62-бап. Заңды тұлға бірігу, қосылу, бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде салық міндеттемесін орындау
1. Заңды тұлға бірігу, қосылу, бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұл туралы орналасқан жері бойынша салық органына жазбаша хабарлайды.
Тапсыру актісі бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бірігу, қосылу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) таратудың салық есептілігін;
2) тапсыру актісін табыс етеді.
Таратудың салық есептілігі бірігу, қосылу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға салық төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтар, бюджетке төленетін төлемдер түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша осындай есептілікті тапсыру міндеті туындаған салық кезеңі басталған сәттен бастап оны салық органына табыс ету күніне дейінгі кезең үшін жасалады.
Таратудың салық есептілігін табыс ету жөніндегі міндеттеме бірігу жолымен қайта ұйымдастыру кезінде жаңадан құрылған заңды тұлғаның құрамына кірген әрбір заңды тұлғаға, қосылу жолымен қайта ұйымдастыру кезінде қосылған заңды тұлғаға жүктеледі.
Егер кезекті салық есептілігін табыс ету мерзімі таратудың салық есептілігі табыс етілгеннен кейін басталатын болса, мұндай кезекті салық есептілігін табыс ету таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
Заңды тұлға бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде мұндай тұлға бөлу балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына аталған балансты табыс етеді.
2. Таратудың салық есептілігін табыс етуді қоспағанда, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның салық міндеттемесін орындау оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) жүктеледі.
3. Құқық мирасқорын (құқық мирасқорларын), қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның салық берешегін өтеуге құқық мирасқорының (құқық мирасқорларының) қатысу үлесін белгілеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы осы заңды тұлғаның құқық мирасқорының (құқық мирасқорларының) салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу жөніндегі оның салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгертуіне негіз болып табылмайды.
5. Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтардың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомалары бар болса, көрсетілген сомалар осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның салық берешегін өтеу шотына есептелуге тиіс.
Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтардың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың қате төленген сомалары бар болса, онда көрсетілген сомалар осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның есебіне жатқызылуға тиіс.
6. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салық берешегі болмаған жағдайда:
1) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің қате төленген сомалары ол (олар) қайта ұйымдастыру кезінде алған мүліктегі үлесіне барабар түрде оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен қайтарылуға тиіс;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомалары ол (олар) қайта ұйымдастыру кезінде алған мүліктегі үлесіне барабар түрде оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен қайтарылуға тиіс;
7. Заңды тұлға Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде, қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада – қосылған құн салығын төлеушіде қайта ұйымдастырылу күніне қалыптасқан, асып кеткен қосылған құн салығы оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) берілуге тиіс.
Бұл ретте бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) берілуге тиіс, асып кеткен қосылған құн салығы құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) берілетін негізгі құралдардың қалдық құнының үлесіне барабар айқындалады.
Негізгі құралдардың қалдық құны бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның бөлу балансы негізінде айқындалады.
Осы тармақ бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке тиесілі болған жағдайда қолданылады.
8. Салық органы заңды тұлғаны мынадай жолмен қайта ұйымдастыру туралы сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің мәліметтерін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде:
1) бірігу - жаңадан құрылған заңды тұлғаның құрамына кірген заңды тұлғалардың жеке шоттары бойынша сальдоны жаңадан құрылған заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша салық органына беру актісі негізінде береді;
2) қосылу - қосылған заңды тұлғаның жеке шоты бойынша сальдоны аталған заңды тұлға қосылған заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша салық органына беру актісі негізінде береді;
3) бөлініп шығу - жаңадан құрылған заңды тұлғаны бөліп шығарған заңды тұлғаның жеке шоты бойынша сальдоны жаңадан құрылған заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша бөлу балансы негізінде береді.
63-бап. Тұрақты мекеменің Қазақстан Республикасында тиімді басқару орнының (нақты басқару органының орналасқан жерінің) болуына байланысты бейрезидент заңды тұлғаға құқықтары мен міндеттерін беру кезінде өзінің филиалын (өкілдігін) ашпай, салық міндеттемесін орындауы
1. Бейрезидент заңды тұлға Қазақстан Республикасында тұрақты мекемесі болған кезде, филиалын (өкілдігін) ашпай және тиімді басқару орнын (нақты басқару органының орналасқан жерін) шет мемлекеттен Қазақстан Республикасына ауыстыру туралы шешім қабылдамастан салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою туралы салықтық өтініш бергеннен кейін үш жұмыс күні ішінде тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын заңды тұлғаға мұндай тұрақты мекеменің құқықтары мен міндеттерін беру туралы осы Кодекстің 562-бабы 1-1-тармағына сәйкес мұндай тұрақты мекеменің орналасқан жері бойынша салық органына жазбаша хабарлауға міндетті.
Аталған бейрезидент заңды тұлғаның тұрақты мекемесі салық төлеуші ретінде тіркеу есебіне қойылған күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде салық органына:
1) тіркеу есебінен шығару туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салық есептілігін;
3) тапсыру актісін табыс етуге міндетті.
Таратудың салық есептiлiгi құқықтары мен мiндеттерiн беретiн тұрақты мекеме төлеушi және (немесе) салық агентi болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетiн төлемдердің түрлерi және әлеуметтiк төлемдер бойынша осындай есептiлiктi табыс ету жөнiндегi мiндеттеме туындаған салық кезеңiнің басынан бастап оны салық органына табыс еткен күнге дейiнгi кезең үшiн жасалады.
Кезекті салық есептілігін табыс ету мерзімі таратудың салық есептілігін табыс еткеннен кейін басталған жағдайда, осындай кезекті салық есептілігін табыс ету таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
2. Құқықтары мен міндеттерін заңды тұлғаға беретін тұрақты мекеменің салық міндеттемесін орындау тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын, шет мемлекеттің заңнамасы бойынша құрылған осындай заңды тұлғаға (құқық мирасқорына) жүктеледі.
3. Тұрақты мекеменің құқықтары мен міндеттерін заңды тұлғаға беруі тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын, шет мемлекеттің заңнамасы бойынша құрылған заңды тұлғаның салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді төлеу бойынша өзінің салық міндеттемесін орындау мерзімдерін өзгерту үшін негіз болып табылмайды.
4. Құқықтары мен міндеттерін заңды тұлғаға беретін тұрақты мекеменің салық берешегі болмаған кезде салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдардың артық (қате) төленген сомалары тиімді басқару орны (нақты басқару органының орналасқан жері) Қазақстан Республикасында болатын, шет мемлекеттің заңнамасы бойынша құрылған заңды тұлғаға қайтарылуға тиіс.
5. Салық органы осы баптың 1-тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде құқықтары мен міндеттерін заңды тұлғаға беретін тұрақты мекеменің жеке шоты бойынша сальдоны тұрақты мекеменің құқықтары мен міндеттері берілген заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша салық органына тапсыру актісінің негізінде береді.
64-бап. Бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде заңды тұлғаның салық міндеттемесін орындауы
1. Заңды тұлға бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бұл туралы орналасқан жері бойынша салық органына жазбаша түрде хабарлайды.
Заңды тұлға бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде бөлу балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салық есептілігін табыс етеді.
2. Таратудың салық есептілігі қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
Егер кезекті салық есептілігін табыс ету мерзімі таратудың салық есептілігі табыс етілгеннен кейін басталса, осындай кезекті салық есептілігін табыс ету таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
3. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға таратудың салық есептiлiгiнде көрсетiлген салықтарды, бюджетке төленетiн төлемдердi және әлеуметтiк төлемдерді төлеуді салық органына таратудың салық есептiлiгi табыс етiлген күннен бастап күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей жүргiзедi.
Таратудың салық есептiлiгiнiң алдында табыс етiлген салық есептiлiгiнде көрсетiлген салықтарды, бюджетке төленетiн төлемдердi және әлеуметтiк төлемдерді төлеу мерзiмi осы тармақтың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн басталса, төлеу (аудару) таратудың салық есептiлiгi табыс етiлген күннен бастап күнтiзбелiк он күннен кешiктiрілмей жүргiзiледi.
4. Салық органы салықтық тексеруді қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның өтінішін алғаннан кейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей бастауға тиіс.
5. Бөлініп шығу жолымен қайта ұйымдастырылған кезде салықтық тексеру аяқталғаннан кейін қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) бөлу балансын;
2) банктің және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның банктегі бар шоттарының жабылғаны туралы анықтамасын табыс етеді.
Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтардың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомалары болса, көрсетілген сомалар осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның салық берешегін өтеу есебіне жатқызылады.
Егер қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салықтардың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың қате төленген сомалары болса, көрсетілген сомалар осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен оның есебіне жатқызылады.
Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғада салық берешегі болмаған кезде:
1) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің қате төленген сомалары осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) қайта ұйымдастыру кезінде ол (олар) алған мүліктегі үлесіне барабар қайтарылуға тиіс;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдардың артық төленген сомалары осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) қайта ұйымдастыру кезінде ол (олар) алған мүліктегі үлесіне барабар қайтарылуға тиіс;
3) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдардың бюджетке артық (қате) төленген сомалары Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) қайта ұйымдастыру кезінде ол (олар) алған мүліктің үлесіне барабар қайтарылуға тиіс;
4) артық (қате) төленген айыппұлдар сомалары осы Кодекстің 605-бабында белгіленген тәртіппен оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) қайта ұйымдастыру кезінде ол (олар) алған мүліктегі үлесіне барабар қайтарылуға тиіс.
Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға осы тармақта көрсетілген құжаттарды мынадай талаптар:
1) салық берешегiнің, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегінің болмауы;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың артық (қате) төленген сомаларының болмауы;
3) кеден органдары алатын кедендік баждарды, салықтарды, кедендік алымдар мен өсімпұлдарды есептеуді және (немесе) олардың артық (қате) төленген сомаларын қайтаруды жүргізуге арналған орындалмаған салықтық өтініштің болмауы бір мезгілде сақталған жағдайда, салықтық тексеру аяқталған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде табыс етеді.
Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға салық берешегi, әлеуметтiк төлемдер бойынша берешегі, салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, өсімпұлдар мен айыппұлдардың артық (қате) төленген сомалары болған жағдайда осы тармақта көрсетілген құжаттарды:
1) салық берешегi, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі өтелген күннен;
2) салықтардың, бюджетке төленген төлемдердің, өсiмпұлдар мен айыппұлдардың артық төленген сомалары қайтарылған күннен;
3) кеден органдары алатын кедендiк баждардың, салықтардың, кедендiк алымдар мен өсiмпұлдардың артық (қате) төленген сомалары қайтарылған күннен кейiн келетiн күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде табыс етедi.
6. Салық органы сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдерінің мәліметтерін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бөлу балансы негізінде жаңадан құрылған заңды тұлғалардың орналасқан жері бойынша салық органына бөлініп шыққан заңды тұлғаның жеке шоттары бойынша сальдоны береді.
7. Осы баптың 1-тармағы екінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген салық есептілігін табыс етуді қоспағанда, қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның салық мiндеттемесiн орындау оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) жүктеледi.
8. Құқық мирасқорын (құқық мирасқорларын), сондай-ақ құқық мирасқорының (құқық мирасқорларының) қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның салық берешегін өтеуге қатысу үлесін белгілеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
9. Заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы осы заңды тұлғаның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) оның салықтар, бюджетке төленетін төлемдер бойынша салық міндеттемесін орындау мерзімін өзгертуге негіз болып табылмайды.
65-бап. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салық міндеттемесін орындауы
1. Дара кәсіпкер қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай ішінде өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салық есептілігін табыс етеді.
2. Таратудың салық есептілігі қызметін тоқтататын дара кәсіпкер төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
Кезекті салық есептілігін табыс ету мерзімі таратудың салық есептілігі табыс етілгеннен кейін басталған жағдайда, осындай кезекті салық есептілігін табыс ету таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
3. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкер таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеуді салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.
Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Салықтық тексеру қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салықтық өтінішін салық органы алғаннан кейін жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.
5. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салық берешегі оның ақшасы есебінен, оның ішінде мүлкін сатудан алынған ақшасы есебінен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген кезектілік тәртібімен өтеледі.
6. Егер қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде салықтардың, төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомалары бар болса, көрсетілген сомалар қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салық берешегін өтеу шотына осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға тиіс.
Егер қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде салықтардың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың қате төленген сомалары бар болса, онда көрсетілген сомалар осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға тиіс.
7. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде салық берешегі болмаған кезде:
1) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің қате төленген сомалары осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға тиіс;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемдер мен өсімпұлдардың артық төленген сомалары осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға тиіс;
3) айыппұлдардың төленген сомалары осы Кодекстің 605-бабында белгіленген тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға тиіс;
4) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдардың бюджетке артық (қате) төленген сомалары Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен осы дара кәсіпкерге қайтарылуға тиіс.
8. Қызметін тоқтатқан дара кәсіпкердің салық міндеттемесі салықтық тексеру аяқталғаннан кейін және салық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі, оның ішінде салықтық тексеру нәтижелері бойынша қалыптасқан берешегі болмаған немесе олар осы Кодекстің 608-бабында белгіленген мерзімдерде өтелген жағдайда орындалды деп есептеледі.
9. Дара кәсіпкерді салық органындағы тіркеу есебінен шығару күні осы баптың 8-тармағына сәйкес салық міндеттемесінің орындалған күні болып табылады.
10. Салық органы осы баптың 8-тармағына сәйкес салық міндеттемесі орындалған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығаруды жүзеге асырады және уәкілетті органның интернет-ресурсында дара кәсіпкердің тіркеу есебінен шығарылғаны туралы ақпаратты орналастырады.
11. Осы Кодекстің 608-бабында белгіленген мерзімдерде өтелмеген салық берешегiнің, әлеуметтік төлемдер бойынша берешектің болуы дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарудан бас тартуға негіз болып табылады.
Осы тармаққа сәйкес тіркеу есебінен шығарудан бас тартылған дара кәсіпкерлер туралы ақпарат осы баптың 8-тармағында белгіленген төлеу мерзімі өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
12. Осы баптың ережелері осы Кодекске сәйкес қызметін тоқтату кезінде салық міндеттемесін орындау ерекшеліктері қолданылған жағдайда дара кәсіпкерлерге қолданылмайды.
66-бап. Қызметі тоқтатылған кезде дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының және жеке практикамен айналысатын тұлғалардың салық міндеттемесін орындау ерекшеліктері
1. Осы бап бір мезгілде мынадай талаптарға сәйкес келетін:
1) қосылған құн салығын төлеуші болып табылмайтын;
2) тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері негізінде салықтық тексерулер жоспарына немесе ішінара салықтық тексерулер тізіміне енгізілмеген, қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің салық міндеттемесін орындау ерекшеліктерін анықтайды.
Осы бап осы Кодекстің 46-бабының 2-тармағында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде осы тармақта айқындалған шарттарға сәйкес келетін дара кәсіпкерлерге немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаларға қатысты қолданылады. Осы тармақтың ережелері дара кәсіпкерлер ретінде мемлекеттік тіркелген күннен басталған кезеңі осы Кодекстің 46-бабының 2-тармағында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімінен аз дара кәсіпкерлерге қатысты да қолданылады.
2. Дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға қызметін тоқтату туралы шешім қабылданған жағдайда орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті;
2) қызметтің жекелеген түрлері бойынша тіркеу есебіне алу болған жағдайда осындай есепке алудан шығару туралы салықтық өтінішті;
3) таратудың салық есептілігін;
4) осы Кодекстің 648-бабында белгіленген тәртіппен бақылау-кассалық машинаны есептен шығару туралы салықтық өтінішті табыс етеді.
Қызметін тоқтататын дара кәсіпкер бақылау-кассалық машинаны салық органында есепке қойған жағдайда осы тармақтың 6) тармақшасында көрсетілген құжатты табыс етеді.
3. Таратудың салық есептілігі қызметін тоқтататын дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға салық төлеушілер (салық агенттері) болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
Егер кезекті салық есептілігін табыс ету мерзімі таратудың салық есептілігі табыс етілгеннен кейін басталса, осындай кезекті салық есептілігін табыс ету таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеуді салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.
Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, төлеу (аудару) салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
5. Салық органы дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаның қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішін алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде:
1) мемлекеттік уәкілетті органдарға – қызметін тоқтататын дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға болып табылатын жеке тұлғаның мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікпен жасаған мәмілелері туралы, сондай-ақ қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш алынған күнгі жағдай бойынша оның мүлкі туралы мәліметтерді табыс ету туралы;
2) банктерге және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға – қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаның қызметін тоқтату туралы салықтық өтініші алынған күнгі банктік шоттарындағы ақшаның қалдықтары және қозғалысы туралы мәліметтерді табыс ету туралы сұрау салу жіберуге міндетті.
Осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген мәмілелер туралы, сондай-ақ банктік шоттардағы ақша қозғалысы туралы мәліметтер салық органының қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті алған күніне дейін қызметін тоқтататын дара кәсіпкерге немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаға салықтық тексеру жүргізілмеген кезең үшін осы Кодекстің 46-бабында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі шегінде табыс етіледі.
6. Салық органының осы баптың 5-тармағында көрсетілген сұрау салулары бойынша мәліметтер, егер осы Кодекстің 581-бабының 12) тармақшасында өзгеше көзделмесе, оларды алған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей табыс етілуге тиіс.
7. Салық органы барлық мәліметтерді алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде камералдық бақылауды жүзеге асыруға және осы Кодексте белгіленген тәртіппен қорытынды жасауға міндетті.
Қорытындыда камералдық бақылаудың нәтижелері мен салықтар, бюджетке төленетін төлемдер және әлеуметтік төлемдер бойынша есеп айырысулардың жай-күйі көрсетіледі.
Қорытынды кемінде екі данада жасалады және оған салық органының лауазымды адамдары қол қояды. Қорытындының бір данасы қол қойылғаннан кейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей қолдарын қойғыза отырып дара кәсіпкерге немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаға тапсырылады немесе оған пошта арқылы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберіледі.
Салық органы дара кәсіпкерге немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаға пошта арқылы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберген қорытындыны пошта немесе өзге байланыс ұйымы қайтарған жағдайда, осы Кодексте белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен салықтық зерттеп-қарау жүргізілген күн осындай қорытындыны тапсырған күн болып табылады.
8. Камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда дара кәсіпкерге немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаға қорытынды алынған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей осы Кодекстің 84-тарауында белгіленген тәртіппен камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарлама тапсырылады.
Дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны орындауды осы Кодекстің 587-бабында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.
Хабарлама орындалмаған және (немесе) салық органдары салық төлеуші табыс еткен түсіндірмелермен келіспеген жағдайда қызметін тоқтататын дара кәсіпкерге немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі. Бұл ретте салықтық тексеру осындай хабарламаны орындау және (немесе) анықталған бұзушылықтар бойынша келіспеу туралы түсіндірме алу мерзімі өткеннен кейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей басталуға тиіс.
9. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаның салық берешегі аталған дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаның ақшасы есебінен, оның ішінде мүлкін өткізуден алынған ақшасы есебінен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген кезектілік тәртібімен өтеледі.
10. Егер қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде немесе жеке практикамен айналысатын тұлғада салықтардың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомалары бар болса, көрсетілген сомалар осы Кодекстің 599-бабында белгіленген тәртіппен осы дара кәсіпкердің немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаның салық берешегін өтеу шотына есепке жатқызылуға тиіс.
Егер қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде немесе жеке практикамен айналысатын тұлғада салықтардың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың қате төленген сомалары бар болса, көрсетілген сомалар осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен есепке жатқызылуға тиіс.
11. Қызметін тоқтататын дара кәсіпкерде немесе жеке практикамен айналысатын тұлғада салық берешегі болмаған жағдайда:
1) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің қате төленген сомалары осы Кодекстің 601-бабында белгіленген тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға тиіс;
2) салықтардың, бюджетке төленетін төлемақылар мен өсімпұлдардың артық төленген сомалары осы Кодекстің 602-бабында белгіленген тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға тиіс;
3) айыппұлдардың төленген сомалары осы Кодекстің 605-бабында белгіленген тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға тиіс;
4) кеден органдары алатын кедендік баждардың, салықтардың, кедендік алымдар мен өсімпұлдардың бюджетке артық (қате) төленген сомалары Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында белгіленген тәртіппен осы салық төлеушіге қайтарылуға тиіс.
12. Салық төлеушi салық берешегiн, әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті төлеуді (аударуды) камералдық бақылаудың нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы қорытынды жасалған немесе хабарлама орындалған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей жүргізеді.
13. Дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға:
1) камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар және салық берешегi, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі болмаған кезде – қорытынды жасалған;
2) камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар болған және салық берешегi, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі болмаған кезде – осындай бұзушылықтарды жою туралы хабарлама орындалған;
3) салық берешегі болған кезде және камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар толық көлемде жойылған жағдайда – салық берешегі, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі өтелген күннен бастап дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылды деп танылады.
Дара кәсіпкерді немесе жеке практикамен айналысатын тұлғаны осы тармақта белгіленген тәртіппен тіркеу есебінен шығару туралы ақпарат дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
Осы баптың 12-тармағында белгіленген мерзімдерде төленбеген салық берешегiнің, әлеуметтік төлемдер бойынша берешектің болуы дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға ретінде тіркеу есебінен шығарудан бас тартуға негіз болып табылады.
Осы тармаққа сәйкес тіркеу есебінен шығарудан бас тартылған дара кәсіпкерлер немесе жеке практикамен айналысатын тұлғалар туралы ақпарат осы баптың 12-тармағында белгіленген төлеу мерзімі өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
67-бап. Дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының қызметін оңайлатылған тәртіппен тоқтатуы
1. Дара кәсіпкерлердің жекелеген санаттарының қызметін оңайлатылған тәртіппен тоқтатуы осы Кодекстің 586-бабында белгіленген камералдық бақылау жүргізілмей, мына құжаттардың біреуінің:
1) салық төлеушінің қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішінің;
2) осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларда – салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініште немесе патент құнының есептеуінде қамтылған жазбаша келісімнің негізінде жүзеге асырылады.
2. Қызметін тоқтату туралы салықтық өтінішті беру кезінде бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін:
1) қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын;
2) бірлескен кәсіпкерлік нысанында қызметті жүзеге асырмайтын;
3) осы Кодекстің 574-бабының 1-тармағында көрсетілген жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асырмайтын;
4) тәуекелдерді бағалау жүйесі іс-шараларының нәтижелері негізінде салықтық тексерулер жоспарында немесе ішінара салықтық тексерулер тізімінде жоқ;
5) салық берешегi, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі жоқ;
6) тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша тәуекелдер деңгейі жоғары емес Қазақстан Республикасының азаматтары немесе оралмандар болып табылатын дара кәсіпкерлер қызметін оңайлатылған тәртіппен тоқтатуға жатады.
Осы бап осы Кодекстің 46-бабының 2-тармағында белгіленген талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) – 5) тармақшаларында айқындалған шарттарға сәйкес келетін дара кәсіпкерлерге қатысты қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш беру күніне немесе осы баптың 5-тармағында белгіленген жағдайлар басталғанға дейін қолданылады.
3. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша қызметін оңайлатылған тәртіппен тоқтату кезінде дара кәсіпкер өзінің орналасқан жері бойынша салық органына бір мезгілде:
1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтінішті;
2) таратудың салық есептілігін;
3) осы Кодекстің 648-бабында белгіленген тәртіппен бақылау-кассалық машинасын (ол болған кезде) есептен шығару туралы салықтық өтінішті табыс етеді.
Таратудың салық есептілігі қызметін тоқтататын дара кәсіпкер төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш табыс етілген салық кезеңінің басынан бастап осындай өтініш табыс етілген күнге дейінгі кезең үшін жасалады.
Егер кезекті салық есептілігін табыс ету мерзімі таратудың салық есептілігі табыс етілгеннен кейін басталатын болса, осындай кезекті салық есептілігін табыс ету таратудың салық есептілігі табыс етілетін күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
4. Осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша қызметін оңайлатылған тәртіппен тоқтату кезінде таратудың салық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу салық органына таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
Егер таратудың салық есептілігінің алдында табыс етілген салық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) таратудың салық есептілігі табыс етілген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
Салық органы осы тармаққа сәйкес салық міндеттемесі орындалған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей дара кәсіпкерді тіркеу есебінен шығаруды жүзеге асырады және уәкілетті органның интернет-ресурсында дара кәсіпкердің тіркеу есебінен шығарылғаны туралы ақпаратты орналастырады.
Салық органы:
1) осы баптың 2-тармағында көзделген шарттарға сәйкес келмеген және (немесе) осы баптың 3-тармағының талаптары орындалмаған кезде – қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш берілген күннен бастап үш жүмыс күні ішінде;
2) осы тармақта көзделген талаптар орындалмаған кезде – салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарудан бас тартады және уәкілетті органның интернет-ресурсында ақпаратты орналастырады.
5. Мынадай жағдайларда:
1) патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын және патенттiң қолданылу мерзiмi өткен немесе қызметті тоқтата тұру кезеңі аяқталған күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде патент құнының кезекті есептеуін табыс етпеген;
2) салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұрған және қызметін тоқтата тұру кезеңі аяқталғаннан кейін осы Кодексте белгіленген салық есептілігін табыс ету мерзімі өткен күннен бастап күнтізбелік алпыс күн ішінде салық есептілігін табыс етпеген дара кәсіпкерлер осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша қызметін оңайлатылған тәртіппен тоқтатуға жатады.
Осы тармақта көрсетілген жағдайларда дара кәсіпкердің орналасқан жері бойынша салық органы:
осы баптың 2-тармағында көзделген шарттарға сәйкес келген кезде;
салық органында тіркеу есебінде тұрған бақылау-кассалық машинасы болмаған жағдайда;
осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында белгіленген мерзімдердің біреуі өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығаруды жүзеге асырады.
Дара кәсіпкерді осы тармақта белгіленген тәртіппен тіркеу есебінен шығару туралы ақпарат осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында белгіленген мерзімдердің біреуі өткен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
6. Салық төлеуші:
осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату кезінде – салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу күнінен;
осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату кезінде – соңғы патенттің қолданылу мерзімі өткен (қызметті тоқтата тұру жағдайларын қоспағанда) күннен;
осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша қызметті оңайлатылған тәртіппен тоқтату кезінде – салық есептілігін табыс етуді тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) туралы салықтық өтініште көрсетілген қызметті тоқтата тұру кезеңі аяқталған күннен кейінгі күннен бастап дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығарылған болып танылады.
7. Салық органы осы бапқа сәйкес дара кәсіпкердің қызметі тоқтатылғаннан кейін талап қоюдың ескіру мерзімі ішінде бұзушылықтарды анықтаған жағдайда, дара кәсіпкер ретінде тіркелу кезеңінде жүзеге асырылатын қызмет бойынша салықтар, бюджетке төленетін төлемдер және әлеуметтік төлемдер бойынша салық міндеттемелерін есептеуді жеке тұлға оларды төлеу жөнінде міндеттемелер туындаған сәтте қолданыста болатын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |