265-бап. Жалған, контрафактілік дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар
1. Қазақстан Республикасының аумағында жалған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруге, әкелуге, сақтауға, қолдануға және өткізуге тыйым салынады.
2. Жалған, контрафактілік дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жойылуға жатады.
3. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер жалған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіргені, сақтағаны, таратқаны, өткізгені үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
4. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жалғандығына (сипаттамалары және (немесе) шығу көзі туралы анық емес мәліметтерді ұсыну) жалған өнімді өндіру үшін дайындалған және соған арналған аксессуарлар, бөліктер және материалдар да жатады.
5. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жалғандығын болғызбауды және оған қарсы күресті уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруші ұйымдармен, денсаулық сақтау субъектілерімен және қоғамдық ұйымдармен бірге жүзеге асырады.
6. Уәкілетті орган жалған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
266-бап. Фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін мониторингтеу
1. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында фармакологиялық қадағалау жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін мониторингтеуді жүргізеді.
2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы халық денсаулығын сақтауды және пациенттердің қауіпсіздігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында:
денсаулық сақтау және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерден, тұтынушылардан келіп түсетін, дәрілік заттың жағымсыз реакциялары, медициналық бұйымның қолайсыз оқиғалары (оқыс оқиғалары) туралы хабарламаларды жинауды, талдауды, бағалауды және верификациялауды;
Қазақстан Республикасындағы фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін мониторингтеу деректерінің негізінде, дәрілік заттардың тіркеу куәліктерін ұстаушылар, медициналық бұйымдарды өндірушілер беретін деректердің, басқа да дереккөздерден алынатын деректердің негізінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың «пайда-қатер» арақатынасын бағалауды жүргізеді.
3. Фармакологиялық қадағалауды және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігіне, сапасы мен тиімділігіне мониторинг жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
4. Фармакологиялық қадағалауды және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін мониторингтеуді денсаулық сақтау субъектілері, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер, сондай-ақ дәрілік заттардың тіркеу куәліктерін ұстаушылар және медициналық бұйымдарды өндірушілер, медициналық бұйымдарға сервистік қызмет көрсету жөніндегі ұйымдар жүргізеді.
5. Денсаулық сақтау субъектілері жағымсыз реакциялардың, оның ішінде дәрілік препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілмеген жағымсыз реакциялардың байқалу фактілері туралы, дәрілік препараттың басқа дәрілік препараттармен өзара әрекеттесу ерекшеліктері туралы, мөлшерден асыра қолдану, дәріге тәуелділік, теріс пайдалану туралы, дәрілік препарат тиімділігінің болмауы немесе төмен болуы туралы және медициналық бұйымдардың қолайсыз оқиғалары (оқыс оқиғалары) туралы уәкілетті органға жазбаша және уақтылы ақпарат беруге міндетті.
Дәрілік заттың тіркеу куәлігін ұстаушы және медициналық бұйымды өндіруші уәкілетті органға дәрілік препараттың қауіпсіздігі туралы мәліметтерді толық көлемде ұсынуға, сондай-ақ уәкілетті органға дәрілік препаратты немесе медициналық бұйымды қолдану кезіндегі жағымсыз реакциялардың және (немесе) қолайсыз оқиғалардың (оқыс оқиғалардың) байқалу фактілері туралы уақтылы ақпарат беруге міндетті.
6. Уәкілетті орган дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағында қолдануды тоқтата тұру, оған тыйым салу немесе айналыстан алып қою не олардың қолданылуын шектеу туралы шешімдер қабылдау кезінде басқа елдердегі фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін мониторингтеу деректерін ескереді.
267-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар туралы ақпарат
Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға және пайдалануға рұқсат етілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар туралы, мемлекеттік тіркеуден өтпеген, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін дәрілік заттар туралы, мемлекеттік тіркеу туралы шешімді кері қайтарып алу туралы, сондай-ақ дәрігердің рецептісі бойынша босатылатын дәрілік препараттар туралы ақпарат медицина және фармацевтика қызметкерлеріне арналған мамандандырылған баспасөз басылымдарында беріледі.
