АХМЕТҚАН ӘБІҚАЙҰЛЫ (1904-1986) Ахметқан Әбіқайұлы 1904 жылы бұрынғы Торғай облысы, Жангелдин ауданындағы «Шилі» ауылында туған. Әкесі Әбіқай ақын Торғай ақындық мектебінің ұстаздарының бірі. Жасынан Нұрқанмен қатар өскен Ахметқан да өлең шығарумен ерте айналысқанымен оның көп шағармалары сақталмаған. Ахметқан ақын, жырау, сері, әнші, күйші, шежіреші, атпаз, аңшы, шешен, актер, ойынпаз кісі болған.
Әдебиетте Ахметқан айтыс ақыны ретінде көріне білді. Ол аудандық, облыстық, республикалық айтыстарға бірнеше рет қатысып жүлде алды. Нұрқанмен, Сәтпен, Әлимен т.б. айтысқа түсті. Ахметқанның айтыстары мектеп оқулығына, «Айтыс» (1965), «Ақындар шықты айтысқа» (1960) жинақтарында жарық көрді.
Өлеңдер
Арнау
Арнадым бұл дәптерді аз сөзіме,
Ұнай ма, ұнамай ма мас көзіне,
Қарны тоқ, қаса надан қажет етпес,
Көрінер кей біреудің аш көзіне.
Әйтеуір жыр ма, өлең бе, жазайыншы,
Қарамай ұйқас, маңыз, бас-көзіне.
Әбіқай жыр дүлейі болғанменен,
Қарным аш, сөз құраудан тап өзіме.
Өзіне тірі жанның бәрі ырза,
Біткендей тұрпат, тіл-жақ нақ өзіне.
Жазайын бір азғантай шағын шумақ,
Енші алып, тәннен жан да кетер зулап.
Өр толқын өршеленіп өрге ұрғандай,
Сенде жоқ дүлей дарын жатқан тулап.
Ақылды шешен білгір сөз өлмейді,
Қабырда қалғанда да сүйек қурап,
Топ жарған топтан озған тұлпарлардың,
Шалқыған шаңың жатыр будақ будақ.
Амангелді ауданындағы ақындардың колхоз аралық айтысы
Ахметхан мен Құтжанның айтысы
Әбдіқаев Ахметхан
(«Жаңа тұрмыс» колхозының ақыны)
Тыңдасын дауысымды мың сан құлақ,
Тәтті әуез тамылжыған кетсін жырақ,
Айғайы айға ұласып, аймақты орап,
Тамылжым жерге жетсін көнбей құлап.
Әнімнің әлеуметке айнасы,
Жырымның жұртқа жеміс пайдасы бар,
Халқымның қаһармандық күшін қозғап
Жүрекке жылы тиіп майда шығар.
Күш керек, өнер керек, білім керек,
Білерсің мұны ақыным болсаң зерек,
Көп айдың көрмегелі жүзі болды,
Не себеп білінбейді сізден дерек?
Көктемде бір күн кетіп қоя салдың,
Көрсеттің көпшілікке қандай көмек?
«Жау қашты, жер тазарды жұмыс бітті»,
Жарамас жай жаталық бізде демек.
Қас дұшпан зар болып тұр бір күніне,
Жолықты қанды қашқын сүргініне,
Суырдай судан қашқан жан таласып,
Өзінің қайта барып кірді ініне.
Бұл күнде құты қашты дұшпан азып,
Түртпесең тыныстамақ бойын жазып,
Алпыс екі айлалы түлкіні де,
Оңай ма ұстай алмақ іннен қазып.
Қарлығаш қанытымен су сепкендей,
Майданға әлі керек көмек азық.
Жатырсың не себептен ұйқыңды ашпай,
Жан тыныш жай жүрмісің ұйқың қашпай.
Осындай игі жақсы бас қосқанда,
Тек тарау лайық па сөз тыңдаспай.
Қанжығалин Құтжан
(Чапаев атындағы колхоздың ақыны)
Домбыра қолға алалық осындайда,
Ән шырқап, шертсем күйге қосылмай ма?
Бақшада бұлбұл сайрап, таңдай қақса,
Қызыл гүл шешек қағып ашылмай ма?
Айғайлап алабұртып мені көрсен,
Мақсатың салғаласпақ осындайда,
Ең дәулет байлығымды баяндасам,
Асыққан ақын көңілің басылмай ма?!
Сен маған жай жатасың неме күліп,
Жатырсыз хал біліспей неге күліп,
Өрбітіп өөндірістің қазынасын
Жатырмын жауды дәлдеп, төбеге ұрып.
Сен қалай білмей жүрсің дерегімді,
Беремін сөзден қолқа керегіңді,
Үлгі алсаң мысал етіп Қарлығаштан
Майданға көп беріпсің көмегіңді?!
Табысым Днепрдей тасқындайтын,
Менімен ешбір колхоз бәс қылмағын.
Чанайдың шандырмайтын шандыаяғы ем
Өзімнен оздырып жан бастырмайтын.
Тағы да болдың сан қаяғымнан,
Жармасып жаздай тарттың балағымнан
Әуелі өз жайымнан айту міндет
... келіп аэяғыңнан.
Ахметхан
Сен неге сөйлер сөзге араласасың
Адамға әзілмен сын жан-жарасын,
Айып па хал сұрасып, сын сынасқан
Тидің деп аяғыңмен шамданасың
Жайыңды жалпақ жатқан жұрт біледі
Айтпақ болып ақын неңді қамданасың?
Ақтарсам хазинамның абдырасын
Ақыным аузыңды ашып таңданасың.
Қыстауым батпақ қара жағасында,
Жер еді атамекен о басында,
Күзегім құла айғырдың қумағында
Бұйра құм қоңыр бұйра арасында
Ақсуды айнала жұрт жайнайтұғын
Жазылып жазда бие байлайтұғын,
Жарылып жылқы жоннан, қой құйсықтан
Жүре алмай семіздіктен шайлайтұғын.
Жарқалдап ойда орақ, қырда кетпек,
Ежелден елім менің еңбек етпек,
Жер еді құт құйылып ырыс қонған
Арты жүз, алды шұбан мыңға жеткен.
Қарасаң колхозшымның бәрі малды,
Көрмейсіз малға мұқтаж жлғыз эжарлы,
Тұрмысқа төңіректеп озып блып
Атандым, «Жаңа тұрмыс»аудан алды
Жұмысқа қара дұрсін киінеді
Көрген жан қайратына сұйінеді
Қызыулы қыз – келіншек жігіттерім,
Қаңтарды қарсы білек түрінеді
Орындап айлық істі аптасына
Көздері күн тәулікте ілінеді.
Күн сайын моншаға жуынады,
Қыздары белді қынай буынады,
Киініп атылас, торғын жұпар сеуіп,
Кешкілік сауық кешке жиылады
Әндед добырамен күйлер шертіп
Бір –бірін қошаметпен жүрер желпіп,
Шаттанып «ой,пәле»деп бой көтеріп,
Колхозшы шал-кемпірлер тыңдыйды елітіп.
Силайды кіші үлкенді кесіп өтпей
Біледі бастаушысын қасиеттей,
Екі етпей тапсырманы орындайды
Баспайды өтірікке басы кетпей.
Құрметтеп алдындағы ата-анасын
Жемейді бір-бірінің сыбағасын,
Барсаң да қай үйіме қадір тұтып
Береді тәрбиелеп қонақ асын.
Құтжан
Сыр шығар талайлардан сынасқанда
Тексеріп бірін-бірі сұрасқандай,
Ақыным алды-артыңа қарап сөйле
Көтермей өзіңді-өзіңді тым аспанға.
Мекенім Шақпақ көлдің алабында
Жайлауым Жыланшықтың қабағында
Салдырып күзек үйді көл құдықтан
Мал жайдым қабырғаның тарауында.
Жыланшық жаз жайлайтын жерім еді,
Ағын су дертке шипа беріп еді
Ішінде балық ойнап, бақа шулап
Түбінде жалғыз ине көрінеді.
Атымды бір қандырып шомылдырам – деп
Жер үсті жыланшыққа жерік еді.
Қоныстың ие болдым берігіне
Бір ауыз малдың тыныш көлігіне
Қырғауыл құр шақырып, ойнақ салған
Қоянмен көз сүрінер елігіне.
Көп жылқым көлге түсіп шұбырады,
Шойрылып семіздіктен жылығады,
Жылтырап малдың түгі жауһарланып,
Құндыздай көзге тұрмай құбылады.
Жабағым, бойы биік енесінен
Азбанның тоқтым қарар төбесінен
Бұғыдай бұзауларын бұзаулайды
Қалмайды малым қысыр келесінен
Сенің де кейбір сөзің емес жалған
Мен едім барлығына үлгі салған
Аптада бір айлықты орындамақ
Сендерге мирас болып менен қалған.
Ауылым астананың қаласындай
Біреуі ата, біреуі анасындай,
Секілді бір туысқан бауырымшыл
Бірінің бірі туған баласындай.
Біреуі аға болғанда, бірі жеңге,
Білместігін білері салар жөнге,
Мәдени сән-салтанат, үлгі-өнеге
Сыйласу қадірмендік бәрімен де.
Не өшіп, не киейін дейтін жан жоқ
Көргем жоқ дүниеге зар болып пенде
Қонаққа қошеметпен бәрің келсең,
Ішкізіп, тойғызамын бір үйден де.
Салмағым өле жатсам сенен артық,
Менімен не қыласың түсіп теңге.
Ахметхан
Ендеше мен де жатпай ойланайын,
Балаша қалжыңдасып ойнамайын,
Шешіліп шындық пенен байлығымды,
Мадақтап, бастан аяқ баяндайынү
Сиырым сыймай жатқан сегіз табын,
Мен көрдім түкті туылып, майдың қабын
Ісінен Нұрғожаның таң қаларсың
Біледі мың бір түрлі малдың бабын.
Малымның салмағы ауыр қорғасындай,
Кескіні Нілдің...сындай,
Бордақта бұзауларын семіріп тұр,
Арқардың арша мүйіз құлжасындай.
Жасқандым
Жасқандым, жалтаңдадым, жаза алмадым,
Қорғалап, қолға қалам ала алмадым,
Болмашы болғандай еді жыр бұлағы
Кезінде кезеп көзін аша алмадым.
Жетеді енді, қорғалама сілте қалам,
Жөн болмас жөн ашықта қамалғаның
Сілте сен қорғаламай қаламыңды
Шығарар шыңға жеттің талабыңды.
Төрт жағың түске енбеген құтың болып,
Туғызды ұлы өктәбір заманыңды.
Тарланды алпыс бесте қосып көрші
Ел көрсін аяғы алыс қадамыңды
Ардақты, әділетті елің барда,
Кім білер, ашар алда дталантыңды
Бар ма осы сірә сенде қалған белгі
Болғанмен сырлы жылға әкең белді,
Жырыңды ұната ма, ұнатпай ма?
Құрап көр, жатпа қарап сенде енді
Қап таулы партиядай қамалың барп
Жау суық, ыстық алмай жарағың бар,
Жер жүзін адамзаттың аңсаттырған,
Алтын тақ өктәбірдей заманың бар.
Асыл адам
Біліп тұрып білдім деп тасымаған
Атын естіп көруге асық адам,
Ауызбенен суреттеп, тілің жетпес,
Кішіпейіл мкімге де ашық адам.
Ақыл менен ойыңа сыймайтұғын,
Жаннан өзге жаралған басым адам,
Жүздескенде жүрегі дұшпанның да,
Бола алмаған қарсы келіп қашық адам.
Санасымен салмағы салған жолы,
Болат қайнар отқа да жасымаған
Қалдырған із артына өшпей-тұғын
Ойға алғаны орындалған асыл адам.
Айнала кеп ажал тор қамағанда,
Сескенбеген сезініп батыр адам,
Қараңғылық пердесі басқан күнде
Жарық еткен сол ғана ашып адам.
Бір өзіне сияқты орналасып,
Туа бермес мұнан еш асып адам,
Кім екені көрініп тұрған жоқ па?
Тек қана Ленин ғой асыл адам.
Тұманды түнде кім туды?
Түнекті тұман басқанда,
Шалдығып, шаршап қамығып,
Жөн таба алмай зарығып,
Әлсіреп тәннен әл кетіп,
Өмірден тірлік сән кетіп,
Тұрғанда сорлап, тарығып
Не істерін білмей сасқанда,
Жеті басты жалмауыз,
Жиіркенішті қандыауыз,
Ысқырып зәрін шашқанда
Тұтқасы аспан тіреген
Шеңберін жердің шіреген
Маңайыма келші деп,
Қылышын тасқа білеген.
Кернеген үнмен нұр шықты
Ауызға бұрын тимеген,
Ешбір жан сезіп білмеген,
Үлгілі кеңес жыр туды
Түшіркенген түсінікті,
Ерекше өрен тіл туды.
Жасыған көңіл жадырап,
Жай тауып жаны маужырап,
Албыртып алға ұмтылды,
Таудан, қырдан жоғары,
Еңсесі биік құз тауды,
Жадырап жайсаң жаз болған,
Қуанышқа бөленіп,
Масайрап адам мәз болған,
Қаңқылдап күні жаз болған,
Қайырлы күні жаз болған,
Қайырлы қамсыз жыл туды,
Әділеттен шапағат,
Етерліктей қанағат,
Жүректі жара қуантып,
Өксіген жанды жұбантып,
Егіз болып бір туды.
Ғасырлар бұрын жасаған,
Дажалдай жалмап асаған,
Темір тор да қырқылды,
Бұл жағдайға келтірген,
Өлшеусіз біткен санасы,
Адам шыққан данасы,
Ақыл-ой ділмар шешендік,
Бірге біткен өзімен,
Еңбекші елдің жүрегі,
Бір ғасырдың арасы,
Келешек күннің бабасы,
Ленин деген ұл туды.
Өмірден көргенім
Қырық жылдың ар жағында едім бала,
Елестеп тұрғандай-ақ алда жаңа,
Көз көрген көлеңкесі қалды есімде,
Білген кез бөтен емес, есті шала.
Сақал мен шашы ағарып, жетпіс асып
Кәдімгі шал болыппын мына қара.
Көрініп көзге куә тұрсадағы,
Қарттықты мойындағым келмейт жәна.
Не көрдің өміріңде айтшы қане,
Өткіздің өз басыңнан қандай сәнә.
Әр кімдер айтар кеңес, көрген кепті,
Шындыққа басын шұлғыр, қағып иекті,
Жымитып, жымдастырып тастайтындар,
Табылар сөзге шебер, тілге епті.
Меңіреу қара тұман бір кездерде
Деуге болды қара тұман басып кетті.
Халықтың қамыққаны қалды есімде,
Бірталай оғандағы күндер өтті.
Тіледі, жұрт жылады шыныменен,
Һәм көңіл, һәм ықлас тіліменен.
Жарқ етіп рауан шашты күн жадырай,
Шеңберден шыққан дабыл үніменен.
Ат қойып, жыл басына айдар тағып,
Айтуға тілім жетпес түріменен.
Мәз-майрам шаттықта жұрт маужыраған,
Өктем іс өзімшілдік қаңыраған,
Құшақтасып, қуанышпен досын танып,
Туғандай бір анадан жамыраған.
Не ішеді, не киеді мұқтажы жоқ,
Көрмейсің ешбір жанды жарымаған.
Төбе ақын боласыз дегенде айтылған сөз
Сөйле деп халқым қалай сөз бергенде,
Құлпырып жаңа дәуір өзгергенде,
Ағылтып асыл жырды аңыратайын,
Думанды мерекеге кез келгенде.
Партия – жеңіс жолы ұранымыз,
Партия – өмір тірек құралымыз,
Арқаға Алатаудай пана етіп,
Саясат саясында тұрамыз біз.
Шарықтай шалқи өрлеп өскен халқым,
Шаттықтың шадманында жүзі жарқын,
Еске алып компартия көсемдерін
Ескеріп, елеген-ді елдің салтын.
Саңлақтар келіпті елден, самғайтұғын,
Қалаулы сөз татымын талғайтұғын
Тұлпардай томаға көз ұрандаған,
Шапса да күн ұзаққа талмайтұғын.
Ақынның темір қанат түлектері,
Қобалжып жырдан қайтпас жүректері,
Нұрхандай ұстазының жолын қуып,
Бет алған ұлы жырды үдеткелі.
Ақтанкер атағы бар Нұрхан өткен,
Суырылып, топты жарып, шықты көптен.
Елінің ұл-қызына өсиет етіп,
Жемісті жеңіс астай жырын төккен.
Жас ақын сендердің зор келешегің,
Борышқор тәтті жырға берешегің,
Қалаулы халықұ ішінде ақындардың,
Күн болды бүгін қадам теңесетін.
Әйгілі болып, аталып ақын даңқың,
Үміткер күтіп отыр болып халқың
Елеулеп ел құлағың тіккенінде,
Беріңдер сомдай соғып сөзден алтын.
Жырлаңдар елдің еткен еңбек жырын,
Айшықтап, әшекейлеп сөздің түрін,
Торғайдың тарабынан ақындар көп,
Айтыста болмағандар мұнан бұрын.
Түскенше топқа қызып, ынтығып тұр,
Асаудай арда өскен бұлқынып тұр
Жеңемін бұл айтыста, жеңемін деп,
Сулығын қаршылдатып, жұлқынып тұр.
Ел көрсін жүйріктердің шабыстарын,
Белдесіп, балуандардың алысқанын,
Елітіп ел мейірін қанып қалсын,
Еңбекпен ерде қандай табыс барын.
Жарыста той томалақ келіп жүрген,
Таңбалы тасқа сөздер беріп жүрген,
Ел көрсін сол ақынын тыңдап бүгін,
Орғыған ақ бөкендей желіп жүрген.
Ғаббастың жырағырақ қадамы бар,
Тұлғалы жырға құмар қаламы бар,
Тас түлек алғыр көзді, ұшқыр қыран,
Жеткіншек, жеделдердің талабы бар.
Тұрғынбек және Серік, Кеңшілікті,
Сөзінде көрмей жүрміз кемшілікті,
Түсуге көп алдында осы айтысқа,
Шақырып оларды да келтіріпті.
Ақынның бірі мықты Әбдіхалық,
Мұның да атағына халқы қанық,
Қазіргі ән мен жырды қабыт айтып,
Құбылтып жырлайды ол топты жарып.
Жас ақын жалындаған жаңа тілек,
Бірінен бірі асып тұрған үдеп,
Айтайын қай бірінің атын атап,
Құрыш қол ақындар бар болат тілек.
Көрсін ел ақындардың құдіретін,
Қадамы қанша жерге жүгіретін,
Албырт жас ала қашып, арындап тұр,
Көрінбейді ұлы шаңда мүдірері.
Ал енді ағазыңдар тілдің майын,
Туғызып сөздің жұлдыз, күн мен айын,
Табысты тасқандаған елестетіп,
Естісін ел еңбегін елдің жайын.
Бас қосқан осы ақынның мен ағасы,
Қазіргі жанды архив-кен ағасы,
Осында төбе ақындеп атап отыр,
Бірдей деп бәріне де тең ағасы.
Тірлікте дем бітпеген уақытымда,
Алдында мен бір тұрған бел ағасы,
Әндетіп домбырамен соза бермей,
Кезек бер енді тоқтап, сен ағасы.
Ахметханның өзіне
Ақыл көңіл адам едім аңқылдаған
Ақ жарқын адам едім жарқылдаған
Бас қосып мәжілісте отырғанда
Қырындай желді күнге сыңқылдаған
Өзіммен өрен барда қорғалған
Кідіріп кібіжіктемей тартынбаған
Ұлысқан сөткесіне нөсердей ақ
Аңгіме айтар көптен сырқылмаған
Айтар ау кейбіреулер мақтанғой деп
Десем мен өзгеге күн артылмаған
Бір жүрген үлкен кіші құрбыларға
Жерім жоқ жүз жыртысып барқыладаған
Көретін күнделікті етең жанға
Жөн жұмыс істеп тападым дарқылдаған
Солақай санамаған сезімдінің
Ширығып шатырлаған, шартылдаған
Неге мырза
Адамзат біріншіден жанға мырза
Орынсыз ойға қанға мырза
Өзі беріп сахилық еткенменнен
Дүние мен алдындағы мырза
Мен нені сүйемін?
Бірлескен берік іргелі елді сүйем,
Кең дәулет, ризық берген жерді сүйем,
Бел шешіп белдесердей еңбек еткен
Елеулі еңбек еткен ерді сүйем.
Адамның адыр келмей адыраңдаған
Ашуын ашпайтұғын кеңге сүйеп,
Жарымды жағдай туып немді сүйем
сүйгіштер қайтер еді арды сүйсе
қанағат қамындағы барды сүйсе
сағынып сағат сайын семьясын
баянды баласымен жарды сүйсе
саны жоқ сапасы жоқ сансыз сүю
ғашық болып өртеніп жану күю
Ләйлі Мәжнүн секілді қосылғандар
ұзамай боп жатады ию қию
сондай соқан сөз сүю бір бұзылмай
қор боп кетті бүгінде қайран сүю
Права
Үкімет дейді адамды праволы,
Меніңше дауысқа ие праволы,
Жергілікті үлкендер арасында,
Олар кілт, басын гайка бұрамалы.
Мен айтым, болу керек дейді солай,
Амадлың жоқ көнетін емес
Қалай өзіңе жөн болғанымен оған жөнсіз,
Бастырып ісіңді оңға оңай
Ауыз айтсаң не жазсаң қағазға арыз,
Жауап бермейді түнеріп жалғыз ләбіз,
Мазалаған кісі болып жек көрінішті
Сүйкімсіз сенен өтпейді жөнсіз нағыз.
Ауырлайды жөнді айтып әрі барсаң,
Үндемеуге дөп келіп кулсең жансаң
Уа шіркіннің псықси қалғаны
Күн көрісіңді әуре етеді әуре сарсаң
Қор қылады еңбегіңді шөгемін деп,
Айыңа он күн тәбіл беремін деп,
Себеп айтып, сырт беріп тауып көрсең,
Сонда сенің күшіңді көрейін деп
Бұл күніңді өзіңе көп қылармын деп,
Ол жағынан өзімен сенемін деп
Көкке ұшсаңда жерге шым батсаңдағы,
Шұқып қойяды кеудеңді жеңемін деп,
Кінәңді мойныңа ал қаталық деп
Уәдеңді бер, не етесің көнемін деп
Ой
Тапқан адам бар ма екен айдың түбін
Айсыз өткен не болмақ көрген күнің
Ой ойланбай жол тауып жүріп көрші
Дерек қылмас орныңда, белгі жұғып.
Ой ойлауға әу баста ақыл керек
Кәдегі аспақ ойды ақыл тұрса жебеп,
Қорғасындай салмақпен қортындылап
Бәрін жөнге асырады ақыл зерек.
Нәпсі
Нәпсі тұрса көргенге ала бұрып
Жұла қашса көргенге ынта құрып
Жанып жаслын секілді ол күйдіреді
Тоқтатпаса ақылың төбеге ұрып
Ақиқатта ол жауыз тірі жанға
Тым болмаса қарамас мойынын бұра
Алса нәпсі өзіне бағындырып
Құтылы алмай қалғанын үзіп жұлып
Біткенін сол түйте болып дымың құрып
Бар ықласа өзінен өзгені ұту
Қайда барып түзелмек мінез құлық
Алдамшыға алданып жүргеніңде
Солар бір күн мойныңа салар құрық
Жігіттерге
Айтайын аздап жігіт әңгімесін
Әуре боп демесеңдер жазған несін
Болайық шақтап шама төгіскендей
Таңдайтын барма ағаңның қолында есім
Сұңқардай сұлу сырлы сыңқыладаған
Дауылдай желді күнгі бұрқылдаған
Мамыра жаз айындай майда шуақ
Арқансыз асауды ұстап құр құрлаған
Ішінде естігенің шықпай сыртқа
Өзінен өзгеге айтып жыр қылмаған
Өнері өсек өтірік сұрқиялық
Сынаптай жігіттер бар жылтылдаған
Сырт беріп сылаң қағып кей бір жігіт
Болымсыз болмашыға бұлтылдаған
Кей жігіт абыройлы боламын деп
Сүйкімсіз сөзге әуес сымпылдаған
Кей жігіт жағамын деп жалпаң қағып
Майшының қалағындай жалпылдаған
Кей жігіт адам сынып ісіп кеуіп
Пысықсып әңгіме айтып тыңқылдаған
Кей жігіт өзін өзі дәуге санап
Бурадай буырқанып,бұрқылдаған,
Кей жігіт адуындай аттаймын деп,
қадамыжетпес жерге тыртыңдаған.
Кей жігіт ойын-шынды айыра алмай,
Шишадай су тигенде шыртылдаған,
Кей жігіт кеп-кеңесті ұғатындай,
Ұстам жоқ, құлап босқа құртаңдаған,
Кей жігіт қарны өскенге мәз болып жүр,
Торсиған торсығана ыңқылдаған.
Туған жерім
Торғай өзен, туған сары Тосыным,
Жалаң аяқ құмыңда ойнап жасыдым.
Суың балдай, топырағың шүйгіндей,
Мекендеуге Жәкең тартқан қосынын.
Көріп талай өтті өмір басымнан,
Аймағыңда туып-өстім жасымнан,
Тар кезеңнің талай күні серпіліп,
Соққан боран, сұрапылдар басылған.
Шалшығың мен батпағыңда батпақтап,
Сары ылайға ақ көйлекті сатпақтап,
Қозы қуып, құрық салып, құр-құрлай,
Құртқа шөптен ноқта өріп шатпақтап.
Көрдім күннің неше талай тарлығын,
Айтып болмас өткен күннің зарлығын,
Ұлы өктебір шұғыла шашты жарық қып,
Ұмыт етті сол кұндердің барлығын.
Алматы мен Тәшкен арасында
Шаттанам елімнің зор табысына,
Қарамай жердің жақын-алысына,
Алады алты айлықты алты-ақ аттай,
Тұлпардың тояттаймын шабысына.
Ертеде Тәшкен-Бұқар барады екен,
Жыл тәулік оралғанша болады екен,
Қазіргі жағдайменен салыстырсаң,
Тартқаны таудан биік азап екен,
Ақындарға
Иә, сен ақын болдың жазатұғын,
Қырандай самғап қанат қағатұғын,
Тұңғиық түпсіз жерден табатұғын,
Татымды сөздің барма жазатұғын.
Тұлпардай томаға көз арындаған,
Қадамың барма ұзаққа шабатұғын.
Жаздың ба қызғылықты кеп-кенесті,
Сусындай мейірімің қанатұғын.
Өлеңнің өрге жүзген өктемімен,
Туғызып сөз тұқымын көктемінен,
Мен өзім ақын болып көрмесем де,
Ұйқасын талай жырдың көп көріп ем.
Болсын жыр жүректерді жібіткендей,
Көмілтіп, көзге жасты іріккендей,
Шілденің жер күйдірген аптабында,
Аңсаған тәңір нұрын бүріккендей.
Ұйқасы ауызға дәм алдырғандай,
Ынтыққан ынтығыңды қандырғандай,
Жыр қайда жылытатын тұлға бойды,
Маздатып мазалы отты жандырғандай.
Қайда осы ақындардың дүлей жыры,
Есінен естігенде тандырғандай,
Жыртық жең, жырым балақ сөздер құрып,
Бөсиді қымбат дүние қалдырғандай,
Тұлпар сөз шашау шықпай, шешілмесе,
Жарлы ұйқас екі жолдан кесілмесе,
Шатысып, шалап шайқап несіне әуре,
Қиырдан қиысын тауып көсілмесе.
Солайша жазбаған соң керегі не,
Бұлайша айтуымның себебі не,
Болмадым шатты-бұтты өлеңге әуре,
Келтіріп жазбаған соң кемеліне.
Дәмі жоқ, татымы жоқ, тартымы жоқ,
Мендейдің кім қарамақ өлеңіне.
Мен ақын болсам
Дыбысым болса күндей күркіреген,
Жаңбырдай нөсерлетіп күркіреген,
Сығалап қарағанда сымдай болып,
Аларлық мін таппаса түрпіменен.
Жан батпай арыстандай айбатыма,
Тамсанса таңырқанып қайратыма,
Асырып бірер сөзді құрай салмай,
Десе екен паһ сабаздың бойласын-ай.
Нұрхан туралы толғау
Жарысып жайдақ таймен бала жастан,
Ол өмір өтті қазір қарамастан,
Жыл сайын жылыстаймыз алға қарай,
Сырғыған су секілді қара тастан,
Ірікпей әлім келіп жаза алсам мен,
Тамаша таң қалғандай қалың дастан.
Көргеннің көлеңкесі көңілімднгі,
Кезім жоқ ақиқаттан қиыс басқан.
Жалаң бас, жалаң аяқ жарысамыз,
Жақын жер, өзен-көлге барысамыз,
Сылдырап толқындаған су басында,
Құмға аунап, күнге күліп алысамыз.
Жүгендеп арқан тағып,тоқым тартып,
Үйретіп асау тайға жабысамыз.
Іңірдің қараңғысы түскеннен соң,
Ақ сүйек, айлы түнде табысамыз.
Бірге өстім, бір дәуірде Нүрекеңмен,
Көбейіп, айтарым аз, орап кеңнен,
Ойыннан жоғары ашқан енші алмай-ақ,
Нұрханның жетім қалып, әкесі өлген.
Келген кез тоғыз-онға жас шамасы,
Бар тірек сүйеніші жан анасы.
Артынан әкесінің жедел кетті,
Кенжебай,Қарабектей екі ағасы.
Тілегі жас балада анасының,
Ойлаған ойы жеткен санасының,
Шарқ ұрып шаршы топта сайра –дейді,
Қуаныш, кқздің нұры қарашығым.
Мектепке берді анасы он бір жаста,
Не тілек болсын онда мұнан басқа.
Зулатып қиссаларды болды оқитын,
Толғанда бала Нұрхан мүшел жасқа.
Сырғытып сырғалы жыр, домбыра алып,
Ойласты ерсіл-қарсыл шекті шалып,
Асқақтап шырқағанда таза дауыс,
Кеткендей өткірлігі құлақ жарып.
Он бесте ел аузына тарап болды,
Әрі әнші, әрі ақын деген дақпырт.
Достарыңызбен бөлісу: |