1. Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, хабарлама салық төлеушiге (салық агентіне) өзiнің қолын қойғызып немесе жөнелту мен алу фактiсiн растайтын өзге де тәсiлмен тапсырылуға тиiс.
Бұл ретте, төменде тізбеленген тәсілдердің біреуімен жіберілген хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) мынадай жағдайларда:
1) пошта арқылы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберілгенде – салық төлеуші (салық агенті) поштаның немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына белгі қойған күннен бастап;
Бұл ретте пошталық немесе өзге де байланыс ұйымы мұндай хабарламаны пошта немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдағаны туралы белгі қойылған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде жеткізуге тиіс;
2) электрондық тәсілмен жіберілгенде:
салық органы веб-қосымшаға хабарламаны жеткізген күннен бастап тапсырылды деп есептеледі. Бұл тәсіл Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес салық органдарымен электрондық тәсілмен өзара іс-қимыл жасайтын салық төлеушіге қолданылады;
«электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне хабарламаны жеткізген күннен бастап тапсырылды деп есептеледі.
Бұл тәсіл «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген салық төлеушіге қолданылады.
3) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы – келу тәртібімен оны алған күннен бастап тапсырылды деп есептеледі. Бұл ретте осы Кодекстің 607-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, есепті салық кезеңінде есептелген салықтардың сомасы туралы хабарламаны жеке тұлға есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 15 шілдесінен басталатын кезеңде алуға тиіс.
2. Егер осы баптың 1-2, 1-3-тармақтарында өзгеше белгіленбесе, салық органдары хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы салық төлеушіге (салық агентіне) жіберген, осы Кодекстің 607-бабы 2-тармағының 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген хабарламаларды пошта немесе өзге де байланыс ұйымы қайтарған жағдайда, осы Кодексте белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен куәгерлер тартыла отырып, салықтық зерттеп тексеру жүргізу күні мұндай хабарламаларды табыс ету күні болып табылады.
3. Осы Кодекстің 637-бабының 2-тармағына сәйкес салықтық зерттеп тексеру актісінің негізінде салықтық тексеру аяқталған және салық органдары хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы салық төлеушіге (салық агентіне) жіберген, осы Кодекстің 607-бабы 2-тармағының 2), 3) тармақшаларында көзделген хабарламаларды пошта немесе өзге де байланыс ұйымы қайтарған жағдайда, мұндай хатты пошта немесе өзге де байланыс ұйымы қайтарған күні мұндай хабарламаларды табыс ету күні болып табылады.
4. Салық органдары хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы салық төлеушіге (салық агентіне) жіберген, осы Кодекстің 607-бабы
2-тармағының 4) – 9) тармақшаларында көзделген хабарламаларды пошта немесе өзге де байланыс ұйымы қайтарған жағдайда, салық органы осындай хабарламаны қайтарған күннен кейінгі күннен кешіктірмей салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірін, атауын немесе тегін, атын, әкесінің атын (ол бар болса), хабарламаның қайтарылу күнін көрсете отырып, ол туралы ақпаратты уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырады.
5. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше белгіленбесе, салық органы осы Кодекстің 607-бабы 2-тармағының 2) - 4), 7) - 9), 14) тармақшаларында көрсетілген хабарламаларды жіберген жағдайда, салық міндеттемесі және (немесе) әлеуметтік төлемдерді есептеу, ұстап қалу және аудару, әлеуметтік аударымдарды есептеу және төлеу бойынша міндеттемелер салық төлеушіге (салық агентіне) хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде орындалуға жатады.
6. Салық төлеуші осы Кодекстің 607-бабы 2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген таратудың салықтық тексеруінің нәтижелері туралы хабарламалармен толық келіскен жағдайда, салық төлеуші хабарламаларда көрсетілген, салықтарды және бюджетке төлемдерді төлеу бойынша салық міндеттемелерінің, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді аудару және әлеуметтік аударымдарды төлеу бойынша міндеттемелердің орындалуы туралы растайтын құжаттармен қоса осындай келісу туралы өтінішті табыс етеді.
Бұл ретте, салық төлеуші таратудың салықтық тексеруінің нәтижелері туралы хабарламалармен келіскені туралы өтінішті салық органына хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап жиырма бес жұмыс күнінен кешіктірмей табыс етеді.
7. Осы баптың 1, 2-тармақтарында белгіленген хабарламаларды тапсыру және орындау тәртібі осы Кодекстің 607-бабы 2-тармағының 4), 5) тармақшаларында көрсетілген хабарламалардың көшірмелеріне де қолданылады.
8. Салық органдары осы Кодекстің 607-бабының 4-тармағында көрсетілген жағдайда салық төлеуші өтініш жасаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мұндай салық төлеушіге осы Кодекстің 607-бабының 2-тармағы 4), 5) тармақшаларында көрсетілген хабарламалардың түпнұсқасын береді.
9. Осы Кодекстiң 607-бабы 2-тармағының 10) тармақшасында көзделген хабарламаны салық органы электрондық тәсілмен не хабарламасы бар тапсырысты хатпен пошта арқылы жіберуге және салық төлеушi (салық агентi) хабарлама жiберiлген күннен бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде орындауға тиiс.
13-ТАРАУ. МЕРЗІМІНДЕ ОРЫНДАЛМАҒАН САЛЫҚ МІНДЕТТЕМЕСІНІҢ ОРЫНДАЛУЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ТӘСІЛДЕРІ 116-бап. Мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету тәсілдері
1. Салық төлеушінің (салық агентінің) белгіленген мерзімде орындалмаған салық міндеттемесін орындау мынадай:
1) төленбеген салықтар және бюджетке төленетін төлемдер, оның ішінде олар бойынша аванстық және (немесе) ағымдағы төлемдер сомасына өсімпұлды есепке жазу;
2) салық төлеуші (салық агенті) заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адам ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның банк шоттары бойынша (корреспонденттiк шоттарын қоспағанда) шығыс операцияларын тоқтата тұру;
3) салық төлеуші (салық агенті) заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның кассасы бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
4) салық төлеуші (салық агенті) заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, дара кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның мүлікке билік етуін шектеу тәсілдерімен қамтамасыз етілуі мүмкін.
Егер салық міндеттемелерін орындау осы Кодекстің ___ (308-1) бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес операторға жүктелсе, онда мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз етудің:
осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тәсілдері операторға қатысты қолданылады;
осы баптың 1-тармағының 2) – 4) тармақшаларында көрсетілген тәсілдері бір мезгілде операторға және жай серіктестіктің (консорциумның) әрбір қатысушысына қатысты қолданылады.
2. Осы баптың 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдері осы Кодекстің ___ (611-613) баптарында белгіленген мерзімдерде қолданылады.
Осы баптың 1-тармағының 2) - 4) тармақшаларында көрсетілген мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану басталғанға дейін тәуекел дәрежесі орташа және жоғары салық төлеушіге (салық агентіне) осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстің ___ тарауында (бабында) көзделген салық берешегін өтеу туралы хабарлама жіберіледі.
Өсімпұлды есепке жазуды қоспағанда, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдері салық төлеушіде салық берешегі түзілген күнге немесе салық төлеушінің тәуекел дәрежесі төмен санаттан тәуекел дәрежесі орташа немесе жоғары санатқа өту күніне салық төлеуші (салық агенті) жатқызылған тәуекел дәрежесіне байланысты осы тарауда көзделген мерзімдерде тәуекел дәрежесі орташа және жоғары салық төлеушіге қатысты қолданылады.
3. Заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі өзіне салық берешегін өтеу туралы хабарлама тапсырылғаннан кейін отыз жұмыс күні ішінде салық берешегін өтемеген жағдайда, салық органы осы құрылымдық бөлімшені құрған салық төлеуші заңды тұлғаға осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдерін қолданады.
Заңды тұлғада біреуден көп құрылымдық бөлімше болған кезде, заңды тұлғаға осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тәртіппен мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдері қолданылғаннан кейін оның құрылымдық бөлімшесінің салық берешегі өтелмеген жағдайда, салық органы мұндай заңды тұлғаның барлық құрылымдық бөлімшелеріне осы баптың 1-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдерін бір мезгілде қолданады.
Заңды тұлға өзіне салық берешегін өтеу туралы хабарлама тапсырылғаннан кейін отыз жұмыс күні ішінде салық берешегін өтемеген жағдайда, салық органы заңды тұлғаның салық төлеуші құрылымдық бөлімшелеріне осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдерін қолданады.
4. Осы баптың 1-тармағының 2) – 4) тармақшаларында көрсетiлген мерзiмiнде орындалмаған салық мiндеттемесiн орындауды қамтамасыз ету тәсiлдерi мынадай:
1) банкрот деп танылған жағдайда – салық төлеушіні банкрот деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап;
2) оңалту рәсімі қолданылған жағдайда – оңалту жоспарын бекіту туралы соттың ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап;
3) төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімді сот бекіткен жағдайда – осындай келісімді бекіту туралы соттың ұйғарымы заңды күшіне енген күннен бастап;
4) банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда – мәжбүрлеп тарату туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап күші жойылуға тиіс.
Бұл ретте осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында айқындалған жағдайларда, Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен кредит берушілер талаптарының тізіліміне енгізілмеген салық міндеттемесінің сомасы бойынша және (немесе) сот бекіткен, төлем қабілетсіздігін реттеу туралы келісімге енгізілмеген салық төлеушінің салық міндеттемесінің сомасы бойынша мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдері осы тараудың ережелеріне сәйкес қолданылады.
5. Тексеру нәтижелері туралы хабарламаға, хабарламаға берілген шағымды қарау нәтижелері бойынша шығарылған жоғары тұрған салық органының шешіміне немесе деңгейлес мониторинг нәтижелері туралы хабарламаға шағым жасалған жағдайда, осы баптың 1-тармағының
4) тармақшасында көрсетілген тәсілді қоспағанда, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шыққанға дейін тоқтатыла тұрады.
6. Салық төлеуші (салық агенті) салық берешегін өтеу туралы хабарламаға шағым жасаған жағдайда, мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдерін қолдану шағымды қарау нәтижелері бойынша шешім шыққанға дейін тоқтатыла тұрмайды.
7. Осы тараудың мақсаты үшін бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органда ашылған мемлекеттік мекемелердің шоттары банк шоттарына теңестіріледі, ал бюджеттің атқарылуы жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымға теңестіріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |