Базар жыраудың ата-тегі
М. Несіпбаев «Кіші жүз шежіресі» атты тарихи-этнографиялық зерттеуінде [11; 296], Кіші жүздің атасы – Алшын деп көрсетеді. Бұдан – Алау туады, одан – Қыдуар. Қыдуардан – Алқожа, Асанқожа есімді екі ұл болған. Алқожадан – Нәдірқожа мен Сәдірқожа. Нәдірқожадан – алты аталы Әлім. Олар: Қаракесек, Қарасақал, Кете, Төртқара, Шөмекей, Шекті. Шөмекейден – Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл. Кіші жүздің үлкен бір тобы Бозғұл аталығы болып табылады. Шығу тегіне қарай Базар жырау осы Шөмекейдің Бозғұлынан тармақталады. Т. Үсенбаев ұсынған шежіреге көз салсақ [12; 294-295], Бозғұлдан – Қаратамыр (Қарақожа), Көлдей. Көлдейден – Торбай, Сарбай, Қайқы, Келдібай. Қайқының кіндігінен тараған Қыдыр, Темір, Болат аналарының есімімен «Балқы» атанған деседі. Енді осы Балқы атанған Қайқының бір ұлы Болаттан Жауқашты, одан Отарбай, одан Байсейіт, одан Қарақұл, одан Ермек, одан Оңдас. Оңдастан Базар жырау [7; 26]. Осы арада айта кетерлік бір жағдай, кейбір зерттеу еңбектерінде, энциклопедиялық анықтамалықтарда Базар жыраудың әкесінің есімі Өтеміс деп берілген. Атап айтсақ, 1973 жылы жарық көрген Қазақ Совет энциклопедиясында «Базар жырау Өтемісұлы» деп жазылған [13; 79]. Базар жыраудың әкесіне қатысты мәселедегі бұл түсінбеушіліктің сыры жайлы шежіреші Т. Үсенбаев мынандай мәлімет береді: «Біраз кезеңге дейін Базар жырау Өтемісов болып жүрді. Бұл жаңсақ еді. Себебі, ақын он жасқа жетпей жетім қалып, нағашысы Өтемістің қолында тәрбиеленіп, әкесі Өтеміс деп саналып жүрген дейді. Осыған орай, 1965 жылы шыққан «Үш ғасыр жырлайды» жинағында, басқа да кейбір басылымдарда оның әкесі Өтеміс, нағашысы Оңдас деп жаңсақ жазылған» [12; 295]. 1984 жылы жарық көрген ХV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармаларына арналған «Бес ғасыр жырлайды» жинағының екінші томына Базар жыраудың шығармалары енген. Міне, осы жинақта берілген жыраудың қысқаша өмірбаянында оның тегі «Базар жырау Оңдасұлы Өтемісов» деп берілген [14; 276]. Данагөй жырау ақын болып танылған соң, өз руының атымен Балқы Базар аталып кеткен. Оны ақынның өзі «Сөйле, тілім, жалпыдан» атты белгілі толғауында былай түсіндіреді [5; 30-31]: «Серлеттім сөздің түрлерін, Әр саладан қамтылған. Жетпіске жасым жетсе де, Сөзіме құмар халқымның, Қайтқан жоқ кеулі қартынан. Шынымен алсам кеудеге, Қара тас судай балқыған. Таусылмас қайнар кен едім. Кешегі жүйрік мен едім. Жүлде алған байрақ алдынан. Кіші жүздің кенжесі «Дөйт» ұранды Шөмекей – Шыққан бір Базар Балқыдан!» Бүкіл өмірі – өлеңге, өлеңі – өмірге айналған жырау жарық дүниеге жыр болып келгендей. Ақындықты 16 жасынан бастаған Базар бар өмірін, ықыласын өнерпаздық жолға бағыштаған. Әйгілі Шернияз, Мұсабай, Нысанбай, Ешнияз, Бұдабай сияқты ақын, жыраулардың үлгісін ұстап, оны әрі қарай дамытқан. Кеншімбай, Оңғар, Жиенбай, Жорықбай, Кете Жүсіп, т.б. ақын, әнші, жыраулар Базар жыраудың мектебінен үлгі-өнеге алған түлектер.
Достарыңызбен бөлісу: |