Қорытынды:
Интеграцияланған «Физика және астрономия» пәні физикалық білім мен дағдыны меңгерген, шығармашылық қабілеті жоғары, ойлау қабілетімен ерекшеленетін тұлғаны қалыптастыруды көздейді.
3 - дәріс
Тақырып: Интеграцияланған «Физика және астрономия» курсы (8 сынып)
Жоспары:
1. Пәнаралық байланыстарды жүзеге асыруға арналған әдістемелік нұсқаулар.
2. Физикадан алған білімдердің басқа пәндерде пайдаланылуы.
3. Пәнаралық мазмұндағы есептер.
1. Пәнаралық байланыстарды жүзеге асыруға арналған әдістемелік нұсқаулар
«Жылулық қозғалыстар» тақырыбының басты маңызы – физикалық ұғымдарды (жылулық қозғалыс, ішкі энергия, жылу мөлшері, меншікті жылу сыйымдылық және т.б.) қалыптастыру. Мұнда оқушылардың назарын осы ұғымдарды зерделеу кезінде пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру үшін қолданылатын әдіс-тәсілдерге аудару қажет.
Жылулық қозғалыстар. Молекулалар мен олардың қозғалысы және заттың үш күйі туралы материалды (дүниетану) қайталағанда, денелерді құрайтын микробөлшектер (молекулалар) үнемі қозғалыста болатынын баса айту қажет.
Жылулық қозғалыс – бұл бөлшектердің (молекулалар мен атомдардың) орасан зор жиынтығының ретсіз қозғалысы. Жеке бір ғана бөлшектің (молекуланың) қозғалысы жылумен байланысты болмайды. Тек орасан көп бөлшектердің қозғалысы ғана белгілі бір жылуды тудырады. Оқушылармен бірге температура және оны термометрмен өлшеу туралы дүниетанудан белгілі мәліметтерді еске түсіріп, оларға неғұрлым дәл түсініктеме берген тиімді.
Ішкі энергия – физика курсындағы іргелі ұғым. Ол бірнеше жыл бойы (7-10 сыныптар) қалыптастырылады. Ішкі энергияны дененің немесе оның бөлшектерінің қозғалыс энергиясы ретінде анықтайды, өйткені жылулық құбылыстар деңгейінде ішкі энергияның басқа компоненттері өзгермейді. Ішкі энергияны өзгерту тәсілдерін қарастырғанда технология сабағынан белгілі фактілерді (тетікті егеумен егегенде, сым темірді көп рет майыстырғанда олардың қызатыны және т.б.) оқушылардың есіне салған дұрыс. Бұл ұғымды қалыптастыру үдерісіне оның 8 сыныптағы химия курсында оқытылуы оң ықпал етуі мүмкін.
Кез келген дененің механикалық энергиясымен қатар ішкі энергиясы да болатынын оқушылар біледі. Демек, отынның (бензин, керосин, ағаш отын және басқ.) да ішкі энергиясы болады.
«Жұмыс және жылу берілу» тақырыбын қарастырғанда оқушылардың Күннің сәулесі мен жылуының маңызы, ауаның жылу өткізгіштігі, ауаның қызуы мен салқындауы, желдің пайда болуы туралы дүниетанудан алған білімдеріне сүйенеді.
Бұл тақырыпты өту барысында жылу өткізгіштік, конвекция туралы дүниетанудан алған білімдер пайдаланылады.
Ботаникада өсімдіктердің жасыл жапырақтарында органикалық заттар – қант пен крахмалдың түзілуіндегі жарықтың маңызына үлкен көңіл бөлінеді.
Пәнаралық байланыстар жылу мөлшері және меншікті жылу сыйымдылық ұғымдарын қалыптастыру кезінде де көрініс береді.
Энергияның сақталу және айналу заңын қарастыруды бастағанда оқушылардың назарын энергияның өзбетімен болмайтынына, өйткені энергия – дене күйінің сипаттамасы болып табылатындығына аударған дұрыс.
Сол сияқты «Заттың агрегаттық күйінің өзгеруін молекула-кинетикалық түсініктер негізінде түсіндіру» тақырыбының да физиканың басқа пәндермен байланыстары үшін үлкен мүмкіндігі бар.
Достарыңызбен бөлісу: |