1.21 Бар өмірі күреспен өткен (Халел Досмұхамедов)
Бар өмірі күреспен өткен, Қазан төңкерісіне дейін –ақ аз қазақтың ішінде шоқтығы биік тұрған тұлғаның бірі - Халел Досмұхамедов болатын. Ел басына төнген зұлмат-қуғын-сүргін дәуірінде қазақтың ғұмыры шорт кесілген зиялы азаматтың есімі мен соңында қалдырған мол рухани мұрасы ұзақ уақыт бойы тұтқындалып, қараңғы үйде құлыпталып келеді. Ал бүгінгі таңда ақталып, арамызға қайтып оралған Х. Досмұхамедовтың көзі тірісінде жарық көрген ақырғы кітабынан (Жануарлар 1928 жыл) соң, алпыс жылдан астам уақыт дегенде тіл мен әдебиетімізге қатысты жазған еңбектерінің негізгілерін жинақтап басуға мүмкіндік туды.
Х. Досмұхамедов 1883 жылы қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауылында дүниеге келген. Зерек баланы жастайынан – ақ білім бұлағымен сусындап, талаптануына өскен ортасы тікелей ықпалын тигізген. Халелдің әжесінің ағасы Дәулетүмбет Машақұлы (1848-1907) оқыған, көзі ашық азамат болған. Досмұхамет білікті ағаның ықпалымен ауылдағы молдалардан хат таныған өз баласын жергілікті орыс-қазақ мектебіне оқуға береді. Халел осы мектепті бітірген соң, Теке (Орал) қаласындағы реалдық училещеге оқуға түседі. Оны үздік бітіріп, Санк-Петербургтегі әскери-медициналық академиясының сынағынан сүрінбей өтеді. Академия қабырғасындағы алты жылды (1903-1907) ізденумен өткізген ол ғылымға шындап ден қойған тұсында Ресейді дүр сілкіндірген ірі оқиға 1905-1907 жылғы төңкеріс болды. Оны өз көзімен көру, болашақ қайраткердің идеялық жағынан қалыптасуына зор әсерін тигізді.
Қорғансыз елінің теңсіздігі үшін бастарын қауып-қатерге тігіп, бес облыстан жиылған қазақтың зиялы ұлдары 1905 жылы Орал қаласында конституциялық демократиялық саяси партия тұрғанда араларында студент Халел де бар еді, көп ұзамай патша тыңшыларының қатар – қатар басқаруына алынған Халелдің де басқа жолдастары сияқты ізін жасырып, астыртын қимылға кіріспеске амалы қалмайды.
Аталған партияның түзген жоба бағдарламасындағы көзге түсетін негізгі баптың бірі Қазақ жерінің патша үкіметінің аяусыз тонап отырғаны жөнінде, енді қазақ жерін жөн-жосықсыз талан-таражыға салуға қазынаға қарайды деген сылтаумен тартып алуға тыйым салынудың кезек күттірмейтін мәселе екендігі баса айтылды.
1909 жылы Халел Досмұхамедов әскери – медициналық академияны алтын медалмен бітіріп, әуелі Перм губерниясында содан соң 2-ші Орал казак-орыс атқыштар баталонына әскери кіші дәрігер болып тағайындалады. Әскери борышын өтей жүріп, Халел туған халқының дәрігерлік көмекке мұқтаждығын көзімен көреді.
1913 жылдан бастап әскери қызметтен босап, темір уезіне бөлімшелік дәрігер болып орналасқан Халел қолына қалам алып, баспасөзге араласты. Ол осы кезден бастап, Орал, Пікір, Қазақ газеттерінде үзбей мақалалар жазып тұрды.
Халқының рухани жан саулығы мен тән саулығының шипагері бола білген Халелдің 1916 жыл дүрбеленді, Ақпан мен Қазан төңкерістері тұсындағы атқарған қоғамдық саяси қызметтері ұстаған саяси идеялық бағыт-бағдарларын аңғаратындай құжаттар мен дәйектемелердің аздығы мұны тереңірек зерттей түсуді талап етеді, бұл кезең туралы білетініміз 1917 Орынбор қаласында жалпы Қазақ-Қырғыз сьезінің болғандығы, желтоқсаның 5-13 аралығында өткен құрылтайға Халел арнайы шақырылды. Онда 10 түрлі мәселе қарастырылып қазақ-қырғыз өлкелік автономия құрылып, Алашорда үкіметі деп жарияланды. Саяси алмағайып, аумалы-төкпелі заманда жалпақ қазақтың сорына қазақ зиялыларының өзі үшке бөлініп үш жаққа тартты Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов Семейде Халел мен Жанша Досмұхамедовтер Оралда Батыс Қазақстан Алашордасын құрса, ал М. Тынышбаев пен М. Шоқай Жетісу автономиясы тізгінін қатар ұстауға тырысты.
1918 жылы Жанша, Халел Москвада В. И. Ленинмен ұлт мәселесі жөнінде халық комисары И. В. Сталиннің қабылдауында болып, екінші жалпы қазақ-қырғыз құрылтайының шешіміне орай автономия құруға байланысты пікір алысады. Бұл тарихи оқиғаға байланысты дерек 1927 жылдан бастап шыққан Алашорда туралы жазылған еңбектерде буржуазиялық- ұлтшыл Алашорда үкіметінің өкілдері Халел және Жанша Досмұхамедовтер Қазақстанға буржуазиялық негізде автаномия беруді талап етті деп айтылып келді. Осы саяси мәні бар ресми сұхбатқа тарихшылар тарапынан әділ баға беріліп, жазбаша әлі күнге шейін жарияланбай отыр. Бұл қазір жариялылық заманында қазақ ленин косамолы тарихында орыны үңірейген ақтандақ беті [136].
Алашорда таратылғаннан кейін басқа да қазақ зиялылары тәрізді Халел Досмұхамедов жаңа үкіметтің жұмысына тартылды. Ол 1920 жылдан бастап Ташкенттегі халық ағарту иниституында оқытушы болып қызметке тұрды [137].
Оған қосымша орта Азия университеті медицина факултетінің ауруханасында ординатор қызметін қатар атқарды.
Қазан төңкерісінен кейін Ташкент қаласы Түркістан автономиялы республикасының орталығы болғаны белгілі. Мұндағы партия кеңес басқару орындарында, мәдениет ошақтарында бір шоғыр қазақ зиялылары еңбек етті. Солардың арасында Халелдің алатын орны ерекше. 1923 жылы Ташкентте қазақ-қырғыз халқына мәдениет жарлығы шешуді мақсат еткен «Талап» қоғамы құрылды оның толық мүшелері болып, Халелмен бірге професор А. Шмид, Ә. Диваев, К. Халенов, М. Жұмабаев, Д. Архангельскийлер сайланды. Егер қоғамның бағдарламасына көз салсақ, ол ауқымды, үлкен істерді, әрі кезек күттірмейтін халық үшін ең зәру міндеттерді атқаруды мойнына алғанын аңғару қиын емес.
Х. Досмұхамедұлы 1924 жылы Россия академиясының орталық өлке тану бюросының мүше-кореспонденті болып сайланады. Ол 1926 жылдан бастап проректор болып қызмет атқарған Қазақ педогогика иниституты халқымыздың ең алғашқы шаңырақ көтерген жоғарғы оқу орны еді. Сол кезде бұл иниститутты университетке айналдыруға дайындық жүргізіліп жатты. Алайда ұлттық университет ашу мәселесі көтеген қарсылықтарға тап болды.
1929 жылы қазан айында Ташкенттегі мединиституттың негізінде Алматы қаласында қазақ мемлекеттік университетін ашуға мүмкіндік туды. Халел осы оқу орнын ұйымдастыруға белсене араласады. Оның бірінші проректоры болып тағайындалады 1927 жылы доцент 1929 жылы профессор атағы берілді. Педагогтық қызметімен бірге қазақ АССР халық денсаулығын сақтау комитетінде жоспарлау – ұйымдастыру басқармасының меңгерушісі қызметін қоса атқарады. Сондай-ақ ол өзінің педогогикалық ағарту жұмыстарын қазақ тіліндегі оқулықтар шығару ісімен шебер ұштастыра білді. Ол «Табиғат тану» (1922) «Оқушылардың саулығын сақтау» (1925) «Адамның тән тірлігі» (1927) «Сүйектер туралы» (1928 жылғы) еңбектердің авторы.
Халелдің қаламы жүйрік журналист болғанын қазақ тілінде шығып тұрған «Шолпан», «Ақжол», «Еңбекші қазақ», «Сәуле» сияқты газет-журнал беттерінде жарияланған мақалаларынан көруге болады. Ол мақалаларында негізінен тіл, халық ағарту, тарих, дәрігерлік емшіліктің қыр-сыры мол түрлі мәселелері жөнінде қалам тербейді. Ол қазақ қырғыз білім комисиясы жанынан «Сана» журналын шығарып, оған редакторлық етті.
Халел еңбектерінің бірі жоғары тіл мен әдебиет тану саласы зерделі азаматтық негізгі мамандығы дәрігер бола тұра бұл салада тер төгуі уақыт талабынан туған қажеттілік еді. Мұндай әмбебаптық сол кездегі қазақ зиялыларының барлығына тән ортақ қасиет. Ол «Шолпан» журналының 1923 жылғы 67 санында жарияланған «Диюани лұғат ат түрік» атты мақаласында туған халқын әдеби, тілдік жағынан аса құнды көне жәдігермен таныстыруды ойға алды.
Терминалогия, алфавит, емле қалпындағы талас мәселелерге ғалым өз пікірін білдіріп баспасөз бетінде үн қатады. 1923 жылы осы «Шолпан» журналының бірнеше санында жарияланған зерттеу мақалаларының негізінде 1924 жылы Ташкенттен «Қазақ-қырғыз сингорманизм заңы» деген атпен жеке кітап бастырып шығарды [137].
Сондай-ақ, Батыс Қазақстанның әсіресе Орал аймағындағы ауыз-әдебиетінің үлгілерін жазып алумен ертеден шұғылдана бастаған. Ташкент қаласында шығып тұрған мерзімді қазақ баспасөзі беттерінен ол жыйнаған халық әдебиетінің түрлерін кездестіруге болады. Өзі жинаған материялдар негізінде «Мұрат ақын сөздері» 1924, «Аламан» 1926, «Исатай-Махамбет» 1925 жылы кітаптарының алғы сөзі мен түсініктерін жазып, бастырып шығарды. Мұның алдында оның «Қазақ батырлары, Исатай-Махамбет» атты шағын мақаласы (1924 жылы) «Сәуле» журналының бетінде жарияланған.
Ғалымның зерттеушілік қабілетін басқа қырынан ашатын «Шернияз шешен» 1925 жылы, «Бұқарадағы Көгілтөш медіресесін ашу туралы» 1927, Самарқан қаласындағы Тілләхани мен Ширдар медіреселерін салғызған «Жалаңтөс батыр шежіресі» 1928 жылы мақалаларын атап айтуға болады. Осы еңбектерінде фольклорлық аңыздармен, тарихи этнографиялық деректерді шиеленестіре қарап халқымыздың көне тарихын зерттеуде өзінше жол салады. Халелдің Ташкентте өткен 1920-1928 өмірі творчествалық жылдары. Ол профессор Поливановпен бірге «Сұлтан Кенесары тарихына қосымша» материялдар кітапшасына (1923) және «Қыз Жібек» (1923) «Кеңесары-Наурызбай» (1923) кітапттарына редакторлық етті. Халелдің фольклер тану саласындағы еңбектерінің ішінде оқшау тұратыны «Қазақ халық әдебиеті» 1928 жылы. Мұнда ол ауыз әдебиетінің түрлерін жіктеуді мақсат етті. Ұзақ уақыт белгілі себептермен ғылыми айналымға түспеген аталған еңбектің өз кезеңі тұрғысынан бағалы ғана емес, әлі фольклеристер үшін басшылыққа алатын тұстары баршылық [138]. Ол «Сана» журналының бір санында (1924, нөмір 2-3) аруақтармен айтысу атты ауыз әдебиетінің сирек кездесетін үлгісін жарияласа, кейін айтыстың осы бір ең ежелгі түрінің шығу тегі, генезисі халқында өз болжамын білдіруі де қызықты.
Халел 1939 жылы әскери трибуналдың үкімімен атылады. Оның ісі тек қана 1958 жылдың 28 ақпанында Қазақ КСР Жоғарғы сотының қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып ақталды.
1.22 Елі үшін құрбан болған (Халел Ғаббасов)
Алаш қозғалысы 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Қазақстанда орын алған әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени өзгерістердің нәтижесінде дүниеге келді. Бұл қозғалыстың өзегі, ортаның элементі өзінің бастау көздерін 1905-1907 жылдардағы бірінші орыс революциясы әкелген өзгерістерден алған, ол саяси ұйым ретінде 1917 жылғы жазда құралған тұңғыш жалпы ұлттық Алаш партиясын құру үшін ұлттық-демократиялық қазақ интелегенциясының жұрт таныған жетекшілері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқайұлы, Міржақып Дулатовтармен бірге Халел Ғаббасов секілді тағы басқа ондаған қайраткерлер 1905-1917 жылдар аралығында қажырлы еңбек етті.
«Алаш» партиясы негізінен әлеуметтік табиғаты жөнінен әр текті ұлттық-демократиялық қазақ интелегенциясының саяси ұйымы болды. «Алаш» партиясы деген атпен танылған ұлттық-демократиялық қазақ зиялыларының өтпелі кезеңіндегі саяси ұйымы халық санасының қозғаушы күші міндетін жалпы алғанда заман талабына сай адал атқарды. 1905 – 1907 жылдан бастап осы партияны ұйымдастыру ісінің басы-қасында болған қайраткерлер 1905-1907 жылдардағы ұлттық либералдық көзқарастан, «кадетшілдіктен» 1917 жылғы ұлттық-демократиялық кадеттерге де, Россиядағы басқада саяси партияларға сыни көзбен қарайтын эволюция жолынан өтті.
1917 жылы қазақ комитеттері өлкенің барлық облыс орталықтарында және жекелеген үздік қалаларда құрыла бастағанда Халел Ғаббасов Семей облысының атқару камитетіне мүше болды. 1917 жылы сәуір-мамыр айларында өткен облыстың және үздік қазақ сьездерінде Х. Ғаббасов жетекшілік еткен Семей облыстық қазақ сьезінде әлеуметтік-саяси мәселелер сөзге тиек етілді. Осы сьездегі Н. Құлжановтың қазақ қауымдастығы әйелдер тағдыры жөніндегі ой-толғамдары тың дамуға күшті әсер етті.Бұл сьезге 200 жүзге жуық делегат қатысты, Х. Ғаббасов делегаттар сьезінің төралқасының мүшесі болып сайланды.
1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен бүкіл қазақтық сьезд құрылтай жиналысында депутаттыққа кандидаттыққа ұсынылған 18 адамның ішіндегі Х. Ғаббасов та бар еді. Осы жолы жаңадан құрылған партия «Алаш» деген атқа ие болады. Әлихан Бөкейханов,А.Байтұрсынов сияқты қазақтың либералды-демократиялық интелегенциясының көсемдері басқарған Алаш партиясының құрамына қазақтың ғылыми және шығармашылық зиялыларының белгілі өкілдерінің бірі ретінде Х. Ғаббасов та кіреді.
1905-1906 жылдары саяси қызметке араласа бастаған Х. Ғаббасов, Мәскеу университетіне түскенге дейін Семей гимназиясында білім алып жүріп, гимназияда Бичевин деген кісі ұйымдастырған революциялық үйірмеге қатысқанын, гимназистерге 1905 жылғы оқиғалардың үлкен әсері болғандығын, оның ықпалымен алдымен Бекметов, соңынан Қозыбағаров басқарған қазақ жастарының да үйірмесі құрылып, оның жұмысыеа Омбыдан саяси қызметті үшін қуылған Жақып Ақбаевтың да араласқанын, үйірме мүшелері халық арасына «саяси әдебиеттер және қазақтарды отырған жерін өз еркімен бермеуге,елінің мүддесін сатқан болыстармен» күресуге шақырған үндеу таратқандарын жазады. Үкімет 1907 жылғы 3 маусым күні шығарған заңмен думаны (2 мемлекеттік) таратып жібереді. 20 ғасырдың 10-шы жылдарының басында Мәскеу университетінде оқыған Х. Ғаббасов Әлихан Бөкейхановтың тапсыруы бойынша Москва және Петербург оқу орындарындағы қазақ студентерінің «3 маусым заңының» қазақ елі үшін әділетсіз заң екендігін дәлелдеп, үкіметке сұрау түсіру үшін түрлі материялдар жинағанын айтады.
1917 жылдың 8-16 қазанында Томбы қаласында Сібір автономиясын құру шараларын талқылаған жалпы Сібір сьезі болып өтті. Сьезд Сібір кеңесін сайлап, оның құрамына облыстардан Х. Ғаббасов, Е. Итбаев, С. Досжанов ал жалпы қазақ жұртының атынан Ә. Бөкейханов, М. Тынышбаев енеді. Жалпы қазақ сьезі «Алаш облыстарын бүлікшіліктен қорғау мақсатымен уақытша «Ұлт кеңесін» құрып,оның атын «Алашорда» болсын дейді», жаңа құрылған үкіметтің құрамына - Х. Ғаббасов енеді.
Орынбор қаласында 1917 жылы желтоқсанның 5-13 күндері өткен екінші жалпы қазақ-қырғыз сьезінде күн тәртібіндегі маңызды проблеммалар бойынша Ә. Бөкейханов, Х. Ғаббасовтар баяндама жасап, жарыс сөздерге белсенді түрде араласты.
Сьезд қазақ автономиясы мен милиция туралы Х. Ғаббасов жасаған баяндаманы тыңдап,осы мәселе бойынша саяси мәні терең қаулы қабылдайды. Бұл жөнінде «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы қаңтардың 25 күні 29-санында жарияланған «Жалпы қазақ-қырғыз сьезінің қаулысы» атты құжатта былай дейді.
«Автономия туралы Халелдің баяндамасын тексеріп сьезд бір ауыздан қаулы «қылады :
1) Бөкей елі, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Самарқант облыстарындағы қазақ уездері, Закаспий облысындағы және Алтай губерниясыдағы іргелес болыстардың жері-өз алдына ұлттың жері, автономия болсын;
2) Қазақ-қырғыз автономиясы «Алаш» деп аталсын;
3) Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі – суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын;
4) Қазақ-қырғыз арасындағы тұрған аз халықтың құқықтары теңгерілсін;
5) Алаш облыстарын бүлікшіліктен қорғау мақсатымен уақытша ұлттық кеңес құрылсын. Мұның аты «Алашорда» болсын.
«Сарыарқа» газетінің жоғарыда аталған сынында жариялаған Х. Ғаббасовтың «Алаш автономиясы» атты мақаласында; «Қазақ-қырғыз үкіметі «Алашорда» Алаш қаласына келіп автономиясын жариялағаннан кейін, қазақ-қырғыз балалары бағынған үкіметіміз осы деп сеніп, ант беріп, басқа үкіметті танымай, өз үкіметінің әмірін екі қылмай орындау керек», - деп баса көрсетті.
Алашорда атынан РСФСР-дің ұлт істері жөніндегі халық комиссары И. Сталинмен Семейден тура телеграф сымы арқылы келіссөз жүргізген Халел Ғаббасов 1929 жылғы қарашаның 10-да ОГПУ-дің тергеушісіне берген жауабында былай деп мәлімдейді; «Келіссөздерде мен Совет үкіметінің декларатциясының (әңгіме 1917 жылдың қараша айының 2-де Совет үкіметі жариялаған «Россия халықтары праволарының декларатциясы» туралы болып отыр) идеяларын сәйкес қазақ халқының өзін-өзі билеу құқығының кедергісіз жүзеге асырылыуын, талап еттім. Барлығы есімде жоқ, дегенменде мен 14 тармақтан тұратын талаптар қойдым. Олардың жадында қалған негізгілері; таралған қазақ мекемелерін қалпына келтіру,Совет үкіметі жағдайындағы ұлттың автономияны құру, қазақ халқының тұтқынға алынған қайраткерлерін босату». Сталиннің жауабынның мазмұны Алашорда Совет үкіметін мойындағанда ғана Қазақстанда құрылтай сьезін шақыруға әрекеттер жасалады дегенге сайды...
Біз Сталинға телеграф арқылы Совет үкіметін мойындайтынымызды мәлімдеп, сол кезде Москвада жүрген Досмұхамедовтерге ортаның үкімет алдында біздің мүдделерімізді қорғауды тапсырдық. Сталинмен сөйлесіп болғаннан кейін телеграф сымына облыссоветтің төрағасы Шугаев шақырылды, бірақ олардың не туралы сөйлескенін білмеймін. Осы сөйлесуден кейін Шугаевтың бізге деген көзқарасы өзгерді, тіпті тұтқындағылардың кейбірі босатылды». Бұдан кейін Х.Ғаббасов Семей облысының Совет атқару комитетінің мүшелігіне өтеді.
Х. Ғаббасұлы 1917-1918 жылдары Семей қаласында шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің шығарушысы болған. «Сарыарқа» газетінде ел,жер,халық қамын ойлаған Ә. Бөкейханов, Х. Ғаббасұлы, Ж. Аймауытұлы, Т. Құнанбайұлы, М. Тұрғанбайұлы сияқты арыстардың жүрек жарды еңбектері жарияланып тұрған. «Сарыарқа» партия,ел қамы, ұлттардың қатынас мәселелерімен қатар, одан да ауқымды тақырыптар, мәселен мемлекет күйі де сөз болған. Онда авторлар оқырмандарды ақпан төңкерісінен кейінгі саяси оқиғалармен таныстырып, мемлекет басында күнделікті болып жатқан өзгерістерден хабардар етіп отырған. Әсіресе, бұл орайда газет редакторы Х. Ғаббасұлының жазғандары өткір де шыншыл материялдар болып есептеледі. Оның бір ғана Ресейде болып өткен қазан төңкерісінен іле-шала жазып, «Сарыарқада» жарияланған «Мемлекет күйі» деп аталатын тарихи, ғылыми публицистикалық еңбегінен күні бүгінге дейін «ақтаңдақтар» қатарына жатқызылып келген көптеген жайларды ұғынуға болады. Соның бірі –большевиктердің үкімет басына келу туралы.
«300 жылдан аса Романов тұқымының бағынуында жүрген Россия жұртының көксегенде көрген бостандығын большевиктер бүгін «қара күшке» сеніп,басқа теуіп отыр. Кеше жұрт бостандығы үшін крепста тәні шіріген, каторгыда айдалып, басқа мемлекет ішінде қашып, табаны тесілген аты шулы сабаздар Плеханов, Кропаткин, Брешко-Брешковскаялар бүгін сыртқа тебіліп, «бостандыққа қас» дұшпан аталып отыр.Кеше Николай заманында саясат майданында өзі түгіл ізі жоқ, бостандық таңымен «мартта туған арамзалар» -большевиктер шоқпар, найза, мылтыққа сүйеніп, мемлекет көшінің алдында хәкімшілдікті қолына алып отыр».
«Сократ хәкімге у ішкізіп, Иван Густы отқа өртеген, Ғайса Ғалайс-саламды дарға асқан, Пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген-ол кім?» Ол-көп; ендеше көпте ақыл жоқ; ебін тапта жөнге сал»-деген Абай. Сол қара надан көпшілік найза, шоқпарын қолына алып,жұрт құрылтайына үш-ақ жұмыс күні қалғанда, жұрт бостандығын кескілей бастады»-деп шешуі қиын мәселені алға тартады.
Екіншіден, мақала авторының кеңес үкіметінің қазына-мүлік, жер-су жұртқа қылдай бөлініп берілсін деген ұраны туралы; «Большевиктер көсемі Лениннің екі әмірі жер,су, өлі құрал мен тірі құрал жер комитеттері арқылы еңбек қуған жұрттарға бөлініп берілсін деген». Бұл үстіміздегі заманда өмір жүзіне орын таба алмайтын, әдемі ғана құр сөз. Жұрт бірімен-бірі пышақтасар,бірақ бәрін ортаға салып,жөншілікпен бөлісіп,алыспас;түптің-түбінде бұл іске асса асар, бірақ осы күнде емес; Жер –судың әділдікпен жұртқа бөлініп беру жағын бізде көздейміз, һәм осы пірге қызмет қылмақпыз. Россияның неше жүз жылдардан бері бір көрген бостандығы биылғы 25 февральдан бері болса, ол бостандық осы күнгі большевиктердің найзасында ілулі болса,біз қайтып ілгерілемекпіз?!» - деген ойын да қазіргідей заманда құптамасқа болмайды.
1.23 Ұлы суреткердің алғашқы қадамы (Мұхтар Әуезов)
Мұхтар Әуезов- творчествосы ұлттық шеңберден шарықтап көтеріліп, әлемдік мәдениеттің қымбат қазынасына толымды қор болып қосылған ұлы суреткер. Сондықтан бүгінгі таңда жекелеген байсалды еңбектерге қарағанда, оның мұрасы әлі ұзақ уақыт жан-жақты, сан алуан, әр бағыттағы зерттеулердің обьектісі болуы қажет. Табысына таңдай қағып, танысына бас шайқау- әдебиет танудың марқайған кезіне жараспайтын мінез.Қазақ әсемдік атты тарихында ерекше құбылыс - М.Әуезов туындылары идеялық - көркемдік, образдық, жанрлық ретпен де, ізденіс өрістері қаламгерлік эволюция тұрғысынан да ақтара қарап, саралауды талап етеді.
Қазірде Әуезовтың ауызға алынбай, аз зерттеліп жүрген бір талай еңбектері бар. Олар жас Мұхтардың қаламгерлік жолыдағы алғашқы публицистикалық шығармалары.
Ең алғаш баспасөзде жарияланған көлемді еңбегінің бірі- «Адамдық негізі-әйел» (1917) деген мақаласынан жиырмадағы баланың, жігіт Мұхтардың ой-өрісінің кеңдігі, білім дәрежесінің молдығы, қалыптаса бастаған азаматтың парасатының шамасы жақсы аңғарылады. Мақала арқауы-өмірдің жеке бір ғана фактысы емес, қиын-қыртыс түйін-әйел бостандығы тақырыбы.
Әуезовтың публицистік алғырлығы әйел теңсіздігін жалғыз қалың мал қырсығынан іздемеуден көрініп отыр. Ол бала тәрбиесіндегі ананың, от басының орынын айтып, бұған әйел теңсіздігінің жасар қыр-сырын ашып,жас талант көзі көріп жиренген әділетсіздікке қарсы ашына үкім айтады.
Мақалада Абай поэзиясының, әсіресе Абай қара сөздері әсерінің іздері сайрап жатыр.Жас қаламгер бірде Абайдың «Әкесінің баласы-адамның дұшпаны-адамның баласы бауырың» деген даналығын мысалға келтіре отырып, сөз сабақтайды. М. Әуезовтың «Адамдық негізі-әйел» мақаласына қазақ публицистикасының мәнді туындысының бірі болып есептеледі.
Творчестволық сапардың алғашқы кезінде М. Әуезов қаламынан туған мақалаларды түгел қамтып, топтай сөйлегенде, оларда қозғалатын негізгі мәселелерді мынадй салаларға бөлуге болады; Әйел теңдігі жайлы, оқу-ағарту,мәдениет ісі, интелегенция туралы, ғылым негіздері, саясат, халықаралық тақырып, газет жөніндегі, әдебиет мәселесі.
Мысалы, «Оқудағы құрбыларыма» (1917) атты мақаласында Мұхтар өз тетелестеріне мынадай сауал тастайды. Оқыған жастар халық үшін қандай қызмет жасауы керек? Қазақ интелегенті ұшталар кемер, барар жайлау қайсысы?
Мақалада Әуезов интелегенттер бойындағы кемшіліктерді сынап, оқығандарды ауыз бірлікке шақырады, адалдық,табандылық,білімділік сияқты қасиеттерді үлгі етеді. Семей қаласында 1918-1919 жылдары шыққан «Абай» журналында М. Әуезовтың бір талай мақалалары жарияланады.
Журналдың тұңғыш санында басылған «Ғылым» атты мақаласында Әуезов адам баласының ұзақ сапар тарихынан көптеген мысалдар келтіріп, ғылымның қалай пайда болғанын сөз етеді. Тәжірибеден, өмірлік қажеттіліктен туғанын нанымды дәлелдейді.
Рухани тірлік үшін ғылым атқарар қызметті айрықша дәріптеп; «Шын ғылым жолына түссе, шын көздеген мақсаты, адамдық, азаттық болар еді»- деді. Бұл мақала леитомотивті де адамшылық, ағартушылық. Білімнің жетістіктерін санай келіп, публицист мақаласын; «Мұншама тапқан көркем ақыл, көсем ғылым, осы араға келіп тоқтап қалмай, адамшылықтың иман жүзді жарық күннің астына апарып, бар адам баласын бұрынғы қаскүнемдік, қанішер, жауыздығын тастатып, бір сүйіспеншілік, бір туысқандық жүрекпен табыстырса керек деп білемін», - деген бауырмашылық ойлармен аяқтайды.
«Қайсысын қолданамыз?» (1917), «Ғылым тілі» (1918), «Оқу ісі» (1917), мақалалары - қазақ тілінде оқулықтар шығару туралы «Қайсысын қолданамыз?» мақаласы педогогиканың жанды тармағы – оқулықтар мәселесін сол уақыттың өзінде өте дұрыс көтерген құнды еңбек «Қазаққа келсек, мектепке арналған ретті бір кітап жоқ, «- деп күйзелген автор кедергінің түп төркіні- терминдердің жөнге түспеуінде, мектептердегі бір ізділіктің жоқтығында деп біледі. Бір нұсқалы оқу құралдарын жасау керек дейді Әуезов. Бұл ойлар «Ғылым тілі» мақаласында одан әрі таратылып, толықтырылып, тереңдей түседі, термин мәселесі айрықша сөз болып, автор өз байланысын ұсынады.
М. Әуезов бұл жерде «Түрікшілдікке» қарсы шығып отыр. Терминдер жасауды ең алдымен ана тілінің байырғы мүмкіндіктерін сарқа пайдалануды, қажет болғанда ғана басқа тілдерден жаңа сөздер, жаңа ұғымдар алуды жақтайды, бірақ қазақ тілін орынсыз шұбарлауға қарсы шығады.
Мұхтардың бұл кездегі ғылыми-мәдени саласындағы ізденістері әр қиырда,әр салада. «Философия жайынан» (1918) мақаласында автор философияның басқа ғылымдарға қатысын, олардың қатарында алатын орнын, зерттейтін обьектісін дұрыс түсіндіреді. Шәкірттік мінез білімге құштарлықтан туған философияға таңдай қаға табыну да бар.
Ол қылық әлеуметтік қоғамдық проблемаларға арнап жазылған «Мәдениетке қай кәсіп жуық?» (1912), «Мәдениет және ұлт», «Земство һәм кооператив қауымдары» сияқты мақалалары бар. Мәселен негізінен экономиканы сөз ететін «Мәдениетке қай кәсіп жуық?» еңбегінде әр түрлі халықтардың белгілі бір шаруашылықпен айналысуына географиялық орта жасайтын ықпал дүние жүзіндегі көптеген елдер тарихынан алынған ұтымды мысалдармен сенімді дәлелденеді. Ғылымға,мәдениетке ең жуық кәсіп- егіншілік деген пікірді публицист ерекше құптайды.
Жан-Жак Руссоның «Цивилизация адамды бұзады» дейтін қате байламына М. Әеуезов «Мәдениет һәм ұлт» мақаласында қарсы шығады, ондай концепцияның зияндылығын, жалғандығын дәлелдейді.
Ағартушылық бағытта, педагогикалық жүйеде сапалы ойлар айта алған Әуезов қазақ қоғамындағы әлеуметтік қайшылықтарды анық көре алмайды, жалпы теңсіздік, жалпы бақытсыздық қыр тіршілігіне қас нәрсе деп ұқты. Дала өміріне түскен соң қилы жарықшақтың себебін тап баса алмай, оны бас бірікпеушілікте, партияшылықта деп түсінген автор өзінше қамаудан шығар жол іздейді. «Ескерту керек» деген мақаласында былай деп жазады; «Жуан ауыл-қырдағы бұзық мінездің ұясы. Ел ішіне күшті әділ үкімет орнатып, нашар мен жуанды теңестіріп, жуан зорлықшылды не қылсада елден айырып, әлсіретуге тырысу керек». Бұл байламдардың реформалардан екені көрініп тұр. Мұхтардың тапқаны; бірінші қараңғылықты қақ жаратын оқыған, білімді,әділ болыс, екінші жұрттың тиын-тебенін жемейтін тұтынушылар дүкендері үшін, өнімді еңбекке жұмылу. «Земство һәм кооператив қауымдары» мақаласында кооперативтің пайдалы, тиімді жақтарын жан-жақты сөз қылады. Тұрмысыңды түзеймін десең, дүниенің ебін біл, саудагерге алданба, өзара бірлескен серіктік құр дейді. Мұның бәрі де қоғамдық құбылыстардың, заңдылықтарын білмеуден туған байламдар еді.
Мұхтардың сол кездегі педогогикалық ойларының қорытындысы- «Оқу ісі» мақаласы. Мұнда мектеп мұқтажын сынай сөз ету бар. Түбі ақылық мұғалімдер кадрларын даярлаудың сапасында жатқаны айтылады. Қазақ мектептерінің кінәрәтті қиыншылықтары ортақ бағдарлама, ортақ оқулық жоқтығы, мұғалімді қызметке тұрақтандыру мәселелерінің шешілмеу жолдары қарастырылады.
М. Әуезов 1922-23 жылдардың қысында Ташкентте оқып, одан кейін Ленинград университетіне ауысады. Әуезовтың кеңес үкіметін орнату жолындағы еңбегін көрсететін тарихи құжаттар ретінде губревком органы «Қазақ тілі «газетінде басылған «Уәкілдер келді» (1921), «Төңкеріс комитеті сайланды» (1921) деген материялдарды атауға болады.
Кеңес мекемелерінде қоғамдық қызмет атқарып, ірі орындарда болу Әуезовты саяси жағынан шыңдап,ой-өрісін, дүние танымын байытты. Оның шығармаларының таптың саналық өткірлігі күшейді. Семей губревкомының органы «Қазақ тілі» газетінде жарияланған «Қазақ ақындарына ашық хат» (1920) мақаласының принцпті маңызы бар. Өйткені бұл мақала Әуезовтың идеялық жағынан жаңа биіктерге көтерілгендігін байқататын еңбек.
Оқығандарды Әуезов кеңес үкіметі үшін адал қызмет атқаруға шақырады. «Қазіргі заман қазақтың басына келіп тұрған әрі ең қиын,әрі ең пайдалы,жайлы заман «деген пікірді интелегенцияның құлағына құяды. Қарақан бастың тыныштық қамын ойлап әлеуметтік істерден тысқары қалудан безіндіреді.
«Жалпы жарлық» (1921), «Бүгінгі зор міндет»(1920) мақалаларында кеңес үкіметінің жүргізіп отырған күнделікті, маңызды шаралары түсіндіріледі. Сауатсыздықты жоюдың мемлекетттік маңызы айтылыды.
М. Әуезовтің 1917-1922 жылдар аралығындағы қаламгерлік қызметін бағалағанда оның «Шолпан» журналында басылған әдебиет мәселелері жайындағы еңбектеріне тоқталу керек; «Қазақ қалам қайраткерлеріне ашық хат» (1922) мақаласында баспасөздің адам санасын тәрбиелеудегі рөлі көрсетіліп, редакциялардың науқандық шараларды ғана күйттемей, әдеби шығармаларға көңіл бөлу қажеттігі баса айтылды.
«Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» (1922) әдеби сын очеркінде Әуезов әдебиетінің қоғам өмірінде атқаратын қызметін көрсетеді. Қазақ әдебиетінің тарихына шолу жасап, бір талай мәселелерге дұрыс баға беріп, болашақта не істеу керектігі жөнінде өз ойларын ортаға салады.
Очерк; «Қазақ әдебиеті қазіргі өмірдің бетіндегі қаймағын жалап жүр». Бұрынғы әдебиеттің ішіне тазша бала мен жалшы сақау қатын да кірген болса, бүгінгі әдебиетке қалпақ киген оқығаннан бастап, қой жайып жүрген қойшыға шейін кіруге тиіс, - деген үлкен талап қоюмен аяқталады. Мұхтардың бұл очеркі-әдебиеттің ғылымымыздың тарихындағы алғашқы кәсіптік, сапалы еңбектердің бірі.
М. Әуезовтың таланты публицистикадан ерекше байқалады. Ол әлеуметтік өмірдің күрделі проблеммаларына бой ұрып, прогресшіл көш басшы ойлар айтты.
Достарыңызбен бөлісу: |