2. Технологиялық жабдықтарға қойылатын негізгі талаптар
Тамақ өнеркәсіпте алуан түрлі машиналар мен аппараттардың түрлері бар. Олардың жалпы саны шамамен 1000 жуық, сондай-ақ сүт өнеркәсіптерінде 250 жуық негізгі түрлері бар. Сондықтан оларды ұқсас сипаттарына қарай топтарға жіктеу қажеттілігі туындайды.
Мұндай сипатқа алдымен технологиялық процестің мәні (мал сою, ұсақтау, араластыру және т.б.) мен технологиялық жабдықтың жұмысшы органының конструкциясы жатады.
Жұмысшы органның конструкциясына қатысты келесілерді айтуға болады. Профессор А.И. Пелеевтің жіктеуі бойынша жұмысшы органдардың неғұрлым кеңінен тараған 15 түрі бар.
1. Икемді тартқыш жұмысшы органдар (шынжыр, трос, резеңкеленген таспа немесе белдік түрінде)
2. Цилиндрлі жұп (поршень, цилиндр)
3. Қалақшалы
4. Бұрандалы және шнекті
5. Икемді (резеңкелі немесе резеңкеленген)
6. Жарғақты және шлангті
7. Білікті (тегіс немесе бұдырлы металл немесе резеңкеленген білік түрінде)
8. Барабанды (төмен жылдамдықпен айналатын барабан түрінде)
9. Кескіш (конструкциясы әртүрлі пышақ құрылғысы түрінде)
10. Фрикционды (үйкеліс арқылы)
11. Соққылы және үйкелгішті
12. Радиалды (ортадан тепкіш) үдеу әсерін қолданатын
13. Сорғыш және шашыратқыш
14. Шашыратпалы және құйынды
15. Жылуөткізгіш
Бұл жұмысшы органдар өздігінен немесе әртүрлі үйлесімде технологиялық жабдықтардың орындаушы механизмдерінің негізін құрайды. Технологиялық жабдықтарды жіктеудің әртүрлі жолдары бар.
Мысалы, профессор А.Я. Соколов жабдықтарды жіктеуде негізгі белгі ретінде өнімге функционалды әсер мен машинаның құрылымдық шешімін ұсынады.
Осыған байланысты машиналар жалпы 24 топқа жіктеледі:
сусымалы және сұйық өнімдерді, сонымен қатар ірі дисперсті суспензияларды бөлу;
пластикалық өнімдерді даналы бөлу және оларды кесу;
сусымалы өнімдерді қабыршықтау және тегістеу;
ұсақтау;
сусымалы, пластикалы және сұйық тамақ өнімдерін араластыру;
тамақ және жем өнімдерін престеу;
тамақ өнімдерін мөлшерлеу және т.б.
Дегенмен, мұндай жіктеуден біршама кемшіліктерді байқауға болады. Жұмысшы органдары мақсаты бойынша бірдей жабдықтар әртүрлі топтарға жіктеледі. Мысалы:
- қабыршықтау мен тегістеу үшін білікті механизмдер қолданылуы мүмкін;
- ұсақтау үшін де білікті механизмдер қолданылады;
- араластыру үшін де білікті механизмдер пайдаланылады;
- престеу үшін де білікті машиналар қолданылуы мүмкін.
Сол сияқты:
- араластырғыштарда шнекті жұмысшы органдар қолданылады;
- престерде де шнекті жұмысшы органдар қолданылуы мүмкін;
- буып-түю автоматтарында да шнекті жұмысшы органдар қолданылады;
- бөлуге арналған жабдықтарда да (центрифугалар) шнекті тиеу құрылғылары, яғни шнекті жұмысшы органдар қолданылуы мүмкін;
- сонымен қатар, тасымалдауға арналған жабдықтарда да шнекті жұмысшы органдар пайдаланылады.
Осыған сәйкес жабдықтарды технологиялық процесс жағынан және жұмысшы органдардың бірлігі жөнінен екі позицияда қарастырған профессор А.И. Пелеевтің қағидасы неғұрлым негізделген болып табылады.
Технологиялық жабдықтардың жұмысшы органдарының өнімге әртүрлі әсер ететін функционалды бірлігі бір жағынан технологиялық есептеуге жеңілдік береді. Бұл әртүрлі жабдықтарды сипаттауда ыңғайлы болады. Сонымен қатар, мұндай жағдайда өнеркәсіптің әр салаларына көптеп еніп жатқан жаңа жабдықтарды қарастырған жөн.
Технологиялық жабдықтарға қойылатын негізгі талаптар
1. Технологиялық жабдықтар табиғи жоғарғы сападағы дайын өнімнің неғұрлым жоғары өнімділігін қамтамасыз етуі қажет.
2. Технологиялық жабдықтардың жұмысшы органдары шикізат пен өнімге шектен тыс үйкелмеуі тиіс.
3. Технологиялық жабдықтардың жұмысшы органдары коррозияға тұрақты материалдардан дайындалуы тиіс.
4. Технологиялық жабдықтардың, әсіресе жұмысшы органдардың конструкциясы күнделікті санитарлық тазалау мен жуу үшін жеңіл ажыратылып құрастырылуы қажет.
5. Жұмысшы органдарда тазалау мен жуу кезінде киындық тудыратын саңылаулар, ойықтар мен дөңестер болмауы керек.
6. Технологиялық жабдықтардағы барлық электрқұрылғылары ылғалдан сақтандырылуы тиіс.
7. Технологиялық жабдықтар техника қауіпсіздігі талаптарына сәйкес болуы қажет.
Дәріс 4. Икемді тартқыш жұмысшы органдар және олар пайдаланылатын жабдықтар
1. Аспалы жолдар мен конвейерлер
2. Аспалы жолдар мен конвейерлерге қызмет көрсетуге арналған жабдықтар
3. Ет комбинаттарындағы едендік құрылғылар
4. Тері сыдыруға арналған машиналар
Икемді тартқыш жұмысшы органдар (құралдар) алдымен қозғалыс мақсатында, яғни өнімдерді тасымалдау үшін қолданылады:
жабдық ішінде;
жеке машиналар арасында (машиналар арасында конвейермен);
жұмыс орындары арасында (конвейермен).
Икемді тартқыш жұмысшы органдар ретінде:
шынжырлар (жәй калибрленген шынжырлар, пластиналы шынжырлар, төлкелі-шығырлы шынжырлар және т.б.);
тростар мен арқандар;
таспалар мен белдіктер (резеңкеленген, резеңкелі және былғары);
торлар (металл және металл емес) және т.б.
Икемді тартқыш жұмысшы органдар ет өнеркәсібіндегі конвейерлердің негізін құрайды.
Конвейер - бұл механикаландырылған аспалы жол. Конвейерлер орта және жоғары қуаттылықта жұмыс істейтін ет комбинаттарындағы технологиялық ағынның негізін құрайды. Олар шикізатты (не өнімді) алдымен жеке жұмыс орындары мен машиналар арасында тасымалдайды.
Малды аз көлемде сойғанда (кіші мал сою орындары) конвейерсіз (механикаландырылмаған аспалы жолдарды) пайдалану экономикалық жағынан тиімді болып табылады.
Олар да орта және жоғары қуаттылықта жұмыс істейтін ет комбинаттарында кеңінен қолданылады. Әсіресе, тоңазытқыштарда, шұжық цехтары мен зауыттарында, сондай-ақ техникалық фабрикаттар өңдеу цехтарында пайдаланылады.
Ет өнеркәсібіндегі аспалы жолдар мен конвейерлер төмендегідей жіктеледі:
Өңделетін өнім бойынша
а) малдың жеке түрлерін өңдеуге (союға) арналған конвейерлер;
б) малдың барлық түрлерін өңдеуге (союға) арналған әмбебап конвейерлер.
Кеңістікте орналасуына байланысты
а) жазықтық аспалы жолдар мен конвейерлер; б) көлбеу; в) кеңістік.
Қаңқасының болуына байланысты
а) қаңқалы аспалы жолдар мен конвейерлер; б) қаңқасыз
Жүктің қозғалыс сипатына байланысты
а) Жүк итергіш конвейерлер (икемді тартқыш құралдармен жүктерлі итереді):
ірі қара малды қансыздандыру конвейерлер, ішін ақтару конвейерлер, туалет (жуу) конвейерлер, тоңазытқышқа тасымалдау;
шошқаны қансыздандыру, ішін ақтару (бөлу) және тасымалдау;
ұсақ қара малды қансыздандыру және тасымалдау конвейерлер.
б) Жүк көтеретін конвейерлер (икемді тартқыш кұралдар жүктерді ілгіштер арқылы көтереді):
ұсақ қара малдың ішін ақтару (бөлу);
ірі қара мал бастарын инспекциялау.
Негізгі жұмысшы органның конструкциясы бойынша
а) Жұмысшы органы икемді тартқыш түрінде (шынжыр немесе трос) - неғұрлым кеңінен тараған конвейерлер;
б) Басқа да жұмысшы органды (шнек немесе штангті) - неғұрлым аз тараған конвейерлер.
Рельстің түріне байланысты
а) Жолақ (полоса) болатты рельсті (65х12, 60х10, 50х10);
б) Құбырлық рельсті (диаметрі 52 мм);
в) Бұрыштық болатты рельсті (36х36, 32х32).
Жүкті ілуге арналған органның конструкциясы бойынша
а) Алмалы-салмалы ілгішті және ұшаның аяғын байлауға арналған шынжырлы (шошқа мен ірі ұсақ қара малды қансыздандыру конвейерлері);
б) Алмалы-салмалы шығырлы шынжырлы (ірі қара малды қансыздындыру конвейері);
в) Алмалы-салмалы шығырлы ілгішті (ірі қара малды қайта өңдеуге арналған конвейерлер).
г) Шынжырға шығырлар мен ілгіштер біріктірілген (ұсақ қара малды өңдеу конвейерлері және ірі қара мал бастарын инспекциялау.
9. Қозғалыс сипаты бойынша
а) Үздіксіз тұрақты қозғалыс немесе жылдамдығы реттелетін қозғалыс;
б) Мерзімді әрекетті циклді қозғалыс.
Аспалы жолдар мен конвейерлердің конструктивті элементтері (тораптары)
Оларға: 1. Қаңқа; 2. Аспалар; 3. Рельстер;. 4. Жүк көтеретін органдар (тек алмалы-салмалы); 5. Жебелер.
Конвейерлер негізінде үш конструктивті тораптардан тұрады. Олардың құрамына қосымша келесілер енеді:
Жетекті станция (жетек);
Жүкті немесе бұрандалы түрдегі керу станциясы;
Жүкті (яғни, өнімді) итеретін немесе өзіне көтеретін конвейердің тартқыш органы.
Қаңқа барлық жүктемелерді ғимараттың құрылыс конструкцияларына беруге арналған. Оған барлық аспалы жолдар мен конвейерлердің барлық конструктивті тораптары бекітіледі. Қаңқа негізгі және аралық арқалықтардан тұрады.
Аспалар (подвеска) рельсті өзіне бекітіп, рельстегі жүктемені қаңқаға беруге арналған.
Аспалардың кескіні мен өлшемдері олардың орнатылу орнына байланысты. Аспалардың тұріне әсер жасайды:
конвейерлі немесе конвейерсіз аспалы жол, жұктелген тармақ немесе бос тармақ;
рельстің кескіні;
қаңқаның болуы және т.б.
Аспаларды шойыннан (құйылған және неғұрлым қатты) немесе болат жолақтардан жасайды.
Рельстер жүктің берілген траектория бойымен қозғалысында тірек қызметін атқарады.
Рельс қимасының өлшемі жүктің массасына, аспалар арасындағы қашықтыққа, жүк тасушы органның конструкциясы мен жолдың тағайындалуына байланысты.
Бұрыштық болаттан жасалған рельстерді ұсақ қара малды өндеу конвейерлерінде қолданады. Құбырлық рельстерді ұсақ қара мал мен шошқаны қансыздандыру конвейерлерінде қолданады. Бұл рельстер жолақты және бұрыштық рельстермен салыстырғанда неғұрлым қатты, олар тек қос табандыларды ғана алдына жібереді. Бірақ, қос табандылар рельс ретінде технологиялық конвейерлерде қолданылмайды.
Жүк тасушы органдар жүкті ілуге арналған. Олардың негізгі түрлері орнатылатын, түсірілетін рельс немесе біріктіріліп орнатылған икемді тартқыш байланысты болуы мүмкін.
Жебелер (бағыттағыштар) рельстердің тармақталуында жүк тасушы органдардың бір рельстен екінші рельске ауысуына арналған.
Олар:
а) жолақты және құбырлы;
б) оң және сол;
в) қолмен және қашықтан басқару.
Конвейердің негізгі тартқыш органы - икемді тартқыш кұрал. Олар тарту күшін жүкке (өнім) беруге арналған. Көбінесе икемді тартқыш байланыс ретінде мүмкін болатын барлық шынжырлар қолданылады.
Малдардың барлық түрлері үшін буынының қадамы 150 мм пластиналы шынжырлар қолданылады. Құстар үшін қадамы 100 мм төлкелі-шығырлы шынжырлар пайдаланылады. Ұсақ қара малды қайта өңдеу үшін шығырлар мен ілгіштері бар шынжырлар қолданылады.
Айналымды станция немесе бағыттаушы құрылғылар конвейер шынжырларын бұруға арналған.
Олар кронштейн, өс және жұлдызшалардан тұрады.
Жетекті станция (жетек) конвейердің икемді тартқыш байланысқа немесе басқа жұмысшы органга (шнекке немесе штанг) қозғалыс беруге арналған.
Дәріс 5. Аспалы жолдар мен конвейерлерге қызмет көрсетуге арналған жабдықтар
1. Аспалы жолдар мен конвейерлерге қызмет көрсетуге арналған
2. Ет комбинаттарындағы едендік қозғалмалы және стационарлы көтеру-тасымалдау құрылғылары
3. Малдарды қимылсыздандыру мен қансыздандыруға арналған жабдықтар
Аспалы жолдар мен конвейерлерге қызмет көрсетуге арналған жабдықтар:
1. Қансыздандыру конвейерінің аспалы жолына ірі қара мал ұшасын көтеруге арналған жүк арба (лебедка).
а) Фрикционды (ескірген, дегенмен ет комбинаттарында әлі де кездеседі);
б) Электрлі.
2. Жолақты рельске ірі қара мал ұшасымен троллейді орнатуға арналған құрал.
а) Призмалық - фрикционды жүкарбамен жұпты жұмыс істейді.
б) Маятникті - электрлі жүкарбамен жұпты жұмыс істейді.
3. Қансыздандыру конвейерінің құбырлы рельсіне ұсақ қара мал мен шошқаны көтеруге арналған көлбеу көтергіштер немесе элеваторлар.
4. Аспалы жолдарға қызмет көрсететін құралдар.
а) Биіктікте қандай да болмасын операцияларды орындауға арналған тақтайша үстелдер.
б) Жарты ұшаға кесу алдында ірі қара мал ұшасының артқы аяқтарын керуге арналған құрылғы.
в) Ірі қара мал мен шошқа және т.б. ұшаларын электрлі аралармен жарты ұшаларға кесу кезінде жұмысшаларға арналған көтеру-түсіру алаңдары.
Ет комбинаттарындағы едендік қозғалмалы және стационарлы көтеру-тасымалдау құрылғылары
Бұл жабдықтарда шынжыр немесе резеңкелі таспа түріндегі икемді тартқыш жұмысшы органдар және басқа да бірқатар жұмысшы органдар қолданылады.
Едендік көліктер төмендегідей жіктеледі:
- жазық-таспалы тасымалдағыштар. Олар үлкен кәсіпорындарда малдардың ішкі органдарын инспекциялауда механикалық үстелдер ретінде қолданылады;
- науалы таспалы, пластиналы, шанақты және шөмішті тасымалдағыштар. Олар барлық жүктерді, атап айтқанда тері, ұсақталған сүйек, май-шикізат, шыжық және т.б. тасымалдауға қолданылады;
- шнекті тасымалдағыштар. Олар да әртүрлі жүктерді, соның ішінде түтінгенераторына ағаш ұнтағын, ұсақталған сүйек, шыжық, субөнімдерді және т.б. тасымалдауға арналған.
Қозғалмалы тасымалдау құрылғыларына арба, рольганг, вагонетка және т.б. жатады.
Малдарды қимылсыздандыру мен қансыздандыруға арналған жабдықтар
Малдарды қимылсыздандыру немесе таңдыру төмендегідей жіктеледі:
а) Механикалық (соққылы әсер негізінде);
б) Химиялық (газбен әсер - көмірқышқыл газы + хлороформ) әдіс;
в) Физикалық (ауасыз атмосфераға малдарды енгізу) әдіс;
г) Электрлік әдіс.
Ірі қара мал мен шошқаны жансыздандыруда электрлік әдіс кеңінен қолданылады. Ұсақ қара малды жансыздандырмайды.
Малдарды жансыздандыру мен қансыздандыруға арналған негізгі технологиялық жабдықтарға келесілер жатады:
Балғалар, соққылау пистолеттері, стектер
Ірі қара малды қимылсыздандыруға арналған бокстар
Шошқаны жансыздандыруға арналған конвейерлер
Шошқаны көмірқышқылды жансыздандыру қондырғылары
Құстарды қимылсыздандыруға арналған аппараттар және т.б.
Осы жабдықтардың бірнеше түрлерін қарастырайық. Соның ішінде, ірі қара малды кимылсыздандыруға арналған бокстарды төмендегідей жіктеуге болады:
1. Бокстың жұмысшы камераларының саны бойынша:
а) бірлік;
б) екілік;
в) үштік.
2. Автоматтандыру деңгейі бойынша:
а) автоматты;
б) жартылай автоматты.
3. Жетектің конструкциясы бойынша:
а) электрлі механикалық жетекті;
б) гидравликалық жетекті.
4. Жұмысшы камералардың тізбектей орналасуы бойынша:
а) есік аузындағы;
б) тұғырықты.
Бокстарға қойылатын конструктивтік талаптар:
1. Бокстар жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет және жансыздандыру операцияларын орындауда қиындықтар туғызбауы тиіс;
2. Бокстардың қабырғалары мен едені малдарды сырқаттанудан сақтау үшін тегіс болуы керек;
3. Бокстың өту есіктері малдың қозғалыс бағыты бойынша жабылуы тиіс;
4. Пневматикалық жетек пен соленоидтан жасалған бокстың жетегін қозғалыстың ыңғайсыздығына байланысты ұсынылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |