102
Бадана көзді кіреуке
Мұны саған береді,
Баса келіп кисейші («Ер Тарғын»).
Шығыршықты көк сауыт
Бекіте киіп алады («Төрехан»).
Зырқырай оғы кетеді,
Көкірек қысқан көбеден
Қалмады қапыл жебеден («Ер Тарғын»).
Бұлардағы бадана көз, шығыршықты деп отырғаны – шығыршық-
тардың тізбесі, оны кейде шөже көз деп те атайды. Мысалы, «Қыз
Жібекте»:
Алтынды сауыт шөже көз
Түймеден кетті дегейсің.
Демек, келтірілген үзіктердегі кіреуке де, сауыт та, көбе де – шы-
ғыршықтардан тізіліп жасалған қорғаныш сауыттар. Бұлар тепе-тең
бір-бірінің баламасы (эквиваленттері) ретінде бірінің орнына бірі
қолданыла беретіндігімен қатар, кейде тіпті қатарынан қосақталып
та жүреді:
Үстіңе баса киіп ал
Алтынды сауыт көбені («Қыз Жібек»).
Үстімдегі ақ сауыт,
Ақ кіреуке бек сауыт («Ер Қосай»).
Сауыт сөзі кей-кейде көбенің үстінен салатын шарайна мағы-
насында да қолданылған. Шарайна – парсы тілінен енген сөз, мағы-
насы «сауытқа қабаттаған, төрт бөліктен тұратын металл көкірекше»
(Будагов, II, 455). Шарайнаны, яғни оқ өткізбес металл пластинканы
қабаттап салатын болған. Мысалы, «Ер Тарғын» жырында:
Бадана көзді кіреуке,
Шарайнасы бес қабат, –
деп суреттейді. Қазақ халық поэзиясы тілінде шарайна қабатын
көбінесе тоғызға апарады. Мысалы, Төлеген інісі Сансызбайға:
Бадана көзді кіреуке
Тоғыз қабат көк сауыт
Саған арнап соқтырып,
Будырып кеттім кілемге, –
дейді. Бұл мысалдардағы сауыт сөзі – «шарайна» мағынасында. Осы
мәнде кейде торғауыт сөзі де ұшырайды:
Тоғыз қабат торғауыт
Сегізінен өтеді («Ер Тарғын»).
Сауыттың бір түрі жалаңқат аталған:
103
Мінуге керек қазанат,
Беліне керек шарболат,
Денеге керек жалаңқат («Қобыланды»).
Мұны «Батырлар жырын» бастырып шығарушылар «киім, жеңіл
шапан» деп түсіндіреді (Батырлар жыры, 1963, I, 44). Әрине, бұл –
қате. Жалаңқатты Ә. Қайдаров «сауыттың астынан киетін шарайна»
деп табады (Қайдаров, 28). Шындығында, жалаңқат та – сауыт. Оның
сауыт екендігі контекстен де көрініп тұр. Мысалы, «Қобыланды ба-
тыр» жырында:
Денеге оқты дарытпас
Дәуіт соққан жалаңқат, –
деп келеді. Сірә, жалаңқат шарайнасы, яғни металл пластинкасы
жалаң қабат кіреуке болу керек. Жалаңқат сөзінің компоненттерінің
өзі осы мағынаға меңзейді: жалаң сөзі түсінікті («дара, жалғыз»), ал
қат сөзі – «қабат» мағынасындағы сөз.
Көбе – көне сөз. Махмұт Қашқари сөздігінде күбе йарық
түрінде хатқа түскен, мағынасы «металл сауыт» (ДС, 322). Бұл сөз
орта ғасырлардағы түркі сөздіктерінен де табылады, мағынасы
қазақ тіліндегідей (Құрышжанов, 150). Сөздің көнелігі мен сирек
кездесетіндігінен кейде ол қате түсіндіріліп, кейде тіпті өзгертіліп
жазылып та жүр. Мысалы, бұл сөздің кебе деп жазылғаны кездеседі.
Осыған қарап, Ә.Қайдаров кебені де «шарайна, сауыт» деп
көрсетеді. Бірақ кебе мен кебенек, кебене, кебентай сөздеріне негіз
болған көбе сөздерін екеуін екі бөлек түбір деп таниды (Қайдаров,
31). Шындығында, «сауыт» мағынасындағы деп көрсеткен кебе
тұлғасының дұрысы – көбе болса керек.
Қазақтың ауыз әдебиеті мен солармен дәстүрлес ақын-жыраулар
тілінің көркемдеу қазынасында белгілі бір ұғымды бейнелеп, өзге
сөзбен атау жиі кездесетіні мәлім. Бұл тәсілден сауыт-сайман атау-
лары да құр емес. Мысалы, берік сауытты (көбені, кіреукені) берен,
шарболат деп атаушылық бар. Бұрынырық айтылды, берен – көп
мағыналы сөз, оның бір мағынасы – «асыл болат, берік металл».
Осы мағынасынан ауыстырып, денеге қару дарытпас, мықты ме-
талдан жасалған сауытты да берен немесе шарболат деп атағанын
жырлардың тілінен байқаймыз:
Жеңсіз берен киінді,
Лашын құстай шүйілді («Ер Тарғын»).
Белгілі батыр бұл болар
Айғайлап жауға тиетін,
Шарболатты киетін («Қарабек батыр»),
104
Сол сияқты кіреуке деген сауытты «қымбат бағалы, әсем тон»
мағынасында ауыстырып жұмсау да бар. Мысалы, хандар киген
кіреуке дегенде немесе Алпамыс батыр Құлтай ағасына:
Жігітіңде жүруші ең
Кіреуке тонды жамылып, –
дегенінде, кіреуке сөзі сауыттан гөрі «қымбат киім тон» дегенді
аңғартады.
КӨБЕГЕН. КӨРПЕШ. КӨРПЕЛДЕС. Көбеген сөзін айта
қалсақ, әрбір қазақтың аузына:
Базарбайдың Төлеген,
Ерте туған көбеген, –
деген «Қыз Жібек» жырындағы жолдар ілігеді. Мұндағы көбеген
сөзін осы жырды бастырушылар «ерте туған қозы» деп түсіндіреді.
Оған осы жырдың келесі бір жеріндегі:
Мен едім Базарбайдың Төлегені
Қозының ерте туған көбегені, –
деген жолдар да себеп болса керек.
Көбеген, көбдік сөздерінің о бастағы мағынасы малға, оның
ішінде қойға, қозыға байланысты болған, ал бірақ жырларда және
ауызекі тілдегі қолданысында көбеген сөзі «жас бала, балдырған»
деген ұғымды береді. Өткен ғасырдағы қазақтың ауызекі сөйлеу тілі
материалдарын пайдаланған Н.И.Ильмннский өзінің 1861 жылғы
сөздігінде: көбеген – балдырған, балақан (дитя, ребятушки)» деп
көрсетеді де, бұл сөзді көбінесе балаларға әжелері айтады дейді
(Ильминский, 198). Е.Жанпейісов көбеген сөзін монғол тіліндегі
«бала, ұл» мағынасын білдіретін хобөгүн сөзімен төркіндес деп таба-
ды (Жанпейісов, 78).
Қобыландының әкесі:
Өлгенде көрген көбеген,
Ел тілегін тілеген, –
дейді. Мұндағы көбеген деп тұрғаны да – «бала». Бұл сөз «Қозы
Көрпеш-Баян сұлу» жырында да бірнеше рет кездеседі. Қозы тазша
болып келгенінде «азырақ сөйлессеңіз қайтер екен?» – деп алдынан
қыздар жүгіріп шығады, сонда Қозы – «тазша қойшы»:
Аягөз қарамаймын терегіне,
Қыз Баян үкі таққан желегіне.
Қодар мен тоқсан алып тұрған шақта,
Көбеген таз сендерге керегі не? –
дейді. Мұндағы көбеген сөзі «жас бала» деген мағынада келген.