1.16 Қазақ жастарының көсемі (Ғани Мұратбаев)
Ғани Мұратбаев 1902 жылдың 3 – маусымында Қызылорда облысының Қазалы ауданында, қазіргі өз атымен аталатын ауылда туған. Жоқшылықпен күн кешкен әкесі ерте қаза тауып, Ғани төрт жасында жетім қалады. Шешесі Батима көп ұзамай қалаға келіп Ғанибай деген көпестің үй қызметін атқарып, ұлы мен қызын асырайды. Кісі есігінің бар бейнеті мен азабын тартқан Батима балаларынан ғана жұбаныш табады, тек солар қор болмай, адам қатарына қосылса деп тілейді. Сол ниетпен ол бес жылдай байға да бәйбішеге де есепсіз еңбегін өткізіп, 1911 жылы тоғыздағы баласын қалалық 4 – кластық орыс мектебіне түсіреді. Бұл бала Ғанидың жаңа өмірінің басы еді.
Ғани шөлдеп келіп, мөлдір бұлаққа тап болғандай, кітаптан бас алмай оқып, көп ұзамай үздік шәкірттер қатарына қосылады. Мектебін мақтаумен бітіріп, дүние жүзілік бірінші соғыс тұсында қалалық мұғалімдер училищесіне түседі. Ащы мен тұщыны ерте ажыраттырған өмір, мектептен алған білім, астыртын тараған революциялық әдебиеттер елеңдетіп жүргенде, 1916 жылғы қазақ халқының азаттық көтерілісі бұрқ етеді. Осы көтерілісте келесі жылы патшаны тақтан құлатқан Ақпан төңкерісі де Ғанидың көзін ашып, саяси сезімін оятады. Оның үстіне Түркістан өлкесінің батысындағы Қазалыға Орталық Россиядан жер аударылған революционелердің бір тобы жиналған еді.
1906 жылдан Н. Шумилов, 1909 жылдан А. Першин сияқты белгілі большивиктер болып, жергілікті жұмысшылар арасында едәуір жұмыс тындырды. Прогресші, демократияшы мұғалімдермен, жас теміржолшылармен жақындасып жүрген Ғани, бұл тұста большивиктер ықпалында болып, митингілерге қатысып жүреді. Қазан төңкерісі кезінде Қазақстан мен Орта Азияның басқа аудандарына қарағанда Қазалыда, Ақмешітте революция бұрынырақ жетеді. Ғани бұл тұста Эр. Новицкий, И. Вишновский, Ф. Бакиров, Қ. Құятов сынды большевиктердің тапсырмаларын орындап, әлінше төңкерісті жақтап шығады. Осы кездерде жаңа нұсқаулар мен декреттерді түсіндіріп жүргенде, күтпеген бақытсыздыққа тап болады. 1918 жылғы ашаршылық пен жұқпалы аурулар алдымен шешесі Батима, оның күйігі басылар басылмастан қарындасы Күлбаршын дүниеден кетеді. Ол тым қайғылы тым ауыр күйлерді басынан кешіреді, халық бақытсыздығының күнәкәрларына кегі күшейеді.
Ғани Мұратбаев өмірінің екінші кезеңі Ташкент қаласымен байланысты. Үгіт – насихат жұмысында көзге түскен жас 1918 жылдың ақырында оқуға аттанады. Сол жолы сапарлас болған комсомолдың бұрынғы қызметкері Ғ. Насурлин : «1918 жылдың аяқ кезінде мен Ғани Мұратбаевпен бірге Ташкент қаласына келдім. Сонда оқуға түстім кейін комсомол қатарына өттім» дейді.
1918 жылдың 30 қарашасында партия комитетінде устав қабылдап, басқарма сайлаған Ташкент жастары одағының алғашқы ұйымдастыру жиналысын өткізеді. Онда одақ басқармасының төрағасы боп Гаврилов сайланады. Көп өтпей партия ұйымының инициативасымен Ташкент еңбекші жастары социалистік одағының тілі ретінде «Жас еңбекші» («Юнный труженик») атты журналы шыға бастайды. М. С. Кочуринер оның редакторы болады.
1918 жылдың ақырында Түркістан республикасында 1950 адамды қамтыған жастардың 11 ұйымы болады. Көп ұлттық тағдырын тоғыстырған, өскелең мәдениеттің, тамаша революциялық дәстүрдің ордасы болған үлкен қала тумасынан талантты жігітті тез өсіреді.Ол, әсіресе, 1918 жылдан бастап, Ташкент ұйымы жұмысына араласады. Бұған белсене қатысқаны сонша, 1919 – 1920 жылдары істес болған, не көмегін көрген жастардың көпшілігі оны сол кездің ірі қызметкерлеріне теңеп, оқушы екенін білгенде сене бермеуші еді.
Қызмет бабында қазақ пен қырғыздың, орыс пен өзбектің, тәжік пен түркіменнің көптеген тамаша тағдырлы, озат ойлы адамдарымен кездеседі. В. Колчин, С. Сапарбеков, Ә.Ақбаев, Ш. Забиров, К. Акимов, Ж. Абдырахманов, Н. Фокин, Т. Жұмабаев, Ш. Жармухамедов, М. Төлепов, Е. Алдоңғаров, С. Есова, С. Нұрпейісов тағы басқаларымен бірге қызметтес, таныс болады.
1920 жылы көктемде Алматыдағы қысқа мерзімді оқытушылар дайындайтын курсқа кіріп, бірақ ел әдебиетін жинайтын комиссиямен бірге Қапал, Лепсі жаққа кетіп бітіре алмаған кейін, Ташкентте оқып жүріп, І. Жансүгіровпен бірге жастардың алғашқы газетін шығарысып, өлеңдерін жариялайды. Ол осы орайда сол кездегі жастар баспасөзінің бірі – «Жас қайрат» газетін шығаруға, жас журналисттерді тәрбиелеуге көп күш салды. Бұл туралы Ғанидың замандасы, қазақ әйелдерінің арасынан шыққан белгілі қайраткер Сара Есова : «Қандай бір тапсырма болмасын Ғани бізбен ақылдасып, оны қалай орындау жөнінде ақыл кеңес беріп отыратын. Бірде Ғани маған осы журналист болуға икемің бар баспасөз қызметіне ауыссаң қалай болар екен деді, шынында да мен ақылшы ағаның айтқан мамандығын тез меңгеріп кеттім. Әуелгі кезде газеттерде, кейін республикалық «Әйел теңдігі» журналында редактор болып қызмет істедім «, деп еске алады.
1921 жылдың шілде айында Ғани, Қазақстан комсомолының тұңғыш съезіне қатысады. Съез материалдарынан, С. Есованың «Жас қайратта» жазған есебінен, съез делегаты Әмір Ипмағамбетовтың айтуынша Ғани С. Доми, М. Төлепов, Е. Алдоңғаров сынды азаматтармен күш қосып көп істер тындырады. Осы Орынбор съезіненен кейін көп ұзамай тамыз айында Түркістен комсомолының үшінші съезі болады. Бұл съезде комсомолдың саяси көпшілік жұмысын күшейту жайын түбегейлі әңгімелеп, алға жаңа міндеттер қойып өрлеу үстінде өткен Түркістан комсомолының бұл съезі Ғани Мұратбаевты орталық комитетке хатшы етіп сайлайды.
1920-1923 жылдары Ташкенте бір талай жерде панасыз жетім балалар үйі ашылады. Ғани сол жетім балалар арасына кезек-кезек жиі келіп, олардын арасында сөз сөйлеп, баяндамалар жасап, ұдайы әңгіме өткізіп тұрады. Еңбекші жастардың оқып, білім алып, жетілуіне Ғани Мұратбаев бар күшін салады. Ол бір жолдасына 1920 жылы жазған хатында : ғылымсыз-оқусыз еш нәрседе болмайды екен, биыл қаратабан кедей жастардан 500 баланы оқу орындарына орналастырсам деп жүрмін, - дейді. Өзінің еңбекші жастарды тәрбиелеуге, олардын білім алуына барынша көмектескісі келетінін айтып, мұны алдағы мақсаты етіп қояды.
Ғани : Балалар оқуы керек, совет дұшпандарын оқығанда ғана біржолата жеңеміз, жастар біздің жұртшылығымыздың болашағы, келешектің қожасы. Алдымызда асқар таудай келер қиын-қиын істер бар, оған біз даяр болуымыз керек, - деп жастарды білім алуға үгіттейді. 1921 жылы Ғани Мұратбаев жастарды тәрбиелеу, олардың арасында саяси жұмыстар жүргізу үшін Ташкенте тұңғыш жастар газетің ұйымдастыруға кірісті, сол жөнінде тиісті партия одақтарының алдына мәселе қойып, ақыры газет шығару жөнінде рұқсат алып, дегеніне жетеді. Ол газет «Жас алаш» деген атпен шығады. Заманға қожа болудың, тұрмысқа тұтқа болудың кілті бірігіп ұйымдасуда; ұйымдасыңдар езілген күншығыс жастары, большевиктер туы астында – деп Ғани Орта Азия және Қазақстан жастарын болашақ үшін күреске шақырды. Бұл газеттің алғашқы ұйымдастыру инициативасын алған да, редакторы да Мұратбаевтың өзі болды. Бұл газет Түркістан республикасы жастарының сол кезде Түркістанның құрамында болған Жетісу мен Сырдария облыстары жастарының арасында ғана емес, Қазақ АССР – нің жастары арасында да көптеп тарап тұрды.
Сол кезде 1921 жылы жастар газетінің екінші нөмерінде Ғ. Мұратбаевтың Жетісу жастары туралы мақаласы басылады. Онда, отаршылдардың, байлардың талай әйелдерді күң қылып, отын алдырып, тезек тергізіп, мал баққызғаны да анық : қолдан келгенше халықтың арасына кіріп, жастар ұйымдарын ашып, байлардың есігінде жүрген қазақ, қырғыз әйел жастарын жинап, оларды оқу орындарына кіргізу керек, жаздыкүні Жетісуға барып осы айтылған жұмыстарды істеуіміз керек, еңбекші халықтың бізді оқытып күткен үмітін ақтамай қалғанымыз жарамсыз болар, - деп жастардың алдына нақты мәселе қойып, міндетін түсіндіреді.
Ғ. Мұратбаев өкіметтің әйел теңдігі туралы нұсқауларын жүзеге асыру ісіне көп көңіл бөледі. Сол кезеңде артта қалған, қараңғы қазақ қыз – келіншектерінің бақытын көксеп, әйелдер мәселесіне үнемі назар аударып отырады. Қыз – келіншектер қызметке кіріп, оқуға орналаса бастаған алғашқы кезде Ғ.Мұратбаев : міне, қазір бірінші келген қарлығаштарды көріп отырмыз, біз он жылдан кейің қыз-келіншектер ісі нығайып, оның көркейгенің көрсек, шығыс әйелдерінің байлаудан босанып, елмен бірдей үлгі жолда болғанын да көреміз, - деп қуанады.
Қазан төңкерісіне байланысты, газетке «Жетісу мәселесі «деген саясат тақырыбына арналған бет ашады. Бұған Ғанидің нұсқалы мақаласы жарық көреді. Жетісуға арналған мақаласында жолшылар қозғалысына қуанып жастарға демесін беріп, көңілі көтеріліп жазады. «Жетісу мәселесі» шешілсе, қазақ-қырғыз енбекшілерінің тағдыры шешілмек дейді Ғани.
Ғани сол кездері «Ақ жол» газетіне де араласып, жастар жайындағы мақаласы басылып тұрды. 1922 жылдың көктемгі санында Ғанидің «Ақ жол» газетінде «Зиялы» деген мақаласы шығады.
«Еңбекші қазақ» газетінің 276 санында 1925 жылдың 12 – қаңтарында «Артық етем деп, тыртық ету «жараспайды» деген бір топ жолдастарымен жазған мақаласы жарық көреді. Ол «Ақ жол» газетінің бір санында жастар туралы бас мақалада, жастардың міндеті жаңылыс түсіндірілгеніне қарсы сын мақала еді.
Ғани Мұратбаев 1925 жылы, 15 – сәуір күні Мосва қаласында, 23 жасында өкпе ауруынан қайтыс болады.
1.17 Алты алаштың ардақтысы (Мұстафа Шоқай)
Тағдыр тәлкегіне ұшырап ел арасында мемлекет тарапынан өзіндік орын ала алмай жүрген жандар : билер, батырлар, қайраткерлер төл тарихнамада баршылық. Солардың бірі – тек қазақ қана емес, бүкіл түркі халықтарының ортақ қайраткері, саясаткер, публицист, журналист Мұстафа Шоқай. Оның төл тарихнамадан өзіндік орын ала алмай, көп қағажу көруіне бірден – бір басты себеп М. Шоқаевтың кеңес өкіметі орнағаннан кейін басқа «Алашорда» қайраткерлеріндей Қазақстанда қалып қоймай, шетелге кетіп қалуы, сонда жүріп кеңестік сұрқия саясатқа қарсы күресін тоқтатпауы. Әсіресе бұрынғы кеңес одағы тарихшыларының көбі оны кеңес – герман соғысы кезінде фашизммен одақтасып кетті деп жазғырады. Мұндай пікірдің тууына бірлі жарым іліктер де жоқ емес. Егер М. Шоқаевтың өмірбаяны,еңбектері толық зерттенсе мұндайды айтып жүрген адамдардың аузына құм құйылуы да ғажап емес. Оның архиві тек Парижде ғана сақталғандықтан, еңбектерінің басым көпшілігі туған топырағына жетпегендіктен, оны алғызып, зерттеуге ешкім білек сыбанып кіріспегендіктен бұл іс ілгерілмей отыр.
Қазіргі күнде біз Мұстафаның екі еңбегімен таныспыз. Оның бірі «Советтер қол астындағы Түркістан. Пролетариат диктатурасына сипаттама» деген кітабы. Ол 1928 жылы француз тілінде, ал 1935 жылы толықтырылып орыс тілінде Парижде жарық көреді. Кітап 1935 жылы Оксфордта қайта басылуы арқылы қазақстандықтардың қолына тиді.
М. Шоқаевтың бұл шағын еңбегінің үлкен халықаралық маңызы болғанын ерекше атап өтуіміз керек. Онда Кеңес дәуіріндегі Қазақстан мен Орта Азия халықтарының саяси, экономикалық, мәдени өмірі объективті түрде сыни тұрғыдан айқын сипаттайды және Кеңес баспасөзі материалдарына сүйене отырып айтылады. Сондықтан да Түркістандағы кеңес үкіметінің отаршылық, шовинистік, тоталитарлық сипаты, пролетариат диктатурасының мұнда халықтар жүрегінен орын таппағаны ап – анық, үлкен шеберлікпен, отты тілмен дәлелденген. Кітаптың шетелдерде таралуы да осыдан. Ондағы ғалымдар да, эмигранттар да М. Шоқаевты нағыз демократ, адал публицист деп таныды.
Советтік басқыншылардың Тифилис қаласына кіруіне байланысты 1921 жылдың ақпан айында Мұстафа кемемен Түркияға өтеді. Түркияда көп аялдамай Францияға сапар шегеді. 1929 жылдың желтоқсан айында Парижде тұрып, Германия астанасы Берлиннен әйгілі «Жас Түркістан» журналын шығара бастайды. Ай сайын үздіксіз түрде 1939 жылдың тамыз айына дейін 117 саны шыққан сол журналда Мұстафаның қыруар тақырыпта жазылған, әлі де құндылығын жоймаған көптеген мақалалары басылды [94]. Ол оны өз атымен, басқа да бүркеншік аттармен шығарды. Сонымен қатар Францияның «Ориент ит оккидентт», Англяның «Ақиатис ревиев», Польшаның «Восход» журналында, сондай – ақ Парижде шығатын «Лараввиде Прометкес» журналында да көп еңбектері жарияланды.
Мұстафа сонымен қатар кейбір шетелдіктердің Түркістан жөнінде жазған кітаптарына да көмектескен. Ол тек мақалалар жазумен ғана шектелмей, 1928 жылы Парижде «Шезлес совиете онд Азия Сентранс» деген кітапты французша, 1935 жылы «Түркістан советтік әкімшілік астында», «1937 жылы, 1917 жылы естеліктерінен үзінділер» деген кітаптарды шығарды. Ол тек кітап, мақалалар жазумен қалмай, туған халқының ұлттық тәуелсіздігінің жолындағы күресті басқа да тәсілдермен жүргізудің шарасын қарастырды [95].
Мәселен, халықаралық конференцияларға қатысу, тым болмағанда сол форумдарға хаттар жіберу, қатыса алса өзі сөйлеп, соларда ол жеке Түркістан халқының ғана емес, бүкіл түрік тұқымды барлық халықтардың дауын даулап, жоғын жоқтады,мүддесін қорғады. Ол хаттар жіберумен де шектелмеген. Париж, Варшава, Берлин қалаларындағы түрлі жиналыстарында орыс пен қытай қол астындағы Батыс пен Шығыс Түркістан туралы лекциялар оқиды.
Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін кеңестік режим туралы шет елдерде шыққан еңбектердің арасында М. Шоқаевтың бұл кітаптың шоқтығы биік тұр. Кеңес басшыларының өзі қарсы дәлел таппағанынан кейін Мұстафаны өзіне ата жау деп таныды. Өйткені ол пролетариат диктатурасының шын мәнін ашып берді. Ол Сталиннің де аузынан түскен жоқ. Кеңес идеологтары ашық жала жабудан басқа амал таппаса керек. Осыған байланысты М. Шоқаев 1941 жылы : «Туған жерімдегі халқымның рухани ахуалы туралы жазғандарым дұрыс па, бұрыс па, соны да білгім келді. Мен қазір солардан алыстамын. Айтып отырған жорамалдарымды да советтік баспада жарияланған материалдарға сүйеніп айтып отырмын. Менің журналымның ол жерлерге де ұласқанын, ол жердегілердің маған тіс қайрап отырғанын да білемін. Тістерін қайрағандарына қарағанда жанды жерлеріне тиіп кеткен болса керек» [96], – деп жазды.
М. Шоқаев сондай – ақ, 1917 жылы Ташкентте жарияланған «Ұлұғ Түркістан» газетінің басты авторларының бірі [97]. Ал, 1918 жылы басылған орыс тіліндегі «Сбоводный Туркестан» газеті де Мұстафа жинаған қаржымен жарияланған.
Мұстафа халықтың тіршілігіне әмбеге әйгіленетін журнал – газет ұйымдастыруға, шығаруға қатысады. Ол Мәскеу, Ташкент, Алматы, Орынборда басылатын большевиктік газет – журналдардан алынған нақты мысалдар мен деректер Парижде, Берлинде, Лондон, Варшавада жарияланып жатты. Әйткенмен оның жолы өзінің төл перзенттері Стамбулда шыққан. «Жаңа Түркістан», Берлинде шыққан «Жас Түркістан», басқа қалаларда шығып жатқан газеттерді тоқтатпаған. Орыс императорылық қоғамының «Азиатское ревью» хабаршыларының жарияланымдарына белсене жәрдем жасайды. Сөйтіп, ол Батыс елдерінде ғана емес, сонымен қатар Түркия, Қытай, Америкада жүрген эмигранттардың айтулы көсеміне айналды. «Ойы мен ісіндегі табан тірер тұғырының беріктігі мен бекемдігі мосқал тарта қоймаған жастығына қарамастан, оны қалың елдің батагөйі дәрежесіне дейін көтерді», - деп жазды Тахир Шағатай.
Мұстафаның ең маңызды майданы - тіпті қас дұшпандардың бойында өзіне деген құрметтеушілік, тіпті кей кезде іштартушылық сезімін туғызатын асқақ абзалдың қасиетінен байқалады [98].
1918 жылы Қоқан автономиясы советтік қызыл қосындар жағынан қару күшімен құлатылғанынан кейін Мұстафаға жан сауғалап қашуға тура келді. 1919 жылы Қашқарияға барады. Сол кездегі тәуелсіз Грузияның астанасы Тифлис қаласында тұрып, туған елінің ұлттық тәуелсіздігі үшін күресін жалғастырады. Баспасөзге де, өз айтуы бойынша да, Біртұтас Түркістан Республикалары туралы да көптеген мақалалар жазды. Оның сол мақалалары «Вольное горцы» апталығында және түркістандықтар мен украиндықтар бірлесе отырып шығарған «На рубеже» атты журналда басылған. Сол мақалаларды өз атымен және М. Жаной, Жәлил деген бүркеншік аттармен де жариялаған [99].
Ал 1920 жылы Солтүстік Қапқазияның ұлттық ұйымы мен Түркістан ұлттық орталығы бірлесе отырып онда «Жаңа дүние» деген газет шығарады. Мұнда сонымен қатар М. Шоқаевтың редакторлығымен «Шафақ» - «Таңсәрі» атты екінші бір басылым да жарық көреді. Бұл газеттерде жеке Түркістан мен қапқазия мәселелері ғана емес, сол кездегі жан – жақты жасалған шетелдік басқыншылардың шабуылына қарсы күресуші Түркиядағы Мұстафа Кемел жетекшілік еткен «Хуртудуш – кутылу соғысына» да тілектестік білдіріп тұрған – ды.
Мұстафа Түркістан мәселесін түрлі төңіректердің әрқилы мақсатпен «Батыс Түркістан», «Шығыс Түркістан» немесе «Орыс Түркістаны «, «Қытай Түркістаны» деп бөле қарауына да қосылмады. Ол сонау отызыншы жылдарға қарбалас кезеңде Қытай қол астындағы Шығыс Түркістан мәселесімен де ұдайы шұғылданды. 1930 жылы Шығыс Түркістанда болған көтеріліске байланысты «Жас Түркістанда» құндылығын әлі жоймаған көптеген мақала, еңбектер жариялады.
Ол өзінің Түркістан жастары алдында сөйлеген сөзінде : «Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мақсат. Түрік халқы – батыр халық. Түрік халқы – арыстан, ер халық.
Кімнен таяқ жегендей
Біздің түрік баласы
Адырап жүрген дұшпанға
Аузының аласы.
– Бұл нақыл сөзді ұмытпауымыз керек», - деп үндеу тастады.
Қазақстанда ұжымдастыру және аштық туралы «Кеңестер билеген Түркістан» атты еңбегінде Мұстафа Кеңес өкіметінің Қазақстанда жүргізіп отырған саясатын былай деп көрсетеді : «өкімет өкілдері өздерінің орыстарын қорғауды, оларды жақсылап тамақтандыруды, жақсы киіндіруді, өз үйлерін бөтен біреудің жібек матасымен және басқа да қымбат бұйымдар мен безендіруді ғана біледі. Ал біздерге, мұсылмандарға не істеді? Тамақтандырды ма? Жоқ. Егер киіндірсе кедейлер жалаң аяқ жүрер ме еді. Егер тамақтандырса мыңдап, он мыңдап аштан өлмес те еді» [100].
«Қазақ кедейлерінің қасіреті мен Совет үкіметі арамқылығын түсіну үшін,- деп жазды. Мұстафа,- патшалық құрылыс қазақ халқынан орыс қоныстарына 40 мың тақтадай шұрайлы жер тартып алғанын, ал Кеңес үкіметіндегі ұлт – азаттық төңкеріс артынан «әлеуметтік төңкерісшіл пролетариат атынан» құлдыраған құрылыстың жер жөніндегі әділетсіздігі түзетіледі, қайтарылады, бұдан былай қарай қазақ жерлеріне қоныс аударушылар жіберілмейді» деп уағда берген болу керек», - деп ашық айтады.
Ал, М. Шоқаевтың шетелдердегі ізбасарлары туралы сөз қозғасақ алдымен доктор Әбдулақап Оқтайдың атын атамай өту мүмкін емес. Екеуі де Мұстафаның нұсқауымен Берлинде «Жас Түркістан «журналын шығарып тұрды. Мұстафа қайтыс болғаннан кейін «Жас Түркістан «басылымдары атымен Түркияда 22 кітап шығарды.
1.18 Елім деп өткен бір бейне (Смағұл Садуақасов)
Тарихта аты қалған,еліне еңбегі сіңген елеулі, көрнекті қайраткер Смағұл Садуақасов 1900 жылы дүниеге келіп, 1933 жылы қайтыс болады, осы аз ғана ғұмырының өзінде ол артына көптеген өшпес мұра қалдырып, қоғамның саяси қайраткері, журналист ретінде көптеген игі істер атқарады. Бір өкініштісі,ұзақ жылдар бойына С.Садуақасов «алашордашыл»,»ұлтшыл»деп қараланып,оған тарихтан лайықты бағасы берілмей келді, кейінгі жас ұрпақ оның қызметін, кім екендігін білмей келді десе де болады.
Смағұлдың мемлекеттік және қоғамдық қызметі туралы кеңес дәуіріндегі көзқараспен біржақты баға берілуінің салдарынан,оның әдеби мұралары да жан-жақты, жөнді зерттелмеді. Сөйтіп,тотаритарлық жүйе саясатының әсерімнен оның қазақ жастарының тұңғыш ұйымы «Бірлік» пен оның бағытын жалғастырған «Жас азаматтағы», «Алашорданың» облыстық комитетін құрудағы еңбектері көлеңкеде қалып келді,оның үстіне Сібір төңкеріс комитетіндегі (1920), Кеңестік Күншығыс ұлттары жастарының орталық бюросындағы (1920), Қазақ Автономиялы Республикасының Жастар Одағындағы (1920), Қазақ ОАК-індегі (1920—1921), Бүкілресейлік ОАК-індегі /1920-1921/, Семей губерниялық төңкеріс комитетіндегі (1921), Қазақ ОАК-нің Түркістан Автономиялы республикасындағы өкілдігіндегі (1921), Қазақ Автономиялы Республикасы жоспарлау комиссиясындағы (1923-1924), Халық ағарту комиссариатындағы (1925-1927) жауапты да жетекші қызметтері де дұрыс бағаланбай келді.
Ол жайлы ғылыми, әдеби еңбектер де жоқтың қасы. А. Байтұрсынұлы, Т. Шонайұлы, Б. Кенжебайұлылар С. Садуақасовты сыншы,жазушы, публицист ретіндегі еңбектерін шығарма-мақалаларында жоғары бағалап жатса, Ғ. Тоғжанов, С. Мұқанов, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Ә. Тәжібаев, т.б. еңбектерінде ол өлгеннен кейін,тіпті көзі тірісінде-ақ «ұлтшыл-байшыл әдебиетші» деп сынайды.
С. Садуақасов жайлы қайта құру кезеңінде ғана ашық айтылып,оның қызметі мен еңбектерінің әділ бағасы беріле бастады.Осы орайда баспасөз бетінде Б. Қойшыбаевтың «Қайраткер Садуақасов», «Тұңғыштар тұғырынан орын алған», М.Қойгелдиевтің «Сәдуақастың Смағұлы» секілді басқа да көптеген мақалалары мен зерттеу еңбектері жарық көрді. С. Садуақасов туралы көп деректер жинап, жете зерттеп,осы атпен кітап шығарған Д. Қамзабекұлының да еңбегі зор.
С. Садуақасовтың журналист, сыншы, редактор (бірнеше газеттің редакторы болған) ретінде көптеген әдеби-жазба мұралар қалғаны белгілі, бірақ олары әлі түгел жинақталып біткен жоқ. Негізінен оның шығармаларының басылған хронологиялық уақыты 1918-1928 жылдар аралығы деп есептейді. Өйткені, қолымызда оның осы жылдар көлемінде жазылған мақалалары ғана сақталған. Бұған қарап,бұл жылдарға дейін,немесе кейін С.Садуақасов түк жазбады деген ой түюге болмайды.Себебі,ол 1916 жылдан-ақ өзінің азаматтық пайым, эстетикалық түсінігін қалыптастырып алғашқы шығармаларын «Балапанда» ұштап жаза бастаған. Сол сияқты Мәскеуде болған 1928-1932 жылдары да Смағұлдың түк жазбай қоюы мүмкін емес.
Сонымен оның шығармашылық жолына зер салып қарап өтелік. 1916 жылы ол Омбы ауыл шаруашылық училищесіне оқуға түседі. Осы жылдан бастап ол көкейіндегісін қағазға түсіріп,жазу-сызумен әуестене бастайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей оның қаламын ұштаған Омбыдағы қазақ жастары құрған «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымының «Балапан» журналы болатын.
С. Садуақасов кейін «Жастарға жаңа жол» мақаласында ұйымның мақсаты «қазақ халқын мәдени Һәм әдеби жағынан ілгері жылжытып қатардағы жұрттарға қосу, ұлтшылдық сезімін туғызу Һәм ұлтшылдықты сақтау», – деп жазады. Ал бірде-бір нөмірі қолда сақталмаған журнал бетінде жас алаштардың көркем шығармалары басылып тұрғанын айтады.
Ал 1918 жылы «Бірлік» ұйымының мүшелері бағытынан жаңылып,дағдарысқа ұшырғанда С. Садуақасов, Қ. Кемеңгеров сияқты өрімтал жастар көптеген қазақ жастарының басын қосып «Жас азамат» ұйымын құрады. Ұйымның «алтын идеалы,әулие – мақсұты, негізгі жолы ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» деп береді. Сұмағұл сондай-ақ «Жас азамат»газетіне де мақалалар жариялап тұрады. 1919 жылы Омбыдағы «Илитросибирь» кооперативтер бірлестігі одағында нұсқаушы болып жұмыс істей жүріп, осы ұйымның органы саналатын «Трудовая Сибирь» журналына орыс тілінде мақала, зерттеулер жазды.1920 жылы Сібір РКСМ-ы бюросының қазақ-татар секциясына жұмысқа алынып, қазақ тілінде Омбы қаласында шығатын «Еңбекші жастар» газетінде редакторлық етеді. Сол 1920 жылы Омбыда шығатын «Кедей сөзі» газетінің жауапты шығарушысы болады.Қазақ Автономиясын жариялаған жалпы қазақ кеңестерінің 1 сьезі (1920, қазанның 11-12) күндері «Ұшқын» газетінің ғылым және шаруашылық бөлімін басқарады. «Ұшқын» сьезден кейін «Еңбекші қазақ»деген атпен шыға бастағанда жауапты шығарушысы болады. Қазақ Автономиялы Республикасы құрылысымен мемлекеттік саяси баспа жанынан құрылған саяси және көркем әдебиеттерді сұрыптайтын комиссияға А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, Х. Болғанбаев, Ж. Аймауытов сынды азаматтармен бірге С. Садуақасұлы да кіреді. 1922 жылы жастардың «Өртең газетін шығаруға белсене араласады.
1923 жылы «Жас қазақ» журналының шығарушылар алқасының құрамына енеді де, 1924-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» журналының жауапты шығарушысы болады. 1925 – 1926 жылдары «Еңбекші қазақ» газетіне редакторлық етеді.
Байқап отырғанымыздай С. Садуақасовтың баспасөз тарихындағы алатын орны ерекше.Ол тіпті бірнеше қызметтерді қатар да атқара білген. Журналистік қызметінің өзі сан алуан. Мәселен,үкімет 1925 жылдың 15-19 сәуір аралығындағы сьезде «Еңбекші қазақ» газеті мен «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы Смағұлға театр құру ісімен айналысуды да тапсырды. Сондықтан оның шығармашылығында театр,оның жай-күйі, жаңа спектакльдер жайлы да сындар, мақалалар мол кездеседі.
Өткір ашық мәселелерді жазуына байланысты С. Садуақасовтың қоғамдық қызметтерінде де тұрақтылық болмаған.Осыған орай, 1927 жылы ол халық ағарту комиссары қызметінен «қызыл тілінің» арқасында түсіп қалып, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институттына ректор болып орналасады. Бірақ 1928 жылғы «О национальностях и националах» - деген мақаласынан кейін бұл қызметтен де шығып қалады.
Ақыры саяси қуғын-сүргіннен бас сауғалап Москваға барады да, сондағы теміржол құрылысы институттына түсіп оқиды. С. Садуақасовтың мақалалары-саясат, шаруашылық, ел ісі, мәдениет, әдебиет, өнер, тарих секілді түрлі тақырыптарды қамтыды. Көркем әңгімелері де басылып тұрды. Сол жылдары оның «Кооперация және қазақ шаруасы», «Салмақбайдың ауылында қалайша кооперация ашылды?» /Көркем туынды/, «Ұлт театры туралы», «Қазақстандағы халық ағарту мәселелері» атты үлкенді-кішілі кітаптары жарық көрді. Сонымен бірге ол «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырының орысша нұсқасына және қазақтың талантты жазушыларының (Жүсіпбек, Мұхтар, Бейімбет) орыс тіліне аударылған бір топ шығармаларына алғы сөз жазып, бастыртты. Сондай-ақ саясаттан Республикадан қуылып Москваны паналаған жылдары ғасыр басындағы қазақ халін, 1916 жылғы оқиғаны, төңкерістің алды-артындағы жағдайды арқау еткен романын жазды. Өкінішке орай ол романның қол жазбасы бар болғанымен түгел емес.
Оның экономика, ауыл шаруашылығының білгір маманы болғандығын айғақтайтын еңбектері де баршылық. Кооперация жайындағы көлемді еңбектерімен қоса 1920 жылы «Жұмыскер қара халықтарының ұйым дүкендерінің Ережесі» атты көлемді құжат жазғаны әлі де көпке белгісіз. 1926 жылы қазақ жерін аудандандыру ісін басқаруды өкімет Садуақасовқа маман ретінде арнайы тапсырғандығы белгілі, сол жылдары жазған «Основные проблемы,возникновение при районировании Киргизии», «Итоги проделанной работы о областной земельной политики», «Орта Азия өміріндегі жаңа дәуір» және т.б. еңбектері Смағұлдың маман экономист екендігін айғақтайды.
Қаламы ұшқыр Смағұл өмірінде де зерделі, парасаттылығымен бірге, қайырымды да бола білген. Сол кездегі әлеуметтік қайшылықтар ат төбеліндей интеллигенцияны ырық етіп,бір-бірімен қырқыстырып қойды. Сондықтан да Садуақасовтан басқа бағытта,басқа арнада болған кейбір белгілі ақын-жазушылардың шығармаларында ол қараланып көрсетілді. Мысалы, С. Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуінде» С. Садуақасовтың еңбектерін мүлдем ескермей, елеусіз етіп қараса, С. Мұқанов «Өмір мектебі» кітабында ол жайлы көп мәліметтер келтірген. Мүмкін қалам ықпалы болар,Сабит Смағұл жайында «Бөкейханов құйыршығы» деген сияқты сөздер айтады. Сондай-ақ оның өзіне жұмыс бермей қудалағанын жазады. «Еңбекші қазақ» газетіне тілші боп келген мені Сәдуақасов шақырып алды да : «Сен мені жақсы білесің»-деді, есіңде болсын,бұл газетке мен редактор болып тұрғанда сенің ешбір шығармаң басылмайды».
С. Мұқановқа саясат жөнінен қырын қарағанымен С. Садуақасов шын мәнінде дарынды, жас тілшілерді газетіне қызметке тартып, облыстардан шақырып алып жағдай жасап отырады. Мысалы,1925 жылы Қостанайдағы «Ауыл» газетінің редакторы Б. Майлинді Орынборға «Еңбекші қазақ» газетіне шақырып алып,өзіне орынбасарлыққа тағайындайды «...оған С. Садуақасұлы көңілін көбірек бөліп,газетке өлең, фельетон, әңгімелерін тоғыта басып отырды. Онымен де қанағаттанбай, Бейімбетке өлеңдер жинағын жасатты да,өзі оған кіріспе сөз жазып, Ақмешіт баспаханасында тез бастыру үшін әдейі жіберді. Бұған дейін Бейімбеттің ешбір шығармасы кітап болып басылған жоқ-та»деп жазады С. Мұқанов.
«Өмір мектебінде» осылай қараланып жазылса да,шын мәнінде С. Садуақасовтың сол кезде-ақ ел арасында беделі күшті болғанын байқаймыз,оның жолын қолдаушылар да көп болды,оларға «Сәдуақасовшылар» деген айдар тағылды.
Жоғарыда аталған С. Мұқановтың кітабында С. Садуақасов Голощекин жолдасқа жағынып,оң қолы болды.Өзінің партиялас ауыз жаласқан досы Ғ. Тоғжановты ұстап берді деген пікір бар. Мұның да негізсіз екені айқын : Өйткені Смағұл «саяси қылмыскер саналып Москваға кеткенен кейін 1929 жылы Ярославский дегенге хат жазып Смағұлды «партиялық жазасын өтеу үшін Алматыға жіберуді сұрайды», бірақ бұл жолы Садуақасов оның «құрығынан» құтылып кетеді. Смағұлдың кездейсоқ қазаға ұшырауында да қастандық жатқан жоқ па деген сұрақ туады.
Әдеби - сын еңбектері : Оның бізге белгілі алғашқы еңбегі 1919 жылы «Трудовая Сибирь» журналының 1-санында жарияланды.Зерттеу «Киргизская литература /историка критический очерк/ деп аталды. Бар болғаны 2 жыл училищелік білімі бар Смағұл әдебиеттің көптеген мәселесін жете,терең талдайды. «Сал-серілерді европалық орта ғасырлық рыцарлармен салыстыруға болады», «қазақша жазба әдебиет XIX ғасырдың екінші жартысынан басталды», «Қазақ ақындарының ішінде өлеңнің жоғары деңгейдегі көркемдігі жөнінен Абайға пара – пар ешкім жоқ. Ендігі жерде талайларды Абайдың пәлсапалық өлеңдерінің мысы басқандықтан, олар үндерін шығара алмай қалды», - дегендей түрлі құнды пікірлер айтады.
20-жылдар басында қазақ зиялы, әдебиет сүйер қауымы «Алқа» атты таза шығармашылық ұйым құрмақ болды. Оның жобасын жасауға Садуақасов белсене араласты.
Бағдарлама «Табалдырық», «Әдебиетіміз», «Бұл күнге шейінгі төңкеріс пен әдебиетіміз», «Әдебиет не нәрсе?», «Әдебиеттің жалпы заңы», «Марксшылдық пән» әдебиет». «Не жазуға?» – деген бөлімдерден тұрды. Мақсат – дүрбелең шақтағы қазақ әдебиетінің рухын, өзіндік дамуын сақтау болатын.
Бұдан кейін де Смағұл «Бейімбеттің өлеңдері», «Қазақстандағы баспасөздің міндеті», «Әдебиет мәселесі», «Көркем әдебиетті саралау», «Әдебиеттерді қалай сынау керек?» - деген мақалалар жазған. Сындарлы сыншының өзі сын жайында «Сыншыларымыздың көбі ақындардың затын емес, атын сынап жүр. Сын – мидың жануы. Сын ойларды тосып, адамның пікірін қайрап отырады. Сынсыз жазылған сөз қайралмаған пышақ сықылды» - деп ой тастайды. Осы саладағы оның нағыз бірегей туындысы – «Әдебиет әңгімелері» болатын. Сондай-ақ оның Қ. Кемеңгеровтың «Қазақ тарихынан», Ж. Сұлтанбековтың «Бұрынғы һәм қазіргі жер саясаты» кітаптарына жазылған «Қазақ тарихынан» және «Керекті кітап» аталатын сындары белгілі.
«Жас Қазақстан» жинағына енген М. Әуезовтың «Қорғансыздың күні», Ж. Айтмаутовтың «Бәтіш» («Қартқожа» романынан), «Мұқаш» («Ақбілектен»), Б. Майлиннің «Күмбезі», «Күлпаш» әңгімелерін тәржімелеп, жатық шығарады.
Қазақтың мемлекеттік театрын ашқан С. Сәдуақасовтың сыни еңбектерінің бірі шоғыры – спектакльдерге жасалған шолу. Ол Қ. Кемеңгеровтың спектаклі жайында «Алтын сақина» ойыны туралы, М. Әуезовтің «Бәйбіше, тоқтал», «Қарагөз» (мақала аттары да осылай) спектакльдерді жайында сыни шолу жасап, қойылымның авторлық кемшіліктеріне,сахналық олқылықтарына жеке тоқталады. «Біздің пьесаларды психологиялық жағынан өңдеу жетіспейді» - деген пікір айтады.
Көркем шығармалары : С. Сәдуақасовтың көптеген шығармалары бізге әлі толық жетпегені белгілі. Жалпы қазіргі бар көркем шығармалары – үш әңгіме, екі повесть, бір роман. Жазушы Ескендір Ысмағұловтан табылған дерекке қарағанда Смағұл орыс тілінде бір роман жазып, оны М. Горькийге көрсеткен. Дегенмен ол роман жайы да белгісіз.
Сонымен Садуақасовтың туындылары – «Салмақбайдың ауылында қалайша кооперация ашылды?», «Күлпаш», «Салмақбай – Сағындық» сынды роман-повестері, «Өртең, Салмақбай – Махамбет», «Аптаномия» сынды әңгімелері. Әрбір туынды түрлі тақырыпты, алуан ойды қозғайды. Айтқандай, кейін М. Әуезовтың архивінен жазушының бұрын беймәлім болып келген. «Сәрсенбек» романы табылады. Бұл 1916 жылғы қазақ төңкерісін сипаттаған қазақ топырағындағы тұңғыш шығарма еді.
1922 жылы шыққан «Cалмақбай, Махамбет» әңгімесінде төңкерілістен кейінгі қарама-қарсы көзқарастары сөз болса, «Аптономияда» - автономия алу қарсаңындағы қазақ даласының жай-күйі сөз етіледі. Әңгіме нанымды, көркем шыққан. Смағұл автономия жайын халыққа түсіндіру үшін бас кейіпкер Жарқынбектің ауызымен : «Аптономияның мағынасы – отау. Біз – орыстың кіндік үкіметі – үлкен үйден енші алған отауымыз. Отау үй-ішінің аспаптары, қонағасы үлкен үйден бөлек болады», - дейді. Бұл оның ойы да еді.
«Өртең» әңгімесі лирикалық сипатта жазылды. Мұндағы суреттердің өртеңді көргені – ертеңгі сенгені. Өртең оның – оптимистік көзқарасы.
Көсемсөздік мұрасы : С. Сәдуақасов өзі редактор болған жылдары қазақ көсемсөзінің өркендеуіне көп көңіл бөліп, жағдай жасап отырған. Оның көсемсөздік мұралары өте мол және әр алуан тақырыпты қамтиды.
Негізінен тақырыптарын төрт топқа бөліп қарастыруға болады : 1) қоғам, әлеумет, саяси мәселелер жөнінде (баяндамалары); 2) оқу-ағарту ісі туралы мақалалары (баяндамалары); 3) театр өнері жайындағы мақалалары; 4) танымдық, ғылыми-көпшілік еңбектері.
Алғашқы топқа оның «Өмір үшін күресу», «Бірлік» қазақ тұтынушыларын қоғамы одағы, «Есілкөл ауданындағы қазақ кооперациясы», «Қазақтың кооперация басылымы туралы», «Азық түлік мәселесі», «Жұмыскер халықтың ұйым дүкендерінің Ережесі» және т.б. мақалалары жатады. Бұларда сол кездегі әлеуметтік тұрмыс, сауда т.б. түрлері қырларынан суреттелген.
Бұлардан басқа «В. Ленин», «Октябрь төңкерісі һәм қазақ еңбекшілері», «Ескеретін уақыт жетті!», «Түркістан жастары», «Көтеріл жастар», «Ауылдағы жастар туралы», «Сібірдегі қазақтар туралы», «Дінмұхамед Әділов», сол сияқты орыс тіліндегі «Советская власть и киргизы», «К отмене «калыма» у киргизов» мақалалары танымдық, қоғамдық-саяси тақырыптарды қамтыған.
Ғылым-білім мәселелері жөнінде «Біздің мақсұттарымыз», «Шындығында ескеретін мәселе», «Халық ағарту мәселелері», «Оқу ісінің кемшіліктері, оларға қарсы шаралар», «Биылғы жылғы оқу маусымында», «Жаңа жұртшылық негізі – ғылым» мақалаларын жазған. Ол оқырмандарына : «Ғылымды үйренуге кірісу керек. Өзіміз үйреніп, жалпыны ағарту керек» дегендей тұжырымдар жасайды.
Театр жайында Смағұл жоғарыда айтылған туындыларынан басқа «Ұлт театры туралы», «Баянды еңбек күтеміз», «Алғашқы тәжірибелер», «Мәдениет тәрбиесі», «Ұлт театрына бір жол» т.б. еңбектер жазады.
С. Смағұловтың шығармашылығын айтқанда, өзгелерден ерекшеленіп, ескеріп қарайтын еңбегі – А. Байтұрсынов жайындағы баяндамасы. Ол 1923 жылы Орынбордағы Ахметтің 50 жылдық меретойында жасалған-ды. Смағұл осы меретойды өткізуде басшылық етті. Өкінішке орай, баяндаманың толық тексі табылмай отыр. Дегенмен ол жайында көптеген деректер бар. С. Мұқановтың «Өмір мектебінде» бұл салтанатты кеш жайында, кей жерлері дүдәмал болса да сипаттап кетеді. Ахаң жайындағы баяндамасы оның ұстазына деген кіршіксіз көңілін, қос азаматтың арасындағы сыйластықты көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |