90
ЖІТІМ: ӨЛІМ-ЖІТІМ. Көне түркі жазба ескерткіштерінің
тілінде йіт- етістігі «жоғалу, жоқ болу» деген мағынаны білдірген,
мұнда да өл-йіт- деп қосарынан қолдану бары көрсетілген (ДС,
263). Демек, өлім сөзі бүгінгі қазақтарға түсінікті, ал жітім – «бір
нәрсенің жоқ болуы», яғни жоқ іздеп жүрмін дегендегі жоқ сөзінің
мағынасын беретін тұлға. Көне түркілерде «жоғалған зат («мал»)
ұғымында йітүк (жітік) тұлғасы болған: ер йітүк сурды – «кісі
жоралған нәрсе (жоқ) туралы сұрады (сұрастырды)».
Демек, өлім-жітім тікелей беретін «өлген, өшкен, жоқ болған,
жоғалған» деген мағынадан шығып, «шығын, қаза» деген жинақтау
мәнді білдіретін қос сөзге айналған. Бұл көбінесе малға қатысты ай-
тылады: мал тек өліп қоймайды, сонымен қатар өзгеше түрде де «жоқ
болады» ғой: ұрланады, ит-құсқа жем болады, тұралап қалады т.т.
Осы соңғы жоқ болушылықты қос сөздің жітім сыңары білдіретін
сияқты немесе бұл компонент алдыңғы «жоқ болушылық» – өлім де-
ген ұғымды күшейте түсуге келген «көмекші күш» болып танылуы
мүмкін.
Біздің байқауымызша, «өлтірді» мағынасындағы басына
жетті деген тіркестің о бастағы көне түркілік қолданысы басы
йітті (жітті) болса керек. Демек, ол «басы жоқ болды, өлді» де-
ген ұғымдағы тіркес болып шығады. Соған қарағанда, қазіргі қазақ
тіліндегі «көзін құрту, жоғалту, тығу, жасыру» мағынасындағы жы-
тыру етістігінің фонетикалық варианты деп қарауға болады. Жуан ва-
рианты жеке қолданылатын сөз болып сақталған да жіңішке нұсқасы
тек сөз тіркесінде «сіріленіп» қалған сияқты.
ЗАР ЕҢІРЕУ. Алдыңғы сөз парсы тілінде зари тұлғасында «жы-
лау, еңіреу», одан барып «шағым, өтініш» мағыналарын береді. Зари
кардан «жылау» және ауыспалы мәнде «өтіну, жалынып сұрау»
дегенді білдірсе, қазақша зар еңіреу деген тіркес те осы ұғымда
қолданылады. Мұнда бір мағынадағы парсыша және қазақша екі
сөз қатар келіп тұр. «Қазақшаласақ», бұл тіркес еңіреу еңіреу болып
шығады.
ЗОР САЛУ. «Қобыланды» жырында:
Зор салмасын біздерге...
Зор салмасын жолбарысқа, –
деген өлең жолдары бар. Қамбар батыр өзін:
Еңбекке белін байлаған
Қас кедейдің зорымыз, –
деп таныстырады. «Тауарих хамсадан» берілген бір өлең тексінен:
91
Зор күн туды, зор күндер,
Күлкі кетті мол күндер, – деген тармақтарды оқимыз.
Зор сөзінің бұл күнде сындық мағыналары ғана көрсетіледі,
олар: «1) ірі, үлкен, 2) мықты, күшті, 3) ерекше, айрықша». Оның
заттық мағынасы қазіргі сөздіктерде көрсетілмеген. Ал ертерек-
те қазақтар зор сөзін «күш, мықтылық» деген заттық мағынада
да жұмсағаны жоғарғы мысалдардан байқалады. Біз талдағалы
отырған зор салу тіркесі де түсіндірме сөздікке енбеген. Жоғарыда
келтірілген мысалдың алғашқысындағы зор салмау «күш көрсетпеу»
деген ұғымда жұмсалған болса, соңғысындағы қас кедейдің зоры
«кедейлердің тірегі, алпыс үйлі арғынды, тоқсан үйлі тобырды аң
етін беріп асыраған күші, қуаты» деген мәнді байқатады.
Бұл күнде зор сөзінің заттық мағынасы өзгеріп, сындық, үстеулік
мағынада жұмсалады. Бұл сөз парсы тілінде де бар, онда да бұл «күш,
қуат, мықтылық» деген заттық мағынадағы сөз ретінде берілген.
Демек, бұл сөзді біз түркі тілдеріне кірме дегеннен гөрі, парсы тіліне
түркі-монғол тілдерінен енген сөз болу керек деп түйеміз. Өйткені
«батылдық, ерік күші» мағынасында зор сөзі монғол тілінде де бар.
Бұл түбірден түркі-монғол тілдерінде ондаған туынды сөз (сын
есім, үстеу, етістіктер) жасалғаны бұл сөздің түптөркінін көрсете
түседі. Мысалы, бір қазақ тілінің өзінде зорай-, зорла-, зорық- деген
етістіктер, зораң, зорға, зордан деген сын есім мен үстеулер, зорлық,
зорлықшы сияқты туынды зат есімдер қолданылады.
ЗЫҢЫРАНУ. Қазақ даласының батыс өлкесін мекендеп, XIX
ғасырдың II жартысыңда өткен Абыл Өтембетұлының өлеңдерінен:
Замана қайым болар жер зыңыранса,
Тау құлап, тас қаңбақтай жұмаланса, –
деген жолдар бар. Мұндағы зыңырану сөзі қазіргі қазақ әдеби тілінің
лексикалық қазынасында тіркелмеген: сөздіктерде жоқ. Сірә, мұның
түбірі еліктеуіш сөз болар: зың + ы + ра. Мұндағы -(ы)ра бөлегі
күркіре, сырқыра, барқыра, бұрқыра, зырқыра, шұрқыра дегендердегі
сияқты көбінесе еліктеуіш сөздерден етістік тудырушы жұрнақ. Зың
– ызыңдаған дыбысты білдіретін еліктеуіш сөз (ызыңда- етістігінің
өзі (ы)зың еліктеуіш сөзінен жасалғаны көрініп тұр). Бірақ жердің
зыңырауы – жай баяу ызыңдаған дыбысты емес, орысша айтқанда,
«гудящий», яғни «үздіксіз қатты дыбыс шығару» деген ұғымда та-
нылады.
Қазіргі қазақ тілі нормасындағы зың түбірлі сөздер не зың тұлға-
сынан жасалған ( зыңқылда-, зыңғырла-), не - ыл жұрнағын жалғаған
92
есім тұлғасынан (зыңыл) жасалған болып келеді, зың еліктеуіш сөзіне
тікелей -ыра жұрнағын жалғап жасалған етістік сирек қолданылатын
сөзге айналған деп танимыз.
ИЛЕУ: ЗАР ИЛЕУ. «Қайғыру, зар шегу» деген мағынаны біл-
діретін бұл тіркестің алғашқы сөзі түсінікті, ал илеу-і нені білдіреді?
Бұл илеу сөзінің нан илеу, балшық илеу тіркестеріндегі илеу сөзіне
еш қатысы жоқ. Ол − оғыз тілдеріне тән әйла-/айла- көмекші етіс-
тігінің дыбыстық өзгеріске ұшыраған тұлғасы. Айла- етістігі қыпшақ
тілдеріндегі (мысалы, қазақ тіліндегі) ет-, қыл- етістіктеріне сай
келеді. Айла- көмекші етістігі көбінесе араб-парсы сөздерімен
тіркесіп, күрделі етістік жасайды, бұл тәсіл орта ғасырлардағы
түркі жазба дүниелері тіліне тән, өте өнімді амалдардың бірі болған.
Мысалы, Ясауидің өлеңдерінде байан әйла- (баян ет-. баянда-), ‘афу
әйла-(ғафу ет)-, парһиз әйла- (сақтан-) деген сөздер бар.
Қазақ тілінде айла- етістігі иле- түрінде тек бірен-саран сөзбен
тіркесте сақталған болса, кейбір қазақ ақындары оны стильдік мақсатта
ара-тұра пайдаланып отырған. Мысалы, Әріп Тәңірбергеновтен:
Наз етіп ғашықтығым айтылған соң,
Көңіл аусын көз жасыма рахым айлап.
Михнатты ауыр жүктер мойныма алып,
Бір жанды құрбандыққа тұрмын сайлап, –
деген шумақты оқимыз. Бұл тұлғаны белгілі бір стильдік мақсат
көздеп Сәкен Сейфуллин де пайдаланған:
Сөйледі Адақ тұрып Абылайға:
Я, тақсыр, өтілім бар, қабыл айла.
Жұмбақты шешпей тұрып тілегім бар,
Қабыл қып тілегімді сөзді байла.
Мұнда қабыл ет деген етістіктің орнына ақын қабыл айла де-
ген тепе-тең тұлғаны (эквивалентін) қолданғанда, біріншіден, бұл
сөз Абылай хан сияқты жоғары лауазым иесіне мәдениетті кітаби
стильде тіл қатуды танытатын элемент ретінде келсе, екіншіден,
алғашқы жолдағы Абылайға және төртінші жолдағы сөзді байла де-
ген тұлғаларға ұйқасатын сөз ретінде кәдеге асырылған.
Қазақтың жалпыхалықтық тілінде айла- сөзі оның қышпақтық ет-,
қыл- варианттары актив қолданылатын болғандықтан, тілде кеңінен
орын таба алмай, зар илеу сияқты бірен-саран тіркес құрамында
«әлдеқалай» сақталып қалған тұлға екені байқалады. Бұған, сірә,
ортағасырлық түркі жазба тілі «атсалысқан» болу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |