Бағдарламасы бойынша басылып шығарылды «Торғай кітапханасы»



жүктеу 4,14 Mb.
бет1/19
Дата07.12.2017
өлшемі4,14 Mb.
#3439
түріБағдарламасы
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

АЙБЕК ҚАЛИЕВ


Топжарған

(Торғай ақындық мектебі өкілдерінің шығармашылығы)


ҚАРАҒАНДЫ

2013 Ж.
УДК 821.512.122

ББК 83.3 (5Қаз)

Қ-26

Қостанай облысы, Арқалық қалалық әкімшілігі

«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша басылып шығарылды

«Торғай кітапханасы» сериясы
Идея авторы – Берік Әбдіғалиұлы
Ақылдастар алқасы:
Есланбек Мәметеков-төраға

Шөптібай Байділдин

Кәки Ақан

Орекен Алмат

Жұмағали Өмірбек

Қонысбай Ағуанов

Мұрат Жүнісұлы

Айбек Қалиев
Қ-26 Топжарған: (Торғай ақындық мектебі өкілдерінің шығармашылығы // Қалиев А.К. – Қарағанды, Экожан ӨК., 2013 ж., 423 бет.

ISBN
Бұл еңбекте Торғай ақындық мектебі өкілдерінің шығармашылық ғұмырбаяндары мен өлең-жыр, айтыс, дастан сияқты әдеби мұралары жинақталған.

Кітап көпшілік оқырманға, жырсүйер қауымға арналған



ISBN

УДК 821.512.122

ББК 83.3 (5Қаз)
©Қалиев А.К., 2013
Алғысөз
Қазақ поэзиясының дамып, жоғарғы деңгейге жетуі, эстетикалық арнасының кеңи түсуі, біріншіден, халқымыздың туа бітті поэтикалық-шығармашылық қабілеттілігінде жатса, екіншіден, бай эпостық-батырлық, ғашықтық жырларынан нәр алуында, үшіншіден, ақындық мектептерінің молдығына байланысты екендігі талас тудырмайтын шындық. Шығыста Хакім Абайдың ақындық мектебі, батыс өлкесіндегі жыраулық-ақындық мектеп, алмас қылыштай жарқылдаған өткір Шернияз, Қашаған, Махамбет дәстүрі, Қызылорда, Арал бойындағы сыр сүлейлері, оңтүстіктегі жыршы-жырау, термешілер мектебі, Сарыарқаның әнші-композитор, лирик ақындар мектебі, Жетісудағы суырыпсалма айтыскер ақындар мектебі тағы басқа... әрқайсысы түпсіз терең бір-бір мұхит.

Торғай торабында ақындық мектеп болғанын белгілі сыншы, ғалым Есмағанбет Ысмайлов «Ақындар» деген кітабында атап көрсетіп « бастауыш, орта, жоғары дәрежелі мектеп емес, мұның оқу үйренуінің ерекшеліктері бар»,- дейді. Ол ерекшелік – өзінен бұрынғы ақын-жыраулардың шығармаларын жатқа білу, оларды ұстаз тұтып, жанынан өлең шығару, оны домбыраға қосып айтуды үйрету. Айтыстарға қатысып, ақындық өнерін шыңдау.

Торғай ақындық мектебі жайында кейін Назарбек Бектемісовтің «Ахмет ұшқан алтын ұя», Серікбай Оспанұлының «Ахмет өскен ақындық орта», Айбек Қалиевтің «Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы» кітаптары жарық көрді.

Торғай ақындық мектебі Уақ Жұмабай Шалабайұлынан бастау алады. Оның өлеңдері жігерлі, ақпа-төкпе, эпитет, метафораға бай:

Қанатын қаға алмаса сұңқар дарын,

Менің де өлең-жырдан бұлтарғаным.

Ағайын бала мінер көк тайыңды

Бәйгеге білмей қостың тұлпар барын.

Шамаңды, көлеміңді байқа, балам,

Жөн болар шалабыңды шайқамаған.

Өлеңші ата көріп бата берген,

Бір қонып кеткенің жөн қайта маған.

Кеудемде дауылды өлең ұясы бар,

Сендейлер шыға алмайтын қиясы жар.

Төбемде қаз бауыр бұлт әлі де тұр,

Шамдансам, жыр нөсерін құя салар...

«Сұңқар дарын, бұлтарғаным, тұлпар барын», «Байқа балам, шайқамаған, қайта маған», «Ұясы бар, қиясы жар, құя салар» деген төрт буынды ұйқастары мен « Сұңқар дарын», «Бала мінер көк тай», «Өлең ұясы», «Жыр нөсері» сияқты теңеулері қандай керемет?! Ақын әр сөзге қанат бітіріп, құбылтып, ерекше ажарландырып жібереді. Ұйқастары өз-өзінен құйылып, шиыршық атып тұр, жұп-жұмыр. Еріксіз телінген бірде-бір басы артық сөз жоқ. Поэзия мен музыканың егіздігін осы өлеңнен байқауға болады. Шымыр ұйқаспен әдіптеліп, буын, бунақ саны сақталынып жазылған ырғақты өлең ыңылдап әнге қоссаң алып жөнелгелі тұр. Жұмабай ақын Қостанай облысы, Жанкелдин ауданындағы бұрынғы Тосын болысының № 5 ауылында 1838 жылы туып, 1929 жылы қайтыс болған.

Торғай ақындық мектебі өкілдерінің бірі Сейдахмет ақын. Сейдахмет Бейсенұлы әрі ақын, әрі тапқыр-шешен, темірден түйін түйген ұста, құралайды көзге атқан мерген аңшы, әрі сықақшы, қалжыңқой адам болған. Оны көбіне – көп Торғай бойы қазақтары «Таңат Сейдахмет» деп атаған. Таңат – ақын руының аты. Ұзын қыпшақтың Кеделі атасына жатады.

Оқуға он жасымда талап еттім,

Баланы бұрын түскен қуып жеттім.

Жыр, қисса- өлең кітап оқымауды

Басыма зор уайым қайғы тұттым.

Аз ұйықтап, аз тағам жеп ыждағаттап,

Жанымды ізденіспен ренжіттім.

Ойнақтап, ортекедей ойын салған

Алаңсыз, армансыз күн қайда кеттің?

Талпыныс, талаптылық қасиетті

Өзіме айнымастай тірек еттім.

Сол ұмтылыстың, оқу-білімнің әрі табиғат берген дарынының арқасында оның аты бозбала шағында-ақ Торғай, Қостанай бойына тез тарап, өлең- жырларын ел жатқа айтатын дәрежеге жетеді. Оған ақынның:

Он үште топқа түстім айғайладым,

Жас күнде албырт қиял байқай ма алдын?

Шоқ болып жүрегіне барып түстім,

Жамылып шен-шекпенін шалқайғанның,-

деген жолдары да айғақ болғандай.

Назарбек Бектемісов «Ахмет ұшқан алтын ұя» деп аталатын кітабында Сейдахмет жайында айта келіп, ақынның 1851 жылы туып, 1914 жылы өзі туып- өскен Аманкелді ауданының Қайыңды кеңшарының Қызылжұлдыз атты бөлімшесінде қайтыс болғанын айтады. Ақынның туып-өскен жері дұрыс көрсетілгенмен, туған жылы мен қайтыс болған жылында жансақтық кеткен. Өйткені ақынның басына қойылған құлпытаста: «Ұзын қыпшақ, Кедел руы, Тілеулі тайпасы, Сейдахмет Бейсенұлы, 69 жаста, Әлхамду лиллаһи раббил ғаламин Асхади әжмағин 1912» деген жазу бар. Сонда 1843 жылы туған болады ғой.

Сейдахмет Бейсенұлының «Сейіт-Ахмет деген жігіттің үйіне түсірмеген құрбысына айтқаны», «Бір ақынның әділ төреге айтқан сөзі» деген өлеңдері Ыбырай Алтынсариннің 1879 жылы шыққан «Қазақ хрестоматиясына» енген.

Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» еңбегінде мысалға келтірілуі Сейдахмет өлеңдерінің Ыбырай Алтынсарин құрастырған хрестоматияға енуі, оның осал ақын болмағанын да, Торғай ақындық мектебі өкілдерінің ішінде өлеңі алғаш баспа бетін көрген ақын екенін де аңғартады.

Есенжол Жанұзақұлы 1845 жылы Торғайдың Аққұм болысында дүниеге келген. Ахметпен ауылдас, Абаймен құрдас.

Ол Ахметке өлең арнап, оның болашағының зор екенiн сол кездiң өзiнде-ақ әдемi айтып кеткен:

Елетпей көкөрiмдей балғындығын,

Танытқан таңғажайып алғырлығын.

Әдейi Ахметке өлең арнап,

Қолыма домбырамды алдым бүгiн.

Өлеңi бұғалыққа бағынбаған,

Толқындай бұйраланып ағындаған.

Ақыннан Жұмабайдай фатиха алды,

Құранның шындығындай дарынды адам.

Бақ қонды оннан жаңа асқанында,

Асарсың өнердiң сан асқарын да.

Жарқырап әлi бiр күн тұрарсың сен

Жұлдыз боп қазағымның аспанында!

Неткен көрегендiк! Бұл өлең Ахметтiң “Маса”, “Қырық мысал”, “Тiл құралы” шықпаған заманда туған. Одан берi қаншама өзгерiстер – қуғын-сүргiн болды. Ахмет “халық жауы” атанып атылып кеттi. Заман өзгердi, заң өзгердi. Елiмiз егемендiгiн алғаннан кейiн Ахмет атамыз қайта тiрiлiп, арамызға оралды. Ендi Ахметтiң “Жұлдыз боп қазағымның аспанында” тұрғаны да рас! “Ақын-перiште” дегенге ендi қалай сенбессiң?!

Өлең құрылысына көз жүгiртiңiзшi, Қазақтың он бiр буынды қара өлеңi. Буын, ырғақ, бунақ өлшемдерiнiң бәрi сақталған. Ақын еркiн көсiледi, айтайын дегенiн ешбiр қиналмай жеткiзе алған. Төрт буынды түбiрлi ұйқастары да өлең сәнiн келтiрiп, сыңғырлап тұр. Түсiнiксiз, басы артық сөз де жоқ. Тiптi кеше ғана жазылған, әлi сиясы кеппеген дүниедей. “Танытқан таңғажайып алғырлығын”, “Әдейi Ахметке өлең арнап”, “Зейiндi, зердесiнiң ұясы”, “Басына баянды етiп ұя салар”, “Өлеңi бұғалыққа бағынбаған”, “Асарсың өнердiң сан асқарын да” деген жолдардағы дыбыс қайталаулары да /аллитерация, ассонанс/ сәттi шыққан. Өрнектi, мәндi өлең жеңiл оқылады, жаттауға да оңай.

Торғай ақындық мектебі өкілдерінің бірі Құбаша Шалбайұлы 1880 жылы Торғайдың бесiншi ауылында, Тосын болысында туып-өскен. Ахмет Байтұрсынов Арғын тайпасының Үмбетей деген атасынан тараса, Құбаша осы Шақшақтың немересi Қошқарұлы (Шақшақұлы деп те жазып жүр – С.О.) Жәнiбектiң Дәуiтбай деген баласынан тарайды.

Құбашаның Торғай ақындық мектебiнiң көшбасшысы Жұмабай ақынға елiктейтiнi, Жұмабайша сөз саптап, Жұмабайша көсiлiп, қанатын кеңге жаятыны әр өлеңiнен көрiнiс бередi.

Құбашаның Жәнiбекке жақындығын айтып өттiк. Ақынның осы Жәнiбек атасының ерлiгiне арнап жазған поэмасы бар. Поэманың тiлi көркем, өте әдемi жазылған, Жәнiбек жайындағы аңыз-әңгiмелердi сөйлеткенде мүдiрмейдi, құрғақ баяндамай, суреттей, айшықтай, әсерлей көсiледi.

Қиыннан қиыстырған ұйқастар мен жолдар, өлеңнiң iшкi иiрiмi бiр-бiрiмен қабысып, оп-оңай жасалғандай, өз-өзiнен құйылып қағазға түсе қалғандай болып көрiнедi. Мазмұн мен өлеңнiң iшкi, сыртқы сұлулығы да бiрдей, айқын, әсерлi, әсем.

Құбаша ақын 1952 жылы қайтыс болған. Қабiрi Жанкелдин ауданының «Шилі» ауылындағы «Сасықсор» деген елдi мекенiнде. Басына белгi орнатылған.

Әбiқай заманында қызық адам,

Келгенде сөз кезегi қысылмаған.

Күңiренiп өз үйiнде өлең жазған,

Ұйқасы балталаса бұзылмаған,-

деп, Сырбай Мәуленов жырға қосқан Әбiқай – Әбiқай Нұртазаұлы 1871 жылы осы Торғай бойында, Тосын құмында туған. Ес бiлiп, етек жапқан шағында медреседе екi жыл оқып, молдадан сабақ алады. Хат таниды. Бiрақ:

Кедейлiк деген шiркiн тарықтырар,

Аяздай аза бойды қарып тұрар.

Күрмеуге келмейтұғын қысқа жiптей

Қайтарып қайратыңды, шалықтырар,-

деп, ақынның өзi жырлағандай, әрi қарай оқуына кедейлiк қолбайлау болады.

Ақынның алғашқы өлеңдерi жәдiгөй-жағымпаздар мен қарапайым халыққа зорлық-зомбылық көрсеткендерге арналады. Олардың әдiлетсiз iстерiн әшкерелеп, әпербақан мiнездерiн әжуалайды, келемеж-келекеге айналдырады.

Өлеңдi өнер деп бiлген Әбiқай да өлеңнiң әр жолына, әр бунағына мән берiп, әр сөзiне жауапты қараған. Өлеңнiң көркемдiгi жағынан өз тұстастарының бiразынан озық болғаны байқалады. Ол, әсiресе, өлеңнiң әуездiлiгiне айрықша назар аударған.

“Жақсы өлеңнiң жұртқа жаяр жаршысы да, аршысы да - әдемi ән ғой, - деп жазады ақын “Өлең туралы ойлар” деп аталатын қара сөзiнде. – Қазақ үшiн әнi жоқ өлең – сәнi жоқ сауда мүлкi тәрiздi. Шiркiн, өлеңдi өнер деп ұғар ұрпақты көрсем! Өлеңнiң сараң жолдарындағы сан қилы тәттi де, ащы ойларды таразыға тартар азамат бесiкте ме екен, әлде есiкте ме екен? Өлеңдi мәпелер, өлеңнiң өз бағасын әперер өрен туса екен!”.

Азамат ақын осылайша сыр толғап, тебiрене армандайды. Үнемi iзденiп, тамаша талантын ұштай түскен ол бiрде Абай өлеңдерімен жолығысқанда, таң-тамаша қалып:

Өмiрде кез болған-ды талай ақын,

Солардың бәрiнен де Абай ақын!

Жаттадым жыр ақынын, Сыр ақынын,

Болмақшы бiрақ сенен қалай жақын?!

Кәусардай шыққан алыс бал бұлақтан,

Жанымды жадыраттың қалғып жатқан.

Ойымды өнер таптым деген менiң

Аңғарға кеттiң алып тар жұмақтан.

Кетпеске бiр жолыңды ұмыт тастап,

Оқимын таңға дейiн ымырт бастап.

Сөз қуып сүрен болған мен сорлыны

Кеттi ғой сен келген соң үмiт тастап..,-

деп жазады. Өлең шынайы да, шымыр, көркем жазылған. “Бал бұлақтан – тар жұмақтан – қалғып жатқан” сияқты төрт буынды түбiрлi ұйқастары мен өлеңнiң iшкi иiрiмдерi, дыбыс үндестiктерi қандай әдемi! Өлең мiнсiз құйылған. Бiрақ сонда да Әбiқай Абай өлеңдерiн оқығаннан кейiн: “Елуге келгенше есiмiз кiрмептi,- деп өзiн кiнәлай жазады. – Абай өлеңдерiн оқыдым. Егер дүниеде Абайдай алымды да шалымды ақын барын бiлсем, қолыма қалам ұстамаған болар едiм. Ендiгi тiрлiкте өзiм жетер, сөзiм жетер жерге Абай өлеңдерiнiң шыны мен сырын уағыздай алсам, өзiмдi армансызбын дер едiм. Абай - өлең тәңiрiсi екен. Бiздiкi – пендешiлiк. Ендi менен өлең күтпеңдер...”

Неткен мәрттiк?! Абайдың ақындық қуатын, ұлылығын қалай дөп басып жеткiзе айтқан. Ахмет Абайды “Қазақтың бас ақыны” деп бағаласа, Әбiқай “Абай - өлең тәңiрiсi” дейдi. Ұлылықты мойындаудың өзi ұлылық емес пе?!

Торғай ақындық мектебінің бір өкілі Мәтiбай Сарбасұлы 1843 жылы Қостанай қаласының маңындағы Ақмешiт деген жерде дүниеге келген. Алайда кейiн аталары Торғай бойына көшiп келiп, Сарықопа, Тоқтас қопасы, Жайнақ қопасы деген жерлердi мекендейдi. Мәтiбайдың бүкiл саналы ғұмыры сол жерлерде өткен. “Дүниеде мендей сорлы ақын бар ма, баспаға бiр ауыз сөз берiлмеген” деп ақын Әсет Найманбаев айтқандай, Мәтiбай өлеңдерi көзi тiрiсiнде баспа бетiн көрмеген.

Мәтiбай молдадан оқып сауатын ашқан. Алайда өлеңдi жазып шығармай, ауызша, суырып салып айтады екен. Оның “Жалғыз атым жоғалды”, “Ел аралау сапарым”, “Қыздың қарсы сөйлеуi”, “Байларға” деген ұзақ толғаулары, Торғайдағы 1916 жылдың дүрбелеңiне байланысты жазылған өлеңдерi бiр кездерi ел аузында көп айтылатын. Ақын ешкiмнiң атақ-мансабына, дәрежесiне қарамай, батыл сынап, iштегiсiн ақтарып тастайды екен. Айтылған сөз ауыздан-ауызға тез тарап, ел жаттап айтып жүретiн болған. Сондықтан да Мәтiбайдан ел қаймығып оның алдын кесе бермейтiн көрiнедi.

Ақынның “Бисараға” деген өлеңiн оқып көрейiкшi:

Бисара, би емессiң би дейтұғын,

Сенi жұрт қара табан құл дейтұғын.

Түбiнде бiр шатағың болмаса егер,

Жай адам асқа өкпелеп жүрмейтұғын.
Қой айдап қорасымен асқа бардың,

Бұл күнде алпыс үш жасқа бардың.

Сиырсың тiрсегiне жүре тышқан,

Бiрiне ұқсамайсың басқа малдың!

“Сиырсың тiрсегiне жүре тышқан” дегендегi теңеуi тың да уытты. Осы екi шумақтан-ақ оның өткір тiлдi ақын болғанын аңғаруға болады.

Сықаққойлығы жағынан Мәтiбай Сейдахмет ақынмен үндес.

Әбіқай Нұртазиннің бел баласы Ахметхан Әбіқайұлы ақын да, жыршы да, атбегі де аңшы да, сал да, сері де, құралайды көзден атқан мерген де болатын. Әңгіме айтса, жанығып, жүзі жайнай түсіп, таңдарды таңға жалғайтын. Әр айтқанын қимылмен көрсетіп, қолдары тыным алмайтын.

Ахаң талаптыға сөзімен қанат бітіріп, таланттыны қадір тұтатын. Нұрхан ақынның баласы Мәлікзада қайтыс болғанда азалы жиында:

Еңбекші жұртым, ел, халқым,

Елеулі еткен ел салтын,

Тұрғысында сақтаған,

Қағидалы ер қалпын.

Қуаныш келсе қуанған,

Шаттыққа жүзін суарған.

Ауырлық келсе адамға,

Бүгіліп белі, бұрылған.

Тағдырлы жұмыс кез болса,

Ақылмен шешіп, жұбанған.

Айрылып тұрмыз біз қазір

Шыңға біткен шынардан

Жан-жақты туған жан еді,

Шын асылдан құралған, –

деп емірене тебіренгені есімізде. Осы шумақтағы «Шаттыққа жүзін суарған» деген жол бұрын-соңды ешкім қолданбаған, ақын ғана айтар бейнелі сөз!

Одан әрі Ахаң Мәлікзаданың он бір жасынан өнер жолына түскенін, қолына домбыра алса, бармағынан бал тамызып, күй тартқанын, талай айтыстарға қатысып, жүлдегер атанғанын жыр етті.

Торғай ақындық мектебi өкiлдерiнiң-жырларындағы басты ерекшелiк – өлең әуездiлiгi. Қайсысының шығармаларын оқысаңыз да буын, бунақ – ырғақ өзгермейтiнi, “балталасаң бұзылмайтын, көкейiңнен сызылмайтын” (Әбiқай) мәндiлiгi, сәндiлiгi, түбiрлi ұйқаспен жазатындықтары бiрден жан баурайды. Дыбыс үндестiгiне (аллитерация, ассонанс) баса көңiл бөледi. Бұл айтары бар өлеңдi онан сайын ажарландырып, қуатына көрiк қосады. Олардың кез келген өлеңiн домбыраға қосып, әуенмен айтуға болады.

Торғай ақындық мектебi өкiлдерiнiң өлеңдерiнде батырлар жыры азаматтық поэзияға тән ортақ тәсiлдердiң бiрi – есiмшенiң –ған формасы өлең жолдарының аяғында суреттемелiк-анықтауыштық, сипаттамалық-баяндауыштық түрде де, өлең жолдарының iшiнде таза суреттемелiк-анықтауыштық қызметте де келiп, есiмшелi тiркес формасын жасауы үлгiсiнде де жиi кездеседi.

“Өлең түрiне қарай әр бунақтың шумақ iшiнде таңдамалы да, талғамалы да орны бар. Таңдамалы орны берiлмесе, өлең болмай шығады. Талғамалы орнына назар салынбаса, өлең жорғағынан жаңылады. Бунақтың таңдамалы орны тармақ аяғында болады. Талғамалы орны тармақтың басы немесе ортасында болады. Тармақтың аяғында ылғи үш буынды бунақ келiп отырарға керек иә ылғи төрт буынды бунақ келiп отырарға керек”,– деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, өлең ырғағы – бунақ саны, оның таңдамалы, талғамалы орны бұзылмайды. Бәрi де түбiрлi төрт буынды шымыр ұйқаспен жазған. Айтайын деген ойлары айқын, қай-қайсысы да кесiп, кесек сөйлейдi, кiбiртiк, “бөтен сөзбен былғанғаны” (Абай) жоқ. Өлеңнiң сыртқы сұлулығына да көңiл бөлген: “Шалабыңды шайқамаған”, “Шен-шекпенiн шалқайғанның”, “Торғайдың көтерген соң төрт ақыны”, “Кер ауыздан кесiр сөздi”, “өлеңдi өлтiрер деп” деген сияқты дыбыс үндестiгiне құрылған тармақтар таңдай қақтырмай қоймайды.

Сол тұстағы Торғай ақындарының көбiсi шұбыртпалы ұйқасты қолданған.

Әбiқайдың бiр ауыз өлеңiндегi “Жаяулық, жалаңаштық” (жж), “Айдың көлде аққу едiк” (аа), “Барлықты барымталар...” (бб), “Талғамай табылғанды” (тт), Аяп ақын шумағындағы “Кетiп жүр кедейлiктен байға кегiм” (ккк), “Айтпаймын, айтқанымнан қайтқан емен, Аяпқа болсын ку„ - айғақ елiм” (аааа), Сейдахметтiң “Алданар арам дүние...” (аа), т.б. сияқты ажарлау тәсiлдерi өлеңдi әсерлi де ете түскен. Сондай-ақ Әбiқайдың “Жаялық, жалаңаштық, тамақ аштық”, Аяп ақынның “Айтпаймын, айтқанымнан қайтқан емен”, Сейдахметтiң “Бiреудiң ары, залым, малын ұрлап” деген тармақтарындағы iшкi ұйқастары да өлең әрiн ашып тұр.

Бұл айтылған ерекшелiктер тек қана Торғай ақындық мектебiнiң өкiлдерiне ғана тән деп айтудан аулақпыз. Мұндай көркемдiк белгiлер жалпы қазақ ақындары өлеңдерiнде жиi ұшырасады. Сондай-ақ мұнымыз олар халық ауыз әдебиетiнiң алтын қазынасынан Шығыс, Батыс, орыс, тағы да басқа озық ақындық үлгiлерден үйренбедi, өздерiнше ғана жазды дегендiк те емес. Бiздiң ойымыз Торғай ақындық мектебiнiң ерекшелiктерiн айту ғана.

Оны қолдарыңыздағы кітапқа енген өлең-жырлар айқындай түсері анық.

Серікбай Оспанұлы,

ақын, Қостанай мемлекеттік

педагогикалық иститутының профессоры

УАҚ ЖҰМАБАЙ ШАЛАБАЙҰЛЫ

(1838-1922)
Торғай өңіріндегі өзіндік дәстүр ерекшеліктері бар ақындық мектептің қайнар көзі – Уақ Жұмабай ақын. Халық ақыны Омар Шипин: “Торғайда түндігі түрілмей, есігі ашылмай ақындықтың ақ ордасы тұр. Ол қойнауы қалың ақындықтың ақуыз мектебі. Ол мектепті ашушы – киелі сөздің атбайлары Уақ Жұмабай деген ақын. Өзі 1922 жылы қайтыс болды. Мен талай рет іздеп барып, сөзін, өлеңін тыңдаған адаммын. Бір кереметі айтыста болсын, жай шығарма өлеңде болсын, көз алдыңа жанды дүниені алып келеді. Көкірегінің аңғары кең” [3, 13 б.], – дейді. Ал, халық ақыны Нұрхан Ахметбеков Уақ Жұмабай ақын туралы былай дейді: “Жұмабай қолы хат білмейтін, оқымаған ақын. “Қарадан шыққан жүйрікпін – сүйсінбеймін теңесті, көңілім сүйген тұлпармын – келесі жалпақ кеңесті”, – дейді ол. – "Жұмабай домбырамен суырып салатын шапшаң қимылды ақын” [8].

“Ахмет Байтұрсынов түлеп ұшқан Торғай ақындық мектебі осы Уақ Жұмабайдан бастау алады. Оның өлеңдері жігерлі, ақпа-төкпе, эпитет, метафораға бай, тегеурінді келеді”, – деген Н. Бектемісовтің пікірі де [3, 7 б.] өте орынды.

Уақ Жұмабай Шалабайұлы Торғай облысы, Жангелдин ауданына қарасты Тосын болысының № 5 ауылында 1838 жылы дүниеге келген. Ақын шығармаларынан осы күнге жеткені Нұрғали деген жас ақынмен айтысындағы ел аузында сақталып қалған бір-екі ауыз шумақтары және Нұржан Наушабаевпен айтысы ғана. Уақ Жұмабайдың Нұрғалимен айтысы халық ақыны Нұрхан Ахметбеков арқылы жетсе, Нұржанмен айтысын және осы Нұржанмен хат арқылы айтысқан жұмбақ айтысын филология ғылымдарының кандидаты С. Оспанов Қазақстан Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорынан тауып “Қостанай таңы” газетінде жариялады. Басқа шығармалары іздестірілуде.

Осы үш айтысының өзінен-ақ Уақ Жұмабайдың ақындық қуатының мол, өлеңдерінің көркемдігі құнды екендігін аңғаруға болады. Сөзіміздің дәлелі ретінде Нұрғалимен айтысынан үзінді келтіріп көрелік.

Уақ Жұмабай 71 жасқа келіп, қартайған шағында Жағалбайлы еліне бір асқа барады. Сол аста Жағалбайлы елі Нұрғали атты жас ақынын Жұмабайға айдап салады. Нұрғали айтысты Жұмабайдың перзентсіздігін, кәрілігін бетіне басып, тиісе бастайды:

Мен өзім осы күнде жас ақынмын,

Мен өзім жас та болсам бас ақынмын.

Егер де домбыра ұстап, денем қызса,

Қарт ақын Жүкеңдерді басатынмын.

Жұмеке, айтысарлық шамаң бар ма?

Мен жүйрік – жеткізбейтін шабандарға.

Өз басың тіресуге жарамасаң,

Тең келер таралғыға балаң бар ма?
Сонда Жұмабай тұрып:
Қанатын қаға алмаса сұңқар дарын,

Менің де өлең-жырдан бұлтарғаным.

Ағайын бала мінер көк тайыңды,

Бәйгеге білмей қостың тұлпар барын, -


деп Жағалбайлы елінің үлкендеріне қаратып сөз бастайды. Содан соң Нұрғалиға бұрылып:
Шамаңды, көлеміңді байқа балам,

Жөн болар шалабыңды шайқамаған.

Өлеңші ата келіп бата берген.

Бір қонып кеткенің жөн қайта маған.

Кеудемде дауылды өлең ұясы бар,

Сендейлер шыға алмайтын қиясы – жар.

Төбемде қаз бауыр бұлт әлі де тұр,

Шамдансам жыр нөсерін құя салар...


... Бүгін мен көрсетейін көресіңді,

Шығарып жұрт алдында өлесіңді.

Кімсің сен, қайдан шықтың, қай ақынсың,

Өлеңге билік айтар төре-сынды, –


деп бір қайырып алып, Нұрғали тосылып, үндемегеннен кейін әрі қарай 7-8 буынды жыр үлгісімен төкпелете жөнеледі:
... Сөз сөйледім жасымнан,

Кетпей жүр қайғы басымнан.

Кәміл пірім қайдасың,

17 жаста қосылған.

Қарсыласпай қалам ба,

Бар екен дұшпан басынған.

Түйін қабақ тас түлек

Қалыңнан қасқыр іледі.

Түрікпеннің наркескен

Бауырдай тасты тіледі.

Оза шауып бәйгі алдым,

Бұл қай жақта жүр еді,

Нұрғали атты жас бала

Сөз мәнісін білмеді.

71-дегі кәрі шал,

Маған да не деп күлгені, –


дей келіп, ұзақ айтысты былай аяқтайды:
... Тоқта, бала, көзіңді аш,

Жігіттікке болмас мас.

Байлық-жарлылық білдірмес,

Бұтқа біткен екі тас.

Аз бен көпті байқатпас,

Жиырма бесте қызба жас.

Дәу қарағай құласа,

Баялышпен тең болмас.

Ақсұңқардың баласы

Құладын құсқа жем болмас.

Қудың өті болмаса,

Қарғаның өті ем болмас.

Қартаймақ түгіл өлсем де,

Молам сенен кем болмас!


Поэзияның сәні де, нәрі де тіл. Бұл – аксиома. Өлең сөздің тегі – бейнелі сөйлеу. Ақындықтың хас биігі – “ақындарша ойлау” – бейнелі ойлау, дүниені образбен көру, құбылыстың поэтикалық рухы мен таңбаларын нәзіктікпен түсіну. Сылдыр сөз – сурет емес, кескінді зергерлікпен тінін тұтастырған зерделі ой [9, 94 б.]. Байқап отырғанымыздай, Уақ Жұмабай өлеңінде кестелі сурет те, зерделі ой да бар. Екеуі тұтас келіп, ақынның суреткерлік шеберлігі мен оның ақындық құлашының кең екенін танытады. Жалпы қазақ поэзиясында сұңқар, тұлпар сөздерінің әбден таптаурын болған тұрақты тропқа айналғаны белгілі. Қазіргі әдебиеттану тілімен айтсақ, бұл сөздер әлдеқашан өз алдына поэтикалық таңбаларға (“теория знаков”) айналған. Алайда, Жұмабай бұл сөздерді басқаша ұғымда қолданады. Мәселен, сұңқар сөзін дарын сөзімен тіркестіріп, зат есімді анықтауыштық мағынада қолданып әдемі троп жасаса, тұлпар сөзін тай сөзімен салыстырмалы түрде пайдаланып, қарсылас ақын мен өзінің ара салмағын көрсетуде ұтымды пайдаланады. “Шамасын байқау”, “Шалабын шайқамау” сияқты тұрақты сөз тіркестері мен “дауылды өлең ұясы”, “түйін қабақ тастүлек” сияқты эпитеттер мен троптар өлеңнің көркемдік жағын ғана көркейтіп тұрған жоқ, ақынның айтар ойымен ұштасып шебер жасалған өлеңнің бағасын биіктетіп тұр. Ал, қазіргі поэзиямызда да, айтыс ақындары өлеңдерінде де жиі қолданылып жүрген “қаз бауыр бұлт”, “жыр нөсері” секілді тіркестердің тамыры тереңде жатқандығын біз Жұмабай өлеңіндегі қолданысынан аңғарып отырмыз.

“Түрікпеннің наркескен, бауырдай тасты тіледі”, – деген жолдағы алғашқы тіркестің екінші компонентіндегі тәуелдік формасының түсіп қалып қолданылуы, “Қыз Жібек” жырындағы “Базарбайдың Төлеген” деген тіркесті еске түсіреді. Сөз тіркесінің бұлайша қолданылуы қазақ әдебиетінде көбіне еліміздің батыс өңіріндегі ақындық мектептерге тән:


... Сәрсенбінің сәтті күн,

Шаттанып шағбан айында...

(Қалнияз) [10,56 б.].
... Маңғыстаудың үш түбек,

Қонысым қиғаш ауысты-ай...

(Аралбай) [10, 200 б.].
... Айтпасыма қоя ма,

Алланың берген жорғалық...

(Өмір) [10, 226 б.].
Уақ Жұмабай ақын өлеңіндегі сөз тіркесінің бұлай қолданылуы батыс өңірі мен Торғай өңірі ақындық мектептерінің арасындағы өзара әдеби байланыс әсерінен болса керек. Торғай ақындары мен батыс өңірі ақындарының шығармашылығындағы мұндай ұқсастықтар өте жиі ұшырасып отырады. Бұл Торғай өлкесінің Сарыарқа мен батыс аймақтың шекарасында орналасуының, Торғай мен Ақтөбе аймақтарының ежелден құдандалы, ауылы аралас, қойы қоралас, төсекте басы, төскейде малы бірге, ас пен тойы бір-бірінсіз өтпейтін ел болуының ықпалынан екені даусыз.

Уақ Жұмабайдың сөздері көркем болуымен қатар, ойлылығымен де құнды. Кәрілігі мен баласыздығын бетіне басқан Нұрғалиға қайтарған жауабында Жұмабайдың ақындық шеберлігі терме түрінде айтылған жырдың мәнділігімен, мазмұндылығымен ерекшеленеді. Жұмабай стиліне бір-біріне қарама-қайшы ұғымдарды салыстыра отырып ой айту тән. Мысалы: кәрілік пен жастықты бейнелі түрде дәу қарағай мен баялыш, ақсұңқар мен құладын, қарға мен аққу ұғымдарымен алмастыра отырып, философиялық толғам-терме ретінде ойлы да дәйекті уәж айтады.

“Кәміл пірім қайдасың, 17 жаста қосылған”, – деп айтуына қарағанда Жұмабай ақын өлеңді ерте бастағанға ұқсайды. Жұмабай ақынның өз сөздерінде де, ел аузында да Жұмабайға 17 жасында “Өлеңші ата” аянмен бата берген деген аңыз бар. Мұндай құбылыс қазақ ақындарының көбінде кездеседі. Мәселен, Сүйінбайдың “Жолбарысы”, Кемпірбайдың “Көк ала үйрегі” т.б.

Халық ақындарының ақындық туралы ұғым, әдеттері әр түрлі, бір-біріне қарама қарсы қайшылықты көзқараспен айтылған. Мәселен, ақындықты түсінде көріп қабылдау, ақындықты батамен алу, ақындық ұрпақ, тұқым қуалап қону, үйренумен, еңбекпен ақын болу сияқты. Қазақтың бұрын-соңғы ақын жыраулары қалай ақын болдың дегенде айтатын жауаптарының негізгі осы төрт түрлі ұғымға, әдетке айналып соқпай кетпейді.

Бірталай ақындар ақындықты киелі, әруақты, бір жат сырлы қасиет деп түсінеді. Әрбір өнердің белгілі бір иірі, қолдаушысы, иесі болады деген көне дәуірдегі шамандық дін ұғымының қалдығы кейбір ақындардың ақындық жөніндегі түсініктерінде осы күнге дейін сақталып келген.

Ақындардың айтуына қарағанда, ақын болар кезде түс көргіш болады, шошып оянып, мазасы кетеді, ол түсінде белгісіз ақсақалды қарияны көреді немесе ертеде өткен, атын білетін, яки, сол өзінің еліне мәлім атақты ақын келіп, аян беріп домбырасын ұсынады, не белгісіз қария, не әлгі белгілі ақын, мұны мазалап ақындыққа шақыра береді [1, 74 б.].

Атеизмге негізделген кеңестік идеология заманында өмір сүрген ғалым Е. Ысмайылов мұндай құбылысты шаманизмнің қалдықтарына тығыз байланысты материалистік дүние тануға қайшы ескі идеалистік көзқарастары деп бағалағанымен, қазіргі замандағы әр түрлі құпия құбылыстардың сырлары ашыла бастаған жаңалықтар уақытында ақындық “кие” құбылысының да құпия сыры ашылады деп сенеміз.

17 жасында “Өлеңші ата” аян берген Жұмабай ақынның бізге жеткен әдеби мұрасы қартайған шағындағы айтыс өлеңдері ғана. Әбден толысып, ақындық қуатының дер шағында айтылған бұл өлеңдердің көркемдік құндылығы мен шеберлігі ақынның бұған дейін ұзақ ақындық өсіп-жетілу, даму жолынан өткендігін аңғартады.

Уақ Жұмабай ақынның тағы бір сөз сайысы әйгілі Нұржан Наушабайұлымен болған айтыс. Қазақ әдебиеті тарихында діни-ағартушылық бағыттағы өлең-назымдарымен “Сегіз сері” дастанымен және жұмбақ айтыстарымен белгілі Нұржан Наушабайұлы Қостанай өңірінде өмір сүрген. Нұржан ақындығымен бірге жаурыны жерге тимеген палуан, бал бармақ күйші, жезтаңдай әнші болғандығын ағартушы Ыбырай Алтынсаринге қатысты әңгімелерден білеміз.

Бұл айтыс 1908 жылы Қарақыпшақ Жасыбай ауылында болған екен. Сол ауылда қыдырып жүрген Жұмабай ақын Нұржанмен кездеседі. Қаумалаған Нұржанның руластары кеу-кеулеп екеуін айтыстырады. Ел-жұртын арқаланған Нұржан өз руын, өзін мақтай келіп, Жұмабайдың кәрілігін тілге тиек ете отырып сөзін былайша аяқтайды:


... Мен тек айыл жүйрікпін,

Алты бассам таусылар,

Алты айшылық өктемім.

Ит өлген жерге айдай бер,

Жалғар жалқау көк перім.

Мағырып пен Машырықтың,

Арасына жеткенше,

Сыр беремін деп пе едім?!

Арғын-қыпшақ жиылса,

Мен тұрғанда сөйлейтін,

Бар ма, қазақ, жоқ теңім?!

Домбырасын қолтықтап,

Қутыңдаған шалың кім,

Түрінбей келген шекпенін?!


Сонда Жұмабай сөз бастайды:
Сөз сөйледім жасымнан,

Кетпей жүр қайғы басымнан.

Кәміл пірім қайдасың

17 жаста қосылған...


Бұл жерде назарға аларлық бір жайт, Жұмабай ақынның айтысты осы шумақпен бастайтындығы. Бұл қазақ ақындарына тән аруақ, кие шақыру дәстүрінен туындаған болса керек. Яғни, бұл жерде Сүйінбайдың құлағын ысқылауы, Нартайдың мұртын ширатуы секілді шабыт шақыру салтын еске ала кеткен орынды.

Халық ақындары суырып салып өлең айтарда әуелі домбырасын күйлеп, өзімен өзі, яки, өзінің домбырасымен кеңескендей, немесе, ақындық “аруағын” шақырғандай айғайлап, өзі, өзінің ақындығы туралы бірер ауыз сөз айтып серпіліп, бой жазып алады [1, 75 б.]. Жамбылдың: “Менің пірім – Сүйінбай, Сөз сөйлемен сиынбай!” – дегені де осы дәстүрдің көрінісі.

“Кәміл пірін” шақырғаннан кейін Жұмабай ақын сөзін әрі қарай жалғайды.

... Тым озатын қол қысқа,

Ақын болсаң жаз нұсқа.

Түркістан, Сібір, Орынбор,

Дабылым кетті алысқа.

Құланиек күн шықпай

Тоймаушы едім шабысқа.

Сыр бермеге жоқ едім,

Сілтеуші едім алысқа.

Асыл ердің белгісі –

Жанын қияр намысқа,

Жамандықтың белгісі –

Өзін-өзі мақтаған,

Мақтаншақ жұртқа жақпаған,

Осы айтқаным анық па?!

Алып қашпа екенсің,

Көбік ауыз қарыспа.

Зорыққанын білмейтін,

Құр құмарсың жарысқа.

Айт дегенге арс етіп,

Етегіме жабыспа!

Сен бір сайтан көбелек,

От алып түскен қамысқа.

Құтырған төбет секілді,

Әл жетпеспен алыспа!

Менің атым – Жұмабай,

Меніменен қағыспа!

Меніменен қағыссаң,

Ісің кетер шалысқа.

Жер тағысы сен болсаң,

Көк тағысы мен едім,

Тырнағыңды салыспа, –


деп қарсыласының мысын басып, бейнелі тіркестер мен троптарды түйдегімен қолдана отырып көсіледі.
... Ойнашы шырақ теңіңмен,

Ұшпайсың көкке көңліңмен.

Майдандасып, кектескен

Дұшпаның емен сенің мен.

Орынсыз жерге ұрынбай,

Сөйлесеңші жөніңмен

Сөйлемесең жөніңмен,

Мұзға түскен қаңбақтай,

Ұшырармын деміммен.

Сүйегің майда күл болар,

Бір сипасам жеңіммен...
Суырып салынып айтылған осы өлеңнің өзі-ақ Жұмабай ақынның асқан дарын иесі екендігінен хабар бергендей. Жұмабай ақын айтыстарынан байқайтынымыз – оның әрбір өлеңі теңеу, эпитет, метонимия, метафора т.б. көркемдік бояуларға қаныққан, қанша уақыт өтсе де тозбайтын, тотықпайтын шымыр өлеңдер екендігі, осы күнгі дамыған айтыс өлеңдерімен салыстыра қарасақ та тұғырынан таймайтындығы. Табанда уәж тауып айту, тапқырлығы жағынан да деңгейі жоғары. Қай қырынан алып қарасақ та міні жоқ Жұмабай ақынның өлеңдерінің тағы бір ерекшелігі қисындылығы мен ойлылығы. Ол осы айтыста кәрілігін сынаған Нұржанға берген жауабында құрғақ сөзбен сытылып өте шықпай, өмірдің сан алуан қатпарына үңіліп, кәрілік пен жастыққа байланысты философиялық ойға толы қисынды жауап қайтарады.

... Адамның жақсы асылы,

Кірсіз таза нәсілі.

Орынсыз ғайып соқтықпас,

Ақылының басымы.

Көрінгенге шабысар,

Ақылсыздың кәсібі.

Халыққа мәлім емес пе,

Кімнен кімнің басымы.

Біреу жарлы, біреу бай,

Біреу ауру, біреу сау,

Мен бе істеген осыны?!

Біреу тақта, біреу құл,

Біреу жетім, біреу тұл.

Адамзаттың асылы,

Жоқтан бар боп тумай ма?!

Қартаймай ма, тозбай ма?!

Өлмей-жітпей, өзгермей,

Соқтыменен жүретін,

Шайтанның ба едің нәсілі.

Жас қартайып, тозбай ма,

Жарлы байып, оңбай ма,

Батырға бір оқ кез келсе,

Бәйшешектей солмай ма?!

Алтын тақтан хан тайса,

Қарашы бір күн болмай ма?!

Бақыт деген бір қаңбақ,

Бақыты жерге қонбай ма?!

Бақыты кетсе желменен,

Бетіне кетіп қалмай ма?! –


деп толғанған Жұмабай ақын өлеңдерінің әр жолы мақал немесе мәтел сияқты: “Адамның жақсы асылы – кірсіз таза нәсілі”, “Орынсыз ғайып соқтықпас – ақылының басымы, көрінгенге шабысар – ақылсыздың кәсібі”, “Жас қартайып тозбай ма, жарлы байып оңбай ма” немесе “Алтын тақтан хан тайса, қарашы болар”. Нұржан өлеңді жазып шығарады екен, Жұмабай ақынның сөзінен кейін қағаз-қаламын қолына ала берген Нұржанға Жұмабай:

Ай, Нұржан, Нұржан сөйлегін,

Домбыраңды қолға алып.

Әкетейін деп пе едің,

Ашуың келіп, долданып,

Бастырайын деп пе едің,

Үкіміңді қолданып.

Аттыға жаяу ергендей,

Қағазыңды шимайлап,

Не айтпақ едің зорланып.

Күркірейін аспаннан,

Жауатын бұлттай торланып,

Ақын болсаң сөзге ұста,

Ғибрат, үлгі, жаз нұсқа,

Қиялдан терең ойланып, –
деп суырып салма айтысқа шақырады. Айтыстың сәні әнде, мәні сөзде дей келіп, әрі қарай термелей жөнеледі.

Айтыспақ болсаң менімен,

Домбыраңды ал толғанып.

Жарасады айтысқан,

Әнге басып ыңыранып.

Саған тиген жан бар ма,

Отырсың неге бұлданып?!

Ақын болсаң қайтейін,

Айтысып ақын жеңген жоқ.

Батыр болсаң қайтейін,

Көмек сұрай келгем жоқ.

Молда болсаң қайтейін,

Жансыз дала жапанда,

Иман таппай өлгем жоқ.

Бай болсаң, Нұржан, қайтейін,

Қайырыңды көргем жоқ.

Би болсаң, Нұржан, қайтейін,

Құны кетіп атамның

Еңбегі кетіп баламның,

Жалалы болып немесе,

Билігіңе көнгем жоқ.

Кедей болсаң қайтейін,

Құба шекпен үстімде,

Қара шолақ астымда,

Жан қалтамда бір сом жоқ,

Өзімде жарып жүргем жоқ, –


деп Жұмабай төгіле жөнелгенде, Нұржан тоқтатып:

Еңкейіп еңбек етіп еккенімді,

Пісіріп өзім ордым сепкенімді.

Әлеумет, айып етіп аңыз қылма,

Кішілік үлкен шалға еткенімді.

Дарияның тасқынында кете бардым,

Нұржаның қанжығаға бөктерілді.

Аталы сөзге тұрмай ақымақтарша,

Ағаменен болмайын жеккөрінді.

Торқалы көгаланы көлденең тартып,

Үстіне жауып мына шекпенімді.

Құдайым сөз байлығын берген екен,

Жүкеңнің қасиеті көп көрінді.

Көріп ем мұнан бұрын көп ақынды,

Бәрі де қойып еді бет беруді.

Қамалып, қашқанменен құтылмастай,

Бөгеді бөгет салып өткелімді.
Жұмеке, сырттан сізге қанық едім,

Келгеннен кескініңнен танып едім.

Шамырқанбай шарбысын көрсетпес деп,

Азырақ шаужайыңнан қағып едім.


Сыртыңнан екпініңді білуші едім,

Құдай-ау, бір кез қыл деп тілеуші едім.

Болғанда сіз – дария, біз – шұқанақ,

Құмар боп ғазеліңе жүруші едім, –


деп сөзге тоқтап, жеңілгенін мойындап, шапан жауып, астындағы атын мінгізеді. Жұмабай ақын да Нұржанның атына қанық екен, оның бала кезінен бастап, елге еткен еңбегін тізбелей келіп:
... Сағынған ағаң мен болсам,

Аңсаған інім сен болсаң,

Шу дегенше тұсалып,

Бұл не сөз деп ойладым,

Нұржанжан несін сынайсың,

Қамыт соғып қажыған

Кәрі тарлан жорғаның.

Шекпеніңді шен тұтып,

Нұржанның берген сыйы деп,

Әр жерге айта жүрейін,

Қоржыныма жайлағын.

Көгалаңды өзің мін

Атыңды сыйлап, Нұржаным,

Аруағыңа байладым.

Ұлы шаң көрмей, терлемен,

Асқар тау көрмей, өрлемен.

Сені көріп есіме

Түсіп кетті Нұржаным,

Қайдағым мен жайдағым! –
деп батасын беріп, атын өзіне қайырыпты.

Жоғарыдағы Нұржанның: “Сыртыңнан екпініңді білуші едім, Құдай-ау, бір кез қыл деп тілеуші едім, болғанда сіз – дария, біз – шұқанақ, құмар боп ғазеліңе жүруші едім”, – деген сөзіне және Уақ Жұмабай ақынның өз өлеңіндегі:

... Құлан иек күн шықпай,

Тоймаушы едім шабысқа.

Түркістан, Сібір, Орынбор,

Дабылым кетті алысқа! –


деген сөздерге қарап отырып заманында Жұмабай Шалабайұлы есімі қазаққа танымал ақын болған деп шамалаймыз. Бұл айтыс Қазақстан Ғылым Академиясының Орталық ғылыми кітапханасында, қолжазбалар қорында сақтаулы тұр. Осы қолжазбада Жұмабай мен Нұржанның жоғарыда біз талдау жасаған айтысынан басқа, хат арқылы жұмбақтасып айтысқан жазба айтысы да бар екен. Қолжазба араб әрпімен жазылған, 11 беттен тұрады. Қазақстан Ғылым Академиясына 1945 жылы табыс етілген. Тапсырушының аты-жөні белгісіз. Аталған жұмбақ айтыстың тарихи құндылығы басым. 1916 жылы Нұржан ақын Қостанайдағы ақ патшаның “Маусым жарлығынан кейінгі зорлық-зобалаңды жұмбақтап “Торғайдағы туғандарға” хат жазып жіберген екен. Осы жұмбақ-хаттың шешімін Жұмабай ақын табады:
Тобылдың биік көк жары –

Қостанайдың қаласы,

Қағынды деген сөз екен.

Жалын шығып жарынан,

Өртеніп жатқан кез екен.

Ор бойында Орынбор

Губернеміз сол екен.

Онда қайғы мол екен.

Қу қарағай – ақ сақал,

Ақ терегі – ақ патша,

Старшын, бұлты – поп екен.

Жанып жатқан жалпақ өрт –

Сорлық қазақ елі екен.

Жанып жатқан жас шырпы –

Елдің балғын ұлы екен, -
деп қазақ елінің басына түскен қалың қасіреті, әскерге алынып жатқан қыршын жастардың қамын ойлап егіледі. “Маусым жарлығын” дүлей өртке теңейді.

... Өзін қапқан көк төбет –

Өзінен шыққан зор екен.

Қысы суық, жері отты –

Патшаның зәрлі заңы екен.

Матаулы қалған биесі –

Сорлы болған ана екен.

Өртенген елді меңгерген,

Залым патша жау екен...
Осы жолдарды оқып отырып, көз алдыңызға зарлаған шалдар, аңыраған аналар, оларды зарлатып, аңыратып жүрген “өзімізден шыққан зорлар” – отаршыл ақ патшаның сойылын соғып жүрген болыс, ауылнай, старшындардың ұсқынсыз кейпі көрініс беріп, залым патша салған оттан өртенген барша қазақ даласының күйік исі қолқамызды қақпандай әсерде қаламыз.

... Торғайда қазақ топтанып,

Хан сайлады деген соң,

Патшаға қарсы тұруға,

Бел байлады деген соң.

Қолдан бала бермеуге,

Көнбей жатыр деген соң.

Айтқанына болыстың,

Ермей жатыр деген соң.

Сұрағанын патшаның

Бермей жатыр деген соң.

Бір Құдайға сыйынып,

Қарсыласпақ деген соң.

Бір тілекке сыйынып,

Қамшы баспақ деген соң.

Сарала туы салбырап,

Қырға шықты деген соң,

Көтеріліп, ұлғайтып,

Шыңға шықты деген соң.

Ел түйініп бірбеткей

Қонысқа шықты деген соң... –
деген жолдардан Кеңес заманында бүркемеленіп “Аманкелді көтерілісі” деп аталған, ал шындығында Әбдіғапар Жанбосынұлын хан сайлап, сары ала ту көтеріп отаршыл Ресейден бөлінбек болған Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісінің мазмұны мен мақсат-мүддесін тануға болады. Бұл – тарихшылар үшін аса құнды материал екені даусыз. Уақ Жұмабай шығарларының кеңес заманында жарыққа шықпауының тағы бір себебі осы болса керек.

Неге екені белгісіз, біздің жоғарыда талдап көрсеткен екі айтыс та, ешқандай айтыс жинақтарына енгізілмеген. Көркемдігі жағынан болсын, өлең құрылысы, уәж тауып айту жағы болсын, мазмұны мен мән-мағыналық қырынан алып қарағанда да Жұмабай ақын айтыстарының “Айтыс” жинақтарында жарияланып жүрген көп айтыстардан өресі биік, деңгейі жоғары.

Уақ Жұмабай Шалабайұлы Торғай ақындық мектебінің негізін салушы. Болашақта оның басқа да шығармалары табылып, жеке зерттеу нысанасы ретінде шығармашылығы зерттеліп, зерделеніп әдебиет тарихынан өз орнын алады деген сенмдеміз. Уақ Жұмабай ақыннан тәлім алған, соның шекпенінен шыққан Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бейсенұлы, Құбаша Шалбайұлы, Әбіқай Нұртазаұлы, Иманқұлдың Әбдірахманы, Күдері Жолдыбайұлы, Қашқынбай Қазұлы сияқты ақындар Жұмабай ақынды қадір тұтып өткен. Мысалы Есенжол ақын:
... Айына бір соқпасам Жұмабайға,

Қалам ғой Құдайға да, ұнамай да.

Өлеңнің от қызуы тік көтеріп,

Келеді ол көп ауруға құламай да, –


десе, Сейдахмет ақын Ахмет Байтұрсынұлына арналған өлеңінде:

... Өлеңі бұғалыққа бағынбаған,

Толқындай бұйраланып ағындаған.

Ақыннан Жұмабайдай Фатиха алды,

Құранның шындығындай дарынды адам, –
деп дәріптеп, Ахметтің Жұмабай ақыннан бата алғандығын айтады. Ал, Е. Ысмайыловтың “Ақындар” атты монографиясында Қашқынбай Қазұлының сөзі берілген. Онда Қашқынбай ақын былай дейді: “Қайын жұртымда (әйелімнің әкесі) Шалабаев Жұмабай деген ірі ақын болды, өлең айтарда көзінен жас ағып, селкілдеп кетуші еді. Өлеңге құмарлығымды сезіп, өлерінде маған батасын беріп еді, сонан былай өлеңге еркін болып кеттім. Ол кісінің сөзі, ақындығы маған зор үлгі болды” [1, 83 б.].

“Қазақ әдеиеті” газетінің 1991 жылғы 3 санында қайталап басылған Нысанбай жыраудың “Кенесары – Наурызбай” дастанының алғысөзінде Е. Бекмаханов: “Қазақ ССР ҒА Тіл және әдебиет институтының қолжазба қорында Нысанбай жырының тағы екі варианты сақтаулы. Оның бірі – 1912 жылы Қазанда Жүсіпбек Шайхысламов бастырған нұсқа, екіншісін институт қызметкерлері Торғай облысында ақын Қашқынбай Қабаевтан жазып алған”, – депті [11]. Мұнда Қашқынбай Қазұлының фамилиясын Қабаев деп қателескен. 1996 жылы жарық көрген “Тарихи жырлар” атты көп томдықтың “Кенесары–Наурызбай” жырына арналған томында жырдың Қашқынбай нұсқасы берілген. Осы жырдың түсініктемесінде Қашқынбай бұл жырды Жұмабай ақыннан үйренгені туралы айтылады [12].

Жұмабай Шалабайұлы Торғай ақындық мектебінің дәстүрін қалыптастырып, оның дамуына зор үлес қосқан, осы мектептің өзінен кейінгі өкілдеріне ұстаздық еткен ерекше тұлға.


жүктеу 4,14 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау