1.13 Қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы (Жүсіпбек Аймауытов)
Жүсіпбек Аймауытов әдебиетіміздегі аса ірі тұлғалардың бірі. Ол -ақын, прозашы, драмашы, сыншы, публицист, аудармашы. Әдебиеттің әр алуан жанрларында белсенді қызмет ете отырып, Жүсіпбек Қазан төңкерісіне дейін де және одан кейін де туған қазақ әдебиетінің негізін салушылардың алғы легінде болды. Көптеген ірі шығармаларымен жаңа жанрлардағы ізденістерді орнықтырды.
Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы Семей губерниясының Павлодар уезіндегі Қызылтау болысының бірінші ауылында (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданында) туған. Бұл жөнінде академик С.Қирабаев өзінің «Жүсіпбек Аймауытов» деген зерттеу кітабында : «Жазушы өзі «Қызылтаудың баурындағы Қараның адыры деген жерде Дәлдебай ауылында тусам керек. Руым - Сүйіндік. Оның ішінде – Күлік, Айдабол – Күлік бір туысады. Сұлтанмахмұт Айдаболдан. Екеуіміз сегізінші атадан қосыламыз дейді», - деп жазады.
Кейбір деректерде жазушының арғы аталары ауқатты болған деседі. Бірақ Жүсіпбектің өз әкесі Аймауыт та, оның әкесі Дәндебай да шағын шаруалы адамдар болған. Жүсіпбектің 15 жасқа дейінгі өмірі өз ауылында өтеді. Ол ауыл молдасынан оқып, сауат ашады. Үзіп – жұлып әр қилы молдалар (өз айтуынша, Жүніс қожа, Шәймерден қожа, Қожахмет молда, Қапар қажы, Мұхамеджан) алдын көріп, ескіше едәуір білік алады. Содан кейінгі аз уақыт өзі молдалық құрып, бала оқытады. «Қартқожа» романындағы суреттелетін бала молда өзі екенін жазушы мойындап жазған. 1907 жылы Жүсіпбек молдалықты тастап, Баянауылға барып орыс мектебіне түседі. «Оспанның (Аймауыттың інісі) Серебрянников дейтін тілмашы мені тәуір көруші еді. Баянда соның үйінде жаттым. Баянда бір қыс оқып, екі бөлімін бітіріп, келер жылы Керекудегі қазыналық ауылшаруашылық школына барып, емтихан ұстадым», - дейді ол. Бірақ, ауылшаруашылық мектебінде ұзақ оқи алмайды. Бір айдай ауылшаруашылық жұмысына қатысып, одан кейін екі ай ғана мүмкіндік алған Жүсіпбек мектеп режимі мен әділетсіздікке қарсы бой көтерген балалардың қатарында оқудан шығып қалады. Осыдан кейін біраз уақытын ол ауылда бала оқытумен, Баяндағы мектептің үшінші класында оқуын жалғастырумен өткізеді. Содан 1911 жылы Керекуге келіп, екі класты орыс – қазақ мектебіне орналасады. Әуелі сол мектепте, кейін интернатта білім алып, 1914 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясына түседі. Оны 1919 жылы бітіреді. Осы кезде Ж. Аймауытов «Алашорда» үкіметі мен «Алаш» партиясымен араласып, оны дамыту, нығайту жолында біраз уақытын жұмсайды. Сонымен қатар ол 1918 жылы М. Әуезовпен бірге «Абай» журналының негізін қалап, шығара бастайды.
1919 жылы Жүсіпбек алашорданың, жала жабылып қудалануына байланысты алашордадан бөлініп, жұмысын жалғастыру үшін Коммунистік партияның катарына өтеді. Семейде, Павлодарда партия Совет жұмыстарын атқарады. 1920 жылы Қазақстан советтерінің Құрылтай съезіне делегат болып қатысады. Содан кейін Қазақ АССР Халық ағарту комиссариатында басшылық қызметте қалады. 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі болып ауысады. Кейін «Қазақ тілі» газетінің редакторы болып, 1924-1926 жылдары Ташкентте шығатын «Ақ жол» газетінің редакциясында қызметтер атқарады. 1926-1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумының директоры болады. Ара – тұра сол кездегі саяси науқандарға араласады. 1922 жылы Торғай уезіндегі ел аштыққа үшырығаны белгілі. Біраз қазақ зиялыларымен бірге Жүсіпбек сол ашыққан елге жәрдем қолын созып, халықтан азық-түлікке мал жинайды. Жиналған малды (2668 сиыр, 1931 жылқы, 264 түйе) шағын бақташы топпен Торғайға айдап барып, талай ауылды төніп түрған ажал тырнағынан арашалап, алып қалады. Көп үзамай «Жүсіпбек малды өзі пайдаланып кетті» деген домалақ арыз бойынша қылмысты іс қозғалады. Елге жасаған жақсылығының өзіне жамандық болып тигеніне жазушы қатты күйзеледі. Екі жыл әуресарсаңға салған сот ісі 1926 жылы бітіп, Жүсіпбек толық ақталып шығады. Бірақ, бүл қуаныш ұзаққа созылған жоқ. Содан 1929 жылы Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген сылтаумен қайта тұтқынға алынады. «ОГПУ» органдары істі тергеп-тексеруге тиісінше қылмысты іс қозғау жайында қаулы қабылдамастан-ақ бірден айыптау мақсатына кіріскен. Сол кездегі 14 адамның бәрі де тұтқындау үшін жеткілікті негіз боларлық айыптары жоқ болса да, прокурордың санкциясысыз-ақ қамауға алынған. Тергеу бір жылдан астам жүргізілген және заңсыз тұтқында ұсталған осынша ұзақ мерзім ішінде сол 14 айыптаушылардың қылмысын дәлелдерлік бірде-бір объективті дерек табылмаған. Контрреволюциялық үйымның болғандығына дәлел жоқ, ондай үйымның программасы, уставы, әлдебір алға қойған практикалық мақсаттары мен соларды жүзеге асыруға тырысқан іс-әрекеттері жөнінде тергеушілер ешқандай нақты дерек жинай алмаған. Соған қарамастан айыптау қорытындысы жасалғанда, ешкімнің бекітуінсіз-ақ соттан тыс органның қарауына берілген. Айыптаушылар іс материалымен таныстырылмаған, ешқайсысына да өздерін қорғау үшін мүмкіндік туғызылмаған. Міне, осылардың қатарында Ж. Аймауытовтың өмірі 1931 жылы, 42 жасында нағыз творчестволық толысқан кезінде қыршынынан қиылды. Жүсіпбектің әдебиетке құмарлығы жастай оянған тәрізді. Өзі «Ауылдағы өзім құрбы балалардан хатты ерте таныдым, қисса, өлең кітаптарды көп оқушы едім. Қадыкеш апамның бір сандық хиссасы бар еді. Қыстың ұзақ кештерінде алғашқыда Қадыкешке, соңынан Ақат екеуімізге әкем хисса оқытқызып отырушы еді», - дейді, С. Садуақасовқа жазған (хатында) жауабында. Сол жауабында Жүсіпбек алғаш өлең жазумен әуестенуі 13 жастан басталғанын жазады. «Дұғалық жазатын кішкене қарашолақ кітапшама тіленші шалға есігін ашпаған бір кемпірді, көшкенде байталға мінбеймін деп әкесін ренжіткен қызды (ол Жәмікен деген апам ғой) өлең қып жазып қойғанымды әкем көріп, маңдайымнан иіскегені әлі есімде. Содан соңғы өлең жазғаным 19-20 жастар кезі болса керек. Бір бала молдамен айтысып, өлең жазғаным бар. 1912 жылы жазған өлеңдерім ескі дәптерімде әлі сақтаулы. Абайға еліктеппін. Ең алғаш басылған сөзім 1913 жылы болса керек, бір ақымақ алыпсатардың болыс боламын деп, елге бір месте шай апарып, елдің қулары болыс қоямыз деп, шайларын алдап алып, бос қайтқанын жазған едім. Бұл хабар «Қазақ» газетінде басылды.
Сол хабардың басылуы қалам ұстауыма үлкен себеп болды. 1916 жылы қазақтан жұмысшы алудың артынан пьеса жаза бастадым», - дейді. Жүсіпбектен қалған мұра аса бай. Оның ішінде «Қартқожа», «Ақбілек» романдары, «Күнікейдің жазығы» повесі мен көптеген әңгімелері, «Рабиға», «Мансапқорлар», «Ел қорғаны», «Қанапия мен Шәрбану», «Шернияз» атты пьесалары, өлеңдері мен «Нұр күйі» поэмасы, балаларға арналған ертегі кітапшалар, оқулықтар бар. Өз кезіндегі газет-журналдар бетінде Жүсіпбек жазған мақалалар да бірсыпыра. Ж. Аймауытовтың ең бір сүйікті шығармасы 1926 жылы Қызылорда қаласында кітап болып шыққан «Қартқожа» романы. Роман XX ғасыр басындағы қазақ басындағы саяси хал-ахуалдары мен халықтың тұрмыс – тіршілігін реалистік тұрғыдан суреттеген көркем туынды ретінде құнды. Басты кейіпкері Қартқожа «арқылы қос революция тоғысын, таптар тартысын, патша үкіметінің отаршылдық саясаты мен империалистік соғыстың зардабын, ақ гвардияшылардың ауылдарға салған ойранын көреміз. Шығарманың композициялық құрылымы да қызық. Тарам-тарам оқиғалар шағын-шағын тақырыпшаларға бөлініп баяндалады. Ықшам, етек-жеңі жинақы туынды оқуға да жеңіл. Ондағы Қартқожа, Андрей образдары сол кездегі әдебиеттегі соны тұлғалар еді. Жазушының және бір көлемді көркем шығармасы - «Ақбілек» романы. Жалпы Жүсіпбектің прозалық туындыларына тән ортақ бір қасиет бар. Ол - басынан аяғына дейін тұтастай терме, жыр, секілді желдірме, шешен сөзге байлығы. Мысалы, «Өскеменнің ар жағында, Бүқтырманың оң жағында әлемге аян Алтай бар. Сол Алтайдың күнгейінен құбыла жаққа құлай аққан, құлай ағып Ертіс түскен күр-күр еткен Күршім бар» деп құйылып басталатын «Ақбілекті», «Күнікейдің жазығын» да, өлең-роман деп есептеуге болады. Баспасөз бетінде («Әйел теңдігі» журналы) бір бөлімі ғана жарияланған «Ақбілек» романы жоғалып кетіп, қайта табылды. Қолжазба балапан басына, тұрымтай тұсына заманы туғанда Ілияс Жансүгіровтің тартпасында жатып қалған екен. Ал, Ілиястың жары Фатима Ғабитова «Ақбілекті» елу жыл бойы аялап, сақтап, кейін Қазақ ССР Орталық архивіне тапсырыпты «Елес», «Боранды болжаған әулие», «Қарабақсы» әңгімелері сол тұстағы ел тұрмысын, заман тынысын дөп басып, дәл суреттейтін құнды дүниелер. «Қарабақсы» қара сөзбен жазылған бақсы сарыны секілді әуезді әңгіме. Бұдан жазушының техникалық шеберлікті терең меңгергенін аңғарамыз. «Елес» әңгімесінде Жүсіпбек кейіпкері арқылы былай дейді : «Бүгінгі шенқұмарлық, ата-ру намысы, губерния намысы, орынға таласу, жіктесу қандай күйде? Кім не үшін күресіп жатыр? Бұларды жазуға тісі батқан жазушы бар ма?» - деп сол күннің шындығының бет пердесін айқара реалистік тұрғыдан ашып көрсеткен.
Ж. Аймауытовтың драматургиялық шығармалары кезінде театр, клуб сахналарынан түспеген. 1926 жылы қазақтың ұлт театрының репертуарын жандандыру мақсатымен Білім ордасы бәйге жариялады. Бәйгеге түскен 32 пьесасының ішінен Ж. Аймауытовтың «Шерниязы», М. Әуезовтың «Қаракөзінен» кейінгі жүлделі екінші орынға ие болыпты. Дарынды драматургтың қазір қолымызда оннан астам пьесалары бар. Негізгілері - «Шернияз», «Рәбиға», «Қанапия - Шәрбану», «Ел қорғаны», «Жебір болыс», «Мансапқорлар». Ол А. С. Пушкиннің «Тас мейман», «Сараң сері» секілді шағын пьесаларын қазақшалаған.
Жалпы, Жүсіпбек таланты аударма саласында жаңа бір қырынан жарқырап көрінді. Әлем, орыс әдебиетінің інжу-маржандарын тәржімалауға Сәкен, Ілияс, Мұхтарлармен бірге белсене ат салысты. Өз творчествосына үлгі-өрнек іздей жүріп Р. Тагор, Джек Лондон, Мопассан, А. С. Пушкин, Н. В. Гоголь, М. Горькийді аудару үстінде көп нәрсені үйренгені анық.
Әдеби жолын ақын ретінде бастаған Жүсіпбек соңына мол поэзиялық мұра қалдырған. Ол негізінен төл туындылары мен тәржімадан тұрады. Өлеңдерімен қатар әдебиет, мәдениет, тіл, оқу-ағарту, музыка, жазу-сызу, тұрмыс-тіршілік, экономика мәселелерін қозғап, өз мәнін осы күнге дейін жоймаған публицистикалық туындыларын жинастырып, жеке жинақ етіп шығару мәселесі тұр алда.
Ж. Аймауытов психолог-ғалым ретінде 1924-1929 жылдар арасында кеңінен танылады. Мектеп мұғалімдері мен педагогикалық оқу орындарына арнап түйдек-түйдек оқулықтар жазатыны да осы тұс. Атап айтқанда «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау», «Сабақтың комплекстік жүйесінің әдістері». Оның осы психологиялық еңбектерінің ішінде Москвадан жарық көрген «Жан жүйесі және өнер таңдау» кітабының орны ерекше. Қазақ тіліндегі психологиялық терминдердің алғаш жүйеленіп, бір қалыпқа түсуі де Аймауытов есімімен байланысты. Сентименталь, нервный, клетка секілді ғылыми ұғымдардың баламасын аянышжанды, күйгелек, шілтер деп қазақтың байырғы бай қорынан алуы да құптарлық қадам. Ж.Аймауытов бүкіл түркі тектес халықтар ішінен шыққан түңғыш психолог – ғалым. Қырқыншы жылдарға дейін әзірбайжан, өзбек, қырғыз, түркімен, қарақалпақ, башқұрт т.б. тілдерінде ұлттық психологиялық еңбектердің жарық көрмегендігін ескерсек, Жүсіпбек туындыларының шоқтығы биіктей түседі.
Ол сонымен қатар ойлы публицист те еді. 1917 жылы ақпан төңкерісі болып, патша тақтан түскенде Жүсіпбек «Тұр бұқара, Жиыл кедей, ¥мтыл жастар!» деген мақала жазып, «Жасыратын қылық жоқ-бостандық, теңдік күштіге, жемқорға келген теңдік емес, бұл өзі қара бұқараға, кедейге келген теңдік, қолы жете алмай жүргендерге берілген бостандық», - деп жар салған еді. Содан өмірінің соңғы шағына дейін ол жалынды публицистік қаламын қолынан түсірген жоқ. Жүсіпбек адамның қоғамдық-әлеуметтік ортамен байланысын, әркімнің өз ортасында қоғамға пайдалы іс істеуге тиістігін көтерді. «Кісі туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызметке икем болып туады, басқаша айтқанда, әр адамда бір нәрсеге талап, ыңғай, қабілет яки зеректік болады. Біреу бала оқытуға, біреу етік тігуге, біреу әкім болуға, біреу мал бағуға, біреу саудаға, біреу сөзге біреу дауға ыңғайланып жаралады. Өмірде түк жұмысқа икемі жоқ жан сирек болады... Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен жүріп, қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. «Өз орнында» істеген адамның жұмысы да өнімді, берекелі болмақ. Қайғы сол өз жолын шу дегеннен тауып алатын адамдар сирек болады. Адамның көбі ана жолға бір, мына жолға бір түсіп, өмір бойы өз соқпаған таба алмай, сенделумен күні өтеді... Әлеумет те, мемлекет те әр адамның еңбегі берекелі, пайдалы болуын тілейді», - деп жазды ол «Неге арналсаң, соны істе», атты мақаласында. Мақала жастарды мамандыққа баулудың, мамандық таңдаудың проблемаларын ойлы көзбен шола білумен құнды.
Ж. Аймауытов көптеген сын мақалалар да жазған. Олардың ішінде М. Әуезовпен бірігіп жазған «Абайдан соңғы ақындар» (1918), «Мағжанның ақындығы туралы» (1923), «Аударма туралы» (1925), «Сұңқар жыры» (1925) атты еңбектері автордың әдебиет жөніндегі, оның ерекшеліктері туралы, жазушы шығармашылығын түсінудің принциптері жайындағы ұғым-түсінігін, көзқарасын көрсете алатын елеулі туындылар. Оның сыншылық көзқарасында жазушы не ақын шығармашылығын оның өзі өмір сүрген дәуірдің көкейкесті проблемаларымен, өнер адамына тән ерекшеліктерімен есептесе отырып талдау концепциясы бірінші орында тұрады. Ол Мағжан Жұмабаев шығармаларына осы тұрғыдан баға береді. Онда Мағжан туып-өскен ортаның қайшылықты шындығының акын өлеңдеріндегі көрінісі, революциялық дүмпулер кезіндегі ақындық ізденісінің әрқилы беталысы нанымды талданады. Сөйтіп, сыншы Мағжан ақынның табыстары мен қайшылығын дәл тауып көрсетеді. «Сұңқар жыры» Максим Горький шығармаларының қазақшаға аударылып басылуына арналған. Онда жазушының революциялық әдебиеттегі орнына зор баға беріледі. «Максим - көк теңіздің иісін жұтып, мастанып, жұртты кеңдікке, еркіндікке, нұрлы күнге, ерлікке, тартысқа шақырған. Өрттей лаулаған, толқындай тулаған төңкеріс ақыны : ол жабыларды жоқ екен демейді, ерді, сұңқарды мадақтайды. Сұр өмірді өмір екен демейді. Ерікті, көрікті өмірді көксейді. «Өлі жүрек, жылан жанды, жорғалаған, қыбырлаған адамдарды жаратпаған», - деп жазады. «Аударма туралы» мақаласында аударудың принципі туралы сөз қозғайды. Ол көркем әдебиетті аударғанға қарапайым адамға ұғымды ету мақсатын ғана көздемей, мәдениетті жұрттың үлгісін, сөз колданысын бар бояуымен, кестесімен бере білу қажеттігіне назар аударады. Олардың «Салыстыру пернесімен таныстыру», «Оқушыны тереңге айдап, қиялын байыту», «Сезімін ұстарту» керектігін көрсетеді.
Публицистің театр, музыка, өнер тарихына қатысты жазғандары да бірсыпыра. Оның соңында бірталай ғылыми мұра да қалды. Жүсіпбек халық ағарту комиссариатында, педагогикалық оқу орнындарында қызмет істей жүріп, жас ұрпақты жаңа рухта тәрбиелеуге, олардың ғылымның әр саласында жан-жақты білім алуын көздеген еңбектер, оқу құралдарын жазды. Ол аудармашы есебінде қазақ әдебиеті мен орыстың және дүниежүзілік классикалық әдебиеттің шығармашылық байланысын ұлғайтуға көп күш жұмсады. Сондай-ақ, кезінде бірқатар саяси, тарихи еңбектерді, оқулықтарды қазақшаға аударуға ат салысты.
Ж. Аймауытовтың жазықсыз жазаға тартылып, оның шығармаларын оқуға тиым салынған кездер келмеске кетті қазір. 60 жыл бойы оның еңбектері жоғалып, ұмытылып бітуге шақ қалып еді. Газет-журналдар бетіндегі өлең-жырлары да жыртылып тасталған болатын. Бірақ, ол көптеген басқа да арыстарымыз сияқты өз өмірімен, еңбегімен туған халқына киын кезеңде қызмет еткен, сол үшін жанын құрбан еткен сүйікті азаматымыз, маңдайға біткен жарық жұлдыздарымыздың бірі. Иә, оның жұлдызы да қайта құрудың, тәуелсіздіктің арқасында қайта жанды. Өйткені, оның өзі де XX ғасырдың басындағы қайта құру, жаңару дәуірінің жаршысы болған еді. Сондықтан енді оған сөнбек жоқ.
1.14 «Айқаптың» айнасы болған (Мұхамеджан Сералин)
Қазақ халқының XX ғасыр басындағы белгілі қоғам қайраткері, журналист Мұхамеджан Сералин 1872 жылы бұрынғы Қостанай уезі, Шұбар болысының бесінші ауылында туған. М. Сералиннің журналисттік қызметі екі дәуірге, публицистік шығармалары екі топқа бөлінеді. Оның біріншісі – қазан төңкерісінен бұрынғы журналисттік қызметі, «Айқап» журналында басылған мақалалары; екіншісі – қазан төңкерісінен кейінгі кезеңдегі журналисттік қызметі, «Ұшқын», «Еңбекші қазақ», «Ауыл» газеттерінде басылған мақалалары. «Айқап» журналында М. Сералиннің ірілі – уақты қырықтан аса мақаласы басылған. Бұл мақалалардың көпшілігі сол заманғы қазақ халқының саяси – шаруашылық, мәдени халі мен болашағы туралы жазылған. Оның бір еңбегінде бірнеше мәселені сөз ететіні де, әртүрлі тақырыпқа жазылған, бірнеше мақаласының аттас болып келетіні де кездеседі. Сондай – ақ ол мақалаларының көбіне саралап, арнайы ат қоймайды, көбін күнделік хат сияқты етіп жазады.
М. Сералиннің «Қызмет иесі мырзаларға», «Қадырмен оқушыларға!», «Басқарушыдан», «Айқап», «Басқармадан» деген сияқты бірқатар мақалалары «Айқап» журналы туралы, оның мақсаты мен міндеттері туралы жазылған. Мәселен, ол өзінің жоғарыда аталған «Қызмет иесі мырзаларға» деген мақаласында : журнал шығарудағы мақсат, атақ шығару, білім сату емес, халыққа қызмет ету болды», - деп жазса, ал екінші бір «Құрметті оқушылар» атты мақаласында «Айқап» журналын жұрттың оқи бастағанына жыл толғанын, «Айқап» журналы жер мәселесі туралы жұрттың ойын қозғауға себеп болғанын, халық соты, әйел теңдігі, балаларды оқыту, сайлауға таласудың зиянды жағы тәрізді зәру мәселелерді жазуды қолға алып отырғандығын айтты.
«Айқап» және оның редакторы сол кезгі саяси - әлуметтік мәселенің ең бастысы – жер мәселесі екенін жақсы түсінген. Мұны олар бектік – феодалдық қалдықтарына қарсы күрес барысында батыл көтере білді.
1867 жылы 11 – шілдеде «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару жөнінде уақытша ереже» шықты. 1868 жылы 21 – қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал – губернаторларының қырлық облыстарын басқару туралы уақытша ереже «бекітілді. Барлық жер мемлекет меншігі, тек хан тұқымдарына патша «сыйлаған» жер ғана жекеменшік болып танылады. 1906 жылға дейін «Щербина экспедициясы» патшаға қазақ даласының ең шұрайлы жерлерін мәлімдеп отырды. 1870 – 1890 жылдары ұйғырлар мен дүнгендер көшіп келді. Осыған байланысты ұлт араздығы бұрынғыдан да күшейе түсті. Түтін, мал егін т.б. салықтар және тасымал саудасы бұрынғыдан да артты. 15 тиындық ұстара бір қойға, 6 – 7 сомдық самауырын 20 – 25 сомға дейін сатылды.
«Айқап» осындай тонаушылық саясатының барынша белең алған тұсында жарық көрді. Сондықтан да бұл мәселелерді кеңінен жазды. Отырықшылық өмірге көшу, поселке, қала салу, егіншілікпен айналысу жөнінде пайдалы ұсыныстар жасап, кеңестер берді.
Журналдың 1911 жылғы екінші санында жарияланған «Қазақ халқының мұқтаждығы деген «бас мақалада әуелі қолға алатын мәселе жер мәселесі екеніне назар аударып, отырықшылыққа көшіп, егіншілікпен айналысу қажеттігін насихаттады.
«Айқаптың» 1912 жылғы 31 – санында патша өкіметінің басқару - әкімшілік істері жөніндегі отаршылдық саясатын сынаған бас мақала жариялады. Онда, 1867 – 1868 жылдардағы Ережелерді патша үкіметінің тек үстем тап өкілдері кеңесімен шығарғанын, комиссия мүшелері – болыс, билер өз пайдаларын ғана көздегені, оны тек марқұм Шоқан Уалиханов қана әшкерелеп, Дала генерал – губернаторына хат жазғаны, қазақ үшін сайлаған халық судьяларының пайдасыз екені мәлімдегені айтылды.
«Айқап» қазақ байларының озбырлығын, еңбекшілердің үстем тапқа, самодержавия наразылығын, ашу – ызасын білдіретін материалдар да жариялады. Мысалы, журналдың 1911 жылғы 4 – санында «Бөкей ордалықтары» деген корреспонденцияда : «Бұрынғы үй басына жүз десятина жер қазір үй басына жиырма десятинадан келеді. Жарлы болдық дейміз, енді біз жарлы болмағанда, кім жарлы болсын. Әлі біз бұлай отыра берсек, мұнан да жарлы болармыз», - деп жазылды.
М. Сералин патша отарлау саясатының түпкі мақсатын дәп тани біліп, оны жұртқа дұрыс түсіндіруде де білгірлік танытты. Мәселен оның мына пікіріне құлақ түрелік : «Соңғы он жыл ішінде үкімет... қырғыз – қазақтарды отырықшы қылып өнер үйретейін, өнерге алғызайын, салдырлап көшіп азап шеккенше отырықшы болып жан тыныштық қылсын деп емес, отырықшы болып 12 – 15 десятина жер алып, ала алмағандардың жерін кесіп алмақ «. Дәл бұлай батыл пікір айту тек Мұхамеджан тәрізді саналы, ержүрек жанның ғана қолынан келмек [80].
М. Сералиннің «Отырықшы болған қазақтар туралы» деген мақаласында : «Жаңа болыстық соттардың қазақы дау – жанжалдарды шешуге икемсіз болып отырғанын мысалдармен дәлелдеп, болыстық сот құны 300 сомнан артық мал дауын тексере алмайды. Қазақ арасындағы жесір дауларының құны көбіне 300 сомнан асып кететіндіктен дау – дамай қалай шешіледі?» деп жұртқа сұрақ қояды да, ол үшін «Қазақ әдеттері» деген кітап шығару қажет дегенді айтады [81]. Мақаланың екінші бөлімі отырықшы өмірдің артықшылығына арналған. «Түпкілікті қоныс болуға жарайтын жерлер шетке кетіп бітетұғын. Қазаққа қолайсыз жерлер қалатұғын. Түбінде мұндай жерде бытырап жүріп оңбаспыз», деп автор басына төнген қатерден қорықпай, халық қамқоры дәрежесінде сөйлейді.
Мұның бәрі сол кезең үшін саяси - әлуметтік мәні терең тың мәселелер болатын. Соны журналдың жете түсініп, дұрыс жаза білуі оның көріпкел редакторы М. Сералиннің тікелей басшылығының жемісі, сол ардагер азаматтың сілтеген жолы, сол замандағы қазақ баспасөзінің шын мәніндегі үлкен прогресшілдік табысы еді деуіміз керек.
Бұдан басқа «Айқап» мемлекеттік Думаларға, Дума сайлауларына байланысты мақалалар жариялады. Қазақтарға да сайлау құқығы берілуін, Думаға қазақтан да депутаттар сайлануын, онда халқымыздың көкейкесті мәселелері қаралып, шешімін табуын талап етті. Осыған орай М. Сералин «Айқаптың» 1912 жылғы үшінші санында «Юбилей туралы» атты мақала жариялап, онда Романов тұқымдарының патшалық құрғандарына 300 толу мерекесіне қатысатын қазақ өкілдеріне мынадай тапсырма жүктеді :
1) Қазақтан Думаға депутат сайланатын болсын;
2) Қазақ жеріне енді шеттен көшпенділер келтіру тоқтатылсын;
3) Казак, орыс орналасқаннан қалған жер қазақ пайдасына берілсін;
4) Мал шаруашылығын жаңаша өркендетуге орыс пен қатар қазақта да учаска болсын;
5) Қазақстандағы қазынадан сатылатын жерлерді орыс пен қатар қазақтың да сатып алуына рұқсат етілсін;
6) Дін туралы, мектеп, медресе ашу туралы, халық сотын өзгерту туралы сұралсын.
Осы барған мырзалар өздерінің Петерборды көріп қайтқанына мәз болмай, азырақ халық пайдасы туралы оны – мұны ескеріп қайтса дұрыс болар еді. Кеңесіп,тиісті орындарға мұң – мұқтажымызды айтып, арыз ұсынса екен... Кезі келгенде мұқтажымызды сұрау өкімет алдында ешбір теріс болмас деп ойлаймын» [82].
Кеңес үкіметі тұсында «Айқап» журналын көтере мадақтауға жол бермей, оның редакторы М. Сералиннің атын да бірде айтқызып, бірде бүркемелеп келгендігі де біздің ойымызша оның осындай ашық пікірінен туған болуы керек. Мұхамеджан Сералин Қазан төңкерісінен кейін, 1919 – 1928 жылдары «Ұшқын», «Еңбекші қазақ» газеттерінде оқта – текте мақалалар жазып тұрған. Әрі 1923 – 1926 жылдары Қостанай облысының «Ауыл» газетінде редактор болған.
1.15 Қайраткердің қаламгерлігі (Сұлтанбек Қожанов)
Қазақ баспасөзінің тарихын өз кезеңі үшін орны зор, мәні үлкен ұлттық баспасөз органдары «Бірлік туы», «Ақ жол» газеттерінің редакторы болған, басқа да басылымдардың беттерінде ой – пікірлерін білдіріп отырған, қоғам тағдырына жіті үңіле білген ірі қайраткер Сұлтанбек Қожановтың еңбсктерінсіз, оның есімінсіз көзге елестету мүмкін емес.
С. Қожановтың «Жалаң ұрандардан іске көшу керек», «Кешіктірмей келісу керек», «Партия бастасын», «Тағы да атқамінерлер пайдаланып кететін болды», «Ұлт мәселесі — іс мәселесі», «Көп жұмылса іс бітеді», «Оқытушыларды ескеру керек», «Менің жауабым», «Тілмаш жайынан», «Бас пайдаңды көзде», «Съездер тақырыбы», «Жақындық па, жалақорлық па?», «Еңбек еткен алады», «Өзінен кеткендік», «Сайлау науқанында», «Егістік –шабындық жерді бөлу туралы» деген мақалалары және «Түркістан автономиясы қалай құрылды?» сияқты еңбектері түбегейлі зерттеуді қажет ететіні сөзсіз. Ол алдағы күннің міндеті десек, тап қазір кейінге қалдырмай мойындап, әділ бағасын беруге тиісті мәселеміз — Сұлтанбек Қожановтың халық қамын жеген зор қайраткерлік қызметімен қатар қазақ баспасөзінің негізін салып, алғаш туын тігіскендердің бірі болғандығы. Және алуан тақырыпқа қалам тартып, жас буын журналистерді баулуға, ұшан – теңіз еңбек сіңіргендігі.
1925 жылы «Ақ жол» газетінде (наурыздың басындағы 549 - нөмірі) «Жалаң ұрандардан іске көшу керек» деген проблемалық мақаласы жарық көрді. Онда зерделі қайраткер кадр мәселесіне, олардың кейбірінің іс-әрекетіне кең тоқталды. Ел ішін жайлап кеткен шылық пен былықты қатты сынады. Ол «Осы күнге дейін шаппай – ақ озып, білмей – ақ атаққа ілініп, сырын ұстатпай келген қазақ қызметкерлері, қазақ оқығандары белгілі болды... Қазақ арасында көп жерде тап күресі деп жүргеніміздің көбісі бақ таласы болып шықты, білгіштеріміздің бұрынғы сөзі мен соңғы сөзі басқа –басқа болып кетті», — деп жазды.
Қайран Қожанов – ай! Мына сөздері күні кеше партияның сойылын соққанда ешкімге дес бермей, өз халқының мүддесін сатып жіберуден шімірікпеген кейбір саясатшысымақтардың бүгінде тағы да алқалы топтың алдына шығып, «демократия», «партократтар сөйткен еді, өйткен еді», - деп шімірікпей көсемсіп жүргендер үшін айтылғандай-ау!..
Ал, мақала соңында қалам қайраткері «Орталық өзгерді. Ақмешітке көшіп, қалың қазақ арасына келдік. Шарт өзгерді, уақыт өтті. Жаңа қоныста жаңа істерге кірісейік» — деп жұртты еңбекке, берекелі бірлікке шақырды. «Кешіктірмей, келісу керек» деген мақаласында ұлт болу хақында түйінді пікірлер білдіреді : «Қазақ ұлт болу жолында, бірақ әлі ұлт болып өткен жоқ. Қазақ арасында тап ұйымдары нашар өсіп келе жатыр. Сондықтан қазақтың ұлтшылдығын ескермей бірден кеңес жұртшылығын төтелей орнатамын деу революция ісінің пайдасы емес». Сұлтанбек осы жерде ұлттың психологиясын бақылап, жаңа өмірге бейімдеуге асықпай аяқ басуды ескертеді. Жалпы, ол ұлт болып бірігуді армандаған, көлеңкелі тұстарда көрініп қалатын жікшілдікке жаны төзбеген, ірі тұлға болған адам.
Өнер, білім кім – кімді де өрге жетелейтіні анық. Жан – жақты білімді, өмір құбылыстарын зерделей білетін халық елдікке тез жетеді, бай тарих, мол дәстүрге ие болады. Саяси - әлеуметтік, экономикалық, мәдени жағынан тез көтеріледі. Осы мәселеге орай Сұлтанбек те «Оқытушыларды ескеру керек» атты мақала жазып, халыққа саяси қайраткерлер мен ел басшыларының көбіне оқытушылар қатарынан шығатындығын айтты. «Қазақ халқын, оның үкіметін оқытушыларды көбірек даярлап, қадірлеуге шақырды. Ресейде де мәдениет ошағы – мектептерге, ондағы мұғалімдерге ерекше қамқорлық жасалып, оларды партия қатарына тартып, айлығын көбейтіп, беделін арттырып жатқанын үлгі етті. Елді жаппай сауаттандырып, мәдениетін көтермейінше іргелі ел бола алмайтынымызды жазбай таныды. Хат танитын халқының саны 40 – тан 80 процентке дейін жететін Армения мен Грузияның оқытушыларға деген ерекше ықыласын мысал ретінде көлденең тартты [83].
Сондай – ақ, оқу – ағарту жұмысында жүріп жатқан түрлі кемшіліктер жайын да Сұлтанбек баспасөз бетінде жариялап тұрған. Мәселен, оның «Тағы да атқамінерлер пайдаланып кететін болды» деген өзекті мақаласында : «Жемі табылса атқамінерлер жей тұрудың қамында. Қазақтардың арасында оқу жұмысы орнықсыз, жұрт жалпы оқу талабында. Бірақ, көбінесе жолды атқамінерлер пайдаланып кететін болды. Әулиеата уезінде интернатты таусылмайтын жемі, олжа қылып жүргенін көріп едік» сияқты ескертпе айтылып, халықтың қамын ойлағансып, солардың есебінен ішіп – жеген атқамінерлер қатты сыналады.
1924 жылдың соңына таман Түркістан республикасын ұлт ретімен қайта құру мәселесі қаралды. Осы проблемаға орай С. Қожанов «Ұлт шекарасын ашу һәм Қазақстан» атты мақала жазды. Онда Орта Азияны ұлт шекарасына қарай бөлу — ұлттар азаттығын жүзеге асырудың бір көрінісі, ұлттар арасын еркіндікпен жақындастырудың, достық пен қанаттастықтың алғышарты екенін дұрыс көрсетті [84].
Мұнан соң Сұлтанбек Қожанов қазақ халқының Түркістан республикасында алып келген орнын, оның дамуына қосып отырған үлесін аңғартты. Түркістаннан жиналатын түрлі салықтардың 43 процентін Сырдария мен Жетісуда тұратын 1 млн. 600 мыңнан астам қазақтың төлеп отырғанын атап айтты. Сонымен бірге Жетісу мал шаруашылығының кіндігі екендігін, Қарқаралы жәрмеңкесінің бүкіл Орта Азиядағы белгілі сауда орталығы екендігін дұрыс қөрсетті. Сондықтан «Қазақ ауданы — Орта Азиядағы енші алыста ақы иесі екеу болса, бірінші санға кіретін ең үлкені болуы керек. Олай болмағанда, ұлт шегін ажырату тура жолмен жүргізілмеген болады» деп ескертті [85].
С. Қожановтың небір жауапты қызметтерде жүріп, Ташкентте, Орынборда, Қызылордада, Алматыда қазақ, атынан сөйлеп, халқының болашағын ойлап, өз бағытынан таймаған өжет қайраткер болғаны оның осы өзіміз талқылап отырған журналистік мұрасынан-ақ айқын байқалады. Мәселен, Сұлтанбек Қожанов «Ұлт мәселесі — іс мәселесі» деген мақаласында ұлт мәселесін шешу мақтаныш үшін емес, береке, бірлік үшін қажет екендігін сөз етеді [86].
Жалпы, қай кезеңдерде «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүріп, күн кешетіндерді кім де болса онша ұната қоймайтындығы белгілі. Осы ретте айта кетеріміз Сұлтанбек Қожанов та өз қатарластарының ішінде тілмаштарға жаны төзбеген адам. «Тілмаш жайынан» атты мақаласында олардың бет – пердесін ашып береді. «Тілмаш туралы сөйлеу әдепкі кезде бірлі – жарым білемін дегендер үшін ғана саяси куәлік болып келсе де, осы күнде екінің бірінің аузында, жұртқа тегіс жайылған салт болып алды. Тілмәш деп мекемеде орысшадан қазақшаға аударып тұрған қызметші аталады. Шын мәнісінде ол орыс үстемдігінің құралы — саяси делдал. Тілмаштың бір айрықша сыры, өзінше істерлік, тіршілікке асарлық өнімді еңбегі жоқ. Өз бетімен тапқан тілден басқа, көңілге мүлік болған білімі жоқ, өз бетімен ойлап шығарған ой тиянағы жоқ, біреудің құлы, біреудің тілі, біреудің құралы» дей келіп тілмаштардың патша үкіметі дәуірінде туғандығын, қараңғы халықпен сөйлесудің бірден – бір құралы болғандығын, ал қазір олардың өздерін әжептәуір санап, «біз коммуниспіз» деп кеуде соғатындықтарына реніш білдіреді. Олардың халыққа берер ештеңесі жоқтығы, тіпті тексеріп қарағанда қылмыс жасап, пайда тауып жүргендігі айыпталады. Ел үстінен қарғаша шоқып, ірімшік жегендері батыл көрсетіледі [87].
Сұлтанбек Қожанов ел тіршілігінде маңызды орын алатын съездер мен сайлау науқандарына да ерекше көңіл бөліп отырған. Ол өзінің «Сьездер тақырыбына» деген саяси мақаласында : «Ертең Түркістан коммунистерінің II съезі болады. Артынша, аз күнде Түркістан республикасы кеңестерінің съезі болмақ. Сондықтан, әркім өзі қышыған жерін қасып, өз керегін іздеп, өз ойындағысын жарыққа шығарудың әрекетінде болса керек және әркімнің өз бетінше түсінгенінің айыбы жоқ», — дейді. Яғни, әркімнің қай мәселеге де өз пікірі болуы мүмкін, тіпті саясаттың өзінде де тек былай деп түсініңіздер, өзгеше пайымдауға, басқаша ойлап, өзгеше пікір тудырута болмайды дейтін кешегі коммунистік тақырыпта тәртіптің келе жатқанын күні бұрын сезініп, алдын алып отырған сыңайы бар. Көрегендік, тереңдік, зерделілік деп осындай әрекеттерді атаса жарасар, сірә.
Сұлтанбектің саяси, проблемалық мақалаларымен қатар, ел тіршілігі, халық қамы тұрғысында жазылған «Еңбек еткен алады», «Егістік – шабындық жерді бөлу туралы», «Бас пайдаңды көзде» атты мақалалары ерекше маңызды [89].
Алғашқы мақаласында автор : «Көктем шығып, еңбекшілердің жұмысы басталады. Жұрт жабыла егін әрекетіне кірісіп жатыр. Олардың жылдық табысы осы маусымда шешілмек. Ақысын байларға беріп қоймай, не қарызданып қалмай тез жинап алса, бұл мәселе шешіледі. Еңбек жолын кеңейтіп, еңбекшілерге жеңілдік келтіріп, аспап - көлікті арзан бағамен беру. Тұқымды қарызға берсек, ел шаруасы күйленер еді. Бірақ осыны байлар мен ел үстінен күн көретін қулар пайдаланып кетпеуі керек. Осыны еңбекшілер ұмытпауы керек. Уақытты өткізіп алып, өкініп жүрмесін. Тәжірибе жеткілікті. Түсінетін уақыт жетті» деп жазса, ал екінші проблемалық материалында : «1. Бөліске түсетін жерлердің мөлшері шамаланып, ауданда жұмыс жүргізілсін. 2. Тиісті мекемелер күні бұрын бұл жұмысты жүргізуге лайықты іскерлер қамдауды ұмытпасын. 3. Уезден бастап ауылға шейін партия ұялары, кеңес мекемелері, қосшы ұйымдары өкімет декретімен таныссын. 4. Партия, кеңес, қосшы мекемелері бас болып бұл жұмыспен ел кедейлерін таныстырып, өкімет заңын түсіндіру науқанын жүргізсін», — деп ұсыныс жасады.
Ал, «Бас пайдаңды көзде» деген үшінші мақаласында ол еңбекші-шаруаларға тиімділік жағын сөз етеді.
С.Қожанов бұдан басқа әдебиет тарихы, әдебиет тағдыры мәселелеріне араласып пікір таласына түсіп отырған. Мәселен, «Еңбекші қазақ» газетінің 1924 жылғы ақпан айының 19-күнгі санында «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» деген мақала жарияланады. Мақаланың басында «Сәкен жолдастың жазған лекциясының қысқаша қорытындысынан алынды», аяғында «ұзартып жазсақ, Сәкен жолдастың баяндамасында көп сөз болатын еді»... деп жазылды.
Сұлтанбек «Ақ жол» газетінің сол жылғы сәуір айының 3-күні шыққан нөмірінде «Жақындық па, жалақорлық па?» деген айтыс мақаласын жариялады. «Бұл қалай болғаны» деп таңырқады ол, — онда сөз Сәкендікі, хатшылық қылып жазушы мен, Төңкерісұлы» дегені не?
Тарих деген — адамдар да пікір айтып, түсінігін жазуға болатын майдан. Сондықтан, мақала иесі Сәкен болса да тарихи оқиғалардың әрқайсысы өз орнына қойылуы қажет. Сәкен лекциясының «дәні ғана берілмей», сабағы да, түбірі де толық ашылуы керек деп мәселені бүйірінен қойды.
Мұнан соң «Тарихқа қарсы «тарихи» пікірлермен айтысқа түсті. Мақалада «бұдан» жүз жыл бұрынғы жылдарда қазақтар татарлармен қатынас жасай бастаған... Осы кезде сыртқа еліктеулі қазақ ақындары өздерінің сырттан аударған «Зарқұм», «Сал – сал» секілді қиссаларды бастырта бастаған» деген жолдар бар. Міне, Сұлтанбек бұл қиссалардың қазақ ұлт әдебиетіне жата қоймайтынын, олардың бізге аударма арқылы басқа елден келген назира шығарма екендігін ескертті.
Сондай – ақ мақалада орыс сөздерін енгізіп, әдебиетті шұбарлаған кезеңдерді қазақ әдебиеті дамуының бір дәуірі болды деген пікірге Сұлтанбек «қазақтың ұлт әдебиетінде орыс тілі кіріп кетті қылып, бір – екі қылжақбас тілмаштың өлеңін келтіріп, оны әдебиеттің бір дәуірі санауға бола ма? деп дау айтты. Әдебиеттің даму тарихын ғылыми негізде, аса жауапкершілікпен дәуірлеуге шақырды.
«Тіл түзету» мәселесіне Сұлтанбек «ұлт әдебиетін жасау, тіл түзеу 1905 жылдан ғана басталды десек, Алтынсарин, Абайлар орыс тілін таратқан жазушылар болғаны ма?» деп орынды наразылық тудырады. Мақалада тағы да «Абайды қазақ әдебиетінің ағасы деушілік қате» делінді. «Қазақ жазба әдебиетінің ағасы Абай болмаса, Ахмет болмаса, кім болады? Басқа бар болса, кім? әлде «Төңкерісұлы өзі оза алмаған соң жаласы ма?» деп ашына жазды. «Тіл құралдарын» жазып, қазақтың ұлт мектебіне негіз салып, ұлт әдебиетінің түпқазығын мықтап орнатуға еңбегімен себеп болған қазақ ұлт мәдениетінің тұңғыш қайраткері Байтұрсынұлы Ахмет емес пе дегенді айтты. Алашордашылар туралы күдікті күңкіл көбейген сол күндердің өзінде Сұлтанбектің Ахметтің қадірін қалай білгенін, еңбегін қалай бағалағанын осыдан – ақ сезуге болады [91].
Сәкен мен Сәбит : «ақындар орыс сөздерінен ұрлайды, солардың бірі — Мағжан» деген қиянатына Сұлтанбек мүлде төзбейді, «Әдебиет ұрлығы деп еліктеуді айта ма, жоқ Сәкеннің үзеңгі жолдасы Көлбайдың істегеніндей, біреудің өлеңін көшіріп, астына қол қойғанды айта ма? Еліктеу ұрлық болса, қазақ, ақындарының ұры емесі бар ма? деп Мағжанға ара түсіп, оның өнерпаздық ізденісін қолдайды.
Айтыстың соңында Сұлтанбек «Еңбекші қазақта» басылған бұл мақала да қазақ әдебиетіне, һәм әдебиетшілерге жақындық па, жалақорлық 'па деп сұрақ қойған.
Сұлтанбек Қожанов әркімді өзінше бағалай білген. Әсіресе, оның Ахмет Байтұрсыновтың 50 жылдық тойына басшылық еткенін, Мағжанның өлеңдер жинағын Ташкентте шығарғанын ерлік ретінде қабылдағанымыз жөн. Қожановтың сол — Мағжанның 1923 жылы шыққан өлеңдер жинағына жазылған алғы сөзінде : «М. Жұмабайұлының өлеңдері қазақ әдебиетінде Абайдан кейінгі үлкен орын алатын екінші кітап... Қойшылар тілі саналып келген қазақ тілінің өнерге асатын бай, жатық, таза, өткір тіл екенін Мағжан өлеңдері көрсете алады... Марксизм дүние тануына ұқсамайтын жерлерін оқушылар көре салып үрікпей, көркемдік сыршылдық, суреттеу жағына көз салуы керек, тарих мәнісіне жете түсінуі керек». деп жазды.
Сұлтанбек Қожановтың публицистикасындағы ең көлемді орын алатын, тарихта өз ерекшелігі бар, қай кезде де өзінің өмірлік маңызын жоймайтын «Түркістан автономиясы қалай құрылды?» деген тезисі Кеңестік Түркістан Автоиомиясының он жылдығына жазылған.
Автор бұл еңбегінде «Қазан төңкерісіне жергілікті халықтан шыққан жұмысшылар да орыс пролетариатына қосылып, бірақ ұлттық жұмысшы табы ретіндс айқын мәнге ие бола алған жоқ, бұған саяси дайындығы да жетіңкіремеді. Міне, сондықтан да орыс пролетариаты мен жергілікті шаруалар арасында дәнекерлік рөл атқаруға икемсіз болды» деп орыс пролетариатымен жергілікті халықтың тіл табыспау себептеріне тоқталады.
Одан әрі мақалада ел ішіндегі, партия мен халық арасындағы түсінбеушіліктерге талдау беріледі. Және Түркістанның советтік автономия жариялауына дейінгі даму кезеңі төмендегідей екі түрлі себеппен айқындалганын көрсетеді :
1) түземдік халық арасында советтік жане партиялық тұрғыдан қоғамдасу біртіндеп туып, дамып жетілді;
2) партия мен совет үкіметінің жергілікті халық еңбекшілерінің саяси өмірін орталық партия комитетінің және орталық совет үкіметі органдарының директивалары негізінде ұйымдастырып, басқаруға күш салды.
Ұлт мәселесін елемеу 1917 жылы Ленин қол қойған : «Бұдан былай сіздердің әдет – ғұрыптарыңыз, ұлттық және мәдени мекемелеріңіз еріктілік жағдайында деп жарияланады. Өз өмірлеріңізге қожа, өз елдеріңізді қалаған жолмен құруларыңыз керек. Сіздер бұған праволысыздар, сіздердің тағдырларыңыз өз қолдарыңызда» деген шақыруынан кейін бәсеңсіп, нәтижесінде 1918 жылдың 30 сәуірінде «Түркістан өлкесі — Федеративті кеңес республикасы» болып жарияланды.
Тарихымызды таразылай отырып, осы тезисті оқи отырып С. Қожановты өз ұлты алдында, жалпы адамзат баласы алдында айрықша жеке бір қырынан көргендей боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |