77-бап. Қоғамдық денсаулықты сақтаудың басым бағыттары
1. Қоғамдық денсаулықты сақтаудың басым бағыттары:
1) халықтың медициналық-әлеуметтік белсенділігін және саламатты өмір салтын ұстануды қалыптастыру арқылы денсаулықты нығайту;
2) халықтың денсаулықтың негізгі аспектілері мен қауіп факторлары туралы хабардар болу деңгейін арттыру;
3) мемлекеттік реттеуді күшейту;
4) инфекциялық және басым инфекциялық емес ауруларды эпидемиологиялық қадағалау;
5) барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен ведомстволардың, қоғамдық ұйымдардың, бизнес қоғамдастықтардың және басқа да мүдделі жеке және заңды тұлғалардың сектораралық жұмысын ұйымдастыру болып табылады.
2. Қоғамдық денсаулық сақтау қызметі бұл мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық ұйымдардың саламатты өмір салтын насихаттауға, дұрыс тамақтануға, мінез-құлықтық қауіп факторларының денсаулыққа әсерін бағалауға, инфекциялық және инфекциялық емес аурулардың профилактикасына бағытталған қызметі.
78-бап. Қоғамдық денсаулықты сақтау саласындағы статистикалық байқау
1. Денсаулық сақтау статистикасы – халықтың денсаулығы, денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы және денсаулық сақтау ресурстарын пайдалану туралы статистикалық деректерді қамтитын статистика саласы.
2. Денсаулық сақтау саласындағы статистикалық байқауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
3. Денсаулық сақтау саласындағы статистикалық байқауды жүзеге асыру тәртібін, денсаулық сақтау саласындағы статистикалық есеп пен есептілік нысандарын, оларды жүргізу, толтыру тәртібін және ұсыну мерзімдерін уәкілетті орган белгілейді.
4. Денсаулықтың статистикалық көрсеткіштері статистикалық талдау, ресурстарды болжау және денсаулық сақтаудағы процестерді модельдеу, денсаулық сақтау жүйесінің саясатын жоспарлау, басқарушылық шешімдер қабылдау үшін қолданылады.
5. Денсаулық сақтау саласындағы ресми статистикалық ақпарат жалпыға қолжетімді болып табылады және оны уәкілетті орган бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде ресми интернет-ресурста орналастырады.
12-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы адамдардың құқықтары мен міндеттері
79-бап. Денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз ету кепілі
1. Қазақстан Республикасы азаматтары денсаулығын сақтауға бұлжымас құқығы бар.
2. Мемлекет Қазақстан Республикасының азаматтарына:
1) денсаулық сақтау құқығына;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсынуға;
3) медициналық көмекке тең қол жеткізуге;
4) медициналық көмектің сапасына;
5) дәрілік заттардың қолжетімділігі, сапасы, тиімділігі және қауіпсіздігіне;
6) аурулардың профилактикасы, саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар өткізуге;
7) жеке өмірге қол сұғылмаушылық, медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын мәліметтерді сақтауға;
8) ұрпақты болуды таңдау еркіндігі, ұрпақты болу денсаулығын сақтау және ұрпақты болу құқықтарын сақтауға;
9) санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылыққа кепілдік береді.
3. Қазақстан Республикасы Қазақстан Республикасының азаматтарына қандай да бір аурулар мен жай-күйлердің болуына байланысты кемсітушілік пен стигматизацияның кез келген нысандарынан қорғауға кепілдік береді.
80-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары
1. Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға;
2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуге;
3) дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдауға;
4) пациент стационарлық жағдайда емделуде болған жағдайда емдік тамақ алуға;
5) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өз қаражаты, ұйымдардың, ерікті медициналық сақтандыру жүйесінің қаражаты және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де көздер есебінен қосымша медициналық көмекке;
6) ақылы негізде медициналық және медициналық емес көрсетілетін қызметтерді алуға;
7) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен көрсетілімдер болған кезде бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде медициналық көмек алуға;
8) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық фактісін куәландыратын тиісті құжаттарды алуға және ұсынуға;
9) мемлекеттік органдардан, ұйымдардан және емдеуші дәрігерден олардың құзыреті шегінде аурудың профилактикасы, диагностикасы, оларды емдеу және медициналық оңалту әдістері, клиникалық зерттеулер, мекендеу ортасының жай-күйін, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайларын, дұрыс тамақтану мен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қоса алғанда, денсаулыққа әсер ететін факторлар туралы дәйекті ақпаратты өтеусіз және тұрақты түрде алуға;
10) мемлекеттік органдардан, тәуелсіз сараптама ұйымдарынан және дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерден өткізілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі, тиімділігі мен сапасы туралы ақпарат алуға;
11) медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын мәліметтерді қорғауға;
12) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған медициналық көмек көрсету кезінде денсаулыққа келтірілген зиянды өтеуге;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз денсаулығын сақтау саласындағы өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға;
14) медицина және фармацевтика қызметкерлерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) денсаулық сақтау ұйымына, жоғары тұрған органға медиация тәртібімен және (немесе) сот тәртібімен шағым жасауға;
15) мемлекеттік медициналық сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда, жоғары тұрған органдарға тәуелсіз сарапшыларды тарту туралы өтінішхат беруге;
16) донор ретінде әрекет ету мүмкіндігі туралы ерік білдіруге;
17) жеке басын куәландыратын құжаттарда және өзге де құжаттарда бас тартуды тіркеу мүмкіндігімен, транспланттау мақсатында тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) қайтыс болғаннан кейін олардан тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөлігін) алудан бас тарту туралы ерік білдіруге;
18) хабардар етілген және ерікті келісім беруге немесе емделуге және басқа да медициналық араласудан бас тартуға;
19) қосымша төлемге;
20) созылмалы емделмейтін ауруларды емдеу кезінде ауырсынуды басуға арналған терапия алуға құқылы.
2. Әйелдердің ана болу туралы мәселесін шешуге және отбасын жоспарлау және өз денсаулығын сақтау мақсатында қаламаған жүктіліктің алдын алудың қазіргі заманғы әдістерін еркін таңдауға құқығы бар.
Азаматтардың ана болуды қорғау құқығы:
1) ұрпақты болу жасындағы әйелдерді медициналық қарап - тексеру, динамикалық байқау және сауықтыру жүргізу;
2) науқас баланы күту жөніндегі стационарға түскен кезде әйелдердің ұрпақты болу денсаулығына және баланың денсаулығына тікелей әсер ететін негізгі ауруларды медициналық көрсетілімдері бойынша емдеу қамтамасыз етіледі.
81-бап. Балалардың құқықтары
1. Осы Кодекстің 80-бабында көзделген құқықтардан басқа, әрбір баланың:
1) денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі заманғы және тиімді қызметтерін және ауруларды емдеу және денсаулықты қалпына келтіру құралдарын пайдалануға;
2) денсаулықты сақтау саласында білім алуға;
3) профилактикалық медициналық қарап-тексерулер және динамикалық байқау, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сауықтыру және вакцинациялауға;
4) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен сауықтыру және ұйымдастырылған демалыс кезеңінде медициналық көмек алуға;
5) санитариялық-гигиеналық ағарту, олардың физиологиялық ерекшеліктеріне және денсаулық жағдайына сәйкес келетін және оларға қолайсыз факторлардың әсерін болдырмайтын жағдайларда оқыту мен еңбек етуге;
6) бекітілген орны бойынша кәсіби жарамдылығын анықтау кезінде ақы алмай медициналық консультация алуға;
7) оқуға түсу және жұмысқа орналасу кезінде бекітілген орны бойынша денсаулық жағдайы туралы медициналық құжаттарды тегін негізде алуға;
8) денсаулық жағдайы туралы ақпаратты олар үшін қолжетімді нысанда алуға;
9) салауатты өмір салты мен дұрыс тамақтану туралы, темекі шегудің, алкогольді тұтынудың және психикаға белсенді заттардың зияны туралы қолжетімді нысанда ақпарат алуға;
10) қаламаған жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың таралуын болдырмау мақсатында дұрыс жыныстық мінез-құлық туралы ақпаратты қолжетімді нысанда алуға;
11) паллиативтік медициналық көмек алуға құқығы бар.
2. Кәмелетке толмағандардың адамгершілік-жыныстық білім беру және оларды тәрбиелеу, ұрпақты болу денсаулығын сақтау жөніндегі білім беру бағдарламаларын әзірлеуді, оларды отбасылық өмірге дайындауды білім беру саласындағы уәкілетті орган уәкілетті органмен келісім бойынша қамтамасыз етеді.
3. Он алты жастағы және одан ересек кәмелетке толмағандар жүктілікті жасанды үзуді қоспағанда, медициналық араласуларды қолдана отырып, ақпараттандырылған ерікті келісімге немесе профилактикалық, консультациялық-диагностикалық, емдік және оңалту көмегін көрсетуден бас тартуға құқылы.
4. Бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж ересек жастағы науқас балаларды стационар жағдайында емдеу кезінде балаларды күтуді тікелей жүзеге асыратын анасына (әкесіне) немесе өзге адамға медициналық ұйымда олармен бірге болу мүмкіндігі беріледі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмысқа уақытша жарамсыздық туралы парақ немесе анықтама беріледі.
Бала емізетін ана бір жасқа дейін медициналық ұйымда баланы күту бойынша болған барлық кезеңінде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
5. Бес жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ, дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімге мұқтаж ересек науқас балаларды амбулатория және стационарды алмастыратын жағдайларда емдеу кезінде балаларды күтуді тікелей жүзеге асыратын анасына (әкесіне) немесе өзге адамға баланы күту бойынша болудың барлық кезеңінде медициналық ұйымда олармен бірге болу мүмкіндігі беріледі және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмысқа уақытша жарамсыздық туралы парақ немесе анықтама беріледі.
6. Мектеп жасындағы балалардың стационарлық жағдайларда мамандандырылған, паллиативтік медициналық көмек алу, сондай-ақ қалпына келтіру емін алу мен медициналық оңалту кезеңінде уәкілетті орган белгілеген тәртіппен үздіксіз білім алуға құқығы бар.
Балаларға медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары ойындар, демалыс және тәрбие жұмыстарын жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасайды.
7. Мүмкіндіктері шектеулі, АИТВ жұқтырған балалардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау алуға құқығы бар.
АИТВ жұқтырған балалардың балалар үйінде және жалпы өзге де медициналық және оқу-тәрбиелеу ұйымдарында болуға құқығы бар.
АИТВ жұқтырған аналардан туған балалар белгіленген тамақтану нормаларына сәйкес тегін бейімделген сүт қоспаларын алуға құқығы бар.
8. Балаларды балалар үйіне және білім беру ұйымдарына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарға орналастыруға медициналық қарсы көрсетілімдер тізбесін уәкілетті орган бекітеді.
9. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар үш жасқа толғанға дейінгі жасты қоса алғанда уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік медициналық ұйымдарда ұсталуы мүмкін.
82-бап. Ұрпақты болу құқықтарын қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мен отбасының құқықтары
1. Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) ұрпақты болуды еркін таңдауға;
2) ұрпақты болу денсаулығын сақтау және отбасын жоспарлау жөніндегі қызметтер алуға;
3) өзінің ұрпақты болу денсаулығының жай-күйі туралы дұрыс және толық ақпарат алуға;
4) бедеулікті, оның ішінде Қазақстан Республикасында рұқсат етілген қазіргі заманғы ұрпақты болудың қосалқы әдістері мен технологияларын қолдана отырып емделуге;
5) қаламаған жүктілікті болдырмауға;
6) ана болу қауіпсіздігіне;
7) жыныстық жасушалардың, ұрпақты болу ағзалары тіндерінің донорлығына;
8) контрацепция әдістерін пайдалану және еркін таңдауға;
9) хирургиялық стерилдеуге;
10) жүктілікті жасанды үзуге;
11) өзінің ұрпақты болу құқықтарын қорғауға;
12) балалардың санына және олардың некеде немесе некеден тыс туу уақытына, туу арасындағы ана мен баланың денсаулығын сақтау үшін қажетті интервалдарға қатысты шешімді еркін қабылдауға;
13) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыныстық жасушаларды, ұрпақты болу ағзалары тіндерін, эмбриондарды сақтауға құқылы.
2. Азаматтар өздерінің ұрпақты болу құқықтарын жүзеге асыру кезінде басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтауға міндетті.
3. Азаматтар медициналық көрсетілімдер бойынша отбасын жоспарлау, әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың болуы мәселелері бойынша, отбасылық-неке қатынастарының медициналық-психологиялық аспектілері бойынша консультацияларға, сондай-ақ ұрпақтағы ықтимал тұқым қуалаушылық және туа біткен аурулардың алдын алу мақсатында медициналық ұйымдарда медициналық-генетикалық және басқа да консультациялар мен зерттеп-қарауға құқығы бар.
4. Баланың әкесіне немесе отбасының өзге мүшесіне жедел босандыру жағдайларын қоспағанда, әйелдің денсаулық жай-күйін ескере отырып, оның келісімі болған кезде босандыру ұйымдарында тиісті жағдайлар (жеке босану залдары) болған және әкесінің немесе отбасының өзге де мүшесінің инфекциялық аурулары болмаған кезде бала туу кезінде қатысуға құқық беріледі. Мұндай құқықты іске асыру өтеусіз негізде жүзеге асырылады.
5. Қазақстан Республикасының АИТВ жұқтырған азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының басқа азаматтарымен тең дәрежеде бала асырап алуға құқығы бар.
6. Қазақстан Республикасының АИТВ жұқтырған азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосалқы репродуктивтік технологияларды қолдануға құқығы бар.
83-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының міндеттері
Қазақстан Республикасының азаматтары:
1) өз денсаулығын сақтауға қамқорлық жасауға, жеке және қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайтуға ортақ жауапкершілікте болуға;
2) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар төлеуге;
3) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен профилактикалық медициналық қарап - тексеруден, скринингтік зерттеулерден өтуге;
4) медицина қызметкерлерінің, мемлекеттік органдар мен денсаулық сақтау субъектілерінің жеке және қоғамдық денсаулығына қатысты тағайындауларын орындауға;
5) өз денсаулығын басқару процесіне, оның ішінде бар болған жағдайда созылмалы ауруларды басқару бағдарламаларына белсенді қатысуға, тағайындалған емдеуге бейілділік және ауру және оны емдеу әдістері, ықтимал қауіп-қатерлер мен асқынулар туралы ақпарат алуға мүдделі болуға;
6) медицина қызметкерлеріне өз ағзасының жеке ерекшеліктері туралы хабарлауға;
7) өз денсаулығы мен айналасындағылардың денсаулығын сақтау жөніндегі сақтық шараларын сақтауға, денсаулық сақтау субъектілерінің талап етуі бойынша зерттеп-қараудан және емделуден өтуге, медицина персоналын айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық және өзге де аурулардың болуы туралы хабардар етуге;
8) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын сақтауға міндетті.
АИТВ инфекциясын қоспағанда, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын Қазақстан Республикасының азаматтары зерттеп-қараудан және емделуден жалтарған жағдайда осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мәжбүрлеп куәландырылуға және емделуге тартылады.
Қазақстан Республикасының азаматтарын айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен мәжбүрлеп емдеуге жіберудің негіздері мен тәртібі осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.
84-бап. Жүкті әйелдер мен аналардың денсаулық сақтау саласындағы құқықтары мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасында мемлекет ана болуды қорғайды және көтермелейді.
2. Жүкті әйелдер:
1) Қазақстан Республикасының аумағында рұқсат етілген әдістерді қолдана отырып, жүкті болу кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін, оның ішінде мерзімінен бұрын босану мен өлі туудың халықаралық өлшемшарттарымен айқындалатын денсаулығын сақтауға және көмек алуға;
2) жүктілік кезеңінде, босану кезінде және босанғаннан кейін медициналық көмекке;
3) зерттеп-қарауды, емдеуді және медициналық араласуды кешіктіру әйел мен баланың (ұрықтың) өміріне қауіп төндіретін жағдайларды қоспағанда, жүктілік кезеңінде тек оның немесе заңды өкілінің келісімімен ғана зерттеп-қарау, емдеу және медициналық араласу, қарап - тексеруді, емдеуді және медициналық араласуды жүзеге асыру туралы шешімді дәрігер немесе дәрігерлердің консилиумы қабылдайтын жағдайларды қоспағанда, зерттеп-қаралуға, емделуге және медициналық араласуға;
4) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақыты режимін, жүктілігі мен босануы бойынша демалысты, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалысты және жүкті әйелдер мен бала емізетін аналардың еңбек жағдайларын сақтауға;
5) жұмыс берушінің жұмыс орнын, лауазымын және орташа үш күндік жалақысын сақтай отырып, жүктілігі мен босануы бойынша он екі аптаға дейін зерттеп-қарауға және медициналық есепке қоюға уақыт беруге;
6) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де кепілдіктер мен көтермелеулерге құқылы.
3. Жүкті әйелдер:
1) жүктіліктің он екі аптасына дейінгі мерзімде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық қызмет көрсету үшін бекітілген жері бойынша жүктілігі және босануы бойынша медициналық есепке тұруға;
2) жүктілік кезінде, босану кезінде және босанғаннан кейін дәрігердің ұсынымдарын орындауға міндетті.
4. Егер әйел жүктілікке қарсы көрсетілімдер болған жағдайда жүктілікті жоспарласа, онда ол әйел мен шарананың денсаулығы, барлық қауіптер үшін, жүктілік кезінде және босанғаннан кейін күнтізбелік қырық екі күнге дейін толық жауапкершілікті өзіне алады.
85-бап. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қызметкерлердің денсаулығын сақтау жөніндегі міндеттері
1. Дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар өздері жүзеге асыратын қызметіне сәйкес:
1) санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізуге;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың талаптарын орындауға;
3) орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтер мен өнімді оны өндіру, тасымалдау, сақтау және халыққа сату, кәдеге жарату және жою кезінде олардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндірістік бақылауды жүзеге асыруға;
5) жаппай және топтық инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулар мен уланулар туындаған жағдайларда, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органды авариялық жағдайлар, өндірістің тоқтауы туралы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығына қатер төндіретін технологиялық процестердің бұзылуы туралы уақтылы хабардар етуге;
6) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жанама әсерлері анықталған жағдайда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы мемлекеттік органды уақтылы хабардар етуге;
7) айналасындағыларға инфекциялық және паразиттік ауруларды жұқтыру қаупі бар қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін қызметкерлерді гигиеналық оқытуды қамтамасыз етуге;
8) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның лауазымды адамдарына өз құзыретіне сәйкес зертханалық зерттеулер жүргізу үшін өнімдердің, шикізаттың, тауарлардың, өндірістік ортаның сынамаларын іріктеп алуды жүргізу мүмкіндігін ұсынуға;
9) медициналық қарап - тексеруден, гигиеналық оқытудан өткенін куәландыратын құжаты жоқ адамдарды жұмысқа жібермеуге, сондай-ақ АИТВ инфекциясын қоспағанда, денсаулық сақтау субъектілері анықтаған инфекциялық, паразиттік аурулармен ауыратын науқастарды және инфекциялық, паразиттік аурулардың қоздырғыштарын тасымалдаушыларды, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеуге қарсы көрсетілімдері бар адамдарды жұмыстан шеттетуге;
10) тауарлардың, өнімдердің, шикізаттың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес еместігі анықталған кезде оларды өткізуге жол бермеуге, сондай-ақ оларды пайдалану немесе кәдеге жарату мүмкіндігі туралы шешім қабылдауға;
11) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мәселелеріне қатысты есепке алу және есеп беру құжаттамасын тексеруге ұсынуға;
12) кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметті олар халықтың өміріне немесе денсаулығына қатер төнген жағдайда тоқтата тұруға;
13) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың объектілерді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің сақталуы тұрғысынан тексеру мақсатында оларға кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге;
14) өз қаражаты есебінен эпидемиологиялық көрсетілімдер мен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның лауазымды адамдарының нұсқамалары, қаулылары бойынша дезинфекциялық, дезинсекциялық және дератизациялық іс-шараларды жүргізуге;
15) «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар төлеуге міндетті.
2. Міндетті кезеңдік медициналық қарап-тексеру нәтижелері бойынша, дәрігерлік комиссиялардың ұсынымдарына сәйкес, көрсетілімдер болған кезде, жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен тереңдетілген медициналық зерттеп-қарауды, мамандандырылған емдеуді және медициналық оңалтуды, оның ішінде өздерінің еңбек міндеттемелерін орындау процесінде зиянды, қауіпті еңбек жағдайларының әсеріне ұшыраған адамдарды санаторийлік-курорттық емдеуді қамтамасыз етуге міндетті.
3. Жұмыс беруші қызметкерлер арасында денсаулықты нығайту және аурулардың профилактикасы үшін қолайлы жағдай жасайды.
86-бап. Оралмандардың, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және өзге де адамдардың құқықтары мен міндеттері
1. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын оралмандар, босқындар, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең алуға құқылы.
2. Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар, босқындар және баспана іздеген адамдар, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, тізбеге сәйкес және уәкілетті орган айқындайтын көлемде қатты аурулар және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген оралмандар, босқындар және баспана іздеген адамдар, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары сияқты денсаулық сақтау саласындағы міндеттерді атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |