| 175-бап. Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзу
1. Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзу, оның ішінде:
1) тексеру жүргізу негіздерінің болмауы;
2) тексеруді тағайындау туралы актінің болмауы;
3) тексеру жүргізу туралы хабарлау мерзімдерінің сақталмауы;
4) егер Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарында және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында белгіленген талаптар мемлекеттік органның құзыретіне жатпаса, осындай талаптардың орындалуын тексеру;
5) егер құжаттар, ақпарат, өнім үлгілері, қоршаған орта объектілерін және өндірістік орта объектілерін зерттеп-қарау сынамалары тексеру объектілері болып табылмаса немесе тексеру нысанасына жатпаса, оларды беруді талап ету;
6) өнім үлгілеріне, қоршаған орта объектілерін және өндірістік орта объектілерін зерттеп-қарау сынамаларына зерттеу, сынау, өлшеу жүргізу үшін көрсетілген үлгілердің, сынамалардың белгіленген нысан бойынша және (немесе) ұлттық стандарттарда, үлгілерді, сынамаларды іріктеп алу қағидаларында және оларды зерттеу, сынау, өлшеу әдістерінде, техникалық регламенттерде немесе олар қолданысқа енетін күнге дейін қолданыста болатын өзге де нормативтік техникалық құжаттарда, зерттеу, сынау, өлшеу қағидаларында және әдістерінде белгіленген нормадан асатын санда іріктеп алу туралы хаттамаларды ресімдемей, оларды іріктеп алу;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тексеру жүргізу нәтижесінде алынған және коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария ету және (немесе) тарату;
8) тексеру жүргізудің белгіленген мерзімдерін асыру;
9) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 3-тармағының 2), 8), 9) және 10) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, нақ сол мәселе бойынша, нақ сол кезең ішінде бұрын тексеру жүргізілген жеке немесе заңды тұлғаға қатысты көрінеу қайта тексеру жүргізу;
10) мемлекеттік бақылау мақсатында жеке кәсіпкерлік субъектілерінің есебінен шығынды сипаттағы іс-шараларды жүргізу;
11) жоспарлы тексеру тағайындалған кезде алдыңғы тексеруге қатысты уақыт аралығын бұзу;
12) тексерілетін субъектіге тексеру актісін ұсынбау,
13) жоқ;
14) жоқ, –
лауазымды адамға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – лауазымды адамға жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
| |