Ш-Т сәйкестігі. Ж. Досқараев жинастырған материалдарға қарағанда Атырау облысында «шірену» орнына «тірену» етістігінің қолданылатындығын дәлелдеген. Мысалы : Балықты тәуір алып «е» – деп тірендім ғой. Ол бүгін балықты көп әкеліп тіреніп тұр. Бұл сәйкестікті түркі тілдерінен, әсіресе, батыс қазақтарын тарихи жағынан байланыстыра қарап отырған көрші халықтар тілінен табамыз. Масалы башқыр тілінде «шымшым» сөзі «семтем», хакас тілінде біздегі «төп» сөзі «чоп» болып айтылады. Бұл деректерден «т» және «ш» дыбыстарының сәйкестігін байқауға болады.
Г-Ш не Ш-Ғ сәйкестігі. Дыбыс сәйкестігінің бұл түрі батыс сөйленістерінің біраз аумағында көрінгенмен тиянақты және изоглосы бар сөздер. Әдеби тілдегі «бүрге» сөзі «бүрше» түрінде г-ш дыбыс сәйкестігін тудырса, «мұрша» сөзі «мұрға» болып дыбысталып, ш-ғ сәйкестігі пайда болып тұр. Мысалы, бұл үйдің мұрғасы жоқ екен.
Ғ-Қ сәйкестігі. Түркі тілдерінде кездесетін ғ дыбысы говорда қ дыбысына алмасады: жорған – жуырқан сіргеғара – сіркеқара Жергілікті қазақтар тілінде қ-ғ дыбыстарының өзара сәйкестігінің пайда болуын тағы да солар өмір сүріп отырған ортадан іздеуге тура келеді. Қарақалпақ тілінде де қ-ғ дыбыстарының сәйкестігі кең жайыла қоймаған құбылыс. Алайда кей диалектісінде, әсіресе оңтүстік-батыс диалектісінде «кьаз», «кьазына», «кьарры» тұлғаларымен бірге «гьаз», «гьазына», «гьарры» сөздерінің жарыса қолданылуы орнықты құбылыс. Араб-иран тілдерінен енген кейбір сөздерде ғана болмаса, жалпы түркі тілдерінде, әсіресе, оның қыпшақ тобына жататындарында, сөз басында «ғ» дыбысының айтылуы көп жайылмаған. А. М. Щербактың көрсетуінше «қ» дыбысының орнына басқа түркі тілдерінде «к», «х», «һ» сияқты дыбыстар кездессе, түрікмен тілінде «ғ» қолданылады. Шынында да, «құм», «қол», «қар» т.б. тәрізді көптеген сөздер түрікмен тілінде «ғум», «ғол», «ғар» түрінде дыбысталады. Осыған қарағанда, қарақалпақ тіліндегі «ғ» дыбысымен басталып отырған араб сөздерінен басқа түркі тілдерінің өзіне ғана тән кейбір сөздердің (ғауға, ғаз, ғарры т.б.) «ғ»-мен басталуын түрікмен тілінің әсері деп қарауға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |