Взвод командирі (топ, есептоп бастығы)
125. Взвод командирі (топ, есептоп бастығы) бейбіт және соғыс уақытында: взводтың (топтың, есептоптың) жауынгерлік әзірлігіне, жеке құрамды жауынгерлік даярлауға, әскери тәрбиесіне, тәртібі мен моральдық-психологиялық жай-күйіне; взводтың (топтың, есептоптың) қару-жарағы мен әскери техникасын, басқа да мүлкін сақтауға және оның техникалық жай-күйіне, взводтың жауынгерлік міндеттерді табысты орындауына; взводтағы (топтағы, есептоптағы) жарғылық ішкі тәртіпті ұстауға жауап береді.
Ол рота (жауынгерлік бөлім) командиріне бағынады және взводтың (топтың, есептоптың) барлық жеке құрамының тікелей бастығы болып табылады.
126. Взвод командирі (топ, есептоп бастығы) бағыныстыларды жеке өзі оқытып-үйретеді және тәрбиелейді.
Взвод командирінің міндеттері:
взводтың (топтың, есептоптың) жеке құрамымен взводты тактикалық даярлау және жауынгерлік қолдану пәндері бойынша сабақтарды жеке өзі өткізуге және взвод сержантының және бөлімшелер командирлерінің сарбаздарды (матростарды) дұрыс оқытып-үйретуіне, ал жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде взводты (топты, есептопты) шебер басқаруға бақылауды жүзеге асыруға;
жеке құрамның дене даярлығын ұдайы жетілдіруге, взводтың жеке құрамының дене шынықтыру дайындығын жеке өзі бақылауға;
взводты (топты, есептопты) жауынгерлік даярлаудың, құқық бұзушылықтар мен тәртіптік теріс қылықтардың есебін жүргізуге;
әрбір әскери қызметшінің тегін, аты, әкесінің атын, туған жылын, әскери қызметке дейін айналысқан қызмет түрін, отбасы жағдайын, жауынгерлік даярлықтағы жетістіктері мен кемшіліктерін, олардың іскерлік және моральдық-психологиялық қасиеттерін білуге, олармен құқықтық және әскери тәрбие жөніндегі жеке жұмысты ұдайы жүргізуге;
взвод (топ, есептоп) жеке құрамының атаулы тізімін жүргізуге;
взводтағы (топтағы, есептоптағы) қару-жарақ пен әскери техниканың материалдық бөлігін, пайдалану қағидаларын, эвакуациялауды, жөндеуді білуге және олардың жауынгерлік қолдануға әзірлігін жеке өзі тексеруге;
бағыныстылардың тұрмысы туралы қамқорлық жасауға және олардың мұқтаждықтарын жете түсінуге;
взвод (топ, есептоп) жеке құрамының әскери тәртіпті сақтауын талап етуге, оның сыртқы келбетіне, әскери киім нысанын киіп жүру қағидаларын орындауына, керек-жарақтарды, киім-кешектерді, аяқкиімді дұрыс шақтап пішуге және жеке гигиенаны сақтауына бақылауды жүзеге асыруға;
рота (жауынгерлік бөлім) командиріне бағыныстылардың мұқтаждықтары туралы, сондай-ақ оларды көтермелеулер мен қолданылған жазалары туралы баяндауға, жеке құрамға анағұрлым қатаң жазалау шараларын қолдану туралы ұсынуға;
аптасына бір реттен жиі емес кезең-кезеңімен взводтағы (топтағы, есептоптағы) ұйқыдан тұрғызуға және кешкі тексерулерге қатысуға;
қару-жарақ пен әскери техниканы, жабдықтарды, киім-кешек пен басқа да мүлікті дұрыс пайдалануға, қызмет көрсетуге, сақтауға, эвакуациялауға және жөндеуге бақылауды жүзеге асыруға және аптасына бір реттен жиі емес оларды қарап тексеруді және бар болуын тексеруді жеке өзі жүргізуге;
қару-жарақ пен әскери техниканы, зымырандарды, оқ-дәрілерді әрбір оқу-жаттығуға немесе сабаққа шығаруға (алып шығуға) дайындауды, сондай-ақ оқу-жаттығулардан немесе сабақтан қайтып оралғаннан кейін олардың бар болуы мен жай-күйін тексеруге, оқ атулар жүргізілгеннен кейін негізгі қару-жарақты тексеруді жүргізуге;
оқ атулар жүргізілгеннен кейін гильзаларды, ыдысты (сауытты), жұмсалмаған зымырандар мен оқ-дәрілерді ротаны жауынгерлік қамтамасыз ету пунктіне уақтылы тапсыруға; рота командиріне зымырандарды ұшырудың іске аспағаны, сондай-ақ оқ-дәрілердің ақаулығы туралы баяндауға;
сабақтарда, оқ атуларда, оқу-жаттығуларда және қару-жарақпен және әскери техникамен жұмыстар, зымырандармен, оқ-дәрілермен, арнайы улы техникалық сұйықтықтармен, уытты және жарылғыш заттармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік талаптарын орындауды қамтамасыз етуге;
формулярларды (паспорттарды), техникалық және жол құжаттарын дұрыс толтыруды жүргізуге;
машиналар жұмысының белгіленген есебін және взводтың (топтың, есептоптың) техникалық мүлкі бойынша есептілікті жүргізуге міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |