(әні бар)
Тастан салған ақ түрме керегесін,
Қарай-қарай тоздырдым терезесін.
Қызғылықты өмірдің кезеңінде,
Көре алмадым шіркіннің мерекесін, заман-ай.
Қайырмасы:
Заман біздің өзгерді,
Жаңаланып түр берді.
Ойламаған жерлерден,
Ауыр бейнет кез келді.
Көңіл көтер, жабықпа, бозбалалар,
Заман-айдың сарыны мұң менен зар.
Қайғы кетіп, көңілден-бейнет қашсын,
Көтеріңкі дауыспен осы әнге сал, заман-ай.
Қайырмасы.
Қорек еттік қара нан күн көруге,
Ермек болды қандала түн бөлуге.
Бауыры суық қара жер жалпақ жатқан,
Зар болдық қой сені де бір көруге, заман-ай.
Қайырмасы.
Түс бозарып, қан кетті тас үй сорып,
Қайғыртады жүректі бейнет қонып.
Бейнет бітер, өмірге болса сабыр,
Уақыт жетсе кетерміз ойнап-күліп, заман-ай.
Қайырмасы.
Екі мезгіл күніне саналамыз,
Малдай болып айдалып қамаламыз.
Бір көруге зар болып жарық дүние,
Тарылып тұр бұл күнде заманымыз, заман-ай.
Қайырмасы.
Рахаттан жатырмыз күдер үзіп,
Толқытады жүректі қайғы езіп.
Ыстық жүрек айрылып бірге соққан,
Сүйген жарлар жүр екен қалай төзіп? Заман-ай.
Қайырмасы.
Көңілімнің жемісі сәбилер-ай,
Сағынамын ынтығып жылай-жылай.
Маңдайыңнан иіскейтін күн болар ма,
Тас түйінін босатып шебер құдай, заман-ай.
Қайырмасы.
Біз жатырмыз бейнеттен «бақыт» қонып,
Бас байланып, жүрекке қайғы толып.
Дәм жазғанда оралып қосылармыз,
Кеткен жан жоқ мәңгілік тұтқын болып, заман-ай.
Қайырмасы.
Кіндік қаным төгілген туған жерім,
Қоныстанған мекендеп тау мен белім.
Айырып тұр тұз-нәсіп Сіз бен бізді,
Қош аман бол, көргенше қайран елім, заман-ай.
Қайырмасы.
Сарқыраған күмістей бұлақтарым,
Сыбырласқан жағалай құрақтарым.
Қош аман бол, көргенше қайта айналып,
Сауық-сайран етіскен қарақтарым, заман-ай.
Қайырмасы.
Қоныс етіп жайлаған сай мен сала,
Жұпар исің аңқыған еркін дала.
Саған айтпай сәлемді кімге айтайын,
Көшіп-қонып шалқыған кең сахара, заман-ай.
Қайырмасы.
Жаңалыққа бет бұрдық ескі қалып,
Ынтық болып ой алла-ай, арып-талып.
Орта жолдан кез болып бейнет құрғыр,
Мұрындықтан ұстап тұр бұрып алып.
Қайырмасы.
Бейнет келіп ұстады нақ білектеп,
Орын алды зарлатып қақ жүректен.
Түсіп кетті шыбын жан көкпарыға,
Рахым, шафғат болмаса құдіреттен, заман-ай.
Қайырмасы:
Торығасың таң атса, күнің батпай,
Күн өтуін тілейміз дамыл таппай.
Асыққанмен тағдырдан аса алмайпыз,
Бұйырған ырыздықтың дәмін татпай, заман-ай.
Қайырмасы.
Басқа-бюейнет, көңілге-қайғы дарып,
Пендеге-пенде болған біз бір ғарып.
Ерте салған құлыптан кешке шейін,
Отырасың сығалай көзің талып, заман-ай.
Қайырмасы.
Кім тыңдайды мұныңды зарлағанмен,
Кім ермейді ағымға арланғанмен.
Тағдыр ісі осылай болмақшы екен,
Бұл қалай деп бас шайқап таңданғанмен, заман-ай.
Ай, ағайын, ағайын...
Ай, ағайын, ағайын,
Жайыңды қалай ұғайын.
Көңіліңді қалай жығайын,
Бабыңды қалай табайын.
Бәріңе қалай жағайын,
Қарекетің жоқ тағайын.
Бетіммен неге лағайын.
Алды-артымды бағайын.
Бірлікте тыныш жүрмейсің,
Жақсыңа және ермейсің.
Ғибрат сөзді термейсің,
Жоққа қылыш сермейсің.
Нұсқалы жолы көрмейсің,
Еркіңмен тізгін бермейсің.
Өзгені көзге ілмейсің,
Өз мініңді білмейсің.
Тазартпайсың ішіңді,
Жақыннан алып өшіңді-
Суытасың түсіңді,
Жөн демейін ісіңді,
Таразылап күшіңді,
Түзейсің қашан көшіңді?
Ой-пиғылың ұшынды,
Жаным содан шошынды.
Пиғылыңнан табарсың,
Жаманатқа қаларсың.
Елге кұлкі боларсың,
Оны кімге жабарсың,
Түбі желден ығарсың,
Көзіңнің жасын сығарсың.
Бір күні гүлдей соларсың.
Мініңді сонда ұғарсың.
Бұқар жырау сыйынған менің пірім
Бұхар жырау сыйынған менің пірім,
Өлең жазсам кетеді көңіл кірім.
Науқастанып жатып ем көпетн бері,
Отырғаны сондықтан келмей түрім.
Бұл тірлікте басымнан не кешпедім,
Ақымақпен айтысып тіріспедім.
Ар-ұятты ойына алмайтұғын.
Белсендімен бел шешіп күреспедім.
Күреспейін дегем жоқ келмеді әлім,
Біздің көрген күніміз елге мәлім.
Қайрап өттім тісімді құр ішімнен,
Біле алмадым өзім де кімге обалым?
Ақылдылар тілегім қарғай көрме,
Алдамшының сөзіне ыңғай берме.
Түйгенімді өмірден өлең қылдым,
Айырарсың бір күні жез бе, зер ме?
Өз Әлімше тірілкте тарттым өрге,
Сырымды сөз ұғатын айттым ерге.
Азамат, кейіп туған кемел ойлы,
Есті болсаң жырымды талдан, терге.
Болсада көкірегім-алтын көмбе,
Менде бір бағы жанбай кеткен пенде.
Асығыс ғайбаттама не істеген деп,
Боларсың қысым көрсең мендей сен де!!!
Дүниеге ойлап тұрсаң адам қонақ,
Болғанда біреу-ұста, біреу-олақ.
Менің де өлеңдерім зармен жазған,
Күндердің бір күнінде болар сабақ.
«Абай» романын оқығанда
Мұхтар Әуезовке
Жазылған Абай жайлы бұл роман,
Себеп боп бір досымнан тиді маған.
Кітапты көрген жоқ ем көптен бері,
Дәл мұндай жүрегіме сөзі ұнаған.
Ден қойып оқи бердім ілтифатпен,
Жазыпты қаз-қалпында заманда өткен.
Ахмет, Міржақыптың сөздеріндей,
Орамды, орнықты еді тілі неткен!
Баяндап боямасыз Абай жайын,
Көсілте тамызыпты тілдің майын.
Қазақтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін,
Лайықтап көрсетіпті бек пен байын.
Көрінген қандай ғажап билер сөзі,
Оқыса құмарланар ескі көзі.
Қазақтың көшіп-қонған сахарада,
Тұр сайрап бұл кітапта бар мінезі!
Па шіркін, қазағымның ата салты,
Тамаша емес пе еді-әдет, қалпы!
Бұл кезде көзден бұлбұл ұшып тұр ғой,
Соқтырар неге апарып мұның арты?
Жүргенде жан жетім боп, көңіл жұтап,
Кеткенде жақсы сөзді заман өтіп.
Бойымды бір серпілтті-ау, уа, дариға-ай
Жазылыпты Абай жайлы мынау кітап.
Туады – адам қарап заманына,
Заман да-жол көрсетер адамына.
Әдемі кітап жазған жазушының,
Тәңірім бақыт берсін таланына.
1943 жыл.
Достарыңызбен бөлісу: |