178
– «дау». Мағынасы бірдей екі сөздің қосарлана жұмсалатыны, яғни
плеонастық құбылыс болатыны белгілі. Сол құбылыстың бірі – дау-
шар сөзі, бұл қос сөздің екі сыңары да бір мағынаны, «дау, жанжал»
дегенді білдіреді.
Қазақ тілінде шар сөзі жеке тұрып та бұрын «жанжал, дау»
мағынасында қолданылып келген:
Шарға салып басыңды,
Бола көрме сен құмар, –
дегенді «Қобыланды» жырынан да табамыз. Тек жырларды туды-
рушылар емес, қазақтың тіпті бертіндегі ақындары да шар сөзін өз
мағынасында жеке қолданған. Майлықожадан (XIX ғ.):
Әдепсіз өскеп бозбала
Жүрген жері – шар болар.
Дулаттан (XIX ғ.):
Адаспайтын даңғыл жол,
Қасым салған қасқа жол
Шарға соғып із кетті, –
деген өлең жолдарын оқимыз. Бұл мысалдарда болыс сайлауы,
болыстық туралы әңгіме жоқ, мұндағы шар сөзі – дау деген сөздің
синонимі, егіздің сыңары ретінде қолданылып тұр.
Шар сөзі дау-шар деген қос сөзден басқа, біреудің басын шарға
салу, ісін шарға жіберу сияқты тұрақты тіркестердің құрамында
қолданылуға бейімделген. Сондықтан жоғарыдағы сияқты жаңсақ,
түсіндірмелерді түзетіп, дұрыс оқу керек.
ШИ ШЫҒАРУ. Бұл тіркестің мағынасы түсінікті: «Жөнсіз реніш
білдіру; іріткі салу». Мұндағы ши сөзі – «түп-түп болып өсетін, сабағы
жіңішке әрі ұзын қамыс тектес өсімдік» атауы емес. Түптөркінін
білмегендіктен, «Түсіндірме сөздікте» ши шықты тіркесі өсімдік
атауы ши-дің ұясында беріліпті. Ал дұрысын іздестірсек, көне түркі
тілдерінде соүі (шағы, шоғы) сөзі «талас, жанжал» дегенді білдірген.
Заман өткен сайын сөз тұлғасы оны қолданатын тілдің (немесе
тілдер тобының) фонетикалық жүйесіне сәйкестендіріліп өзгереді.
Бұл бейнелі тіркес өте көне замандарда қалыптасқан, сондықтан
оның құрамындағы шағы>шағ>шай>ши сөзі қазақ тілінде ши бо-
лып өзгерген. Тілді тұтынушы қашанда да бейтаныс сөздерді таныс
сөздерге ауыстырып айтуға жол береді. Демек, ши шығару – «талас
туғызу; жанжал шығару» (дәлірек айтсақ, жанжал шығаруға ілік
іздеу) деген ұғымды білдіруіне өсімдік ши емес, «жанжал, талас» де-
ген көне шағ/шоғ сөзі негіз болған.
179
ШЫБЫН: ШЫБЫН ЖАН. Қазақ тілінде жан сөзімен қосақ-
талып шыбын сөзі жүреді. Мысалы, «Қобыланды» жырында:
Әулиеге ат айтып,
Қорасанға қой айтып,
Шыбын жанын және айтып..,
Шырағымның шыбын жан(ы)
Жасаған саған аманат.
Кейде шыбындай жаны түрінде де келеді:
Келмембет кірді ханына
Ара түсіп Қамбардың
Бір шыбындай жанына («Қамбар батыр»).
Қозыға анасы:
Бір шыбындай жаныңды қорға, балам, –
дейді. Бұл тіркестердегі шыбын – біздіңше, шыбын-шіркей дегендегі
шыбын- мен бір емес сияқты. Сірә, парсының жан сөзімен қатар
осы мағынада шыбын сөзі қолданылған тәрізді. Өйткені шыбын сөзі
жан сөзін қосарламай да «жан» мағынасында қолданылып келгені
байқалады. Мысалы, «Қобыланды» жырында Құртқа Қобыландыға:
Шыбыныңды тапсырдым
Бір жаратқан Құдаға, –
дейді. Жалғыз ауыз әдебиет тілінде емес, жазушылардың қолда-
нысында да «жан» мағынасында шыбын сөзі кездеседі. Мысалы,
Сұлтанмахмұт Торыайғыров «Қамар сұлу» романында науқас Қамар
туралы: «Құр шыбыны бар» деп суреттейді.
«Жан ұшырып» мағынасында, соның синонимі ретінде шыбын
болып деген тіркес те кездеседі. Мысалы, Шоқан Уәлиханов жазып
алған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында:
Қорабай Сарыбаймен аңға келген,
Бір адам шыбын болып үйден келген, –
деген жолдарды оқимыз.
Шыбын жан тіркесі жөнінде бұл күнге дейін «діни ұғым бойын-
ша, кісі өлгенде, жаны шыбын тәрізді ұшып кетеді-мыс» деген пікір
айтылып келеді (Кеңесбаев, 569). Бірақ біз бұл тіркестің мағынасын
өзгеше топшылаймыз. Махмұт Қашқаридың жазып қалдырғаны
бойынша, көне түркі тілдерінде чывы (чыбы) сөзі «ру, тайпаның
жебеушісі», рух» деген ұғымды берген (ДС, 151). Мүмкін, чыбы
(н) сөзімен ру-тайпаны жебеп-қорғап жүретін ғана емес, адамдарды
қолдап, жебейтін күшті де, яғни адамның жанын да білдірген болу
керек. Бірақ бұл пікіріміз – әзірге жорамал ғана. Біз бұл жерде бір
нәрсені кесіп айта аламыз. Ол – қазақ тілінде «жан» мағынасында
180
шыбын сөзінің жеке тұрып та қолданылатындығы. Мұны жоғарыдағы
мысалдардан басқа да фактілер дәлелдейді. Мысалы, халық өлеңінің
қайырмасында келетін «шыбыным, шыбыным, айдарлым» деген
сөздерде де шыбыным – жаным деген сөздің баламасы.
Ал шыбындай жаны деген тіркестегі шыбын сөзіне -дай жұр-
нағының жалғануы, біздің байқауымызша, теңеу үшін болып тұрмаған
тәрізді. Бұл жұрнақ, түптөркіні бейтаныс сөздерге жалғануға бейім
екенін, яғни -дай жұрнағымен келген ондаған күңгірт сөз бар екенін
тіл мамамандары әрдайым көрсетіп келеді (мысалы, еңгезердей,
өндірдей, алпамсадай, зымырандай дегендердің түбірі жеке қол-
данылмайды, беретін мағыналарын да екінің бірі бірден тап басып
айтып бере алмайды). Шыбындай жан дегенде де -дай жұрнағы
теңеуден гөрі, екінші жан сөзінің дәлме-дәл эквивалентін білдіру
қызметін атқарып тұрған тәрізді.
ШЫМ БАТЫП КЕТУ. Суға тереңдеп мүлде батып кеткенде,
шым батып кетті дейміз. Мұндағы шым сөзі үстеу қызметінде бұл
күнде жеке жұмсалмайды, мағынасы да бейтаныстау. Көне түркі
тілдері сөздігінде чом- (шом- /шым-) етістігі «суға сүңғу, суға бату»
дегенді білдірген (ДТС, 153). Демек, шым сөзі де бат- дегеннің
мағыналас қатары екен, сонда бату-бату қосарынан келген сөздердің
бірі – чому көне (және кейбір өзге түркі тілдерінде сақталған) сөз де,
екіншісі – бату бұл күнде актив қолданыстағы сөз екен. Чом- (шом-,
шым-) түбірі қазіргі шому, шомылу сөздерінде сақталғанға ұқсайды,
ал шым бату дегендегі шым да – шом-ның фонетикалық варианты
сияқты, ол осы тұлғада тіркес аясында өзгеріп «сіріленіп» қалған.
ШЫМ-ШЫТЫРЫҚ. Шым деген тұлғаның және бір қолданысы
көңіл аудартады, ол – шым толы, шым-шытырық дегендегі мағынасы.
Мұндағы шым (чым) тұлғасының көне қолданыстағы 3-мағынасы
(қызметі) – сөз алды күшейткіш шылау. Мысалы, Қашқари сөздігінде
чым йиг ет – мүлде шикі ет, чым өл тон – әбден су болған киім (ДС,
146-бет) дегенді білдірген екен. Бұл жерде шым батып кетті дегендегі
шым сөзінен «мүлде, әбден» деген мағынаны көруге болады. Мүмкін,
бұл шым қазіргі қолданыстағы тым (өте, аса) сөзіне жақын келер ме
екен: шым толы ~ тым толы ~ аса толы; шым- шытырық ~ тым
шытырық ~ әбден шытырық (шытырман) деп айтуға да келетін
сияқты. Бұл – әзірше, жорамалымыз. Мұны таза этимологиялық
талдаулар шешіп бере алады. Қазіргі қазақ тілінде шым тұлғасымен
Достарыңызбен бөлісу: |