Қырықбай Аллаберген
ТАРИХ ЖӘНЕ БАСПАСӨЗ
(Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуыбаспасөзінде тарихтың ").
БІРІНШІ КІТАП
УДК 070
ББК – 76.02
А – 44
Пікір жазған: филология ғылымдарының докторы, профессор Сейфидин Сүтжанов.
Қырықбай Аллаберген
Тарих және баспасөз (Қазақ мерзімді баспасөзінде тарихтың «ақтаңдақ» мәселелерінің жазылуы). – Бірінші кітап.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Кереку» баспасы, 2009 жыл, 148 бет.
ISBN
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Қырықбай Аллабергеннің бұл зерттеу монографиясының бірінші кітабында XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың соңына дейінгі аралықта Қазақстанның түрлі қалаларында әртүрлі бағытта шығып тұрған «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті», «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» және тағы да басқа газет-журналдарда қазақ халқының тарихына, әдет-ғұрпына, отырықшылық, егіншілік, жер мәселелеріне арналып жарияланған «тарихтың ақтаңдақ мәселелеріне» бүгінгі күн тұрғысынан баға беріледі. Кітап жоғары оқу орындарының тарих, филология және журналистика факультеттерінің оқытушылары мен студенттеріне және көпшілік оқырман қауымға арналып жазылған.
ISBN
ББК –
Алдабергенов Қ.
АЛҒЫ СӨЗ
2010 жылы қазақ мерзімді баспасөзінің тарихына 140 жыл толады. Бұл Еуропа елдерінің журналистикасымен салыстырғанда онша көп те емес. Бірақ, осы кезеңдердің өзі біздер үшін әлі де болса қыры мен сыры толық ашылмаған, құпиясы мол қамал болып отыр. Оның себебі көп. Ең бастысы XIX ғасырдың екінші жартысында шыға бастаған қазақ тіліндегі газет-журналдардың тарихы өткен XX ғасырдың екінші жартысынан бастап қана зерттеле басталғандығы белгілі. Оның өзінде бұл зерттеулер бір жақты болды. Кеңес өкіметінің сойылын соқты. Патшалы Ресей тұсында шыққан басылымдар буржуазиялық, Алашорда кезінде шыққан газет-журналдар ұлтшыл делініп жеті қат жер астына тығылды. Көпшілігі жыртылып, өртеліп, келмеске кетті. Аман қалғандары басқа елдердің меншігіне айналып, өзімізге қайтарылмай отыр. Оның үстіне жоғарыда айтқанымыздай Кеңес үкіметі кезеңінде біздер өз халқымыздың тарихын жартылай бұрмаланған күйі оқып келдік. Оған біздер ешкімді кінәлай алмаймыз. Себебі, заман солай болды. Бір жақты идеология мен кеңестік саясат екі қолымызды жіпсіз байлап, өткен-кеткен тарихымызды тереңінен зерттеуге мүмкіндік бермеді. Ал, егер оған бел буғандар болса, қуғынға ұшырап, жер аударылды.
Міне, кеңес үкіметі тұсында «Қазақ баспасөзіндегі «ақтаңдақтар» мәселесін» жазу, оны болашаққа жеткізу жайлары осындай болды.
Алайда, кеңес үкіметі тұсында да бұл тақырыпқа арналып шыққан талай құнды зерттеулер мен монографиялар бар. Мәселен, М.Әуезовтың «Әдеби мұра және оны зерттеу» [1], С.Мұқановтың «Халық мұрасы» [2], Б.Кенжебаевтың «Сұлтанмахмұтты зерттеу, тану мәселесі», «Қазақ баспасөз тарихынан мәліметтер», Қ.Бекхожиннің «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» және т.б.. [3]
1917 жылғы Қазан төңкерісінен соң қазақ жерінде де Кеңес үкіметі орнады. Содан 79 жыл бойы біздер біржақты идеологияның құрсауында болдық. Социализм дәуірінде мәдениетіміз бен әдебиетіміз қарыштап алға кеткенімен, солақай саясаттың «ақтаңдақ» тұстары да көп болды. Олар осы кезең аралығында Қазақстанда болып өткен жаппай ашаршылық пен репрессия, Ұлы Отан соғысының қаратүнек жылдары, «Ұлтшылдық сарынға қарсы күрестің» құрбандары, тың игеру зардаптары, 1986 жылғы желтоқсан ызғары…
БІРІНШІ БӨЛІМ ҚАЗАҚ МЕРЗІМДІ БАСПАСӨЗІНДЕ ТАРИХТЫҢ «АҚТАҢДАҚ» МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ ЖАЗЫЛУЫ БІРІНШІ ТАРАУ
«Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті»,
«Торғай газеті» қазақ халқының саяси және
әлеуметтік-экономикалық мәселелері туралы
ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап Қазақстанда мерзімді баспасөз дүниеге келіп, жазба мәдениеті жаңа және ескі араб әрпі негізінде даму кезеңін бастан кешірді. Осы дәуірде (1870-1917 жылдар) үш ұлы ағартушымен қатар және олардың соңын ала өмір сүрген әдебиет, мәдениет, ғылым қайраткерлері Шоқан, Ыбырай, Абай дәстүрін аттап өткен жоқ. Қайта олардың қызметіне әлгі үш тұлға құбылнамадай жол көрсетті.
Орта Азия баспасөзінің тұңғышы болып саналатын «Түркістан уалаятының газеті» ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарында дүниеге келгендігі мәлім. Анығына көшсек бұл басылым 1870-1882 жылдары қазақ тілінде Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласында патша үкіметінің ресми газеті «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде шығып тұрған. Онда негізінен қазақ халқының тұрмысы, тарихы, экономикасы жайындағы материалдар басылған.
Кезінде «Туркестанские ведомости» газетінің бас редакторы болған зерттеуші, ғалым Н.П.Остроумов «Түркістан уалаяты» газетінің Орта Азия халықтарының мәдени өміріндегі алатын орны ХҮІІ ғасырда бірінші Петрдің «Ведомствосы» Ресей үшін қандай болса, сондай болып отыр деген пікірді айтқан».
Осы және ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ тілінде шығып тұрған басқа да газет-журналдар туралы қазақ баспасөзінің зерттеушісі, профессор Х.Бекхожиннің көп жылдық зерттеу еңбектерінде жан-жақты жазылғандықтан және екінші бір ғалым Ү.Сұбханбердина құрастырған «Қазақтың революцияға дейінгі мерзімді баспасөзінің материалдары» атты екі кітаптан тұратын библиографиялық еңбегінде (1961, 1963 жылдар) толық сипаттама берілгендіктен біздер бұл тарауда оқырмандардың назарын өткен ғасырда шыққан орыс басылымдарының материалдарына да аударғымыз келіп отыр. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай тек «Түркістан уалаятының газетінде» ғана емес, сонымен қатар «Туркестанские ведомости» газетінде де Ш.Уәлиханов еңбектерінің ізімен жарияланған материалдар баршылық болатын.
Орыс ғалымдары және жергілікті ұлт арасынан шыққан ғылым қайраткерлері шығыстануға байланысты мақалалар, ғылыми еңбектер жазғанда Ш.Уәлихановтың шығармаларымен жақсы таныс болғандығы байқалады. Мысалы, орыс шығыстану мектебінің негізін салушы В.В.Бартольд, белгілі ғалым Ә.Диваев, Н.Пантусов, Н.Остроумов, И.Кастаньенің еңбектерінде Ш.Уәлихановтың зерттеулеріне сілтеме жасалынады.
Қазақ баспасөзінің қарлығашы «Түркістан уалаяты газетінің» редакторларының бірі – И.Ибрагимовтың «Қазақ тұрмысының очерктері» деп аталатын этнографиялық циклды мақалалары 1870 жылы «Русский Туркестан» жинағында, 1876 жылы «Древняя и Новая Россия» журналында жарияланған. Ал, оның 1878 жылы Санк-Петербургтен жарық көрген «Қырғыз соты туралы заметкалар» атты жеке еңбегі Ш.Уәлихановтың «Сот реформасы туралы жазбалар» атты публицистикалық эпистолярлық үлгісіне жататын хатының заңды жалғасы дерлік дүние.
Осы орайда «Түркістан уалаяты газетінің» негізгі редакторы Ш.Ибрагимовтың «Қырғыз даласының молдалары туралы» очеркін айрықша атауға болады. Еңбекте Қазан татарларының қазақ арасына кіріп, аярлықпен байып алып, момын халықты қанау жолдары әшкереленеді.
Белгілі ғалым, шығысты зерттеуші И.Кастаньенің 1911 жылы Орынборда «Қырғыз даласының бейіттері» деген еңбегі жарық көрді. Осы зерттеудің оқылған әдебиеттер көрсеткішінде Ы.Алтынсариннің Императорлық Орыс География қоғамының Орынбор бөлімшесінен 1870 жылы жарық көрген «Орынбор ведомствосы қырғыздарының құда түсу, қыз ұзату және өлген адамды жерлеу, оны еске түсіру ғұрпының очерктері» мақаласын бірінші қойған И.Кастанье өзінің шығармасын тікелей Ы.Алтынсариннің ізімен жазған.
А.С.Пушкиннің «Капитан қызын» алғаш рет қазақ тіліне аударған М.Бекімовтың «Ташкентский курьер» журналында «Қазақтағы бақсылықтың қалдықтары» мақаласы жарияланған. Ол Ш.Уәлихановтың шаман дініне байланысты айтқандарын түгелдей қостай отырып, материалының тақырыбын Шоқанның еңбегімен ұйқастырып қойған.
Қазақтың белгілі ағартушыларының өз халқының алдына қойған ең өзекті проблемалары орысша оқу, өнер-білім үйрену, отырықшылыққа шақыру, елді қалайша дұрыс билеуге болады, қазақ тілінің тазалығын сақтау мәселелерінде «Дала уалаятының газеті» (1888-1902) «Түркістан уалаяты газетінің» ағартушылық жолын жалғастырушы, оны байытушы болды.
Басқа басылымдар сияқты «Дала уалаятының газетінде» де ресми және ресми емес бөлімдер болды. Ресми емес бөлімінде ұдайы көпшілікке пайдалы, ғылым-білімге қатысы бар материалдар жарияланды. Патша үкіметі тарапынан шыққан газет болғанымен, саяси қуғын көрген, бостандықты аңсаған адамдардың ықпалында болды. Олар, яғни Г.Н.Потанин, Н.М.Ядринцев, Л.К.Чермек бұл басылымның халықтық сипат алуына көмектесті. «Дала уалаятының газетінде» Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев жөнінде мақала, хабарлардан басқа Абайдың өз шығармалары да басылды. «Күлембайға» («Болыс болдым, мінекей») деген өлеңі біраз өзгерістермен жарияланды. 1888 жылы мамыр айында Ақшатау деген жерде Семей облысы мен Жетісу облысының төтенше съезі болғанда «бір уездің ел билеушілерінің съездегі түрі» деген кіріспе сөзбен авторы көрсетілмей жарияланған. Абайдың «Жазды күн шілде болғанда» атты екінші бір өлеңі «Семей уезі Шыңғыс елінің қазағы Ибраһим Құнанбай ауылының Бақанас өзенінде Көпбейіт деген жерде қонып жатқандағы түрі» деген атпен соңынан Көкбай Жанатайұлының қолы қойылып басылған.
«Дала уалаятының газеті» Шоқан туралы да арнайы материалдар жариялап, онда Шоқан Уәлихановтың «Жоңғария уалаятын һәм Қытайдағы Нань-лу уалаятына қараған күншығыстағы алты шаһардың мән жайын баян етіп жазған еңбегін патша құзіретінің дүние ғылымын басқарып тұратұғын мекемесіндегі Россия хүкім иелері басып шығарғанын және бұл ғылым иесі, парасатты қазақтың жазғандарына олардың рас жаны ашып, ықыласын қойғандарын» айтады [4]. Тағы да «Шоқан Уәлиханов өзінің Орта Азиядан жинаған халықтардың мінез-әдеттерін баян ететұғын ғылымдарға керекті нәрселердің көбін жаза алмастан кетті…»,-деп жазды [5].
Бұл айтылған пікірдің Шоқан дәстүріне адалдығын айтпағанның өзінде, қазақ зиялылары Ш.Уәлихановтың 1861 жылы Орыс География қоғамы жазбаларының үшінші кітабында жарияланған «Алты шәрдің немесе қытайдың Нянь-лу провинциясының шығыстағы алты қаласының жағдайы туралы» еңбегімен жете таныс болғанын байқатады [6].
«Дала уалаятының газетінде» бұдан басқа әдебиеттің даму жолы, тіл тазалығы, қазақ тілін орыс алфавитімен белгілеу мәселесі ерекше талас туғызды [7]. Шоқан мен Ыбырайдың идеясын жақтаушылар, әсіресе Дінмұхамед Сұлтанғазин (Шоқанның туысы) мен Асылқожа Құрманбаевтың мақалаларында айқын сипатқа ие болды. Д.Сұлтанғазин бұл тақырыпқа көлемді-көлемді, әрқайсысы газеттің екі нөміріне жарияланған «Біздің қазақ тілі турасында бес-алты сөз», «Қазақ тілінше жазу туралы» атты материалдарын арнады.
Қазақ тілінің басқа түркі тілдерінен өзіндік ерекшелігін саралай келіп Дінмұхамед қазақ тілінде араб, парсы тілінен енген сөздер бар, сол сөздерді қалай жазу керек деген мәселеге тоқталады. Шеттен кірген сөздерді қазақтың әдетінше жазу керек дейді. Мысалы, арабша «ғұлама» деп жазу керек, яғни қазақтар қалай сөйлесе, солай жазу керектігін айтты [8].
«Басқалардың істеген ісін меңгеруде және олармен қатарласып жүру үшін барлық мүмкіншіліктерді пайдалану керек. Бұл жәйтті «Дала уалаяты газетінің» құрылғандығынан-ақ байқауға болады [9]. Сөз жоқ, көшпелі халықтардың көпшілігі газеттің қаншалықты пайдалы екендігін жақсы білетін болды, әсіресе қазақтар. Барлық сауатты адамдардың, ақындардың, жыршылардың, қолынан хат жазу келетіндердің барлығының оқырмандардың санасын ояту үшін газет ісіне ат салысады деп сенеміз» деген ой білдірді одан әрі Д.Сұлтанғазин өзінің «Кейінгінің қамын ойлап жазылған ақыл» атты мақаласында [10].
Бұл үндеудің нәтижесін Мәтен Ботбаев пен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің айтысынан, ескі өлең-жыр, аңыз-ертегілерді редакцияға жіберіп отырушылардың хаттарынан көруге болады.
«Дала уалаятының газетінде» жоғарыда аталған Д.Сұлтанғазинмен қатар көрінген, онымен идеялық көзқарасы сәйкес келген көрнекті публицистердің бірі – Асылқожа Құрманбаев еді.
Қазақ ағартушылары өз халқына көшпенділік тұрмыстан отырықшылыққа ауысудың барынша қажеттігін айтқан болатын. Осы орайда Ы.Алтынсариннің де «Оренбургский листок» газетінде отырықшылық, егіншілікпен айналысу жайында бірқыдыру материалдары жарияланғаны мәлім. Сондай-ақ, «Қыпшақ Сейтқұл» әңгімесінде де осы егіншілікпен айналысу мәселесіне тоқталады. Осы тақырып «Түркістан уалаятының газетінде» де маңызды орын алған болатын. Ал, А.Құрманбаевтың осы мәселеге арнап жазып «Дала уалаятының газетінде» жариялатқан шығармалары, қыр қазақтарына нақты кеңестер беріп, егіншілікпен айналысу, кездейсоқ жұтқа, не ашаршылыққа мойынсұнбайтындығын, әрі шаруалар арасында ынтымақшылдық пайда болып, үстем тап өкілдерінің қоқан-лоқысына тегеурінді қарсылық көрсетуге мүмкіншілік туатындығы жайлы мәселелерге арналды.
Ы.Алтынсарин дәстүрі мен «Дала уалаятының газетін» сөз еткенде біз Ыбырай дәстүрін мықтап ұстанған Рақымжан Дүйсенбаев есімін атамай кете алмаймыз. Ол «Қызылжарда деп қазақ газетінің тоғызыншы нөміріне басылған хатқа жауап» атты мақаласында [11] көшпенділіктің құрсауындағы ұлттық артта қалушылықты сынап, егіншілікпен, қолөнермен айналысу туралы мәселе көтерсе, «Қаріп турасының сөзі» мақаласында қазақ тілінің тазалығын проблема етіп көтереді.
«Дала уалаятының газетінде» ең өнімді еңбек еткен тілшілердің бірі – Қорабай Жапанов. Оның мұнда 17 материалы жарық көрген. Қ.Жапанов басылымда Ыбырай, Абай дәстүрін публицистикалық тұрғыдан жалғастырушылардың бірі болды деп мақтанышпен айта аламыз. Ол партияға бөлінген жікшілдік, ру таласы туралы, егін шаруашылығымен айналысу, қазақ даласына капиталистік қатынастардың кіре бастауы, теміржол құрылысының пайдалылығын, сот, әкімшілік мәселелері, оқу-ағарту және медицина мәселелері туралы қадау-қадау проблемаларды қаламының ұшына іліктірді.
Қазан төңкерісіне дейінгі ағартушылар тобының ірі өкілдерінің бірі – Мәшһүр Жүсіп Көпеев еді. Оның жазғандарының үлкен қоғамдық сипаты болды. М.Ж.Көпеев бізге негізінен ақын ретінде белгілі. М.Ж.Көпеев философ жөнінде Қ.Бисембиевтің монографияларында егжей-тегжейлі зерттелген. Енді ол публицист ретінде әлі де болса зерттей түсуді қажет ететін сияқты. Себебі, оның тек «Дала уалаятының газеті» мен «Айқап» журналында ғана жиырмадан астам дүниелері жарияланған. Осыншама еңбектің тең жарымы мақала, очерк, корреспонденция екен.
М.Ж.Көпеевтің «Дала уалаятының газетіне» үлкен ықпалы болған. Ол «Баянауылдан» [12] деген мақаласында Баянауылдағы ел басқару мәселесін айта келіп, «Дала уалаяты газетінің» маңызына былай деп тоқталады: «Біз газетке бір-бірімізді жаңа мәліметтермен, шындықты ашып көрсететін деректермен толықтыратын материалдар ұсынуымыз керек. Осындай жолмен газетімізді дамытуға ұмтыла отырып және металдарды керексіз қоспасынан арылтқан сияқты шындық пен өтірікті шендестіре отырып, біз ақыл-ойдың абзал қасиетінің салтанат құруын жеделдетуге тиіспіз» [13].
Қазақ тілінің грамматикасы мәселесіне арнап ол «Түрік лұғаты журналындағы сөзге» атты сын мақала жазды. Онда араб-парсы тілдерінен енген кірме сөздердің қалай жазылуы керектігін айта келіп, қазақ тілін көздің қарашығындай сақтау керек деп қорытады. «Әгәр араб-парсы әдісімен жазар болсақ, онда біздің сезіміміз халық үшін жетімсіз әрі пайдасыз болар еді. Міне, сондықтан да біз таза қазақ тілімен жазуымыз керек».
Патша өкіметінің қатал цензурасы өз тарапынан жария түрде шыққан газетте әлбетте, өзіне қарсы пікірлерге жол бермейді. Осы қысымшылық «Дала уалаятының газеті» қызметкерлеріне, тілшілерінің еркін көсілуіне, өз ойларын ашық және айқын білдіруіне мүмкіншілік туғызбады. Осындай жағдайға қарамастан «Найманның жеті атасынан билік үзілмегендерді баян қыламыз» деген Демеубай ақынның өлеңін сынауы Мәшһүр Жүсіптің бұқара халықтың мұңын жоқтаған ақын, публицист екендігін шегелей түседі.
М.Ж.Көпеев әйел теңдігі мәселесіне біраз мақалаларын арнады. Оның өзіндік ой-пікір, тұжырымдарына таң қалмасқа болмайды. Қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлиханов қазақ қыздарының теңсіздігін үлкен әлеуметтік зиян деп тауып, одан құтылудың сол кезге сай жолын іздеген болатын. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ерекше сипат алған осы өзекті мәселеге ақын, жазушы, әдебиетші, публицистердің бәрі үн қосты.
Қазақ қыздарының тең хұқылыққа қолы жете бастауы, оларды оқыту мәселесі Ы.Алтынсарин тұсында біраз алға жылжыды. Ы.Алтынсариннің «Орынбор ведомствосы қырғыздарының құда түсу, қыз ұзату және өлген адамды жерлеу, оны еске түсіру ғұрпының очеркі» деп аталатын этнографиялық еңбегінде қазақ қыздарының феодалдық-рулық қатынастар мен надандыққа байланысты әдет-салттарының құрбаны болып келгенін ашына жазған болатын.
М.Ж.Көпеев Шоқан, Ыбырай еңбектерін қандай бір жағдайда болса да сөзсіз оқыған деп айта алмаймыз, бірақ қоғамдық жағдайдың өзі тудырған осы мәселенің төңірегіндегі олардың ой үндестігі байқалады.
Ұлы Абай қазақ қыздарының әр алуан ғажап бейнелерін жасаумен бірге, әйел теңсіздігін туғызып отырған феодалдық салт-сананы да аяусыз әшкерелеп, сынаған десек, М.Ж.Көпеевтің де осы мәселе жөнінде ұстанған бағыты Абай пікірімен төркіндес.
Мәшһүр Жүсіптің «Тұрмыс жайында болған хабарлар» [14] тақырыбымен жарияланған мақаласының педагогикалық маңызы ерекше дерлік. Мұнда негізінен әйел теңдігі мәселесі қозғалса да, соның төңірегінде тұрмыс жағдайының әлеуметтік сырына терең талдау жасалады. Білімді ерімен қатар әйелі де үйренуі керектігін, ақылды, білімді, әдепті әйелден туған баланың да жақсы болатынын, оның дұрыс тәрбиеленетінін, «адамның білгіш, өнерлі болуына әуелі ата-ананың жақсылығы себеп» екендігін, құда түсудің зияндылығын айтады.
«Дала уалаятының газетінде», «Айқап» журналында жарияланған, әр саланы қамтитын материалдарын оқи отырып, біз М.Ж.Көпеевтің өз кезеңінде қоғамдық өмірге белсене араласқанын аңғарамыз.
1869 жылдың 2-қаңтарында Орынбор және Сібір ведомствосына қарайтын территория қайта құрылып, Торғай облысы атала бастады. Құрамына 4 уезд, 28 болыс енген облыс сол кездегі Қазақстанның біраз жерін алып жатты.
Ал, 1879 жылы осы облыстың орталығы Орынбор қаласында облыстық басқарманың газет столы құрылып, оның ресми органы «Тургайские областные ведомости» газеті шыға бастады. 1895 жылдан бастап бұған қосымша «Тургайская газета» деген атпен ресми емес бөлімі басылып, ол 15 жылдай өмір сүрді. «Торғай газетінде» Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің өмір жолымен, қызметімен таныстыратын материалдар берілді.
«Торғай газеті» көпшілікке пайдалы, маңызды деген мәселелерді қазақ және араб әріптерімен теріп, оқырмандарына ұсынып отырды. Әсіресе, сол кездегі жұтқа, түрлі індетке байланысты хабарлар, қоғамдық қатынастарды сынайтын фельетондар, халық ауыз әдебиетінің үлгілері үлкен сұранысқа ие болды.
Орыс алфавитін икемдеп, таза қазақ тілінде материалдар жариялау баспасөз тарихында алғаш рет осы «Тургайская газетадан» басталды. Орынборда шығатын бұл баспасөз органына басшылық жасаған адам Торғай облыстық басқармасы газет столының бастығы Ғ.Балғымбаев болды.
Ғ.Балғымбаев туралы деректі толық болмаса да Қазақ совет энциклопедиясынан алуға болады. Оның журналистік қызметіне байланысты энциклопедияда «Торғай облыстық ведомстволары» газетінің редакторы (1902 жыл)»,- деген бір-ақ сөйлем жазылған[15].
Ғ.Балғымбаев тек әкімшілік жұмыспен ғана айналысып қоймай, өзі де газетке жиі мақалалар жазып тұрған. Сонымен қатар қазақ тіліндегі материалдарды орыс газеттеріне аударып беріп отырған.
Ғ.Балғымбаевтың публицистикалық қызметі «Тургайская газетаның» 1895 жылғы 45-нөмірінде «Қарабұтақтағы қыздардың орыс-қазақ училищесінің ашылуы» мақаласынан басталады.
Осы басылымның 1904 жылғы 48-нөмірінен бастап «Қырғыз тұрмысының очерктері» деген қосалқы тақырыпшамен жарияланған «Бесіктен молаға дейін» фельетоны көшпелі қазақ халқының денсаулық сақтау ісіндегі кемшіліктерді өлтіре сынап, олардың тұрмысы мен әдет-ғұрпының тозығы жеткен көлеңке жақтарын әшкереледі.
1941 жылы жазып қалдырған естелігінде Ғ.Балғымбаев, Ы.Алтынсарин туралы қызықты, тың дерктер береді. Ол Ы.Алтынсариннің бай кітапханасы және онда Ш.Уәлиханов шығармалары бар жинақтың болғанын айтады. Сондай-ақ, Ы.Алтынсариннің «Оренбургский листок» газетінде «Қазақтың қайғысы» («Горе киргиза») атты мақаласы 1879-1880 жылдардың аралығында басылғандығын еске алады. Әрі осы материалдың зерттеушілердің назарына ілікпей келе жатқандығына өкініш білдіреді.
Орынборда 1887 жылдан 1917 жылға дейін бірден-бір үлкен ғылыми мекеме – Орынбор ғылыми Архив комиссиясы өмір сүрді және сол аралықта өздерінің 35 томдық еңбектерін жарыққа шығарды. Бұл – кезінде Ресейдің барлық ғылыми орталықтарымен толық байланыста болған, соның ішінде Орыс География қоғамымен тікелей қатынас жасасып, өте бай кітапханасы жасақталған мекеме болатын. Сондықтан да белгілі ғалымдар, журналистер, баспасөз қызметкерлері осы ғылыми ошақтың төңірегінен табылатын.
Қазақ халқының арасынан Ғ.Балғымбаев осы комиссияның (қоғамның) толық мүшесі болды. Жоғарыда аталған 30 том еңбектің бір томы тұтастай Орынбор баспасөзінің тарихына арналды. Комисссия сондай-ақ 1917 жылы жарық көрген соңғы шығармаларының бірін Орынбордағы оқу-ағарту, баспа, баспасөз ісіне бағыттады. Осы кітапта Ы.Алтынсариннің педагогтік қызметі өте жоғары бағаланды. Ең бастысы, комиссия еңбектерінің жартысынан астамы дерлік қазақ халқының мәдениет ескерткіштерін зерттеуге арналған. Мұнда Ғ.Балғымбаевтың ұсынысымен шағатай тілінен орысшаға тәржімаланған «Ақсақ Темір туралы аңыз» басылған.
Достарыңызбен бөлісу: |