ІІ.Негізгі бөлім
Жыраудың шығармашылығы
Жырау мұраларына назар аударып, баға берген ақындар, жазушылар, ғалымдар мен зерделі жинаушылар Базар аты оқта-текте аталғаны болмаса, ұзақ жылдар бойы «ескіні аңсаған кертартпа, діншіл, ұлтшылдық бағыттағы ақындар» қатарына қосылып келгендіктен, жырау мұраларын терең зерттеп, халыққа таныта алмадық. Тек, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап Базар өлеңдері жинала басталды. Ә. Диваев, С. Сейфуллин, Ә. Марғұлан әйгілі ақын өнеріне алғаш назар аударып, жазып алушылар болды. Ақ жаңбырдай ақтарылған ақпа жыраудың телегей-теңіздей бұрқанған талантына өз замандастары да, кейінгі ақын-жыраулар да бас иген: 1. Бірде Базар жырау өзі жайлы [5; 42]: «Дабылымды есітіп, «Құмар» дейді көрмекке Сонау жатқан төменгі – Астарханның бойында Он екі ата – Байұлы. Әлім менен Шөменнің Мен едім даңқты шайыры. Екі енені тел емген Күпшек санды күреңмін, Төсімен тартса жетпейтін – Жуандықтан айылы. Өзімдей-ақ ұл туар Бір адамның зайыбы. Жырау боп атқа мінгелі Әлім, Шөмен баласы – Әңгімеге байыды. Аузымнан шыққан сөзіме Дін мұсылман қайыды. Халқыма басы қадірлі – Кейбір жерде жігіттің Көрінсе көзге зайыры Қолы сақи пендеге – Өлгенде тиер қайыры. Қабыл алмай алдымнан Қазақ халқы кеткен жоқ – Сөзімнің келсе қайымы», – деп жыр толғаса, Нұртуған жырау оны [7; 27]: «Шөменде Базар, Жорабай Шын тұлпардай еліріп, Сулығын шайнап кемірген...», – деп бағалаған. 2. Базар жырау мұрасының зерттелу жайына келсек, бұл тұста, ең алдымен, көрнекті жазушымыз әрі әдебиет тарихының зерттеушісі С. Сейфуллин есімі ойға оралады. Ол өзі құрастырған «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты жинақта Базар термелерінің кейбір тартымды үлгілерін жариялай отырып, оны қазақтың көрнекті ақындарының бірі деп өте жоғары бағалаған [4; 223]. 3. Базар туралы баспасөзде тұңғыш пікір айтқан – қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев. Ол «Базар жырау» деген еңбегінде: «...Оның жалынды жастығы болған. Оның да іздеген бағыты болған. Жете алмаған, қажыған. Жеңдім деген, алданған... Осыларды жырлайды Базар. Бірақ, шерлі елдің шын баласы ғой Базар. Өз шерін толғап отырып, елдің шеріне түсіп кетеді: Дүниені қудым ізденіп, Ұстамаққа кездесіп, Дүние қырын салмады, Ешбір маған әмір ғып. Бұл жалғанға келген соң Әр тарапқа толқытты Көңіл мұндар желденіп. Дүние қызық көрінді Алтайыдан алдымда, Соқпаққа көрдім серменіп, Құлпырған қара құндыз деп, Тұңғиықты тереңге Талай құлаш сермедік. Жолбарыстай ыңыранып, Қайрат сыймай қанаға Нар бурадай көлбедік... Опасы жоқ дүние, Түспей қолға, қуғанмен Неше бір алуан түрленіп. Өткіздік өмір ғақлатпен; Атаңа нәлет дүниенің Алданғанын шын көріп. Хақ шариғат ойламай, Дүниенің кірімен Қалды бір көңіл кірленіп... Талма-тал түс болғанда, Талықсығанға ұқсаймыз; Дүние – киік, адам – ит, Қуа-қуа ізденіп, Ерлерге азап шектірді. Атаның мекен қонысын Кәуір алып жерленіп, Азаттыққа қару жоқ... Қарусыз жауға бару жоқ... Осы күнде біз тұрмыз Саңлау таппай көздейтін... Бұрынғы өткен ерлердің Еске түссе істері, Іш толады шерленіп... Көкіректің қабы жарылып, Ретімен шығарға Сөз сыймайды кернеліп... Өлім босағасында тұрып Базар жыраудың айтқан ұзақ өлеңінің ішінде мынадай сөздер бар: Дүние, бір толқыттың, бір қорқыттың, Айрылып аждаһадай ақыры жұттың. Болғанда бізге жолдас сертің қайда? Достықты құшақтасқан неге ұмыттың?.. Құлаштап дүние сені қармансақ та, Кері келгенге ұқсайды – ау Қорқыттың... Осы аз ғана өлеңдерден Базардың бірталай терең ақын екендігі байқалуға тиісті. Бірақ, Базар туралы толық бір пікірге келу үшін оның барлық өлеңдерімен таныс болу керек. Бұл менің қолымда жоқ. Менің мақсатым – сұлу сөздері бар Базар атын білдіру еді» [8; 344-345], – деп толғанған. 1. Шығыс тілінің тірі сөздігі атанған Тұрмағамбет Ізтілеуов Сырдың саңлақ шайырларын жырлағанда Балқы Базар туралы [9; 33]: «Балқы Базар – білгенге, Атақты әйдік астана, Жұмыла жұртты жиып ап Жырласа бітпес түн-күні!» – деп көсілген. 2. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті классиктерінің бірі – А. Тоқмағамбетовтің «Жыр күмбезі» романы Базар жыраудың өмірі мен өнерін қамтып жазылған. Бұл романда дәстүрлі жыраулық өнердің қыр-сыры Базар жырау бейнесін сомдау арқылы ашылған [6; 6]. 3. Белгілі Құлназар ақын [10; 5]: «Таласып онан ешкім аса алмайды, Тең келмес бүгінгі адам Базекеңе, Болмаса Жиренше мен Асан Қайғы», – деп Базар Оңдасұлының асқақ дарынды айтулы ақын екенін мойындаған. 4. Жыраудың шәкірті Оразымбет Есентайлақұлы (1863-1925) Базарға арнаған «Қарындастың қамы үшін» деген толғауында [5; 131-132]: «Қазақта бөлек форымың, Екі көзің қып-қызыл, Қорқыттан шырақ жанғандай. Есіткен жан сөзіңді Көтеріліп қалғандай. Кәусар, зәм-зәм суынан Емін-еркін қанғандай. Дабысың кетті, Базеке, Жиреншедей ұзаққа. Петербор, Мәскеу, Марғұлан, Орал мен Төрткөл, Жызаққа. Отырған жерің жиын-той – Берген сізді қазаққа», – деп ерекше құрмет көрсеткен. 1. Белгілі әдебиет зерттеушісі, ғалым Х. Сүйіншәлиев Базар жайлы: «Базар өзіне дейінгі және өз кезінде жасаған қазақ ақындарын жақсы білген. Оның ішінде Шернияз, Шыман, Өтеген сияқты Ақтөбе ақындарын, Қарадос, Өске сияқты Қостанай ақындарын, Сералы, Садыр, Орынбайлардай Арқаның атақты ақындарын ол өзінің өлеңдеріне қосып отырады. Жыраудың өлеңдерінде Дулат, Шортанбай ақындар сарыны да, тіпті, кейде Махамбет әуені де байқалып қалады. Базар, сөз жоқ, өз кезінің белді ақыны, дәуірінің әлеуметтік мәселелеріне үн қоса білген кең тынысты жырау» [7; 27-28], – деген баға берген. Жоғарыда келтірілген пікірлерге сүйене отырып қорыта айтсақ, импровизация дәстүрін ұстанған Балқы Базар – қазақ поэзиясының Абайға дейінгі ірі өкілдерінің бірі. Ол өзінің шығармаларымен кезінде көркем сөз өнеріміздің өсіп, өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты.
Достарыңызбен бөлісу: |