Бәйшешек – Первоцвет лекарственный.
Қолданылуы. Шикізаттан 1:10 қатынасында тұнба жасалып, бұзауға – 50-80 мл, қозыға – 10-15 мл мөлшерінде күніне 3 рет зәр, тер шығару және қақырық түсіру үшін беріледі. Көктемде жапырағын төлге витаминдік шөп ретінде жемге қосып беруге болады. Дәрілік шикізатының улылығы жоқ.
Бүйрек шайы – Почечный чай.
Қолданылуы. Шикізаттың күшті зәр айдайтын қасиеті организмді зәр қышқылдары мен хлоридтерден тазалауға үлкен әсерін тигізеді. Бүйректердің жіті және созылмалы ауруларында, қуықтың қабынуында, бүйректерде тас түзілгенде қолданылады. Оны жүрек-қан тамырларының қызметтерінің жеткіліксіздігінде қолданылатын дәрілермен кешенді түрде қолданғанда нәтижесі әлде қайда жоғары болады.
Мал дәрігерлік тәжірибеде көбінесе қолданылатын тұнбасының улылығы төмен. Асқазан бездерінің сөлінің бөлінуіне жақсы әсер етеді.
Тұнбасын дайындау үшін 2 грамм жапырақты қайнап тұрған 200 мл суда бес минут қайнатып барып, 4 сағаттай жылы жерде тұндырады. Дайын тұнба бұзауға 100 мл-ден күніне 2 рет ішкізіледі.
Далалық қырқбуын – Хвощ полевой.
Қолданылуы. Шикізаттан 1:10 қатынасында тұнба дайындалып, оны зәр айдайтын, қан тоқтататын, әртүрлі қабынуларға қарсы әсер ететін, зиянды микробтарды жоятын дәрі ретінде қан айналысының нашарлауынан болатын ісіктерді қайтару және қуықтың қабынуын емдеу үшін қолданады. Бір ескеретін жағдай, оны бүйректің қабынуының жіті түрінде қолдануға болмайтыны туралы ғылыми деректердің бар екендігі.
Ұнтақталған құрғақ шөбінің малға берілу мөлшері: жылқы мен ірі қараға – 15-30 г, қойға – 5-10 г. Ал 1:5 қатынасында дайындалған қою тұнбамен оңайлықпен жазылмай жүрген экземаларды, есекжемді, қышымаларды жуу, жағу арқылы емдеуге болады.
Өсімдіктің улы екендігін ескере отырып, сақтық шараларын сақтау қажет.
Дәрілік жөтел шай – Буквица олиственная.
Қолданылуы. 40 %-ды спиртте дайындалған сұйық экстрактісі жатырдың жирылуын жақсартады. Мал туғаннан және іш тастағаннан кейінгі субинволюция жағдайында, әртүрлі себептерден болатын гинекологиялық қан ағу кезінде қолданылады.
Мал дәрігерлік тәжірибеде қақырық түсіру, зәр айдау, іш өткізу, тез жазылмайтын іріңді жараларды емдеу үшін де қолданады.
Оның тұнбасын шикізаттың ұсатылған 2-3 ас қасығын 200 мл қайнаған суға тұндыру арқылы дайындайды.
Дәрілік сабын шөп – Мыльнянка лекарственная.
Қолданылуы. Мал дәрігерлерінің тәжірибесінде зәр және өт айдайтын, тер шығаратын, өңештің қабынуын емдеуге қолданылатын, іші кепкен малдың ішегінен жел шығаратын дәрі ретінде пайдаланылады. Көп берген уақытта асқазан мен ішектердің жирылуын тоқтатып тастайтын қасиеті бар. Сондықтан оны аса сақтықпен қолданған дұрыс. Қатты уланған малдың іші өтеді, құсады, жиі жөтеледі, мазасызданады.
Өсімдіктің тамырымен көбінесе итті емдейді. Ол үшін 6-8 г тамыр қайнаған 200 мл суға салынып, 6-7 минут тұндырылады. Дайын тұнба 1 ас қасықтан күніне 3 рет, азықтандырудан 15-20 минут бұрын ішкізіледі.
Дөңгелек жапырақты алмұрт шөп – Грушанка круглолистая.
Қолданылуы. Тұнба жасау үшін 5 ас қасық жапырақ ұнтағы 600 мл суға салынып, 15-20 минут тұндырылады. Ірі малға – 100-150 мл, ұсақ малға – 50-70 мл мөлшерінде күніне 3-4 рет, малдың бүйректері мен зәр шығару ағзаларының ауруларын емдеу үшін беріледі.
Түнбаны пайдаланар күні ғана жасау керек. Одан бұрын жасалса немесе келесі күнге қалдырылса ол бұзылып кетеді.
Жантақ – Верблюжья колючка.
Қолданылуы. Бұршақ тұқымдас өсімдік болғандықтан оның құрамында белоктар көп. Оны түйе сүйсініп жейді. Мал дәрігерлік тәжірибеде жапырағы мен гүлінен дайындалған тұнба бүйректер мен қуықтағы тастарды шығару, жөтелді басу үшін қолданылады. Ал тамырынан жасалған дәрілер мал жараларын, т.б. жарақатты емдеу үшін пайдаланылады.
Тұнба жасау үшін жапырағы мен гүлінің 70-80 грамын қайнаған 1 л суға салып, 15-20 минут тұндырады да, ірі малға 150-200 мл, қойға 50-80 мл мөлшерінде күніне үш рет ішкізеді.
Малдың ішектерінің жирылуын жақсарту үшін майдаланған 35-40 г тамыры қайнаған 0,5 литр суға салынып, 25-30 минут тұндырылады да, ірі малға – 15-25 мл, қойға – 5-10 мл мөлшерінде күніне 3 рет береді.
Асқынған бүйрек және қуық ауруларын емдеу үшін төмендегідей қоспаның нәтижесі жақсы: жантақ шөбін, ақ қайыңның жапырағын, сабын шөпті, қызыл таспаны, ырғай гүлін 10 грамнан алып, араластырады да, қайнаған 1 литр суға салып, 15-20 минут тұндырады. Ірі малға – 100-150 мл, қой мен жас бұзауға – 30-50 мл, қозыға – 15-20 мл мөлшерінде күніне 3 рет ішкізіледі.
Өсімдік қалың өсетін жерлерде оны шауып алуға да болады. Оны майдалап турап, булап, жұмсартып бергенде барлық малдар да жақсы жейді.
Итбүлдірген – Брусника обыкновенная.
Қолданылуы. Ертеден зәр айдайтын дәрі ретінде қолданылады. Себебі арбутин гликозиді организмде өзінен гидрохинонды бөліп шығарады, ал ол бүйектердің рецепторларын тітіркендіреді де зәрдің бөлінуін ұлғайтады. Сонымен қатар гидрохинон зәр шығару жолдарын залалсыздандырады, ондағы зиянды микроорганизмдерді жояды.
Итбүлдіргеннің жапырағы 100 грамнан жеке қорабта немесе брикет ретінде шығарылады. Оны ауыз қуысы арқылы азықпен қосып береді. Одан тұнба, ботқа, болюс жасап беруге де болады. Мөлшері: ірі малға – 20-50 г, ұсақ малға – 10-15 г, итке – 3-10 г.
Тұнбасын 1:10 және 1: 20 қатынасында жасауға болады. Оны суға салып 30 минуттай тұндырады да, сүзіп алады. Осылай дайындалған тұнбаны салқын жерде 2 тәуліктей сақтауға болады.
Көк бұта – Вереск обыкновенный.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде көбінесе көк бұтаны кәріқыз тамырымен, ақ қайың жапырағымен қосып бүйректер мен зәр шығару ағзаларының ауруларын емдейді.
Бұл үш шөптің әрқайсысынан 25 грамнан алып, араластырып, 1 литр ыстық суға салып, 4-5 сағат тұндырады. Одан кейін оны 10-15 минуттай бүлкілдетіп қайнатады да, суытып, дәкемен сүзіп алады. Дайын тұнба жылқы мен ірі қараға – 150-200 мл, бұзау мен құлынға – 50-100 мл, қойға – 30-70 мл мөлшерінде күніне 3 рет ішкізеді.
Қоян шөп – Спаржа лекарственная.
Қолданылуы. Шикізаттан дайындалған экстрактыны венаға жібергенде малдың артериялық қан қысымы төмендейді, жүректің қызметін жақсартады, шеткергі қан тамырларының өзектерін кеңейтеді, зәр айдайды, бауырға оң әсер етеді.
Мал дәрігерлік тәжірибеде оның 1:10 қатынасында дайындалған қайнатпасын бұзауға күніне 100 мл мөлшерінде (30 мл-ден күніне 3 рет) береді. Бүйректердің, бауырдың, қуықтың ауруларында; бүйректе тас, қуықта құм жиналғанда қолданады.
Саздың құрғақ шөбі – Сущеница топляная.
Қолданылуы. Қазірде бұл өсімдіктің әртүрлі қабынуларға қарсы, қан тамырларының өзектерін кеңейтетін, зәр және тер шығаратын, асқазан мен ішектердің жұмыстарын жақсартатын әсерлері бар екендігі дәлелденген. Медицина саласында кеңінен қолданғанымен мал дәрігерлерінің тәжірибесінде тек Шығыс Қазақстан мен Павлодар шаруашылықтарында ғана қолданыс табуда. Олар бүйрек және зәр шығару ағзаларының ауруларын емдеуде, асқазан мен ішектердің қызметтерін жақсарту үшін қолдануда жақсы нәтиже алуда.
Көбінесе тұнбе түрінде пайдаланылады. Оны жасау үшін 4 ас қасық ұнтақталған құрғақ шөпті қайнап тұрған 0,5 литр суға салады да, 15-20 минуттай тұндырып, дәкемен сүзеді. Ас қорыту жүйесінің ағзалары ауыратын бұзаулар мен құлындарға – 20-40 мл, қозыға – 15-20 мл; ал бүйрегі ауыратын ірі малға – 80-120 мл мөлшерінде күніне 3 ретішкізіледі.Құрғақ шөпті ірі малға орта есеппен 8-10 г, қой мен жаңа туған бұзауға 1-1,5 г беріледі.Халық емінде өсімдіктің шөбінен май қоспалары жасалып, жараны, күйікті емдеуге қолданады. Жараны өте тез жазады.Малдың іріңді жараларын қою тұнбасымен емдеуге де болады.
Сары раушан – Золотая роза.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде шөбін іш өткенді тоқтату үшін, ал гүлінің тұнбасын бүйректердің, қуықтың қабынуларын басу үшін қолданады. Жаңа жұлынып алынған жапырағы тері жараларын емдеуге пайдаланылады. Орта есеппен шөбі де, гүлі де 20-30 г мөлшерінде беріледі. Ірі қара малы жақсы сүйсініп жейді. Шабылған шөп көбінесе малға азық ретінде беріледі де, ем ретінде 1:10 қатынасында жасалған гүлінің тұнбасы пайдаланылады.
Тобылғы – Лабазник вязолистый.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде шикізат тұнбасы бүйрек және қуық ауруларын емдеу, асқазан-ішектердің түйіліп ауырғанын басу, денедегі әртүрлі ісіктерді, іріңді жараларды емдеу үшін пайдаланылады.
Дәрілік тұнба 1:10 қатынасында жасалады. Ол үшін 40 г ұнтақталған шикізат қайнап тұрған жарты литр суға салынып, 20 минут тұндырылады. Дайын тұнба ірі малға – 150-200 мл, ұсақ малға – 50-100 мл мөлшерінде күніне 2-3 рет ішкізіледі. Ал денедегі іріңді жараларды емдеу үшін шикізаттың ұнтақталған 2 қасығын 1,5-2,0 литр суға салып, жарты сағат қайнатады да, суытып, денедегі жараны, ісікті жуады.
Май дәрі жасау үшін тобылғының тамырын жақсылап ұсақтап, оның бір ас қасығын вазелиннің немесе сиыр сүті майының бес ас қасығымен араластырады. Ауырған жерге жағу арқылы қолданады.
Тобылғының сабағын отқа қыздырып отырып, қырып майын алуға болады Ол тері ауруларын, әсіресе теміреткіні өте тез жазады.
Асқынып кеткен бүйрек және қуық ауруларын бірнеше шөптің қоспасымен емдегенде жақсы нәтиже алуға болады. Ол үшін тобылғының гүлі мен тамыр қабығы, сабын шөп, ақ қайың жапырағы, қызыл таспа шөбі, түйебұршақ шөптерінің әрқайсысынан екі ас қасықтан алып, жақсылап араластырады да, бір литр суға салып 5-10 минут қайнатады. Тұнба ірі малға 100-150 мл мөлшерінде күніне үш рет беріледі.
Түйежапырақ – Лопух большой.
Қолданылуы. Тамырынан дайындалған дәрілік зат зәр айдау, тер шығару, дене қызуын төмендету үшін бүйректер мен қуықта тас түзілгенде, асқазан қабынғанда, асқазан мен он екі тұтам ішектердің ойық жарасында қолданылады. Онымен әртүрлі тері ауруларын да емдеуге болады. Жас жапырақтарының бактериоцидті әсері бар. Тұнбасын ауыз қуысын, көмейді шаю үшін де қолданады.
Тамырының қайнатпасын 1:10 қатынасында дайындап, салқын жерде 2 тәуліктей сақтауға болады. Ауыз қуысы арқылы жылқы мен сиырға – 15-20 г, итке – 0,2-1 г мөлшерінде тағайындайды.
Шағыр тікен – Татарник колючий.
Қолданылуы. Мал дәрігерлерінің тәжірибесінде зәр айдайтын, іш өткізетін және іріңді жараларды емдейтін дәрі ретінде қолданылады.
Тұнба жасау үшін шикізаттың 40-50 грамын қайнап тұрған 600 мл суға салып, 25-30 минут тұндырады да, суытып, дәкемен сүзеді. Дайын тұнбаны ірі малға – 30-80 мл, ұсақ малға - 10-20 мл мөлшерінде күніне 3 рет береді. Оның қою тұнбасымен іріңді жараларды жуып емдейді.
Шеңгел – Стальник пашенный.
Қолданылуы. Түйе, ешкілер жақсы жейді. Кей жерде ешкі қоңырау деп те атайды. Мал дәрігерлік тәжірибеде тамыр тұнбасын бүйрегі мен қуығында тас пайда болған малды емдейді. Ол үшін ұнтақталған өсімдік тамырының 60 грамын 2 литр суға салады да, оның 1 литрі қалғанша қайнатады. Тұнбаны суытып, дәкемен сүзеді де, ірі малға – 75-100 мл, бұзау мен құлынға – 50-75 мл, қойға – 30-50 мл мөлшерінде күніне 3 рет 5 күндей қатарынан береді. Денедегі ісік 3-4 күнде қайтып, ауру мал оңалады.
Ырғай – Бузина черная.
Қолданылуы. Шикізаттан дайындалған тұнбаның зәр айдайтын, тер шығаратын қасиеттеріне байланысты оны бүйректер мен қуықтың қабынуын емдеуге қолданады. Тұнба 1:10 қатынасында жасалады.
Малға кептірілген гүлі мен жемісін төмендегідей мөлшерде беруге болады: жылқыға – 30-90 г, ірі қараға – 20-70 г, қойға – 15-30 г. Оны қуаңшылық жылдары витаминді азық ретінде жемшөпке араластырып береді.
Халық емінде ырғайдың жас жапырағын сүтке қайнатып алып іріңді жараларды, күйікті таңып емдеген.
№13 Дәріс
Зат алмасу процессінің бұзылуынан болатын ауруларды
емдеуге қолданылатын дәрілік заттар.
Қазіргі кезде малдарда кездесетін зат алмасуының бұзылуынан болатын 30-дан астам аурулар белгілі. Бұл аурулар көп себепті аурулардың қатарына жатқанымен, сол себептердің ең бастысы оларды азықтандырудың дұрыс болмауы екені сөзсіз. Ауруларды анықтаудың өз ерекшеліктері бар: организмге азықпен түсетін қоректік заттардың организмдегі метаболиттерін зерттеу, олардың ішіндегі зиянды заттардың ары қарай ыдырау процессін білу, зат алмасу процессінің бір-бірімен тығыз байланыста жүретінін ескеру, топты малдың ауыратынына көңіл бөлу, заттардың ыдырауына ферменттердің әсерінің зор екенін біле отырып, оларды анықтау әдістерін үйрену және т.б. жағдайлар.
Аурулардың себептері мен клиникалық өзгерістеріне зер қоя отырып оларды 4 топқа жіктеуге болады:
Организмдегі негізгі заттардың (көмірсутегі, белок, май) алмасуларының бұзылуларының басымырақ болуынан болатын аурулар;
Минералды заттардың алмасуларының бұзылуларының басымырақ болуынан болатын аурулар;
Микроэлементтердің жеткіліксіздігінен, немесе олардың организмге қалыптан тыс, артық түсуінен болатын аурулар;
Гиповитаминоздар.
Кез келген зат алмасуының бұзылуы жеке ауру болып кездесе бермейді және аурудың негізгі белгілері бірден көзге түспейді. Аурудың басталуы мен оның клиникалық белгілерінің білінуге дейінгі аралығы ұзаққа созылуы мүмкін. Бірақ, ауру малдың өнімділігі төмендейді, организмнің резистенттілігі нашарлайды. Ондай аналық малдан толық жетілмеген, әлсіз, әлжуаз төл алынады.
Зат алмасу процессінің бұзылуынан болатын аурулардың ішінде қазіргі шаруашылықтарда жиі кездесетіні витаминдердің алмасуларының бұзылуларынан болатын аурулар. Витаминдердің өздеріне тән жалпы биологиялық заңдылықтары бар:
К және В тобының витаминдерінен басқа витаминдер тек қана организмнен тысқары жерде түзіледі. Ал К және В тобының витаминдерінің түзілуіне, егер малдың азығының құрамы дұрыс болса, ас қорыту жүйесінің микрофлорасы қатынасады. А және Д витаминдері өздерінің провитаминдерінен, мал организмінің тіндерінде түзіледі;
витаминдер организмде пластикалық зат немесе энергия көзі ретінде пайдаланылмайды. Олар коферменттердің құрамына кіру арқылы организмде болатын химиялық процесстерге әсер етеді;
организмде витаминдердің жеткіліксіздігі патологиялық процесс тудырады. Оны емдеу үшін тиісті витаминдер қолданылады;
витаминдердің жоғарғы дозасы күшті фармакологиялық препарат ретінде қолданылады.
Витаминдердің негізгі көзі өсімдіктер. Оларда витаминдер таза түрінде немесе провитаминдер түрінде түзіледі де, мал организмінде витаминге айналады.
Мал дәрігерлік тәжірибеде витамин препараттары олардың организмдегі жеткіліксіздігін қамтамасыз ету, организмнің резистенттілігін жоғарылату үшін; көптеген ауруларды емдеу немесе олардың алдын алу үшін кеңінен қолданылады.
Балдырлар – Хлорофелла. Бір торшалы су өсімдіктері. Шалшық тоқтау сулар мен су қоймаларына күн сәулесі түскенде олардың көк түске боялуы хламидоманада деп аталатын бір торшалы жасыл балдырлардың әсері. Табиғи су қоймаларында хлорелла деп аталатын бір торшалы балдырлар өседі. Олар тұщы су қоймалары мен топырақта кең тараған. Торшаларын микроскоп арқылы анықтағанда – пішіні домалақ, көлемі ұсақ.
ХХ ғасырдың 70-ші жылдары Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтының ғалымдары хлорелланы қолдан өсіріп, оқу-тәжірибе шаруашылығындағы малдарға қосымша витаминді азық ретінде қолданды. Мал өнімін арттыруда жақсы нәтиже алынып, бұл тәжірибені одақ көлемінде таратуға шешім қабылданғаны белгілі.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде мал азығы және витамин қоры ретінде қолданылады.
Бұрыш самалдық – Перец водяной.
Қолданылуы. Мал дәрігерлерінің тәжірибесінде шикізат ұнтақталынып, ауру малдың жемшөбіне витаминдік қоспа ретінде араластырылып беріледі. Берілу мөлшері: жылқы мен ірі қараға – 100-170 г, қойға – 80-140 г, қозыға – 50-70 г.
Көк шөбінен жасалған тұнбамен (1:10) малдың қабынып ауырған жатырын жуып емдеуге болады.
Жабайы алма – Яблоня лесная.
Қолданылуы. Организмде витаминнің жеткіліксіздігінде, қан азайғанда, ас қорыту жүйесінің ауруларында, жалпы организмнің резистенттілігін көтеру үшін қолданылады. Оның қайнатпасы төлдің ішінің өтуін тоқтатады.
Қайнатпасын дайындау үшін 1 литр суға 100 г ұсақталған шикізатты қосады. Оны бұзауға 10 миллилитрден 1 кг салмағына есептеп, азық берерден 30 минут бұрын, күніне 3-4 рет ішкізеді.
Жиде – Жигида.
Қолданылуы. Мал дәрігерлерінің тәжірибесінде витаминдік қосымша азық ретінде қыс соңында және көктем кезінде төлге беріледі. Оны ұнтақтап, жемге қосып, бұзау мен құлынға - 160-200 г, қозыға – 50-70 г мөлшерінде тағайындайды. Іші өткен бұзауға жемісінен 1:10 қатынасында тұнба жасап ішкізеді.
Зирек – Барбарис обыкновенный.
Қолданылуы. Мал дәрігерлерінің тәжірибесінде шикізат арықтап, әлсіреген және ауру малға витаминдік азық ретінде беріледі. Жапырағынан жасалған қою тұнба (1:3) іштен, теріден, бұлшық еттен аққан қанды тоқтату үшін де қолданылады.
Итмұрын – Шиповник коричный.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде жеміс көп витаминді азық ретінде төлге беріледі. 1:10 қатынасында дайындалған тұнбасы организмде витаминдер жетіспегенде, бауыр, асқазан-ішек ауруларында және әлсіреген малдың жалпы күйін көтеруге пайдаланылады. Оны дайындау үшін 40-50 г құрғақ жемісті жарты литр суға салып он минут бойы ақырындап қайнатады да, суытып, дәкемен сүзеді. Дайын тұнба бұзауға – 100-150 мл, қозыға – 30-50 мл мөлшерінде күніне 2-3 рет ішкізіледі.
Кеуел – Каперсы колючие.
Қолданылуы. Оны азықтық жидек ретінде қолдануға болады. Ерте кезде адамдар тағам ретінде де пайдаланған. Мал дәрігерлерінің тәжірибесінде ұсақталған кеуел жемісін, тамырын ауырып, көтерем болған малдың жемшөбіне араластырып береді. Берілетін тәуліктік мөлшері: ірі малға – 100-150 г, ұсақ малға 50-75 г.Тұнбасын 1:10 қатынасында дайындап буыны іскен, бруцеллезбен ауыратын малды емдеуге, орталық нерв жүйесін тыныштандыру үшін ірі малға - 150-200 мл, қойға – 50-70 мөлшерінде береді.
Қалақай – Крапива двудомная.
Қолданылуы. Құнарлығы жағынан бұршақ тұқымдас азықтарға жуық келетін мал азығы. Оның құрамында каротин сәбіздегіден, ал аскорбин қышқылы қара қарақаттағыдан да көп. Оның қан тоқтататын және қандағы эритроциттер мен гемоглобиннің мөлшерін көбейтетін де қасиеттері бар.
Төлдерге ас қорыту жүйесінің ауруларының және авитаминоздардың алдын алу үшін қалақай жапырағының тұнбасын ішкізеді.
Таза жапырағының дозасы: ірі малға – 25-50 г, қойға – 10-15 г, шошқаға – 10-20 г, құсқа – 3-10 г күніне 3-4 рет беріледі.
Тұнбасын 1:20 қатынасында дайындап, бұзауға бір стақаннан әрбір 3-4 сағат сайын, азықтандырардан 30-40 минут бұрын ішкізеді. Брикеттен тұнба дайындау үшін оның бір бөлігін бір стақан қайнаған суға салып, 10 минут суытады да, сүзіп алады.
Қалампыр – Гвоздика разноцветная.
Қолданылуы. Мал дәрігерлерінің тәжірибесінде қалампырды ұнтақтап, қыс және көктем айларында арықтаған малдың жемшөбіне қосып береді. Жетіспейтін витаминнің орнын толтырады және малдың азыққа деген тәбетін жақсартады. Тәуліктік мөлшері: ірі малға – 150-250 г, қойға – 70-120 г, бұзауға – 50-150 г, қозыға – 20-40 г. Қалампырдың 1:10 қатынасында жасалған тұнбасымен сиырдың, саулықтың жатырын жуып-шайып емдегеннің нәтижесі жақсы.
Қара қарақат – Смородина черная
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде кептірілген жапырақ витаминді дәрі ретінде көктем айларында төлдерге жемге араластырылып беріледі. Тәуліктік берілу мөлшері: бұзау мен құлынға – 100-170 г, қозыға – 50-60 г.
Қарақаттың жапырағы мен жемісін тең мөлшерде араластырып, 1:10 қатынасындай етіп, тұнба жасап, төлге тағайындауға болады.
Қарағай – Сосна обыкновенная.
олданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде қылқан жапырақтары, бүршіктері ауырып, арықтаған малға қосымша витаминдік азық ретінде де, дәрі ретінде де беріледі. Қуаңшылық жылдары қарағайдың қылқан жапырақтары, бүршіктері мен жас бұтақшалары жаз, күз айларында дайындалып, кептіріледі де, азық цехтарында буланып, мал азығына араластырылып құнды жемшөп ретінде беріледі. Тәулігіне берілу мөлшері орта есеппен: ірі малға – 300-500 г, қой мен ешкіге - 100-150 г, бұзау мен құлынға – 150-200 г.
Орман бүлдіргені – Земляника лесная.
Қолданылуы. Жемісі витамин қоры, ас қорыту жүйесінің ағзаларының жұмысын жақсартады; малдың тәбетін арттырады; бауыр, бүйрек ауруларында қолданады. Оның қалың өскен жерінен жас бұтақшаларын жапырағымен қоса орып алып, кептіріп, құрғақ орындарда сақтайды. Көктемде төлдерге витаминдік қосымша азық ретінде жемге араластырып береді.
Шетен – Рябина обыкновенная.
Қолданылуы. Төл организмінде витаминдер жетіспегенде одан сөл дайындап ішкізеді.
Халық емінде оның жемісін бауыр, өт ауруларын емдеуге; зәр, өт айдауға; бүйректегі, қуықтағы тасты түсіруге; іш өткізу үшін пайдаланған.
Малға берілу мөлшері: ірі малға – 100-200 г, қой мен ешкіге – 10-30 г. Тұнбасы 1:10 қатынасында дайындалады да, бұзау мен құлынға – 150-200 мл, қозы мен лаққа – 50-70 мл мөлшерінде күніне 3-4 рет ішкізіледі.
Шие – Вишня обыкновенная.
Қолданылуы. Оның тұнбасы қақырық түсіру, малдың тәбетін ашу, зәр мен өт айдау, тер шығару үшін пайдаланылады. Бүйректер мен қуықтағы тасты түсіру; бүйрек, өкпе, өңеш ауруларын емдеу үшін қолданылады. Оның іштің өтуін тиятын да қасиеті бар.
Тұнба жасау үшін 50 г шикізат (жемісі, жпаырағы, бүршігі) 1 литр суға салынып, 10-12 минут қайнатылады да, сүзіліп дайындалады. Дайын тұнба бұзау мен құлынға – 100-150 мл, қозыға – 30-50 мл мөлшерінде күніне 3 рет ішкізіледі.
Мал дәрігерлік тәжірибеде шиенің жапырағы мен бүршігі ұсақталып, төлдің күнделікті азығына, витаминдік қосымша азық ретінде, бұзау мен құлынға – 20-25 г, қозыға – 10-15 г мөлшерінде беріледі.
Шырғанақ – Облипиха крушевидная.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде жемісі мен жапырағы витаминдік қосымша азық ретінде қолданылады. Кептірілген жапырақ пен жемісі әбден ұсақталып, төлдің азығына қосылып беріледі. Құлын мен бұзауға – 100-150 г, қозыға – 30-50 г.
№14 Дәріс
Малдың гельминт құрттарын түсіруге қолданылатын
дәрілік заттар.
Ақ мия немесе у таспа шөп – Термопсис ланцетный.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде мал ішегіндегі гельминтті құрттарды түсіру үшін қолданылады. Тұнба ірі мал үшін 1:100, төл үшін 1:200 қатынасында дайындалады. Оның орта есеппен берілу мөлшері: ірі қара мен жылқыға – 0,5-0,8 г, қой мен бұзауға – 0,1-0,2 г. Қозыға тұнба 1:200 қатынасында жасалып, 50-70 мл-ден күніне 2 рет ішкізіледі. Мал ішіндегі құрттар өледі де, нәжіс арқылы организмнен бөлінеді. Өкпе мен бауырдағы құрттарды жою үшін де осы тұнбаны қолдануға болады.
Дермене – Полынь цитварная.
Қолданылуы. Улы өсімдік болғандықтан, тек мал дәрігерлерінің рұқсатымен ғана қолданылады. Судағы тұнбасын дайындау үшін 10 г шикізатты жарты литр суға салып, 20 минут тұндырады. Бұзауға сүт берер алдында 150 грамнан күніне 3 рет береді.
Спирттік тұнбасын жасау үшін 100 г өсімдікті 500 мл этил спиртіне салып, 10 күн бойы жылы жерде ашытады. Тұнба қозыға 20 тамшыдан, бұзауға 50 тамшыдан күніне 3 рет беріледі.
Арнайы орындарда әртүрлі тұнба, экстрактылар жасайды. Олар дәріханаларда сатылады. Мал дәрігерлік тәжірибеде дайын препараттар малдың ішегіндегі гельминт және іш құрттарын жою үшін қолданылады.
Еркек у сасыр – Папортник мужской.
Қолданылуы. Мал дәрігерлік тәжірибеде тамыр тұнбасын мал ішегіндегі гельминт құрттарды түсіруге қолданады.
Тұнба 1:10 қатынасында дайындалады. Ірі қараға – 50-120 мл, қойға – 15-30 мл, қозыға – 5-10 мл мөлшерінде күніне 2 рет ішкізіледі. Дәрі улы, сондықтан оны тек қана мал дәрігерлерінің қадағалауымен қолдану керек.
Достарыңызбен бөлісу: |