Дәрілік түймедақ – Ромашка аптечная.
Қолданылуы. Тұнбасы ішектен жел шығару үшін, ас қорыту жүйесінің ағзаларының қабынуларына қарсы әсер ету, тер шығару, ауырсынуды басу үшін қолданылады. Сондай-ақ дезинфекциялық қасиеті де бар. Өт жүргізеді, қан тоқтатады, бұлшық еттердің тырысуына қарсы әсер етеді.
Мал дәрігерлік тәжірибеде шикізаттың тұнбасы бұзаудың, қозының, құлынның ішек, бауыр, асқазан ауруларын емдеу үшін қолданылады.
Дәрілік тұнбаны жасау үшін екі ас қасық гүлді жарты литр ыстық суға салып 10-15 минут тұндырады. Көбірек дайындау керек болған жағдайда бір литр ыстық суға төрт ас қасық кептірілген гүл ұнтағы салынады да, 20-30 минуттан кейін бір қабат дәкемен сүзіледі. Бұзау, қозылардың бір кг салмағына 2-3 мл мөлшерінде есептеліп беріледі. Төлдің ақтышқақ, қантышқақ (диспепсия) ауруларында дәрі тұнбасының берілу мөлшері екі есе көбейтіледі.
Тері ауруларын емдеуге, түрлі жараларды жуып-шаюға; аналық малдың жатырын жууға да болады. Түймедақ дәрілік шөбін антибиотиктермен, химиялық препараттармен бірге қолдану емдеу тиімділігін арттырады.
Ебелек – Рогач.
Қолданылуы. Қойға, ешкіге, жылқыға өте жұғымды азық. Оны жаңа гүлдей бастаған кезде жеген мал тез оңалып, қоңданады. Оны гүлдеп тұрған кезінде шауып алып, құрғатпай кептіріп, жаппаның астына жинап қояды. Әсіресе құрғақшылық жылдары, жайылым мен шабындықтарда шөп жөнді шықпаған жағдайда, құрғақшылыққа төзімді ебелектің маңызы өте зор.
Азықтық құнарлығы жағынан ебелекке жақын өсімдік теріскен. Бұл екі өсімдіктің азықтық қасиеттерінен басқа оңтүстік аймақтарда құм тоқтататын да қасиеттері бар.
Халық емшілері олардың мадың тәбетін ашатын, асқазан мен ішектердің жұмыстарын жақсартатын қасиеттерін бұрыннан білген, керек кезінде қолданып отырған.
Екпе әшкөк – Кориандр посевной.
Қолданылуы. Малдың асқазан-ішек жұмысын жақсартуға, өт жүргізуге және қақырық түсіруге қолданылады. Әшкөк майы сабын қайнату ісінде де пайдаланылады. Малға беру мөлшері: жылқыға – 10-25 г, ірі қараға - 25-50 г, қой мен ешкіге -5-10 г, тауыққа -0,2-0,5 г. Әдетте ұнтақталған жеміс малдың жемшөбіне қосылып беріледі. Егер ондай мүмкіншілік болмаса, онда тұнба түрінде ішкізіледі.
Емен – Дуб обыкновенный, дуб черешатый.
Қолданылуы. Тұнбасы 1:10 қатынасында жасалады. Ол үшін шикізаттың 50 грамы қайнатылған 500 мл суға 15-20 минут тұндырылып, уылған ауыз қуысын, тістің қызыл еттерін және қабынған жұтқыншақты шаюға пайдаланылады.
Сондай-ақ төлдің іші өткенде, асқазан мен ішектерден қан кеткенде бұзауға -150-200 мл, қозыға -25-50 мл мөлшерінде ішкізіледі. Сақа малға тұнба ішкізу мөлшері: сиырға -300-500 мл, саулыққа -50-100 мл мөлшерінде күніне 3 рет беріледі.
Тері күйігін, сыртқы жараларды емдеу үшін 1:5 қатынасында жасалған тұнбасы қолданылады. Еменнің 20 г қабығы 100 мл суға бұқтырылады. Оны жараға, күйікке жағар алдында вазелинмен немесе солидолмен араластырып барып жақса нәтижесі жақсы болады.
Еркек шөп – Житняк.
Қолданылуы. Жұғымды мал азығы, тез қоңдандырады; асқазан мен ішектердің қызметтерін жақсартады. Арықтаған, көтерем малдың жеміне араластырып береді.
Етжапырақ бадан – Бадан толстолистный.
Қолданылуы. Тамырының судағы тұнбасын қан аралас іші өтетін төлдерге тағайындайды. Төлдердің тышқақ, колибактериоз, қылау сияқты ауруларын фталазол, ксероформ, антибиотиктер және сульфаниламид препараттарымен қосып пайдаланғандағы нәтижесі өте жақсы.
Соңғы жылдары алынған бергмицин препараты етжапырақ бадан шөбі мен фталазол, левомицетиндердің қосылысы. Ол дәрі бұзауға күніне үш рет 2-3 грамнан, қозыға - 0,2-1 грамнан беріледі. Етжапырақ бадан шөбінің судағы тұнбасы 1:10 қатынасында дайындалып, ірі қараға -20-50 мл, қойға -5-15 мл, қозыға -1-3 мл, итке -2-10 мл мөлшеріндк күніне 3 рет ішкізіледі.
Жалбызтікен – Алтей лекарственный.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде ертеден қолданылып келе жатқан дәрілік зат. Оны тыныс алу, зәр шығару, ас қорыту жүйелерінің ауруларында қақырық түсіретін, илендіретін, қабынуға қарсы әсер ететін дәрілік зат ретінде қолданады. Сонымен қатар ол басқа дәрілік заттардың тітіркендіруін төмендетеді, улы заттардың қанға сіңуін бәсеңдетеді.
Фармацевтикалық тәжірибеде оны болюстарға, быламықтарға, кілегейлі заттарға қосып, дәрінің пішінін келтіргіш зат ретінде пайдаланады.
Шикізаттың ұнтағының дозасы: жылқыларға – 20-100 г, ірі қараға - 25-200 г, қойға – 5-50 г, шошқаға – 5-25 г, итке – 5-10 г, мысыққа – 1-5 г, тауыққа – 0,5-2 г. Тамырдың қайнатпасын 1:10 немесе 1:30 қатынасында дайындайды да, ауыз қуысы арқылы күніне 2-3 рет ішкізеді.
Экстракт, сироп дайындайды. Мукалтин деген таблетка бар. Оның құрамында жалбызтікеннің шөбі болады.
Жүгері – Кукуруза.
Қолданылуы. Жүгері шашақтарының өт және зәр айдайтын қасиеттері бар. Сондықтан бауыр және өт ауруларын емде үшін қолданылады. Сондай-ақ бүйректердің, жүректің қызметтерінің жеткіліксіздігінен пайда болатын ісіктерді қайтару үшін қолданады.
Жүгері шашағының малға берілу мөлшері: жылқыға – 30-60 г, қойға -20-40 г мөлшерінде, тұнба ретінде, күніне 3-4 рет ішкізіледі.
Жүзген – Джузгун.
Қолданылуы. Малдың азыққа тәбетін жақсартады, қой, түйе малдары сүйсініп жейді, тез қоңданады. Оны жемге араластырып беруге болады.
Жуа –Дикий лук.
Қолданылуы. Мал дәрігерлерінің тәжірибесінде жуаның спирттік тұнбасы бұзаудың, құлынның, қозының іш өтуін тоқтату, асқазан-ішек жұмыстарын жақсарту, малдың тәбетін арттыру үшін пайдаланады.
Спирттік тұнба жасау үшін 100-150 грамм кептірілген ұсақ дәрілік шикізат 40* 500 мл этил спиртінде 5-6 күн ашытылады. Дайын тұнба бұзауға -50-60 мл, қозыға -5-10 мл мөлшерінде күніне 3 рет ішкізіледі. Қайнаған судағы тұнбасын ішкі құрылысының қызметі бұзылған малға ішкізуге болады. Жуаның жаңа жұлынып алынған пиязшықтары мен жапырақтарын жараларға таңып қойса, тез жазылады.
Зире (ешкі шөп, жабайы анис) – Тмин обыкновенный.
Қолданылуы. Асқазан бездерінің жұмысын жақсартады, ішектің жирылуын реттейді, зәр айдайды, микробтарды жояды. Сондықтан ас қорыту процессі бұзылғанда, ішектер желденгенде, шаншу ауруында, өт қабы мен өт жолдары қабынғанда, тыныс алу ағзаларының ауруларында қақырық түсіру үшін қолданады.
Зиренің кепкен жемісін малға беру мөлшері: жылқыға -10-15 г, ірі қараға -25-30 г, қойға -5-10 г. Төлдерге беру мөлшерін екі есе азайтып береді.
Зиягүл – Крестовик широколистный.
Қолданылуы. Көптеген мал ауруларын емдеу үшін қолданылады. Организмге әсері атропинге ұқсас, одан күші әлсіздеу, улылығы төмен. Асқазан мен ішектер түйіліп ауырғанда, өт қабының, зәр шығару жолдарының ауруларында қолданылады.
Мал дәрігерлік тәжірибеде холиномиметикалық заттармен уланғанда, жылқының асқазаны жіті түрде кеңейгенде, бүйрек, бауыр шаншуында, қан тамырларының түйілуі салдарынан қан айналысы бұзылғанда, көздің түбін зерттеу үшін көз қарашығын үлкейту үшін қолданады.
Платифиллин гидротартрат – ақ түсті ұнтақ, суда жақсы ериді. Ұнтақ, таблетка түрінде, ампулада шығарылады. Малдарға тері астына төмендегідей мөлшерде жібереді: жылқыға – 0,015-0,1 г; ірі қараға - 0,01-0,07 г; ұсақ малдар мен шошқаға – 0,01- 0,04 г; итке – 0,002-0,01 г.
Зығыр – Лен обыкновенный.
Қолданылуы. Бұл өсімдіктен арнайы зығыр майын дайындайды. Ол тамақ өнеркәсібінде және медицинада жиі пайдаланылады. Құрамындағы линамариннің месқарынның, жұмыршақ қарынның, ішектердің жирылып-созылуын реттеп отыратын қасиетіне қарай мал дәрігерлік тәжірибеде ас қорыту жүйесінің ауруларын емдеу үшін қолданады. Дәрілік өсімдіктің бір ерекшелігі ол қатарынан жүрек-қан тамыры жүйесі мен күйіс қайыратын процесске қатынасатын ағзалардың жұмыстарына бірдей әсер етеді.
Зығырдың зәр мен өтті жүргізетін, асқазан сөлінің бөлінуін үдететін қасиеттері бар. Берілу мөлшері құрғақ шөппен есептегенде қой мен ірі қараның 10 кг тірідей салмағына 0,5-0,6 г. Дәрілік шикзаттың тұнбасы да пайдаланылады, улылығы жоқ.
Изен – Прутняк, изень.
Қолданылуы. Малдың асқазан-ішек ағзаларының жұмысын жақсартады, тәбетін арттырады. Әсіресе қыс айларында қойға, жылқыға таптырмайтын азық. Тұнба, қайнатпа жасап әлсіз, арықтаған бұзауларға, қозыларға ішкізуге болады.
Исландия мүгі – Мох исландский.
Қолданылуы. Малдың тәбетін ашатын ащы зат ретінде, асқазан-ішектердің жұмысын жақсарту үшін қолданады. Малдың ішін өткізу үшін жылқыға – 15-100 г, ірі қараға – 30-150 г, қой мен ешкіге – 20-80 г.
Малға жемшөппен араластырып береді. Тұнбасын 1:10 қатынасында дайындалады. Ол үшін 100 г шикізат қайнаған 1 литр суға тұндырылып, сиырға күніне 3 рет ішкізіледі.
Итжидек – Белладонна лекарственная.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде ас қорыту жүйесінің ағзаларының қабынуында, он екі тұтам ішектің ойық жарасында, өт қабының, зәр шығару жолдарының қабынуларында, ішектердің түйілуінде, басқа да жадағай еттердің түйілуін тудыратын ауруларда ауырсынғандықты басу үшін қолданылады.
Итжидектің жапырақтарының тұнбасын 1:40 немесе 1:50 қатынасында дайындап, ірі қараға – 20-40 г, жылқыға – 10-30 г, ұсақ малдарға – 5-15 г, шошқаға – 2-10 г, итке – 0,2-1 г мөлшерінде тағайындайды.
Тәжірибеде көбінесе итжидектің құрғақ және қою экстракты қолданылады. Оның ауыз қуысы арқылы берілетін дозасы: жылқыларға – 0,5-4 г, ірі қараға – 1-5 г, ұсақ малдар мен шошқаға – 0,1-9,5 г, итке – 0,02-0,03 г күніне 2-3 рет.
Спирттегі тұнбасын дайындау үшін оның жапырағын 40* спиртте 1:10 қатынасындай етіп алып, тұндырады.
Құрамы итжидектің шикізатынан тұратын арнайы препараттар бар. Оған жататындар: атропин сульфаты, бекарбон, бесалол, бепасал, беллалгин.
Итжидек экстрактысы қосылған асқазан таблеткасы бар. Ол үш түрлі құрамда шығарылады:
Итжидектің экстрактысы ( 0,015 г) гексаметилентетраминмен (0,25 г) бірге;
Итжидектің экстрактысы (0,015 г) натрийдің гидрокарбонаты және фенилсалицилатпен (0,25 грамнан) бірге;
Итжидектің экстрактысы (0,015 г) фенилсалицилат және висмут нитратының негізімен (0,25 грамнан) бірге.
Бұл таблеткалар Б тізімі бойынша сақталады.
Итошаған – Череда трехраздельная.
Қолданылуы. Тұнбасы және судағы ертіндісі малдың тәбетін жақсарту, ас қорыту процессін үдету және бауыр ауруларын емдеу үшін қолданылады. Жапырақтары жараны тез жазады. Зәр, тер шығару үшін де пайдаланады. Сақа малға шикізаттың ұнтағы 8-10 г мөлшерінде беріледі.
Бұл дәрілік шөппен төл ауруларын емдеуге болмайды.
Капуста, қырыққабат – Капуста огородная.
Қолданылуы. Азық ретінде қоян, шошқа, ірі қара өсіретін фермерлер жиі пайдалнады. Құрамындағы витамин асқазан жарасын жазатын витамин ретінде қолданылады. Ас қорыту ағзаларының жұмысы бұзылған бұзауға, торайға, қозыға капустаның жапырақтары мен сөлі беріледі. Егер оны антибиотиктермен, химиялық препараттармен кешенді түрде пайдаланса нәтижесі жоғары болады. Жас капустаның сөлін арнайы аппараттың көмегімен алып, жақсылап сүзіп дайындайды. Оны 36-40 сағаттан артық сақтауға болмайды, тез ашып, бұзылып кетеді. Бұзылмаған таза сөлді ауру бұзауға, қозыға сүт берерден 30-40 минут бұрын 100-120 мл мөлшерінде резина құмырамен ішкізу керек.
Кәдімгі ақбас жусан – Тысячелистник обыкновенный.
Қолданылуы. Танаудан, өкпеден, асқазан-ішектерден, теріден қан аққанды тоқтату үшін ежелден қолданылып келе жатқан өсімдік. Ол асқазан-ішек бездерінің жұмысын жақсартады, іш өткенді тияды, қан ағуды тоқтатады. Төлдердің бұзылған ас қорыту процессін қалпына келтіру үшін қолданылады.
Шикізаттың тұнбасы 1:10 қатынасында жасалады. Ұнтақталған 100 г шикізат қайнап тұрған 1 литр суға салынып, 15-20 минут тұндырылады да, бұзауға 80-150 мл, құлынға 80-120 мл, қозыға 80-95 мл мөлшерінде күніне 3 рет ішкізіледі.
Осы мақсатпен өсімдіктің спирттік тұнбасы да қолданылады. Ол үшін дайын шикізаттың 50 грамын 70* 200 мл спиртке салып, 7-8 тәулік ашытады. Бұзауға, құлынға бір ас қасық тұнба 100 мл суға араластырылып күніне 3 рет, ал қозыға бір шай қасық тұнба күніне 3 рет ішкізіледі. Оны төлге сүт берерден 30-45 минут бұрын беру керек.
Ірі қара, қой, жылқының азыққа тәбетін ашу, іш кепкенді басу, асқазан мен ішектердің жирылун үдету, іштен және жатырдан қан кеткенді тоқтату үшін ақбас жусан ұнтақталған күйінде жемшөпке қосылып малға төмендегі мөлшерде күніне үш рет беріледі: жылқыға – 10-25 г, ірі қараға – 25-50 г, сақа қойға – 10-15 г, тауыққа – 0,2-0,5 г.
Кекірегүл – Василек синий.
Қолданылуы. Кекрегүлдің гүлінен дайындалған тұнба зәр және өт айдау, дене қызуын түсіру үшін бүйректердің, қуықтың ауруларында; дымдау арқылы көз ауруларында, тері жараларында қолданады. Оны дайындау үшін бір ас қасық ұсақталған шикізат 200 мл суға тұндырылады. Зәр және өт айдау үшін бұзауға 10 мл тұнба күніне 2-3 рет ішкізіледі.
Кермек жусан немесе ермен – Полынь горькая.
Қолданылуы. Ерменді жазда сиыр, қой жейді және оны жеген малдың сүтінен кермек дәм шығады. Тұнбасы асқазан бездерінің қызметін үдетеді, азыққа тәбетін ашады, іштің кебуін басады, іш өтуді тоқтатады.
Халық емінде оны асқазан-ішек қабынуларына қарсы, ішектегі құрттарды түсіру үшін, өт айдайтын, несеп жүргізетін, нерв жүйесін тыныштандыратын дәрі ретінде қолданған. Асқазан мен ішек бездерінің жұмысын жақсарту мақсатында оған андыздың тамырын қосып берсе нәтижесі жақсы болады.
Дәрі жылқыға – 15-20 г, ірі қараға – 25-50 г, қойға – 5-10 г, тауыққа – 0,3-0,5 г, итке - 0,5-2,0 г мөлшерінде беріледі. Бұзаулардың диспепсия ауруын болдырмау және емдеу үшін оны басқа шөптермен қосып пайдаланғанның нәтижесі жақсы. Ол үшін кермек жусанның 12 бөлігін мыңжапырақтың 3 бөлігімен араластырып, осы қоспаның 1 шай қасығын қайнатып, суытылған 0,5 литр суға салып, 20-25 мл-ден күніне үш рет ішкізіледі.
Күнбағыс – Подсолнечник однолетний.
Қолданылуы. Тұнба ретінде малдың азыққа тәбетін жақсарту, асқазан мен ішектердің кілегей қабығын жұмсарту, өңешке тұрып қалған азықты жүргізу, асқазанды тазалау үшін қолданылады.
Малға берілу мөлшері: жылқыға – 100-300 мл, ірі қараға – 250-500 мл, қой мен ешкіге – 50-150 мл, тауыққа – 2-5 мл.
Мал терісіндегі күйікті, түрлі жараларды, есекжемді жұмсартуға пайдалануға болады.
Күреңот – Кипрей узколистный, иван-чай.
Қолданылуы. Нерв жүйесін тыныштандыратын, түрлі қабынуларға қарсы әсер ететін қасиеттері бар. Халық емшілері өсімдіктің тұнбасымен асқазан-ішек ауруларын емдеген. Бас ауырғанда шай секілді демдеп ішкізген. Оның тұнбасын жасау үшін қайнатылған жарты литр суға 30 грамм кептірілген жапырақ салып, 20 минут тұндырады.
Бұзауларға, құлындарға 50-100 мл-ден күніне үш рет ішкізіледі.
Кіші барвинок – Барвинок малый.
Қолданылуы. Шикізаттың гален препараттары мен кейбір алкалоидтарының илегіш, қан тоқтататын, қабынуға қарсы әсер ететін, артериялық қан қысымын төмендететін, қан тамырларының өзегін кеңейтетін, ащы ішектердің тонусын төмендететін, ал жадағай еттердің тонусын көтеретін қасиеттері бар.
Шикізаттың тұнбасын 1:40 қатынасында дайындайды. Бұзауға ауыз қуысы арқылы 1-2 ас қасық тұнбаны күніне 3 рет ішкізеді. Жалпы шикізаттың ауыз қуысы арқылы берілу дозасы 0,01-0,05 г/кг.
Өндірісте осы шикізаттан алынатын екі препарат – винкапан және девинкан шығарылады.
Қазтабан – Лапчатка прямостоячая.
Қолданылуы. Шикізаттың илік, қан тоқтататын қасиеттері бар. Оны ауыз қуысы арқылы бергенде ас қорыту жүйесінің бездерінің секрециясы төмендейді. Жараға, кілегей қабыққа әсер етеді. Ас қорыту жүйесінің ағзалары қабынғанда; асқазан, ішек, жатырлардан қан аққанда қолданады.
Брикет ретінде мал азығына қосып ірі қараға және жылқыға – 20-40 г, ұсақ малдар мен шошқаға – 5-15 г, торай, қозы және итке – 1-3 г күніне 3 рет береді.
Қайнатпасын дайындау үшін бір брикеттің 2 бөлігін 1 стакан қайнаған суға салып, 30 минут қайнатады да, сүзіп алады.
Сырттай жараларға, күйіктерге, ылғалды экземаға, ауыз қуысының кілегей қабығына жағу, оларды жуу және копресс қою үшін қайнатпа 1:40 қатынасында дайындалады.
Қайың – Береза бородавчатая, повислая.
Қолданылуы. Шикізат зәр және өт айдайды. Одан дайындалған тұнба және қайнатпалар жүрек-қан тамырлаының қызметтерінің жеткіліксіздігінен болатын ісіктерде; асқазан, өт қабының қабынуында; анемияда; бүйректер мен қуықтың ауруларында мал дәрігерінің қадағалауымен қолданылады.
Қайың бүршіктерінің тұнбалары мен қайнатпалары ауыз қуысы арқылы ірі қараға – 10-50 г, жылқыға - 10-40 г, ұсақ малға - 5-15 г, шошқаға – 5-10 г, итке – 2-4 г мөлшерінде беріледі. Спирттегі тұнбасын 90* спиртте 1:5 қатынасында дайындайды.
Қайың сөлін көктемде жинайды. Бұзауларға тыныс жолдарының ауруларында ауыз қуысы арқылы жарты стаканнан күніне екі-үш рет ішкізеді.
Қайың майы қою қара түсті, судан ауыр, арнайы иісі бар зат. Оның антисептикалық, паразиттерге қарсы, сезімтал нерв талшықтарын тітікендіретін қасиеттері бар. Оны тері ауруларында – қотыр, экзема және т.б. сырттай жағу арқылы қолданады. Ал ауыз қуысы арқылы ашуға қарсы месқарынның атония, тимпания ауруларында қолданады. Дозасы: жылқы мен сиырға – 10-25 г, қой мен шошқаға – 2-5 г, итке – 0,1-1 г.
Қайыңның ағашынан алынатын белсендендірілген көмір – карболен. Оны таблетка, гранул түрлерінде шығарады. Ауыз қуысы арқылы ауыр металлдармен, алкалоидтармен уланғанда қолданады.
Ересек қайыңның діңгегінде чага саңырауқұлағы өседі. Оны күзде жинап алып, бөлшектеп, пеште немесе духовкада кептіреді. Одан 1:5 қатынасында тұнба дайындап диспепсиямен ауырған бұзауларға ішкізеді. Бұл препаратты ойық жарада, асқазан, өкпе ауруларында да қолдануға болады.
Қамыс – Тростник.
Қолданылуы. Малдың асқазан-ішек жұмыстарын жақсарту, тәбетін арттыру үшін қолданады. Малға турап, майдалап жемге араластырып береді.
Көл, өзен жағалауларында қамысқа ұқсас құрақ деген шөп өседі. Олардың айырмашылығы құрақ астық тұқымдасына, ал камыс қияқтар тұқымдасына жатады.
Қант қызылшасы – Сахарная свекла.
Қолданылуы. Ірі қараға, қойға азық ретінде, күйіс қайыратын малдың іші жүрмей қалғанда қолданылады.
Тамыр –түйнегінің жаңадан алынған сөлі жас бұзаулардың өкпесі қабынғанда антибиотиктермен араластырып ішкізіледі. Оның зәр айдайтын да қасиеті бар.
Қара және ақ қыша – Горчица сарептская, черная и белая.
Қолданылуы Малдың тәбетін арттыру, ас қорыту процессін жақсарту үшін қолданылады. Мал дәрігерлік тәжірибеде қыша тұқымы антибиотиктермен, химиялық препараттармен бірге беріледі. Оны спиртке араластырылған қыша майының екі пайыздық ертіндісі ретінде пайдаланады. Ондай ертінді мал денесіндегі ісіктерді, жараларды емдеу үшін де қолданылады. Компресс, кеудені қыздыратын қосымша дәрі ретінде өкпеге суық тиіп ауырғанда пайдалы. Ас қорыту процессін жақсарту үшін қышаның тұқымы жылқыға – 20-25 г, ірі қараға – 50-100 г, қой мен ешкіге – 5-10 г.
Қараағаш – Ольха серая.
Қолданылуы. Тұнба және экстракт ретінде ас қорыту жүйесінің ағзаларының ауруларында илік зат ретінде қолданылады. 1:20 қатынасында дайындалған тұнбаны бұзауға 40-100 мл мөлшерінде, азықтандырардан 30 минут бұрын ішкізеді.
Қарама-қарсы жапырақты ербасы – Горечавка перекростолистная.
Қолданылуы. Асқазан-ішек жұмыстарын жақсартады, асқазан сөлінің қышқылдығын көбейтеді, ішектің жирылуын жылдамдатады, өт айдайды. Денедегі жараларға тамырының ұнтағын сепсе, ол жара тез жазылады.
Спирттік тұнбасын жасау үшін шикізаттың екі ас қасығы 40* 200 мл спиртке қосылып, 7-8 күн тұндырылады. Осы тұнба бұзауға 10-20 мл мөлшерінде күніне 3 рет ішкізіледі. Судағы тұнбасы тез бұзылатындықтан оны тек қолданар алдында ғана дайындайды.
Қоға – Рагоза.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде қоға тамырынан кисель дайындап, оны іші өткен малға ішкізеді. Кисель 1:5 қатынасында дайындалады. Бұзауға – 100-130 мл, қозыға -15-30 мл мөлшерінде күніне 3 рет ішкізіледі.
Қожақат – Ежевика.
Қолданылуы. Малдың іш өтуін тоқтататын, тер шығаратын, қабынуға қарсы әсер ететін қасиеттері ертеден белгілі. Мал дәрігерлік тәжірибеде асқазан жарасын, ішектердің қабынуын, шемен және мешел ауруларын емдеуге қолданады.
Шикізаттың тұнбасын немесе қайнатпасын дайындау үшін 20 г шикізат қайнаған 500 мл суға 20 минут бұқтырылып, дәкемен сүзіледі де жас бұзауға 200-300 мл- ден күніне үш рет ішкізіледі.
Ішектің қабынуына қарсы қожақаттың екі бөлігі мен қырмызы гүлдің бір бөлігін араластырып, ауырған малға ішкізеді. Қайнаған 1 литр суға 15-20 грамм қоспа шөбі салынып, 20 минут тұндырылады. Жас бұзауға 200-300 мл- ден күніне үш рет ішкізіледі.
Мал дәрігерлік тәжірибеде витаминдік азық ретінде төлдердің жемшөбіне араластырылып беріледі. 1 кг жемге 40-50 г ұнтақталған жапырақ немесе оның жемісі араластырылып беріледі.
Құлмақ – Хмель обыкновенный.
Қолданылуы. Малдың тәбетін арттыру, асқазан-ішек қабынуын емдеу үшін қолданады. Оның тұнбасын ішектердегі құрттарды түсіру үшін де қолданады.
Өсімдіктің аналық гүл шоғырының 15 грамын қайнап тұрған жарты литр суға салып, 25-30 минут тұндырады. Тірідей салмағы 40-50 кг бұзауға 10-15 мл-ден күніне 3 рет ішкізіледі.
Спирттік тұнбасын жасау үшін 20 г гүл шоғырын 70* 100 мл спиртке салып, 10 тәулік бойы ашытады. 40 кг салмағы бар бұзауға күніне 3 рет 40 тамшы спирт тұнбасы ішкізіледі. Қозы мен құлынның бір килограмм салмағына бір тамшыдан есептеліп беріледі.
Құлмақтың улы болуына байланысты оның малға ішкізу мөлшерін дұрыс есептеп, сақтықпен қолданған жөн.
Қызыл бұрыш – Перец стручковый.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде спирттік тұнбасы іші өткен бұзауларға, құлындарға, қозыларға, торайларға ішкізіледі. Қызыл бұрыштың 25 грамм жемісі 40* 200 мл спиртте 10 тәулік ашытылады. Ауру бұзауға 5-10 мл-ден 3 рет ішкізіледі.
Мойнақ қылша – Песковая эфедра.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде малдың ішкі ағзаларының, жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын жақсарту, қабынуға қарсы әсер ету, қақырық түсіру үшін қолданылады.
Өсімдіктің тұнбасы 1:40 қатынасында жасалады. Құрғақ шикізаттың берілу мөлшері: түйеге – 50-70 г, ірі қара мен жылқыға – 20-50 г, қойға – 5-10 г, бұзауға – 15-20 г, қозыға – 2-5 г.
Жалпы қылша өскен жайылымға күз бен қыста қой мен түйе жайылады. Ал көктемде, жазда қылшаны ешқандай мал жемейді.
Мойыл – Черемуха обыкновенная.
Қолданылуы. Іштің өтуін тоқтату, мойыл гүлінің тұнбасын малдың көз ауруларын емдеу, шыбын-шіркей, зиянкестерді қыру үшін қолданылады.
Тұнбасын дайындау үшін бір литр қайнаған суға 100 г ұнтақталған жеміс салынып, 20-30 минут тұндырылады. Тірі салмағы 50 кг бұзауға 50 мл дәрі тұнбасы күніне 2-3 рет сүт берерден 30 минут бұрын ішкізіледі.
Көз ауруын емдеу үшін бір шай қасық гүлді 250 мл қайнаған суға 8 тұндырады. Оны дәкемен сүзеді де, малдың көзіне бүркеді.
Зиянкестерді қыру үшін ағаш қабығының тұнбасы қолданылады. Ол үшін ағаш қабығының 100 грамы 5 литр суға ерітіліп, шыбын-шіркей мол жерге шашылады.
Мысықтабан – Кошачья лапка.
Қолданылуы. Бауыр мен өт қабының ауруларында өт айдайтын зат ретінде; асқазан мен ішектерден және туғаннан кейін қан аққанда қолданады.
Тұнбасын дайындау үшін бір шай қасық шикізат бір стакан қайнаған суда тұндырылады да, сиырға – 20 г, қой мен ешкіге – 1-2 г мөлшерінде ішкізіледі.
Орман қазтамағы – Герань лесная. «Герань» грек сөзі, қазақшасы «тырна» деген мағына береді. Сондықтан халық арасында тырна шөп деген де аты бар. Оның тұқымының пішіні тырнаның тұмсығына ұқсас.
Қолданылуы. Тамырынан тұнба жасап, оны іштің өтуін тоқтату үшін қолданады. Организмге ешқандай зиянды әсері жоқ болғандықтан, оны емдеу процессінде кеңінен қолдануға болады.
Шикізаттан тұнба жасау үшін 15-20 г тамырды ұнтақтап, 250 мл суға тұндырады да, іші өтіп тұрған төлге күніне 3 рет ішкізіледі. Өсімдіктің ұнтағын себу арқылы аққан қанды тоқтатуға болады. Дәрі тұнбасын қалыптан тыс көп ішкізгенде малдың орталық нерв жүйесі қозып, тынышсыздануы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |