Салық кодексі жалпы бөлім 1-БӨлім. Жалпы ережелер


-бап. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың мiндеттерi



жүктеу 16,95 Mb.
бет3/97
Дата18.12.2017
өлшемі16,95 Mb.
#4751
түріКодекс
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   97

24-бап. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың мiндеттерi

Банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар:

1) бейрезидентті қоса алғанда, салық төлеуші заңды тұлғаға, оның құрылымдық бөлімшелеріне, дара кәсіпкер және жекеше практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаға, шетелдік пен азаматтығы жоқ адамға банктік шоттар ашқан кезде не банктің қайта ұйымдастырылуына байланысты банктік шоттағы жеке сәйкестендіру коды өзгерген кезде уәкілетті органды көрсетілген шоттардың ашылғаны не өзгергені туралы олар ашылған не өзгерген күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей, сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, хабарлардың кепілдікпен жеткізілуін қамтамасыз ететін телекоммуникациялар желісі бойынша беру арқылы хабардар етуге міндетті.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтерін, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтерін, арнайы қаржы компаниясының облигацияларын шығаруды қамтамасыз ету болып табылатын активтерді және инвестициялық қордың активтерін сақтауға арналған банктік шоттар, бейрезидент заңды тұлғалардың, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жинақ шоттары, шетелдік корреспондент-банктердің корреспонденттік шоттары, мемлекеттік бюджеттен және (немесе) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді алуға арналған банктік шоттар, нотариус депозиті шарттарында ақшаны есепке жатқызуға арналған ағымдағы шоттар, эскроу-шоттар, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттар бойынша хабарлама талап етілмейді.

Банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың осы баптың осы тармақшасында және 3), 4), 6), 9), 12) және 13) тармақшаларында көзделген міндеттерді орындауы мақсатында оларға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен салық төлеушілер туралы, оның ішінде дара кәсіпкер және жекеше практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғалар туралы ақпарат ұсынылады.

Көрсетілген шоттардың ашылғаны не өзгергені туралы мұндай телекоммуникация желісі арқылы хабардар ету техникалық проблемалар салдарынан мүмкін болмаған кезде, хабарлама салық төлеушінің орналасқан (тұрғылықты) жеріндегі салық органына үш жұмыс күні ішінде қағаз жеткізгіште жіберіледі;

2) телекоммуникациялар желiсі арқылы уәкілетті органға банктік шоттардың бар екендігі және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары туралы мәліметтерді, сондай-ақ өзге мүліктің, оның ішінде металл шоттарда орналастырылған немесе бейрезидент жеке тұлғалардың, бейрезидент заңды тұлғалардың, сондай-ақ бейрезиденттер бенефициарлық меншік иелері болып табылатын заңды тұлғалардың басқаруындағы өзге мүліктің бар екендігі, түрі және құны туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде ұсынуға;

3) уәкілетті органның сұрау салуы бойынша банктік шоттардың бар екендігі және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдықтары туралы мәліметтерді, сондай-ақ өзге мүліктің, оның ішінде металл шоттарда орналастырылған немесе шет мемлекеттiң уәкілетті органы Қазақстан Республикасының ақпарат алмасу туралы халықаралық шартына сәйкес жіберген сұрау салуында көрсетілген жеке және заңды тұлғалардың басқаруындағы өзге мүліктің бар екендігі, түрі және құны туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде ұсынуға;

4) уәкілетті органға салық органының салық төлеушінің (салық агентінің) банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімін және (немесе) инкассалық өкімді, сондай-ақ салық органы жіберген жоғарыда көрсетілген өкімдерді жоятын немесе кері қайтарып алатын құжаттарды электронды нысанда алғаны туралы оларды алған күннен кейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп уәкілетті орган белгілеген форматтарға сәйкес хабарлауға;

5) салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеуге арналған төлем құжаттарын қабылдау кезінде сәйкестендіру нөмірін қалыптастыру қағидаларына және сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыруды және сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімін жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның деректеріне сәйкес сәйкестендіру нөмірінің дұрыс көрсетілуін бақылауға міндетті.

Төлем құжатында көрсетілген сәйкестендіру нөмірі сәйкестендіру нөмірлерін қалыптастыруды және сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімін жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның деректерімен сәйкес келмеген не ол болмаған жағдайларда, банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар осындай төлем құжатын орындаудан бас тартады.

Осы тармақшаның ережелері осы Кодекстің 55-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген бюджетке төленетін төлемдерді шетелдік және азаматтығы жоқ адам төлеген кезде қолданылмайды;

6) жеке тұлғалардан алынатын көлік құралдары салығын төлеуге арналған төлем құжатында көрсетілген жеңіл және жүк автомобильдерінің, автобустардың сәйкестендіру нөмірі жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган ұсынған деректерге сәйкес келмеген жағдайда, төлем құжатын орындаудан бас тартуға міндетті.

Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган ұсынған деректерде көлік құралының сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда, банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жеке тұлғалардан алынатын көлік құралдары салығын төлеуге арналған төлем құжатын орындаудан бас тартуға құқылы емес.

7) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген салық төлеушінің банк шоттарын жабу кезінде хабарлардың кепiлдік беріліп жеткiзiлуін қамтамасыз ететін телекоммуникациялар желісі бойынша беру арқылы сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, олардың жабылғандығы туралы уәкілетті органды олардың жабылған күнінен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етуге міндетті.

Көрсетілген шоттардың жабылғандығы туралы телекоммуникация желісі арқылы хабардар ету техникалық проблемалар салдарынан мүмкін болмаған кезде, хабарлама салық төлеушінің орналасқан (тұрғылықты) жеріндегі салық органына үш жұмыс күні ішінде қағаз жеткізгіште жіберіледі;

8) дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаға немесе заңды тұлғаға берiлген кредит (қарыз) бойынша сыйақыны есепке жазуды тоқтата тұру арқылы осындай сыйақы түріндегі кiрiстердi тану тоқтатылған кезде, ол туралы осы Кодекстiң 148-бабына сәйкес айқындалатын, уәкілетті орган белгiлеген нысан бойынша мұндай тану тоқтатылған есептi салық кезеңiнен кейiнгi жылдың 31 наурызынан кешiктiрмей уәкiлеттi органды хабардар етуге;

9) клиентке қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыруға клиенттің банктік шоттарындағы ақшасы жеткілікті болған кезде, бірінші кезектегі тәртіппен банктік шоттан салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша салық төлеушінің төлем тапсырмасын орындауға міндетті. Салық берешегінің сомасын өндіріп алу туралы салық органдарының инкассалық өкімдері де осындай тәртіппен салық органдарының нұсқамасы алынған күннен кейінгі бір операциялық күннен кешіктірілмей орындалуға міндетті.

Клиентке қойылатын барлық талаптарды қанағаттандыруға клиенттің банктік шоттарында ақшасы жоқ болған немесе жеткілікті болмаған жағдайда, банк ақшаны Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде белгіленген кезектілік тәртібімен салық берешегін өтеу есебіне алып қоюды жүргізеді;

10) салықтардың, бюджетке төленетiн төлемдердiң және әлеуметтік төлемдердің сомаларын:

төлем карточкасы пайдаланылып төлем жүргізілген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушінің банктік шоттан ақшаны есептен шығару бойынша операциялар жасалған күні аударуға;

төлем карточкасы пайдаланылып төлем жүргізілген жағдайларда салық төлеушінің банктік шотынан ақшаны есептен шығарған күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей аударуға;

операция жасалған күннің ішінде, бірақ банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың кассасына қолма-қол ақша енгізілген күннен бастап келесі операциялық күннен кешіктірмей аударуға;

11) нұсқамасы болған кезде, дара кәсіпкер және жекеше практикамен айналысатын адам немесе заңды тұлға ретінде тіркеу есебінде тұрған, тексерілетін жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның банктік шоттары бойынша ақшасының бар-жоғын және жасалатын операцияларын тексеруге салық органдарының лауазымды тұлғасын жіберуге;

12) осы Кодексте көзделген жағдайларда, салық органының шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен дара кәсіпкер және жекеше практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның, заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің банктік шоттарындағы (корреспонденттік шоттарды қоспағанда) салық берешегін, әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті өтеу жөніндегі операциялардан басқа, барлық шығыс операцияларын тоқтата тұруға;

13) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес міндеттеме тоқтатылған күнге дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлға немесе заңды тұлға болып табылатын қарыз алушыға берiлген кредиттер (қарыздар) бойынша мiндеттемелердің тоқтатылуы кезінде қарыз алушының орналасқан (тұрғылықты) жеріндегі салық органын күнтізбелік отыз күн ішінде тоқтатылған міндеттеменің мөлшері туралы хабардар етуге міндетті.

Осы тармақшаның ережелері міндеттемені орындау жолымен ол тоқтатылған кезде қолданылмайды.

14) салық агенті орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салық органдарына уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша, осы Кодекстің 216-бабының 4-тармағында көзделген тәртіппен және мерзімде банк сыйақыларын есепке жазғаны туралы есеп пен мәліметтер беруге;

15) салық органының сұрау салуын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде:

салық салуға байланысты мәселелер бойынша тексерілетін заңды тұлғаның және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесінің;

салық салуға байланысты мәселелер бойынша дара кәсіпкер және жекеше практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған, тексерілетін жеке тұлғаның;

осы Кодекстің 37-1 және 43-баптарына сәйкес қызметі тоқтатылған кезде салық міндеттемесін орындаудың ерекшеліктері қолданылатын дара кәсіпкердің, жекеше практикамен айналысатын адамның, заңды тұлғаның;

орналасқан жері бойынша шын мәнінде жоқ екендігі осы Кодекстің 558-бабында белгіленген тәртіппен расталған және салық есептілігін табыс етудің осы Кодексте белгіленген мерзімнен кейін, осы Кодексте көзделген жағдайларда осындай мерзімді ұзарту кезеңін қоспағанда, алты ай өткенге дейін осы есептілікті табыс етпеген, дара кәсіпкер және жекеше практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның, заңды тұлғаның және (немесе) оның құрылымдық бөлімшесінің;

осы Кодекстің 46-бабының 2-тармағында белгіленген талап қою мерзімінен аспайтын уақыт кезеңі үшін – осы Кодекстің 43-1-бабына сәйкес дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған жеке тұлғаның;

туындаған күнінен бастап төрт ай бойы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің он мың еселенген мөлшерінен асатын мөлшерде өтелмеген салық берешегі бар заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның;

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған әрекетсіз жеке тұлғаның, заңды тұлғаның;

заңда белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің және мәслихаттың депутаттығына, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидат ретінде тіркелген адамның және оның жұбайының (зайыбының);

мемлекеттік лауазымға не мемлекеттік немесе оларға теңестірілген функцияларды орындауға байланысты лауазымға кандидат болып табылатын адамның және оның жұбайының (зайыбының);

өз өкілеттіктерін орындаған кезеңде мемлекеттік қызметті атқаратын адамның және осы кезеңде оның жұбайының (зайыбының);

жазаны өтеу орнынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның банктік шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдығы және қозғалысы туралы мәліметтер ұсынуға міндетті.

Осы тармақшада көзделген мәліметтер, жетінші абзацты қоспағанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша ұсынылады.

Осы баптың бірінші бөлігінің 5), 10), 11) және 12) тармақшаларында көзделген есептер мен мәліметтер телекоммуникациялар желісі арқылы беріледі. Техникалық проблемаларға байланысты оларды телекоммуникациялар желісі арқылы беру мүмкін болмаған жағдайда, көрсетілген есептер мен мәліметтер қағаз жеткізгіште жіберіледі.

Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар осы Кодекске сәйкес ұсынатын мәліметтерді салық органдары уәкілетті орган белгілеген тәртіппен пайдаланады;

16) салық органының сұрау салуын алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде, сыйақыны қоса алғанда, өтеу сомаларын көрсете отырып, тексерілетін жеке тұлғаға берілген кредиттер туралы мәліметтерді ұсынуға;

Осы баптың сегізінші абзацын қоспағанда, 12) тармақшасында және 12-1) тармақшасының бірінші бөлігінде көзделген мәліметтер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша ұсынылады; 2020 жылдан бастап.

17) мыналарға:

осы Кодекстің 579-бабында белгіленген тәртіппен әрекетсіз деп танылған салық төлеушіге;

осы банкте ашылған, салық органдары инкассалық өкімдер немесе салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдер шығарған банк шоты бар салық төлеушіге;

бұл туралы ақпарат уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланған салық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар салық төлеушіге банктік шоттар (корреспонденттік шоттарды, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер алуға арналған банктік шоттарды, «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша банктік шоттарды қоспағанда) ашудан бас тартуға міндетті.

Осы тармақшаның ережелері Қазақстан Республикасының банктер және банк қызметі туралы заңнамасына сәйкес банктердің активтері мен міндеттемелерін бір мезгілде беру жөніндегі операциялардың шеңберінде банк берген банктік шоттардың орнына бас банк банктік шоттарды және қайта ұйымдастыру шеңберінде біріктірілген жағдайда банк берген банктік шоттардың орнына құқықтық мирасқор банк ашатын банктік шоттарды ашқан кезде қолданылмайды.

18) коллекторлық қызметті жүзеге асыратын салық төлеушілер бойынша талап ету құқығын басқаға беру шарттары жөніндегі мәліметтерді көрсетілген салық төлеушілердің орналасқан жері бойынша салық органына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген нысанға сәйкес тоқсаннан кейінгі айдың 25-нен кешіктірмей ұсынуға міндетті;

Осы баптың мақсаттары үшін мемлекеттік мекемелердің бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органда ашылған шоттары банктік шоттарға теңестіріледі, ал бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға теңестіріледі.

Осы баптың бірінші бөлігінің 5), 10), 11), 12) және 18) тармақшаларында көзделген есептер мен мәліметтер телекоммуникациялар желісі арқылы беріледі. Техникалық проблемаларға байланысты оларды телекоммуникациялар желісі арқылы беру мүмкін болмаған жағдайда, көрсетілген есептер мен мәліметтер қағаз жеткізгіште жіберіледі.

Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар осы Кодекске сәйкес ұсынатын мәліметтерді салық органдары уәкілетті орган белгілеген тәртіппен пайдаланады.

 

25-бап. Уәкiлеттi мемлекеттік органдардың салық төлеушiні тiркеудi және оны тіркеу есебіне алуды жүзеге асыру кезiндегi өзара iс-қимылы

Салық органдары салық төлеушінi тiркеу және тіркеу есебі кезiнде мынадай:

1) заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi, қайта тiркеудi, заңды тұлғалар қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуді, құрылымдық бөлiмшелердi есептік тiркеуді, қайта тiркеудi, есептік тiркеуден шығаруды жүзеге асыратын;

2) мемлекеттік статистика саласындағы;

3) салық салу объектiлерiн және салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды және (немесе) тiркеудi жүзеге асыратын, оның ішінде:

жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді;

жылжымалы мүлiк кепiлiн және кеме ипотекасын мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ әуе кемесін тіркеуден алып тастауға және әкетуге кері қайтарып алынбайтын өкілеттікті мемлекеттік тіркеуді;

радиоэлектрондық құралдарды және жоғары жиіліктегі құрылғыларды мемлекеттік тіркеуді;

ғарыш объектілерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеуді;

көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуді;

дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы мемлекеттік тіркеуді;

шығармалар мен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды, шығармалар мен сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға лицензиялық шарттарды мемлекеттік тіркеуді;

бұқаралық ақпарат құралын есепке қоюды жүзеге асыратын;

4) лицензиялар, куәлiктер немесе рұқсат беру мен тiркеу сипатындағы өзге де құжаттарды беретiн;

5) жеке тұлғаларды Қазақстан Республикасындағы тұрғылықты жерi бойынша тiркеудi жүзеге асыратын;



6) азаматтық хал актiлерiн тiркеудi жүзеге асыратын;

7) нотариаттық iс-әрекеттер жасауды жүзеге асыратын;

8) қорғаншылық пен қамқоршылықты жүзеге асыратын;

9) көлік және коммуникация;

10) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын;

11) сыртқы саяси қызметті жүзеге асыратын;

12) Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейтiн басқа да уәкiлеттi мемлекеттік органдармен өзара iс-қимыл жасайды.

26-бап. Уәкілеттi мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және жергілікті атқарушы органдардың салық органдарымен өзара іс-қимыл кезіндегі мiндеттерi

1. Заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеудi, қайта тiркеудi, заңды тұлғалар қызметінің тоқтатылуын мемлекеттік тіркеуді, құрылымдық бөлімшелерді есептік тiркеуді, қайта тiркеудi және есептік тiркеуден шығаруды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органдар заңды тұлғаның тіркелген, қайта тіркелген, заңды тұлғалар қызметінің тоқтатылуы мемлекеттік тіркелген, құрылымдық бөлімше есептік тiркеуге қойылған, қайта тіркелген, есептік тiркеуден шығарылған күнінен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей заңды тұлғаның тіркелгені, қайта тіркелгені, заңды тұлғалар қызметінің тоқтатылуының мемлекеттік тіркелгені, құрылымдық бөлімшенің есептік тiркеуге қойылғаны, қайта тіркелгені, есептік тiркеуден шығарылғаны туралы мәліметтерді электрондық хабарлама арқылы салық органына, банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға ұсынуға мiндеттi.

2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, лицензияларды, куәлiктердi немесе рұқсат ету мен тiркеу сипатындағы өзге де құжаттарды берудi жүзеге асыратын уәкiлеттi органдар лицензиялар және оларға қосымша (қосымшалар), куәлiктер немесе рұқсат ету мен тiркеу сипатындағы өзге де құжаттар берiлген (тоқтатылған) салық төлеушiлер және бюджетке басқа да төлемдер алынатын объектiлер туралы мәлiметтердi осы Кодекстiң 19-бөлiмiнде белгiленген тәртiппен, мерзiмде және уәкiлеттi орган белгiлеген нысандар бойынша өздерiнiң орналасқан жерiндегi салық органдарына ұсынуға мiндеттi.

Еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар беруді жүзеге асыратын ішкі істер органдары еңбекші көшіп келушіге рұқсаттар берілген салық төлеушілер туралы мәлiметтердi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен, мерзiмде және нысандар бойынша өздерiнiң орналасқан жерiндегi салық органдарына ұсынуға мiндеттi.

3. Салық салу объектiлерiн және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердi есепке алуды және (немесе) тiркеудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік органдар салық салу объектiлерi және (немесе) салық салуға байланысты объектiлерi бар салық төлеушiлер туралы, сондай-ақ салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтерді уәкiлеттi орган белгiлеген тәртіппен, мерзімде және нысандар бойынша салық органдарына ұсынуға мiндеттi.

4. Бюджетке төленетін төлемдерді жинауды, салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды және (немесе) тiркеудi жүзеге асыратын уәкiлеттi органдар ұсынылатын мәлiметтерде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ғылыми, экологиялық-ағартушылық, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарында пайдаланатын жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірін көрсетуге мiндеттi.



5. Шетелдiктердің келуiн (кетуiн) тiркеудi жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік орган олардың келуiн (кетуiн) тiркегеннен кейiн он жұмыс күнiнен кешiктiрмей келудiң мақсатын, орнын және болу мерзiмiн көрсете отырып, келушi шетелдiктер туралы мәлiметтердi уәкілетті орган белгілеген тәртіппен салық органына ұсынуға мiндеттi.

6. Инвестициялар жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының инвестициялар саласындағы заңнамасына сәйкес жасалған және инвестициялық басым жобаларды іске асыруды көздейтін инвестициялық келісімшарттар туралы мәліметтерді, сондай-ақ осы инвестициялық келісімшарттардың қолданылуы тоқтатылғаны туралы мәліметтерді және өзге де мәліметтерді инвестициялар жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, мерзімдерде және нысандар бойынша уәкілетті органға ұсынуға міндетті.

7. Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану саласындағы құзырет шегінде мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, акцияларды немесе қатысу үлестерін сатып алу-сату бойынша мәмілелер жүзеге асырылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық агенті болып табылатын бейрезидент туралы мәліметтерді қоса алғанда, осы Кодекстің 197-бабына сәйкес ол бойынша салық міндеттемелері туындайтын мәміленің қатысушылары және оның параметрлері туралы мәліметтерді өзінің орналасқан жері бойынша салық органына табыс етуге мiндеттi.

8. Сыртқы саясат қызметін жүзеге асыру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық немесе оған теңестірілген өкілдігінің орналасқан жері бойынша салық органына осындай дипломатиялық немесе оған теңестірілген өкілдіктің аккредиттелгенін және орналасқан жерін растайтын құжаттарды аккредиттелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде ұсынуға міндетті.

9. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі тексерілетін салық төлеушіге қатысты салықтық тексеру барысында уәкілетті органның сұрау салуы бойынша еңбек сіңірілмеген сыйлықақылар, болмаған шығындар, мәлімделген, бірақ реттелмеген шығындар, болған, бірақ мәлімделмеген шығындар бойынша сақтандыру резервтері мөлшерінің Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы қорытындыны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ұсынады.

10. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі коллекторлық қызметті жүзеге асыратын салық төлеушіге қатысты талап ету құқығын басқаға беру шарттары жөніндегі мәліметтерді уәкілетті органға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша тоқсаннан кейінгі айдың 25-нен кешіктірмей ұсынуға міндетті.

11. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық бөлімшелері салық органдарына қолма-қол шетелдік валютамен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар уәкілетті ұйымдардың айырбастау пунктері жөніндегі мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша тоқсаннан кейінгі айдың 25-нен кешіктірмей ұсынуға міндетті.

12. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дайындаушы ұйым бюджет қаражаты есебінен алған қосылған құн салығы сомасы субсидияларының сомалары жөніндегі мәліметтерді уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, мерзімде және нысан бойынша ұсынуға міндетті.

13. Нотариустар жеке тұлғалардың:

1) мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлік, сондай-ақ ол бойынша құқықтар және (немесе) мәмілелер мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлік туралы мәмілелелер мен шарттар жөніндегі;

2) мұраға құқық туралы берілген куәліктер туралы мәмілелелер мен шарттар жөніндегі;

3) егер мәміледе (шартта) көзделген құны республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын жалақының бір жүз алпыс еселенген ең төменгі мөлшерінен асатын жағдайда, осы тармақта көрсетілмеген басқа да мәмілелелер мен шарттар жөніндегі мәліметтерді уәкілеттті органға ұсынуға міндетті.

Осы тармақта көрсетілген ақпараттың нысанын, ұсынылу тәртібі мен мерзімін Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.

14. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым салық органының сұрау салуын алған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде бағалы қағаздарды ұстаушы тексеріліп отырған жеке тұлғалар туралы қолда бар мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысан бойынша ұсынуға міндетті.

15. Брокерлер салық органының сұрау салуын алған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде тексеріліп отырған жеке тұлғалардың бағалы қағаздармен немесе тауар биржасында өткізілген биржалық тауарлармен мәмілелері туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен және сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысан бойынша ұсынуға міндетті.

16. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, Қазақстан Республикасының зейнеткерлік қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес зейнеткерлік жарналарды, әлеуметтік аударымдарды және әлеуметтік төлемдерді есепке алуды қамтамасыз ететін заңды тұлға жеке тұлғалар туралы қолда бар мәліметтерді халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысан бойынша уәкілетті органға ұсынуға міндетті.

17. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері салық органының сұрау салуын алған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде тексеріліп отырған жеке тұлғалар жасаған сақтандыру шарттары жөніндегі мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысан бойынша ұсынуға міндетті.

18. Білім беру ұйымдары салық органының тексеріліп отырған жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында білім алуға жұмсаған шығындарын растау туралы талабын алған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде мәліметтерді осы Кодекстің 606-4-бабында белгіленген нысан бойынша және тәртіппен ұсынуға міндетті.

19. Денсаулық сақтау субъектілері салық органының тексеріліп отырған жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында медицинаға жұмсаған шығындарын растау туралы талабын алған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде мәліметтерді осы Кодекстің 606-4-бабында белгіленген нысан бойынша және тәртіппен ұсынуға міндетті. 2020 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі.

20. Салық төлеушілер, салық салу объектілері (бюджетке төлемдер алынатын (өндіріп алынатын) және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтерді ұсыну салық органдары мен уәкілетті мемлекеттік органдардың өзара автоматтандырылған іс-қимылына арналған тиісті бағдарламалық қамтамасыз ету пайдаланыла отырып, электрондық нысанда, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және нысандар бойынша он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Уәкілетті мемлекеттік органдар салық төлеушілер, салық салу объектілері (бюджетке төлемдер алынатын (өндіріп алынатын) және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтерді электрондық нысанда ұсынған жағдайда, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерді қағаз жеткізгіште ұсынуы талап етілмейді.

21. Жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті орган көлік құралдарын мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтерді берген кезде осындай көлік құралының Қазақстан Республикасының аумағына алғаш әкелінген күні туралы, сондай-ақ оны дайындаушы ел туралы мәліметтердің берілуін қамтамасыз етеді.

 

27-бап. Бағалы қағаздарды номиналды ұстаушылар ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығына ие, инвестициялық портфельді басқаратын кастодиандардың, бірыңғай тіркеушінің, брокерлердің және (немесе) дилерлердің, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарының салық органдарымен өзара іс-қимыл кезіндегі міндеттері



1. Бағалы қағаздарды номиналды ұстаушылар ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығына ие кастодиандар, бірыңғай тіркеуші, брокерлер және (немесе) дилерлер:

1) телекоммуникациялар желiсі арқылы уәкілетті органға, бейрезидент жеке тұлғаларға, бейрезидент заңды тұлғаларға, сондай-ақ бейрезиденттер бенефициарлық меншік иелері болып табылатын заңды тұлғаларға ашылған бағалы қағаздарды есепке алуға арналған шоттардың бар екендігі, сондай-ақ осы шоттардағы бағалы қағаздардың қалдықтары және қозғалысы туралы мәліметтерді ұсынуға;

2) уәкілетті органның сұрау салуы бойынша, шет мемлекеттің уәкілетті органы Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес жіберген сұрау салуында көрсетілген жеке және заңды тұлғаларға ашылған, бағалы қағаздарды есепке алуға арналған шоттардың бар екендігі, сондай-ақ осы шоттардағы бағалы қағаздардың қалдықтары және қозғалысы туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті.

2. Инвестициялық портфельді басқаратын кастодиандар:

1) телекоммуникациялар желiсі арқылы уәкілетті органға, бейрезидент жеке тұлғаларға, бейрезидент заңды тұлғаларға, сондай-ақ бейрезиденттер бенефициарлық меншік иелері болып табылатын заңды тұлғаларға тиесілі бағалы қағаздарды қоспағанда, өзге активтердің бар екендігі туралы мәліметтерді ұсынуға;

2) уәкілетті органның сұрау салуы бойынша, шет мемлекеттің уәкілетті органы Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес жіберген сұрау салуында көрсетілген жеке және заңды тұлғаларға тиесілі, осы баптың 1-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, өзге активтердің бар екендігі туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті.

3. «Өмірді сақтандыру» саласындағы қызметті жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары:

1) телекоммуникациялар желiсі арқылы уәкілетті органға бейрезидент жеке тұлғалар пайда алушылар болып табылатын, жасалған жинақтаушы сақтандыру шарттары туралы мәліметтерді ұсынуға;

2) уәкілетті органның сұрау салуы бойынша шет мемлекеттің уәкілетті органы Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес жіберген сұрау салуында көрсетілген жеке тұлғалар пайда алушылар болып табылатын, жасалған жинақтаушы сақтандыру шарттары туралы мәліметтерді ұсынуға міндетті.

4. Осы баптың 1, 2 және 3-тармақтарында көзделген мәліметтер Қазақстан Республикасының ақпарат алмасу туралы халықаралық шартына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімде ұсынылады.

28-бап. Коллекторлық агенттіктердің міндеттері

Коллекторлық агенттіктер талап ету құқығын басқаға беру шарттары жөніндегі мәліметтерді өздері орналасқан жердегі салық органына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкімен келісу бойынша уәкілетті орган белгілеген нысанға сәйкес тоқсаннан кейінгі айдың 25-нен кешіктірмей ұсынуға міндетті.

29-бап. Тұлғаның және заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелерінің шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, жекелеген жағдайларда азаматтығы жоқ адамдардан ақша және (немесе) өзге де мүлік алған кездегі міндеттері

1. Тұлғалар және (немесе) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері:

1) ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алушының қызметі:

заңдық көмек көрсетуге, оның ішінде құқықтық ақпарат беруге, азаматтармен ұйымдардың мүдделерін қорғауға және білдіруге, сондай-ақ оларға консультация беруге;

қоғамдық пікірге сауалнамаларды, әлеуметтанушылық сауалнамаларды (коммерциялық мақсатта жүргізілетін қоғамдық пікірге сауалнамалар мен әлеуметтанушылық сауалнамаларды қоспағанда) зерделеуге және жүргізуге, сондай-ақ олардың нәтижелерін таратуға және орналастыруға;

аталған қызмет коммерциялық мақсаттарда жүзеге асырылатын жағдайларды қоспағанда, ақпаратты жинауға, талдауға және таратуға бағытталған жағдайда, салық органдарын уәкілетті орган белгілеген мөлшерден аспайтын мөлшерде шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан ақша және (немесе) өзге де мүлік алғаны туралы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, нысан бойынша және мерзімдерде хабардар етуге;

2) осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген жағдайда, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен, мерзімдерде және нысан бойынша шет мемлекеттерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан, шетелдіктерден, азаматтығы жоқ адамдардан алынған ақшаны және (немесе) өзге де мүлікті алғаны және жұмсағаны туралы мәліметтерді салық органдарына ұсынуға міндетті.

Осы тармақта көзделген талаптар:

1) мемлекеттік мекемелерге;

2) лауазымдық міндеттерін атқару кезінде жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға, Қазақстан Республикасының Парламенті және мәслихаттар депутаттарына (өз қызметін босатылмаған негізде жүзеге асыратын мәслихаттар депутаттарын қоспағанда), әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне;

3) екінші деңгейдегі банктерге, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға, сақтандыру ұйымдарына;

4) салықтық мониторингке жататын салық төлеушілерге;

5) мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарына, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына, сондай-ақ дербес білім беру ұйымдары мен халықаралық мектептерге;

6) жекеше қызметпен айналысатын адамдардың, төрешілердің, бағалаушылардың, аудиторлардың қызметін жүзеге асыруға байланысты алынған ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;

7) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне;

8) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдіктеріне, шет мемлекеттің консулдық мекемелеріне, сондай-ақ олардың қызметкерлеріне;

9) спорттың ұлттық, техникалық және қолданбалы түрлерін дамытуға, дене шынықтыру мен спортты қолдауға және ынталандыруға бағытталған, сондай-ақ спорттық іс-шараларды, оның ішінде халықаралық спорттық жарыстарды, спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізуге арналған ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;

10) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;


11) емделудің ақысын төлеу немесе сауықтыру, профилактикалық рәсімдерден өту мақсатында алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;

12) сыртқы сауда келісімшарттары бойынша пайда түрінде алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;

13) халықаралық тасымалдарды ұйымдастырғаны және жүзеге асырғаны үшін, халықаралық пошта байланысы қызметтерін көрсеткені үшін алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;

14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасалған инвестициялық келісімшарттар шеңберінде алынатын ақшаға және (немесе) өзге де мүлікке;

15) төлем көзінен жеке табыс салығын ұстап қалғанын растайтын құжаттар болған кезде, төлем көзінен бұрын осындай салық салынған дивиденттердің, сыйақылардың, ұтыстардың сомаларына;

16) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген өзге де жағдайларға қолданылмайды.



2. Осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған тұлғалар шет мемлекеттердің, халықаралық және шетелдік ұйымдардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қаражаты есебінен жариялайтын, тарататын және (немесе) орналастыратын ақпарат пен материалдарда тапсырыс берген тұлғалар туралы мәліметтер, ақпарат пен материалдардың шет мемлекеттердің, халықаралық және шетелдік ұйымдардың, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың қаражаты есебінен дайындалғаны, таратылғаны және (немесе) орналастырылғаны туралы нұсқау қамтылуға тиіс.
30-бап. Салық құпиясы

1. Мына мәліметтерді:

1) жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті) төлеген (аударған) салық және бюджетке төленетін төлемдердің сомасы туралы;

2) салық төлеушіге есептелген салық сомасынан есепке жатқызылуға тиіс қосылған құн салығы сомасының асып кетуін бюджеттен қайтару сомасы туралы;

3) салық төлеушінің (салық агентінің) салық берешегінің сомасы туралы;

4) әрекетсіз салық төлеушілер туралы;

5) осы Кодекстің 20-бабында көзделген жағдайда, уәкілетті органның интернет-ресурсындағы деректер базасында орналастыруға жататындар;

6) салық төлеушінің таратылуына (қызметін тоқтатуына) байланысты салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш беруі туралы;

7) жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеушіге (салық агентіне) салықтың және бюджетке төленетін төлемдердің есепке жазылған сомасы туралы;

8) жеке тұлғаларға мүлік салығының, жер салығының, көлік құралдары салығының есепке жазылған сомасы туралы;

9) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзған салық төлеушіге (салық агентіне) қатысты қолданылған жауапкершілік шаралары туралы;

10) осы Кодекстің 197-бабына сәйкес қызметін тұрақты мекеме, филиал, өкілдік арқылы немесе тұрақты мекеме құрмай жүзеге асыратын бейрезидент салық төлеуші ретінде тіркеудің бар (жоқ) екендігі туралы;

11) салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) мынадай тiркеу деректерi:

сәйкестендiру нөмiрi;

жеке тұлғаның, заңды тұлға басшысының тегi, аты, әкесiнiң аты (бар болған жағдайда);

дара кәсiпкердiң, заңды тұлғаның атауы;

салық төлеушiнi (салық агентiн) тiркеу есебiне қою күнi, тiркеу есебiнен шығару күнi, тiркеу есебiнен шығару себебi;

қызметтi тоқтата тұрудың басталған және аяқталған күнi;

салық төлеушiнiң резиденттiгi;

бақылау-касса машинасының салық органындағы тіркеу нөмірі;

бақылау-касса машинасын пайдалану орны туралы;

қолданылатын салық режимі туралы;

12) салық төлеушінің (салық агентінің) салық есептілігін табыс етпеуі туралы;

13) Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес құпия ақпарат болып табылмайтын;

14) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен есептелетін, салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық жүктемесінің коэффиценті туралы;

15) жеке тұлғалардың декларациясын табыс еткен жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі туралы;

16) кіріс және мүлік туралы декларацияда жеке табыс салығының артық төленген сомасын қайтару жөніндегі талаптың бар (жоқ) екендігі) туралы;

17) «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жариялауға жататын;

18) салық төлеушілерді тәуекел дәрежесіне қарай санаттарға бөлу нәтижелері туралы мәліметтерді қоспағанда, салық органы салық төлеуші (салық агенті) туралы алған кез кезген мәліметтер салық құпиясы болып табылады.

2. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, салық органдары салық төлеуші (салық агенті) туралы салық құпиясы болып табылатын мәліметтерді, басқа тұлғаға салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатынсыз бере алмайды.



3. Салық органдары салық төлеуші (салық агенті) туралы салық құпиясын құрайтын мәліметтерді салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатын алмастан мынадай жағдайларда:

1) қағаз жеткізгіште не электрондық құжат нысанындағы прокурор санкциялаған уәжді сұрау салудың негізінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген құзыреттері шегінде құқық қорғау органдарына және арнаулы мемлекеттік органдарға береді. Мұндай мәліметтерді прокурор сұратқан жағдайда санкция талап етілмейді;

2) осы Кодексте белгіленген тәртіппен салықтарды есептеуге, ұстап қалуға және аударуға байланысты істер бойынша сотта іс жүргізілу барысында сотқа;

3) мөрмен расталған қаулы негізінде атқарушылық іс жүргізу құжаттары бойынша оның Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген құзыреті шегінде сот орындаушысына;

4) осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау, мемлекеттік статистика, сыртқы сауда қызметі, қоршаған ортаны қорғау халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық мемлекеттік органдарына, сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау уәкілетті органына және монополияға қарсы органға береді.

Осы тармақшада көрсетілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары салық құпиясын құрайтын мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымдардың тізбесін бекітеді.

Салық құпиясын құрайтын ұсынылатын мәліметтердің тәртібі және оларды ұсыну тәртібі уәкілетті органмен бірлескен актілерде белгіленеді;

5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, қаржы мониторингi жөніндегі уәкiлетті органға және республикалық бюджеттің атқарылуы және жергілікті бюджеттердің атқарылуына қызмет көрсету саласындағы уәкiлетті органға береді.

Осы тармақшада көрсетілген уәкілетті органдар салық құпиясын құрайтын мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымды тұлғалардың тізбесін бекітеді.

6) салық тексеруін жүргізуге маман ретінде тартылған тұлғаға;



7) Қазақстан Республикасы тараптардың бірі болып табылатын салық немесе құқық қорғау органдары арасындағы өзара ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарға (келісімдерге), сондай-ақ Қазақстан Республикасы халықаралық ұйымдармен жасасқан шарттарға сәйкес басқа мемлекеттердің салық немесе құқық қорғау органдарына, халықаралық ұйымдарға;

8) мемлекеттік қызметтер көрсету үшін қажетті мәліметтер бөлігінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мен мемлекеттік органдарға;

9) жеке тұлғалардан алынатын мүлік салығы, жер салығы және көлік құралдары салығы бойынша жеке тұлғалар жөніндегі мәліметтер бөлігінде жергілікті атқарушы органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына береді.

Осы тармақшада көрсетілген уәкілетті органдар салық құпиясын құрайтын мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымды тұлғалардың тізбесін бекітеді.

10) есебі салық органдарында жүргізілетін, салық құпиясын құрайтын берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді ұсыну Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мемлекеттік органдарға және (немесе) тұлғаларға;

11) ұлттық және шетел валютасын репатриациялау талабының орындалуын бақылау және валюталық бақылау агенті болып табылатын уәкілетті банктерге беру үшін қажетті мәліметтер бөлігінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне;

Салық құпиясын құрайтын ұсынылатын мәліметтердің тізбесі және оларды ұсыну тәртібі уәкілетті органмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекітетін Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру және резиденттердің экспорт және импорт бойынша келісімшарттардың есепке алу нөмірлерін алу қағидаларында белгіленеді.

12) салық төлеушінің (салық агентінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымын қарау кезінде Апелляциялық комиссияның мүшелеріне;

13) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және (немесе) салық төлеушілердің (салық агенттерінің) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымдарын қараған кезде қажетті мәліметтер бөлігінде бұзушылықтарды жою туралы хабарламаға шағымдарды қарауды жүзеге асыратын уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесіне береді.

4. Салық органдары «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жария етуді жүргізу процесінде алған салық төлеуші туралы мәліметтер мен ақпаратқа осы баптың 3-тармағының нормалары қолданылмайды.

5. Салық құпиясына рұқсаты бар тұлғалар өздерінің міндеттерін орындау кезеңінде де, сондай-ақ оларды орындауды аяқтағаннан кейін де салық құпиясын жария етпеуге тиіс.



6. Салық құпиясын құрайтын мәліметтері бар құжаттарды жоғалту не осындай мәліметтерді жария ету Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

2-БӨЛІМ. САЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕСІ
4-ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

31-бап. Салық міндеттемесі

1. Салық төлеушінің Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес мемлекет алдында туындайтын міндеттемесі салық міндеттемесі деп танылады, оған орай салық төлеуші осы Кодекстің 27-бабының 2-тармағында көрсетілген іс-әрекеттерді жасауға міндетті.

2. Мемлекеттің салық органы арқылы салық төлеушіден оның салық міндеттемесін толық көлемінде орындауын талап етуге, ал салық міндеттемесі орындалмаған немесе тиісінше орындалмаған жағдайда, осы Кодексте көзделген тәртіппен оларды қамтамасыз ету жөніндегі тәсілдерді және мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқығы бар.
32-бап. Салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект

Мүлік пен іс-әрекеттер салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болып табылады, олардың болуына байланысты және (немесе) олардың негізінде салық төлеушінің салық міндеттемесі туындайды.
33-бап. Салық базасы

Салық базасы салық салу объектісінің құн, физикалық немесе өзге де сипаттамаларын білдіреді, олардың негізінде салықтың және бюджетке төленуге жататын төлемдердің сомасы айқындалады.
34-бап. Салық мөлшерлемесі

1. Салық мөлшерлемесі салық салу объектісінің немесе салық базасының өлшем бірлігіне салықты және бюджетке төленетін төлемді есептеу жөніндегі салық міндеттемесінің шамасын білдіреді.

2. Салық мөлшерлемесі салық салу объектісінің немесе салық базасының өлшем бірлігіне пайызбен немесе абсолютті сомамен белгіленеді.
35-бап. Салық кезеңі

Салықтың және бюджетке төленетін төлемдердің жекелеген түрлеріне қатысты белгіленген уақыт кезеңі салық кезеңі деп түсініледі, ол аяқталған соң салық салу объектісі, салық базасы айқындалады, салықтың және бюджетке төленуге жататын төлемдердің сомасы есептеледі.

 

5-ТАРАУ. САЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕСІН ОРЫНДАУ


36-бап. Салық міндеттемесін орындау

1. Егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, салық төлеуші салық міндеттемесін орындауды дербес жүзеге асырады.

2. Салық төлеуші салық міндеттемесін орындау үшін мынадай іс-әрекеттер жасайды:

1) салық органында тіркелу есебіне тұрады;

2) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді есепке алуды жүргізеді;

3) салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді, салық базасы мен салық мөлшерлемелерін негізге ала отырып, салықтың және бюджетке төленуге жататын төлемдердің, сондай-ақ осы Кодекстің ерекше бөліміне сәйкес олар бойынша аванстық және ағымдағы төлемдердің сомасын есептейді;

4) салық тіркелімдерін қоспағанда, салықтық нысандарды жасайды және белгіленген тәртіппен салық органдарына табыс етеді;

5) салықтардың және бюджетке төленетін басқа да төлемдердің есептелген және есепке жазылған сомасын, осы Кодекстің ерекше бөліміне сәйкес салықтар және бюджетке төленетін төлемдер бойынша аванстық және ағымдағы төлемдерді төлейді.

3. Салық төлеуші салық міндеттемесін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде орындауға тиіс.

4. Салық төлеуші салық міндеттемесін мерзімінен бұрын орындауға құқылы.

5. Салық төлеушінің салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі салық міндеттемесі, сондай-ақ қолма-қол емес нысанда орындалатын өсімпұлдар мен айыппұлдарды төлеу жөніндегі міндеттемесі банктен немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымнан салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің сомасына төлем тапсырмасының акцептін алған күннен бастап немесе банкоматтар немесе өзге де электрондық терминалдар арқылы төлемді жүзеге асырған күннен бастап, ал қолма-қол нысанда - салық төлеуші көрсетілген соманы банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға, уәкілетті мемлекеттік органға, жергілікті атқарушы органға енгізген күннен бастап орындалған болып саналады.

6. Осы Кодексте белгіленген жағдайларда салық төлеушінің уәкілетті өкілі салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді, әлеуметтік аударымдарды төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару кезінде төлем құжаттарында ақшаны жөнелтуші салық төлеушінің тегін, атын, әкесінің атын (болған жағдайда) немесе атауын және оның сәйкестендіру нөмірін көрсетеді.

7. Салық төлеушінің салық агенті орындайтын, салық төлеу жөніндегі салық міндеттемесі салық ұсталған күннен бастап орындалған болып есептеледі.

8. Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі салық міндеттемесі, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдар төлеу жөніндегі міндеттеме осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызулар жүргізу арқылы орындалуы мүмкін.

9. Салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі салық міндеттемесі, сондай-ақ өсімпұлдар мен айыппұлдар төлеу жөніндегі міндеттеме осы Кодексте, Қазақстан Республикасының акционерлік қоғамдардың қызметін реттейтін заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Кодекстің 308-1-бабында көзделген өнімді бөлу туралы келісімдерде (келісімшарттарда), Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшартта төлеудің заттай нысаны немесе шетелдік валютада төлеу көзделген жағдайларды қоспағанда, ұлттық валютамен орындалады.


жүктеу 16,95 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   97




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау