75-бап. Жеке, заңды тұлғалар, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі туралы мәліметтерді салық төлеушілердің мемлекеттiк деректер базасына енгізу
1. Егер осы Кодекстің 562-бабының 6-тармағында өзгеше белгіленбесе, салық органы мәліметтерді салық төлеушілердің мемлекеттiк деректер базасына енгізуді сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің мәліметтері негізінде жеке, заңды тұлғаларға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне сәйкестендіру нөмірі берілгеннен кейін жүзеге асырады.
2. Салық органдары салық төлеушілердің мемлекеттiк деректер базасына мыналар туралы:
1) жеке тұлға, оның ішінде шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам – тұрғылықты немесе болатын жері бойынша;
2) резидент заңды тұлға және оның құрылымдық бөлімшесі, бейрезидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі, тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын, шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған бейрезидент заңды тұлға – орналасқан жері бойынша;
3) Қазақстан Республикасында филиал, өкілдік ашпай, қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлға – тұрақты мекемесінің орналасқан жері бойынша;
4) осы Кодекстің 197-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген акцияларды, қатысу үлестерiн сатып алатын (өткізетін) осы Кодекстiң 197-бабының 5-тармағына сәйкес салық агентi болып табылатын немесе осы Кодекстің 197-бабының 5-1-тармағына сәйкес табыс салығын есептейтін бейрезидент - осы Кодекстiң 197-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген, жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлғаның орналасқан жерi бойынша мәліметтерді енгізуді жүзеге асырады. Егер осы Кодекстің 197-бабының 5-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын немесе осы Кодекстің 197-бабының 5-1-тармағына сәйкес табыс салығын есептейтін бейрезидент Қазақстан Республикасында қызметін салық органдарында салық төлеуші ретінде тіркелген тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын болса, осы тармақшаның ережелері қолданылмайды.
Егер осындай бейрезидент бағалы қағаздарды, активтер құнының 50 және одан да көп пайызын жер қойнауын пайдаланушылар болып табылатын екі және одан да көп тұлғалардың мүлкін құрайтын заңды тұлғадағы қатысу үлестерін сатып алған (өткізген) жағдайда, салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасына бейрезидент туралы мәліметтерді енгізуді уәкілетті органның орналасқан жері бойынша салық органы жүзеге асырады;
5) осы Кодекстің 193-бабы 5-тармағының 7) тармақшасында, 200-1-бабының 1-тармағының 8) тармақшасында белгіленген шарттар орындалмаған жағдайда, бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін сатып алатын бейрезидент - бағалы қағаздары немесе қатысу үлестері сатып алынатын заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша;
6) осы Кодекстің 197-бабының 5-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын немесе осы Кодекстің 197-бабының 5-1-тармағына сәйкес табыс салығын есептейтін, осы тармақтың 4) тармақшасында көрсетілген мүлікті қоспағанда, Қазақстан Республикасында мүлік сатып алатын (өткізетін) бейрезидент - мүліктің орналасқан жері бойынша мәліметтерді енгізуді жүзеге асырады. Егер осы Кодекстің 197-бабының 5-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын немесе осы Кодекстің 197-бабының 5-1-тармағына сәйкес табыс салығын есептейтін бейрезидент Қазақстан Республикасында қызметін салық органдарында салық төлеуші ретінде тіркелген тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын болса, осы тармақшаның ережелері қолданылмайды;
7) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiгі – дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiктің орналасқан жері бойынша;
8) осы Кодекстің 191-бабының 5-тармағына сәйкес бейрезиденттiң тұрақты мекемесi ретінде қаралатын тәуелді агенті арқылы қызметін жүзеге асыратын бейрезидент – тәуелді агенттің орналасқан (тұрғылықты, келу) жері бойынша;
9) қызметін осы Кодекстің 191-бабының 1-тармағына сәйкес бейрезиденттің тұрақты мекемесі ретінде қаралатын сақтандыру ұйымы немесе сақтандыру брокері арқылы жүзеге асыратын бейрезидент – сақтандыру ұйымының немесе сақтандыру брокерінің орналасқан жері бойынша;
10) қызметін осы Кодекстің 191-бабының 1-тармағына сәйкес бейрезиденттің тұрақты мекемесі ретінде қаралатын бірлескен қызмет туралы шарт шеңберінде жүзеге асыратын бейрезидент – бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушы-резиденттің орналасқан (тұрғылықты, келу) жері бойынша;
11) резидент банктерде ағымдағы шоттар ашатын бейрезиденттер – резидент банктің орналасқан жері бойынша мәліметтерді енгізуді жүзеге асырады.
3. Салық органдары салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасына мәліметтерді енгізуді сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің мәліметтерін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
Салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасына мәліметтер осы Кодекстің 197-бабының 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген, жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын заңды тұлға туралы мәліметтерді енгізуді оның орналасқан жері бойынша салық органы уәкілетті органнан бейрезиденттің осы Кодекстің 197-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген акцияларды, қатысу үлестерін сатып алғаны туралы мәліметтерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
76-бап. Бейрезидентті салық төлеушi ретінде тiркеу ерекшеліктері
1. Филиал, өкілдік ашпай, қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлға осы Кодекстің 191-бабының ережелерін ескере отырып, салық төлеуші ретінде тіркелу үшін Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме арқылы қызметін жүзеге асыра бастаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде тұрақты мекеменің орналасқан жері бойынша салық органына мынадай:
1) құрылтай құжаттарының;
2) мемлекеттік тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете отырып, бейрезиденттің инкорпорация еліндегі мемлекеттік тіркелуін растайтын;
3) осындай құжат болған кезде салықтық тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсетіп, бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелуін растайтын құжаттардың нотариат растаған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті беруге міндетті.
2. Тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын, шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға Қазақстан Республикасын тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) деп тану туралы шешім қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде орналасқан жері бойынша салық органына мынадай:
1) құрылтай құжаттарының;
2) мемлекеттік тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете отырып, бейрезиденттің инкорпорация еліндегі мемлекеттік тіркелуін растайтын құжаттардың;
3) осындай құжат болған кезде, салықтық тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете отырып, ол бар болған жағдайда бейрезиденттің инкорпорация елiндегi немесе резиденттік еліндегі салықтық тіркелуін растайтын құжаттарының;
4) директорлар кеңесі жиналысының немесе осыған ұқсас басқару органының хаттамасының нотариат растаған көшірмелерін қоса бере отырып, салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш беруге міндетті.
3. Тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға өзінің орналасқан жері бойынша есепке қою туралы салықтық өтініш берген және Қазақстан Республикасында филиал (өкілдік) ашпай, тұрақты мекемесі бар болған жағдайда, мұндай тұрақты мекемелер осы Кодекстің 39-1-бабында белгіленген тәртіппен осындай заңды тұлғаға өзінің құқықтары мен міндеттерін беруге міндетті.
Заңды тұлға тиімді басқару орнын (нақты басқару органының орналасқан жерін) Қазақстан Республикасына көшіру туралы шешім қабылдаған және Қазақстан Республикасында тұрақты мекеме ретінде тіркелген филиалы (өкілдігі) бар болған жағдайда, мұндай филиалдың (өкілдіктің) тіркеу деректері осы Кодекстің 563-бабында белгіленген тәртіппен өзгертуге жатады.
4. Осы Кодекстің 197-бабының 5-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын немесе осы Кодекстің 197-бабының 5-1-тармағына сәйкес табыс салығын есептейтін, Қазақстан Республикасында мүлікті сатып алатын (өткізетін) бейрезидент мүлік сатып алғанға (өткізгенге) дейін салық төлеуші ретінде тіркелу үшін мүліктің орналасқан жері бойынша салық органына мынадай:
1) бейрезидент жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын немесе бейрезидент заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының;
2) бейрезидент заңды тұлға үшін мемлекеттік тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете отырып, бейрезиденттің инкорпорация еліндегі мемлекеттік тіркелуін растайтын;
3) осындай құжат болған кезде, салықтық тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсетіп, бейрезиденттің инкорпорация (азаматтық) еліндегі салықтық тіркелуін растайтын құжаттардың нотариат растаған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті беруге міндетті.
5. Қызметі осы Кодекстің 191-бабының 1 және 5-тармақтарына сәйкес бейрезиденттің тұрақты мекемесі ретінде қаралатын сақтандыру ұйымы (сақтандыру брокері) немесе тәуелді агент, осындай бейрезидентті салық төлеуші ретінде тіркеу үшін осы Кодекстің 191-бабы 11-тармағына сәйкес айқындалған қызметті жүзеге асыруды бастаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде орналасқан (тұрғылықты, келген) жері бойынша салық органына мынадай:
1) ол бар болған жағдайда, бейрезиденттің атынан кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға, келісімшарттарға қол қоюға немесе өзге мақсаттарға өкілеттіктер беруге арналған шарттың (келісімнің, келісімшарттың немесе өзге де құжаттың);
2) бейрезидент жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың немесе ол тұрақты мекемесі болып табылатын бейрезидент заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының;
3) бейрезидент заңды тұлға үшін мемлекеттік тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете отырып, бейрезиденттiң ол тұрақты мекемесі болып табылатын инкорпорация еліндегі мемлекеттік тіркелуін растайтын құжаттың;
4) бейрезидентте бар болған жағдайда салықтық тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете отырып, бейрезиденттің ол тұрақты мекемесі болып табылатын инкорпорация (азаматтық) еліндегі салықтық тіркелуін растайтын құжаттың нотариат растаған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті табыс етуге міндетті.
6. Қызметі тұрақты мекеме құруға әкелетін резидентпен жасасқан бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушы бейрезидент салық төлеуші ретінде тіркелу үшін осы Кодекстің 191-бабының 11-тармағына сәйкес айқындалған қызметін жүзеге асыруды бастаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде бірлескен қызмет туралы шартқа қатысушы резиденттің орналасқан (тұрғылықты, келген) жері бойынша салық органына мынадай:
1) бірлескен қызмет туралы шарттың;
2) бейрезидент жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың немесе бейрезидент заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының;
3) мемлекеттік тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете отырып, бейрезиденттің инкорпорация еліндегі мемлекеттік тіркелуін растайтын құжаттың;
4) салықтық тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете отырып, бейрезиденттің инкорпорация еліндегі салықтық тіркелуін растайтын құжаттың нотариат растаған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті табыс етуге міндетті.
7. Резидент банктерде ағымдағы шоттар ашатын бейрезидент шот ашқанға дейін салық төлеуші ретінде тіркелуге міндетті. Салық төлеуші ретінде тіркелу үшін осындай бейрезидент банктің орналасқан жері бойынша салық органына осы баптың 2-тармағында белгіленген құжаттардың нотариат растаған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті табыс етеді.
8. Қазақстан Республикасындағы көздерден осы Кодекстің ережелеріне сәйкес төлем көзінен салық салуға жатпайтын кірістер алатын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар осы Кодекстің 191-бабының 11-тармағына сәйкес қызметін жүзеге асыра бастаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде келген (тұратын) жері бойынша салық органына мынадай:
1) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын;
2) осындай құжат болған жағдайда салықтық тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсете отырып, азаматтық (резиденттік) еліндегі салықтық тіркелуін растайтын;
3) осындай құжат болған жағдайда Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған кірістің сомасын растайтын құжаттың нотариат растаған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті табыс етуге міндетті.
9. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, бейрезидент жеке тұлға осы Кодекстің 189-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының резиденті деп танылған күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде салық төлеуші ретінде тіркелуге міндетті.
10. Қазақстан Республикасында мүлік, көлік құралдары салығы немесе жер салығы салынатын объектi болып табылатын мүлікті сатып алатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар салық төлеуші ретінде тіркелу үшін осындай мүліктің орналасқан жері бойынша салық органына мынадай:
1) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын;
2) осындай құжат болған жағдайда салықтық тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсетіп, азаматтық (резиденттік) еліндегі салықтық тіркелуін растайтын құжаттардың нотариат растаған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті табыс етуге міндетті.
11. Резидент заңды тұлғалардың, Қазақстан Республикасындағы қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттердің бірінші басшылары болып табылатын шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар салық төлеуші ретінде тіркелу үшін келетін (тұрғылықты) жері бойынша салық органына мынадай:
1) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын;
2) осындай құжат болған жағдайда салықтық тіркеу нөмірін (немесе оның аналогын) көрсетіп, азаматтық (резиденттік) еліндегі салықтық тіркелуін растайтын құжаттардың нотариат растаған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті табыс етуге міндетті.
12. Осы Кодекстің 561-бабының 2-тармағының 4) тармақшасында аталған бейрезидент Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану саласындағы құзыреті шегінде мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың осы Кодекстің 197-бабының 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген акцияларды, қатысу үлестерін бейрезиденттің сатып алуы туралы мәліметтері немесе осы баптың 2-тармағында белгiленген құжаттардың нотариат растаған көшiрмелерiн қоса бере отырып, осындай бейрезидент табыс еткен тiркеу есебiне қою туралы салықтық өтiнiш негізінде салық төлеуші ретінде тіркелуге жатады.
13. Осы Кодекстің 561-бабының 2-тармағының 4-1) тармақшасында аталған бейрезидент салық төлеуші ретінде тіркелу үшін эмитент заңды тұлғаның немесе осы Кодекстің 193-бабы 5-тармағының 7) тармақшасында, 200-1-бабының 1-тармағының 8) тармақшасында көрсетілген резидент заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша салық органына осы баптың 2-тармағында белгіленген құжаттардың нотариат растаған көшірмелерін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті табыс етуге міндетті.
14. Қазақстан Республикасында аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдігі, шет мемлекеттің консулдық мекемесі салық төлеуші ретінде тіркелуге жатады. Салық төлеуші ретінде тіркелу үшін мұндай өкілдік немесе мекеме өзінің орналасқан жері бойынша салық органына Қазақстан Республикасында аккредиттелгенін растайтын құжаттың нотариат растаған көшірмесін қоса бере отырып, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті табыс етеді.
15. Осы баптың 1-7-тармақтарында аталған тұлғаларға сәйкестендіру нөмірі мен тіркеу куәлігін жасау мақсатында салық органы тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде әділет органдарына электрондық хабарлама жібереді.
16. Осы баптың 1-7-тармақтарында аталған бейрезиденттерге сәйкестендіру нөмірін беру туралы электрондық хабарламаны әділет органдары салық органдарының электрондық хабарламасын алған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей салық органдарына жібереді.
17. Осы баптың 1-7-тармақтарында аталған бейрезиденттерді салық төлеушілер ретінде тіркеуді салық органы осы Кодекстің 561-бабының 3-тармағында белгіленген мерзімде уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша тіркеу куәлігін бере отырып жүзеге асырады.
18. Осы Кодекстің 561-бабының 2-тармағының 4) тармақшасында аталған, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланумен байланысты бағалы қағаздарды, қатысу үлестерін сатып алған бейрезиденттің тіркеу куәлігі осы Кодекстің 197-бабының 1-тармағының 2)-4) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығына ие резиденттің немесе консорциумның орналасқан жері бойынша салық органында бейрезидент талап еткенге дейін сақталады.
19. Осы баптың 1-7-тармақтарында аталған, сәйкестендіру нөмірі бар бейрезиденттерге қатысты уәкілетті мемлекеттік органнан мәліметтер, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш алынған жағдайда, салық органы әділет органдарына сәйкестендіру нөмірі мен тіркеу куәлігін жасау мақсатында электрондық хабарлама жібермейді.
77-бап. Салық төлеушiлердің мемлекеттік деректер базасындағы тiркеу деректерін өзгерту және толықтыру
1. Салық органдары салық төлеуші ретінде тіркеу кезінде ұсынылған тіркеу деректеріне:
1) жеке тұлғаның – Жеке сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің мәліметтері негізінде;
2) резидент заңды тұлғаның және оның құрылымдық бөлімшесінің, бейрезидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің - Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің мәліметтері немесе тиімді басқару орны (басқару органының нақты орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға ретінде тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініштің негізінде;
3) Қазақстан Республикасындағы қызметін филиал, өкілдік ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғаның - тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш негізінде;
4) осы Кодекстің 197-бабының 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдалану құқығына ие тұлғаның орналасқан жері өзгерген кезде, осы Кодекстің 197-бабының 5-тармағына сәйкес салық агенті болып табылатын бейрезиденттің – осындай бейрезидентті салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініштің немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану саласындағы құзыреті шегінде мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың осы Кодекстің 197-бабы 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген акцияларды, қатысу үлестерін бейрезиденттің сатып алуы туралы мәліметтері негізінде;
5) резидент заңды тұлғаның орналасқан жері өзгерген кезде 561-баптың 2-тармағының 4-1) тармақшасында аталған бейрезиденттің – Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің осындай резидент туралы мәліметтері негізінде;
6) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетел мемлекетінің дипломатиялық және оған теңестiрiлген өкiлдiгінің – тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш негізінде;
7) қызметін осы Кодекстің 191-бабының 5-тармағына сәйкес бейрезиденттiң тұрақты мекемесi ретінде қаралатын тәуелді агент арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің – тәуелді агенттің салық органына берген салықтық өтініші негізінде;
8) резидент банкте ағымдағы шоты бар бейрезидент жеке және заңды тұлғаның – банк хабарламасының негізінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуді жүзеге асырады.
2. Заңды тұлғаның, оның құрылымдық бөлімшесінің бюджетпен есеп айырысу бойынша жауапты қызметкері, телефон нөмірі, электрондық пошта мекенжайы туралы мәліметтерді өзгерту тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш негізінде жүзеге асырылады.
3. Салық төлеушілердің банктік шоттары туралы мәліметтерді өзгерту банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың осы Кодекстің 581-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімде ұсынылған мәліметтері негізінде жүзеге асырылады.
4. Салық төлеушінің тіркеу деректерін өзгерту үшін салықтық өтініш салық төлеушінің (салық агентінің) орналасқан жері бойынша салық органына өзгерістер туындаған кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей табыс етіледі.
5. Салық органдары салық төлеушінің тіркеу деректеріне өзгерістер енгізуді сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың, банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың мәліметтерін, тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
78-бап. Салық төлеушіні салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасынан алып тастау
1. Салық органдары салық төлеушіні салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасынан сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің, уәкілетті органдардың мәліметтері негізінде немесе оның салықтық өтініші бойынша мынадай себептермен:
1) жеке тұлғаның қайтыс болуы немесе қайтыс болды деп жариялануы;
2) орындалмаған салық міндеттемелері не Қазақстан Республикасының аумағында салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілері болмаған жағдайда, жеке тұлғаның Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жеріне кетуі және азаматтығын тоқтатуы;
3) осы Кодекстің 562-бабының 5-2-тармағында аталған шетелдіктің, азаматтығы жоқ адамның салық салу объектiлерiне құқықтарының тоқтатылуы;
4) заңды тұлғалардың, олардың құрылымдық бөлімшелерінің Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен алып тасталуы немесе заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің есептік тіркеуден шығарылуы;
5) шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғаның Қазақстан Республикасында тиімді басқару орнының (басқару органының нақты орналасқан жерінің) өзгеруі;
6) бейрезиденттің тұрақты мекеме арқылы қызметін тоқтатуы;
7) шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасындағы қызметін тоқтатуы;
8) егер осы Кодекстің 561-бабы 2-тармағының 4), 4-1) және 5) тармақшаларында аталған бейрезиденттің Қазақстан Республикасында өзге салық салу объектісі болмаған жағдайда, мұндай бейрезиденттің мүлікке, акцияларға және (немесе) қатысу үлестеріне құқықтарының тоқтатылуы;
9) шет мемлекеттің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдігі қызметінің тоқтатылуы ;
10) бейрезиденттің қызметін осы Кодекстің 191-бабының 5-тармағына сәйкес осы бейрезиденттiң тұрақты мекемесi ретінде қаралатын Қазақстан Республикасындағы тәуелді агенті арқылы тоқтатуы;
11) осы Кодекстің 561-бабының 2-тармағының 8) тармақшасында аталған бейрезиденттің банк хабарламасын алған күннен бастап алты ай ішінде резидент банктерде ағымдағы шоттары болмаған, сондай-ақ ағымдағы шоттарды ашуы туралы мәліметтері болмаған жағдайда, резидент банкте бейрезиденттің ағымдағы шотының жабылуы бойынша алып тастайды.
2. Салық органы салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасынан осы Кодекстің 561-бабының 2-тармағының 3) – 8) тармақшаларында аталған тұлғаларды шығарып тастау мақсатында әділет және ішкі істер органдарына:
1) Қазақстан Республикасындағы қызметін филиал, өкілдік ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентті – тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініші негізінде;
2) осы Кодекстің 561-бабының 2-тармағының 4) тармақшасында аталған бейрезидентті –Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану саласындағы құзырет шегінде мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың осы Кодекстің 197-бабының 1-тармағының 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген бағалы қағаздарды немесе қатысу үлестерін сату туралы мәліметтерінің негізінде;
3) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды – тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініші негізінде;
4) Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және оған теңестiрiлген шет мемлекеттің өкiлдiгін – сыртқы саясат қызметін жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органның Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және оған теңестiрiлген шет мемлекет өкiлдiгінің қызметін тоқтатуы туралы мәліметтері негізінде;
5) осы Кодекстің 561-бабының 2-тармағының 7) тармақшасында аталған бейрезидентті – тәуелді агенттің тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтініші негізінде;
6) резидент банктерде ағымдағы шоты бар бейрезидентті – бейрезиденттің ағымдағы шотының жабылуы туралы банк хабарламасының негізінде тіркеу есебінен шығару туралы электрондық хабарлама жібереді.
3. Салық органдары осы баптың 2-тармағында аталған бейрезиденттер туралы мәліметтер көрсетілген электрондық хабарламаны әділет органдарына уәкілетті мемлекеттік органдардан мәліметтерді, банктің хабарламасын, тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтінішті алған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде табыс етеді.
4. Салық органы салық төлеушіні салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасынан алып тастауды сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері мәліметтерінің негізінде салық төлеушінің орындалмаған салық міндеттемелері болмаған кезде жүргізеді.
§ 2. Дара кәсіпкерді және жеке практикамен айналысатын
тұлғаны тіркеу есебі
79-бап. Дара кәсіпкер және жеке практикамен айналысатын
тұлға ретінде тіркеу есебіне қою
1. Дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін жеке тұлға Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен салық органына хабарлама жібереді.
2. Салық органдары Қазақстан Республикасының заңнамасымен дара кәсiпкерлікті жүзеге асыруға тыйым салынған жеке тұлғаны дара кәсiпкер ретiнде тiркеу есебiне қоюды жүргiзбейдi.
3. Жеке тұлғаны жеке практикамен айналысатын тұлға ретiнде тiркеу есебiне қою нотариаттық қызметтi, атқарушылық құжаттарды орындау жөнiндегi қызметтi, адвокаттық қызметтi, дауларды медиация тәртібімен реттеу жөніндегі қызметті жүзеге асыруды бастағанға дейiн "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық нысанда табыс етілген, жеке тұлғаның жеке практикамен айналысатын тұлғаларды тiркеу есебiне алу туралы салықтық өтiнiшi негiзiнде жүргiзiледi.
4. Салық органдары салықтық өтінішті алған кезден бастап бір жұмыс күні ішінде жеке тұлғаны жеке практикамен айналысатын тұлға ретiнде тiркеу есебiне қоюды жүргізеді не мұндай тіркеуге қоюдан бас тартады.
Салық органы, егер:
1) салықтық өтініште көрсетілген жеке басты куәландыратын құжаттың деректері сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінде қамтылған мәліметтерге сәйкес келмеген;
2) салықтық өтініште көрсетілген нотариаттық қызметті, атқарушылық құжаттарды орындау жөнiндегi қызметті, адвокаттық қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның деректері лицензиялардың мемлекеттік электрондық тізілімінде қамтылған мәліметтерге сәйкес келмеген;
3) салықтық өтініште көрсетілген орналасқан жері "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесінде болмаған жағдайларда, жеке тұлғаны жеке практикамен айналысатын тұлға ретiнде тiркеу есебiне қоюдан бас тартады.
80-бап. Дара кәсіпкердің және жеке практикамен айналысатын тұлғаның тіркеу деректерін өзгерту
1. Тіркеу деректерін өзгертуді салық органы:
1) дара кәсіпкер Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен табыс еткен хабарлама;
2) жеке практикамен айналысатын тұлғаның тіркеу есебі туралы салықтық өтініш негізінде жүргізеді.
2. Дара кәсіпкер осы баптың 1-тармағында көрсетілген хабарламаны орналасқан жері бойынша салық органына өзінің тіркеу деректері және (немесе) бірлескен кәсіпкерліктің қатысушылары (мүшелері) туралы деректер өзгерген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей табыс етуге міндетті.
3. Жеке практикамен айналысатын тұлға осы баптың 1-тармағында көрсетілген салықтық өтінішті өзінің орналасқан жері өзгерген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы электрондық нысанда табыс етуге міндетті.
4. Тіркеу деректерін өзгертуді салық органы тіркеу деректерін өзгерту үшін табыс етілген хабарламаны алған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде жүргізеді.
5. Жеке практикамен айналысатын тұлғаның орналасқан жері туралы мәліметтерді өзгертуді салық органы тіркеу деректерін өзгерту үшін табыс етілген салықтық өтінішті алған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде жүргізеді.
Салық органдары салықтық өтініште көрсетілген орналасқан жері "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесінде болмаған жағдайда, жеке практикамен айналысатын тұлғаның орналасқан жері туралы мәліметтерді өзгертуден бас тартады.
81-бап. Дара кәсіпкер және жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркеу есебінен шығару
1. Салық органы жеке тұлғаны дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығаруды осы Кодексте белгіленген тәртіппен және (немесе) Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізеді.
2. Салық органы жеке тұлғаны жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркеу есебінен шығаруды осы Кодекстің 42-бабында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
3. Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, салық органы орындалмаған салық міндеттемелері болмаған жағдайда жеке тұлғаны дара кәсіпкер және жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркеу есебінен шығаруды жүргізеді.
4. Салық төлеуші өзінің орналасқан жері бойынша салық органында өзінің дара кәсіпкер және жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркеу есебінен шығарылғаны (шығарудан бас тартылтылғаны) туралы жазбаша растау алуға құқылы.
§ 3. Қосылған құн салығын төлеушілерді тіркеу есебі
82-бап. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне міндетті түрде қою
1. Мыналарды:
1) мемлекеттік мекемелерді;
2) резидент заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерін;
3) осы Кодекстің 534 (411) және 543 (420) баптарында аталған, қызметі бойынша сәйкесінше ойын бизнесі салығы және тіркелген салық салынуы тиіс тұлғаларды; (2020 жылға дейін)
3) осы Кодекстің 534-бабында қызметі бойынша сәйкесінше ойын бизнесі салығы және тіркелген салық салынуы тиіс тұлғаларды; (2020 жылдан бастап)
4) шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін осындай арнаулы салық режимі қолданылатын қызметі бойынша қолданатын салық төлеушілерді қоспағанда, резидент заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасындағы қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттер, дара кәсіпкерлер осы бапта белгіленген тәртіппен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне міндетті түрде қоюға жатады.
2. Егер қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiне қою мақсаттары үшiн айналымның мөлшері күнтізбелік жыл ішінде ең төмен айналымнан асып кетсе, осы баптың 1-тармағында аталған, қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiне қоюға жататын тұлғалар орналасқан жері бойынша салық органына қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне алу туралы салықтық өтінішті табыс етуге міндетті.
Салықтық өтініш ең төмен айналымнан асып кету туындаған ай аяқталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей мына тәсілдердің бірімен беріледі:
1) келу тәртібімен қағаз жеткізгіште;
2) электрондық нысанда.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) тармақшасының ережесі тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тәуекелдердің жоғарғы деңгейі бар салық төлеушілерге қолданылмайды. 01.01.2019 ж. бастап.
Айналым мөлшерін:
1) жаңадан құрылған резидент заңды тұлғалар, бейрезидент солар арқылы қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын филиалдар, өкілдіктер – әділет органдарында мемлекеттік (есептік) тіркелген күннен бастап;
2) салық органдарында дара кәсіпкелерр ретінде жаңадан тіркеу есебіне тұрған жеке тұлғалар – салық органдарында тіркеу есебіне қойылған күннен бастап;
3) ағымдағы күнтiзбелiк жылда салық органының шешiмi негiзiнде қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiнен шығарылған салық төлеушiлер – салық органының шешiмi негiзiнде қосылған құн салығы бойынша тiркеу есебiнен шығарылған күннен кейiнгi күннен бастап;
4) өзге де салық төлеушілер ағымдағы күнтізбелік жылдың бірінші қаңтарынан бастап өсу қорытындысы бойынша айқындайды.
3. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою мақсаттары үшін айналым мөлшері осы Кодекстің 230-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген айналымдардың сомасы ретінде айқындалады.
Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою мақсаттары үшін, бюджетпен есеп айырысуларды шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимінде жүзеге асыратын салық төлеуші айналымды айқындау кезінде аталған салық режиміне кіретін қызметті жүзеге асырудан түскен өткізу бойынша айналымды есептемейді.
4. Ең төменгі айналым республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің отыз мың еселенген мөлшерін құрайды.
5. Егер құрылтайшы сенімгерлік басқару шарты бойынша не пайда алушы сенімгерлік басқару туындаған өзге де жағдайларда қосылған құн салығын төлеуші болып табылса, сенімгерлік басқарушы орналасқан жері бойынша салық органына сенімгерлік басқару шартын жасасқан күннен не сенімгерлік басқарудың туындауына негіз болып табылатын өзге де құжат күнінен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей келу тәртібімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебі туралы салық өтінішін беруге міндетті. Өзге де жағдайларда мұндай құрылтайшыны немесе пайда алушыны, сондай-ақ сенімгерлік басқарушыны міндетті түрде есепке қою осы баптың 2-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебі туралы салықтық өтінішті Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғасының, Қазақстан Республикасындағы қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің бірінші басшысы, дара кәсіпкер орналасқан жері бойынша салық органына осы баптың 2-тармағында белгіленген тәртіппен береді.
Осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалар қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтiнiш берген күннен бастап қосылған құн салығын төлеушiлерге айналады.
Салық органы салықтық өтiнiш берілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қоюды жүргізеді.
7. Осы баптың 1-тармағында аталған, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтiнiш тапсырмаған тұлға анықталған кезде, салық органы мұндай салық төлеушіні анықтаған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей оған осы Кодекстің 608-бабында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықты жою туралы хабарлама жібереді.
8. Салық төлеушi осы баптың 7-тармағына сәйкес жіберілген салық органының хабарламасы бойынша қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтiнiш тапсырмаған жағдайда, осы Кодекстің 608-бабының 2-тармағында белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін салық органы осы Кодекстің 611-бабында белгіленген тәртіппен салық төлеушінің банктік шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығарады.
83-бап. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде қою
1. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстің 568-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне міндетті түрде қоюға жатпайтын тұлғалар мынадай тәсілдердің бірімен:
1) келу тәртібімен қағаз жеткізгіште
2) электрондық нысанда;
3) Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінде резидент заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу кезінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш беру жолымен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне тұруға құқылы.
Осы тармақтың 2) тармақшасының ережесі тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тәуекелдердің жоғарғы деңгейі бар салық төлеушілерге қолданылмайды. 01.01.2019 ж.
Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне ерікті түрде тұруға:
дара кәсіпкерлер болып табылмайтын жеке тұлғалардың;
мемлекеттік мекемелердің;
Қазақстан Республикасындағы қызметін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асырмайтын бейрезиденттердің;
резидент заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелерінің;
осы Кодекстің 411 және 420-баптарында аталған, қызметі бойынша тиісінше ойын бизнесі салығы және тіркелген салық салынатын тұлғалардың құқығы жоқ.
2. Салық органы қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтiнiш берілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлікті жасай отырып, салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қоюды жүргізеді.
Осы баптың 1-тармағында аталған тұлғалар:
1) осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған тұлғалар үшін – қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою үшін салықтық өтініш берген күннен бастап;
2) осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында аталған тұлғалар үшін – Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап қосылған құн салығын төлеушілерге айналады.
84-бап. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлiк
1. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлiк салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою фактісін куәландырады, мерзімсіз болып табылады және тіркеуші органның лауазымды адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электрондық құжат нысанында ұсынылады. Куәліктің нысанын уәкілетті орган белгілейді.
2. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлiк мынадай міндетті деректемелерді:
1) салық төлеушiнің атауын және (немесе) тегін, атын, әкесінің атын (ол болған жағдайда);
2) сәйкестендіру нөмірін;
3) салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою күнін;
4) куәлікті жасаған салық органының атауын қамтиды.
3. Салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған жағдайда, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлiк жарамсыз деп есептеледі.
4. Салық органы қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы куәлікті ауыстыруды қосылған құн салығын төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе атауы өзгерген жағдайда салық төлеуші тегінің, атының, әкесінің аты (егер бұл жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) немесе атауының өзгергені туралы сәйкестендіру нөмірлері ұлттық тізілімдерінің мәліметтері негізінде үш жұмыс күні ішінде жүргізеді.
85-бап. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару
1. Мынадай шарттар бір мезгілде сақталған жағдайда:
1) салық салынатын айналым мөлшері салықтық өтініш берілген жылдың алдындағы күнтізбелік жыл үшін осы Кодекстің 568-бабында белгіленген өткізу бойынша ең төменгі айналымнан аспаса;
2) салық салынатын айналым мөлшері мұндай салықтық өтініш берілген ағымдағы күнтізбелік жылдың бастапқы кезеңі үшін осы Кодекстің 568-бабында белгіленген өткізу бойынша ең төменгі айналымнан аспаса, қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару үшін қосылған құн салығын төлеушінің орналасқан жері бойынша салық органына қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебі туралы салықтық өтініш беруге құқылы.
Осы тармақтың ережесі банкроттық рәсімі қолданылған салық төлеушілерге қолданылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген өтiнiшке қосылған құн салығы бойынша тарату декларациясы қоса беріледі.
3. Егер осы тармақта өзгеше белгіленбесе, осы баптың 2-тармағында белгіленген талап сақталған кезде, салық органдары салық төлеушінің салықтық өтініш берген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығаруды жүргізуге міндетті. Осындай салық төлеушінің салық органына салықтық өтініш берген күні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару күні болып табылады.
Салық органдары мынадай:
1) салық төлеушінің салықтық өтініш берілген жылдың алдындағы күнтізбелік жыл ішіндегі салық салынатын айналымының мөлшері осы Кодекстің 568-бабында белгіленген өткізу бойынша ең төменгі айналымнан асып кеткен;
2) салық төлеушінің мұндай салықтық өтініш берілген ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан бергі кезең ішіндегі салық салынатын айналымының мөлшері осы Кодекстің 568-бабында белгіленген өткізу бойынша ең төменгі айналымнан асып кеткен жағдайларда, салық төлеушінің салықтық өтініш берген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарудан бас тартады.
Осы тармақтың ережелері осы Кодекстің 73-бабының 1-тармағында белгіленген тәртіппен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару мақсатында осындай тіркеу есебі туралы салықтық өтінішті табыс еткен салық төлеушіге қолданылмайды.
Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарудан бас тарту туралы шешім уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша мұндай бас тартудың себебі көрсетіле отырып, салық төлеушіге жеке қолын қойғызу арқылы немесе жіберу фактісін растайтын өзге тәсілмен тапсырылады.
4. Уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық органы шешімінің негізінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару:
1) қосылған құн салығын төлеуші қосылған құн салығы бойынша салық есептілігін осы Кодексте оны ұсынудың белгіленген мерзімінен алты ай өткен соң ұсынбаған;
2) жазбаша түсіндірме ұсыну үшін осы Кодекстің 558-бабының 5-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген мерзімнің соңғы күніне салық төлеушіде ашылған банктік шоттары болмаған жағдайда, мұндай салық төлеуші осы Кодекстің 558-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген талапты орындамаған;
3) салық төлеуші осы Кодекстің 558-бабы 6-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген талапты орындамаған;
4) соттың заңды күшіне енген шешімінің негізінде дара кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тіркеу жарамсыз деп танылған;
5) соттың заңды күшіне енген шешімінің негізінде заңды тұлғаны қайта тіркеу жарамсыз деп танылған;
6) егер заңды тұлғаның бірінші басшысы немесе жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы) немесе дара кәсіпкер:
әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеті шектеулі және (немесе) хабар-ошарсыз кеткен жеке тұлға;
егер қайтыс болған (қайтыс болды деп жарияланған) кезден бастап алты ай өткен жағдайда, қайтыс болған (қайтыс болды деп жарияланған);
1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-1, 216, 217 және 222-баптары бойынша жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар жеке тұлға;
2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 216, 238, 240 және 245-баптары бойынша жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығы бар жеке тұлға;
іздеу салынған жеке тұлға;
болу мақсаты Қазақстан Республикасында еңбек қызметін жүзеге асырумен байланысты емес не Қазақстан Республикасы аумағында болуға рұқсат етілген мерзімі аяқталған шетелдік жеке тұлға немесе азаматтығы жоқ адам;
әрекетсіз дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;
әрекетсіз заңды тұлғаның бірінші басшысы немесе жалғыз құрылтайшысы (қатысушысы) болып табылған;
7) осы Кодекстің 579-бабында белгіленген тәртіппен салық төлеуші әрекетсіз деп танылған жағдайларда салық төлеушіні хабардар етпестен жүргізіледі.
5. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару туралы шешімді салық төлеушiнің орналасқан жері бойынша салық органы:
1) егер осы тармақшада өзгеше белгіленбесе, осы баптың 4-тармағының 1), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шығарады.
Осы баптың 4-тармағы 8) тармақшасының тоғызыншы абзацында көрсетілген жағдайларда қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару туралы шешімді салық органы қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей шығарады;
2) осы баптың 4-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайда, осы Кодекстің 558-бабы 5-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген мерзім өткен күннен бастап;
3) салық органы соттың дара кәсіпкерді немесе заңды тұлғаны тіркеуді жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген шешімін алған күннен бастап;
4) салық органы соттың заңды тұлғаны қайта тіркеуді жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген шешімін алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шығарады.
6. Қосылған құн салығын төлеуші салық органының шешімі бойынша:
1) осы баптың 4-тармағының 1), 2), 3) және 7) тармақшаларында аталған тұлғалар үшін – осы шешім шығарылған күннен бастап;
2) осы баптың 4-тармағының 4) тармақшасында аталған тұлға үшін – қылмыстық әрекет басталған күннен бастап;
3) осы баптың 4-тармағының 5) тармақшасында аталған тұлғалар үшін – қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою күнінен бастап;
4) осы баптың 4-тармағының 5-1) тармақшасында аталған тұлға үшін – заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді, қайта тіркеуді, заңды тұлғалардың қызметін тоқтатуды мемлекеттік тіркеуді, құрылымдық бөлімшелерді есептік тіркеуді, қайта тіркеуді, есептік тіркеуден шығаруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органында қайта тіркелген күннен бастап;
5) егер осы тармақшада өзгеше белгіленбесе, осы баптың 4-тармағының 6) тармақшасында белгіленген жағдайлар туындаған күннен бастап қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығарылды деп танылады.
Қосылған құн салығын төлеуші осы баптың 4-тармағы 6) тармақшасының тоғызыншы абзацында көрсетілген жағдайларда салық органының шешімі бойынша қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күннен бастап қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығарылды деп саналады.
7. Қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару:
1) егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын тұлға қызметін тоқтатқан жағдайда – осы Кодекстің 37, 37-2, 41 және 42-баптарында көрсетілген салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш не қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш ұсынылған күннен бастап;
2) заңды тұлғалар бірігу, қосылу жолымен қайта ұйымдастырылған жағдайларда – таратудың салық есептілігі және беру актісі ұсынылған күннен бастап;
3) заңды тұлға бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған жағдайда – осы Кодекстің 40-бабында көрсетілген салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш ұсынылған күннен бастап;
4) дара кәсіпкер ретінде тіркелген және қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын жеке тұлға қайтыс болған жағдайда – осы Кодекстің 564-бабының 1-тармағында белгіленген тәртіппен салық төлеушілердің мемлекеттік деректер базасынан алып тасталған күнінен бастап жүргізіледі.
8. Қосылған құн салығын төлеуші банкроттық себебі бойынша таратылған кезде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен алып тасталған немесе дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған күннен бастап жүргізіледі.
9. Салық органының шешімімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен қосылған құн салығын төлеушінің шығарылғаны туралы ақпарат қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару туралы шешім шығарылған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылады.
§ 4. Электрондық салық төлеуші ретінде тіркеу есебі 2020 жылдан бастап алып тасталсын
86-бап. Электрондық салық төлеушіні тіркеу есебіне қою
1. Жеке тұлғаны, заңды тұлғаны, оның құрылымдық бөлімшелерін электрондық салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою ерікті сипатта өтеді және салық органында салық төлеуші ретінде тіркеуден өткеннен кейін жүргізіледі.
2. Салық төлеуші тіркеу есебіне қою үшін салық төлеушінің орналасқан немесе тұрғылықты жері бойынша салық органына келу тәртібімен қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда электрондық салық төлеушіні тіркеу есебіне алу туралы салықтық өтінішті табыс етеді.
Электрондық салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою үшін электрондық салық төлеушіні тіркеу есебіне алу туралы салықтық өтінішті ұсыну салық төлеушінің хабарламалардың кепілді жеткізілуін қамтамасыз ететін телекоммуникациялар желілері бойынша беру арқылы электрондық құжаттар алмасуға, оның ішінде осы Кодексте көзделген салық органдарының хабарламаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құжаттарды алуға берген келісімі болып табылады.
3. Салық органы электрондық салық төлеушіні тіркеу есебіне алу туралы салықтық өтініш қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде салық төлеушіге құжаттарды беру журналына қолын қойғыза отырып, электрондық цифрлық қолтаңбасын береді. 2020 жылдан бастап алып тасталсын.
87-бап. Электрондық цифрлық қолтаңбаны ауыстыру және жою
1. Салық төлеуші электрондық цифрлық қолтаңбаны жою немесе оны ауыстыру үшін орналасқан немесе тұрғылықты жері бойынша салық органына электрондық салық төлеушінің тіркеу есебі туралы салықтық өтініш беруге:
1) электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланудан бас тарту туралы шешім қабылданған;
2) тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі аяқталған;
3) электрондық цифрлық қолтаңбадан тұратын кілті бар контейнерлі электрондық ақпарат жеткізгіш жоғалған;
4) кілті бар контейнерлі электрондық ақпарат жеткізгіш жұмыс істемейтіндей болып бүлінген жағдайларда құқылы.
2. Электрондық цифрлық қолтаңбаны жою салық төлеушінің салық органымен осы бапта белгіленген жағдайларда хабарламаның кепілді жеткізілуін қамтамасыз ететін телекоммуникациялар желісі бойынша беру арқылы электрондық құжаттармен алмасу құқығын тоқтатады.
3. Салық органы электрондық цифрлық қолтаңбаны жоюды немесе ауыстыруды электрондық цифрлық қолтаңбадан тұратын кілті бар контейнерден бас тарту немесе ауыстыру үшін электрондық салық төлеушінің тіркеу есебі туралы салықтық өтініш берілген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізеді.
4. Салық органы салық төлеушінің салықтық өтінішісіз салық төлеушіні мемлекеттік деректер базасынан алып тастаған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде электрондық цифрлық қолтаңбаны жояды.
5. Салық органы салық төлеушiнiң электрондық цифрлық қолтаңбасын жоюды бір жұмыс күнi iшiнде мынадай жағдайларда:
1) заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде салық төлеушіні мемлекеттік тіркеу жарамсыз деп танылған жағдайда - салық органы соттың шешімін алған күннен бастап;
3) осы Кодекстің 571-бабы 4-тармағының 1), 2), 6) және 7) тармақшаларына сәйкес салық органының шешімі бойынша салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарған жағдайда – қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығару туралы шешім шығарылған күннен бастап;
4) банкрот деп танылған жайдайда – салық төлеушіні банкрот деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жүргізеді. 2020 жылдан бастап алып тасталады.
§ 5. Жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық
төлеушiні тіркеу есебіне алу
88-бап. Жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебіне қою
1. Жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебіне қоюға қызметтiң мынадай түрлерін:
1) бензинді (авиациялықтан басқа), дизель отынын өндіруді;
2) бензинді (авиациялықтан басқа), дизель отынын көтерме және (немесе) бөлшек сатуды;
3) этил спиртін және (немесе) алкоголь өнiмін өндiруді;
4) алкоголь өнiмiн көтерме және (немесе) бөлшек сатуды;
5) темекi өнiмдерiн өндiрудi және (немесе) көтерме сатуды;
6) ойын бизнесiн;
7) ұтыссыз ойын автоматтарын, ойынға арналған жеке компьютерлерді, ойын жолдарын, карталарды, бильярд үстелдерін пайдалана отырып көрсетілетін қызметтерді;
8) осы Кодекстің 279-бабының 6) тармақшасында көзделген акцизделетін тауарларды өндіруді, жинауды (жинақтауды);
9) осы Кодекстің 536-бабының 5) тармақшасында аталған тұлғалар жүзеге асыратын қолма-қол шетел валютасымен айырбас операцияларын ұйымдастыруды жүзеге асыратын салық төлеушілер жатады.
2. Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою осы баптың 1-тармағында көрсетілген жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің орналасқан жері бойынша салық органдарында жүргізіледі.
3. Лицензиялауға жататын жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебіне қою тиісті лицензиясы болған жағдайда лицензиясының қолданыс мерзімінен аспайтын мерзімге жүргізіледі.
4. Егер осы тармақта өзгеше көзделмесе, осы баптың 1-тармағының 3), 4), 5) (темекі өнімдерін көтерме саудада өткізуді қоспағанда) және 9) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлері бойынша лицензиялауға жататын жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімі деректерінің негізінде тиісті лицензиясы болған жағдайда жүргізіледі.
Осы баптың 1-тармағының 1), 2), 5) (темекі өнімдерін өндіруді қоспағанда), 7), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалатын тәртіппен, жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыру басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей табыс етілетін, жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде қызметтің басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаның негізінде жүргізіледі.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетiлген хабарлама салық органына мынадай:
осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетiлген қызметтi жүзеге асыру кезінде – меншiк құқығын немесе мұнай өнiмдерiн өндiрушiнiң өндiрiстік объектiсiн жалға алу құқығын растайтын құжаттардың;
осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген қызметтi жүзеге асыру кезінде – меншiк құқығын немесе мұнай өнiмдерi базасын (резервуарды), жанармай құю станциясын жалға алу құқығын растайтын құжаттардың немесе жанармай құю станциясын иеленушімен жасалған тапсырма шартына сәйкес жанармай құю станциясын иеленуші (сенім білдірілген адам) тапсырма шарты бойынша бензинді (авиациялық бензиннен басқа) және (немесе) дизель отынын бөлшек сауда арқылы өткізуді оның атынан немесе өтініш берушінің (сенім білдіруші) тапсырмасы бойынша жүзеге асыратын шарттың не мұнай берушінің мұнай өнiмдерiн өндiрушiмен жасалған мұнайды қайта өңдеу шартының;
осы баптың 1-тармағының 5) тармақшасында көрсетiлген қызметтi жүзеге асыру кезінде – меншiк құқығын немесе темекі өнімдерін көтерме сауда арқылы өткізу кезінде қойма үй-жайын жалға алу құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері қоса беріле отырып ұсынылады.
Тапсырма шартын және мұнай берушінің мұнай өнiмдерiн өндiрушiмен жасалған мұнайды қайта өңдеу шартын қоспағанда, шарттардың қолданылу мерзімі бір жылдан кем болмауға тиіс.
Салыстырып тексеру үшiн шарттардың түпнұсқалары ұсынылмаған жағдайда, шарттардың көшiрмелерiн нотариат растауға тиіс.
6. Салық органы:
1) хабарлама берілген күннен бастап;
2) лицензиялауға жататын қызмет түрлері бойынша рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен мәліметтер алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде салық төлеушіні жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қоюды жүргізеді.
7. Салық төлеушіде бірнеше ойын мекемелері (стационарлық орындар) болған жағдайда тіркеу есебіне қою әрбір ойын мекемесі (стационарлық орындар) бойынша бөлек жүзеге асырылады.
Стационарлық орын – ұтыссыз ойын автоматтарын, ойынға арналған жеке компьютерлерді, ойын жолдарын, карталарды, бильярд үстелдерін пайдалану арқылы қызметтер көрсету бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын орын.
8. Ойын мекемесінің (стационарлық орын) аумағында салық органдарында тіркелмеген салық салу объектiлерін және (немесе) салық салуға байланысты объектiлерді пайдалануға және орналастыруға тыйым салынады.
9. Салық төлеушіде осы баптың 1-тармағының 1) – 5) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын бірнеше салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер болған кезде тіркеу есебіне алу әрбір салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект бойынша бөлек жүргізіледі.
10. Осы баптың 1-тармағы 1) және 2) тармақшаларының мақсаттары үшін салық салуға байланысты объектілер деп мұнай өнімдерін өндірушінің өндіріс объектісі, мұнай өнімдері базасы, резервуар, жанармай құю станциясы, мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу шартында немесе мұнай өнімдерін өндірушімен (мұнайды берушілер үшін) жасалған шартқа қосымшада (ерекшелікте) көрсетілген мұнайдың және (немесе) газ конденсатының және мұнай өнімдері көлемінің шығымы, осы баптың 1-тармағының 1) – 5) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруға пайдаланылатын стационарлық және (немесе) қоймалық үй-жайлар түсініледі.
89-бап. Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушінің тiркеу деректерiн өзгерту және толықтыру
1. Тiркеу деректерінде көрсетiлген салық салу объектiлерi және (немесе) салық салуға байланысты объектiлер туралы мәлiметтер өзгерген кезде салық төлеушi өзгерістер туындаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердiң тiркелген жері бойынша салық органына осы Кодекстiң 574-бабының 4-тармағында көрсетiлген хабарламаны беруге мiндеттi.
2. Салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтер өзгерген жағдайда, салық органы осы Кодекстің 574-бабының 4-тармағында көрсетілген хабарламаны алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде салық төлеушінің тіркеу деректеріне өзгерістер енгізуді жүргізеді.
Осы Кодекстің 574-бабы 1-тармағының 1), 2) және 9) тармақшаларында көрсетілген жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші хабарламаға осы Кодекстің 574-бабының 5-тармағында көрсетілген, салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы мәліметтердің өзгергенін растайтын құжатты қоса береді.
Салыстырып тексеру үшін шарттың түпнұсқасы табыс етілмеген жағдайда шарттардың және (немесе) шартқа қосымшалардың көшірмелері нотариатта расталған болуы тиіс.
90-бап. Жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебінен шығару
1. Салық органы салық төлеушіні осы Кодекстің 574-бабының 4-тармағында көрсетілген хабарлама негізінде лицензиялауға жатпайтын жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебінен мынадай:
1) осы Кодекстің 574-бабының 1-тармағында көрсетілген қызмет түрлерiн жүзеге асыру тоқтатылған;
2) тіркеу деректерінде көрсетілген барлық салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді есептен шығарған жағдайларда шығаруға тиіс.
2. Салық төлеушіні лицензиялауға жататын жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығаруды салық органы рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен алынған лицензия қолданысының тоқтатылуы туралы мәліметтердің негізінде жүргізеді.
3. Жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебінен шығару үшін хабарлама осы Кодекстің 574-бабының 1-тармағында белгіленген қызмет түрлерін жүзеге асыру тоқтатылған немесе тіркеу деректерінде көрсетілген салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің жалпы саны есептен шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектілердің тіркелген жері бойынша салық органына табыс етіледі.
4. Салық органының шешімі негізінде жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебінен шығару мынадай:
1) осы Кодекстің 574-бабы 1-тармағының 1), 2) және 4) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушінің жалға алу шартының және (немесе) мұнай өнімдерін өндірушімен жасалған мұнайды және (немесе) газ конденсатын қайта өңдеу шартының қолданысы тоқтатылған;
2) осы Кодекстің 574-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші лицензияда көрсетілген мекенжай бойынша болмаған;
3) осы Кодекстің 574-бабы 1-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші осы Кодексте акциз бойынша декларацияны және (немесе) есеп айырысуды табыс ету үшін белгіленген мерзімнен кейін үш айлық кезең ішінде оларды табыс етпеген жағдайларда жүргізіледі.
5. Жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебінен шығару туралы шешімді уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салық салу объектілерінің және (немесе) салық салуға байланысты объектiлердің тiркелген жері бойынша салық органы осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайлар туындаған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей шығарады.
6. Жекелеген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi ретінде тіркеу есебінен шығарылған салық төлеушілер туралы ақпарат тіркеу есебінен шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
§ 6. Салық төлеушіні әрекетсіз және тарату сатысында
тұрған, мәжбүрлі тәртіппен қызметін тоқтатқан деп тану
91-бап. Әрекетсіз салық төлеуші
1. Әрекетсіз салық төлеушілерге әрекетсіз заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер жатады.
2. Осы Кодексте белгіленген декларацияны табыс ету мерзімінен кейін бір жыл өткен соң салық кезеңі үшін:
1) корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны;
2) ойын бизнесі салығы бойынша, егер көрсетілген салық кезеңінен кейінгі үш салық кезеңі үшін мұндай декларация табыс етілмеген жағдайда тіркелген салық бойынша декларацияны;
3) егер көрсетілген салық кезеңінен кейінгі екі салық кезеңі үшін мұндай декларация табыс етілмеген жағдайда жеңілдетілген декларацияны табыс етпеген резидент заңды тұлға, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлға,
сондай-ақ бейрезидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі әрекетсіз заңды тұлға болып танылады.
3. Осы Кодексте белгіленген декларацияны табыс ету мерзімінен кейін бір жыл өткен соң салық кезеңі үшін:
жеке табыс салығы бойынша декларацияны;
ойын бизнесі салығы бойынша, егер көрсетілген салық кезеңінен кейінгі үш салық кезеңі үшін мұндай декларация табыс етілмеген жағдайда тіркелген салық бойынша декларацияны;
егер көрсетілген салық кезеңінен кейінгі екі салық кезеңі үшін мұндай декларация табыс етілмеген жағдайда жеңілдетілген декларацияны;
соңғы патенттің қолданылу мерзімі аяқталған күннен бастап екі жыл ішінде патент құнының есебін ұсынбаған дара кәсіпкер әрекетсіз дара кәсіпкер болып танылады.
4. Осы баптың 2, 3-тармақтары қызметін тоқтата тұру кезеңіне тоқтата тұрған резидент заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғаларға, бейрезидент заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшелері мен дара кәсіпкерлерге қолданылмайды.
5. Салық органдары салық төлеушіні әрекетсіз деп тану туралы бұйрықты жыл сайын 30 сәуірден кешіктірмей шығарады, олар туралы мәліметтер осындай бұйрық шығарылған күннен кешіктірілмей, уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
6. Әрекетсіз деп танылған салық төлеушілер туралы мәліметтер:
1) салық төлеуші салық есептілігін табыс ету бойынша салық міндеттемесін орындағаннан;
2) салық есептілігін осы Кодексте белгіленген мерзімде табыс етпегені үшін салық төлеушіге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұлдар қолданылған жағдайда, олар төленгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде қабылданған салық органының бұйрығына сәйкес уәкілетті органның интернет-ресурсынан алып тасталады.
7. Әрекетсіз деп танылған салық төлеушілер туралы мәліметтер салық органының тиісті бұйрығы қабылданған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей, уәкілетті органның интернет-ресурсынан алып тасталады.
8. Салық төлеуші Заңды тұлғалардың мемлекеттік тiзiлiмінен алынған немесе дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған жағдайда, мұндай салық төлеушілер бір мезгілде әрекетсіз салық төлеушілер тiзiлiмінен шығарылады.
92-бап. Тарату (қызметін тоқтату) сатысында тұрған салық төлеуші
1. Таратылуына (қызметін тоқтатуына) байланысты салықтық тексеру жүргізуге салықтық өтініш немесе қызметін тоқтату туралы салықтық өтініш берген тұлға таратылу (қызметін тоқтату) сатысында тұрған салық төлеуші болып танылады. Бұл ретте мұндай салық төлеуші туралы ақпарат тиісті өтініш ұсынылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылады.
2. Салық органдары тарату (қызметін тоқтату) сатысында тұрған адамды салық төлеушілер тізімінен шығаруды:
1) Бизнес-сәйкестендiру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмiнен алып тасталған жағдайда – мұндай мәліметтерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде;
2) дара кәсіпкер және жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінен шығарылған жағдайда – тіркеу есебінен шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізеді.
93-бап. Салық төлеушілердің қызметін мәжбүрлі тәртіппен тоқтату ерекшеліктері
1. Мәжбүрлі тәртіппен қызметін тоқтатуға бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келетін:
1) күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына дейін, бірақ осы Кодекстің
46-бабының 2-тармағында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімінен кешіктірмей:
салық есептілігін табыс етпеген;
экспорттық-импорттық операцияларды жасамаған;
егер күнтізбелік жыл ішіндегі төлемдер және (немесе) ақша аудару сомасы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын жалақының он екі еселенген төмен мөлшерінен аспайтын, сондай-ақ зейнетақы және (немесе) әлеуметтік төлемдерді алу жағдайларын қоспағанда, банк шоттары бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударуды жүзеге асырмаған;
қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмаған;
2) күнтізбелік жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша:
қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмаған;
салық есептілігін табыс етуді осы Кодекстің 73, 74-баптарында белгіленген тәртіппен тоқтата тұрмаған;
жеке тұлғаларға мүлік, көлік құралдары салықтары, жер салығы, бірыңғай жер салығы салынатын объектілерді қоспағанда, меншік құқығында көрсетілетін салықтар салынатын объектілері жоқ;
әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі жоқ;
салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, кедендік төлемдер бойынша және республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын 6 еселенген айлық есептік көрсеткіштен асатын мөлшердегі салықтар бойынша салық берешегі жоқ резидент заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктері, бейрезидент заңды тұлғаның филиалдары мен өкілдіктері, қызметін филиалдар, өкілдіктер ашпай, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер жатады.
2. Салық органы жыл сайын:
1) осы баптың 1-тармағының талаптарына сәйкес келетін субъектілердің бастапқы тізбесін 1 наурыздан кешіктірмей қалыптастырады;
2) мынадай мәліметтерді:
сәйкестендіру нөмірін (ол болған жағдайда);
салық төлеушінің тіркеу нөмірін;
жеке тұлғаның тегін, атын, егер жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе, әкесінің атын не субъектінің атауын;
субъектінің орналасқан жері бойынша салық органының атауын;
кредит берушілердің және (немесе) субъект мәжбүрлі түрде таратылған (есептік тіркеуден шығарылған, қызметі тоқтатылған) жағдайда құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын адамдардың өтініштерін (наразылықтарын) қабылдау үшін салық органының мекенжайын көрсете отырып, бұқаралық ақпарат құралдарында мәжбүрлі таратылуға жататын субъектілердің қалыптастырылған тізбесін 1 сәуірден кешіктірмей орналастырады;
3) бұқаралық ақпарат құралдарында субъектілердің қалыптастырылған тізбесі жарияланғаннан кейін 1 сәуірден кешіктірмей, мәліметтер алу үшін:
банктерге және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға – осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында айқындалған төлемдер және (немесе) ақша аударымдары туралы;
уәкілетті мемлекеттік органдарға – мүліктің, көлік құралдарының, жер учаскелерінің бар-жоғы туралы;
әділет органдарына – Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінде мәліметтердің болуы (болмауы) туралы сұрау салулар жібереді.
3. Қойылатын наразылықтардың құқыққа сыйымдылығын растайтын құжаттар қоса берілген кредит берушілердің немесе өзге адамдардың өтініштерін (наразылықтарын) салық органдары күнтізбелік жылдың 1 мамырына дейін қабылдайды.
4. Мәжбүрлі таратылуға (есептік тіркеуден шығаруға, қызметін тоқтатуға) жататын субъектілердің түпкілікті тізбесі осы баптың
2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген мәліметтер алынған, кредит берушілердің немесе өзге адамдардың өтініштері (наразылықтары) болмаған жағдайда 1 маусымнан кешіктірілмей қалыптастырылады.
5. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген тізбеге қосылған субъектілерге қатысты мәжбүрлі тарату (есептік тіркеуден шығару, қызметін тоқтату) үшін талап қою арыздары оған осы баптың 1-тармағында белгіленген талаптар сәйкес келетін күнтізбелік жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірілмей сотқа жіберіледі.
10-ТАРАУ. КАМЕРАЛДЫҚ БАҚЫЛАУ
Достарыңызбен бөлісу: |