268-бап. Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр
1. Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр дәрілік заттардың фармакологиялық-терапиялық және (немесе) анатомиялық-терапиялық жіктемесінің негізінде әзірленеді.
2. Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды қалыптастыру үшін Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімі пайдаланылады.
3. Дәрілік зат Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген әрбір саудалық атауын көрсете отырып халықаралық патенттелмеген атауымен Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізіледі.
4. Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды қалыптастыру қағидаларын уәкілетті орган әзірлеп бекітеді.
269-бап. Дәрілік заттарды ұтымды пайдалану
1. Дәрілік заттарды ұтымды пайдалану формулярлық жүйені дамыту арқылы медициналық көмектің сапасын және емдеу нәтижелерін жақсарту үшін жүргізіледі.
2. Формулярлық жүйе қауіпсіз, тиімді, экономикалық тұрғыдан қолжетімді дәрілік заттарды оңтайлы пайдалануды қамтамасыз етеді. Формулярлық жүйенің қызметі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Денсаулық сақтау ұйымдары дәрілік заттардың ұтымды пайдаланылуын, клиникалық фармакологтарды, клиникалық фармацевтерді даярлауды және дәрілік заттарды ұтымды пайдалану бойынша денсаулық сақтау саласындағы мамандардың біліктілігін ұдайы арттыруды қамтамасыз етеді.
270-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасы
1. Қауіпсіз, сапалы және тиімді дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды дәрілік затты немесе медициналық бұйымды әзірлеушіден және (немесе) өндірушіден бастап тұтынушы қолданғанға дейін ілгерілету процесінде жүзеге асырылатын, адал бәсекелестік пен барлық қатысушы тараптардың жауаптылығына негізделген қызмет дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасы болып табылады.
2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ұтымды пайдалану мақсатында денсаулық сақтау субъектілері, кәсіптік қауымдастықтардың мүшелері, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасы мынадай шарттарын сақтауға міндетті:
1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарыққа ілгерілету қауіпсіз, сапалы және тиімді дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қатысты берілетін ақпараттың толықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге тиіс;
2) пациенттер, фармацевтика және медицина қызметкерлері дәрілік заттар туралы және олардың жанама әсерлері туралы қажетті әрі қолжетімді ақпарат алуға тиіс;
3) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарыққа ілгерілету этикалық нормалар сақтала отырып, объективті болуға және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс;
4) жарнамадағы мәліметтер мен деректер анық және ғылыми тұрғыдан расталған болуға тиіс.
4. Дәрілік заттарды тағайындайтын медицина қызметкерлеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жарнамалауға қатысуға, сондай-ақ өзі көрсететін қызметтер үшін сыйақы алуға жеке мүдделілік таныту мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізетін белгілі бір объектілерді ұсынуға тыйым салынады.
Медицина қызметкерлері өз құзыреті шегінде пациенттің қабылдауына болмайтын жағдайларды қоспағанда, тиісті медициналық көрсетілімдер болған кезде халықаралық патенттелмеген атауларымен дәрiлiк заттарға рецептілер жазып беруге міндетті.
Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізетін объектілердің мамандары дәрілік затты босату кезінде сатып алушыға (пациентке) қолында бар, жазып берілген рецептіге сәйкес келетін дәрілік препараттарды өзіндегі дәрілік заттардың барлығын, олардың құны мен қолдану ерекшеліктерін атап көрсете отырып, ұсынуға міндетті.
5. Күн сайынғы дәрігерлік конференциялар, ғылыми-практикалық конференциялар және (немесе) мамандандырылған семинарлар өткізуді қоспағанда, медициналық ұйымдарда және денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілер және (немесе) дистрибьюторлар өкілдерінің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілетуіне тыйым салынады.
Күн сайынғы дәрігерлік конференция – медициналық ұйымның өткен тәуліктегі жұмысты қорытындылау, клиникалық жағдайларды талқылау және талдау, сондай-ақ ұжымға медицина ғылымы мен клиникалық практиканың жаңа жетістіктері туралы ақпарат беру мақсатындағы жоспарлы кеңесі.
6-БӨЛІМ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ КАДРЛЫҚ САЯСАТ
29-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстар
271-бап. Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды ұлттық есепке алу жүйесі
1. Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды есепке алудың ұлттық жүйесі (кәсіби тіркелімі) дербестендірілген есепке алуды, сондай-ақ медицина және фармацевтика қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз ету мақсатында тіркеу, есепке алу, көші-қон, кету үшін база болып табылады.
2. Денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіби тіркелімі деректерінің негізінде еңбек нарығы мен адами ресурстардың дамуына мониторинг пен оны болжамдау, кадрлар даярлығын жоспарлау жүзеге асырылады.
3. Медицина қызметкерлері Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды есепке алудың ұлттық жүйесінде міндетті тіркелуге жатады. Маман сертификаты есепке алу жүйесінде тіркелген жағдайда жарамды.
4. Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды есепке алуды жүргізу жөніндегі ұлттық үйлестірушіні уәкілетті орган айқындайды.
272-бап. Денсаулық сақтау саласындағы біліктіліктің салалық жүйесінің ерекшеліктері
1. Денсаулық сақтау саласындағы біліктіліктің салалық жүйесі – бұл еңбек нарығы тарапынан денсаулық сақтау қызметкерлерінің біліктілігіне және денсаулық сақтау саласындағы білім беру жүйесі тарапынан біліктілік ұсынымына сұранысты құқықтық және институционалдық реттеу тетіктерінің жиынтығы, ол мыналарды:
1) денсаулық сақтау саласындағы біліктіліктің салалық шеңберін;
2) денсаулық сақтау саласындағы кәсіби стандарттарды;
3) денсаулық сақтау саласындағы білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын;
4) денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттау жүйесін;
5) денсаулық сақтау қызметкерлерін үздіксіз кәсіптік дамыту жүйесін қамтиды.
2. Денсаулық сақтау саласындағы біліктіліктің салалық шеңберін Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі 117-бабының 4-тармағына сәйкес уәкілетті орган және жұмыс берушілер бірлестігі әзірлейді және қайта қарайды.
3. Денсаулық сақтау саласындағы кәсіби стандарттар медицина және фармацевтика мамандықтары бойынша әзірленеді.
273-бап. Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық саясатты іске асыру қағидаттары
Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық саясатты іске асыру:
1) кәсіптік медициналық қауымдастықтарды, жұмыс берушілерді, медицина және фармацевтика кадрларын қоса алғанда, мемлекеттің және кәсіптік медициналық қауымдастықтың медициналық көмекті уақтылы және сапалы көрсетудегі ортақ жауапкершілігі;
2) денсаулық сақтау саласындағы нақты қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды реттеу;
3) денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды оқытуды (даярлауды) жүзеге асыруды бақылау және жәрдемдесу;
4) денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстар әлеуетін ұтымды және тиімді жүзеге асыру;
5) денсаулық сақтау саласындағы әкімшілік кадрлық ресурстардың мәртебесін нығайту;
6) денсаулық сақтау жүйесінің ағымдағы және болашақ қажеттіліктерін ескере отырып, кадрлық ресурстарды даярлау;
7) денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарын даярлау бағдарламаларын үздіксіз жетілдіру;
8) денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстардың білімін, құзыреттіліктерін, кәсіби даярлығын тәуелсіз бағалау;
9) кәсіптік қауымдастықтарды дамыту;
10) медицина қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуы;
11) денсаулық сақтау саласына қажетті кадрлық ресурстарға қолжетімділік;
12) қызметкерлердің тиісті құзыреттілігі мен бейіндерін қалыптастыру;
13) үздіксіз кәсіби даму (өмір бойы білім алу);
14) денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстардың өнімділігін арттыру;
15) әлеуметтік тану қағидаттарына негізделеді.
2. Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық саясат:
1) республикалық деңгейде – денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды басқарудың ұлттық саясатын бекітетін уәкілетті орган;
2) өңірлік деңгейде – денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды басқарудың өңірлік саясатын бекітетін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары;
3) денсаулық сақтау ұйымдары деңгейінде – корпоративтік кадрлық саясатты іске асыратын денсаулық сақтау ұйымдары деңгейінде қалыптастырылады.
3. Медицина және фармацевтика кадрларын даярлауды жоспарлауды уәкілетті орган, орталық атқарушы органдар және әскери-медициналық (медициналық) бөлімшесі бар өзге де орталық мемлекеттік органдар, сондай-ақ саланың қажеттілігін ескере отырып, өзінің құзыреті шегінде денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады.
274-бап. Денсаулық сақтау қызметкерлерін үздіксіз кәсіби дамыту
1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби дамуы кәсіби білім мен дағдыларды, медициналық көмектің қауіпсіздігін арттыру мақсатында мамандардың қажеттіліктерін ескеретін қосымша құзыреттіліктерді меңгеруін жетілдіруге бағытталған.
2. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби даму нәтижелерін қосымша және бейресми білім алу туралы кәсіби тіркелімнің есепке алу деректерінің, сондай-ақ кәсіби даму бойынша өзге іс-шаралардың, құзыреттілігі деңгейі, практикалық жұмыс өтілінің негізінде кәсіптік қауымдастық растайды.
3. Медицина және фармацевтика қызметкерінің үздіксіз кәсіби даму нәтижелерін растау кәсіби стандартта белгіленген біліктілік деңгейіне қойылатын талаптарды және денсаулық сақтау қызметкерлерінің лауазымдық міндеттеріне қойылатын талаптарды ескере отырып жүргізіледі.
4. Кәсіптік медициналық қауымдастықтар қосымша және бейресми білім берудің кәсіби стандарттарын және жалпы білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады.
5. Кәсіптік медициналық қауымдастықтар үздіксіз кәсіби даму жетістіктерінің негізінде медицина және фармацевтика қызметкерінің біліктілігін тиісті растамағаны үшін жауапты болады.
6. Кәсіптік қауымдастықтың маманның біліктілігін растаудың белгіленген тәртібін бұзуы фактілері анықталған жағдайда уәкілетті орган кәсіптік қауымдастықты аккредиттеуден айырады.
30-тарау. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесі
275-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесі және олардың құқықтары
1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбек заңнамасында және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген негізгі кепілдіктерге, оның ішінде:
1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуді қоса алғанда, қызметкердің еңбек міндеттерін орындау үшін тиісті жағдайлар жасауға;
2) Денсаулық жағдайы бойынша еңбек міндеттерін орындау мүмкін болмаған кезде және ұйымды таратуға байланысты қызметкерлердің штатын қысқартумен байланысты қызметкерлері жұмыстан шығарылған кезде жұмыс берушінің немесе осы мақсаттарға заңнамада көзделген бюджет қаражатының есебінен біліктілігін арттыруға немесе кәсіби біліктілігін өзгертуге;
3) біліктілік деңгейіне сәйкес келетін еңбекақы алуға;
4) біліктілік деңгейіне, жұмыстың ерекшелігі мен күрделілігіне, еңбек көлемі мен сапасына, сондай-ақ қызметтің нақты нәтижелеріне сәйкес еңбегін ынталандыруға;
5) кәсіптік қауымдастықтарды құруға;
6) медицина қызметкері тарапынан ұқыпсыз немесе немқұрайлы қарау болмаған кезде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені үшін кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруға;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымдық міндеттерін орындау кезінде өміріне және денсаулығына келтірілген зиянды өтеуге;
8) медициналық қызметке рұқсат беру құжаттары болған кезде жеке медициналық практиканы және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға;
9) шұғыл медициналық көмек көрсету үшін пациентті жақын орналасқан медициналық ұйымға тасымалдаған жағдайда, заңды және жеке тұлғаларға тиісті байланыс құралдарын кедергісіз және тегін пайдалануға;
10) жүріп-тұру сипатындағы қызметіне байланысты көлік шығыстарын өтетуге құқығы бар.
2. Медициналық қызметпен айналысуға техникалық және кәсіби, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімі бар және медициналық мамандықтар бойынша маман сертификатымен расталған қызметкерлердің құқығы бар.
3. Резидент дәрігерлердің оқу кезеңінде тәлімгердің қадағалауымен маман сертификатына сәйкес медициналық ұйымдарда жұмыс істеуге құқығы бар.
4. Мамандығы бойынша жұмыс өтілінде үш жылдан артық үзілісі болған маман сертификаты бар медицина қызметкерлері уәкілетті орган аккредиттеген ұйымда біліктілігін арттырғаннан, тағылымдамадан өткеннен және кәсіби даярлықтан өткеннен кейін клиникалық практикаға жіберіледі.
5. Шетелде медициналық білім алған адамдар нострификациялаудың оң нәтижелерінен кейін, маман сертификаты беріле отырып, уәкілетті орган аккредиттеген ұйымда кәсіби даярлығын бағалағаннан кейін медициналық немесе фармацевтикалық қызметпен айналысуға жіберіледі.
Шетелде медициналық білім алған адамдардың кәсіби даярлығын бағалау Медициналық білім беру бағдарламалары түлектерінің кәсіби даярлығын бағалау қағидаларына сәйкес жүргізіледі.
6. Медицина қызметкері тарапынан ұқыпсыз немесе немқұрайлы қарау болмаған кезде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру медициналық ұйымдардың ішкі аудит жүйесі, сарапшылардың тәуелсіз бағалауы немесе медиациялар немесе жеке тәртіппен сот талқылаулары арқылы жүйелі түрде жүргізілетін медициналық талдау арқылы айқындалады.
276-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің міндеттері
1. Медицина және фармацевтика қызметкерлері қызметін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырады және медициналық әдеп және деонтология қағидаттарын басшылыққа ала отырып:
1) аурулардың профилактикасына, денсаулықты нығайтуға жәрдемдесуге, Қазақстан Республикасының халқы арасында саламатты өмір салтын насихаттауға;
2) өзінің біліктілігіне, қызметтік және лауазымдық міндеттеріне сәйкес медициналық көмек көрсетуге;
3) қажет болған жағдайларда басқа бейіндегі және біліктілігі одан да жоғары мамандарды консультация үшін тартуға;
4) медицина қызметкерінің құпиясын сақтауға, халықтың аурулары, жеке және отбасы өмірі туралы мәліметтерді жарияламауға;
5) кәсіби деңгейін үздіксіз арттыруға;
6) Денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстарды ұлттық есепке алу жүйесінде тіркелуге;
7) өз құзыреті шегінде пациенттің қабылдауына болмайтын жағдайларды қоспағанда, тиісті медициналық көрсетілімдер болған кезде халықаралық патенттелмеген атауларымен дәрiлiк заттарға рецептілер жазып беруге міндетті.
2. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің, дәрілік заттардың медициналық ұйымдар басшыларының:
1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жарнамалауға қатысуға;
2) өзі көрсететін қызметтер үшін сыйақы алуға жеке мүдделілік таныту мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізетін белгілі бір объектілерді пациенттерге ұсынуға;
3) күн сайынғы дәрігерлік конференциялар, ғылыми-практикалық конференциялар және (немесе) мамандандырылған семинарлар өткізуді қоспағанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілер және (немесе) дистрибьюторлар өкілдерінің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілетуіне құқығы жоқ.
277-бап. Әлеуметтік кепілдіктер. Медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлемуеттік қорғау
1. Ауылдық жерлерде және кенттерде, аудандық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін мемлекеттік медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары көзделеді:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша міндетті тұрғын үй, оның ішінде қызметтік тұрғын үй беру;
2) жергілікті атқарушы орган белгілеген тәрітппен міндетті жәрдемақы төлеу;
3) жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша коммуналдық шығыстарды өтеу боыныша әлеуметтік қолдау көрсету және басқа да жеңілдіктер;
4) өзге де шаралар.
2. Мемлекеттік медициналық ұйымдардың медицина және фармацевтика қызметкерлерінің халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарынан кейін жергілікті бюджеттер қаражатының есебінен әлеуметтік қолдау шараларын және қосымша жеңілдіктермен ынталандырушы төлемдерді алуына басым құқығы бар.
3. Жергілікті атқарушы органдар медицина қызметкерінің беделін арттыру және олардың жеке және кәсіби өсуін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет қаражатының есебінен оларға ынталандырушы төлемдерді бере отырып, «Кәсібі бойынша үздік» мәртебесін береді.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының тарапынан медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне араласуға тыйым салынады.
278-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің еңбек қатынастары
Денсаулық сақтау ұйымдары қызметкерлерінің еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында реттеледі.
279-бап. Медицина қызметкерінің құпиясы
1. Дербес медициналық деректер, медициналық көмекке жүгіну фактісі, адамның денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат пен оны зерттеп-қарау және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер медицина қызметкерінің құпиясын құрайды.
2. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген жағдайлардан басқа, оқыту, кәсіптік, қызметтік және өзге де міндеттерді орындау кезінде медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын мәліметтер белгілі болған адамдардың оларды жария етуіне жол берілмейді.
3. Пациенттің немесе оның заңды өкілінің хабардар етілген келісімімен медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын мәліметтерді ғылыми зерттеулер жүргізу, осы мәліметтерді оқыту процесінде пайдалануға жол беріледі.
4. Медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын мәліметтерді адамның немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз беруге мынадай жағдайларда:
1) өзінің жай-күйіне байланысты өз еркін білдіруге қабілетсіз адамды зерттеп-қарау және емдеу мақсатында;
2) айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралу қаупі болған кезде, оның ішінде қан және оның құрамбөліктерінің донорлығы, ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндердің (тіндердің бөліктерін) транспланттау кезінде;
3) тергеу немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты анықтау және алдын ала тергеу органдарының, прокурордың, адвокаттың және (немесе) соттың сұратуы бойынша;
4) кәмелетке толмаған адамға немесе әрекетке қабілетсіз адамға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңды өкілдерін хабардар ету үшін;
5) Қазақстан Республикасы азаматының денсаулығына зиян құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан келтірілді деп есептеуге негіздер болған кезде;
6) адамда психикалық ауытқушылықтар мен сексуалдық зорлық-зомбылыққа бейімділік анықталған кезде;
7) медициналық қызметтер (көмек) көрсету сапасына мемлекеттік бақылау, медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелерге мониторинг жүргізу кезінде;
8) «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен прокуратура органдары тексерулер жүргізу кезінде жол беріледі.
5. Мыналар:
1) мұндай электрондық ақпараттық ресурстар барлау, қарсы барлау қызметімен және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларымен байланысты, берілуі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын ақпаратты қамтитын жағдайларды қоспағанда, электрондық ақпараттық ресурстың резервтік көшірмесін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке және мерзімдерге сәйкес электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік сақтаудың бірыңғай платформасына сақтауға беру;
2) медициналық көмек көрсету және құқық қорғау органдарының қызметін жүзеге асыру мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды падалана отырып ақпарат алмасу медицина қызметкерінің құпиясын жария ету болып табылмайды.
6. Пациенттің денсаулығы туралы деректер медицина қызметкеріне байланысты емес себептер бойынша жалпыға қолжетімді болған жағдайлар медицина қызметкерінің құпиясын бұзу болып табылмайды.
7. Жеке тұлғалардың (пациенттердің) жеке өмiрiне қатысты, оның ішінде медицина қызметкерінің құпиясын құрайтын дербес деректердi заңсыз жинағаны және өңдегені үшін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
280-бап. Қазақстан Республикасының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексі
1. Қазақстан Республикасының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Ар-намыс кодексі (бұдан әрі – Ар-намыс кодексі) Қазақстан Республикасы медицина және фармацевтика қызметкерлерінің қоғам алдында өзінің қызметі үшін моралдық жауапкершілігін айқындайды.
2. Ар-намыс кодексін уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
7-БӨЛІМ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
281-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
282-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі
Мыналарды:
1) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 58-баптың 10-тармағының 1) тармақшасын;
2) 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 116-баптың 2-тармағының 15) тармақшасын;
3) 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 58-баптың 10-тармағының 2) тармақшасын;
4) дәрілік заттарды шығару жөніндегі ұйымдар, дәріханалық қоймалар үшін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 236-баптың 2-тармағының екінші бөлігін және 238-баптың 3-тармағының екінші бөлігін;
5) дәріханалар үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 238-баптың 3-тармағының бірінші бөлігін;
6) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 238-баптың 4-тармағының 5) тармақшасын қоспағанда, осы Кодекс алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
2. Осы Кодекстің 238-бабы 4-тармағының 5) тармақшасын қолданысқа енгізгенге дейін осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:
«5) осы баптың 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, денсаулық сақтау сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлері;».
3. Осы Кодекстің 238-бабының 6-тармағы 2022 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады деп белгіленсін.
4. Қазақстан Республикасының мынадай заңдарының күші жойылды деп танылсын:
1) «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі кодексі (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2009 ж., № 20-21, 89-құжат; 2010 ж.,
№ 5, 23-құжат; № 7, 32-құжат; № 15, 71-құжат; № 24, 149, 152-құжаттар;
2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 2, 21-құжат; № 11, 102-құжат; № 12,
111-құжат; № 17, 136-құжат; № 21, 161-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 3,
26-құжат; № 4, 32-құжат; № 8, 64-құжат; № 12, 83-құжат; № 14, 92,
95-құжаттар; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат;
№ 5-6, 30-құжат;№ 7, 36-құжат; № 9, 51-құжат; № 12, 57-құжат; № 13,
62-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 7, 37-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 65-құжат; № 14, 84, 86-құжаттар; № 16,
90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж.,
№ 1, 2-құжат; № 7, 33-құжат; № 10, 50-құжат; № 19-II, 102-құжат; № 20-IV,
113-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 22-I, 143-құжат; № 22-V,
156-құжат; № 23-II, 170-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 8-II, 67,
70-құжаттар; № 23, 119-құжат; 2017 ж., № 1-2, 3-құжат; № 4, 7-құжат; № 9,
22-құжат; № 13, 45-құжат; № 22-III, 109-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 24,
115-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 14, 42-құжат; № 15, 47-құжат; № 19,
62-құжат);
2) «Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды ерiксiз емдеу туралы» 1995 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 3-4, 32-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2010 ж., № 24, 152-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат,
2013 ж., № 13, 62-құжат; 2014 ж., № 19-II, 96-құжат);
3) «Йод тапшылығы ауруларының алдын алу туралы» 2003 жылғы
14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 19-20, 149-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; 2007 ж., № 4, 95-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 14, 92-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 23, 143-құжат;
2018 ж, № 24, 93-құжат).
Қазақстан Республикасының
Президенті
Достарыңызбен бөлісу: |