Байжанның жолдастыққа жазғаны
Ыстық қан, ызалы ашу, қайнаса кек,
Теңселер, тебіренер жер менен көк,
Адамнан адам туып жаралғалы,
Еш адам жақсылықты көрмейді жек.
Жолдасын жарға итеріп, жауға бермес,
Нәсілді, затындабар болса асыл тек.
Ары үшін, намысы үшін басын беріп,
Тұратын жолдас болсын жан пида деп.
Табылар мұндай жолдас ілуде бір,
Салады кейбір жолдас көңілге кір.
Жүрегің тастай қатып, мұз боп тоңса,
Шешілмес шемен болып, іштегі сыр.
Бұл өзі бекер, босқа айтылған жоқ,
Айтылып, ел аузында болып жүр жыр.
Қоздырса ашу, аразды арандатып,
Дау – жанжал, ұрыс – керіс, шығады шер.
Сыртыңнан сабыр бағып, жүрсе торып,
Арамдық кеудесіне кірсе толық.
Тың тыңдап, тыпыр қағып, тыным таппай,
Бәленің бәрін жияр түгел, толық.
Өрге айдап көкірегін соқса қиял,
Өзі оңбаған, басқаны қайтып тияр.
Күшіктей сүтке тиген боп жүреді,
Қылығы болмаған соң жұртқа сияр.
Қолынан келері жоқ, айтады өсек,
Өсектен аузы тынбайт, адам десек.
Шақ – шақ қып, бірді бірге шығыстырып,
Лағынат айтқаның аз – атса керек.
Мұндайлар жамандыққа жаны құмар,
Ішінің сау жері жоқ, бәрі шұбар.
Қам қылып күні бұрын құлатуға,
Басыңды отқа итеріп, шоққа тығар.
Мұндайлар жақсылықты күтпес ақтан,
Жолыңа жүретұғын құрар қақпан.
Аңдамай, алдауына түсіп қалмай,
Бойыңды аулақ тартып, мықтап сақтан.
Қасыңа қамқорлықпен келген болар,
Пысықсып, сырттан қамды жеген болар.
Бұл адам – адамзаттың сұмырайы,
Өзі өрде, өзге адам төмен болар.
Жүрекке өсек – аян зерде болар,
Басы көкте, аяғы жерде болар.
Жолдасын шұқанаққа итере сап,
Өзі аман, ондай қулар төрде болар.
Ішпес ас, бермес сараң, пісте болар,
Сонаршы ерте кетсе, кеште оралар.
Адамдық абыройын, арын сатса,
Әрдайм мұндай қулар есте болар.
Мәтібай ақын
(1843 - 1928)
Мәтібай Сарыбасұлы 1843 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағындағы Ақмешіт деген жерде дүниеге келген. Ескіше хат таныған Мәтібайдың әкесі Сарбас Сүйіндікұлы да домбырашы, әнші, ақын болған. Патшалық Ресейдің отарлау саясатының барысында ақын әулеті 1868 жылдардың шамасында Торғай бойына қоныс аударады. Бір деректерде Мәтібайды қажылыққа барған деседі. Мұны ақынның өз өлеңдері де растай түседі. Өміріне өлеңді серік еткен Мәтібай ақын 1928 жылы Торғай бойында Бектұр деген жерде өмірден өткен екен.
Мәтібай – импровизатор.
Оның «Жалғыз атым жоғалды», «Байларға», «Ел аралау сапары», «Қыздың қарсы сөйлеуі», «Меккеден оралғанда айтқаны» т.б. толғаулары ел арасында кеңінен таралған.
Ақын шығармашылығы жайында бірнеше мерзімді баспасөз беттерінде мақалалар жарияланып, Б.Әлмағанбеттің «Торғайдың топжарғандары» кітабында атап өтілген.
Мәтібай ақынның арғы аталары Құдайсүгір батыр бір жорықтан қоржынға салып бала алып келеді де, оны Саламат деген туысына беереді. Сол бала Кендірбайдан: Ерден, Берден, Сарыкөбен деген үш ұл туады. Үшеуі де дәулетті бай болады. Мәтібай солардың бір семіз биесін сойып алады. Келер жаз Жарбастының ықпалды Досмағамбет,Тай деген кісілері Мәтібайдың жалғыз биесін алып береді. Бұл жөнінде Мәтібай былай деп жұртқа жайып жібереді:
Атаңыз ат бермеген, ас бермеген,
Ат беріп, ас беруді қош көрмеген.
Бұл Ерден, Берден қайдан оңсын,
Әкесі Кендірбайға бас келмеген.
Тай менен Досмағамбет ақылың жоқ,
Бір құлды осыншама қастерлеген.
Құлыңнан сарытабан биемді әпер,
Кетейін бөлек жайлап басқа елменен.
Тай менен Досмағамбет құлымды бер,
Ежелден ескілікті пұлымды бер.
Киімшең атамыздың бір баласы,
Ұқсайды Шектібайға Сарыкөбен ер.
Шектібайға ұқсайды деп ақын тағы бір пәленің шетін шығарады. Ағайынды үшеуі тіпті масқара болады. Мына өлеңді естігеннен кейін Сарыкөбен Мәтібайды шақырып алады.
-Шырағы өлеңді қой. Мен алдым. Сен бердің. Енді өзің ала ғой, - деп биесін қайтарыпты.
* * *
Туыстары Кеңбейіл, Әбіштер тіл білетін адамсың, сен тындырып кел
деп Мәтібайды бір даулы шаруаға жұмсайды. Күз тақап қалған кез екен. Қыстау, қоралардың жайын өздеріміз тындырып қоямыз деседі. Ұзақырақ жүріп Мәтібай елге оралса жұрт қыстауға көшіп қонған екен. Отын – шөп түсірілмеген, қыстау – қора аңғал – саңғал, жай – жапсарын сұрай келген ағайындарға Мәтібай былай депті:
Ит туды Құдайсүгір қатыныңнан,
Болды ма анамыздың жатырынан.
Үй, қора жөнделмеген, отын, шөп жоқ,
Отырмын мен ұялып қатынымнан.
Бала жас отын жинар ұй маңына,
Сондықтан өзім жүрем үй қамына.
Туыстықты сендерден қашан көрем,
Жәрдемдерің жоқ болса мал – жаныма?
Ағайын ала болса бірлік кетер,
Дәулетің басындағы бір күн өтер.
Бірлікті сақтамасаң ағайындар,
Ел болудың түбіне сол – ақ жетер.
Мына сөзді естігеннен кейін ағайындары жиналып, үй мен қораны жөндеп, отын, шөбін түсіріп беріп Мәтібайдың көңілін тындырады.
* * *
Сөз білетін өнерпаз Мәтібайды ел жақсылары өз жанына ертіп жүруге құштар болған. Ақылға тоқтамайтын тентектерді Мәтібайдың отты жырымен тоқтатқан. Мәтібайдың көбірек ерген адамы өз ағасы Жарбасты Дәнен болыс. Бір жылы Дәнен болыс Мәтібайды ертіп, көп адаммен найманның асына барады. Астың бар кәдесі бітіп, ел тарап жатқанда сол елдің жақсыларының бірі Дәненге кісі салып, бір туысының асқа өкпелеп, дау шығарып жатқанын хабарлайды. Сұрастырып білсе Дәненнің жақын інісі Бисары деген кісі екен. Оның мінезін білетін Дәнен Мәтібайды жұмсап, ол маған көнбейді, сен бірдеңе деп оны тоқтат дейді. Мәтібай ас иелерінің көзінше Бисарыға қатал сөз айтып тоқтатады:
Бисары би емессің би дейтұғын,
Қаратабан қашаннан құл дейтұғын.
Түбінде бір шатағың болмаса егер,
Жай адам асқа өкпелеп жүрмейтұғын.
Шешеңнің мен айтайын қалыңмалын,
Қашаннан жеті жұртқа мәлім малын.
Құнажын қызыл сиыр, бір шыт көрпе,
Жанында ұмытпаңыз «қарын қамын».
Қой айдап қорасымен асқа бардың,
Бұл күнде алпыс үш жасқа бардың.
Сиырдай тірсегіне жүре тышқан,
Түсіне ұқсамайсың басқа малдың.
Мына сөзді естіген жұрт: Бисарының Дәненге жақындығы жоқ екендігін біледі, оған ренжімейік, - деп тарасыпты.
Меккеден оралғанда айтқаны
Ауызды онбір ашып дуан бардым,
Бұл жолға жүрген сайын қуанғанмын.
Үш қонып, төртінші күн Ырғыз бардым,
Жөндейді қақтағалам істің бәрін.
Сәлемде Торғайдағы қалған жұртқа,
Атамыз батыр Қобылан, анам Құртқа.
Қайырлы сапар болсын дей көріңіз,
Салауат айтқан сайын бізді ұмытпа.
Шалқардың келіп түстік қаласына,
Сәлемде арғын, қыпшақ баласына.
Келген жан бұл дүнияға қайтпақ керек,
Риза боп жер мен көктің арасына.
Баруда Орынборда бес күн жаттық,
Алланың кесім еткен дәмін таттық.
Тоғыз күн Ыстамбұлда еру болып,
Қажылар қылады екен сауда – саттық.
Сұлтанның консулынан билет алдық,
Тәуекел параходқа жүгім салдым.
Жол екен күн сөткелік Қара теңіз,
Мүдірмей Ыстамбұлға жетіп бардық.
Әнсарда зиярат бар Ыстамбұлда,
Зиярат етіп едім барған жолда.
Сол жолда пайғамбардың ізін көрдім,
Секілді көрінеді алтын ділдә.
Әзірет Хамзаға жаяу бардым,
Ахат таудың түбіне таяу бардым.
Көлік жоқ, ыстық күнде жаяу жүріп,
Әр жерде бір отырып, есім тандым.
Біреуі зияраттың мешіт Қағба,
Көп адам намаз оқып тұрдық сонда.
Мұздалина тауына қайта шығып,
Минада құрбан айтып шалдық жолға.
Яссауи Қожахмет айдағанда,
Аспанннан күн миыңнан қайтпағанда.
Ғарасат майдан күні қалай болар,
Келмейді жатсам ұйқым ойлағанда.
Кейбіреу үйде отырып тамаққа тоқ,
Тамаққа тоқ болсада басқаға жоқ.
Дүниені көбейтем деп отырғанда,
Түседі төбесіне қорғасын оқ.
Ұмытпа бай болдым деп бір құдайды,
Жер тартқан рақымсыз Қарынбайды.
Меккені кәпір тұрып қайда барды,
Жомарттық қылғаны үшін Атымтайды.
Атымтай бізден бұрын жомарт өткен,
Жан бар ма есігінен құры кеткен.
Нашарға фақыр мүскін қайып қылып,
Олдағы қоңыржайға сөйтіп жеткен.
Ибраһим пайғамбарым малды болды,
Мал біткенде жандының алды болды.
Жүз түйе тауға шығып құрбан қылып,
Әй, ата, беліңде арқан, қолда алмас,
Көп қайра алмасыңды өте қалмас.
Баласы атасы үшін құрбан болса,
Тентек деп екеуімізді айып қылмас.
Әй, ата, мен құрбандық сенің үшін,
Бір шытпа қабағыңды менің үшін,
Айналған аязды күн анам байғұс,
Түз көрер құлазыған үйдің ішін.
Күдері Жолдыбайұлы
(1861-1931)
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті шығармаларына тақырып еткен халық ақындарының арасында Күдері Жолдыбаевтың орны ерекше. Оның тек екі-ақ шығармасы баспа бетінде жарық көрген. Ол туындылары – "Амангелдінің Торғайды алғаны" және "Ер туды" дастандары "1916 жыл" жинағына және орта мектептің әдебиет пәні оқулығының хрестоматиясында жарияланды. Ақынның бұл аталған шығармаларынан да басқа өлең-толғаулары болғандығы ақиқат. Ол туралы деректер де көп. Алайда бұл шығармалар біздің қолымызға түсе қоймады. Күдері ақынның шығармалары қолында бар кісілер түсініксіз себептермен бізге бергісі келмеді. Алайда, жоғарыда аталған екі дастанын қарастыра отырып байқағанымыз – Күдері Жолдыбаевтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиет дәстүрлерін терең меңгерген кең тынысты ақын екендігі.
Ақынның "Амангелдінің Торғайды алғаны" дастаны Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің негізгі шайқастарының бірі – Амангелді сарбаздарының Торғай қаласына шабуылын суреттейді. Дастанның кіріспесінде патшаның "Маусым жарлығынан" кейінгі ел басындағы ауыртпалық пен күйзеліс, патшаның ел ішіндегі жандайшаптары – губернатор, уезд бастығы, болыстар мен аулынайдың халыққа істеген зорлық-зомбылықтары бейнеленген. Ал, негізгі бөлімде Амангелді бастаған сарбаздардың Торғай қаласына шабуылы кезіндегі ерлігі туралы айтылады:
...Оқ жыландай ысқырған,
Жалын шашқан, ышқынған,
Үңірейген мылтық аузына,
Атқойып, көп іркілмей,
Шашақты найза желкілдеп,
Ақ сойылдар сартылдап,
Амангелді алдында,
Атылған оққа жарқылдап,
Қарамастан айқайлай,
Ермеген оған жан болмай,
Көп көшені шаңдатып,
Қалаға кірді аңыратып...
Ақынның екінші шығармасы "Ер туды" Доғал-Үрпек соғысындағы оқиғаларды арқау еткен. Мұнда да көтерілісшілердің жанкешті ерліктері, азаттық жолында қаза тапқан ерлердің бейнесі суреттелген.
Оқиғаны баяндау, жырдағы ырғағы, ақындық стилі Орта Азия халықтарының ауыз әдебиетінде ортақ сарындарды беретін сияқты. Мың сан солдат Амангелді бастаған сарбаздарға қаптап келе жатады. Жаудың алдын бөгеп, жолын тосып батырлар жатыр:
...Ерлер сонда тұрды тасып,
Аттарына қамшы басып.
Қайраттанды қаһарланып,
Қалмалық деп қорқып, сасып.
Мінген ерлер қазанатқа,
Көп жиылған азаматқа,
Амангелді сөз сөйледі,
Алдындағы жамағатқа...
Өлеңнің сыртқы көркемдік құрылысында, ырғақ толқынында жазба поэзияның әсері де жоқ емес. Әрине бұл әсер жырдың халықтық маңызын төмендетпейді, қайта бұрынғы ерлік дастандарының соғысты суреттеу әдісін орынды пайдаланған. Батырлар жырында налу, күйіну, ерлердің әлсіздігінің, қайраты жасығандығының белгісі болып отырмайды. Ерлікті сағынған, кегім кетті деп іштей ызаланған жауынгерлік рухтың жандануы қуаттану белгісі болып отырады. Амангелдінің жанашыр жолдасы қолында қаза тапқанда, сенің кегіңді алармын деп серт беруі, майданға кіргелі тұрғанда сенімен бірге боламыз деп сарбаздардың ант етуі – бәрі батырлар жырындағы ерлік бейнені жырлағандығын көрсетеді. Күдері ақынның поэмасы осындай ерекшелігімен маңызды болып келеді [1, 257 б.].
1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің әдебиеттегі көрінісін сөз еткен зерттеулерде ғана аты аталып жүрген Күдері Жолдыбаевтың белгісіз шығармаларын жинастырып, оның қазақ поэзиясындағы орнын айқындап ғылыми баға беру – өз алдына жеке зерттеуді қажет ететін тақырыптардың бірі.
Амангелдінің Торғайды алғаны
Бұл не заман уланған,
Питнә қаулап дулаған?
Қазаққа қысым күн туып,
Қатын мен бала шулаған.
Старшын, болыс жағынып,
Мойнына знак тағынып.
Ар, иманын ұрлаған,
Еріксіз басқа қол салып,
Мұншама жұртты қорлаған.
Халқың көзі қарайып,
Аспанды бұлт торлаған.
Жасөспірім жастарды,
Аламын деп солдатқа,
Еріксіз айдап зорлаған.
Ұлықтың сөзін мақұлдап,
Жарамсақтап жақындап,
Бұзылып болды оңды адам.
Жау жағадан алғанда,
Ит етектен шырмаған.
Мылтық ата білмейтін,
Тіл білмейтін бұл қазақ,
Не бітірмек кіл надан?
Жер қаздырып шеп қылса,
Қара сухар жеп тұрса,
Қайтып келмес бір де адам.
Айдарлымды айдады,
Тұлымдымды байлады.
Епті пысық күн көрді,
Момындарын қоймады.
Надандықтан жаман жоқ,
Өлейік деп ойлады.
Қарағай сапты найза алып,
Ат айғырын жаратып,
Айбалтасын қолға алды.
Әрлі-берлі толғанды,
Ел қоныстан қозғалды.
Құла жоннан жол салды,
Басқа қара күн туып,
Қара бұлт құрсанды.
Кереге жаллды кер бесті,
Кезінен бұрын бусанды.
Шошынып қазақ қорықты,
Асаудай тулап зорықты.
Ақсуатқа үй тігіп,
Көк қасқаны шалыпты.
Басшы болып еліне,
Ниеті қара жүріпті.
Үріккен елден шашылған,
Дүниеге қулар молықты.
Айдау көріп мал азды,
Ұйқысы кетіп жан азды.
Қатын мен бала домықты,
Отбасында отырған,
Алжыған кемпір, кәрі шал,
Жылай-жылай торықты.
Түйеден қом, аттан жал,
Бәрі үзіліп болыпты.
Күнде сүргін айдалды,
Ақсақал, Теңіз, Тәуіпке,
Көшкен сайын жақындай,
Кәрі құртаң қой қалды,
Шулаған нар ол қалды.
Көшке ере алмай шойнаңдап,
Қоралаған тай қалды.
Ақылынан адасқан,
Айдасын қазақ қай малды.
Күнде сойыс көбейіп,
Сылтау етіп көр-жерді,
Қырып жүрміз хайуанды.
Ат жалын тартып мінгендей,
Қосында жігіт сайланды.
Еңбектеген бала мен
Еңкейген кәрі шал қалды.
Қалаға жүрді көне алмай,
Жұмыстың артын көре алмай.
Ала таңна алдалап,
Тәуекел деп ат қойдық,
Тосыннан оған көне алмай.
Жасанған жауға кездесіп,
Аспаннан қардай оқ жауды.
Түтін мен шаңы аралас,
Бірін-бірі көре алмай.
Ойынға атын үйретіп,
Найза алып, сойыл сүйретіп,
Телеграм сымы қиылды,
Бағанасы жағылды,
Балтамен шауып күйретіп.
Елуден адам бөлінген,
Қызыл үйін поштаның,
Шауып алдық қиратып.
Қатын-бала, үлкенін,
Үріккен қойдай шулатып.
Пошта жолдың үстінде,
Почтальон, начальник,
Жол болмады қашарлық.
Қарулы дұшпан болған соң,
Бұған да қарсы жасандық.
Начальник қашты қысылып,
Айдады атын тықсырып.
Үш қара атты қуалап,
Арбасын қатты ұшырып.
«Келгеніңді атам» – деп,
Алты атарын ұсынып.
Тұрғандарға жұрт шапты,
Қорқар ма жаудан шошынып?
Пәуескесіе қиратып,
Сойылмен ұрып түсіріп.
Дұзақ салып мойнына,
Сүйретіп жүріп өлтірдік,
Тұлыптай қылып ісіріп.
Атын алып жетелеп,
Қалаға кеткен қосынға,
Қосылды келіп төтелеп.
Аманкелді батырдың,
Қолы шапты батыстан.
Абатыны балталап,
Батыр-бұтыр атысқан.
Тұтқында жатқан жандарды,
«Шығарып өзі алам» – деп,
Аманкелді қамданды.
Үш түйіліп, үш барып,
Сегіз кісі шығарып,
Ала алмады қалғанды.
Көтеріліс даңқымен,
Түйіліп қала қалғанда,
Казармамен казначей,
Сонда жиған бар жанды.
Басқа үйлер қалған иесіз,
Төрт жерге солдат түйініп,
Бекініп әбден алғаны.
Бұзуға сол қорғанды,
Атқан таңмен айғайлап,
Қалаға қосын лап берді.
Айнала қоршап дуанды,
Тұс-тұсынан ат қойды.
Қарсы шыққан адамды,
Көк найзамен сүзгілеп,
Тақымға салып езгілеп,
Лаулаған қала өртінде
Көкбардай тартып желпіне,
Сары ала туды көтеріп,
Қозғалды топ еркіне.
Оқ жыландай ысқырған,
Жалын шашқан, ышқынған.
Үңірейген мылтық аузына,
Ат қойды көп іркілмей,
Шашақты найза желкілдей.
Ақ сойылдар сартылдап,
Аманкелді алдында,
Атылған оққа жарқылдап.
Қарамастан айғайлай,
Ермеген оған жан болмай,
Көп көшені шаңдатып,
Қалаға кірді аңыратып.
Күрсілдеген зеңбірек,
Сыртылдаған пулемет,
Өлтірді нелер боздақты.
Домалап талай ат жатты,
«Ой, бауырым!» – деген ащы үндер.
Жүректе кекті оятты.
Долданған көп тайынбай,
Жауға қарсы жұрт шапты.
Серпілген сойыл оң-солға,
Офицерді құлатты.
Алқымға алдық қалғанын,
Погондарын алғанда,
Көк найзамен салғанда,
Борсаңдап қашты жандарм.
Қандаладай езгілеп,
Шаштық жауыз қандарын.
Аманкелді осылай,
Жыр қылдым Торғайды алғанын.
Қарпық Шолақұлы
Ахмет Байтұрсынұлына байланысты атап өтерлік тағы бір ақын Қарпық Шолақұлы. Ахметпен жерлес әрі рулас Қарпық ақын өлеңдері бізге толық жетпеген.
Қарпық ақынның руы – Үмбетей.
Бергі атамыз – Аралбай,
Шыға бір шапқан қамалға-ай.
Қыдыр дарып, бақ қонып,
Нәсілі қалды заманға-ай, –
деп ақынның өзі жырлағандай, Үмбетейден Аралбай, Аралбайдан Өміртай, Өміртайдан Қожырбай, Қожырбайдан Шолақ, Шолақтан Қарпық. Ахаңның аталас туысы [53].
Шолақтың балалары оқыған, көкірегі ояу, көзі ашық, сөзге шешен жандар болады. Солардың ішінде Қарпық ақынның шоқтығы биік. Қарпық ақынның толық жеткен өлеңдерінің ішінде "Төлебайдың жамағатының жоқтауы" деп аталатын жоқтау мен ақынның ағалары Байтұрсын мен Ақтас айдаудан қайтып келгенде айтқан өлеңінің орны бөлек. Бұл екі өлең де бізге Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері арқылы жетті. Кеңес заманында ел аузында жасырын түрде айтылып жүрген бұл өлеңдер Ахаң мен Жақаң ақталғаннан кейін жарияланды. "Жоқтау" жинағында Ахаң: "Төлебайдың жоқтауын шығарған Қарпық ақын",– дейді [5, 41 б.]. Ал "Әдебиет танытқыш" еңбегінде: " ... Байтұрсын, Ақтас деген жақын ағалары 15 жыл айдауда болып, қайтып келіп тұрған қуаныштың үстінде айтқан Қарпық ақынның марқайыс толғауында мынадай сөздер бар:
Кәпірге қылыш сілтеп қарысқаным,
Дүниеде теңін тауып жарысқаным.
Тәніңнен дұшпан көрсең түгің шыққан,
Лайық заманына арыстаным.
Нашарды сырт дұшпаннан арашалап,
Қам ойлап қарашаға болысқаным.
Үлгімен әр орында тұра берген,
Ақылға Аплотондай данышпаным.
Достардан қасірет отын қалыс ойлап,
Қайырлы сағатында қауышқаным.
Шұбалаң, Қарақоға, Жыланшықпен,
Дені сау түсінікті болыстарың.
Бұл күнде сіздер үшін дұғада тұр,
Атқарып жолдас болған орыстарың",
– деп Қарпық ақын өлеңінен үзінді келтіреді [41, 164 б.].
Ахметтің әкесі Байтұрсын мен ағасы Ақтас 1885 жылдың 12 қазанында Жыңғылды бекетінің жанындағы Жаркешу өткелінде Торғай уезінің бастығы, полковник Я. П. Яковлевтің басын жарады. Осы оқиғаның себебінен Шошақ әулетінің үш арысы Байтұрсын, Ақтас, Сабалақ 15 жылға Сібірге айдалады. Осы кісілер Сібірге жер аударылып бара жатқанда Қарпық ақын айтқан толғау өлең бізге Әбіқай ақынның баласы шежіре-шешен Ахметқан арқылы жетті.
... Байтұрсын, Ақтас түсіп жанған отқа,
Тартылды жазаланып, ісі сотқа.
Кәрі ояз Яковлевпен ерегесіп,
Кигізді басын жарып, қызыл ноқта.
Сібірге он бес жылға жер айдалды,
Дүние шыркөбелек, шыр айналды.
Айрылған қамқоршысы, ерлерінен,
Халықтың көкірегіне дерт байланды...
Ал Ахмет Байтұрсынұлы "Әдебиет танытқышта" келтірген Қарпықтың марқайыс –толғауының басы Ахметқан нұсқасында былай басталады:
Байтұрсын, Ақтас ағай сәлем бердік,
Шүкірлік жүздеріңді аман көрдік.
Сендердің тұқымың деп бізді соқты,
Не қиын, қилы-қилы заман көрдік.
Аққан жас көзімізден тиылмады,
Сібірден келдіңіздер қиырдағы.
Жақсы ғой топырақтан тысқары боп,
Дәм-тұздың осы жерден бұйырғаны.
Құдайға мың мәртебе шүкіршілік,
Қалмасын көңілде енді күпіршілік.
Алланың добы деген адам басы,
Бәрінен артық бұл күн, бұл тіршілік [53].
1990 жылы "Жазушы" баспасынан "Боздағым" атты қазақтың жоқтау жырларының жинағы басылып шықты [54]. Құрастырып, алғысөздері мен түсініктерін жазған филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Арынов. Жинақ баспаға Ахаң есімі ақталмай тұрған кезде ұсынылғандықтан Ахаңның есімі бұл кітапта аталмаса да, ол құрастырып Мәскеуде 1923 жылы араб әрпімен басып шығарған "23 жоқтау" жинағындағы дүниелер толығымен енгізілген [55].
Аталған жинақта Қарпық ақын шығарған бес жоқтауы жарияланған. Оның үшеуі Төлебайға арналған. Төлебай есімі Торғай төңірегіне кең танымал. Елінің бірлігін қолдаған, патша нөкерлерінің жергілікті жерлердегі озбырлығына қарсы тұра білген Төлебай алып тұлғалы, зор денелі батыр кісі болған. Төлебай қайтыс болғанда Қарпық ақын оның екі жасар қызына, келіндері мен бәйбішесіне жоқтау шығарып береді. Төлебайға арналған бірінші жоқтау қызының атынан айтылады.
... Елу алты жасында,
Дүниеден өтті арыстан.
Аруақты туған атақтым,
Бабасынан сөйлесем,
Белгілі бекзат данышпан...
деп басталатын жырдағы мазмұн мен дерек Төлебай әулетінің арғы-бергі тарихынан көп мағлұмат береді. Осы жырда ел ағаларының есімдерін атай келіп, сөз түйінінде:
... Қазынасын күтелік,
Жаратушы Алланың.
Тәжмағамбет, Ахмет,
Тілегін қатты тілейік,
Қадірлі екі ағаның,–
деп азалы Ахметтің болашағына үміт арта отырып жоқтауын аяқтайды. Төлебайға арналған бірінші жоқтау мазмұны жағынан бай, тарихи деректері де мол. Келінінің атынан айтылатын екінші жоқтау жыры қысқа да, нұсқа қимастық үлгісінде жалпылама жырланған. Төлебайдың бәйбішесінің атынан айтылатын үшінші жоқтау жыр да қорғасындай салмақты, мағыналы. Одан кейінгі екі жоқтау Есмағамбет, Ерғазы сияқты ел ағаларына арналған. Бұл жоқтауларда ел қамын ойлаған ерлердің еткен істері мен азаматтық бейнелері сипатталады. Есмағамбет Торғай еліндегі сол кезеңде білімді, ойлы адамдардың бірі болса, Ерғазы Байтұрсынның туған інісі, ол ағалары Байтұрсын, Ақтас, Сабалақтар Сібірге айдалғанда олардың жанұяларына бас-көз болып, қамқорлығына алған кісі. Ағаларының жоқтаушысы болған Ерғазы патша жандайшаптарының қолынан 41 жасында қаза табады.
Қарпық шығарды дейтін жыр-жоқтауларды оқи отыра, ақынның сөз құрау шеберлігі мен шешендік дарын, шежіре санатына таң қаласың. Бұрын Қарпық ақын туралы сирек әңгімеленетін. Ал, Қарпықтың Қазгелдісі туралы жиі айтылып жүрді. Қазгелдінің азаматтығымен қатар артында қалған шешендік шежіре, көсемдік сөздері бар. Қазгелді орысша да сауатты болған көрінеді [55].
Үмбетейден сөз ұстап, өлең қуғандар болса, осы Қарпық мектебінен шықты, осының әсері деп әбден айтуға болады [56, 31 б.].
Ахметке Торғай атырабының атақты жырауы Қарпықтың тигізген шарапаты мол. Қарпық жыраудың әуезді үні, өлең өрімдері, табанда үйлестіретін тапқыр ұйқастары, шешендік шеберлігі, халық тарихын жете білетіндігі жас Ахметтің талант көзін ашуына көмектесті. Ол бірте-бірте талант дегеннің тазалықтың, адамгершіліктің, ардың ісі екенін айқын түсіне бастады [ 6, 119 б.].
Қарпық ақынның сөз саптауы мен түбірлі төрт буынды шымыр ұйқасынан, дәл тауып қолданған теңеулері мен өткір тілінен оның осал ақын болмағанын аңғару қиын емес. Сонымен бірге, өлең құрылысынан, шұбыртпалы ұйқаспен жазылуынан оның Торғай ақындық мектебінен сусындағаны, өткір де өжет, шындықты бетке айтатындығы да байқалады [53].
***
...Кәпірге қылыш сілтеп қарысқаным,
Дүниеде теңін тауып жарысқаным.
Тәніңнен дұшпан көрсең түгің шыққан,
Лайық заманына арыстаным.
Нашарды сырт дұшпаннан арашалап,
Қам ойлап қарашаға болысқаным.
Үлгімен әр орында тұра берген,
Ақылға Аплотондай данышпаным.
Достардан қасірет отын қалыс ойлап,
Қайырлы сағатында қауышқаным.
Шұбалаң, Қарақоға, Жыланшықпен,
Дені сау түсінікті болыстарың.
Бұл күнде сіздер үшін дұғада тұр,
Атқарып жолдас болған орыстарың.
***
... Байтұрсын, Ақтас түсіп жанған отқа,
Тартылды жазаланып, ісі сотқа.
Кәрі ояз Яковлевпен ерегесіп,
Кигізді басын жарып, қызыл ноқта.
Сібірге он бес жылға жер айдалды,
Дүние шыркөбелек, шыр айналды.
Айрылған қамқоршысы, ерлерінен,
Халықтың көкірегіне дерт байланды...
***
...Байтұрсын, Ақтас ағай сәлем бердік,
Шүкірлік жүздеріңді аман көрдік.
Сендердің тұқымың деп бізді соқты,
Не қиын, қилы-қилы заман көрдік.
Аққан жас көзімізден тиылмады,
Сібірден келдіңіздер қиырдағы.
Жақсы ғой топырақтан тысқары боп,
Дәм-тұздың осы жерден бұйырғаны.
Құдайға мың мәртебе шүкіршілік,
Қалмасын көңілде енді күпіршілік.
Алланың добы деген адам басы,
Бәрінен артық бұл күн, бұл тіршілік...
Төлебай
(Он екі жасар әйел баласының жоқтағаны)
Әуелі адам пайғамбар,
Екінші сөзім Мұхамбет.
Дүниеге шықсаң бар өлім,
Мұхамбетке болса үмбет.
Азырақ дастан айтайын,
Дұғада болған әлеумет.
Жыламайын десем де,
Ішімде жалын, сыртым дерт.
Аядағы сұңқарға,
Дүбірлі туған тұлпарға
Тағдыр еткен құдірет.
Елу алты жасында
Дүниеден қайтты арыстан –
Аруақты туған атақтым,
Тоят тілеп алыстан.
Бабасынан сөйлесем,
Белгілі бекзат данышпан.
Еділден өтіп ер Шақшақ,
Дұшпандармен тоғысқан.
Шілтендер жырақ болмапты,
Аманжол деген дабыстан.
Онан бергі ер Қосай,
Қалмақты қатар жарысқан.
Сол бабамның алты ұлы
Бос қалмапты намыстан.
Үмбетей атам, Жәнібек,
Бабалардың рухы
Болар ма келіп қауышқан.
Қатар шыққан екі ердің,
Қариялары жоқ еді
Билік айтып тауысқан.
Бергі атамыз Аралбай,
Шыға бір шапқан қамалға-ай.
Қыдыр дарып ер болып,
Нәсілі қалған заманға-ай.
Өз атасын сұрасаң,
Мырза Көбек, Танабай,
Келмеген ешкім жолына-ай.
Байлық, бектік, жомарттық –
Бәрі де келді қолына-ай.
Талап еткен істерін,
Келтірді тәңірім оңына-ай.
Кешегі менің Әкекем,
Жиырманың ішінде
Атанып еді Төле бай.
Құлағың сал, дос-жарлар,
Бір азғана зарыма-ай.
Заманына лайық,
Қараның болды-ау ханындай.
Дұшпандарын ықтатты
Беткейден соққан дауылдай.
Алашқа жеңсік көрінді
Шамсаттық сары қауындай.
Бабалардың рухы
Қолдаған екен жаңылмай.
Батырлығын сұрасаң,
Бабасының қалыбы-ай.
Мырзалығын сұрасаң,
Көңілде нұрдың жарығы-ай.
Дұшпандардын саспаған
Құдайдың берген сабыры-ай!
Баласына үш жүздің
Кетіп еді дабылы-ай!
Айтылса қайғы босайды
Болған соң істің анығы-ай!
Үш уездің қазағы
Басықара датқаның
Басын қосқан асында
Болғандарын естимін
Болмасам да қасында.
Сұқ қылышты сонша жұрт
Әкекем сынды асылға.
Қыпшақтың өңкей манабы
Кез болыпты ашуға.
Балқожаұлы Ыбырай
Артын жиып жөнелді
Басын қорғап қашуға.
Мұны көріп Әкекем,
Аманжолдап ат қойды
Тасыған көңілін басуға.
Қуып жетіп соңынан
Ағалығын білдірген,
Көрмегенін көргізген,
Бозбалаға айдатып,
Қайтарып топқа кіргізген.
Бекмұхамбет болысын,
Инспектор орысын,
Жұмылған көзін аштырып,
Өкшесінен бастырып,
«Жан сауға, батыр!» – дегізген.
Талай жерде Әкеке-ай,
Бітіп еді арманың
Бәрін де міндің қатарлап
Жұрттағы сұлу жорғаның.
Көңіліңе жақпаған
Дұшпанның бұздың қорғанын.
Жомарттық еттің айрықша
Дүниенің біліп жалғанын.
Орыс, қазақ әкімге
Ықпалыңды жүргізіп,
Жауатын күндей торладың.
Менменсіп келген талайды
Қолыңмен илеп толғадың.
Жолд жолсыз боса да,
Бетіңе алған ісіңнен
Абыройсыз болмадың.
Бәсеке өткен туғанда,
Асылмен белің буғанда,
Күншілдік кіріп көңіліне
Жауыздық жолын қуғанда,
Аямасаң жылаттың.
Ізгілік етсең ұнаттың.
Жаяуына ат болып,
Сылап, сипап жұбаттың.
Жұртыңды жауға бермедің,
Алысқа қолың сермедің.
Өрге жүзген жайындай
Ашынған сайын өрледің.
Халық иесі хандармен
Халықты қатар тергедің.
Заманындағы ерлердің
Тағында қатар көлбедің.
Сол сықылды Әкемнен
Қабыл болып, күн туып,
Құрбан да болып, өлмедім.
Осындай менің Әкекем,
Ордалы бектің нұры еді.
Тамам Алаш бас қосса,
Айтулы тудың бірі еді.
Рүстем мен Дастандай
Заманындағы сері еді.
Жау кеңесі құрылса,
Жасқанбаған ер еді.
Сасқандар ақыл сұраса,
Жасқанба, қалқам, – дер еді.
Қырғыздың Алатауындай
Дұшпандар аспас бел еді.
Іздегенің табылған
Белгілі шалқар көл еді.
Азғана күн дүниесін,
Қолымен сермеп жөнеді.
Екіталай жерлерде,
Дүние жолдас демеді.
Сол секілді Әкемнен,
Айналайын аталар,
Айналсам, қалай айып етеді?!
Заманында Әкекем,
Хандардың жиған құралын.
Шымшыр қанар дүниеге
Келтіріп еді оралын.
Атадан жалғыз туса да,
Мал үстіне мал беріп,
Қанат, құйрық, жал беріп,
Жеткізген Алла мұрадын.
Бес отауын түсіріп,
Көркейтіп еді жанабын.
Қатар қосқан дұшпанның,
Тарылтушы еді танабын.
Азамат жинап, ат байлап,
Істетіп еді талабын.
Еркінше жүріп ішінде,
Аралады Әкекем,
Тобыл, Торғай алабын.
Келмейтін еді белсеніп,
Естіген қазақ хабарын.
Дұшпаныңа тірелген,
Айналайын, Әкеке-ай,
Аумайтын еді табаның.
Бір күндерде Әкекем,
Арғымақ бедеу байлаған,
Болатын шарға қайраған,
Наурызым, Сыпсың – екі су,
Жағалап, көшіп жайлаған.
Ауылдың сыртын шаңдатып,
Торлантып бие байлаған.
Орданың ішін қоршатып,
Тең азамат жинаған.
Күнде жиын, күнде той,
Дастарханын жимаған.
Мәжіліске мәз болып,
Тарқатуға қимаған.
Осындай қайран Әкекем,
Азғана күн дүниеде,
Маңдайыма сыймаған.
Қалай десе жарасар,
Әкекемдей сындарға?
Нашар туған үш бала,
Қайғыңды аштым тыңдарға.
Көлеңкелі дарағым,
Құламаса мін бар ма?
Темір қанат балапан,
Ұша алмай қалса, сын бар ма?
Аяғым салып қойнына,
Асылатын мойнына,
Әкекем келер күн бар ма?
Жолы қиын біздерге,
Ата менен ананың,
Қандай болып өтеді,
Атасыз күні баланың?
Қазынасын күтелік,
Жаратушы Алланың.
Ташмұхамбет, Ахмет,
Тілегін қатты тілейік,
Қадірлі екі ағаның.
Рухы қолдап, жар болғай,
Бұрынғы өткен бабаның!
Ерназар, Бекет, Ғабдолла,
Бірің өңір, бірің бой,
Алтын да сауыт жағаның.
Береке, бірлік деген бар,
Айналайын, ағалар,
Болғай-ды мұнан хабарың.
Ортаңда қалған үш анаң,
Қайтара көрме назарын.
Ақыл салып әжеме,
Айналайын Әкекем,
Сақтаушы еді ажарын.
Басып кеткен ізіңді,
Енді қайдан табамын?
Бір кеткен соң хабар жоқ,
Зарлай, зарлай барамын.
Жаннаттан болып орының,
Ұжмақтың ашқай шарабын.
Қысқартайын, қош енді,
Мұқтасар айлап тамамын.
Азырақ сабыр етсеңіз,
Үлкен-кіші ағалар!
Көңіліміз ойран, көзде жас,
Қайғылы қасірет сана бар.
Мұндай жолдың хабарын,
Ақылды бектер шамалар.
Алладан тағдыр, ажалды оқ,
Біздерде мұндай жара бар.
Жақсылар көңіл жұбатса,
Қайғыны дәру жағалар.
Жылады деп сөкпеңіз,
Жұрт иесі ағалар!
Арыстан туған Әкекем,
Салтанатын асырып,
Достарын қашан аралар?
Елестейді көзіме,
Қалың топқа кіргендей.
Сағынамын достарын,
Мәжілісінде жүргендей.
Өрбігеді көңілім,
Сіздермен еріп келгендей.
Қатарланған жорғадан,
Сүйгенін таңдап, мінгендей.
Алтын қынап ақ алмас,
Беліне байлап ілгендей.
Арқауы таза ақ жібек,
Жағадан ұстап кигендей.
Біздерге туар күн қайда,
Арыстан туған Әкекем,
Маңдайымнан сүйгендей?
Қанатын тосып қақпалап,
Шырағым деп күлгендей.
Мезгілің болды-ау, Әкекем,
Қайрылып хабар білгендей.
Күн болар ма біздерге,
Көздің жасын игендей?
Клмес те болсаң,Әкеке,
Өзегім отқа күйгендей.
Дауасы болмай кезеулі оқ,
Қос өкпеден тигендей.
Кешегі менің Әкекем,
Айнасы еді елінің.
Ит жүгіртіп, құс салса,
Көркі еді екі көлінің.
Тояты қанған сұңқардай,
Базары еді бегінің.
Бәрі қасірет біздерге,
Жүріп, тұрған жеріңнің.
Қайғыңды тастап артыңа,
Қайрылмастай көріндің.
Опасы жоқ дүние-ай,
Бекер екен сенімің.
Қарашаның ханы Әкем,
Бұқараның бегі Әкем.
Көлеңкесі күндік жер,
Асқар тауға тең Әкем.
Қол-аяғын жимаған,
Етек-жеңі мол Әкем.
Мұнарланған сеңгірдей,
Дұшпандарға бел Әкем.
Құрағы көктеп, гүлденген,
Айдын да шалқар көл Әкем.
Қиядан дұшпан табылса,
Жасқанбайтын ер Әкем.
Достарға ауыр жүк түссе,
Қатарланған нар Әкем.
Көрген түстей біз болдық,
Осы ма екен ұяда,
Былтырғы жылы бар Әкем.
Келмесіне көз жетті,
Жаннаттан болғай талабың.
Ашық та болғай жауабың.
Нұрға толғай қабірің,
Жоғары ұшқай сауабың.
Үмбетім деп Мұхамбет,
Шапағат еткей назарын.
Әулиелер жар болып,
Ұжмақтың ашқай шарабын.
Он екі имам, шадияр,
Артылдырғай қадамын.
Дұғасын қабыл алғайсың,
Артыңда ізгі баланың.
Айта берсем, сөз көп-ті,
Дүниеден қайтпай кім кетті?
Дұғадан жоқтап жақсылар,
Бағышта аят кәламын!
Төлебайды келінінің жоқтауы
Рұқсат болса азырақ,
Отырған достар, ағадан.
Өлімге мирас жыламақ,
Бұрынғы өткен бабадан.
Ажал ортақ әмбаға,
Атамыз Адам, Хауадан.
Бағасы қымбат атекем,
Мисалында шәйіттің
Рақылат етті дүниеден,
Қайрылып хабар алмады
Ағайын, туған баладан.
Белгілі бекзат бес асты,
Табылмас достар шамадан.
Ертеңді-кеш зарлатып,
Қайғысы асты қападан.
Ордалы қуда сын бар ма,
Басшысымен адасқан.
Атекем келер күн бар ма,
Талайы тауға таласқан?
Алтын да қылыш, айбалта,
Асынса ерге жарасқан.
Халық иесі хандардан,
Қаюлы сағат жол ашқан.
Жан қуанған біз түгіл,
Жақсылар іздеп жанасқан.
Ай басқандай іс болып,
Бізге түсті қара аспан.
Айрылса кімдер қайғырмас,
Жұрт иесі манаптан.
Тасқа салса қайтпаған,
Адасты жұртым болаттан.
Қиядан ілген қыран құс,
Қайрылды ұшар қанаттан.
Атекемдей ер қайда,
Аузына жұртты қаратқан?
Сақилығын жүргізіп,
Алдынан кеңес таратқан.
Белгілі жұрттың бектері,
Кездесті әрбір тараптан.
Қатарынан құдайым,
Тұлғасын артық жаратқан.
Көрген түстей айрылдық,
Көлеңкелі дарақтан.
Тойған марал секілді,
Таудан аққан бұлақтан.
Ағасы елдің атекем,
Бұл сапарды ұнатқан.
Ағайын, туған әулетің
Қайғыға қамам, жылатқан.
Сайранға жаққан панардай,
Айрылды халқы шырақтан.
Төлебайдың жамағатының жоқтауы
Кеегі менің бегімнің,
Бір азғана дастаны.
Жылады деп сөкпеңіз,
Жиылып келген достары.
Алтын да кеудем жер болды,
Үстімді тұман басқалы.
Ертеңді-кеш зарлаймын,
Көңілімді басқалы.
Күнде қызық, күнде той,
Мәжіліс еді басқаны.
Құлақ естіп, көз көрген,
Жүргізді бір нұсқаны.
Тоғыз орда тіктіріп,
Толтырып асыл жинаған.
Тоқсан қонақ келсе де,
Асып-саспай сыйлаған.
Сапырулы қымыз, салқын үй,
Мәжілісін тыймаған.
Ит жүгіртіп, құс салып,
Қияға бедеу қинаған.
Құмай тазы, қыран құс,
Көзінен таса қылмаған.
Күнінде тоят алдырмай,
Сағат көңілі тынбаған.
Осынша дәуір үстінде,
Күн шығарып тұрмаған.
Бес уақыт намаздан,
Тоқталып мойын бұрмаған.
Шалғынсыз жерге қонбаған.
Төрт түлік малын өргізіп,
Күншілік жерді шарлаған.
Тоғыз қатар орданы
Тоқсан нарға қомдаған.
Айыр өркеш атанға,
Аяғымды салмаған.
Үш пәуеске тройке,
Тоғыз атқа парлаған.
Балапан ерткен қаздай ғып,
Көзінен таса қылмаған.
Миуасы піскен дарақтай,
Құдайым артын аңдаған.
Толықсып тұрған күнінде
Шын сапарға жолдаған.
Ұлы мен қызың артыңда,
Әкекем деп зарлаған.
Қадам басқан ізіңді,
Басқа жанға қимаған.
Азғана күн дәуірім,
Маңдайыма сыймаған.
Арыстанымнан айрылып,
Тарқады базар басымнан.
Алланың артқан ауыр жүк,
Орнады мұндай жасымнан.
Алтын да тұғыр ақ сұңқар
Ұшырдым, жұртым, қасымнан.
Орын алған сұлтаным,
Әр таптағы асылдан.
Жанған да отқа күйемін,
Құрдасын көріп бегімнің,
Қиядан іздеп қосылған.
Сіздермен бірге келер деп,
Күтуші ем хабар досыңнан.
Балалы арқар баурайды
Мезгілсіз оққа тосылған.
Артында қалып қайғырдым,
Жөнеліп керуен асудан.
Көрген түстей дәуірім,
Жана түсіп басылған.
Бастан жақты айырған,
Әмірі күшті Алланың.
Қайғысына жанғаным.
Арыстанымның тұсында,
Бітіп еді арманым.
Бұл дүниенің құрметін,
Көрсетіп еді көкжалым.
Күннен күнге күн өтіп,
Қызығына қанбадым.
Қолымнан топты тарқатып,
Адасып мұндай зарладым.
Жаралы қудай ыңыранып,
Артында жылай қалғаным.
Адастырған опасыз,
Дүние, сенің жалғаның.
Заманында бегімнің,
Дәуірлеп тасып-толғаным.
Кеңесін қолдан өткіздім
Қатарланған орданың.
Жылама деп айтады,
Өсиеті молданың.
Бұрын-соңды ажалдан,
Қалары жоқ бәнденің.
Қосқанынша құдайым,
Қош аман бол, алғаным.
Ризалықпен күтелік,
Құдайдың басқа салғанын.
Нұрға толып қабірің,
Жолдас болсын иманың.
Қызыр болсын мейманың.
Қадірің өтіп күн сайын,
Көзімнің жасын тыймадым.
Есмағамбеттің жоқтауы
Бисмилла сөздің басына,
Ағайын келді қасыма.
Бір күнгідей болмаған,
Дүние деген осы ма?!
Көңілден қайғы босатсам,
Келер ме көздің жасына?
Жыламай нағып шыдайын,
Кешегі өткен асылға?
Асылым түсті қолымнан,
Қанаттым сынды оңымнан.
Құдай қосқан қосағым,
Адастырды жолымнан.
Отыз төртке келгенде
Ұядан ұшты алғаным,
Дүниенің білдім жалғанын.
Мезгілсіз келді кезегің,
Қызығыңа қанбадым.
Кәләм шәріп хат оқып,
Ісләм жолын аңдадың.
Жан тәсілім болғанша,
Ақылыңнан танбадың.
Сонда біліп, ойладың,
Құдайдың назар салғанын.
Амандаспақ сол күні,
Көңілде болды арманың.
Амандастың жұртыңмен,
Бұйрығы деп Алланың.
Иманыңды құрметтеп,
Періште келсін хабарға.
Артыңда қалған бір нашар,
Іздегенмен табар ма?
Кешегі сөнген шамшырақ,
Орнына қайтып жанар ма?
Дәуірлеп ұшқан бала құс,
Тұғырға қайтып қонар ма?
Дүние дәулет болса да
Алғанымның тұсындай
Енді дәурен болар ма?
Ерғазының жоқтауы
Жылады деп қалайша,
Сөге көрме, жамағат.
Алты ай жүрген жолынан,
Келіп еді саламат.
Көрсетерін құдайдың,
Білмеді ме ғаламат.
Сабыр тұтып отырып,
Таба алмады рахат.
Сапарланып аттанды
Ырғыз деген қалаға,
Барып почта саларға.
Не жақсылық, жамандық,
Бір хабарын аларға.
Бастап шыққан жол ма екен,
Тура келген ажалға?
Қайрылмастай күн бе екен,
Қатын менен балаға?
Қорғасындай дерт екен,
Көңілдегі санаға.
Жолықпаста мерт пе екен,
Елдегі кіші, ағаға?
Отырған жақсы, хабар ал,
Біз ғаріптің халынан.
Өрттей қайнап жанамын,
Іште дерттің барынан.
Жесір қатын, жас бала,
Адасты құба нарынан.
Ғаріпшілік күн болды,
Сұңқарлар ұшқан қалыңнан.
Ордалы құлан түйсініп,
Болды ма хабар тағынан?
Мен бейшара зар еткен,
Айрылып сәулет бағынан.
Қырық бір жаста қиылтып,
Оздырмай алды шағынан.
Тарқатайын шерімді,
Рұқсат болса қауымнан.
Сымбаты сұлу сәулеттім,
Кезегі жетті нәубеттің.
Өлі менен тірінің
Арасында меңдеттің.
Адастырып ақылдан,
Жас баланы сенделттің.
Тағдыр да жазса құдайым,
Табылмаған дауасы.
Аты шыққан үш бектің,
Тасып еді қанасы.
Дұшпаны сай тең болып,
Орыс, қазақ баласы.
Базынадан басталған,
Нақақ еді жаласы.
Кемшілікке шыдамай,
Ұзады істің арасы.
Табылмады әкімнен,
Әділдіктің сарасы.
Қоспады ма жақсы Алла,
Ашылмады істің расы.
Өткен күзден бер қарай,
Қисайып еді жағасы.
Үкіметпен пенде ғып,
Облыс Торғай қаласы.
Тасқа тиіп мұқалды,
Арғымақтың тағасы.
Бұлы қымбат манатым,
Миллиондық бағасы.
Ұстаудан шығып келген соң,
Артықша болды қанасы.
Белін шешіп жатпады,
Жалғанның болмай опасы.
Решение жасалып,
Істің болды шатасы.
Есінен кетпей, аһ ұрды,
Туысқан, туған ағасы.
Құлағандай көрінді,
Жел жағының панасы.
Жазуынан артылып,
Қайда барар пәндасы?!
Құбаша Шалбайұлы
(1880-1952)
* * *
Құбаша қолыңа алып қаламыңды,
Сөйлеп көр бастан кешкен заманыңды.
Жабырқап жамандарша күн өткізбей,
Көрсетші замандасқа қадамыңды.
Сөйлеп көр ғибрат болсын көргеніңді,
Қорғалап тасалама білгеніңді.
Ақырет тіршілікпен бірдей емес,
Мақтан қыл дүниеде жүргеніңді.
Қызды да айт, қызықты айт бәрі бекер,
Қонған бақ, біткен дәулет желдей өтер.
Шоқытып белден-белге сен барғанша,
Артыңнан абайсызда ажал жетер.
Мал тәтті, дүние қызық дегенменен,
Бір күні жер соқтырып тастап кетер.
Баладай барлы-жоққа алданғанша,
Бір кеңес жұрт тыңдарлық жазсаң не етер.
Секілді жайым менің жетім лақ,
Естір ме маңырасам жарық құлақ.
Аузыңа рыздық болып бір тамбайды,
Тау жарып аққанменен тастан бұлақ.
Тер төкпей тегін олжа іздемеңіз,
Түсіндің, түсінбедің айттым бірақ.
Арамза ақиқатпен туыс емес,
Моласы қыр басында қалар жырақ.
Сенерлік достарыңда дос бар тағы,
Жаман дос жалғаныңды қостар бәрі.
Арыңның ақ сәулесін кір шалмасын,
Менікі болжап айтқан тұспал-дағы.
* * *
Сөзге шықтым сертпенен,
Лаулап жанған өртпенен.
Жолдас болдым әр жерде,
Асыл туған мәртпенен.
Шам жарығы айналып,
Саулық баста тұрғанда,
Қалмайды адам байланып,
Адамсып жанға пұлданба.
Нәубаттың құсын жөнелтсең,
Қатарыңнан қаларсың.
Саламат тәнің сауықса,
Мал жинамақ боларсың.
Жанға зауал туған күн,
Кімдер жылап кетпеген.
Қалдырып жарын, баласын.
Ақымақ басым білмеппін,
Осылардың арасын.
Дүние сөзін сұлулап,
Тіліңмен орақ орарсың.
Елден алған сауап жоқ,
Иманды қалай табарсың.
Таңда маһшар күнінде,
Сыбағаңды аларсың.
Бас пайдасын ойлаған,
Дүние жиса тоймаған.
Нелер залым, пасықты
Бұл тіршілік қоймаған.
Дүние кәміл жолдас деп,
Айтып жүрген қай надан?
Аурудың дерті қай жерде
Азаматты байлаған?
Аурудың көңілін кім ашар?
Хал сұраған тең ашар.
Шерленген елдің қайғысын
Әлдилеп сүйген бала ашар.
Ел қайғысын кім ашар?
Үзеңгісін тең басқан,
Белін бермес Ер ашар.
Ат қайғысын кім ашар?
Сұлыменен сүт беріп,
Күте білген қадірлеп
Жаны дархан ел ашар.
Тағдырдың бар ісіне
Сабырлық еткен жарасар!
А.Д.Сыровқа
Көзімді ашып, көкірегіме нұр құйып,
Жансарайда әрбір сөзің тұрды ұйып.
Сен Қазанда оқып, білім алыпсың,
Ойың терең, зейінің алғыр тұңғиық.
Талан болып, бағым болып жолықтың,
Сен арқылы мен өмірді мол ұқтым.
Ескіше оқып есейсем де, еңсемді,
Көтере алмай, шалқи алмай торықтым.
Сен арқылы мен орысты таныдым,
Дүниеге өзгерді шын танымым.
Жаныңменен жаным сырды бөлісті,
Бірге туған болып кеттік аға-іні.
* * *
Бұл дүние жеткізбейді,
Тыным көрмей қуғанмен.
Адам жаны жанға қонақ,
Бір анадан туғанмен.
Көңіл кірі кету қиын,
Шүберекше жуғанмен.
Гүл қауызы жетілмейді,
Жұлынған соң тұрғанмен.
А.Байтұрсынұлына
Ахмет ақыл-ойы түпсіз терең,
Құрыш болат, майыспас нағыз емен.
Сауабы сан қажыға тұрарлықтай,
Батырым пақыр елдің қамын жеген.
Жан аға, ойың зерек қатарыңнан,
Жан едің шын ғұлама аталынған.
Барымды қолымдағы аямайын,
Аман-сау оралғанша сапарыңнан.
Дүние, кімге керек жиған мүлік,
Бермейді дүние-жалған имандылық.
«Көз тоймас жұмылғанша» деген сөзге,
Болмайсың кей пасықты иландырып.
Әбіқай ақынға
Әбеке өлең-толқын тоқтамасын,
Өзің ғой үлгі тұтар ноқта ағасым.
Жазайық жаңа өмірді жарқыратып,
Кей пысық өткен күнін жоқтамасын.
Нұрханның бағыт бердің қадамына,
Үшкірдің желден жүйрік қаламына.
Шығады ол күні ертең ақын болып,
Бұлбұлдай жыршы болып заманыңа.
Кейіндеп қалып қойды елу деген,
Алпысқа аяқ бастым желеуменен.
Жазғаным жарық көріп жатпаса да,
Келемін келер күнге сенуменен.
Жәнібек тархан (дастаннан үзінді)
...Бақ орнап, әруақ қонған әулетіне,
бір Алла нұрын құйған дәулетіне.
Жәнібек Қошқарұлы туған атам,
Өмірі келе алмаған жау бетіне.
Қысы-жазы ер түспей тұлпарынан,
Алғыс пен батиха алған ұрпағынан.
Өтіпті қылыш асты, найза ұшынан,
Қорықпай өмір-толқын бұрқағынан.
Тісімен абжыланның басын бөлген,
Осы ерлік абыройын асырды елден.
Бар қазақ Абылайға бата тілеп,
........................................................
Жырламай оны қалай жата алармын,
Шет болып аруағына аталардың.
Толғасам ту көтерген ата ерлігін,
Тіріден, өліден де бата алармын.
Жалтақтап, бұлтаратын жерім де жоқ,
Тереңнен сөз айта алмас тегімде жоқ.
Жылтырап салындының астын қуып,
Тірнектеп күн көруге ебім де жоқ.
Іріден жаратылдым ірі болып,
Ел деген азаматтың бірі болып.
Арман жоқ Ахметке туыс болып,
Шыға алсам Әбіқайға іні болып.
Адассам соларменен адасармын,
Өлеңнің бірге уығын қадасармын.
Демесе болды маған Ыбырай жиен,
Нағашы, ұсақтадың, аласардың.
Шақшақтың өр даңқына дақ түсірмей,
Толғайын топан жырды көк мүсіндей.
Жәнібек Ғазіреті Ғали дерсің,
Кетпеген күшін оның жат түсінбей.
Ажалдан, оттан, судан қорықпаған,
Пәле жоқ бір басына жолықпаған.
Өтіпті ол Үшбурылдың өзеніне,
Алуға кегін қанды жорықтардан.
Мерейі тайталаста үстем болып,
Талай жау ала алмаған күшпен торып.
Бұлт жүрген төбесінде Жәнібектің,
Аруақ боп жаратылған іштен қонып.
«Санама сәуле болып құйылатын,
Атам!»–деп Ахмет те сыйынатын.
Қарашал қара аруағы қолда десе,
Жан-жақтан періште күш жиылатын.
– Деп Ахаң атасын шын дәріптеген,
Үлгі алған пайғамбарлық әліппеден.
Оқушым өзі біліп түсінер-ақ,
Мен мақтап қызыл сөзбен әдіптемен.
Бір жолы оралғанда көп жорықтан,
Алдынан айдын, мөлдір көл жолыққан.
Жортқанда үш күн, үш түн сукездеспей,
Асуда арқар аспас қол торыққан.
Сол көлге келе сала басты қойып,
Түбінен жас жігіттер тартты борық.
Асылып мосыағашы, ошақтары,
Ішпекші болып жатыр асты тойып.
Шоқ қурай көлеңкесін тың ұстаған,
Түбіне батыр келіп тыныстаған.
Қашықтау қалың қолдан әу дейтін жер,
Жетпейді дабыра шу дыбыстаған.
Бел шешіп айға жуық дем алмаған,
Жансая таппай дүние кең арнадан.
Жоңғардың Алатауын көктей өтіп,
Аспаған асу, жота, бел қалмаған.
Шебінен жауды кейін қайырғанда,
Көп жерді қан шеңгелден айырғанда.
Жәнібек Шақшақұлы деген есім,
Атырау, жетісуға жайылғанда.
Сол беттен оралғаны осы болып,
Шалқар көл жағалауға қосы қонып.
Жәнібек жаны рахат тапқаны осы,
Еркелеп ұйқы деген досы келіп.
Абжылан мекен еткен бұл араны,
Адамды көріп он қат бұралады.
Қан сорып қапияда тісін алмай,
Қалайша шыдап енді тұра алады.
Ысқырды, күшін жинап қатуланып,
Орнында тапылжымай жату қалып.
Айыр тіл сала құлаш шықты аузынан,
Қып-қызыл тәтті қанға батуға анық.
Лебімен бір-екі рет тартты дағы,
Көз тігіп, жонын жырып шаптығады.
Көтеріп кеуде жағын көтере ұстап,
Құйрығын бұлаңдатып қаққылады.
Зу етіп ә дегенше атылды да,
Адамға жетпей қапты тақырды да.
Жәнібек көзін ашып қарап алып,
–Абжылан, ажал,–деді –шақырды ма?
Түймесін жейдесінің ағытты да,
–Қалдың сен қаһарланбай не ғып тына?
Ауызын ат дорбадай аша берді,
–Тап өзің өзің түсер табытты да!
Деді де қозғалмастан жата берді,
Хас батыр дүрліктірген атағы елді.
Мұп-мұздай бауырымен жоғары өрлеп,
Абжылан ін-ауызға бата берді.
Желкеден тісті салды батыр қатты,
Азу тіс бас сүйекті батырлатты.
Құйрығын шошаңдатып сұр абжылан,
Қып-қызыл өз қанына өзі батты.
Дабырлап, жұрт жиылып жүгірісті,
–көрдік,–деп–шын керемет бүгін істі.
Ей, Алла, абырой бер әрқашанда,
Батырдың алдына кеп жүгіністі.
–Батыр-ай уы дарып кетпеді ме?
Еш әсер тіліңізге етпеді ме?
–Мені қой абжыланды айт екі құлаш,
дәл бүгін ажалының жеткеніне.
Күн тұрды күле қарап төбесінен,
Көз алмай шын батырлық төресінен.
–Жау түгіл абжылан да аса алмады,
Жәнібек көкеміздің өресінен.
Деп қол да дабырласып мақтанысты,
Түн қонып, ертесіне аттанысты.
Мен бүгін жырға қосып дастан еттім,
Арада екі жүз жыл жатқан істі.
Ірінің айта алмасаң ірілігін,
Құбаша кімге керек тірілігің.
Аға боп Жәнібекше бой көрсетпей,
Інінің көру қиын інілігін...
Файзолла Сатыбалдыұлы
(1883-1959)
Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы туған Торғай төңірегінде олардың идеясын қуаттап, қолдаған Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар, Ахметсапа Юсупов т.б сияқты жерлестерінің арасында ақындар – Файзолла Сатыпалдыұлы мен Әлмұхаммед Оспанұлы да "Алаш" ісіне белсене араласты. "Халық жауы" ретінде сотталып, жер аударылған бұл ақындардың шығармашылығы алаш идеясын үндейді.
Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған 20-жылдардың өзінде:
Ей, қазағым, жан бауырым туғаным,
Сенің қамың бала жастан қуғаным.
Сен бақытты, сен өркенді ел болсаң,
Болмас еді менің дағы арманым.
Ей, қазағым, кештің тағдыр күрделі,
Сендей болсын – болса бір ұлт зерделі.
Құрбандығың болар едім жолыңда,
Ел болсаң сен өз алдыңа іргелі! [43, 10 б.] –
деп жырлаған қари, ақын, Файзолла Сатыбалдыұлы 1883 жылы Торғай өңіріндегі белгілі дінбасы Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлының отбасында дүниеге келген. Файзолла Троицкідегі Ахон қазірет медресесінде, одан соң Бұхарадағы "Көкілташ" медресесінде діни білімді меңгеріп, он алты жасында құранқарилық атақ алған. Медресені тамамдағаннан кейін 1901-1928 жылдар аралығында Торғай төңірегінде әртүрлі діни қызметтер атқарған.
1928 жылы желтоқсан айында "алашордашыл", "ұлтшыл ұйым мүшесі" деген кінә тағылып, Қостанайдың атақты ақ түрмесіне қамалып, 1929 жылы сәуір айында Алматыға айдалып, 14 жылға сотталады. 1929-1935 жылдар аралығында Қазақстандағы Іле, Ақтеңіздегі Беломорканал, Мәскеу каналдарында, Новосибирде айдауда болады. 1935 жылы 14 жылдық жаза жер аударумен ауыстырылып, Татарстан, Башқұртстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола аймақтарында болып, туған жеріне 1946 жылы 63 жасында оралады. Өмірінің соңына дейін Алланың ақ жолынан таймаған Файзолла қари Сатыбалдыұлы 1959 жылы көз жұмды.
Азаттық жолындағы күреске бел буған Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ахметсапа Юсупов, Ахмет, Ғазымбек Бірімжановтар, Нұрғали, Нәзипа Құлжановтар сияқты Торғайдан шыққан Алаш азаматтарының үркердей тобында Файзолланың да болғандығы ақиқат. Айта кету керек, Файзолланың анасы – Әйін Міржақып Дулатұлының апасы, яғни Файзолла Міржақыпқа жиен болып келеді. Жоғарыдағы пікірімізге бұл бір дәлел болса, Файзолланың "Алашордаға қатысы бар", "Ұлтшыл ұйым мүшесі" деген кінәмен қуғын-сүргін көруі – екінші дәлел. Сонымен бірге, Файзолла шығармалары идея, тақырып жағынан Алаш қайраткерлерімен мақсаттас, мүдделес, үндес.
Файзолла Алаш азаматтарымен айдауда болған жеті жыл ішінде де таныс-біліс болған. Мәселен, Мағжан Жұмабайұлымен түрмеде бірге отырған.
Файзолла Сатыбалдыұлы "Алаш" партиясының толық мүшесі болмаса да, оған тілектес, ниеттес болғандығын, оның шығармашылығында ұстанған азаматтық позициясынан айқын аңғарамыз. Мысалы, Ахметсапа Юсуповқа жазған хатында:
Сәлем де достарыңа бірге жатқан,
Қамығып, қапаланып шерге батқан.
Қолыңа тисе хатым бәріне де,
Айтарсың тілектестік ағаң жақтан.
Отырмын қайран таппай ойға қалып,
Шеше алмай әр нәрсенің басын шалып.
Айтарсың дұғай сәлем мына менен,
Ахмет пен Міржақыпқа қолын алып.
Және де Аймауытов Жүсіпбекке,
Жас өрен Бірімжанов Ғазымбекке.
Бәріңді аман-есен сақтай көр деп,
Тапсырдық мінәжат қып құдіретке [43, 30 б.], –
деп қамауда жатқан Алаш азаматтарының тілеуін тілейді. Файзолла Алаш партиясының рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлымен Ақтеңіздегі "Беломорканалда" айдауда бірге болған. Екеуінің арасындағы жерлестік қатынас, рухтас достық қатынасқа ұласқан. Ақын "Ахмет қайтыс болды дегенде" атты өлеңінде:
...Айрықша артық көрген ғазиз досым,
Жоқ еді қысқада кек, ұзында өшің.
Алаштың қамын жеген азамат ең,
Сүйреген алға қарай қазақ көшін.
Біраз жыл тізе қосып болдық дәмдес,
Тағдырдың жазғанына кім бар көнбес.
"Ақынның хаты өлмейді" деген бар ғой,
Шырағың жағып кеткен жанар, сөнбес.
Ғафу ет, жерлер болса, тілім тиген,
Шаһбаз дос, құрмет тұтып, жаным сүйген.
Тілеймін көрмесін деп кейінгі жас,
Қамытты қиын күнде біздер киген [43, 48 б.], –
деп өз бастарындағы қиындық қамытын кейінгі ұрпақ кимесін деген тілек тілей отырып, Ахмет шырағының жанатынына, өздері бастаған істің аяқталатынына, өздері аңсап, соның жолында күрескен азаттық күнінің туарына сенім білдіреді. Осы өлеңдегі:
...Ақиқат ақ сөйлейтін туар заман,
Боларын ондай күннің білмес надан, –
деген жолдар да бұл ойымызды дәлелдей түседі.
Жалпылай алғанда ақын шығармашылығы өз заманының қайғы-қасіретіне толы болса да, онда ертеңге деген сенім, қазақ азат ел болады, азаттық жолында күрескен ерлердің еңбегі ақталып, тарихтан өз орнын алады, әділетті заман орнайды деген оптимистік көзқарас басым. Мәселен "Міржақыпты жоқтау" деген өлеңінде:
Уақыт өтсе оңар бөз,
Талқан болып тозар жез.
Дүниеде өлмейді,
Ғибратты асыл сөз.
Міржақып пен Ахмет,
Нақақтан нақақ болды шет.
Бір уақыттар болғанда,
Ақталар орнап әділет.
Немесе:
Дүние деген тегеріш,
Ұмыт болмас келелі іс.
Замана қазір өзгеріп,
Тарылып тұр ғой кең өріс.
Қиянат кетпес тоқтаусыз,
Әділ сөз қалмас құптаусыз.
Күндердің күні болғанда,
Міржақып кетпес тоқтаусыз! [43, 49 б.] –
дей отырып, бүгінгі күнді, яғни кейінгі ұрпақтың жазықсыз қуғын көріп, әділетсіздіктің құрбаны болған алаш азаматтарын ақтап алатынын аса сезімталдықпен болжағандай. Осы жерде бір қызықты деректі айта кеткен орынды. Айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы Файзолланың "Міржақыпты жоқтау" өлеңін Монғолияда 4-5 сыныптарда жатқа айтқанын айтады. Бұл өлеңнің Монғолия жеріне бару тарихы беймәлім.
Файзолла ақын өз өлеңдерінде кеңес өкіметінің сұрқия саясатының бет пердесін ашып, ұлттық қалпын, салт пен дінін, тілін сақтап қалу үшін қазақ өз алдына дербес ел болу керек деп ұлтына ой салғысы келеді. Кеңес заманында Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтеріліс деп аталып келген 1916 жылғы Торғайдағы Әбдіғапар хан Жанбосынұлы көтерілісінде көтерілісшілерге дем беріп, Әбдіғапар ханның кеңесшісі болған Файзолла ақынның көксеген мақсаты – қазақ халқының азаттығы мен тәуелсіздігі болатын. "Туған елмен қоштасу" өлеңінде ақын былайша толғанады:
... Ай, заман-ай, заман-ай,
Замананың зауалы-ай.
Құбылып соққан құйындай,
Айласы мен амалы-ай.
Бір қазақтың баласын,
Екіге бөліп арасын.
Қырқыстырып қойғаны-ай,
Ағызып көзден сорасын.
Ел арасын ашқаны –
Ескі әдетке басқаны.
Осылай қылған ежелден,
Қазақтың барлық дұшпаны.
Бірікпесе ел басы –
Құрғамайды көз жасы.
Болмаса екен бір күні,
Әлдекімнің олжасы.
Ата дәстүр, салт пен дін,
Осы күні болды мін.
Мұның бәрі жоғалса,
Елдігіңде бар ма құн?
Зиялыңды қудалап,
Қараңғыңды бұйдалап.
Берекеңді кетірер,
Қырықпышақ қып қидалап [43, 11 б.].
Осы өлеңде қазақ жерінің талауға түскенін, бұл отаршыл орыс патшасынан басталған саясат екендігін айта отырып, ата-бабадан қалған мұра – жерімізді:
...Қорғай алмай сорладық,
Бәтуәсыз зарладық.
Ата-баба рухын,
Аяқ асты етіп қорладық.
Қорлағанның белгісі –
Әр жаққа тартып әр кісі.
Аз қазақтың шықты ғой,
Әңкісі мен тәңкісі –
деп азаттық жолындағы күреске қазақтың дәрменсіздігін, ел ішіндегі алауыздықты, ынтымақ-бірліктің жоқтығын сынайды.
Файзолла жаңадан орнаған кеңес өкіметінің аңысын аңдап, түпкі мақсатының астарына үңіле қарап, сұрқия саясаттың сырын ұғып, оны халқына түсіндіруге тырысады.
Бай, кулак деп бөлгені –
Зауал күннің келгені.
Көп үміттің сөнгені,
Бір сұмдықтың төнгені.
Таланып жайлау, өрісің,
Тапталып ар мен намысың.
Аруақ қонып, нар шөккен,
Ежелгі ата қонысың –
Күннен күнге тарылып,
Етек-жеңі түріліп,
Аузымыздан жырылып,
Келімсектерге телініп –
Ту-талапай болар-ау,
Түрлі ұлтқа толар-ау,
Бұқар жырау айтқандай,
Айламен бәрін алар-ау...
"Ата-баба қонысының тарылып, келімсектерге беріліп, түрлі ұлтқа толатынын" ақын көрегендікпен болжай отырып:
Мөңке биден қалған сөз,
Кейінгіге болса кез,
Білер еді шындықты,
Зерделеп оқып, салса көз [43, 13 б.], –
деп өзінен бұрынғы Мөңке бидің, Бұқар жыраудың нақыл-өсиеттерін жырына дәйек етеді. Файзолла ақын шығармаларынан бізге жеткен көптеген шығармалары бар. Атап айтқанда "Заман-ай", "Қалимаға жазған хаттар", "Шағыну", "Бұқар жырау сиынған менің пірім", "Абай романын оқығанда", " Мінажат", "Әлмұхаммед молдаға", "Ахмет қайтыс болды дегенде", "Міржақыпты жоқтау", "Ақтеңізден сәлем", "Өменді жоқтау", "Ахметсапа Юсуповқа хат", "Кәріліктің келуі", "Бұл күнде қария болдық күркілдеген", "Жатыпатар", "Қайдасың жаны жайсаң ақылдылар", "Қорқамын адамдардан алақұйын" т.б. өлеңдерімен бірге 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліс туралы жазған "Әбдіғапар хан", "Дауылда ұшқан жас қыран" поэмалары, "Өмірбаян" автобиографиялық поэмасы, өзінің айдаудағы өмірі туралы "Ұзақ жол" поэмасы, "Тоқымбет – Гүләйім" ғашықтық дастаны, 1921-22 жылғы аштықтағы халықтың жағдайы туралы "Тасмешін" поэмасы, "Адамзат шежіресі" атты шежіре-дастаны бар.
Ақын шығармаларының жариялануына келсек, ақынның "Тоқымбет – Гүләйім" атты кітапшасы Аманкелді ауданында, "Ай, заман-ай, заман-ай!" атты кітапшасы Арқалық қаласында басылып шықты. Ал республикалық деңгейде 1992 жылы "Жалын" баспасынан жарық көрген "Қапаста жазылған хаттар" атты жинақта, әр жылдары "Егемен Қазақстан", "Халық кеңесі", "Қазақ әдебиеті", "Қазақстан мұғалімі" газеттерінде, "Жұлдыз", "Парасат" журналдарында шығармалары жарияланды [45].
Файзолла Сатыбалдыұлы араб, тәжік, өзбек, татар, башқұрт, орыс тілдерін жетік білген. Шығыс және орыс әдебиетімен жақсы таныс болған. Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін, шешендік сөздерді, өзінен бұрынғы және өзімен тұстас ақындардың ақыл-өсиеттерін, нақыл сөздерін жинастырған фольклорист те еді [43, 6 б.].
Төсінде талай тарихтың таңбасы сайрап жатқан Торғай жерінде, бүтіндей арқа өңірінде Файзолла Сатыбалдыұлының есімі жақсы таныс. Өз дәуірінің озық ойлысы, замана құбылысына көзқарасын тайға таңба басқандай етіп білдіріп отыратын Файзекеңнің жыр-дастандары ел ішінде жатқа айтылады [46, 107 б.].
Ақылдылар, тілегім қарғай көрме,
Алдамшының сөзіне ыңғай берме.
Түйгенімді өмірден өлең қылдым,
Айырарсың бір күні, жез бе, зер ме?
Болса да көкірегім алтын көмбе,
Мен де бір бағы жанбай кеткен пенде.
Асығыс ғайбаттама не істеген деп,
Боларсың қысым көрсең мендей сен де.
Дүниеге ойлап тұрсаң адам қонақ,
Болғанда біреу ұста, біреу олақ.
Менің де өлеңдерім зармен жазған,
Күндердің күндерінде болар сабақ, –
деп өсиет қалдырған алаш тілекті, абзал жүректі ақын Файзолла Сатыбалдыұлының шығармашылығы қазақ әдебиеті тарихының жарқын беттерінің біріне айналарына сеніміміз мол.
Халқыма
Ей, қазағым, жан бауырым, туғаным.
Сенің қамың бала жастан қуғаным.
Сен бақытты, сен өркеніңді ел болсаң,
Болмас еді менің дағы арманым.
Ей қазағым, кештің тағдыр күрделі,
Сендей болсын-болса бір ұлт зерделі!
Құрбандығың болар едім жолыңа,
Ел болсаң сен-өз алдыңа іргелі!
1920 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |