Сурет-48. Ұйымдастыру жоспарының құрылымы
Жоспардың мақсаттылығы жоспарланған жұмыстың мазмұны мен түрінің нақты мақсаты мен міндеттерінің жүзеге асырылуын қарастырады. Жоспар оқушының қызығушылығы мен талаптарын жүзеге асыруға, олардың дамуына бағытталған. Жоспарлауда оқушылар мен ата-аналардың ұсыныстары зерделенеді. Жұмыс жоспары оқушылардың сабақта, сабақтан тыс алған білімдерін тәжірибеде қаншалықты қолданатынын, еліміздегі негізгі оқиғалардың ұжым өміріне қаншалықты әсер ететінін көрсетеді. Сынып жетекшісінің тәрбие жұмысының жоспарында тәрбиелік іс-шаралардың түрі (формасы), әдіс-тәсілдері бағыттары қарастырылады.
Тәрбие жоспарына қойылатын негізгі талаптар:
Жоспардың қоғам талабына, мақсатына сәйкестігі.
Жоспардың өмірмен тығыз байланыстылығы.
Жоспардың жан-жақтылығы, тәрбиенің барлық салаларының қамтамасыз етілуі.
Тәрбие жұмысы формаларының оқушылардың жас және тәрбиелік деңгейіне сәйкестігі.
Жоспардың нақтылығы.
Жоспар – ұжымдық еңбектің белгісі. Сондықтан тәрбие жоспарын құру барысында оқушылардың белсенділігін арттыра отырып, олардың өздерін қатыстыруды қамтамасыз ету.
Тәрбие жоспарына қойылатын менеджмент тұрғысынан қойылатын талаптар жүйесі:
Тәрбие жоспарының мақсат, міндеттерінің айқындығы.
Тәрбие жұмысы жоспарының мазмұны оның мақсатымен бірлікте болуы.
Оқушылардың жеке басының жас ерекшеліктерін және мүмкіншіліктерін ескеру.
Тәрбие жоспарының ықшамдылығы әрі ондағы көрсетілген іс-шаралардың орындалатындығы.
Тәрбие жоспарындағы атқарылатын іс-шаралар саны жағынан емес, сапасымен анықталуы.
Тәрбиелік іс-шараларды атқаруда қолданылатын әдістер бір сарынды емес, әртарапта және әржақты болуын ескеру керек.
Тәрбиенің педагогикалық принциптерін басшылыққа алу.
Жоспар құру барысында сынып жетекшісі оқушылардың не нәрсеге қызығатынын, олардың қандай істерді өткізгілері келетінін, ұсынылған іс-шараларға қалай қарайтынын анықтауы қажет. Жоспардағы тәрбиелік іс- шаралар жүйелі, бірізділікпен құрылуы тиіс. Тәрбиенің салаларына қатысты белгіленген іс-шаралар жеке-дара емес, біртұтастық ұстанымға сай құрылуын ескеру қажет.
Сынып жетекшісінің жоспары маңызды құжаттың бірі. Ол сыныпта тәрбие жұмысының тиімділігін арттыруға жәрдемдесуі үшін педагогикалық талаптарға жауап беруі тиіс. Сыныптағы тәрбие жұмысын жоспарлау жөніндегі
тәжірибесін талдаудың негізінде жоспарға төмендегідей талаптар қоюға болады:
жоспардың белгілі мақсатқа бағытталуы;
сыныптағы тәрбие жұмысы мазмұны, формалары және әдістерінің әртүрлі болуы;
жеке тұлғаны тәрбиелеудің сабақтастығын, жүйелілігін және дәйектілігін қамтамасыз ету;
жоспардың нақтылы болуы;
жұмысты келісіп жоспарлау.
Мектеп жұмысының тәжірибесінде жоспардың негізгі үш түрі қолданылады (49-сурет).
Достарыңызбен бөлісу: |