12-ТАРАУ. САЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕСІН, ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІ ЕСЕПТЕУ, ҰСТАП ҚАЛУ ЖӘНЕ АУДАРУ, ӘЛЕУМЕТТІК АУДАРЫМДАРДЫ ЕСЕПТЕУ ЖӘНЕ ТӨЛЕУ БОЙЫНША МІНДЕТТЕМЕЛЕРДІ ОРЫНДАУ ЖӨНІНДЕГІ ХАБАРЛАМА
114-бап. Жалпы ережелер
1. Салық органының салық міндеттемесін орындау, сондай-ақ бақылануы салық органдарына жүктелген бюджетке төленетін төлемдерді толық есептеу және уақтылы төлеу қажеттігі туралы салық төлеушіге (салық агентіне) қағаз жеткізгіште немесе электрондық тәсілмен жіберген хабары хабарлама деп танылады. Хабарламалардың нысандарын уәкілетті орган белгілейді.
2. Хабарлама түрлерi төменде аталған түрлермен шектеледi және олар салық төлеушiге (салық агентіне) мынадай мерзiмдерде:
1) осы Кодекстің 32-бабының 2-тармағына сәйкес салық органы есептеген салықтар сомасы туралы – есептеу күнінен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрілмей;
2) тексеру нәтижелері туралы – осы Кодекстің 638-бабының
4-тармағында белгіленген жағдайды қоспағанда, салық төлеушіге салықтық тексеру актісі табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрілмей;
3) таратудың салық есептілігі ұсынылған күннен бастап тарату салықтық тексеру аяқталған күнге дейінгі кезең үшін салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және әлеуметтік төлемдердің есепке жазылған сомалары туралы – тарату тексеру актісі салық төлеушіге (салық агентіне) тапсырылған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешiктiрілмей;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның мәліметтері негізінде қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлемақының есепке жазылған сомасы туралы – осы Кодекстің 564-бабының 3-тармағында көрсетілген мәліметтер алынған күннен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрілмей;
5) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімде салық есептілігінің табыс етілмеуі туралы – хабарламасын жіберу мерзімі осы Кодексте белгіленген оны табыс ету мерзімінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілетін корпоративтiк табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша салық есептілігін қоспағанда, бұзушылық анықталған күннен бастап жіберіледі.
Уәкілетті орган растаған, бағдарламалық қамтамасыз етуде техникалық қателіктер туындауы себебінен осы тармақшада көрсетілген хабарламаны жіберу мерзімі бұзылған жағдайда, осы хабарлама мерзімінде жіберілген деп есептеледі. Бұл ретте осындай хабарлама бойынша салық міндеттемесі және (немесе) әлеуметтік төлемдерді есептеу, ұстап қалу және аудару, әлеуметтік аударымдарды есептеу және төлеу бойынша міндеттемелер салық төлеушінің осы Кодекстің 608-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімде орындауына жатады.
6) жеке тұлғалар декларацияларының Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімде ұсынылмауы туралы – декларация табыс етілетін жылдың 15 қазанынан кешіктірілмей;
7) салық берешегін өтеу туралы хабарлама – салық берешегі түзілген немесе салық төлеуші тәуекел дәрежесі төмен санаттан тәуекел дәрежесі орташа немесе жоғары санатқа өткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешiктiрілмей;
8) жеке тұлғалардың салық берешегі туралы – салық берешегі түзілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей;
9) дебиторлардың банк шоттарындағы ақшадан өндiрiп алу туралы - өндiрiп алуға дейiн жиырма жұмыс күнiнен кешiктiрілмей;
10) камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы - осы Кодекстің 37-1-бабының
7-тармағында және 43-бабының 8-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, салық есептілігінде бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей;
11) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау қорытындылары туралы – шағым бойынша шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей;
12) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы - оларды анықтаған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешіктірілмей;
13) салық төлеушінің орналасқан жерін (жоқтығын) растау туралы – салық органдарының лауазымды адамдары салықтық зерттеп тексеру актісін жасаған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрілмей;
14) деңгейлес мониторинг шеңберіндегі шешімнің нәтижелері бойынша шығарылған мониторинг нәтижелері (бұдан әрі осы Кодекстің мақсаты үшін - деңгейлес мониторинг нәтижелері туралы хабарлама) - салық органдарының лауазымды адамдары салықтық зерттеп тексеру актісін жасаған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрілмей жіберіледі.
3. Хабарламада:
1) сәйкестендіру нөмірі;
2) салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) немесе толық атауы;
3) салық органының атауы;
4) хабарлама күні;
5) осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда - салық міндеттемесінің және (немесе) әлеуметтік төлемдерді есептеу, ұстап қалу және аудару, әлеуметтік аударымдарды есептеу және төлеу бойынша міндеттемелердің сомасы;
6) жеке тұлғалардың мүлік салығы, жер салығы және көлік құралы салығы бойынша салық берешегін өтеу үшін қажетті банктік деректемелер;
7) салық міндеттемесін және (немесе) әлеуметтік төлемдерді есептеу, ұстап қалу және аудару, әлеуметтік аударымдарды есептеу және төлеу бойынша міндеттемелерді орындау туралы талап;
8) хабарлама жіберу үшін негіз;
9) шағым жасау тәртібі көрсетілуге тиіс.
4. Осы Кодекстің 608-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, салық органдары осы баптың 2-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген хабарламалардың көшірмелерін салық төлеушіге (салық агентіне) жібереді.
Осы баптың 2-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген хабарламалардың түпнұсқасын алу үшін салық төлеуші (салық агенті) салық органдарына жүгінуге құқылы.
Достарыңызбен бөлісу: |