5-тарау. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
28-бап. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау туралы жалпы ережелер
1. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының сақталуы мен орындалуын тексеруге, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жолын кесуге және оларды жоюға бағытталған шаралар кешенін білдіреді.
2. Мемлекеттік бақылау мен қадағалау:
1) медициналық қызметтер (көмек) көрсету;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы;
3) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласында жүзеге асырылады.
3. Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттiк бақылау мен қадағалау тексеру және профилактикалық бақылау мен қадағалау нысанында жүзеге асырылады.
Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы тексеру және профилактикалық бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мен қадағалау осы Кодекске және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
29-бап. Апелляциялық комиссияның шағымды қарау тәртібі
1. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы салаларында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар шығарған тексеру нәтижелері туралы актілерге және анықталған бұзушылықтарды, жою туралы ұйғарымға жоғары тұрған органға шағым жасалуы мүмкін.
2. Тексеру нәтижелері туралы актіге және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға шағымдар жоғары тұрған мемлекеттік орган басшысының атына беріледі.
3. Тексеру нәтижелері туралы актіге және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға шағымды қарау үшін жоғары тұрған мемлекеттік орган апелляциялық комиссия құрады, оның құрамына міндетті түрде медициналық қызмет (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы салаларындағы мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасының үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері кіреді.
Апелляциялық комиссияның регламентін, ережесін және құрамын медициналық қызмет (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларындағы мемлекеттік органдар айқындайды.
4. Тексеру нәтижелері туралы актіге және медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы салаларындағы мемлекеттік органдардың анықталған бұзушылықтарын жою туралы нұсқамаға жасалған шағымды шағымданған мәселелер шегінде апелляциялық комиссия қарайды.
5. Тексерулер нәтижелері туралы актіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамаға шағым тексеру нәтижелері туралы актіге қол қойылғаннан кейін он тәуліктің ішінде беріледі.
6. Апелляциялық комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады және жоғары тұрған мемлекеттік орган басшысының атына жасалады. Апелляциялық комиссия шешімінің нәтижелері бойынша басшы тексеру нәтижелері туралы актіні, бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау қорытындысын және заңдылығының бұзушылықтарын жою туралы нұсқаманы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 156-бабына сәйкес жарамсыз деп тану туралы шешім қабылдауға құқылы. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы жүргізілген тексеруді мен профилактикалық бақылау мен қадағалауды жарамсыз деп тану жоғары тұрған мемлекеттік органның немесе соттың осы тексеру актісінің және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың күшін жою үшін негіз болып табылады және бақылау және қадағалау субъектілерінің осы Кодекстің 131-бабының 2-тармағына сәйкес белгіленген талаптарды бұзуының дәлелі болып табылмайды.
7. Апелляциялық комиссия жыл сайын тексеру нәтижелері туралы актіге және Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірлейді.
8. Апелляциялық комиссияның тексеру нәтижелері туралы актіге, заңдылығының бұзушылықтарын жою туралы нұсқамаға шағымды қарау нәтижелері шағымды сотқа жіберуге кедергі келтірмейді.
9. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен сотқа жүгіну сот шешім шыққанға дейін апелляциялық комиссияның тексеру нәтижелері туралы актіге шағымды қарауын тоқтата тұрады.
10. Коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер, сондай-ақ құпия ақпарат апелляциялық комиссияның мүшелеріне тексеру нәтижелері туралы актіге және заңдылықтың бұзылуын жою туралы нұсқамаға шағымды қарау кезінде, шағым берген адамның жазбаша рұқсатын алмай, медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналысы салаларындағы мемлекеттік органдар айқындаған тәртіппен ұсынылады.
1-параграф. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
30-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
1. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге және жоюға, сондай-ақ оны денсаулық сақтау субъектілерінің сақтауын бақылауға бағытталған.
2. Медициналық қызметтер (көмек) көрсететін жеке және заңды тұлғалар медициналық қызмет (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау объектілері болып табылады.
3. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау объектілері екі топқа бөлінеді:
1) маңыздылығы жоғары объектілер;
2) маңыздылығы болмашы объектілер.
Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауға жататын маңыздылығы жоғары және болмашы объектілердің тізбесін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша медициналық қызметтер көрсету (көмек) саласындағы мемлекеттік орган бекітеді.
4. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау объектілеріне қатысты бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырылады.
5. Маңыздылығы жоғары объектілерге қатысты тексерулер Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тәуекелдерді бағалау жүйесіне негізделген кезеңділікпен ерекше тәртіппен жүзеге асырылады.
Маңыздылығы жоғары объектілерді ерекше тәртіп бойынша жүргізілетін тексерулерден босату кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен бірлесе отырып, медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
Маңыздылығы болмашы объектілерге қатысты жоспардан тыс тексерулер мен бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы немесе бармай профилактикалық бақылау жүргізіледі.
31-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар:
1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік медициналық инспекторы және (немесе) оның орынбасары;
2) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның басшысы анықтайтын тиісті аумақтардағы бас мемлекеттік медициналық инспекторлар мен олардың орынбасарлары;
3) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның мамандары.
2. Тиісті саладағы жоғары тұрған бас мемлекеттік медициналық инспектор жеке және (немесе) заңды тұлғалардың төмен тұрған лауазымды адамдардың іс-әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) берген арызы (шағымы) бойынша шешім шығарылғанға дейін орындауды тоқтатуға, олар қабылдаған актілердің күшін жоюға не оны кері қайтарып алуға құқылы.
32-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезіндегі лауазымды адамдардың құқықтары
1. Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 154-бабының 1-тармағында көзделген құқықтармен қатар, медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың:
1) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшыларды тартуға;
2) денсаулық сақтау субъектісінен халыққа медициналық көмек көрсету мәселелері бойынша қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
3) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы бақылауды жүргізуге қажетті құжаттардың көшірмелерін жасауға және денсаулық сақтау субъектісінің медициналық ақпараттық жүйесінен тиісті деректерді (электрондық денсаулық паспорттары, электрондық карталар және оларға енгізілген өзгерістер туралы егжей-тегжейлі есептер) алуға;
4) тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, комиссия құруға бастамашылық жасауға құқығы бар.
2. Тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексеру жүргізудің ерекше тәртібі, жоспардан тыс тексеру, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармайды профилактикалық бақылау нысанында мемлекеттік бақылауды іске асыратын лауазымды адамдарға тексеру немесе профилактикалық бақылау нысанасына жатпайтын талаптар қоюға және өтініш білдіруге тыйым салынады.
3. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың денсаулық сақтау саласындағы нормативтік құқықтық актілерде анықталған бұзушылықтарға қарай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау үшін мынадай актілер:
1) денсаулық сақтау субъектісін тексеру нәтижелері туралы
акт - медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамның субъектіні (объектіні) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігіне тексеру, профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша беретін құжаты;
2) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым;
3) бас мемлекеттік медициналық инспекторлардың:
төменгі лауазымды адамдар қабылдаған актілерді орындауды тоқтата тұру немесе жою не кері қайтару;
медицина қызметкерлерін жұмыстан уақытша шеттету;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін немесе қызметінің жекелеген түрлерін тоқтата тұру туралы қаулылар шығарады.
4. Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік медициналық инспекторы және (немесе) оның орынбасары тексеру нәтижесі негізінде облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органының басшысына ұйғарым шығаруға құқылы.
33-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі
Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру кезінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес босандыру қызметтерін көрсететін денсаулық субъектілеріне (объектілеріне) қатысты қолданылады.
34-бап. Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы жоспардан тыс тексеру түріндегі мемлекеттік бақылау
Медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы жоспардан тыс тексеру түріндегі мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
35-бап. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бара отырып, медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық мемлекеттік бақылау
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бара отырып медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
36-бап. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы профилактикалық мемлекеттік бақылау
1. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай, медициналық қызметтер көрсету (көмек) саласындағы профилактикалық мемлекеттік бақылау ақпараттық жүйелерінің деректерін, сондай-ақ бақылау субъектісінің (объектісінің) қызметі туралы басқа да мәліметтерді талдау және салыстыру арқылы жүргізеді.
2. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай, профилактикалық бақылаудың мақсаты денсаулық сақтау субъектілеріне (объектілеріне) бұзушылықтарды уақтылы анықтау, жолын кесу және болғызбау, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай, профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган анықтаған бұзушылықтарды дербес жою құқығын беру және оларға әкімшілік жүктемені төмендету болып табылады.
3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай, медициналық қызметтер көрсету (көмек) саласындағы профилактикалық бақылау кемінде тоқсанына бір реттен жиі емес жүргізіледі.
4. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай, медициналық қызметтер көрсету (көмек) саласындағы профилактикалық мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным ресімделеді. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымның нысанын медициналық қызметтер көрсету (көмек) саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.
5. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай, медициналық қызметтер көрсету (көмек) саласындағы профилактикалық мемлекеттік бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным бақылау субъектісіне (объектісіне) бұзушылық анықталған күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей, мынадай тәсілдердің бірімен бақылау субъектісіне (объектісіне):
1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы;
2) бақылау субъектісінің (объектісінің) өкіліне және (немесе) лауазымды адамына қол қойғызып табыс етіледі;
3) «Электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне электрондық тәсілмен жіберіледі:
6. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай медициналық қызметтер көрсету (көмек) саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген анықталған бұзушылықтарды бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай, ол тапсырылған (алынған) күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде тиісінше жою бақылау субъектісінің (объектісінің) ұсынымды орындауы болып танылады.
7. Бақылау субъектісі (объектісі) ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, медициналық қызметтер көрсету (көмек) саласындағы мемлекеттік органға ұсыным тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.
8. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай, медициналық қызметтер көрсету (көмек) саласындағы профилактикалық бақылау барысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау, бақылау субъектісіне (объектісіне) бара отырып, медициналық қызметтер көрсету (көмек) саласындағы профилактикалық бақылау үшін бақылау субъектісін (объектісін) іріктеуге негіз болып табылады.
Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай, профилактикалық бақылау нәтижелері медициналық қызметтерді (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның және оның аумақтық бөлімшелерінің бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай, профилактикалық бақылауды тіркеудің арнайы журналында есепке алуға жатады, ол нөмірленген, тігілген және медициналық қызметтерді (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органның және оның аумақтық бөлімшелерінің мөрімен мөрленген болуы тиіс.
37-бап. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасын сараптама
1. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасын сараптама – жеке және заңды тұлғалар ұсынатын медициналық көрсетілетін қызметтер сапасының деңгейі бойынша қорытынды жасау үшін медициналық көрсетілетін қызметтердің тиімділік, толықтылық және стандарттарға сәйкестік көрсеткіштерін айқындайтын индикаторларды пайдалана отырып, жүзеге асырылатын ұйымдастырушылық, талдамалық және практикалық іс-шаралар жиынтығы.
2. Медициналық қызметтер (көмек) сапасына сараптама ішкі және сыртқы сараптама болып бөлінеді.
3. Ішкі сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымда пациентке қолдау көрсету және ішкі бақылау (аудит) қызметі құрылады.
Пациентке қолдау көрсету және ішкі сараптама (аудит) қызметі медициналық ұйымның медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыруға, клиникалық қызметке ағымдағы талдауды, медициналық көмек көрсету тәртібі мен стандарттарды бұзу фактілерін, медициналық оқыс оқиғаларды анықтауды, сондай-ақ емделуде жатқан пациенттердің өтініштерін күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде қарауды жүргізеді.
Сараптама нәтижелері бойынша медициналық ұйымның басшысына көрсетілетін медициналық кызметтер сапасының төмендеуінің анықталған себептері мен жағдайларын жою бойынша ұсыныстар енгізеді.
Медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасына ішкі сараптама жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының ведомствосы өзінің ведомстволық бағынысты медициналық ұйымдары көрсететін медициналық қызметтердің сапасына ішкі сараптама қызметін құрады.
Осы қызметтің құрылымы мен құрамын Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы ведомствосының басшысы бекітеді.
4. Медициналық қызметтер көрсету сапасына сыртқы сараптаманы:
1) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган, оның ішінде тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып;
2) әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шарттық міндеттемелерді орындаудың толықтығын мониторингтеу шеңберінде және уәкілетті орган айқындаған жағдайлар бойынша жүргізеді.
Денсаулық сақтау субъектісі әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүргізген медициналық қызметтердің сапасы мен көлемі бойынша шарттық міндеттемелер бойынша мониторинг нәтижелерімен келіспеген жағдайда мониторинг нәтижелеріне медициналық қызметтерді (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға шағымдана алады;
3) тәуелсіз сарапшылар, оларды ішкі және сыртқы сараптама қорытындыларымен келіспеген жағдайда жеке немесе заңды тұлғаларды тартқан кезде, сондай-ақ шарттық негізде тәуелсіз сараптама жүргізу үшін денсаулық сақтау субъектілері жүргізеді.
5. Медициналық көрсетілетін қызметтер (көмек) сапасына ішкі және сыртқы сараптамаларды ұйымдастыру мен жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
2-параграф. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
38-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау
1. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтардың алдын алуға, оларды анықтауға, жолын кесуге және жоюға, сондай-ақ бақылау және қадағалау субъектілерінің оларды сақтауын бақылауға бағытталған.
2. Жеке және заңды тұлғалар, ғимараттар, құрылыстар, өнім, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауға және қадағалауға жататын жабдық, көлік құралдары, топырақ, су, ауа және қызметі, пайдаланылуы, тұтынылуы, қолданылуы және іске қосылуы адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін өзге де объектілер халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау объектілері болып табылады.
3. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау объектілері (эпидемиялық маңызы бар объектілер):
1) эпидемиялық маңыздылығы жоғары объектілер екі топқа бөлінеді;
2) эпидемиялық маңыздылығы елеусіз объектілер.
Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауға және қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық маңызы бар объектілердің тізбесін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітеді.
4. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы объектілерге қатысты бақылау мен қадағалау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес тексеру және профилактикалық бақылау және қадағалау нысанында жүзеге асырылады.
5. Эпидемиялық маңыздылығы болмашы объектілерге қатысты жоспардан тыс тексерулер және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бара отырып немесе бармай профилактикалық бақылау жүргізіледі.
39-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері және (немесе) оның орынбасары;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның басшылары айқындайтын тиісті аумақтардағы және көліктегі бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер және олардың орынбасарлары;
3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның мамандары;
4) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы ведомствосының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелерінің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері және олардың орынбасарлары, басшылары мен мамандары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдар болып табылады.
2. Тиісті аумақтағы жоғары тұрған бас мемлекеттік санитариялық дәрігер жеке және (немесе) заңды тұлғалардың төмен тұрған лауазымды адамдардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) арызы (шағымы) бойынша шешім шығарылғанға дейін олардың қабылдаған актілерінің орындалуын тоқтата тұруға, күшін жоюға не кері қайтарып алуға құқылы.
40-бап. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру кезіндегі лауазымды адамдардың құқықтары
1. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі
154-бабының 1-тармағында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген құқықтармен қатар:
1) халықтың, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалануы мен қолдануына арналған өнімді:
Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына және бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарға сәйкес келмеген;
өнімнің мемлекеттік тіркеу туралы куәлігі болмаған;
жалған өнім анықталған;
жарамдылық және (немесе) сақтау мерзімі белгіленбеген, жарамдылық және (немесе) сақтау мерзімі өткен;
жәндіктер, кеміргіштер және олардың сол өнімде болған іздері анықталған;
инфекциялық аурулардың немесе жаппай инфекциялық емес аурулар мен уланулардың пайда болу және таралу қаупі төнгенде, оның ішінде санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша ол халықтың денсаулығы мен мекендеу ортасы үшін қауіпті деп танылған кезде Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге, қолдануға және өткізуге тыйым салуға;
2) халықтың, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалануына, қолдануына арналған өнімді:
өндіріс объектілері мен технологиялары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келмеген;
эпидемиологиялық маңыздылығы жоғары объектіге санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды болмаған;
эпидемиологиялық маңыздылығы болмашы объектінің қызметі (пайдалану) бойынша хабарлама болмаған;
өнімдерді өндірудің технологиялық процесін сақтау үшін қажетті өндірістік және технологиялық жабдық, аппаратура, мүкәммал болмаған;
өндіріске алғаш рет енгізілетін және бұрын пайдаланылмаған заттар мен олардың негізінде дайындалатын материалдар мен препараттардың мемлекеттік тіркеуі болмаған;
тыйым салынған тағамдық қоспалар, ингредиенттер мен шикізаттар пайдаланылған;
инфекциялық аурулардың немесе жаппай инфекциялық емес аурулар мен уланулардың пайда болу және таралу қаупі төнген кезде өндіруге тыйым салуға;
3) халықтың декреттелген топтарына жататын, инфекциялық және паразиттік аурулардың көздері болып табылатын, сондай-ақ міндетті медициналық қарап-тексеруден уақтылы өтпеген адамдарды зертханалық зерттеу нәтижесін және толық санация мен міндетті медициналық қарап-тексеруден өткенін растайтын маман қорытындысын алғанға дейін жұмыстан уақытша шеттету туралы қаулылар шығаруға;
4) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жекелеген объектілерде шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин белгілеуге;
5) инфекциялық және паразиттік ауруларды таратудың ықтимал көздері болып табылатын, сондай-ақ инфекциялық науқастармен араласып жүрген адамдарды толық санацияны растайтын зертханалық зерттеп-қарау нәтижелері алынғанға дейін жұмыстан шеттете отырып, медициналық зерттеп-қарауға жіберуге;
6) инфекциялық және паразиттік аурулардың көздері болып табылатын адамдарды көрсетілімдер бойынша ауруханаға жатқызуға жіберуге;
7) халыққа міндетті түрде вакцина егуді, үй-жайларда және көлік құралдарында, аумақтарда, инфекциялық және паразиттік аурулар ошақтарында профилактикалық және ошақтық дезинфекция, дезинсекция мен дератизация жүргізуді талап етуге;
8) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, гигиеналық нормативтерді және (немесе) техникалық регламенттерді бұзушылықтар жойылғанға дейін Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауға және қадағалауға жататын жекелеген жұмыс түрлерін, объектілердің қызметін (пайдаланылуын) тоқтата тұруға;
9) адамдардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпті деп танылған жағдайда шикізаттың, өнімнің, химиялық заттардың, технологиялық жабдықтардың, тетіктердің, процестердің, құрал-саймандардың жаңа түрлерін өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салуға;
10) санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін сараптама объектісінің қоршаған орта мен халық денсаулығына әсерін бағалауды зерделеуге қажетті материалдарды сұратуға, сондай-ақ өнімнің қауіпсіздігіне мониторинг шеңберінде жүргізілетін іріктеуді қоспағанда, осы өнімнің құнын өтеместен, сараптама жүргізуге жеткілікті және оған қажетті көлемнен аспайтын мөлшерде өнімнің сынамасын алуға және үлгілерін іріктеуді жүргізуге;
11) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мәселелерін қозғайтын құқықтық актілерді халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келтіру туралы талап қоюға;
12) Қазақстан Республикасының аумағында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы радиациялық бақылауды жүзеге асыруға;
13) санитариялық-қорғаныш аймақтарын: қолданыстағы объектілер үшін алдын ала (есептік) санитариялық-қорғаныш аймақтарын белгілеуге, белгіленген (түбегейлі) көлемдерді белгілеуге және олардың көлемдерін өзгертуге;
14) жеке және заңды тұлғалар заңды талаптарды немесе санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің лауазымды адамдары берген нұсқамаларды, қаулыларды орындамаған немесе тиісінше орындамаған кезде сотқа жүгінуге;
15) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекіткен мамандарды тарту қағидаларына сәйкес халықтың инфекциялық және паразиттік аурулары, уланулары кезінде санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға денсаулық сақтау ұйымдарының мамандарын тартуға құқығы бар.
2. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалау нәтижелері бойынша шешім қабылдау үшін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы анықталған нормативтік құқықтық актілердің бұзушылықтарына қарай халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамдары мынадай актілер шығарады:
1) тексеру нәтижелері туралы акт – халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын лауазымды адамның халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкестігін тексеру нәтижелері бойынша беретін құжаты;
2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым;
3) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлердің:
санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу;
жеке тұлғаларды жұмыстан уақытша шеттету;
халықтың, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалануы мен қолдануына арналған, адамның денсаулығына зиянды әсер ететін өнімді әкелуге, өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу;
адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіпті деп танылған жағдайда шикізаттың, өнімнің, химиялық заттардың, технологиялық жабдықтардың, тетіктердің, процестердің, құрал-саймандардың жаңа түрлерін өндіруге, қолдануға және өткізуге тыйым салу;
денсаулық сақтау саласындағы рұқсат ету құжатының қолданысын тоқтата тұру;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметін немесе жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру туралы қаулылары.
Достарыңызбен бөлісу: |