Базардың арнау өлеңдері
Жеке адамның басына арналған толғаулар қазақ поэзиясында аз емес. Тіпті, дәстүрге айналған көрініс десе болады. Базардың жеке адамдарға арнап айтқан өлең-толғаулары көлем жағынан мол, көркемдігі күшті. Оған мына туындылары жатады: 1. Адам баласының өмір бойы күресіп, жеңе алмай келе жатқан, ешкімді ешуақытта құтқармаған Жәбірейілдың қара құрығы – өлім. Сол өлімге Базар да қатты наразы. Ол өлімнің хақ екенін мойындаса да оған күні бұрын бас игісі жоқ. Өмірді нәтижелі өкінішсіз өткізуді тілейді. Оның шоқтығы биік тұрған шығармасы – Үш жүздің басы қосылған Бекеттің асында Пішанның Төребайына айтқан көңілқосы. Төребайдың Ысқақ деген баласы он сегіз жасында қайтыс болған. Тірінің қуанышына, өлінің қайғысына өлең арқылы көңіл білдіру халқымызда бар дәстүр. Жыраудың Төребайға көп алдында көңіл айтып, қайғы-шеріне ортақтас екенін білдіретін «Пішанның Төребайына көңіл айтуы» деген толғауы терең тебіреністен туған. Бұл – ақпа ақынның жыр күмбезін көкке көтеріп, шарықтаған кезі, мөлдіреген бал бұлақтан меруеттей төгілген маржан жыр [5; 82]: «Сабырдан өзге шара жоқ, Қайтыңыз, мырза, райдан. Бұл секілді нәубеттің, Ақырын сұрап Құдайдан. Көкте ұшқан көк сұңқар, Тау бөктерлеп ұшатын, Тас бөктерлеп қонатын. Жасаған жаппар кәр қылса, Өрден аққан дария, Сағасынан тынатын. Ер көтерген көк сүңгі, Күні бүтсе шарт етіп, Ұңғысынан сынатын. Қайысқан сынды болатың, Қайырылып сынды қанатың. Өлімнің қатты әсері, Өзегің өрт боп жанатын. Жағдайсыз жерден оқ тисе, Әркімдер естен танатын. Көтермеске әл нешік, Алланың салған санатын». Төребайға көңіл айтудың ақыры оны жұбатуға жалғасады. Бұл жырда қайғыға ұшыраған кісіні жұбатумен қатар өнегелі өсиет, ізгі сезімдер де шендесе келеді. 2. Базардың арнау жырларында сол кездегі әлеуметтік ортаның іс-әрекеті, дүние танымы шеберлікпен суреттеледі. «Маутанға», «Нарманға» деген өлеңдерінде ел билеген бай, әкімдердің әділетсіздігі әшкереленеді. Мысалы, «Маутанға» атты туындысында жырау олардың жұмыртқадан жүн қырқып, қара судан қаймақ қалқыған сараңдығын суреттейді [5; 122]: «Кей байлар төрт түлікке сай болғанмен, Сусынға бір толмап ед тостағаны. Маутекем аттың жайын көп айтып ед, Сонда да екі қолы бос барады! Жалғанда не сараң, не сақи деген, Пенденің артында бір ат қалады. Көз жұмбай бұл дүниеден ешкім қалмас, Бәрі де арасатқа аттанады». 3. Әйгілі жыраудың өткір сатиралық шығармасы – «Қаражан болысқа» өлеңі. «Қаражан болыс жұрт жиып, той жасап, арнайы кісі жіберіп, Базар жырауды шақыртады. Кілем төсеп, құрметтеп, төрге отырғызып: «Базеке, тойға қызмет етіңіз», – дейді. Тыңнан тербеп, соныға сілтеген арқалы жыраудың толғаулары таң атқанша толас таппайды. Бірақ бай айтқан уәдесіне тұрмай ертеңіне өзі арық, жауыр, кәрі ат береді. Нысанаға алған кісісін бет-жүзіне қарамай кемшілігін тізе, жер-жебіріне жететін болған арқалы жырау Қаражан болыстың жалған сөйлеп, жалт бергенін көп алдында аямай айтып, сойып салады» [10; 12-13]. Ақын Қаражан болыстың көкірек кергенін, арсыздығын былайша әшкерелейді [5; 125]: «Дүниенің қызығына түсемін деп, Талайлар құр қалып жүр абыройдан. Өзі арық, өзі жауыр, алжыған көк, Қолыңа қапелімде түсті қайдан?! Май құйсаң да оңбайтын өте кәрі, Қонбайды өлетінге берген дәрі. «Болыстың берген аты осы ма?» – деп, Мазақтап күле берді жұрттың бәрі, Мен – Базар, сен – Қаражан деп айтамын Болыстың өкпелесе ықтияры. Той қылдың мақтанышпен жұртты жиып, Төбеге тұрды халық әрең сыйып, Жануар көп тұтынған малың екен, Қолыңнан не қып шықты көзің қиып. Шақыртып, әдейі арнап алып едің, Мен саған келіп пе едім өзім тиіп». Базар жырау осылай төбе толған халық көзінше сараң мырзаның масқарасын шығарып, астындағы атын түсіп беруге мәжбүр етеді. 4. Қатты ауырған Жалғасбайдың атынан айтылған «Көнек Жалғасбайдың ел-жұртымен бақылдасуы» атты өлең – ауыз әдебиетіндегі мұң-шер дәстүріндегі толғау [5; 91]: «Жабырқап жаны ашитын, Кәнеки біздің ағайын, Белден қазып көмгендей. Достың сәні болмайды. Екі көңіл тең келмей, Жаттың жайы белгілі, Етектен ілген шеңгелдей. Еш пайда жоқ қайғырып, Жылағанмен өнгендей. Ақырын ақтап тілеңдер, Өкініштен пайда жоқ, Бүгінгі күн болып тұр, Ортаңнан шырақ сөнгендей. Енді менің басымнан, Айналып тұр кетуге, Салтанатты сәулетім. Ажалға ара тұра алмайды, Қайратым мен дәулетім. Амалым бар ма таусылса, Кездессе кезек нәубетім». Басқа біреудің атынан өлең шығару – ақындарда кездесіп тұратын жағдай. Көнек Жалғасбайдың өлеріндегі ел-жұртымен «Қоштасу» жыры ретінде айтылған Базардың бұл толғауында өмірге қайтып келмес, қиын халге кезіккен жаралы жүрек зары, соңғы демі үзілер сәттегі сезімді селт еткізіп, кісіге ой салар, оқыс оқиға баяндалады. 5. Базар өмірі сән-салтанатты өмір болмаған. Тар жол, тайғақ кешулі ғұмыр. Кезінде ол бір болыстың жала жабуымен Қазалы қаласының түрмесіне түсіп қалған. Түрме қасынан өтіп бара жатқан Бақа биді көріп қалып, қолма-қол: «Ассалаумағалайкүм, Айбектің батыр Бақасы! Шөменнің алтын сақасы. Жақсы сөзбенен ашылар Көңілдің қайғы-қапасы. Жадыңа дұрыс алмасаң, Көзіңнің қырын салмасаң, Қайратты туған Би-аға, Арлаған Базар ініңнің – Болмай тұр еркін сапасы...» – деген екен. Бақа би Базар жыраудың қарызын төлеп, түрмеден шығарып алған [11; 214-215]. Сөйтіп, қыспақта, түрмеде жатып қиналған кезде даңқты жырау «Бақа биге» деген өлеңін [5; 99-100] осылай шығарған. Базар жырау дастандары Базарды Базар етіп оның даңқын шығарған толғаулары екені анық. Әдебиет зерттеушілерінің бұрынғы-соңғы еңбектерінде бұл туралы айтылып та, жазылып та жүр. Бірақ, ол айшықты, нақыл сөздерге толы өлең-толғауларынан басқа, кең тынысты эпикалық жырлар да шығарған ақын. Жырау шығыс сюжетін пайдалана отырып, назира үлгісімен «Айна-тарақ» [5; 139-150], «Әмина қыз» [5; 151-163] және «Мақпал-Сегіз» [5; 164-191] атты хикаялы үш дастан шығарып таратқан. Бұларда да автор ізгілік пен тазалықты, адамгершілікті, өмір тетігі – өнер-білімнің пайдасын асқақ үнмен ардақ тұта жырлаған: 1. «Айна-тарақ» дастаны шығыс тақырыбына арналған. Ағайынды үш жігіт бір қызға ғашық болады. Үшеуі де мал саудасымен Бұхара шаһарына жүрмек болып, әлгі қызға әрқайсысы жеке-жеке келіп: «Көңіліңе ұнаған нәрсеңді айт, әкеп береміз», – дейді. Қыз жігіттердің үлкеніне кілем алуды, ортаншысына айна, ең кенжесіне тарақ әкелуді тапсырған. Бұл заттардың өзгеше қасиеті бар дүниелер болатын. Кілемді мініп алып ұшуға, айнамен дүниенің төрт бұрышын көруге мүмкін, ал тарақты кеудесіне қойса, үш күн бұрын өлген кісі тірілетін. Жоғарыдағы заттарды сатып алған соң, айна арқылы өз ауылдарына көз салған жігіттер опат болған қызды көреді. Үшеуі кілеммен ұшып, тарақты кеудесіне қойған кезде өлген қыз тіріліп түрегелген. «Айна-тарақ» – адамды тапқырлыққа баулуда тәрбиелік маңызы зор шығарма. Жырдың тілі жатық. Кезінде оны ел жыршылары жаттап алып, көп жиналған жерлерде айтып жүрген. 1. «Әмина қыз» – сиқыр күшке сенетін шығыс тақырыбына арналған шығарма. Бағдат шаһарындағы бір жігіт әкеден қалған мол байлықтың арқасында Әмина атты бір қызға үйленген. Жігіт алған жарына қаншама ықылас, кең пейіл көрсеткенмен кенет әйеліне тосын мінез пайда болған. Әмина дуаның күшімен сиқырлап, ерін итке айналдырып жібереді. Жеті жыл ит болып, көп азап шегіп, ақыры бір қыздың жәрдемімен адам қалпына келген. Жырау бұл шығармасында әділдік жолын берік ұстаған адал адам, талай тауқымет қиыншылықтарға кездессе де, оны жеңіп, мерейі үстем болып, ойға алған мақсатына жетеді деген қорытынды шығарады [10; 16]. 2. Базар дастандарының ішіндегі ең көркемі – «Мақпал-Сегіз». Ақынның бұл еңбегінде бас бостандығын аңсаған екі жастың мөлдір махаббаты жырланған. Қызын теңге бермей малға берген кер заманның шындығы көркем бейнеленген. Жырдың тілі бейнелі, көркем де шешен. Дастанның құрылысы – жеті-сегіз буынды жыр үлгісі және он екі буынды қара өлең. Демек, Базар жыр-толғаулар ғана емес, көлемді дастандар да жырлаған арқалы жырау. 1986 жылы жарық көрген дербес кітап – Базар жыраудың толық жинағы емес. Бірнеше арнау өлеңдері, Құдай мен Пайғамбардың аты аталған термелері, үш мың жолдық «Жүсіп-Ахмет» дастаны бұл кітапқа кірмей қалған.
Достарыңызбен бөлісу: |