105
Сөйтіп, көбеген «жас бала, буыны қатпаған балдырған» деген
сияқты ауыспалы мәнде де жұмсалған. Ауызекі тілде көбінесе қар-
таң әйелдер, әжелер жас балаларын, немерелерін құлыным, ботам
дейтіні сияқты, көбегенім деп те атағаны байқалады. Көркемсөз
шеберлері бұл сөзді «бала» ұғымында жұмсайды. Сәбит Мұқановтан
келтірілген:
Сонда дағы өлген жоқ, өсті Алтай
Торсық шеке, ақ сазан көбеген боп,–
деген мысалда осы сөздік түсіндіргендей, «шыдамды, төзімді,
мықты» деген мағынаны беріп тұрған жоқ, «бала» деген ұғымды
білдіріп тұр.
Көбеген сөзінің этимологиясын (түптөркінін) жасаған Ш. Сары-
баев бұл сөздің түбірі көбе(н) болуы керек дейді. Көбе/көбей/көпе/
кепе деп қазақ тілінің әр жерінде ерте туған қозыны не басқа малдың
төлін айтатынын көрсетеді, ал -ген кішірейткіш мағына беретін -қан/
-кен, -қана/-кене жұрнағының өзгерген түрі деп танытады. Сонымен
қатар зерттеуші қазақ тіліндегі көрпеш, көрпелес сөздері де көбе/кепе
сөзімен төркіндес болу керек деп топшылайды, өйткені көне түркі
тілінде көрпе сөзі «кеш туған қозы» дегенді білдіргенін XI ғасырдағы
Қашқари сөздігі көрсетеді. Көрпе сөзіндегі р дыбысының түсіп қалуы
– түркі тілдерінде жиі кездесетін құбылыс екенін ескертіп, көрпе де-
геннен көпе/кепе тұлғалары пайда болған дегенді айтады (Этимол.
сөздік. 102-103). Бұл – дұрыс этимология.
Көне түркі тілдерінде көрпе сөзі жалпы «жас» дегенді білдірген.
Мысалы, көрпе от «көк шөп» (свежая трава) (ДС, 318). Сонда көрпеш
сөзі «жас бала» дегенді білдірмек. Қозы Көрпеш есімінің түбірі – осы
көрпе – «жас» сөзі.
Көбеген, көрпеш сөздерімен түбірлес сөздің тағы біреуі –
көрпелдес /көрпілдес. Бұхар жыраудың бір толғауында:
Байдың ұлы көрпелдес
Шұбалаңқы тартады
Айдап жүрген малдан соң, –
деген өлең жолдары бар. Мұндағы көрпелдес сөзіне мұраны
ұсынушылар «күпілдек» деген сөз деп түсініктеме береді (XVIII-
XIX ғ. ..., 34). Ал «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында: «Мен секілді
көрпілдес неге керек?» деген өлең жолындағы көрпілдес сөзіне «бұл
не ескі сөз, не болмаса жазбаның шатағы ма, әйтеуір ұғылмады» деп
түсініктеме берілген. Әрине, бұл түсіндірмелер – қате.
Көрпілдес сөзінің де түбірі – көрпе. Бұл сөз алдыңғы сөздердің
талдауында айтылды, көне түркілердің тілінде «жас, балғын» деген
106
мағынаны берген: көрпе оғул − көктемде туған бала (ДС, 318). Бұл
жердегі тіркестің мағынасы дәл қазақ тіліндегідей.
Көрпелдес/көрпілдес сөзі бұл күнде көбінесе мал баласына қарата
айтылатын сияқты, сондықтан түсіндірме сөздік оның мағынасын
«жүндес, ет алған марқа қозы» деп анықтайды, ал көрпеш сөзін «ерте
туған қозы» деп түсіндіреді. Шындығында, көрпеш, көрпілдес – бір
мағынадағы сөздер. О баста оның «жас, балғын» мағынасы малға да,
адамға да жанастырыла айтылса керек.
КӨКТЕП ТІГУ. Бұл күрделі етістіктің негізгі сөзі − көкте-нің
көсемше түрі. Ол парсы тілінің көк «әр жерден бір іліп, сирек түскен
тігіс» деген сөзінен алынған. Көктеу немесе көктеп тігу қазақ
тілінде осы мағынада қолданылады. Бұл сөздің түсті білдіретін көк
пен өсімдікті атайтын көк сөздеріне қатысы жоқ.
КӨР СОҚЫР. «Алпамыс» жырында балаға зар болған Байбөрі:
Көретін көзім көр болды,
Бір перзентке асық боп, –
дейді. Көр – парсы тілінде «соқыр, соқыр адам» деген сөз. Демек, көр
болу – «соқыр болу». Ал көр соқыр тіркесі – бір мағынадағы әр тілдік
екі сөздің қатар қолданылуы болып танылатын плеонастық құбылыс.
«Соқыр» мағынасындағы көр сөзі көрбала, көрбілте сөздерінің
құрамына да қатысқан.
КӨШЕ. Бұхар жыраудың Абылай ханға айтқан өлеңінде:
Өзің болған күніңде
Бір көшеге сыймайды
Азаткер де құлыңыз, –
деп жазылған жолдар бар. Осы үзік «Алдаспан» кітабында «бір көшке
сыймайды» болып жазылған. Дұрысы – соңғысы болар. Дегенмен
көше сөзі ертедегі үлгілерде кездеседі. Мысалы, «Қамбар батыр»
жырында:
Алтын менен жауһарды
Әзімбайдың атасы
Көшесіне шашады, –
деген жолдарды кездестіреміз. Мұндағы көше парсы тіліндегі
«1) қаланың (шаһардың) көшесі, орамы, 2) жол» мағынасындағы сөз.
Демек, жоғарғы жолдарды «Әзімбайдың атасы алтын мен жауһарды
орданың (қаланың) көшесіне шашты» деп те немесе «адамдардың
жүретін жолына шашты» деп те түсінуге болады.
107
Көше тұлғасы көшелі сөз деген тіркес құрамында да бар, бірақ
бұл көше – алдыңғы көше-ден басқа мәндегі сөз. Бұл жердегі көше
де – парсы сөзі, ол мұнда «астарлы сөз» деген ауыспалы мағынаны
білдіреді. Оны -лі жұрнағын жалғап, сын есім етіп және сөз деген
сөзді тіркестіріп, мазмұнын сәл өзгертіп («байсалды, мәнді, ақылды
сөз») қолданатынымыз байқалады. Тіпті бара-бара бұл ауыспалы
мағына адамның өзіне қатысты да айтылатын болған: көшелі адам,
көшелі жігіт.
КҮДЕРІ/КӨДІРЕ. Махамбет ақын бір өлеңінде:
Көдіреден бау тағып,
Сауыт киер күн қайда? –
дейді, Осы жолдар ақын шығармаларының 1974 жылғы басылымын-
да күдеріден бау тағып болып жазылған. Енді бір кітаптарда осы
тіркес күдіре бау, күдіреден бау тағып болып келеді. Тіпті мұның
көдере варианты да кездеседі. «XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ
ақындарының шығармалары» атты жинақты бастырушылар бұл сөзді
көдіре деп жазады да, оған «көдіре – төзімді нәрседен жасаған бау»
деп түсінік береді (XVIII-XIX ғ. ақындары..., 394). Ал, дұрысында,
күдері сөзі «төзімді нәрсе» дегенді емес, «жұмсақ иленген тері»
дегенді білдіреді. Н.И.Ильминскийдің сөздігінде күдері – иленген
түйе терісінен жасалған портупея (ал портупея дегеніміз – қару асыну
үшін иықтан асыра тағып жүретін немесе белге байлап жүретін аспа
не тартпа бау)». Сірә, бұл сөздің ХІХ ғасырдағы дәл мағынасы осы
болар, өйткені Ильминский бұл анықтаманы сол кездегі қазақтардан
ауызба-ауыз сұрап, жазып алған материалдары бойынша беріп отыр.
Бұл сөз қырғыз тілінде де бар: күдөрү – жұмсақ иленген қайыс
(Юдахин, 458). Күдері – сирек қолданылатын, көбінесе күдеріден
бау тағу, күдері бау тіркестерінде келетін сөз. Мағынасы ұмыт бола
бастағандықтан, қате түсіндіріліп, оның үстіне екі-үш (тіпті одап да
көп) түрлі етіп жазылып жүргені байқалады.
Кудрага (күдері) сөзі монғол тілінде де бар, қазіргі беретін
мағынасы – «шілейке, өмілдірік». Сөйтіп, өткен кезеңдердегі қазақ
әдебиеті текстерінде кездесетін күдері бау тіркесі «жұмсақ иленген
теріден жасалған бау», тіпті дәлірегі «түйе терісінен иленген бау»
деген мағынаны білдіреді. Ертедегі жырлардың бірінде «күдіредей
бойы созылып» деген сөйлем кездеседі («Шайыр», 1910). Мұнда да
күдіре – «икемге көнгіш, созылған нәрсе» дегенді білдіреді. Қырғыз
тілінде өте жұмсақ нәрсені күдөрүдөй деп айту бар, тіпті аяғын
жұмсақ басатын сұлуды суреттегенде, күдөрүдей былқылдап деп
Достарыңызбен бөлісу: |