6
сүрген ақын-жырауларының тілі қазіргі көпшілікке де өте түсінікті,
анық болып келеді, өйткені бұлар – қазақтың жалпыхалықтық сөйлеу
тілінің негізінде жырланған мұралар. Бірақ сонымен қатар бұларда
жырланған тақырыпқа, көнеден келе жатқан образдарды пайдалануға,
ескі тұрмыс-салтқа байланысты бұл күнде ұмыт бола бастаған не-
месе мүлде ұмытылған я болмаса мағынасы өзгерген сөздер мен
тіркестердің кездесуі – табиғи да заңды. Сондай сөздердің сырын
біліп, қолданылған жеріндегі мағынасын түсіну, олардың түптөркінін
танып отыру өте қажет деп білеміз. Әсіресе бұл – мектеп оқушылары
мен студенттерге, атап айтқанда, болашақ мұғалім, филолог-ғалым,
журналист, жазушы, ақындарға өте-мөте қажет болмақ. Жалпы бұлар
ғана емес, кім-кімге де ана тілінің сөз сырына үңілу артық болмайды.
Ұлы Абай айтқандай, «пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде
ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін
іздеген кезі өмірінің ең бір қызықты уақыты болып ойында қалады».
Ал ана тілінің бары мен бояуын, сөздерінің нәрі мен нақышын
қызықты құбылыс деп, оны білмекке ұмтылу да бір ғанибет болар
деп ойлаймыз. Әсіресе бүгінгідей ана тіліміз – қазақ тілінің дәрежесі
көтеріліп, әлеуметтік жүгі артқан кезде, осы тілдің барша байлығын
игеру, тарихын білу – рухани парызымыз болмақ.
Бұл еңбек – тіл мамандарының аз ғана тобына арналған таза
лингвистикалық талдау емес. Мұндағы көздеген негізгі мақсатымыз
белгілі бір сөздің не сөз тіркесінің бұрынғы және қазіргі қолданысына,
яғни сөз мағынасының өзгерісіне, дамуына (эволюциясына) назар
аудару. Сонымен қатар талдаған бірсыпыра сөздердің түптөркінін,
яғни қай тілдікі екенін, көне-жаңа сөз екенін де ашьш беруді көздедік.
Бұл әрекетіміз көбінесе сөздің көне түркілік немесе монғол, араб,
парсы тілдеріне тән сипатын айқындау түрінде жүргізілді.
Өткен дәуірлердегі өлең-жырларда, мақал-мәтелдер мен қалып-
тасқан тіркестерде кездесетін бейтаныс, көне, кірме сөздерді түгел
теріп талдауды мақсат еткеніміз жоқ. Бұл – әзірге мүмкін емес шаруа.
Біз бұл еңбекте әзірге өзіміз іздеп тапқан материалдарды (сөз тал-
дауларын) ғана ұсынып отырмыз. Сондықтан осы ретпен зерттеуді,
талдауды қажет ететін сөздер мен тіркестер әлі де баршылық екенін
ескертеміз.
Біз бұл кітапта жеке сөздер мен тіркестердің он томдық «Қазақ
тілінің түсіндірме сөздігінде», этимологиялық, диалектологиялық
сөздіктерінде көрсетілмеген мағыналарын ашуға ұмтылдық.
Сөздіктер мен жеке еңбектерде берілген кейбір жаңсақ түсіндірмелер
мен талдауларды сөз етіп, өз анықтамаларымыз бен болжамдарымыз-
7
ды ұсындық. Әрине, кейбір сөздердің көне түркі тілдерінде немесе
монғол, парсы, араб тілдерінде, сондай-ақ орта ғасырлар мен қазіргі
түркі тілдерінде берген мағынасын, тұлғасын көрсете талдаған кейбір
сәттеріміз тіл зерттеуші түрколог мамандар үшін жаңалық болмас,
бірақ қарапайым оқырман жұртшылығына қызғылықты болар деген
ойдамыз.
Ең соңғы ескертеріміз – біздің барлық пікіріміз (талдаулары-
мыз) бастан-аяқ дұп-дұрыс, ешбір талассыз деуден аулақпыз. Кейбір
ізденістеріміз әрі қарай қарастыра түсуді, ғылыми дәлелдерді
көбірек қамтуды керек ететінін сеземіз. Сөйте тұра ұсыну себебіміз
– өзге зерттеушілерге ой салуды көздеуімізге, ана тіліміздің барша
байлығын айқындай түсуге жол ашуды ниет етуімізге байланысты.
Сөйтіп, ертедегі ұшан-теңіз әдеби мұрамыз бен сөйлеу тілімізде
кездесетін бұл күнде не мүлде түсініксіз немесе мән-мағынасы
өзгеше түсетін бір алуан сөздердің сырын ашу үшін олардың өздерін
«сөйлеттік». Бұл сөздер тек өз табиғатын таныту үшін ғана сөйлеп
қоймайды, халқымыздың өткендегі тарих көшінен де хабар береді.
Кітаптың құрылымы жайында. Бұл кітапта әңгіме болатын
сөздер мен тіркестер оқырманның тез тауып алуы үшін, алфавит
тәртібімен берілді. Кей сәттерде сөзтізбеге (реестрге) жеке сөз емес,
сөз тіркесі алынды. Сондай-ақ енді бір тұстарда алфавит жағынан әр
жерде тұруға тиіс екі-үш сөз бір реестрде берілді. Мысалы, бұлан,
құлан немесе: азамат, шора/шоры, жолдас дегендер бірінші сөздің
алфавиттегі орнымен берілді. Мағынасы жағынан біртектес (мысалы,
жабайы жан-жануарлардың атауы) немесе синоним сөздер көбінесе
осылайша қосақталып ұсынылды.
Бірқатар сөздердің екі-үш түрлі жазылып жүргендері кездеседі,
оларды ортасына тік сызықша қойып, қатар бердік. Мысалы: күдері/
кедіре/ күдіре/ көдіре; қазына/ қазине т.т. Баяндау мүмкіндігінше
көпшілік қауымға түсінікті стильде (мәнерде) жүргізілді, дегенмен
барлық талдау ғылыми негізге сүйенгендіктен, кейбір лингвистикалық
терминдер қолданылып отырды. Оның үстіне ғылыми ақпарат, яғни
мәлімет алынған көздер (сөздіктер, кітаптар, зерттеулер, жинақтар
т.б.) көрсетіліп отырды.
Осы еңбектің 1980 жылғы басылымында екі тілдік сөздіктерден
алынған материалдар (аудармалар, түсініктемелер) және орыс
тілінде жазылған кітаптардан келтірілген дәйексөз (цитаттар) ау-
дарылмай, түпнұсқаша орысша берілген болатын. Ол кезде біздің
кітаптарымызды оқитындар тек Қазақстанды, одан қалды бұрынғы
Одақты мекендеген қазақтар ғана болатын, ал олардың орыс тілін де
8
қоса білетіндігі аян. Енді қазақ тіліндегі кітаптарды шет елдердегі
қандас бауырларымыз да, түркі тілдес шетелдік өзге туыстар
да оқитын күн туған қазіргі кезеңде оларға орыс тіліндегі текст
дәйексөздерін түсінулері қиынға соғатынын ескеріп, орысша аудар-
малар мен түсіндірмелерді, дәйексөздерді қазақша аударып беріп
отырдық, бірақ ғылыми дәлдік үшін материал алынған көздер жақша
ішінде көрсетіліп отырылды. Олар қысқартылып берілді. Мұндай
кітаптардың аталуы, шыққан жері, жылы толық жазылған тізім осы
еңбектің соңында берілді. Сөздіктердің сілтемесі де жақша ішінде
мейлінше қысқартылды. Мысалы, (Будагов, I, 752) деген сілтеме
Л. Будаговтың 1869, 1871 жылдары I, II том болып Санкт-Петербуртте
шыққан «Сравнительный словарь турецко-татарских наречий» де-
ген сөздігінің I томының 752-беті дегенді білдіреді. Немесе ДС,
573 деген жақша ішіндегі қысқартулар «Древнетюркский словарь»
(Ленинград, 1969) деген кітаптың 573-беті дегенге сілтейді. Жеке
авторлардың еңбектеріне жасалған сілтемелер де жақша ішіне қысқа
түрде көрсетілді, олардың да толық аты-жөнін кітап соңынан табуға
болады.
Көпшілік оқырманға таныс болмағандықтан, кейбір кітаптар мен
сөздіктерден алынған материалдар латын немесе араб әріптерімен
жазылған түрінен өзгертіліп, қазіргі жазуымызбен берілді.
Бұл кітапта кейбір сөздердің осы күнгі қазақ емлесі бойынша
дұрыс жазылған түрлерімен қатар, өзгешелеу тұлғада жазылған жары-
спа қатары да (варианттары, дублеттері де) бар. Олар мысал алынған
басылымда солайша жазылуына немесе сөз түбірінің о бастағы
тұлғалануына байланысты келтірілді. Мысалы, абжылан/әбжылан,
алапа/алафа, қарашы/қараша т.б. Бұл – әрине, осы сөздерді осылай-
ша екі-үш түрлі етіп жазу керек деген сөз емес.
Келесі бір ескертетін нәрсе – жырлардан, ақын-жыраулар мұра-
ларынан алынған мысалдардың қай жылғы басылымнан келтіріл-
гендігі, беті көрсетілмеді. Бір жырдың екі-үш не одан да көп басылы-
мы болды, сол сияқты Махамбет ақынның соңғы үш-төрт басылымы
бар. Біз өлең жолдарын солардың барлығынан да алдық. Сондықтан
кейде белгілі жырдың немесе өлеңнің бірер сөзі не әрпі оқырманның
қолында бар басылымдағыдан басқаша болып тұрса, оны ұсынылып
отырған кітапта кеткен қате не салақтық деп емес, сол мысалдың
өзге басылымнан алынғандығының нәтижесі деп тану керек. Өйткені
бір жырдың әртүрлі басылымында азды-көпті айырмашылықтары
бар екендігі аян.
Достарыңызбен бөлісу: |