1. Салық төлеуші (салық агенті) осы Кодекстің 571-бабының 4-тармағына сәйкес салық органының шешімімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен алып тасталған салық төлеушінің қосылған құн салығы бойынша салық есептілігі ұсынылған жағдайды қоспағанда, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға заңды немесе уәкілетті өкілі арқылы қатысуға құқылы. 2. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық төлеушінің (салық агентінің) атынан өкілдік етуге уәкілеттік берілген тұлға салық төлеушінің (салық агентінің) заңды өкілі болып танылады. 3. Салық төлеуші (салық агенті) салық органдарымен, Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға өзге де қатысушылармен қарым-қатынастарда өз мүдделерін білдіруге уәкілеттік берген жеке немесе заңды тұлға салық төлеушінің (салық агентінің) уәкілетті өкілі болып танылады. Салық төлеуші (салық агенті) - жеке тұлғаның, оның ішінде дара кәсіпкердің уәкілетті өкілі нотариат куәландырған сенімхат немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген нотариат куәландырған немесе оған теңестірілген сенімхат негізінде әрекет етеді, онда өкілдің тиісті өкілеттіктері көрсетіледі. Салық төлеуші (салық агенті) - заңды тұлғаның не оның құрылымдық бөлімшесінің уәкілетті өкілі құрылтай құжаттары және (немесе) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген сенімхат негізінде әрекет етеді, онда өкілдің тиісті өкілеттіктері көрсетіледі. 4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға салық төлеушінің (салық агентінің) жеке өзінің қатысуы оны өкіл алу құқығынан айырмайды, сол сияқты өкілдің қатысуы салық төлеушіні (салық агентін) көрсетілген қарым-қатынастарға жеке өзінің қатысу құқығынан айырмайды. 5. Салық төлеушінің (салық агентінің) уәкілетті өкілінің салық төлеушінің (салық агентінің) атынан жасаған іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) салық төлеушінің (салық агентінің) іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) болып танылады. 6. Жеке тұлғаның заңды өкілінің осы жеке тұлғаның атынан жасаған іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) жеке тұлғаның заңды өкілінің іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) болып танылады.
17-бап. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) негізінде жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүзеге асыру кезінде салықтық қатынастарға оператор арқылы қатысу
1. Өнімді бөлу туралы келісім (келісімшарт) шеңберінде жай серіктестік (консорциум) құрамында жер қойнауын пайдалану бойынша операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушылар Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарға оператор арқылы қатысуға құқылы.
2. Қазақстан Республикасының салық заңнамасымен реттелетін қатынастардағы оператордың өкілеттіктері, осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде өнімді бөлу туралы келісімге (келісімшартқа) сәйкес айқындалады.
3. Осы Кодекстің 308-1-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес салық міндеттемелерін орындаған кезде, оператор осы Кодексте салық төлеушiлер (салық агенттерi) үшін көзделген барлық құқықтар мен міндеттерге ие болады, сондай-ақ оған осы Кодексте салық төлеушiлер (салық агенттерi) үшін көзделген салықтық әкімшілендіру тәртібі қолданылады.
4. Қазақстан Республикасының салық заңнамасында реттелетін қатынастарда жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуына байланысты осы жер қойнауын пайдаланушылардың атынан және (немесе) олардың тапсырмасы бойынша жасалған оператордың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) осындай жер қойнауын пайдаланушылардың және олардың атынан және (немесе) олардың тапсырмасы бойынша әрекет ететін оператордың іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) деп танылады.
3-ТАРАУ. САЛЫҚ ОРГАНДАРЫ. САЛЫҚ ОРГАНДАРЫНЫҢ УӘКІЛЕТТІ ОРГАНДАРМЕН ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ТҰЛҒАЛАРМЕН ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ЖАСАУЫ
18-бап. Салық органдары, олардың міндеттері мен жүйесі
1. Салық органдары мемлекеттік кіріс органдары болып табылады және мынадай міндеттерді атқарады:
1) Қазақстан Республикасы салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету;
2) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің түсу толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Кодекске сәйкес әлеуметтік төлемдерді есептеу, ұстап қалу және аударудың толықтығы мен уақтылылығын қамтамасыз ету;
4) Қазақстан Республикасының салық саясатын іске асыруға қатысу;
5) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
6) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастыру, оның дамуын қамтамасыз ету және салық төлеушілер үшін электрондық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындау.
2. Салық органдарының жүйесі уәкілетті органнан және оның облыстар, Астана және Алматы қалалары, аудандар, қалалар мен қалалардағы аудандар бойынша аумақтық бөлімшелерінен, сондай-ақ ауданаралық аумақтық бөлімшелерінен тұрады. Арнайы экономикалық аймақтар құрылған жағдайда, осы аймақтардың аумағында уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері құрылуы мүмкін.
Салық органдарының уәкілетті орган бекіткен кодтары бар.
3. Уәкілетті орган салық органдарына басшылықты жүзеге асырады.
4. Салық органдарының рәмізі болады, оның сипаттамасы мен пайдаланылу тәртібін уәкілетті орган бекітеді.
19-бап. Салық органдарының құқықтары мен міндеттері
1. Салық органдары:
1) осы Кодексте көзделген нормативтік құқықтық актілерді өз құзыреті шегінде әзірлеуге және бекітуге;
2) салық салу мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға, оның ішінде шет мемлекеттердің уәкілетті органдарымен ақпарат алмасуға;
3) банктердің және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес банктік құпия болып табылатын мәліметтер қамтылған банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын өзге де ұйымдардың бағдарламалық қамтамасыз етуінің және (немесе) ақпараттық жүйесінің деректерін көруге қол жеткізу құқығын қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті, оператор) осындай бағдарламалық қамтамасыз етуді және (немесе) ақпараттық жүйені пайдаланған жағдайда, салық төлеушіден (салық агентінен, оператордан) бастапқы есепке алу құжаттарының деректері, бухгалтерлік есеп тіркелімдері, салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпарат қамтылған бухгалтерлік және салық есептерін автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз етудің және (немесе) ақпараттық жүйенің деректерін көруге қол жеткізу құқығын беруді талап етуге;
4) салық төлеушіден (салық агентінен, оператордан):
салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеудің дұрыстығын және төлеудің (ұстап қалудың және аударудың) уақтылылығын, міндетті әлеуметтік төлемдерді есептеудің, ұстап қалудың және аударудың толықтығы мен уақтылығын растайтын құжаттарды;
салық төлеуші (салық агенті, оператор) жасаған салықтық нысандар бойынша жазбаша түсіндірмелерді, сондай-ақ салық төлеушінің (салық агентінің) қаржылық есептілігін, оның ішінде резидент-салық төлеушінің (салық агентінің) Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан оның еншілес ұйымдарының қаржылық есептілігін қоса алғанда, егер осындай тұлға үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде міндетті түрде аудит жүргізу белгіленген болса, аудиторлық есепті қоса бере отырып, шоғырландырылған қаржылық есептілікті ұсынуын талап етуге;
5) банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан, бағалы қағаздарды номиналды ұстаушылар ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығына ие, инвестициялық портфельді басқаратын кастодиандардан, бірыңғай тіркеушіден, брокерлерден және (немесе) дилерлерден, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарынан осы Кодекстің 581-бабының 1), 1-1), 1-2), 4) тармақшаларында және 583-1-бабында табыс етілуі көзделген мәліметтерді алуға;
6) банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәліметтерді жария етуге Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, осы Кодекстің 581-бабының 12) тармақшасында аталған тұлғаларға қатысты банктік шоттардың бар-жоғы және нөмірлері туралы, осы шоттардағы ақша қалдығы және қозғалысы туралы мәліметтерді алуға;
7) салықтық тексеру барысында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде айқындалған тәртіппен салық төлеушіден (салық агентінен, оператордан) әкімшілік құқық бұзушылықтар жасалғаны туралы айғақтайтын құжаттарды алып қоюды жүргізуге;
8) осы Кодекске сәйкес активтер және міндеттемелер туралы декларацияны табыс ету міндеті жүктелген жеке тұлғаны салықтық тексеру барысында аталған декларацияда көрсетілген, мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлік, сондай-ақ ол бойынша құқықтар және (немесе) мәмілелер мемлекеттік немесе өзге де тіркеуге жататын мүлік туралы мәліметтердің анықтығы бөлігінде тексеруді жүзеге асыруға; Қолданысқа енгізілу мерзімі – 2020 жылғы 1 қаңтар.
9) салықтық тексерулерге мамандарды тартуға;
10) Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 49-бабы 2-тармағының 1) - 4) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мәмілелерді жарамсыз деп тану, заңды тұлғаны тарату туралы соттарға талап арыздар беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де талап арыздар беруге;
11) салық органдарымен электрондық тәсілмен өзара іс-қимыл жасайтын салық төлеушілердің, олар мынадай шарттарға:
заңды күшіне енген сот актісінің негізінде тіркеу (қайта тіркеу) жарамсыз деп танылған;
орналасқан жерінде болмауы анықталған;
заңды тұлғаның бірінші басшысы немесе дара кәсіпкер әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі және (немесе) хабар-ошарсыз кеткен жеке тұлға; қайтыс болған (қайтыс болды деп жарияланған); іздеу салынған жеке тұлға; болу мақсаты Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асырумен байланысты емес не Қазақстан Республикасының аумағында болуға рұқсат етілген мерзімі аяқталған шетелдік жеке тұлға немесе азаматтығы жоқ адам болып табылған жағдайларға сәйкес келсе, олардың салық және кеден қызметтерін электронды түрде алуын шектеуге құқылы.
2. Салық органдары:
1) салық төлеушінің (салық агентінің) құқықтарын сақтауға;
2) мемлекеттің мүдделерін қорғауға;
3) салық төлеушіге (салық агентіне) қолданыстағы салықтар және бюджетке төленетін төлемдер туралы, Қазақстан Республикасының салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпарат беруге, салық заңнамасын қолдану жөніндегі мәселелерді түсіндіруге;
4) өз құзыреті шегінде салық міндеттемесінің туындауы, орындалуы және тоқтатылуы жөнінде түсіндіруді жүзеге асыруға және түсініктемелер беруге міндетті.
Деңгейлес мониторингте тұрған салық төлеушілер үшін түсіндірулерді жүзеге асыруды және осы тармақшаның бірінші бөлігінде көзделген түсініктемелер беруді уәкілетті орган жүзеге асырады. Бұл ретте мұндай салық төлеушілер үшін уәкілетті орган жоспарланып отырған мәмілелерге (операцияларға) қатысты алдын ала түсіндірулер мен түсініктемелер береді;
5) талап қою мерзімі ішінде салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің төлену фактісін растайтын мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге;
6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға салық органдарының ақпараттық жүйесіне кіруге рұқсат беруге;
7) осы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда уәкілетті органның интернет-ресурсында:
салық берешегі бар;
Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес әрекетсіз деп танылған;
тіркелуі заңды күшіне енген сот актісі негізінде жарамсыз деп танылған салық төлеушілер (салық агенттері) туралы мәліметтерді орналастыруға;
8) салық төлеушіге (салық агентіне) салық өтініштерінің белгіленген нысандарындағы бланкілерін және (немесе) салық есептіліктерін және электронды түрде өтініш беру үшін қажетті бағдарламалық қамтамасыз етуді тегін беруге;
9) салық төлеушінің (салық агентінің, оператордың) салық органдары лауазымды тұлғаларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымын қарауға;
10) жыл сайын Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сұрауы бойынша жылдық жиынтық кірісі «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін кәсіпкерлік субъектілерінің атауы мен сәйкестендіру нөмірі туралы мәліметтерді беруге;
11) салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдерін қолдануға және салық төлеушінің (салық агентінің, оператордың) салық берешегін мәжбүрлі тәртіппен өндіріп алуға;
12) мемлекеттің меншігіне айналған мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау, одан әрі пайдалану және өткізу тәртібінің сақталуын, оның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті уәкілетті мемлекеттік органға берілуінің толықтығы мен уақтылылығын, сондай-ақ ол өткізілген жағдайда бюджетке ақшаның түсуінің толықтығы мен уақтылылығын бақылауды жүзеге асыруға;
13) уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеудің дұрыстығы, өндіріп алу толықтығы және аудару уақтылылығы мәселелері жөніндегі қызметін бақылауды жүзеге асыруға;
14) салық төлеушінің (салық агентінің, оператордың) салықтық өтініші бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде Қазақстан Республикасындағы көздерден бейрезидент алған кірістердің және ұсталған (төленген) салықтардың сомалары туралы анықтама ұсынуға;
уәкілетті органның сайтында:
активтер және міндеттемелер туралы декларацияны;
кірістер және мүлік туралы декларацияны табыс еткен жеке тұлғалардың жеке сәйкестендіру нөмірі туралы ақпаратты орналастыруға міндетті.
3. Салық органдарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де құқықтары бар және өзге де міндеттері болады.
4. Салықтық тексеру барысында қылмыстық құқық бұзушылық белгілеріне сілтейтін, салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді төлеуден жалтару, сондай-ақ әдейі, жалған банкроттық фактілері анықталған кезде, салық органдары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес процестік шешімді қабылдау үшін тиісті құқық қорғау органдарына олардың тергеуіне жататын материалдарды жібереді.
20-бап. Салық органдарының лауазымды тұлғаларын материалдық қамтамасыз ету, құқықтық және әлеуметтік қорғау
1. Салық органдарының лауазымды тұлғасы қызметтік міндеттерін орындау кезінде заңмен қорғалады.
2. Салық органдары лауазымды тұлғасының заңды талаптарын орындамау, салық органдары лауазымды тұлғасының қызметтік жұмысына байланысты оны немесе оның отбасы мүшелерін қорлау, қорқыту, оларға зорлық-зомбылық жасау немесе олардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне қол сұғушылық, салық органдары лауазымды тұлғасының қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіретін басқа да іс-қимылдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
3. Қызметтік жұмысын жүзеге асыруына байланысты салық органдары лауазымды тұлғасының денсаулығына орташа ауыр зиян жасалған және келтірілген кезде, оған республикалық бюджет қаражатынан бес айлық жалақы мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді.
4. Қызметтік жұмысын жүзеге асыруына байланысты салық органдары лауазымды тұлғасының денсаулығына кәсіптік қызметімен одан әрі айналысуына мүмкіндік бермейтіндей ауыр зиян жасалған және келтірілген кезде, оған республикалық бюджет қаражатынан бес жылдық ақшалай кірісі мөлшерінде біржолғы өтемақы, сондай-ақ оның лауазымдық жалақысы мен зейнетақысының мөлшері арасындағы айырма (өмір бойы) төленеді.
5. Салық органдарының лауазымды тұлғасы қызметтік міндеттерін орындау кезінде қайтыс болған жағдайда, қаза тапқан адамның отбасына немесе оның асырауындағы адамдарға (мұрагерлеріне):
1) қаза тапқан адамның соңғы атқарған лауазымы бойынша республикалық бюджет қаражатынан он жылдық ақшалай кірісі мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;
2) Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мөлшерде және тәртіппен асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.
6. Қызметтік міндеттерін орындауына байланысты салық органдары лауазымды тұлғасының денсаулығы мен мүлкіне келтірілген нұқсан, сондай-ақ салық органдары лауазымды тұлғасының отбасы мүшелері мен жақын туыстарының денсаулығы мен мүлкіне келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өтеледі.
21-бап. Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері
1. Аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері (бұдан әрі – әкімдер) салық төлеуші – жеке тұлға төлейтін мүлік, көлік құралдары салықтарын, жер салығын жинауды ұйымдастырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтарды жинау қатаң есептілік құжаты болып табылатын квитанция негізінде жүзеге асырылады. Квитанция нысанын уәкілетті орган белгілейді.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтарды жинауды ұйымдастыру кезінде әкімдер:
1) салық органдарынан салық сомасы туралы хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей көрсетілген хабарламаны салық төлеуші-жеке тұлғаға тапсыруды;
2) салық сомасы қолма-қол ақшамен төленген кезде салық төлеуші- жеке тұлғаға осындай төлеу фактісін растайтын квитанция беруді;
3) банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға ақша қабылдау жүзеге асырылған операциялық күннен кейінгі келесі күннен кешіктірмей, салық сомасын кейіннен бюджет есебіне жатқызу үшін күн сайын өткізуді қамтамасыз етеді. Егер күн сайынғы ақша түсімі республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын он еселенген айлық есептік көрсеткіштен кем болса, сондай-ақ елді мекенде банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым болмаған кезде ақша өткізу үш операциялық күнде бір рет жүзеге асырылады;
4) қвитанциялардың дұрыс толтырылуын және сақталуын;
5) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде салық органына квитанцияларды пайдалану туралы, сондай-ақ салық сомаларын банкке немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға өткізу туралы есептер беруді қамтамасыз етеді.
22-бап. Салық органдарының уәкілетті мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауы
1. Салық органдары уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасайды, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бірлескен бақылау шараларын әзірлейді және қабылдайды, өзара ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
2. Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар салықтық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі міндеттерді орындауда салық органдарына жәрдем көрсетуге міндетті.
3. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мен оның аумақтық органдары салық органдарының сұраулары бойынша осы Кодекстің 564-бабында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтау бойынша өздері жүргізген тексерулердің (мемлекеттік экологиялық бақылау) нәтижелері жөніндегі мәліметтерді ұсынуға міндетті.
4. Уәкілетті мемлекеттік органдар осы Кодекстің 81-тарауында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде тізбе бойынша жеке тұлғалар жөніндегі мәліметтерді уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
5. Салық органдары мен жергілікті атқарушы органдар салық жинауды жүзеге асыру бойынша осы Кодекстің 23-бабында белгіленген тәртіппен бір-бірімен өзара іс-қимыл жасайды.
6. Уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Автомобиль жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператордың бюджетке төленетін төлемдерді алу және олар бойынша мәліметтер ұсыну жөніндегі өкілеттіктері осы Кодекстің ерекше бөлімінде айқындалады.
7. Салық органдары уәкілетті мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдармен және өзге де тұлғалармен өзара іс-қимыл жасауды осы Кодексте белгіленген тәртіппен электрондық тәсілмен жүзеге асыруға құқылы.
8. Салық органдары салықтық тексеру барысында тексерілетін салық төлеушіге қатысты еңбек сіңірілмеген сыйлықақылар, болмаған шығындар, мәлімделген, бірақ реттелмеген шығындар, болған, бірақ мәлімделмеген шығындар бойынша сақтандыру резервтері мөлшерінің Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы қорытынды алу жөнінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен өзара іс-қимыл жасайды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті органның сұрау салуы бойынша мұндай қорытындыны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп уәкілетті орган белгілеген тәртіппен ұсынады.
9. Салық органдары өндірушілердің заңды мекенжайларын, өндірушілердің (импорттаушылардың) кеңейтілген міндеттемелері қолданылатын, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген өнімнің (тауарлардың) көлемдері мен түрлерін көрсете отырып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға тоқсан сайын өндірушілер бойынша ақпарат ұсынады.
10. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар салық органына жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардың және (немесе) жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған құпиялылық туралы келісімдердің көшірмелерін және (немесе) қорлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның пайдалы қазбалардың қорларын бекіту және пайдалы қазбалардың қорларын мемлекеттік балансқа қою туралы хаттамаларды, сондай-ақ олар жасалған немесе оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген күннен бастап
5 жұмыс күнінен кешіктірмей, оларға енгізілген толықтырулар мен өзгерістерді береді, оның ішінде автоматты түрде ақпарат алмасу арқылы береді.
23-бап. Уәкілетті органның әскери басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасауы
1. Жергілікті әскери басқару органдары уәкілетті органға мерзімді әскери қызметке шақырылған және мерзімді әскери қызметтен босатылған жеке тұлғалар туралы мәліметтерді мынадай мерзімдерде:
1) жеке тұлғалар жылдың сәуір - маусымында:
мерзімді әскери қызметке шақырылған;
мерзімді әскери қызметтен босатылған болса, сол жылдың
31 шілдесінен кешіктірмей;
2) жеке тұлғалар жылдың қазан - желтоқсанында:
мерзімді әскери қызметке шақырылған;
мерзімді әскери қызметтен босатылған болса, сол жылдан кейінгі жылдың 31 қаңтарынан кешіктірмей ұсынады.
2. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға жергілікті әскери басқару органдарының тізбесін мынадай мерзімдерде:
1) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жылдың
1 қаңтарынан кешіктірмей;
2) осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жылдың
1 шілдесінен кешіктірмей ұсынады.
Достарыңызбен бөлісу: |