықталған сыныпта немесе арнайы жабдықталған алаңда сапқа тұрғызу кезінде жүргізіледі.
55. Жол-патрульдік қызметті атқару үшін жасақшаға тағайындалған адамдар нұсқама басталғанға дейін кемінде 15 минут бұрын бөлініске немесе ішкі істер органына келеді және өздерінің келгендері туралы кезекші мен өздерінің тікелей командиріне баяндайды.
56. Қызметке кіріскен жасақшаға нұсқау беруді аға кезекші-инспектордың қатысуымен саптық бөліністің командирі немесе оның орынбасары жүргізеді, ол туралы бекеттік ведомосте жазба жасалады.
57. Лауазымды адамдар нұсқаманы жүргізген кезде:
1) жол полициясы инспекторлық құрамының қызметті өткеруге дайын екендігіне көз жеткізуі және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қабылдауы;
2) жол полициясы инспекторлық құрамының өз құқықтары мен міндеттерін, қаруды, арнаулы құралдарды, жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын білуін ішінара тексеруі;
3) қызмет жүргізілетін аумақтағы апаттық және жедел жағдайдың жай-күйі, жоғарыда тұрған органдар көрсеткен бағдарлар туралы жол полициясы қызметкерлеріне хабарлауы;
4) бекеттер мен патрульдеу бағыттарын жариялауы;
5) өткен тәуліктегі жұмыстың нәтижелерін, сондай-ақ заңдылық пен қызмет өткеру тәртібінің бұзылған жағдайларын жол полициясы инспекторлық құрамының назарына жеткізуі;
6) жасақшалардың жетекшілерін тағайындауы тиіс;
7) азаматтармен мұқият, икемді және әдепті қатынас жасау, олардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғау, қозғалысты қадағалау кезінде қажетті көмек көрсету туралы жеке құрамға жеткізу тиіс.
58. Жасақшаға кірісетін жол полициясы қызметкерінің сыртқы киімі жинақы, ақаусыз қару-жарағы, маусым бойынша нысанды киімі, жарық шағылыстыратын экипировкасы, сондай-ақ омырау белгілері, табельдік қаруы, таяқшасы мен басқа да арнаулы құралдары, бекет пен патрульдеу бағытының карточкасы, қызметтік және жүргізуші куәлігі, осы нұсқаулықтың 13-қосымшасындағы формасына сәйкес қызмет кітапшасы өзінде болады.
59. Нұсқама саптық бөліністің жасақшаларын жинап-таратумен және олардың қызметіне кірісуі туралы бұйрық берумен аяқталады.
60. Қала сыртындағы жолдар мен стационарлық бекеттерде және тәуліктің қараңғы уақытында қызмет атқару үшін жасақшаларды жол полициясы қызметкерлерін екіден кем құрамда қоюға тыйым салынады.
61. Саптық бөліністен неғұрлым алыста орналасқан бекеттерде қызмет атқаратын жол полициясының қызметкерлері оның басшыларының рұқсатымен нұсқамада аптаның белгілі бір күндерінде болады.
62. Жол полициясының инспекторлары қызметке кіріскені туралы кезекшіге баяндайды және одан қажетті ақпарат пен нұсқаулар алады. Қалаларда және басқа елді мекендерде қызмет өткеру кезінде жол полициясының қызметкерлері кезекшіге жедел жағдай жасау туралы сағатына бір рет, қала сыртындағы жолдарда кемінде екі сағатта бір рет хабарлап тұрады. Жол полициясы инспекторы байланысқа шыққан туралы қызметтік кітапшада немесе автопатрульдің борттық журналында, ал кезекші тиісті журналға тіркейді.
Достарыңызбен бөлісу: |