16-тарау. Ұлттық алдын алу тетігі
120-бап. Ұлттық алдын алу тетігі
1. Ұлттық алдын алу тетігі ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың қызметі арқылы жұмыс істейтін, азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жүйесі түрінде қолданылады.
2. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар өз қызметі шеңберінде мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйымдарға (мамандандырылған туберкулезге қарсы ұйымдарға, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға арналған психикалық денсаулық саласындағы медициналық көмекті көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары (мәжбүрлеп емдеуге арналған жалпы үлгідегі психиатриялық стационар, мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационар, жіті бақыланатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационар) және осы қатысушылардың болуы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де ұйымдарға барады.
3. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ Үйлестіру кеңесі іріктейтін Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық байқау комиссиялары мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар болып табылады.
4. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қызметін үйлестіреді, ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қажетті әлеуеті мен кәсіби білімін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылдайды.
5. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала болу жөніндегі шығыстарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.
121-бап. Үйлестіру кеңесі
1. Ұлттық алдын алу тетігінің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.
Адам құқықтары жөніндегі уәкілді қоспағанда, Үйлестіру кеңесінің мүшелерін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл құратын комиссия Қазақстан Республикасы азаматтарының арасынан сайлайды.
2. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені;
ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыларды іріктеу қағидаларын;
алдын ала болу үшін ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардан топтарды қалыптастыру қағидаларын;
алдын ала болу бойынша әдістемелік ұсынымдарды;
алдын ала болу қорытындылары бойынша жыл сайынғы жинақталған баяндаманы дайындау қағидаларын бекітеді.
3. Үйлестіру кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымының Азаптауларға қарсы комитетінің Азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі кіші комитетімен өзара іс-қимыл жасайды.
122-бап. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыларға қойылатын талаптар
1. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар;
2) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілгендер немесе айыпталғандар;
3) сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған адамдар;
4) судьялар, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;
5) психиатрда және (немесе) наркологта есепте тұрған адамдар ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар бола алмайды.
2. Қылмыстық жауаптылықтан сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12-тармақтары және 36-бабы негізінде қасақана қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылған адамдар; теріс себептер бойынша мемлекеттік және әскери қызметтен, соттардан босатылған немесе теріс себептер бойынша адвокаттар алқасынан шығарылған; құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардан, босатылған; адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензиясынан айырылған адамдар да ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар бола алмайды.
123-бап. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының құқықтары
1. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушы:
1) алдын ала болуға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдардың саны, осындай ұйымдардың саны және олардың орналасқан жері туралы ақпарат алуға;
2) алдын ала болуға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ оларды ұстау шарттарына қатысты ақпаратқа қол жеткізуге;
3) құрылған топтардың құрамында белгіленген тәртіппен алдын ала болуды жүзеге асыруға;
4) алдын ала болуға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен куәларсыз, жеке өзі немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының пікірі бойынша тиісті ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесулер өткізуге;
5) алдын ала болуға жататын ұйымдарды кедергісіз таңдауға және онда болуға;
6) азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін қолдану туралы хабарлар мен шағымдарды қабылдауға құқылы.
2. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушы заңды қызметті жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болып табылады.
124-бап. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының міндеттері
1. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушы өз өкілеттіктерін орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.
2. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушысы алдын ала болуға жататын ұйымдардың қызметіне араласуына жол берілмейді.
3. Алдын ала болу жөніндегі топқа кіретін ұлттық алдын алу тетігіне қатысушысы бейтараптығына күмән туғызатын мән-жайлар болған кезде, ол алдын ала болуға қатысудан бас тартуға міндетті.
4. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушы азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін қолдану туралы қабылданатын хабарламалар мен шағымдарды Адам құқықтары жөніндегі уәкіл айқындайтын тәртіппен тіркеуге міндетті.
Қабылданған хабарламалар мен шағымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің қарауына беріледі.
Қабылданған және берілген хабарламалар мен шағымдар туралы ақпарат алдын ала болу нәтижелері бойынша есепке енгізіледі.
5. Осы Кодекстің ережелерін бұзған ұлттық алдын алу тетігіне қатысушы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
125-бап. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының өкілеттіктерін тоқтату
Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушының өкілеттіктері:
1) осы Кодекстің ережелері бұзылған;
2) өз өкілеттігін тоқтату туралы жазбаша өтініш жасаған;
3) ол қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;
4) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен;
5) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылған;
6) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар басталған кезде тоқтатылады.
126-бап. Алдын ала болудың түрлері мен кезеңділігі
1. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала болуы:
1) төрт жылда кемінде бір рет тұрақты негізде жүргізілетін мерзімді алдын ала болу;
2) алдыңғы кезеңдік алдын ала болу нәтижелері бойынша ұсынымдарды іске асыру мониторингі, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар әңгімелесулер өткізген адамдарды алдын ала болуға жататын ұйымдардың әкімшіліктері тарапынан қудалаудың алдын алу мақсатында кезеңдік алдын ала болулардың арасындағы кезеңде жүргізілген аралық алдын ала болулар;
3) азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін қолдану туралы келіп түскен хабарламалардың негізінде жүргізілетін арнайы алдын ала болу деп бөлінеді.
2. Үйлестіру кеңесі бөлінген бюджет қаражаты шегінде алдын ала болуға жататын ұйымдардың мерзімдері мен тізбесін айқындайды.
127-бап. Алдын ала болу тәртібі
1. Алдын ала болуды Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құратын топтар жүргізеді.
2. Алдын ала болу үшін топтарды қалыптастыру кезінде ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың ешқайсысы да тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітушілікке ұшырамайды.
3. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдын ала болуға жататын ұйымдардың әкімшілігіне жүктеледі. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың құқыққа сыйымсыз әрекеттері орын алған жағдайда, алдын ала болуға жататын ұйымдар әкімшілігінің басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкілді жазбаша хабардар етеді.
4. Әрбір алдын ала болу нәтижелері бойынша топтың атынан Үйлестіру кеңесі бекіткен нысан бойынша жазбаша есеп жасалады, оған алдын ала болуды жүзеге асырған топтың барлық мүшелері қол қояды. Ерекше пікірі бар топ мүшесі оны жазбаша ресімдейді және есепке қоса береді.
128-бап. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың жыл сайынғы жинақталған баяндамасы
1. Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала болу нәтижелері бойынша есептерін ескере отырып, олардың жыл сайынғы шоғырландырылған баяндамасын дайындайды.
2. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың жыл сайынғы шоғырландырылған баяндамасына сондай-ақ:
уәкілетті мемлекеттік органдарға алдын ала болуға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жағдайларын жақсарту және азаптаулардың және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі ұсынымдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар енгізіледі.
Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың жыл сайынғы шоғырландырылған баяндамасына өткен жылғы алдын ала болу жөніндегі қаржылық есеп қоса беріледі.
3. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың жыл сайынғы шоғырландырылған баяндамасы қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі және оны Үйлестіру кеңесі бекіткен күннен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің интернет-ресурсында орналастырылады.
129-бап. Құпиялылық
1. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылар адамның алдын ала болу барысында өздеріне белгілі болған жеке өмірі туралы мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуге құқылы емес.
2. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала болу барысында адамның жеке өмірі туралы өздеріне белгілі болған мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
130-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылармен өзара іс-қимылы
1. Мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыларға олардың заңды қызметті жүзеге асыруына жәрдем көрсетеді.
Бірде-бір мемлекеттік органның немесе лауазымды адамның азаптауларды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін қолдану фактілері туралы ұлттық алдын алу тетігіне қатысушыларға хабарлағаны үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын шектеуге құқығы жоқ.
Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың заңды қызметіне кедергі келтіретін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
2. Уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың жыл сайынғы шоғырландырылған баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге алынған баяндамаларды қарау нәтижелері бойынша қабылданған шаралар туралы жазбаша нысанда хабарлайды.
3. Ұлттық алдын алу тетігіне қатысушылардың алдын ала болу нәтижелері бойынша есептері негізінде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық істі қозғау туралы өтінішхатпен жүгінуге құқылы.
3-БӨЛІМ. МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ
17-тарау. Медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың жалпы ережелері
131-бап. Медициналық көмекті ұйымдастыру
1. Медициналық көмекті ұйымдастыруды уәкілетті орган, орталық атқарушы органдар және әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері бар өзге де орталық мемлекеттік органдар, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады, медициналық көмек көрсетуді осы Кодексте белгіленген тәртіппен денсаулық сақтау субъектілері жүзеге асырады.
2. Меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан, медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілері:
1) уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсетуді;
2) барынша дәлелденген тиімділігі мен қауіпсіздігі бар профилактика, диагностика, емдеу және медициналық оңалту әдістерін қолдануды;
3) төтенше жағдайлар, әскери жанжалдар мен терроризм актілері жағдайындағы жұмысқа дайындықты;
4) айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың, сондай-ақ кәсіптік аурулардың профилактикасы, алдын алу, диагностикалау, емдеу және медициналық оңалту жөніндегі іс-шаралардың жүргізілуін;
5) адамдарға медициналық көмектің нысандары мен түрлері туралы тегін, жедел және дәйекті ақпарат берілуін;
6) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің және гигиеналық нормативтердің сақталуын;
7) басқа да денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара іс-қимылын және өз қызметіндегі сабақтастықты;
8) салауатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыруды;
9) бастапқы медициналық құжаттаманы жүргізуді және «Мемлекеттік құпиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын және қызмет ерекшелігін ескере отырып, уәкілетті орган белгілеген нысандар бойынша және тәртіппен есептер беруді;
10) мыналарды:
халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға айналадағыларға қауіп төндіретін инфекциялық аурулар, улану жағдайлары туралы;
медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға босанғаннан кейін күнтізбелік қырық екі күн ішінде жүкті, босанатын, босанған әйелдердің қайтыс болу, пациенттерге жоспарлы нысанда медициналық көмек (медициналық-санитариялық алғашқы және мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек) көрсеткен кезде олардың кенеттен қайтыс болу жағдайлары туралы;
азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға төтенше жағдайлардың медициналық-санитариялық салдарының туындау қатері және (немесе) туындауы туралы;
ішкі істер органдарына жаңадан алған жарақаттар, жараланулар, криминалдық аборттар, тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша келген адамдар туралы, айналадағыларға қауіп төндіретін аурулар жағдайлары туралы ақпаратты (шұғыл хабарламаны) ұсынуды қамтамасыз етуге міндетті.
3. Денсаулық сақтау субъектілері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына, уәкілетті орган бекітетін медициналық көмек көрсету қағидаларына, сондай-ақ клиникалық хаттамаларға сәйкес медициналық көмек көрсетеді.
132-бап. Медициналық көмек көрсету деңгейлері
1. Қазақстан Республикасында медициналық көмек көрсетудің үш деңгейлі жүйесі белгіленген:
Бастапқы деңгей – амбулаториялық, стационарды алмастыратын жағдайларда, үйде медициналық-санитариялық алғашқы көмек мамандарының медициналық көмек көрсету деңгейі.
Екінші деңгей – амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда, оның ішінде бастапқы деңгейде медициналық көмек көрсететін мамандардың жолдамасы бойынша мамандандырылған медициналық көмекті жүзеге асыратын бейінді мамандардың медициналық көмек көрсету деңгейі.
Үшінші деңгей – жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді қолдана отырып, стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда, оның ішінде бастапқы және екінші деңгейлердегі мамандардың жолдамасы бойынша мамандандырылған медициналық көмекті жүзеге асыратын бейінді мамандардың медициналық көмек көрсету деңгейі.
133-бап. Медициналық көмек нысандары
Медициналық көмек мынадай нысандарда көрсетіледі:
1) шұғыл – денсаулыққа елеулі зиянды болғызбау және (немесе) өмірге төнген қауіпті жою үшін кезек күттірмейтін медициналық араласуды қажет ететін кенеттен болған қатты аурулар мен жағдайлар, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде көрсетілетін медициналық көмек;
2) кезек күттірмейтін – пациенттің өміріне анық қауіп төндіретін, кенеттен болған қатты аурулар және жағдайлар, созылмалы аурулары асқынған кезде көрсетілетін медициналық көмек;
3) жоспарлы – көмек көрсетуді белгілі бір уақытқа кейінге қалдыру пациенттің жай-күйінің нашарлауына әкеп соқтырмайтын, пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін аурулар мен жағдайлар кезінде, сондай-ақ профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде көрсетілетін медициналық көмек.
134-бап.Медициналық көмек көрсету шарттары
Медициналық көмек:
тәулік бойы медициналық байқауды және емдеуді көздемейтін, оның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлардың қабылдау бөлімшелеріндегі амбулаториялық жағдайларда;
тәулік бойы медициналық байқауды, емдеуді, күтімді, сондай-ақ тамақтандыра отырып төсек-орын беруді көздейтін стационарлық жағдайларда, оның ішінде емдеуді бастағаннан кейін бірінші тәуліктің ішінде тәулік бойы байқауды көздейтін «бір күндік» терапия және хирургия жағдайларында;
тәулік бойы медициналық байқау мен емдеуді қажет етпейтін және төсек-орын бере отырып, күндізгі уақытта медициналық байқау мен емдеуді көздейтін стационарды алмастыратын жағдайларда;
үйде: медицина қызметкерін, мобильдік бригаданы шақырған, медицина қызметкерлерінің белсенді патронажы кезінде, үйде (үйдегі стационар) емдеуді ұйымдастырған кезде;
санаторийлік-курорттық ұйымдарда;
медициналық ұйымнан тыс: жедел медициналық көмек бригадасын шақыру орны бойынша, санитариялық автокөлікпен және санитариялық авиациямен тасымалдау кезінде, сондай-ақ медициналық пойыздарда, жылжымалы (далалық) медициналық кешендерде, далалық госпитальдарда, трассалық медициналық-құтқару пункттерінде және қашықтан медициналық қызметтер көрсету кезінде көрсетіледі.
2. Бейіндер бойынша бастапқы, қайталама және үшінші деңгейлерде пациенттерге медициналық көмек көрсету маршрутын денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органы уәкілетті орган бекітетін медициналық көмек көрсету қағидалары мен стандарттарына сәйкес белгілейді.
135-бап. Ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде медициналық көмекті ұйымдастыру ерекшеліктері
1. Денсаулықты нығайту, профилактика, емдеу және оңалту жөніндегі қызметтер ауылдық денсаулық сақтаудың барлық деңгейлерінде ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болуға тиіс.
2. Ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде медициналық-санитариялық алғашқы және мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық кешендер, медициналық пойыздар және қашықтықтан медициналық қызмет көрсету құралдары пайдаланылады.
3. Ауылдық денсаулық сақтау үшін медициналық көмектің көлемін жоспарлау кезінде географиялық шалғайлығы, халықтың тығыздығы, демографиялық көрсеткіштер, жыныстық-жас құрамының ерекшеліктері және медициналық көмектің қолжетімділігіне әсер ететін өзге де өлшемшарттар ескеріледі.
4. Ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейлерінде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуді денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады.
136-бап. Медициналық көмектің түрлері
Мыналар:
1) жедел медициналық көмек;
2) дәрігерге дейінгі медициналық көмек;
3) алғашқы медициналық-санитариялық көмек;
4) мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек;
5) медициналық оңалту;
6) паллиативтік медициналық көмек, медициналық көмек түрлері болып табылады:
137-бап. Жедел медициналық көмек
1. Жедел медициналық көмек – өмірге қауіп төндіретін жіті аурулар мен жағдайлар кезінде, сондай-ақ оқиға болған жерде және (немесе) медициналық ұйымға бару жолында денсаулыққа елеулі зиян келтірмеу үшін шұғыл және кезек күттірмейтін нысанда медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесі.
2. Медициналық авиацияны тарту арқылы жедел медициналық көмек:
пациенттің орналасқан жері бойынша медициналық ұйымда медициналық бұйымдардың және (немесе) тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауына байланысты медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде;
медициналық көмек көрсетудің екінші және үшінші деңгейіндегі мамандарды нысаналы жерге жеткізу қажет болған кезде;
науқасты пациенттің орналасқан жері бойынша медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған және тиімсіз болған кезде медициналық көмек көрсетудің екінші және үшінші деңгейіндегі медициналық ұйымдарға тасымалдау үшін;
кейіннен транспланттау үшін ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөліктерін) тиісті медициналық ұйымға тасымалдау үшін көрсетіледі.
3. Медициналық авиация:
ауыр жағдайдағы пациентті шетелдік клиникалардан отандық клиникаларға жеткізген;
медициналық көмек көрсетуді қажет ететін пациентті медициналық көмек көрсетудің екінші және үшінші деңгейіндегі медициналық ұйымдардан емдеуді жалғастыру үшін пациентті тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымдарға жеткізген жағдайларда пайдаланылуы мүмкін.
4. Жедел медициналық көмек, оның ішінде санитариялық авиацияны тарта отырып медициналық көмек көрсету қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
5. Жедел медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен уақтылылығын қамтамасыз етуді денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады.
138-бап. Дәрігерге дейінгі медициналық көмек
1. Дәрігерге дейінгі медициналық көмек – денсаулықты насихаттауды, пациенттің жағдайын бағалауды, дәрігерге дейінгі диагноз қоюды, дәрігерге дейінгі араласулар жоспарын құруды, дәрігерге дейінгі манипуляциялар мен процедуралар орындауды және науқастарға, мүгедектер мен хал үстіндегі адамдарға күтім жасауды қамтитын орта медицина қызметкерлері дербес немесе мультидисциплинарлық команданың құрамында көрсететін медициналық көмек.
2. Орта медицина қызметкерлері уәкілетті орган айқындайтын дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес медициналық көмек көрсетеді.
3. Дәрігерге дейінгі медициналық көмекке қолжетімділікті денсаулық сақтаудың жергілікті мемлекеттік органдары қамтамасыз етеді.
139-бап. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек
1. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек – адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін аурулар мен жағдайлардың профилактикасын, диагностиканы, емдеуді қамтитын, халықтың мұқтаждарына бағдарланған медициналық көмекке бірінші қол жеткізу орны, оның ішінде:
1) кең таралған ауруларды диагностикалау, емдеу және басқару;
2) халықтың нысаналы топтарын (балаларды, жасөспірімдерді, ересектерді) профилактикалық қарап-тексеру;
3) аурулар қаупінің мінез-құлықтық факторларын ерте анықтау және мониторингтеу және анықталған қауіп факторларын төмендету дағдыларына үйрету;
4) иммундау;
5) саламатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау;
6) репродуктивті денсаулығын сақтау жөніндегі іс-шаралар;
7) жүкті әйелдерді антенаталдық бақылау және босанғаннан кейінгі және кеш босану кезеңін бақылау;
8) инфекциялық аурулар ошақтарындағы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар.
2. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыс қағидаттары:
1) отбасылық қызмет көрсету қағидаты;
2) алғашқы медициналық-санитариялық көмектің аумақтық қолжетімділігі;
3) осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес аумақтық қолжетімділік шегінде медициналық ұйымды еркін таңдау;
4) пациенттің медициналық көмек сапасына қанағаттануы;
5) меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан, тең құқылық және адал бәсекелестік;
6) профилактиканы, диагностиканы және емдеуді қамтитын алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметтерін көрсету пакеттері олардың орналасқан жеріне қарамастан, барлық пациенттерге қолжетімді болады.
3. Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жалпы практика дәрігерлері/отбасылық дәрігерлер, учаскелік терапевтер, педиатрлар, фельдшерлер, акушерлер, кеңейтілген практика/жалпы практика/отбасылық мейіргерлер, учаскелік медицина мейіргерлері, әлеуметтік қызметкерлер, денсаулық сақтау саласындағы психологтар көрсетеді.
4. Жеке тұлғалар алғашқы медициналық-санитариялық көмек алу үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне бекітіледі.
Жеке тұлғаларды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына бекіту тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқықтарын және медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының міндеттемелерін тіркеу болып табылады.
5. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында шұғыл көмек көрсету үшін кезек күттірмейтін көмек бөлімшелері (пункттері) құрылады.
6. Жеке тұлғаларды алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына бекіту қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
7. Алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуді денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |