1 ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІ ДАМЫТУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1 Шағын және орта бизнес экономикалық маңызы және мәні
Шағын және орта бизнес нарық қатынастарын ұдайы іске қосып отыратын ортаның нақ өзі. Экономиканың өтпелі кезеңіндегі шағын және орта бизнес, ең алдымен, нарықтың тауармен молығуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, кәсіпкерлік экономикадағы нақты белсенді, бәсекелес ортаны ғана қалыптастырып қоймайды, сонымен қатар мемлекеттің экономикалық дамуында оның тұрақтылығының индикаторы есепті орта тапты жасақтайды. Шағын және орта бизнестің әлеуметтік міндетіне: халықты жұмыспен қамту, тұрмыс деңгейін қамтамасыз ету, адамның өмірге нық сеніммен қарау мүмкіндігін арттыру жатады. Дамыған елдердің тәжірибесі шағын және орта бизнес экономиканың даму қарқынын арттыра түсетінін көрсетеді. АҚШ-та барлық жұмыс күшінің 50 пайызы шағын және орта бизнеспен шұғылданады. Ішкі өнімнің 33 пайызын нақ сол қамтамасыз етеді.
Жапонияда жұмыс күшінің 80 пайызы шағын және орта бизнесте жұмылдырылған, жалпы өнімнің 55 пайызы солардың үлесіне тиеді. АҚШ-та шағын және орта бизнес ғылыми-зерттеу жұмыстарының 3 пайызын ғана жүзеге асырса да, өндіріске енгізілетін ірі жаңалықтардың 50 пайызын қамтамасыз етеді. Шағын кәсіпорындардың экономикалық тиімділігі соншалықты айқын: ірі кәсіпорындар жаңа өнім өндіруге жұмсаған бір доллар шығынмен салыстырғанда, осы көрсеткішпен шағын кәсіпорындар жаңа өнімдерді 17 есе көп шығарады, шағын фирмалар мен дербес өнер тапқыштар жаңа технологияның 90 пайызынан астамын жасайды.
Қазақстанда шағын кәсіпорындар жүйесін қалыптастыру әлі жүріп жатыр. 1990 жылдардың басында Қазақстан Республикасында шағын және орта бизнес субъектілерінің анықтамалары болмаған еді. Сондықтан, әрқилы құрылымдарға түрлі анықтамалар қолданылды. Кейбіреулер он немесе одан да аз жұмысшысы бар кәсіпорындарды шағын және орта бизнеске жатқызса, енді біреулер мұны 200 және одан да көп жұмысшысы қамтылған кәсіпорындар үшін қолданады. Соның салдарынан бірыңғай статистикалық ұғым қалыптаса қоймайды, шағын және орта бизнеске жатқызылатын кәсіпорындардың нақты белгілері айқындалмады. Мұның өзі, республиканың экономикалық дамуына осы сектордың қосар үлесіне лайықты баға беруге және шағын кәсіпорындарды нақты топтастыруға мүмкіндік бермеді.
Бизнеске қатысына қарай, «шағын» деген анықтама жұмысшыларды саны, жалпы табыс, сондай-ақ, жылдық айналым ұғымында түсіндірілуі мүмкін. Фирмаларды көлемі бойынша топтастыру кезінде негізінен бірінші белгі ескеріледі: шағын және орта бизнеске жұмысшы саны 100 адамға дейін, ал Қазақстанда 50 адамға дейін болатын, кәсіпорындарды жатқызу қабылданған.
Бүгінгі күні шағын кәсіпорындар тиімді болып табылатын өндіріс түрлері аз емес. Көптеген ғалымдар өркенияты базарлы экономиканың материалдық және әлеуметтік базасында ұсақ, сондай-ақ, орташа бизнес тиімді қызмет көрсетеді деп санайды. Олар жеке меншікке негізделген шаруа қожалығы ғана ауыл экономикасын өркендетеді десе, басқалары ірі шаруашылықтардың басымдылығын алға тартады, үшіншілері осы және басқа меншік артықшылықтарын мойындайды.
Бірақ шаруашылықты басқарудың кез – келген артықшылығы, орнықты экономикалық орта қалыптасқанда ғана табысты жұмыс істей алады, яғни меншіктің барлық артықшылығы үшін бірдей нарық шарттарын орнықтырып, нағыз бәсекелестікке жол ашудың маңызы зор. Шағын және орта бизнес тек бәсекелестіктің ғана емес, сонымен бірге, қоғамдағы техникалық прогресс пен ақпараттандырудың да лайықты ұйытқысы болып табылады. Ол шағын және орташа қалалар мен аудандар аумағында тұратын адамдардың әлеуметтік – экономикалық жағдайын жақсартуға қызмет етеді. Шағын және орта бизнес мемлекет тарапынан оңай қадағаланады және оны дамытуға көп шығын жұмсалмайды [2, 112 б.].
Шағын және орта бизнестің жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етуі сияқты артықшылығын көрсету қажет. Әсіресе, бұл елде кризис және жұмыссыздық кезеңі болған кезде артықшылыққа ие, өйткені ірі компаниялар қызметі экономикалық кризиске байланысты болғандықтан, жаңа жұмыс орындарын ұсына алмайды. Американ-Экспресс (1987) мәліметтері бойынша шағын өнеркәсіптерде қалыптасатын жұмыс орындарының өсу қарқыны тұрып қалған ірі компанияларға қарағанда 3 есе көп.
Шағын және орта бизнестің артықшылықтары көрініп отыр. Бұл, шағын және орта бизнестің динамикалығы, икемділігі, тұтынушылар қажеттілігінің өзгеруіне тез жауап беру және тауарлар ассортиментін ауыстыру, технология саласына жаңалықтар енгізу мүмкіндігі. Персоналды басқару сферасында бұл еңбек ұжымында бейресмилік, бюрократияның жоқтығы, жұмысшылардың басқаруға және табысқа тікелей қатыс алу мүмкіндігі.
Шағын және орта бизнестің ерекшелігі қызмет ету сферасы болып табылады. Ірі кәсіпорындар жаппай өндіріс жағдайында, тұрақты тауар номенклатурасымен және көтерме сатып алушылармен жұмыс істейді. Шағындар ұсақ партиялармен шығарады, жеке тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандырады, нарықтық арнайы сегментіндегі және екінші реттік шикізат өндірісінің қалдықтарын пайдаланады. Мысалы, автомобиль өндірісі – ірі кәсіпорын қызметіне жатса, автомобильді жөндеу – шағын және орта бизнес қызметі.
Шағын және орта бизнестің келесі бір тиімді ерекшелігі коллективті еңбекке ұмтылуы, жұмыс орнын сақтап қалуға тырысу және пайдаға қатысуға негізделген жұмыстың нәтижесінің максималды болуына мүдделілік болып табылады. Ірі компаниялар кәсіби менеджерлерді жалдайды, ал олар акционерлердің барлық талпыныстарының ерекшеліктерін білмейді, нәтижесінде басқару проблемаларына алып келеді, ал шағын кәсіпорындарда құрушының өзі менеджер, бір тұлға, сондықтан бұл жерде ешқандай түсініспеушілік мәселесі туындамайды [3, 335 б.].
Бизнестің ішкі және сыртқы ортасын сараптаудан екі факторды есепке алған жөн: ішкі және сыртқы ықпалдардың көлемі және ортаның өзгеру деңгейі. Кәсіпкерлікке барлық сыртқы ықпалдарды өз кезегінде макроэкономикалық және салалық деп бөлуге болады.
1-сурет. Ортаның бизнеске макроықпалы
Ішкі немесе бақыланатын факторларға кәсіпорын қызметіне байланысты факторларды жатқызады. Енді әр түрлі тәжірибесіне келейік.
Қазақстан Республикасындағы шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кешенді шаралар белгіленген. Бағдарламада шағын және орта бизнесті тұрақты дамытуды қамтамасыз ету, экономикада оның үлесін ұлғайту, жаңа жұмыс орнының санын арттыру, айқын бәсекелестік ортаны құру, қоғамның орташа табы ретінде меншік иелерінің бұқаралық тобын қалыптастыру көзделген.
Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген заңдар бойынша шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекет нақты қолдау көрсетеді.
Айта кетейік, қызметкерлерінің жылдық орташа саны 50 адамнан аспайтын, жыл ішіндегі активтерінің жалпы құны орта есеппен алғанда есептік көрсеткіштен алпыс мың еседен аспайтын шаруа қожалықтарының да шағын және орта бизнес субъектісі ретінде мемлекеттік қолдауға құқығы бар.
Достарыңызбен бөлісу: |