2 Еңбекті қорғаудың құқықтық негіздері
Еңбекті қорғауды құқықтық реттеуде еңбек заңнамасының еңбекті қорғау бойынша құқықтық шаралардың минимумын белгілейтін орталықтандырылған нормалары осы минимумды әлеуметтік-серіктестік келісімдердің, ұжымдық шарттардың, сондай-ақ еңбек шарттарының (контрактлердің) негізінде көтеретін, нақтылайтын шарттық әдіспен кең үйлесімділік тапқан.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жарияланған. Мемлекет адамның өмірі мен денсаулығының ең жоғарғы құндылық екенін танып отыр. Қоғамдық өмірдің қандай саласында болмасын, адамның өмір сүруге және денсаулыққа құқығы мемлекет тарапынан қорғауға алынған. Конституцияның 24-бабының 2-бөлігіне сәйкес әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талптарына сай еңбек ету жағдайларына құқығы бар. Аталған норма қызметкердің еңбегінің қорғалатынын жариялап, оған кепілдік беріп отыр.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Заңының 7-бабы 1-бөлігінің 3-тармағына сәйкес, қызметкердің қауіпсіздік пен гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайларына құқығы бар. Бұл құқықты Қазақстан Республикасының «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» Заңы да жариялап отыр. Яғни, аталған заңның 17-бабының 1-тармақшасына сәйкес, қызметкердің еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға құқығы бар делінген.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидалары Қазақстан Республикасының «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» Заңның 6-бабында көрініс тапқан (бұл қағидаларды біз алдыңғы бөлімде атап өттік). Ескерте кететін бір жайт, аталған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидалары сәйкес мемлекеттік органдардың заңшығарушылық қызметінде өзінің тиісті бейнесін таппады.
Еңбекті қорғау туралы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі мәселені шешкенде кешенді амалдар қолдану қажет. Яғни, мемлекеттік бағдарламалар базасында еңбекті қорғау мәселелерін кешенді түрде шешу секілді еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың қағидасы жүзеге асатындай қызмет етуі керек.
Біздің ойымызша, мұндай актілерді бірнеше мемлекеттік органдар бірігіп жасауы керек. Оларға Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігі, Қазақстан Республикасының стандарттау мен сертификаттау органдары және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау Министрлігі (санитарлық-эпидемиологиялық). Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің мәселелері» Қаулысына сәйкес . Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің негізгі міндеттері, қызметі және құқықтары анықталды, оның ішінде – еңбекті қорғау және еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған нормативтік құқықтық актілерді жасау, еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғау бойынша жағдай мен шаралар туралы Қазақстан Республикасының Үкіметіне жыл сайын баяндамалар ұсыну; еңбектің қауіпсіз жағдайларын нормативті қамтамасыз ету. Аталған Қаулымен Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің еңбек инспекторы туралы ережесі бекітілді. Бұл ережеде Қазақстан Республикасының еңбек жөнінде орталық атқарушы органның басты мемлекеттік еңбек инспекторы заңшығарушылық және өзге де нормативтік құқықтық актілердің жобаларын жасауға қатысатыны, сонымен қатар еңбек туралы және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау заңнамлары мен Министрліктің қызмет ету аясына қатысты өзге де нормативтік актілерлдің орындалуына бақылау жүргізу туралы әдістемелік ұсыныстар жасауға қатысатыны айтылған.
Әрине жұмыс беруші өз деңгейінде қызметкерлердің еңбегін қорғау жөнінде ережелерді, нормалар мен нұсқауларды жасай алады, бірақ жалпыға бірдей талаптардың (үлгілердің) болмауы оған мұндай актілерді жасауда қиындық туғызады. Сондықтан мемлекет өкілетті органдары еңбекті қорғау саласында белгілі бір стандарттарды жасауы керек. Әйтпесе әрбір жұмыс беруші қызметкердің жағдайын нашарлататын және соның салдары ретінде денсаулығына кері әсерін тигізетін өзінің талаптарын, стандарттарын, нұсқауларын белгілеуі әбден мүмкін.
Сондай-ақ аталған нормативтік актінің құрамына кәсіпорындардың әрбір жұмыс орнындағы еңбек жағдайлары еңбекті қорғаудың стандарттары, нормалары мен ережелерінің талаптарына сәйкес келуін регламенттейтін норма кіреді.
Еңбекті қорғау саласындағы нормативтік актілердің ішінде бүгінгі күні 1997 жылы 3 қарашада Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрілігімен бекітілген «Еңбекті қорғау кабинеті туралы» типтік ережесі қызмет етеді . Еңбекті қорғау кабинеті қызметінің негізгі міндеті мен мазмұны ұйымға жұмысқа тұрған қызметкерлерді, сондай-ақ өндірістік тәжірибеден өтуші орта және арнайы мектептер мен лицейлердің оқушыларын, колледждердің және жоғары оқу орындарының студенттерін еңбектің қауіпсіз әдістеріне оқыту және нұсқау беру; жеке қорғаныс құралдарын қолдану және алғашқы медициналық көмек көрсету және т.б. бойынша инструкция беру болып табылады.
Берілген заңға тәуелді актінің мазмұнынан көріп тұрғанымыздай, оның ұйымдарда еңбекті қорғау кабинетінің жұмысын ұйымдастыруда негізгі акт болып тұрғанын айта кету керек Оған дәлел 1.6 тармағы, яғни Типтік ереженің негізінде салалық министрліктер, мемлекеттік комитеттер мен өзге орталық атқарушы органдар салаларға сәйкес еңбекті қорғау кабинеті туралы ережелерді Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігімен келісе отырып жасайды және бекітеді. Одан әрі «Еңбекті қорғау кабинетін жабдықтау» атты 2-тарауда еңбекті қорғау кабинеті еңбекті қорғау туралы нормативтік құқықтық актілермен, оқу бағдарламаларымен, әдістемелік, анықтамалық нұсқаулармен және еңбек заңнамасы, қауіпсіздік техникасы, өндірістік санитария, өрттен қорғау мен алғашқы медициналық көмек көрсету сұрақтары бойынша қызметкерлерді оқытуға, нұсқау мен кеңес беруге де материалдармен жабдықталуы тиіс.
Қазақстан Республикасының «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» Заңында кәсіпорын әкімшілігі барлық қызметкерлердің еңбекті қорғау мәселелеріне байланысты оқуын ұйымдастыруға, нұсқау беруге және білімін тексеруге, қайта аттестаттауға міндетті және бұл шаралар тиісті нормативтік актілермен бекітілген тәртіппен және мерзімде өткізілуі тиіс екені жайлы айтылған норма бар. Сәйкесінше, өкілетті органдар еңбекті қорғаудың сұрақтары бойынша жалдамалы жұмысшылардың білімін тексеруді ұйымдастырудың тәртіптері мен нұсқауларын, оқытуды өткізудің тәртіптерін регламенттейтін тиісті актілерді қабылдауы тиіс. Осы жерде жұмыс берушілердің аталған шараларды орындамаған жағдайда көтеретін жауапкершілігі (әкімшілік немесе қылмыстық) туралы норманы да қарастыру керек. Қазақстан Республикасының заңнамасы еңбекті қорғау талаптарының бұзылғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастыратынын айта кеткен жөн. Мәселен, Қазақстан Рсепубликасының Қылмыстық Кодексінің 152-бабына сәйкес, қауіпсіздік техникасын, өндірістік санитария ережелерін немесе еңбекті қорғаудың өзге де ережелерін осы ережелерді сақтауды ұйымдастыру немесе қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер жүктелген адамның бұзуы абайсызда денсаулыққа ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге әкеліп соқса; немесе абайсызда адам өліміне әкелсе қылмыстық жазаға тартылатыны айтылған.
Жұмыс берушінің қызметкерлерді салауатты және қауіпсіз еңбек жағадйларымен қамтамасыз етуі туралы мәселеге қайта оралсақ, біз жұмыс берушінің қызметкерлерді салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етуі үшін қандай стандарттар, ережелер мен нормаларды қолдануы керек деген сұраққа жауап таба алмаймыз, себебі олар мемлекеттік деңгейде әлі қарастырылмаған.
Кәсіпорындардың, ал дәлірек айтсақ жұмыс берушінің еңбектің салауатты және қауіпсіз жағдайларын қамтамаыз етуге экономикалық қызығушылығын туғызу қажет. Біздің ойымызша, егер мемлекеттік деңгейде еңбекті қорғаудың минималды талптары жасалатын болса, онда жұмыс беруші қызметкерлердің салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуде экономикалық тұрғыдан қызығушылық танытып, жұмыс берушінің өзі заңнамада көрсетілгеннен жоғары еңбек жағдайларын қарастыратын болады. Ал мемлекет жұмыс берушінің экономикалық тұрғыдан қызығушылығы неден көрінетіндігін анықтауы қажет: жеңілдетілген салық салу, пайызсыз несиелер беру, инвестициялау, бюджеттен дотациялар бөлу, жұмыс берушілерге еңбектің салауатты және қауіпсіз жағдайларын жасау үшін гранттар беру. Берілген мәселеде мемлекеттік органдардың біріккен жұмысы қажет: сәйкес нормативтік құқықтық базаны жасау (мысалы, «2002-2006 жылдар аралығында қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайларын жасап отырған жұмыс берушілерге несиелеудің жеңілдетілген тәртібін ұсыну туралы» Қазақстан Республикасының еңбек және әлеуметтік қорғау Министрлігі мен Қазақстан Республикасының қаржы Министрлігі бірлескен Қаулысы), сондай-ақ қызметкерлердің еңбегін қорғау заңнамасының орындалуын бақылау және қадағалау.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Заңының «Еңбек нормалары» деп аталатын 75-бабының 3-тармағына сәйкес, қызметкердің жұмыс істеу нормаларын орындауы үшін жұмыс беруші қалыпты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті. Заңшығарушы «қалыпты еңбек жағдайлары» ұғымының мәнін ашпаған. Сонықтан әрбір қызметкер «қалыпты» жағдайларды өзіне байланысты түсінуі мүмкін деген нәтижеге келеміз. Бірақ Қазақстан Республикасынын «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Заңына түсініктеме берген авторлар қалыпты еңбек жағдайларының дұрыс тізімін ұсынғанын айта кету керек. Яғни, машиналардың, станоктардың және құрылғылардың дұрыс жағдайы; техникалық құжаттамамен уақытылы жабдықталуы; жұмыстар атқаруы үшін қажетті материалдар мен құрал саймандардың тиісті сапасы және оларды мезгілімен қамтамасыз етуі; өндірісті электр энергиясымен, газбен және өзге де қуат көздерімен уақытылы жабдықтауы; қауіпсіз және салауатты еңбек жағдайлары.
Қазақстан Республикасында еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бір бағыты (Қазақстан Республикасының «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» Заңының 5-бабына сәйкес)- еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа бағытталуы. Аталған бағытты дамыту мақсатымен Қазақстан Республикасы 1996 жылы еңбекті қорғау саласындағы Халықаралық еңбек ұйымының «Еңбектің қауіпсіздігі мен гигиенасы және өндірістік орта туралы» №115 және «Жұмыс орындарындағы ауаның ластануынан, шудан және вибрациядан туындайтын кәсіби тәуекелден қызметкерлерді қорғау туралы» №148 Конвенцияларын ратификациялады. Аталған Конвенциялар экономикалық қызметтің саласына, яғни меншік нысанына қармастан барлық ұйымдарға және барлық қызметкерлерге таралатынын айта кету керек. № 115 Конвецияның 14-бабы бойынша ұлттық жағдайлар мен тәжірибеге сәйкес оқыту бағдарламалары мен кәсіби дайындықтың барлық деңгейінде, соның ішінде жоғары техникалық және кәсіби білім беру бағдарламаларына еңбектің қауіпсіздігі мен гигиенасы және өндірістік орта бойынша сұрақтарды енгізуге жәрдемдесу үшін шаралар қабылдануда.
№148 Конвенция ерекше көңіл бөлуді қажет ететін ережелерді қамтыған: «Ұлттық заңнама жұмыс орындарындағы ауаның ластануынан, шу мен вибрациядан туындайтын кәсіби тәуекелдің алдын алуға және шектеуге бағытталған сондай-ақ аталған тәуекелден қорғайтын шараларды қабылдауды және жұмыс орындарында ауаның ластануынан, шу мен вибрациядан туындайтын кәсіби тәуекелдің алдын алуға және шектеуге бағытталған, сондай-ақ олардан қорғайтын қауіпсіздік техникасының ережелерін қызметкерлермен міндетті сақталуын белгілейді».
Сонымен, аталған халықаралық құжаттар ратификациялаған мемлекеттерге еңбекті қорғау саласында тиісті нормативтік актілерді қабылдауды жүктейді. Конвенциялар заңнама немесе ережелер бұзылған тиісті санкция қабылдау жөнінде ережені қамтиды. Яғни, ұлттық деңгейде инспекциялаудың мемлекеттік емес те құрылымдарынан тұратын тиісті инспекция жұйесін құру қажет.
Еңбекті қорғаудың құқықтық негіздері бөлімі бойынша мынадай қорытынды жасауға болады:
Қазақстан Республикасының заңнамасының әрбір адамға қауіпсіз еңбек жағдайына кепілдік берген. Қызметкердің тазалық пен гигиена талаптарына сай келетін еңбек жағдайларына құқығын еліміздің ата заңы – Конституция, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Заңы, Қазақстан Республикасының «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы» Заңы жариялап, өзге де нормативтік актілер мен заңға тәуелді деп тапқан.
Заң актілерінен көрініс тауып отырған еңбекті қорғау саласындағы ережелер мен нормалар, өкінішке орай көбінесе декларативті сипатқа ие. Сондықтан, қазіргі таңда оларды қозғалысқа келтіретін «қозғаушы күш» керек.
ХЕҰ деңгейінде қызметкерлердің еңбегін қорғауға қатысты бірқатар нормативтік құқықтық актілер жасалды. Қазақстан Республикасы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік саясаты еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа бағытталғандықтан халықаралық құндылықтарды өз заңнамасына енгізуді жолға қоюы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |