Қ. М. Аллаберген
тарих тудырған тұлғалар
(XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр
басындағы қазақ ақын, жазушылары мен
публицистерінің рухани мұралары)
Бірінші кітап
Журналистика мамандығынық студенттеріне арналған
оқу құралы
Павлодар
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
Қырықбай Аллаберген
ТАРИХ ТУДЫРҒАН ТҰЛҒАЛАР
(XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр
басындағы қазақ ақын, жазушылары мен
публицистерінің рухани мұралары)
Бірінші кітап
Павлодар
Кереку
2010
ӘОЖ 070 (574) (09) (075.8)
КБК 76.01(5 Каз) я 73
А 44
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің
Ғылыми кеңесімен басуға ұсынылды
Пікірсарапшылар :
Рымғали Нұрғали - филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының академигі;
Сейфитдин Сүтжанов - филология ғылымдарының докторы, профессор.
Қырықбай Аллаберген
А 44 Тарих тудырған тұлғалар (XIX ғасырдың екінші жартысы мен
XX ғасыр басындағы қазақ ақын, жазушылары мен публицистерінің
рухани мұралары) : оқу құралы 1 кітап / Қырықбай Аллаберген. –
Павлодар : ПМУ, 2010. – 135 б.
Автор өзінің бұл екі томдық зерттеуінің алғашқы кітабында XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басында өмір сүріп түрлі басылым беттерінде қазақ халқының тарихы, саяси, әлеуметтік - экономикалық хал -жағдайларымен қатар, салт - дәстүр, әдет ғұрып, мәдениеті мен әдебиеті туралы да қалам тартқан Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, М. Ж. Көпеев, С. Торайғыров, Ж. Аймауытов, С. Қожанов, М. Шоқай, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ә. Бөкейханов сынды басқа да бірталай ақын, жазушы публицистердің шығармаларына жан - жақты талдау жасап, бүгінгі күн тұрғысынан баға береді. Еңбек жоғары оқу орындарының тарих, филология және журналистика факультеттерінің оқытушылары мен магистранттарына және студенттеріне арналып жазылған.
ӘОЖ 070 (574) (09) (075.8)
КБК 76.01(5 Каз) я 73
© Аллаберген Қ., 2010
© С. Торайғыров атындағы ПМУ, 2010
Материалдық дурыс болуына, грамматикалық және орфографиялық қателерге авторлар мен құрастырушылар жауапты
Алғы сөз
XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басында алғаш рет ұлт тілінде шығып ұзақ жылдар бойы бодандықтың құрсауында болғандардың санасын оятып, көздерін ашуға баспасөзбен қатар қазақтың көсем сөзі де әулие домбыраның қос шегіндей бір әуен шығарып, өзінің сиқырлы даналығымен барша халықты әрдайым тәнті қылып отырған. Қазақ публицистикасының ірге тасын қалаушылар Шоқан, Ыбырай, Абай болса, оны әрқарай дамытып, қоғамдық пікір таратып, қалыптасушы ретінде әдебиетіміздің биік шыңына көтерген Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ғұмар Қарашев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхамеджан Сералин, Сұлтанбек Қожанов, Қошмұхамед Кемеңгеров, Ғани Мұратбаев, Мұстафа Шоқаев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Смағұл Садуақасов, Халел Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, Мұхтар Әуезов сынды ондаған, жүздеген, тіпті мыңдаған қалам шеберлері бар.
Әрине, бұрын да бұл адамдар туралы азды - көпті еңбектер болған. Бірақ олардың көпшілігі ғұмырнамалық немесе қоғамдық қызметтеріне арналған шығармалар болатын. Оның үстіне көпшілігі ертеректе жарық көргендіктен сол кезеңнің ағымына қарай бейімделіп, қанатынан қайырылып, шыңдықтың ауылынан алыстап кеткен дүниелер еді.
Алайда, тәуелсіздіктен соңғы жылдары бұл тақырып төңірегінде Т. Қожекеев, Ш. Елеукенов, Ү. Сұбханбердина, Н. Омашев, С. Қозыбаев, Қ. Аллаберген, Ж. Нұсқабаев, Б. Жақыпов, Т. Бекниязов, Қ. Сақ, А. Мектеп сияқты ғалымдар өзіндік ізденіс жұмыстарын жүргізіп келеді. Әсіресе, филология ғылымының докторы, профессор Т. Қожекеевтің алар орны ерекше.
Ол кісінің соңғы бес алты жыл төңірегінде түйдек – түйдегімен баспалардан жарық көрген «Жыл құстары», «Көк сеңгірлер», «Сара сөздің сардарлары», «Сатира негіздері» атты монографиялары осының дәлелі.
Бірақ, бұл ғалымның жоғарыда аталған кітаптары негізінен 1917 жылдан бергі кезеңді, әсіресе XX ғасырдың 20-30 жылдарын қамтиды. Сондықтан, XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың алғашқы жылдарындағы публицистер туралы күні бүгінге дейін арнайы жазылған зерттеу жоқтың қасы...
Иә, шыңдығына келсек XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басы тарихи тұрғыдан алғанда қазақ халқы үшін үлкен қиыншылықтар мен дүрбелеңдер, сонымен қатар болашаққа деген үміттер мен сенімдер әкелген кезеңдер болып саналады. Мәселен, патшалық Ресейдің Қазақстанда отарлау саясатының одан сайын күшейе түсуі, қазақтардың өз арасынан көзі ашық,зиялы азаматтардың шығып, азаттық жолына ұмтылып, соңынан бүкіл халықты еріте алуы, жер мәселесі 1905-1907 жылғы революция, бірінші дүниежүзілік соғыс, 1916 жылғы ұлт азаттық қозғалыс, 1917 жылғы ақпан және қазан төңкерістері, Алашорда қозғалысы. Міне, осындай ірі оқиғалардың бәрі де публицистердің қаламынан, тіпті тікелей солардың өздерінің араласуымен туындап, халық арасына тарап жатты.
1 ХIХ ғасырдың екiншi жартысы мен ХХ ғасыр басындағы
қазақ мерзiмдi баспасөзi
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ ақын, жазушылары мен публицистерінің рухани мұралары
1.1 Жанашыры халқының (Шоқан Уәлиханов)
ХІХ ғасырдың елуінші, алпысыншы жылдары Н. Г. Чернышевский бастаған революциялық демократтар крепостниктік тәртіпті және помещиктердің жер иелену хұқысын революциялық жолмен біржола жойып жіберуді көздеді. Герцен барлық халықтардың тең хұқылығын талап етіп, патша өкіметінің қазақ халқына деген жендеттік саясатын бүкіл әлемге жария етті. Бұдан Шоқан екі Ресейдің барын : бір жағынан, революциялық идеялардың жаршылары – Герценнің «Колоколы» мен Чернышевскийдің «Современнигі», екінші жағынан, патша тағын төңіректеген ресми шенеуніктер, помещиктер мен капиталистер Ресейінің барын білді.
Шоқан өзінің публицистикалық мақалаларында, хаттарында еңбекші бұқараның мүддесін қорғап, олардың хұқылары үшін күресті. Жалпы, оның еңбектерін хаттары мен мақалалары, ғылыми мақалалары, жолсапар очерктері деп үшке бөліп қарастырған жөн сияқты.
Ауыл мектебінде қазақтың ескі аңыз-әңгімелерін, мақал-мәтелдерін жазып алып, жинастырып, жаттап өскен, кадет корпусында орыс әдебиетінің классикалық шығармаларымен, орыс тілі арқылы батыстық мәдениетпен танысқан. Шоқан хаттарында оның мінез ерекшеліктері, ой-өрісі, дүниетанымы, өмірге көзқарасы ғана танылып қоймай, ұстаған бағыты да көрініп отырады. Мысалы, ол А. Н. Майковқа жазған хатында : «Жергілікті сұлтандармен және байлармен тату емеспін. Өйткені, олар бұрынғы құлдарын жаман ұстайды, ал енді бұл құлдар қазір де бостандық алғанымен де, қалай кетерін білмей, сол бұрынғы қожаларының қолында жүр. Мен олардан талай рет бұларға еңбек ақы төлеңдер және өздерін адам санатында ұстаңдар деп талап етіп, қорқыттым. Бірақ олармен шығыспасам да, оның есесіне дала пролетариатымен қатты доспын және олармен тез-ақ үйлесе кеттім», - деп шындығын айтты. Бұдан Шоқанның өмірлік күрескер позициясы, саяси көзқарасы айқын көрінеді.
Бұдан кейінгі оқиғалардан Шоқанның саяси көзқарасының тез есейіп, қалыптасқанын көреміз. Оның публицистикалық туындыларынан А. И. Герценнің, Н. Г. Чернышевскийдің, А. Н. Добролюбовтың идеялық әсері айқын танылады. Мәселен, үзбей хат жазысып, пікір алысып тұрған Ф. И. Достоевскийдің 1861 жылғы реформадан кейін сарыуайымға салынып, самодержавиеге қарсы күрестен ауа жайылып кеткеніне Шоқан сын көзбен қарай білді. Бұрын ақыл-кеңес алған досына енді өзі «Сен енді түбірімен өзгерту жолына түс», - деп ақыл берді. Бұл Шоқанның саяси санасының қаншалықты өскенінің және оған революцияшыл-демократтардың қаншалықты әсер-ықпал еткенінің аса маңызды дәлелі.
Шоқан хаттарының стилі, түрі мен мазмұны қандай дегенге келсек, олар кәдімгі хат стилінде, хат түрінде жазылды. Бірақ, оларда жеке бас, күйкі тірлік мәселесі емес, халықтық, қоғамдық, саяси мәні бар мәселелер қозғалды. Н. Г. Чернышевский сияқты ол қоғамдық көкейкесті мәселелерді батыл көтеріп, туған халқының келешегі туралы терең ой толғады. Жалпы, Шоқанның хаттары халықтық, қоғамдық мазмұнға толы.
Бұл ерекшелік оның мақалаларына да тән. Ол «Русский инвалид» журналына жолдаған тұңғыш мақаласында бүкіл халық басындағы ауыр жағдайды сөз етеді. Оның осы туындысының өзінен-ақ публицистикалық іргелі пікір түюге бой ұра білгенін аңдау қиын емес. Атап айтсақ, Шоқан жекелеген әкімдерімен қоса (Кури, Айвашкевич, Безверхов) Омбы облысы әкімшілік басқармасын да сынап, сол кездегі мемлекеттік тәртіптің әділетсіздігін әшкереледі.
Оның публицистік осы жинақтау әдісі басқа мақалаларынан да кездесіп отырады. «Сот реформасы туралы» деген хат жобасын жасауға тек патша үкіметінің шенеуніктері мен қазақтың үстем тап өкілдерінің қатысқанын, олардың қалың бұқара мүддесін емес, билер мен сұлтандардың мүддесін ғана көздегенін сынайды.
Шоқанның ғылыми мақалалары да терең зерттеуден, түрлі салыстырудан туған. «Қырғыздың ата-тегі» деген мақаласында ол қырғыз халқының шығу тарихы туралы қытай, орыс, ағылшын зерттеушілерінің пікірі мен қырғыз халқының өз аңыздарын салыстыра қарастырады. Сөйтіп, қырғыздар алғашында оңтүстік Сібірді мекендеп, содан кейін ХVII ғасырдың бүгінгі қоныстарына жер ауып келді деген пікірдің жансақтығын дәлелдейді. Біздіңше бұл ғылыми зерттеудің тамаша үлгісі дерлік мақала.
Енді, Шоқанның мақалалары мен ғылыми мақалаларының стильдік, формалық ерекшеліктеріне көңіл бөлейік. Бұлар құрылымы, түрі жағынан қарапайым, тілі жатық, түсінікті. Автор ойын жеңіл жеткізеді. Кей тұстарда нәзік сезімталдық, байқағыштық, философиялық ой-қорытудың элементтері ұштасып отырады.
Қай мақаласын алсаңыз да фактілерді салыстыра қараушылық, жинақылық, ұқыптылық ізін көреміз. Бұлдыр, шұбалаңқы сөйлемдер кездеспейді, екі ұшты талас тудырарлық пікірлер жоқ. Мысалы, дін мәселесі туралы жазған мақалаларында («Қырғыздардағы шамандықтың қалдықтары», «Қазақ даласындағы мұсылмандық туралы») Шоқан материалистік көзқарасты ұстады. Ол айнала қоршап тұрған дүние адам санасына тәуелді емес және ол мәңгілік деп түсінеді.
Ш. Уәлихановтың зерттеушілік таланты мен парасаттылығы, нәзік байқампаздығы мен суреткерлік қабілеттілігі 1856 – 1859 жылдардағы саяхаттарының негізінде жазылған жолсапар очерктерінен ерекше танылады. Бұған көз жеткізу үшін «Қытай империясының батыс өлкесі және Құлжа қаласы» деп аталатын тұңғыш жолсапар очеркіне зер салалық. Оны автор : «1 тамыз 1856 жыл. Қытайдың Бараходжир атты шекаралық бекеті» [1], - деген жолдарымен бастап, екі ел шекарасында тұрғанын, мұның жауапты да қатерлі екенін бірден алға жаяды. Сөйтіп, оқырман назарына өзіне алаңсыз аударып алады.
Шоқан табиғат көріністерін суреттеу арқылы Қытай еңбекшілерінің ауыр тұрмысының естен кетпес типтік картинасын жасаған. Мәселен, «жаз келсе Қытай жұмаққа кіргендей болады; ол жалаңаяқ, жалаңбас жүріп, қалаған жеріне жатып ұйықтап кетеді, бау-бақшаның көлеңкелі саясы түнде түнеп шығар жайлы төсек, бірақ оның есебіне қыста ол қатты азап шегеді. Мұнда орталық Қытайдағыдай емес, Қыс қақап, боран соғып тұрады және сондай қатты борандардан кейін әрқашанда бірталайының тұлымды төбесі қар астынан қылтиып шыға келеді де жаз шыққанша сол күйінде, ашылып қалған мүрделерін Ілеге тастап, немесе, полиция сол жатқан жерлеріне көме салғанша жата береді. Қытай молаларының белгілі бір орны жоқтығы және кез-келген жерден ұшырай беретіндігінің себебі де осыдан» [2], – деп жазады. Бұл Қытай халқы тұрмысының өте ауыр екенін әйгілейтін көрініс. Батыс Қытай провинциясындағы аш-жалаңаш, панасыз, жұмыссыз қара халықтың тұрмыс-тіршілігін дәл бұлай суреттеусіз көзге елестеу қиын. Шоқанның суреткерлік дарыны осындай негізгі мақсатқа шебер қызмет ете алған.
Енді, Батыс Қытай халқының мәдени өмірін суреттеген мына үзіндіге көңіл бөлелік : «Үйлердің алдыңғы жаппалардың астынан сәкі орнатқан, мыңдаған адам сол сәкілердің үстінде түскі асын ішіп отыр. Бірнеше аспазшы қазан маңында шыр айналып, ет қуырып, шай қайнатып, зыр қағып жүр. Не деген кіржімбаз халық десеңізші. Тегештегі суға әуелі бетін жуады, сонан қайтадан сол сумен ауызын шаяды да ішіне қайта төгеді. Сол суға келесі адам тағы да сөйтеді де, үшінші біреуіне жылжытады – сөйтіп, сол жерде отырғындардың бәрі жуынған су қара сырға айналып, Қытай табытын болса да боярлықтай халге жетеді». Автордың орта ғасырлық дәрежедегі артта қалған елдің әлеуметтік-мәдени дәрежесін көзге ұрып тұрған көрініс арқылы суреттеуі соншалық әсерлі де нанымды шыққан.
Егер Шоқан «Қытайлардың мәдениеті төмен еді» деген секілді сөздермен баяндаған болса, онда оның танымдылығы нашарлау болар еді.
Очеркте адамдардың топтама портреттері де жиі кездеседі. Мысалы, Шоқан «Үстіне өрім-өрім шоқпыт киген тараншы, яғни қытай әкімдеріне қызмет етіп, солардың жерін өңдеп, егінін егу үшін осы өлкеге жер аударылып келген диқаншы мұсылман да жаңа ғана сатып алған қарбызын сүйсіне сорып,рахаттанып отыр. Ол өзі негр сияқты қап-қара, ал енді тісі болса інжудей аппақ. Сызықтай түзу бітік көзі көп ұйқыдан ісіп кеткендей боп көрінген манчжур, оңтүстік губерниядан жер аударылып келген қысық көз, қап-қара, тістері ырсиған, үстіне құдды бір жылтыр клеенка тәрізді май-май шолтиған ақ көйлек киген батыр қытай, белін қынай буған, сілеусін бөрікті, қамыт аяқты қалмақ – осылардың бәрі де елестеп өтіп жатты», - дей келіп, «... және осылардың бәрі де шетінен шылым шегіп, қарқылдап күліп, бірімен-бірі амандасып, құттықтап, гу-гу етеді» [3], – деп батыс өлке халқының бейнесін жасайды.
Сөйтіп, Шоқанның публицистикасынан біздің аңғарғанымыз ол – ғалым, тарихшы, этнограф, саяхатшы, тіл маманы, философ, ағартушы, социолог және суреткер. Бұл ерекшеліктерді оның публицистикалық шығармаларын оқыған адамның терең сезінері сөзсіз.
1.2 Оқу, білімге шақырған (Ыбырай Алтынсарин)
Ы. Алтынсариннің публицистикасын ғалым Ә. Дербісалин тақырыбы мен ерекшеліктері жағынан үш топқа (хаттары, этнографиялық мақалалары,газетке жарияланған мақалалары) бөліп қарастырғанды жөн санайды.
Ыбырай да Шоқан тәрізді өз хаттары арқылы қоршаған ортаға деген көзқарасын, оның көкейкесті мәселелерін, туған халқының келешегі туралы ой-арманын білдіріп отырды. Содан да болса керек оның әр хаты көркем шығармадай тартымды, қызықты оқылады, ойыңа – ой, жігеріңе – жігер қосып, сол кезгі қоғам өмірінен терең сыр тартады.
1860 жылдың жазында халық ағарту ісіне ресми жолдама алып, Орынбор бекінісіне келген 19 жасар Ыбырай Н. И. Ильминскийге жазған алғашқы хатында : «Бекініске келген күнімнен бастап, тек қолайсыздықты, оңбағандықты, өтірік-өсекті ғана көрдім» [4], - деп, еңбек жолын жаңа бастаған орта сырын Шоқан тәрізді әрі ерте, әрі дұрыс аңғарғанын танытады.
Ыбырайдың жасынан-ақ айналасындағы адамдарға, әр құбылысқа сын көзбен қарап үйренген, әр нәрсеге өзіндік көзқарасы бар ой иесі екені В. В. Катаринскийге жазған хатындағы : «Тарих сабағын, сірә, Иловскийдің оқулығы бойынша оқытуға тура келер деймін. Бірақ, бұл оқу құралы менің өзіме онша ұнамайды»-деген секілді жолдарынан айқын танылып отырады.
Ыбырай хаттарында оқыту әдістері, татар молдаларының ықпалын әлсірету жолдары, оқытушыларға қамқорлық, мектеп ашу мәселелері кең және үнемі сөз болады. «Мектептің шаруашылық жағдайлары жаман болса, оның ісі еш уақытта оңға баспайды, пайдалы ешнәрсе бермейді, оның оқушылары да, оқытушылары да істен күдер үзіп кетеді. Бұған менің көзім әбден жетті. Мұның үстіне, мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшылық тұрмыстың артықшылығына, мысалы, жылы бөлмелерде тұруға үйретудің өзі қазақ даласында тәрбиелік мәні бар деп білемін» - деген жолдар оның қандай педагог екенін көрсетеді.
Ы. Алтынсариннің «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және ас беру дәстүрінің очеркі», «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрлерінің очеркі» деп аталатын екі этнографиялық мақаласы Ш. Уәлихановтың осы саладағы ісін алға жалғастырған еңбек болды. Ыбырай да Шоқан секілді туған халқын орыс қауымына таныстыруды мақсат тұтып қана қойған жоқ, қазақ қоғамындағы өрескел, төзуге болмас жайларды батыл сынап, оларды өзгерту қажеттігіне назар аудартады. Мысалы, «Орынбор ведомствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрінің очеркінде» ол қазақ әйелінің қараңғылық, надандық, теңсіздік шырмауында өмірге белсенді араласа алмай отырғанын сынады. «Ауқатты қазақтар баласын 11-12 жасында –ақ үйлендіре береді, енді мынадай реттерде, мысалы, біреудің жалғыз баласы болса, сондықтан ол, қазақтарша айтқанда, «баласына келін әперіп, қызығын көргісі келсе», 8-9 жасында үйлендіре салады. Сол сияқты осындай реттерде он жастағы не содан да жас қызды күйеуге бере береді. Онан соң кейде он жасар бала, алды 7-8 жасқа келген балалары бар әйелге де үйленіп қалады» деп қазақ қоғамындағы адамгершілікке жат әрекеттердіің бәрін жою туралы ой қозғайды.
«Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу және оған ас беру дәстүрінің очерктерінде» де әлеуметтік теңсіздік сыры ашылып, өлген адамды жерлеудегі молдалардың арам пиғылы әшкереленеді. «Ас тек ер адамдарға ғана беріледі, ал егер әйелдерге беріле қалса, қонақасыдан басқа жоғарыда айтқанымыздай бәйге, күрес және басқа қызғылықты сән-салтанаттар көрсетілмейді және үйге әйелдің қайтыс болғандығы жөнінде белгілер де қойылмайды». Бұл сол кездегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік теңсіздіктің қандай дәрежеде екенін танытатын фактілер болатын.
1880-1884 жылдары «Оренбургский листок» газетінде Ыбырайдың бес мақаласы жарияланды. Оларды зерттеуші М.Фетисов «сирек кездесетін әдеби оқиға» деп бағалады [5].
Ы. Алтынсарин «Қазақ даласындағы аштық туралы» деген мақаласында патша үкіметінің жергілікті әкімдерінің қазақтарды бірден күшпен отырықшылыққа айналдырып, артық жерлерін тартып алып жатқандықтарын сынап жазса, «Торғай облысындағы Ырғыздан» деген екінші бір мақаласында : «Биылғы қыс та Торғай қазақтары үшін өткен қыстан жеңіл боп өткен жоқ. Аштық пен сүзек тағы да халық арасында кең жайылды. Тіпті, ауқатты, әлді отбасының өзін де сүзек ауруы көп болып, талай адамдар өліп кетті. Мұның немен аяқталарын, алдымызда ненің күтіп тұрғанын кім білсін. Шынымен-ақ, бүтін бір халық осылайша құрып кете ме?» - деп толғанды.
Сондай-ақ «Оренбургский листок» газетінің 1880 жылы 11 мамырдағы санында жарияланған «Торғайдан жолданған корреспонденциясында» Ы. Алтынсарин қазақ кедейлерінің аштыққа ұщыраған ауыр халін, оларды аман сақтап қалу шараларын сөз етті. Ол үшін ауқатты адамдардың аш адамдарға көмектесуі, балық аулауы, жаңа егістің қамына кірісу, жем-шөп, азық қорын мол жасау қажеттігі туралы кеңес берді. Мұндай қамқорлық танытуы, халықты аштықтан аман алып қалу туралы ойлары оның басқа мақалаларына да тән болды.
Осылай орыс басылымдарында қазақша материалдардың аракідік жарияланып тұруы сол кездегі өмір талабынан туындаған көрініс болатын. Бұдан қазақ тілінде газет шығару қажеттігі байқалады. Осыны дер кезінде сезе білген Ы. Алтынсарин 1879 жылы қазақ тілінде газет шығару жөнінде жергілікті патша әкімшілігі орындарына ұсыныс жасап, болашақ газеттің бірінші нөмірінің үлгісін жасады. Онда жариялануға тиісті материалдарды өзі жазып, газетке «Қазақ газеті» деген ат қойды.
Ы. Алтынсарин бастамасын Орынбор генерал-губернаторы Н. А. Кржижановский қолдап, сол жылғы желтоқсанның 11-і күні ішкі істер министрлігіне хат жолдайды. Хатта : «Осы үлгідегідей орыс графикасымен жергілікті халықты ана тілінде газет шығару қазақ арасында сауаттылықты арттырып, халық ағарту ісін жолға қоюда көп пайда келтірер еді. Және үкімет ойлаған шаралардың халыққа тез жетуіне көмектесер еді», - деген сөздер жазылған. Бірақ ішкі істер уәзірлігі қазақ тілінде газет шығаруға рұқсат етпейді. Сөйтіп, ұлы ағартушы Ыбырайдың бастамасы аяқсыз қалады.
Алайда, ол әзірлеген «Қазақ газетінің» үлгісі қандай еді? Сол кездегі оқырман талабына сай ма еді? – деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Газет форматы 45х35 көлеміндегі 8 бетке жоспарланған. Алғашқы 4 бетке қазақша материалдар, соңғы 4 бетке соның орысша аудармасы орналыстырылған. Тақырыбына, мазмұнына қарай материалдар 4 бөлімге топтастырылған.
Бірінші бөлімде облыстық әскери губернатордың елді аралауы, далалықтар арасындағы ұрлықты тоқтату барысындағы қолданған шаралар, жаңадан сайланған болыстарменен наградталған адамдар туралы «Бас әкімдер жағынан шыққан хабарлар» деген бас мақала бар.
Екінші бөлімде «Ел ішіндегі хабарлар» деген айдармен Орынбор айырбас алаңындағы малдың, басқа да бұйымдардың бағасы, елде болған өрт, мал ауруы және ауа-райы туралы хабарлар берілген.
Шетел жаңалықтары үшінші бөлімнен орын алған. Онда Англия мен Ауғаныстан арасындағы қақтығыс, қазақ жеріне жиі-жиі шабуыл жасап, бейбіт елдің берекесін алған түрікмендерді тәртіпке шақыру үшін Әмудария генерал-губернаторының өзі әскермен жолға шыққаны туралы хабарлар бар [6].
Төртінші бөлімнің астыңғы белдеуі «Таңсық әңгімелер» деген айдармен түгелдей Жиренше шешен атына байланысты әңгімелерге арналған.
Бұдан шығар қорытынды : Егер патша үкіметі Ыбырай Алтынсариннің талабын құптаған болса, оның редакторлық, журналистік қызметінің шешек атып, қоғамдық ой-пікірдің дамуына өзіндік үлес қосары сөзсіз еді. Өкінішке орай, ол мүмкін болмай қалды.
1.3 Мыңмен жалғыз алысқан (Абай Құнанбаев)
Шоқан Уәлиханов шығармаларын орыс тілінде, Ыбырай Алтынсарин орыс және қазақ тілінде жазған болса, Абай барлық шығармасын тек қазақ тілінде жазды. Бұл – толғантқан ойларын көшпелі қара халыққа еркін жеткізуді, сөйтіп оны тезірек даму жолына бастауды көздеген ойдан туған шығармалар еді.
Әрине, Абай шығармаларындағы, публицистика дегенде алдымен оның қара сөзі еске түседі. Бірақ, публицистикалық сарын, публицистикалық толғау оның поэзиялық туындыларында да кездесетінін ескермесе болмайды. Бұл, әсіресе ұлы ақынның еңбек тақырыбына арналған өлеңдерінен ерекше аңғарылады.
Бізді түрлі өнерге ие етіп, алға бастап келе жатқан еңбек екені мәлім. Бұл тақырып ешқашан мәнін жойған емес. Абайдың ұлылығы – осы адамзат қоғамының ең негізгі күшінің жасампаз, өскелең рөлін жете танып :
...Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын,
– деп халықты еңбек етуге бар болмысымен үндей білуінде.
...Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,
Қардың суы секілді тез суалар...
– немесе :
Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген,
Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа,
– деп, сол кездегі ащы шындықтың бетін ашатын, асы барға асы жоқ жалынышты, тәуелді екенін айта келіп, оны қалай еткенде өзгертуге болатынын ойлайды. Ол кезде қазақ даласында өнеркәсіп дамымаған, егіншілік әр жерде ғана болған. Жалғыз кәсіп – мал бағу. Мұны Абай жіті аңғарды :
Кедейдің өзі жүрер малды бағып,
Отыруға отын жоқ үзбей жағып.
Тоңған үйін жылытып, тонын илеп,
Шекпен тігер қатыны бүрсең қағып,
– деп, кедейдің күні-түні еңбек етсе де, таптық қоғамда жақсы тұрмыс құра алмайтынын асқан шыншылдықпен суреттеп, не істеу керектігіне ой жүгіртеді.
Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел,
Малың болса сыйламай тұра алмас ел,
немесе
Егіннің ебін,
Сауданың тегін,
Үйреніп ойлан, мал ізде,
– деп ақыл айтады.
Егін салудың, оның шығымды болуының көзі – агрохимияны, ғылымды біл дейді. Төрт-бес қойды сатумен сауда өнерін меңгере алмайсың, ол үшін оның тілін, мәдениетін игер дейді. Ол үшін оқу керегін айтады. Бірақ қазақта ондай мектеп жоқ болды. Ұлы ақын «Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел» дегенде де саудамен айналысатын басқа халықтардың арасына барып, солардан үйрен дегенді меңзейді. Ал орысша оқып, елді қанаудың әдісін ғана үйренген пысықтарды :
Ойында жоқ бірінің,
Салтыков пен Толстой.
Иә тілмәш, иә адвокат,
Болсам деген бәрінде ой,
– деп өлтіре сынады.
Ұлы ақын сықақ өлеңдерінде надандық пен өсекшілдік, парақорлық пен жатыпішерлік, арамтамақтық жолына түскен болыс, билер мен байларды, патша шенеуніктерін аяусыз әшкерелейді. Осы сыншыл реализм Абайдың қара сөздерінде де мол ұшырасады.
Қара сөздерінде Абай қазақ халқының XIX ғасырдың соңғы он жылы ішіндегі ең толғақты қоғамдық –саяси мәселеріне зер салып, оның шешімін іздейді. Ондағы мақсатын былай білдіреді; «Ақыры ойладым; осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған бел байладым».
Абайдың мұндай шешімге келуі, өткір қаруды өзіне серік етуі – күрестің жаңа, оңтайлы жолын тапқанын білдіреді. Бұл да елден ерекшелігін, тапқырлығын танытады.
Қара сөздерінде Абай жұртты ойланып-толғантып қана қоймайды, намысына тие ашындырып, жігерін жани түседі. Мысалы, екінші сөзінде көршілес өзбек, тәжік, татар халықтарының қазақ халқын салыстырып, түкке икемсіз, жалқау, артта қалған ел екенімізді уытты әжуаға толы мысалдармен дәлелдейді. «Ауылды көрсе тұра шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп орысқа да күлетінін жаза келіп «Орысқа айтар сөз де жоқ, біз құлы, күні құрлы да жоқпыз. Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз қайда?» [7], - деп сықақтай мінеп, еріксіз ойға қалдырады.
Бесінші сөзінде : «Түстік өмірің болса– күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті жарық, малсыздың беті шарық» деген сияқты мақалдарды келтіре отырып, қазақтың бар қайғысы – мал екеніне қынжылады. «Қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бермесе онымен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен» дей келіп, «іздеген еліміз сол ма?» деп түңілгендей болады. Мұны сол кезгі патша үкіметі отарлау саясатының езгісіндегі және таптық қанаудағы қазақ қоғамына ашу-ыза, наразылық деп қана ұқпай, халық санасын оятуды көздеген жанашыр жанның үні деп ұғамыз.
Осы мысалдардың өзінен-ақ Абайдың қоғамдағы саяси көзқарасының қандай болғанын білу қиын емес. Ол туған халқының қулық-сұмдық, тіленшектік, өтірік-өсек, жалақорлықтан, жағымпаз, жалқаулықтан арылып, мәдениетті де әділетті, еңбеккер де бауырмал болуын қалады, сол үшін күресті.
Абайдың психологиялық көзқарастарын танытатын да материал мол. Әсіресе, ұлы ақынның қара сөздерін қайталап оқыған сайын оның адам жанының нәзік білгірі болғанына көз жеткіземіз.
Жетінші сөзіне зер салалық. Мұнда жас баланың анасынан туғанда екі түрлі мінезбен туатынын, біреуі – ішсем, жесем дейтінін, онысы тәнқұмарлығы екенін, екіншісі – білуге құштар келетінін, онысы жанқұмарлығы екенін әңгімелеген тұстар нағыз психолог екенінен хабар береді. «Ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «Ол немене?», «Бұл немене?», деп «Ол неге үйтеді?», «Бұл неге бүйтеді?» деп көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары» дей келіп есейгенде қазақтардың одан айырылып, қалу себебін қарастырып : Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғысса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық деп қынжылады.
Тоғызыншы сөзінде : «Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә, әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңіл тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді.
Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса мұнысы бар ғой деп көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ» деп өз психологиясынан да хабар береді. «Сыртым сау болса да ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлгенім емес, бәрі де әлде кімдікі». Бұл әділетсіздік, таптық қоғамдағы ойлы адамның қайғылы жан дүниесі емес пе?
Абай Құнанбаев публицистикасының ерекшеліктері дегенде мына жайларға көңіл бөлмесе болмайды :
1) Абай – ойшыл, философ, психолог, педагог, суреткер, ғалым. Бұл жағынан оның Шоқан, Ыбыраймен туысатыны сөзсіз. Әйтсе де олардан өзгешелігі, Абай публицистикасында психологиялық, аналитикалық талдау басым;
2) Абайдың қара сөздерінің әрқайсысы кішігірім ғылыми еңбекке ұқсайды. Олардан сыншылдық, зерттеушілік ерекшелік терең танылады;
3) Абай сөйлемдері қысқа, түсінікті;
4) Шоқан, Ыбырай тәрізді Абай да қазақ қоғамына сын көзбен қарады. Бірақ олар байқамаған, назар аудармаған кемшіліктерді терең танып, әшкереледі. Бұл әсіресе, «қалауын тапса қар жанар», «сұрауын тапса адам баласының бермейтіні жоқ», «атың шықпаса жер өрте», «жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол», «алтын көрсе періште жолдан шығады», «ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» (29-шы сөз) деген секілді мақалдарды сынаған және қазақ халқы мінезінен жақсы қасиет таба алмай қиналған сәттерінен байқалады;
5) Абай араб сөзін жиі, кейде орыс сөзін де пайдаланды. Мысалы, «біреуі орысша подвижной элемент деп аталады», «біреуін орысша сила притягательная однородного», үшіншісі, орысша «впечатлительность сердца» дейді «43-ші сөзінде». Бұдан ұлы ақынның араб, орыс әдебиетінен ғана емес, ғылымымен де терең таныс болғанын байқаймыз.
Қорыта айтқанда орыстың, басқа да халықтардың революцияшыл – демократияшыл публицистикаларынан үлгі алған Шоқан, Ыбырай, Абай феодалдық – патриархалдық артта қалушылыққа, оның кедергі кесапат-кеселіне, еңбекші бұқараны қанаушыларға және керітартпа ағымға қарсы күресті.
Сөйтіп, қоғамдық ғылыми ой-пікірдің, халқымыздың жазба әдебиеті мен әдеби тілінің және демократиялық-ағартушылық публицистикамыздың, баспасөзіміздің негізін салды.
Достарыңызбен бөлісу: |